9-бап. Бюджет құрылымы, бюджеттің түсімдері мен шығыстары
1. Бюджет құрылымы мынадай бөлімдерден тұрады:
1) кірістер:
салықтық түсімдер;
салықтық емес түсімдер;
негізгі капиталды сатудан түсетін түсімдер;
арнаулы түсімдер;
трансферттер түсімдері;
2) шығындар;
3) таза бюджеттік кредиттеу:
бюджеттік кредиттер;
бюджеттік кредиттерді өтеу;
4) қаржылық активтермен жасалатын операциялар бойынша сальдо:
қаржылық активтерді сатып алу;
мемлекеттің қаржылық активтерін сатудан түсетін түсімдер;
5) бюджет тапшылығы (профициті);
6) бюджеттің мұнайға қатысты емес тапшылығы (профициті);
7) бюджет тапшылығын қаржыландыру (профицитін пайдалану):
қарыздар түсімі;
қарыздарды өтеу;
бюджет қаражатының пайдаланылатын қалдықтары.
2. Кірістер, бюджеттік кредиттерді өтеу сомалары, мемлекеттің қаржылық активтерін сатудан түсетін түсімдер, қарыздар бюджет түсімдері болып табылады.
Салықтық, салықтық емес түсімдер, негізгі капиталды сатудан түсетін түсімдер, арнаулы түсімдер, трансферттер түсімдері бюджет кірістері болып табылады.
Арнаулы түсімдер мен нысаналы трансферттерді қоспағанда, кірістердің нысаналы мақсаты болмайды. Кірістердің жаңа түрлерін енгізу, қолданыстағыларының күшін жою немесе өзгерту осы Кодекске міндетті түрде өзгерістер немесе толықтырулар енгізіле отырып жүзеге асырылады.
Қоршаған ортаға жағымсыз әсер еткені үшін төлемақыны қоспағанда, «Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» Қазақстан Республикасының Кодексінде (Салық кодексі) белгіленген салықтар және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер, Еуразиялық экономикалық одақтың және (немесе) Қазақстан Республикасының кеден заңнамасына сәйкес белгіленген кедендік баждар, кедендік алымдар, Еуразиялық экономикалық одақ туралы шартқа сәйкес белгіленген арнаулы, демпингке қарсы, өтемақы баждары салықтық түсімдер болып табылады.
Алдағы кедендік баждарды, кедендік алымдарды, салықтарды, арнаулы, демпингке қарсы, өтемақы баждарын төлеу есебіне Еуразиялық экономикалық одақтың және (немесе) Қазақстан Республикасының кеден заңнамасына сәйкес енгізілетін аванстық төлемдер де салықтық түсімдерге жатады.
Мыналар салықтық емес түсімдер болып табылады:
негізгі капиталды сатудан түсетін түсімдерге жатпайтын, «Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» Қазақстан Республикасының Кодексінде (Салық кодексі), Еуразиялық экономикалық одақтың және (немесе) Қазақстан Республикасының кеден заңнамасында көзделгендерден басқа, осы Кодексте және Қазақстан Республикасының басқа да заңнамалық актілерінде белгіленген бюджетке төленетін міндетті, қайтарымсыз төлемдер;
трансферттерден басқа, бюджетке өтеусіз негізде берілетін ақша;
мемлекеттік мекемелердің тауарларды (жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді) өткізуінен түсетін ақша.
Бюджетке:
1) мемлекеттік мекемелерге бекітіліп берілген мемлекеттік мүлікті сатудан;
2) мемлекеттік материалдық резервтен тауарлар сатудан;
3) Қазақстан Республикасының заңдарында немесе халықаралық шарттарда көзделген тәртіппен мемлекеттік меншіктегі жер учаскелерін жеке меншікке сатудан немесе оларды тұрақты немесе уақытша жер пайдалануға беруден не оларды өзге де тәсілмен өткізуден;
4) мемлекетке тиесілі материалдық емес активтерді сатудан түсетін ақша түсімдері негізгі капиталды сатудан түсетін түсімдер болып табылады.
