3. Тараптар жаңа материалдарды апелляциялық сатыға апелляциялық (жекеше) шағымға, прокурордың өтінішхатына қарсылықпен бірге немесе бөлек ұсынуға немесе оларды талап етіп алдыру және зерттеу туралы, сондай-ақ өздері көрсеткен жәбірленушілерді, куәларды, сарапшыларды, мамандарды сотқа шақырту және олардан жауап алу туралы өтінішхат беруге құқылы.
421-бап. Апелляциялық (жекеше) шағым берудің, прокурордың өтінішхатын келтірудің салдары
1. Апелляциялық (жекеше) шағым беру және прокурордың өтінішхатын келтіру, бұлтартпау шарасы туралы шешімді қоспағанда, үкімнің, қаулының заңды күшіне енуін және оларды орындауға келтіруді тоқтата тұрады.
2. Бірінші сатыдағы сот үкімге, қаулыға шағым жасау, оны прокурордың өтінішхаты бойынша қайта қарау және осы Кодекстің 420-бабының талаптарын орындау үшін белгіленген мерзім өткеннен кейін бір тәуліктен кешіктірмей, істі келіп түскен шағымдармен, прокурордың өтінішхатымен, оларға қоса берілген құжаттармен, сондай-ақ оларға қарсылықтармен бірге тиісті соттың апелляциялық сатысына жібереді.
422-бап. Бiрiншi сатыдағы соттың қаулысына шағым жасау, оны прокурордың өтінішхаты бойынша қайта қарау
1. Осы Кодекстің 344-бабының төртінші бөлігінде көрсетілген алып қоюларды қоспағанда, бірінші сатыдағы соттың қаулысына осы Кодекстің 414-бабында көрсетілген адамдар жекеше шағым, прокурордың өтінішхатын келтіре алады.
2. Бiрiншi сатыдағы соттың қаулыларына жекеше шағым, прокурордың өтінішхаты жоғары тұрған сотқа қаулы шығарылған күннен бастап он бес тәулiк iшiнде берiледi және апелляциялық iс жүргiзу қағидалары бойынша қаралады. Үкім шығарумен аяқталған сот талқылауы кезінде шығарылған қаулыға шағым берілген, прокурордың өтінішхаты келтірілген жағдайда, іс үкімге шағым жасау үшін белгіленген мерзім өткен соң ғана жоғары тұрған сот сатысына жіберіледі.
423-бап. Апелляциялық (жекеше) шағым, прокурордың өтінішхаты
1. Апелляциялық шағымда, прокурордың өтінішхатында:
1) шағым, прокурордың өтінішхаты жолданып отырған тиісті апелляциялық сатыдағы соттың атауы;
2) шағым берген немесе прокурордың өтінішхатын келтірген адамның процестік жағдайы, тұрғылықты жері немесе тұрған жері, онымен хабарласудың байланыс құралдарының нөмірлері көрсетіле отырып, ол туралы деректер;
3) шағым берілген, прокурордың өтінішхаты келтірілген үкім немесе қаулы және осы шешімді шығарған соттың атауы;
4) үкімнің, қаулының қай бөлігінде немесе оларға толық көлемде шағым берілгенін, прокурордың өтінішхаты келтірілгенін көрсету;
5) шағым берген, прокурордың өтінішхатын келтірген адамның өз пікірі бойынша сот үкімінің, қаулысының дұрыс еместігі неде екендігі, сотқа дейінгі іс жүргізуді жүзеге асыру немесе істі қарау кезінде заңның қандай нормаларының бұзылғаны және мұның ол бойынша шешім қабылдауға әсер еткені туралы дәлелдері және оның өтінуінің мәні;
6) шағымның, прокурор өтінішхатының авторы өз талаптарын негіздейтін, оның ішінде бірінші сатыдағы сот зерттемеген дәлелдемелер;
7) шағымға, прокурордың өтінішхатына қоса берілетін материалдардың тізбесі;
8) шағым берілген, прокурордың өтінішхаты келтірілген күн және шағым авторының, өтінішхат келтірген прокурордың қолтаңбасы қамтылуға тиіс.
2. Егер берілген шағым, прокурордың келтірілген өтінішхаты осы талаптарға сәйкес келмесе, олар берілген деп есептеледі, бірақ үкім шығарған сот оларды толық ресімдеу мерзімін көрсете отырып, кері қайтарады. Егер көрсетілген мерзім ішінде апелляциялық (жеке- ше) шағым, прокурордың өтінішхаты қайта жасалғаннан кейін сотқа ұсынылмаса, олар берілмеген деп есептеледі, бұл туралы шағым, прокурордың өтінішхаты авторына хабарланады. Апелляциялық сатыдағы сот шағымды осы баптың бірінші бөлігіне сәйкес ресімдеу үшін осындай тәртіппен қайтаруға құқылы.
3. Тараптар апелляциялық (жекеше) шағымның, прокурордың өтінішхатының негіздерін растау ретінде шағыммен бірге немесе оны бергеннен кейін апелляциялық сатыдағы сотқа жаңа материалдар ұсынуға немесе оларды талап етіп алдыру және зерттеу, сондай-ақ өздері көрсеткен куәлардан, жәбірленушілерден, сарапшылардан, мамандардан жауап алу, бірінші сатыдағы сот тергеуі олқылықтарының орнын толтыруға бағытталған өзге де әрекеттер жасау туралы өтінішхат беруге құқылы.
4. Апелляциялық (жекеше) шағым берген, прокурордың өтінішхатын келтірген адам сот отырысы басталғанға дейін өзінің шағымын, прокурор өтінішхатын өзгертуге не жаңа дәлелдермен толықтыруға құқылы. Бұл ретте прокурордың қосымша өтінішхатында немесе прокурордың өтінішхатын өзгерту туралы оның арызында, сол сияқты жәбірленушінің, жекеше айыптаушының немесе өкілдердің үкімге шағым жасау мерзімі өткеннен кейін берілген қосымша шағымында, егер прокурордың бастапқы өтінішхатында немесе шағымда сотталған адамның жағдайын нашарлату туралы талап болмаса, осындай мәселе қойыла алмайды. Сот актісіне шағым жасау мерзімі өткеннен кейін іс бойынша іс жүргізуге кіріскен қорғаушы шағымды өзгерте алады не жаңа дәлелдермен толықтыра алады, іске бұрын қатысқан қорғаушы берген шағымдағы дәлелдердің қосымша дәйектемелерін ұсына алады.
5. Үкімге, қаулыға шағым жасаған, прокурордың өтінішхатын келтірген адам апелляциялық сатыдағы сот отырысы басталғанға дейін өз шағымын, прокурордың өтінішхатын кері қайтарып алуға құқылы. Прокурордың өтінішхатын жоғары тұрған прокурор да кері қайтарып алуы мүмкін. Қорғаушы, заңды өкіл өз шағымын сотталған адамның келісімімен ғана кері қайтарып алуға құқылы. Сотталған адам өзінің қорғаушысы, заңды өкілі берген шағымды кері қайтарып алуға құқылы, көрсетілген адамдардың шағымдарын оның кері қайтарып алуы сот үшін міндетті болып табылады.»;
39) 49-тараудың тақырыбы мынадай редакцияда жазылсын:
«49-тарау. Апелляциялық шағымдар, прокурордың өтінішхаттары бойынша істерді қарау»;
40) 424 және 426-баптар мынадай редакцияда жазылсын:
«424-бап. Апелляциялық қараудың нысанасы
1. Апелляциялық сатыдағы сот апелляциялық шағымдар, прокурордың өтінішхаттары бойынша істе бар және қосымша ұсынылған, апелляциялық сатының отырысында зерттелген материалдар бойынша iстiң нақты мән-жайын анықтаудың және қылмыстық заңды қолданудың дұрыстығын, іс бойынша iс жүргiзудi жүзеге асыру кезiнде қылмыстық-процестік заң нормаларының сақталуын, бiрiншi сатыдағы сот үкiмiнiң немесе қаулысының әділдігін, заңдылығын және негiздiлiгiн осы Кодекстің 426-бабының бірінші бөлігінде белгіленген шектерде тексередi.