Мыналар арнаулы түсімдер болып табылады:
1) «Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» Қазақстан Республикасының Кодексінде (Салық кодексі) белгіленген қоршаған ортаға жағымсыз әсер еткені үшін төлемақы;
2) Қазақстан Республикасының жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы заңнамасында белгіленген жер қойнауын пайдаланушылардың:
өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына, оның инфрақұрылымын дамытуға;
Қазақстан Республикасының аумағындағы ғылыми-зерттеу, ғылыми-техникалық және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарға;
қазақстандық кадрларды оқытуды қаржыландыруға аударымдары;
3) Қазақстан Республикасының әкімшілік құқық бұзушылық туралы заңнамасына сәйкес салынатын, жер қойнауын пайдаланушылардан қоршаған ортаға жол берілетін антропогендік әсер ету нормативтерін бұзғаны үшін айыппұлдар;
4) жер қойнауын пайдаланушылардан және мұнай секторының ұйымдарынан зиянды өтеу туралы талап қою бойынша алынған қаражат, Қазақстан Республикасының әкімшілік құқық бұзушылық туралы заңнамасына сәйкес салынатын қоршаған ортаны қорғау саласындағы айыппұлдар.
Трансферттердің бюджеттің бір деңгейінен екіншісіне, Қазақстан Республикасының Ұлттық қорынан және (немесе) Арнаулы мемлекеттік қордан республикалық бюджетке түсуі трансферттердің түсімдері болып табылады.
Бюджеттен алынған кредиттер бойынша негізгі борышты қайтаруға, сондай-ақ заңды тұлғалардың төленген мемлекеттік кепілдіктер, экспортты қолдау бойынша мемлекеттік кепілдіктер жөніндегі талаптарды орындауына байланысты бюджетке түсетін түсімдер бюджеттік кредиттерді өтеу сомалары болып табылады.
Бюджетке мемлекеттік меншіктегі заңды тұлғалардың, оның ішінде халықаралық ұйымдардың, мүліктік кешен түріндегі мемлекеттік кәсіпорындардың қатысу үлестерін, бағалы қағаздарын, сондай-ақ мемлекеттік заңды тұлғалардың жедел басқаруындағы немесе шаруашылық жүргізуіндегі өзге де мемлекеттік мүлікті сатудан түсетін түсімдер мемлекеттің қаржылық активтерін сатудан түсетін түсімдер болып табылады.
Мемлекеттік эмиссиялық бағалы қағаздарды шығаруға және (немесе) қарыз шарттарын жасауға байланысты бюджетке түсетін ақша түсімдері қарыздар болып табылады.
3. Шығындар, бюджеттік кредиттер, қаржылық активтерді сатып алу, қарыздарды өтеу бюджет шығыстары болып табылады.
Қайтарымсыз негізде бөлінетін бюджет қаражаты шығындар болып табылады.
Осы Кодекстің 30-тарауына сәйкес берілетін бюджет қаражаты бюджеттік кредиттер болып табылады.
Заңды тұлғалардың, оның ішінде халықаралық ұйымдардың қатысу үлестері мен бағалы қағаздарын мемлекеттік меншікке сатып алуға бағытталатын бюджет қаражаты қаржылық активтерді сатып алу болып табылады.
Ішкі және сыртқы мемлекеттік қарыздар бойынша негізгі борышты өтеуге бағытталатын бюджет қаражаты қарыздарды өтеу болып табылады.
4. Қарыздарды өтеуді қоспағанда, республикалық немесе мемлекеттік бюджеттің мұнайға қатысты емес тапшылығы (профициті) қарыздар түсімдерін, Қазақстан Республикасының Ұлттық қорынан трансферттер түсімдерін және шикі мұнайға салынатын кедендік әкету бажын алып тастағандағы республикалық немесе мемлекеттік бюджетке түсетін түсімдер мен республикалық немесе мемлекеттік бюджеттің шығыстары арасындағы айырмаға тең.