2. Алқабилер қатысқан соттың үкімдеріне, қаулыларына шағымдарды, прокурордың өтінішхаттарын қарау тәртібі осы Кодекстің 69-тарауының қағидалары бойынша жүзеге асырылады.»;
«426-бап. Істі апелляциялық сатыда қараудың шектері
1. Істі апелляциялық тәртіппен қарайтын сот үкімнің, қаулының заңдылығын, негізділігін, әділдігін тек шағымға немесе прокурордың өтінішхатына қатысты бөлігінде және шағымға немесе прокурордың өтінішхатына қатысы бар сотталғандарға қатысты ғана тексереді.
2. Егер істі қараған кезде басқа сотталғандардың құқықтары мен заңды мүдделерінің бұзылғаны, бұл заңсыз үкімнің, қаулының шығарылуына әкеп соққаны анықталса, сот осы Кодексте көзделген қағидаларды сақтай отырып, оның шағым жасалмаған, прокурордың өтінішхаты бойынша қайта қаралмаған бөліктерінде де және өздері туралы шағым, прокурордың өтінішхаты берілмеген адамдарға қатысты да күшін жоюға немесе оны өзгертуге құқылы.
Үкімді өздері туралы шағым, прокурордың өтінішхаты берілмеген адамдарға қатысты өзгертуге немесе оның күшін жоюға шағым, прокурордың өтінішхаты өзіне қатысты болатын адамға қатысты үкімнің күші жойылған немесе ол өзгертілген жағдайда ғана және қылмыстық құқық бұзушылықты бірлесіп жасаған басқа да сотталғандардың әрекеттерін саралауды сәйкес келтіру үшін ғана жол беріледі.
3. Сот бірінші сатыдағы соттың үкіміне апелляциялық шағым, прокурордың өтінішхаты бойынша істі қарай отырып, жекеше шағымдар, прокурордың өтінішхаттары болмаған кезде де, егер соттың жекеше және өзге де қаулылары апелляциялық сатының шағымдар, прокурордың өтінішхаттары бойынша қабылдаған шешіміне қарама-қайшы келсе немесе істің материалдарына және заңға сәйкес келмесе, олардың күшін жоюға немесе оларды өзгертуге құқылы.
4. Апелляциялық шағымды, прокурордың өтінішхатын, оларға қарсылықтарды және тараптардың дәлелдерін қарау бойынша шығарылған қаулымен (үкіммен) осы сот сатысында іс бойынша іс жүргізу аяқталады.»;
41) 427-баптың бірінші бөлігі мынадай редакцияда жазылсын:
«1. Егер шағымдардағы, прокурордың өтінішхаттарындағы дәлелдерді тексеру үшін тиісті процестік әрекеттерді орындау қажет болса, судья іс келіп түскен күннен бастап он тәулік ішінде істі апелляциялық сатыда қарауға дайындау туралы қаулы шығарады, онда алқа отырысына тиісті адамдарды (сотталған адамды, ақталған адамды, жәбірленушіні, куәларды, сарапшыларды, мамандарды) шақыру және олардан жауап алу туралы, материалдарды талап етіп алдыру және істі дұрыс шешу үшін қажетті өзге де әрекеттерді жасау туралы нақты көрсетеді. Судья қаулыда дайындық әрекеттерін орындау үшін қажетті уақытты ескере отырып, істі апелляциялық сатыда қарау күнін көрсетеді. Судьяның апелляциялық сатыдағы отырысты дайындау туралы қаулысының көшірмесі шығарылған күнінен бастап үш тәулік ішінде процеске қатысушыларға жіберіледі.»;
42) 428-баптың бірінші, екінші, төртінші және бесінші бөліктері мынадай редакцияда жазылсын:
«1. Апелляциялық сатыдағы сот шағымдары, прокурордың өтінішхаты бар қылмыстық іс келіп түскен бойда сот отырысын тағайындайды, істі қараудың уақыты мен орны туралы тараптарға хабарлайды.
2. Күзетпен ұсталатын сотталған адамнан өзінің жағдайын нашарлатуға бағытталған шағымды немесе прокурордың өтінішхатын қарау кезінде апелляциялық сатыдағы сот отырысына қатысу туралы өтінішхат келіп түскен кезде апелляциялық сатыдағы сот істі сотталған адамның тікелей қатысуымен не аталған адамның қашықтықтан қатысуын қамтамасыз етуге мүмкіндік беретін ғылыми-техникалық құралдарды пайдалана отырып қарау туралы қаулы шығарады, оны орындау үшін тиісті органдарға жібереді.»;
«4. Қорғаушының апелляциялық сатыда қатысуы осы Кодекстің 67-бабының бірінші бөлігінде көзделген жағдайларда жүзеге асырылады. Кәмелетке толмаған сотталған адамға қатысты іс қаралған кезде не сотталған адамның жағдайын нашарлату туралы мәселе қойылған, жәбірленушінің (азаматтық талапкердің), олардың өкілдерінің апелляциялық шағымы, прокурордың өтінішхаты бойынша іс қаралып жатқан не іс бойынша сотқа дейінгі іс жүргізу және істі бірінші сатыдағы сотта қарау айыпталушының қатысуынсыз жүзеге асырылған жағдайларда не апелляциялық сатының жаңа дәлелдемелерді зерттеуі кезінде қорғаушының апелляциялық сатыда қатысуы міндетті.
5. Осы Кодекстің 414-бабына сәйкес үкімге шағым жасау құқығы берілген тұлғалар, сондай-ақ үкім шығарылғаннан кейін тапсырма алған сотталған (ақталған) адамның қорғаушысы немесе жәбірленушінің өкілі соттың апелляциялық отырысына барлық жағдайда жіберіледі. Оларға өздерінің өтінуі бойынша берілген шағымды немесе прокурордың келтірілген өтінішхатын не оларға қарсылықтарды негіздеп сөйлеу үшін сөз беріледі.»;
43) 429-бапта:
бірінші бөлік мынадай редакцияда жазылсын:
«1. Осы Кодекстің 29-бабында көрсетілген жағдайларды қоспағанда, апелляциялық саты істерді ашық сот отырысында қарайды. Төрағалық етуші сот отырысын ашады, қандай іс қаралып жатқанын және кімнің апелляциялық (жекеше) шағымдары немесе прокурордың өтінішхаты бойынша екенін жариялайды. Содан кейін төрағалық етуші сот құрамын, іс бойынша тараптар болып табылатын, қатысып отырған адамдардың тегін, сондай-ақ аудармашылардың тегін жариялайды.»;
екінші бөліктің екінші абзацы мынадай редакцияда жазылсын:
«Егер процеске қатысушы бірінші сатыдағы соттың үкімге, қаулыға апелляциялық шағым жасаудың, оны прокурордың өтінішхаты бойынша қайта қараудың өткізіп алынған мерзімін қалпына келтіру туралы қаулысының заңдылығын тексеру туралы өтінішхатты мәлімдесе, онда бұл өтінішхат қарсылық білдірулерді шешкен бойда тікелей қаралуға жатады. Апелляциялық саты өткізіп алынған мерзімді қалпына келтіру туралы қаулыны заңсыз деп таныса, оның күшін жою және мерзімі өткізіп алынып берілген шағым, прокурордың өтінішхаты бойынша апелляциялық іс жүргізуді тоқтату туралы қаулы шығарады. Егер өткізіп алынған мерзімді қалпына келтіру дұрыс деп танылса, апелляциялық саты шағымдарды, прокурордың өтінішхаттарын осы бапта көзделген тәртіппен қарауды жалғастырады.»;
алтыншы және жетінші бөліктер мынадай редакцияда жазылсын:
«6. Сот тергеуін жүргізгеннен кейін сот процеске қатысушылардың сөздерін сот жарыссөздерін жүргізу қағидалары бойынша тыңдайды, олар өз шағымдарының, прокурор өтінішхаттарының не оларға қарсылықтарының уәждері мен дәлелдерін баяндайды. Тараптар өз сөздерінде бірінші сатыдағы сот зерттеген материалдарға да, апелляциялық сатыда зерттелген қосымша материалдарға да сілтеме жасауға құқылы. Шағымды берген, прокурордың өтінішхатын келтірген процеске қатысушы бірінші болып сөз сөйлейді, егер олар бірнешеу болса, сот олардың пікірлерін ескере отырып, олардың сөз сөйлеу кезектілігін белгілейді. Егер шағымда, прокурордың өтінішхатында сотталған (ақталған) адамның жағдайын нашарлату туралы мәселе қойылса, қорғаушы тарап айыптаушы тараптың сөзі тыңдалғаннан кейін сөз сөйлейді.
7. Апелляциялық сатыдағы сотқа қатысатын прокурор қаралып жатқан апелляциялық шағымдар бойынша пікірін айтады, прокурордың өтінішхатында көрсетілген дәлелдерді баяндайды, іс бойынша жасалған сот актілерінің заңдылығы туралы қорытынды береді, сондай-ақ қажет болған жағдайларда мемлекеттік айыптауды қолдайды.»;
44) 430-баптың бірінші бөлігінің бірінші абзацы мынадай редакцияда жазылсын:
«1. Апелляциялық шағыммен немесе прокурордың өтінішхатымен бірге келіп түскен істі қараған кезде сот үкімнің заңдылығын тексеру және істі дұрыс шешу мақсатында тараптардың өтінішхаты бойынша:»;
45) 431-бапта:
бірінші бөліктің 1) тармағы мынадай редакцияда жазылсын:
«1) бірінші сатыдағы соттың үкімін, қаулысын - өзгеріссіз, ал апелляциялық (жекеше) шағымды, прокурордың өтінішхатын қанағаттандырусыз қалдыру;»;
екінші бөлік мынадай редакцияда жазылсын:
«2. Апелляциялық сатыдағы сот шағымдарда, прокурордың өтінішхатында көрсетілген шектерде және негіздер бойынша ғана сотталған (ақталған) адамның жағдайын нашарлататын шешім қабылдауға құқылы.»;
46) 432-баптың бірінші және үшінші бөліктері мынадай редакцияда жазылсын:
«1. Апелляциялық сатыдағы сот істі қараған кезде, егер шағымдарда, прокурордың өтінішхатында осы туралы өтіну болса, азаматтық талап қою бөлігінде үкімнің заңдылығын, негізділігін және әділдігін де тексереді және осы Кодекстің 170-бабының талаптарын сақтай отырып, шешім қабылдайды.»;
«3. Азаматтық талап қою бойынша сотталған адамның жағдайын нашарлататын шешім қабылдауға айыптаушы тараптың шағымдарында немесе прокурордың өтінішхатында тиісті дәлелдер болған кезде ғана жол беріледі.»;
47) 436-баптың төртінші бөлігі мынадай редакцияда жазылсын:
«4. Істе сот отырысы хаттамасының болмауы шағым жасалған (прокурордың өтінішхаты бойынша қайта қаралған) сот актісінің күшін жою үшін негіз болып табылмайды. Мұндай жағдайларда апелляциялық сатыдағы сот істі толық ресімдеу үшін бірінші сатыдағы сотқа жібереді.»;
48) 438-баптың екінші және үшінші бөліктері мынадай редакцияда жазылсын:
«2. Апелляциялық сатыдағы сот жазаны жеңілдетуге немесе неғұрлым ауыр қылмыстық құқық бұзушылық туралы заңды қолдануға байланысты, сол сияқты сотталған адамның әрекеттерін қайта сараламастан, неғұрлым қатаң жаза тағайындау туралы шешім қабылдауға құқылы. Айыптаушы тараптың шағымдарында немесе прокурордың өтінішхатында тиісті дәлелдер болған кезде ғана және солардың шегінде ғана сотталған адамның жағдайын нашарлататын шешім қабылдауға жол беріледі. Неғұрлым ауыр қылмыстық құқық бұзушылық туралы заңды қолдану сотталушыға тағылған және бірінші сатыдағы сотта айыптаушы тараптан қолдау тапқан айыптау шегінен шықпауға тиіс.