Теріс белгісімен алынған шама - республикалық немесе мемлекеттік бюджеттің мұнайға қатысты емес тапшылығы, оң белгісімен алынғаны республикалық немесе мемлекеттік бюджеттің мұнайға қатысты емес профициті болып табылады.
Республикалық бюджеттің мұнайға қатысты емес тапшылығының (профицитінің) мөлшері республикалық бюджет туралы заңмен бекітіледі.
Мемлекеттік бюджеттің мұнайға қатысты емес тапшылығының (профицитінің) мөлшері бекітілмейді және талдамалық мақсаттарда пайдаланылады.
5. Таза бюджеттік кредиттеу бюджеттік кредиттер мен бюджеттік кредиттерді өтеу арасындағы айырма ретінде айқындалады.
6. Қаржылық активтермен жасалатын операцияларда:
1) қаржылық активтерді сатып алу;
2) мемлекеттің қаржылық активтерін сатудан түсетін түсімдер қамтылады.
Қаржылық активтермен жасалатын операциялар бойынша сальдо қаржылық активтерді сатып алу мен мемлекеттің қаржылық активтерін сатудан түсетін түсімдер арасындағы айырма ретінде айқындалады.
Қаржылық активтерді сатып алу және мемлекеттің қаржылық активтерін сатудан түсетін түсімдер Қазақстан Республикасының нормативтік құқықтық актілеріне сәйкес жүзеге асырылады.
7. Бюджет тапшылығы (профициті) кірістер мен шығындар, таза бюджеттік кредиттеу мен қаржылық активтермен жасалатын операциялар бойынша сальдо арасындағы айырмаға тең.
Теріс белгісімен алынған шама - бюджет тапшылығы, оң белгісімен алынғаны профициті болып табылады.
8. Бюджет тапшылығын қаржыландыру қарыз алу және бюджет қаражатының пайдаланылатын қалдықтары есебінен бюджет тапшылығын жабу арқылы қамтамасыз етіледі.
Бюджет тапшылығын қаржыландыру көлемі алынған қарыздар, бюджет қаражатының пайдаланылатын қалдықтары сомасының қарыздар бойынша негізгі борышты өтеу сомасынан асып кетуі ретінде айқындалады.
Бюджет тапшылығын қаржыландырудың мәні оң белгісімен белгіленеді және бюджет тапшылығының шамасына сәйкес келеді.
9. Бюджет профицитін пайдалану бюджет профицитін, қарыздар қаражатын, бюджет қаражатының пайдаланылатын қалдықтарын қарыздар бойынша негізгі борышты өтеуге жұмсау арқылы жүзеге асырылады.
Бюджет профицитін пайдалану көлемі қарыздар бойынша негізгі борышты өтеу сомасының алынған қарыздар мен бюджет қаражатының пайдаланылатын қалдықтарының сомасынан асып кетуі ретінде айқындалады.
Бюджет профицитін пайдаланудың мәні теріс белгісімен белгіленеді және бюджет профицитінің шамасына сәйкес келеді.
3-тарау. БІРЫҢҒАЙ БЮДЖЕТТІК СЫНЫПТАМА
10-бап. Бірыңғай бюджеттік сыныптаманың анықтамасы және құрамы
1. Сыныптама объектілеріне топтастыру кодтарын бере отырып, бюджет түсімдері мен шығыстарын функционалдық, ведомстволық және экономикалық сипаттамалар бойынша топтастыру бірыңғай бюджеттік сыныптама болып табылады.
2. Бюджет процесі бірыңғай бюджеттік сыныптама негізінде жүзеге асырылады.