3. Бірінші сатыдағы сот қылмыстық құқық бұзушылықты мемлекеттік және жекеше айыптаушылардың айыпты онша ауыр емес айыпқа өзгертуіне байланысты осы Кодекстің 337-бабы жетінші бөлігінің негізінде саралау туралы шешім қабылдаған жағдайларда, апелляциялық саты неғұрлым ауыр қылмыстық құқық бұзушылық туралы заңды қолдануға құқылы емес, алайда ол жазаның мерзімін немесе мөлшерін шағымдардағы, прокурордың өтінішхаттарындағы дәлелдер шегінде ұлғайтуға не сотталған адамға үкімде көрсетілгеннен гөрі басқа неғұрлым қатаң жаза түрін тағайындауға құқылы.»;
49) 439-баптың бірінші бөлігі мынадай редакцияда жазылсын:
«1. Апелляциялық сатыдағы сот апелляциялық шағымдарды, прокурордың өтінішхаттарын қараған кезде осы Кодекстің 35-бабы бірінші бөлігінің 3) - 10) тармақтарында және 36-бабының бірінші бөлігінде көзделген негіздер болған кезде үкімнің күшін жояды және істі тоқтатады.»;
50) 440-баптың бірінші бөлігі мынадай редакцияда жазылсын:
«1. Апелляциялық саты тек прокурордың өтінішхаты бойынша не жәбiрленушiнiң немесе оның өкiлiнiң, сондай-ақ сот арқылы ақталған, ақталу негiздерiмен келiспеген адамның шағымы бойынша ғана ақтау үкімiнiң, істі тоқтату туралы қаулының немесе сотталушының пайдасына шығарылған өзге де шешiмнiң күшiн жоя алады.»;
51) 441-баптың бірінші бөлігінің 2) тармағы мынадай редакцияда жазылсын:
«2) шағым немесе прокурордың өтінішхаты бойынша ақтау үкімінің күшін жоюға және айыптау үкімін шығаруға;»;
52) 442-баптың екінші бөлігі мынадай редакцияда жазылсын:
«2. Апелляциялық сатыдағы сот сотталған адамның жағдайын нашарлататын шешімдерді, егер осы негiздер бойынша прокурор өтінішхат келтірсе немесе жекеше айыптаушы, жәбiрленуші, олардың өкiлдерi шағым берсе ғана қабылдауға құқылы.»;
53) 443-бапта:
екінші бөліктің 3) тармағы мынадай редакцияда жазылсын:
«3) апелляциялық шағым берген немесе прокурордың апелляциялық өтінішхатын келтірген адамдар;»;
үшінші, төртінші және алтыншы бөліктер мынадай редакцияда жазылсын:
«3. Қаулының сипаттау-уәждеу бөлiгiнде сот актісінің, берiлген шағымдардың, прокурордың келтірілген өтінішхатының, оларға қарсылықтардың дәлелдері мәнінің қысқаша мазмұндамасы, сондай-ақ шағым бермеген процеске қатысушылардың басқа да процеске қатысушының шағымына, прокурордың өтінішхатына қарсылықтармен қатар ұсынылған сот актісімен келісетіні немесе келіспейтіні туралы дәлелдері, апелляциялық сатыдағы сотқа қатысқан адамдардың пікірлері, сондай-ақ қабылданған шешiмнің уәждері қамтылуға тиiс.
4. Жаңа дәлелдердің болмауына байланысты шағым, прокурордың өтінішхаты қанағаттандырусыз қалдырылған кезде апелляциялық қаулының сипаттау-уәждеу бөлiгiнде сот актісіне өзгерістер енгізу не оның күшін жою үшін осы Кодексте көзделген негіздердің жоқ екендігі ғана көрсетіледі.»;
«6. Апелляциялық қаулының қарар бөлігінде апелляциялық сатыдағы соттың шағым немесе прокурордың өтінішхаты бойынша шешімі, қаулының заңды күшіне ену уақыты, оған шағым жасаудың тәртібі мен мерзімдері көрсетіледі.»;
54) 446-бапта:
бірінші бөліктің 1) және 2) тармақтары мынадай редакцияда жазылсын:
«1) белгіленген мерзімде берілген, кейбір сотталғандарға қатысты апелляциялық шағымдар, прокурордың өтінішхаты, үкімге, қаулыға апелляциялық шағым жасау құқығы берілген басқа да процеске қатысушылардың шағымдары апелляциялық сатыдағы сотқа істі басқа да процеске қатысушылардың шағымдары бойынша қарағаннан кейін келіп түссе;
2) шағым жасаудың, прокурордың өтінішхатын келтірудің өткізіп алынған мерзімін сот істі апелляциялық сатыда басқа да процеске қатысушылардың шағымдары бойынша қарағаннан кейін осы Кодексте көзделген тәртіппен қалпына келтірсе, бірінші сатыдағы сот үкімінің заңдылығын тексеру кезінде шығарылған бірінші апелляциялық үкімнің, қаулының күші жойылмастан, істі апелляциялық сатыда қайтадан қарауға жол беріледі.»;
екінші бөлік мынадай редакцияда жазылсын:
«2. Апелляциялық сатыдағы сот сотталған адамның, оның қорғаушысының немесе өкілінің шағымдарын осы адамға қатысты іс прокурордың апелляциялық өтінішхаты, басқа да процеске қатысушылардың шағымдары бойынша қаралған жағдайларда да қарауға міндетті.»;
55) 470-баптың бірінші және екінші бөліктері мынадай редакцияда жазылсын:
«1. Аудандық және оған теңестірілген соттар, қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сот, қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық әскери сот, кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сот, гарнизонның әскери соты шығарған бірінші сатыдағы соттың үкімдері, егер оларға шағым жасалмаса немесе олар прокурордың өтінішхаты бойынша қайта қаралмаса, апелляциялық шағым жасаудың және прокурордың өтінішхатын келтірудің мерзімі өткен соң заңды күшіне енеді және орындауға енгізуге жатады.
2. Іс апелляциялық сатыда қайта қаралған жағдайда, егер үкімнің күші жойылмаса, ол апелляциялық қаулы шығарылған күні күшіне енеді. Егер апелляциялық (жекеше) шағымдар, прокурордың өтінішхаты апелляциялық сатыдағы сот отырысы басталғанға дейін кері қайтарып алынса, апелляциялық саты шағымның, прокурордың өтінішхатының кері қайтарып алынуына байланысты іс жүргізуді тоқтату туралы қаулы шығарған күні үкім заңды күшіне енеді.»;
56) 471-баптың бірінші және екінші бөліктері мынадай редакцияда жазылсын:
«1. Бiрiншi сатыдағы соттың қаулысы шағым жасаудың немесе прокурордың өтінішхатын келтірудің мерзiмi өткен соң не жекеше шағым берілген немесе прокурордың өтінішхаты келтірілген жағдайда, iстi жоғары тұрған сот қарағаннан кейiн заңды күшiне енедi және орындауға енгізіледі.