3. Бірыңғай бюджеттік сыныптамада:
1) бюджет түсімдерінің сыныптамасы;
2) бюджет шығыстарының функционалдық сыныптамасы;
3) бюджет шығыстарының экономикалық сыныптамасы қамтылады.
4. Бірыңғай бюджеттік сыныптама Қазақстан Республикасының заңнамалық актілері, Қазақстан Республикасы Президентінің жарлықтары, Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулылары, облыстық мәслихат, республикалық маңызы бар қала, астана мәслихаты, аудандық (облыстық маңызы бар қала) мәслихаттың шешімдері негізінде жасалады.
Жергілікті мемлекеттік басқару құрылымы өзгерген жағдайда әкімнің шешімі бойынша бірыңғай бюджеттік сыныптамаға тоқсанына бір реттен асырмай, тоқсанның соңғы айында өзгерістер мен толықтырулар енгізіледі.
5. Бірыңғай бюджеттік сыныптаманы жасау және оған өзгерістер мен толықтырулар енгізу тәртібін бюджеттік жоспарлау жөніндегі орталық уәкілетті орган айқындайды.
6. Бірыңғай бюджеттік сыныптаманы бюджеттік жоспарлау жөніндегі орталық уәкілетті орган жасайды.
11-бап. Бюджет түсімдерінің сыныптамасы
1. Қазақстан Республикасының бюджет заңнамасына негізделген, белгілі бір сипаттамалар бойынша барлық деңгейдегі бюджеттер түсімдерінің топтамасы бюджет түсімдерінің сыныптамасы болып табылады.
2. Бюджет түсімдері сыныптамасының топтамасы санаттан, сыныптан, кіші сыныптан және өзіндік ерекшеліктен тұрады.
12-бап. Бюджет шығыстарының функционалдық сыныптамасы
1. Мемлекет функцияларының орындалуын, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік жоспарлау жүйесі құжаттарының іске асырылуын көрсететін функционалдық және ведомстволық белгілер бойынша бюджет қаражатын жұмсау бағыттарын айқындайтын барлық деңгейдегі бюджеттер шығыстарының топтамасы бюджет шығыстарының функционалдық сыныптамасы болып табылады.
2. Бюджет шығыстарының функционалдық сыныптамасының топтамасы мынадай деңгейлерден тұрады:
функционалдық топтар;
функционалдық кіші топтар;
бюджеттік бағдарламалардың әкімшілері;
бюджеттік бағдарламалар (кіші бағдарламалар).
3. Бюджет шығыстарының функционалдық сыныптамасы негізінде бюджеттік бағдарламалардың әкімшілерін және бюджеттік бағдарламаларды (кіші бағдарламаларды) топтастыру арқылы жасалатын бюджет шығыстарының ведомстволық сыныптамасы қалыптастырылуы мүмкін.
13-бап. Бюджет шығыстарының экономикалық сыныптамасы
1. Бюджеттік бағдарламаларды іске асыру үшін мемлекеттік мекемелер жүзеге асыратын операцияларды көрсететін бюджет шығыстарының экономикалық сипаттамалар бойынша топтамасы бюджет шығыстарының экономикалық сыныптамасы болып табылады.
2. Бюджет шығыстарының экономикалық сыныптамасының топтамасы санаттан, сыныптан, кіші сыныптан және өзіндік ерекшеліктен тұрады.
3. Бюджет шығыстарының экономикалық сыныптамасының өзіндік ерекшеліктерінің құрылымын бюджет тік жоспарлау жөніндегі орталық уәкілетті орган әзірлейді және бекітеді.
14-бап. Бюджеттік бағдарламалардың (кіші бағдарламалардың) түрлері
1. Мазмұнына қарай бюджеттік бағдарламалар (кіші бағдарламалар):
мемлекеттік функцияларды, өкілеттіктерді жүзеге асыруға және олардан туындайтын мемлекеттік қызметтерді көрсетуге;
трансферттер мен бюджеттік субсидиялар беруге;
бюджеттік кредиттер беруге;
бюджеттік инвестицияларды жүзеге асыруға;
күрделі шығыстарды жүзеге асыруға;
мемлекет міндеттемелерін орындауға бағытталған бюджеттік бағдарламалар (кіші бағдарламалар) болып бөлінеді.