2. Соттың шағым жасалуға, прокурордың өтінішхаты бойынша қайта қаралуға немесе наразылық білдірілуге жатпайтын қаулысы шығарылған бойда дереу күшiне енедi және орындауға енгізіледі.»;
57) 483-бап мынадай редакцияда жазылсын:
«483-бап. Судьяның қаулысына шағым жасау және оны прокурордың апелляциялық өтінішхаты бойынша қайта қарау
Үкiмдi орындауға байланысты мәселелердi шешу кезiнде шығарылған сот қаулыларына осы Кодекстiң 48, 49-тарауларында белгiленген қағидалар бойынша апелляциялық тәртіппен шағым жасалуы және олар прокурордың өтінішхаты бойынша қайта қаралуы мүмкiн.»;
58) 505-баптың төртінші бөлігі мынадай редакцияда жазылсын:
«4. Соттың іс жүргізуді жаңадан ашылған мән-жайлар бойынша қайта бастау туралы өтінішхатты қарау қорытындылары бойынша шығарылған қаулысы сот кеңесу бөлмесінен шыққан соң жария етіледі, бұл ретте ол сотқа қатыспаған мүдделі тұлғалардың назарына жеткізіліп, оған шағым жасау, оны прокурордың өтінішхаты бойынша қайта қарау, оған наразылық білдіру тәртібі түсіндіріледі. Қаулының көшірмесі прокурорға және өтінішхатты мәлімдеген тұлғаға жіберіледі. Өзге мүдделі тұлғаларға қаулының көшірмесі олардың өтінуі бойынша жіберіледі.»;
59) 507-баптың бірінші және екінші бөліктері мынадай редакцияда жазылсын:
«1. Бірінші, апелляциялық сатылардағы соттың іс жүргізуді жаңадан ашылған мән-жайлар бойынша қайта бастау туралы өтінішхатты қарау қорытындылары бойынша шығарылған қаулыларына шағымдарды, прокурордың өтінішхаттарын, наразылықтарды осы Кодекстің 502-бабының бірінші бөлігінде көрсетілген адамдар тиісті жоғары тұрған сотқа қаулы шығарылған күннен бастап он бес тәулік ішінде бере алады.
2. Жоғары тұрған сот көрсетілген қаулыларға шағымдарды, прокурордың өтінішхаттарын, наразылықтарды қарауды апелляциялық, кассациялық шағымдарды, прокурордың өтінішхаттарын, наразылықтарды қарау үшін көзделген тәртіппен жүзеге асырады. Жоғары тұрған соттың шағым жасалған қаулыны өзгеріссіз қалдыру, оның күшін жою немесе оны өзгерту туралы қаулысы түпкілікті болып табылады және одан әрі шағым жасалуға, прокурордың өтінішхаты бойынша қайта қаралуға, наразылық білдірілуге жатпайды.»;
60) 515-баптың бірінші бөлігінің екінші абзацы мынадай редакцияда жазылсын:
«Істi сот талқылауында көрсетілген адамның дәлелдемелердi зерттеуге және сот жарыссөздерiне қатысуға; сот отырысының хаттамасымен танысуға және оған ескертулер беруге; соттың қаулысына шағым жасауға және шағым жасалып отырған шешiмдердiң көшiрмелерiн алуға; iс бойынша берілген шағымдар, прокурордың келтірілген өтінішхаттары мен наразылықтар туралы бiлуге және оларға қарсылықтар беруге; мәлiмделген шағымдардың, прокурордың өтінішхаттарының, наразылықтардың сотта қаралуына қатысуға құқығы бар.»;