2. Мемлекеттік функцияларды, өкілеттіктерді жүзеге асыруға және олардан туындайтын мемлекеттік қызметтерді көрсетуге бағытталған бюджеттік бағдарламаларда (кіші бағдарламаларда) олармен байланысты ағымдағы барлық шығыс, оның ішінде зерттеулерге, консалтингтік көрсетілетін қызметтерге арналған шығыстар қамтылады.
Зерттеулердің, консалтингтік көрсетілетін қызметтердің құны бюджеттік жоспарлау жөніндегі орталық уәкілетті органмен келісу бойынша тиісті саланың (аяның) орталық уәкілетті органдары айқындайтын тәртіппен белгіленеді.
3. Трансферттер мен бюджеттік субсидиялар беруге бағытталған бюджеттік бағдарламаларға (кіші бағдарламаларға):
1) бюджеттер деңгейлері арасындағы трансферттер;
2) мемлекеттік мекемелердің жұмыскерлеріне төленетін ақшалай төлемдерден басқа, жеке тұлғаларға арналған трансферттер;
3) мемлекеттік мекемелерден басқа, заңды тұлғаларға арналған трансферттер;
4) жеке және заңды тұлғаларға арналған бюджеттік субсидиялар жатады.
Бюджеттер деңгейлері арасындағы трансферттер осы Кодекстің 15-тарауында реттеледі.
Мемлекеттік мекемелер жұмыскерлеріне төленетін ақшалай төлемдерден басқа, жеке тұлғаларға арналған трансферттер - жеке тұлғаларға олардың иелігіндегі кірісін ұлғайтуға не Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерінде көзделген шығындардың немесе залалдың белгілі бір түрлерін толық немесе ішінара өтеуге арналған ақшалай төлемдер.
Қазақстан Республикасының заңнамалық актілеріне сәйкес республикалық бюджеттен дербес білім беру ұйымдарына, әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына, «Астана» халықаралық қаржы орталығының әкімшілігіне берілетін нысаналы аударымдар, мемлекеттік мекемелерден басқа, құрылтайшысы мемлекет болып табылатын заңды тұлғаларға арналған трансферттер болып табылады.
Қазақстан Республикасының заңнамалық актілеріне заңды тұлғаларға арналған трансферттер түрінде бюджет қаражатын алуды көздейтін өзгерістер мен толықтырулар енгізу кезінде орталық және (немесе) жергілікті атқарушы органдардың функцияларын бәсекелес ортаға беруге байланысты Қазақстан Республикасының әкімшілік рәсімдер туралы заңнамасында белгіленген рәсімдерден өту талап етіледі.
Заңды тұлғаларға арналған трансферттер оларды алуға үміткер ұйымдардың стратегиялық құжаттарында нәтижелер көрсеткіштері жоспарланған жағдайда бөлінеді.
Заңды тұлғаларға арналған трансферттер:
1) бюджеттік инвестицияларды жүзеге асыруға;
2) «Астана» халықаралық қаржы орталығы туралы» Қазақстан Республикасының Конституциялық заңында көзделген ұзақ мерзімді активтерді сатып алуға бөлінбейді.
Заңды тұлғаларға арналған трансферттерді аудару тиісті бюджеттік бағдарламалардың әкімшілері арқылы жүзеге асырылады.
Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорын қоспағанда, заңды тұлғаларға арналған трансферттердің пайдаланылуы туралы есептілікті жасау тәртібін, оны ұсыну нысандары мен мерзімдерін, сондай-ақ заңды тұлғаларға арналған трансферттердің пайдаланылу барысы мен нәтижелері туралы берілетін ақпаратқа қойылатын талаптарды бюджетті атқару жөніндегі орталық уәкілетті орган айқындайды.
Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерінде көзделген жағдайларда, мемлекеттік функцияларды орындаудың және республиканың немесе өңірдің дамуының әлеуметтік-экономикалық міндеттерін іске асырудың басқа тәсілі болмаған кезде ғана жеке және заңды тұлғаларға, оның ішінде шаруа немесе фермер қожалықтарына бюджеттен берілетін қайтарымсыз төлемдер бюджеттік субсидиялар болып табылады.
Бюджеттік субсидияларды төлеу тәртібін бюджеттік жоспарлау жөніндегі орталық уәкілетті органмен келісу бойынша орталық мемлекеттік органдар айқындайды.
4. Күрделі шығыстарды жүзеге асыруға бағытталған бюджеттік бағдарламаларға (кіші бағдарламаларға) бюджеттік инвестициялардан басқа, шығыстардың экономикалық сыныптамасына сәйкес материалдық-техникалық базаны қалыптастыруға не нығайтуға, күрделі (қалпына келтіру) жөндеу жүргізуге бағытталған шығыстар және өзге де күрделі шығыстар жатады.
Лизинг шарты шеңберінде жүзеге асырылатын күрделі шығыстар күрделі шығыстарды жүзеге асыруға бағытталған бюджеттік бағдарламалар (кіші бағдарламалар) бойынша іске асырылады.
Лизинг шарты шеңберінде жүзеге асырылатын күрделі шығыстардың құны мен нысанасы бюджеттік жоспарлау жөніндегі орталық уәкілетті органмен келісу бойынша тиісті саланың (аяның) орталық уәкілетті органы айқындайтын тәртіппен белгіленеді.
5. Бюджеттік кредиттер беру, бюджеттік инвестицияларды жүзеге асыру, мемлекет міндеттемелерін орындау осы Кодекске сәйкес іске асырылады.
6. Бюджеттік бағдарламалар мемлекеттік басқару деңгейіне қарай:
1) республикалық бюджет құрамында бекітілетін республикалық;
2) облыстық бюджет, республикалық маңызы бар қала, астана бюджетінің құрамында бекітілетін облыстық, республикалық маңызы бар қалалар, астана;
3) аудандық (облыстық маңызы бар қала) бюджет құрамында бекітілетін аудандық (қалалық);
4) республикалық маңызы бар қала, астана, облыстық маңызы бар қала бюджетінің құрамында бекітілетін қаладағы ауданның бюджеттік бағдарламалары;
5) аудандық маңызы бар қала, ауыл, кент, ауылдық округ бюджетінің құрамында бекітілетін аудандық маңызы бар қаланың, ауылдың, кенттің, ауылдық округтің бюджеттік бағдарламалары болып бөлінеді.
Облыстық, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың, аудандық (қалалық) бюджеттік бағдарламалар, сондай-ақ қаладағы ауданның бюджеттік бағдарламалары және аудандық маңызы бар қаланың, ауылдың, кенттің, ауылдық округтің бюджеттік бағдарламалары жергілікті бюджеттік бағдарламалар болып табылады.
7. Бюджеттік бағдарламалар (кіші бағдарламалар) іске асыру тәсіліне қарай:
1) бір әкімші іске асыратын жеке бюджеттік бағдарламалар (кіші бағдарламалар);
2) бюджетте белгілі бір бюджеттік бағдарламалар әкімшісінің бюджеттік бағдарламаларының құрамында бекітілетін және ағымдағы қаржы жылы ішінде әртүрлі бюджеттік бағдарламалардың әкімшілері арасында бөлінуге жататын бөлінетін бюджеттік бағдарламалар болып бөлінеді.
Мұндай бюджеттік бағдарламаларды бөлу бюджеттік жоспарлау жөніндегі орталық уәкілетті органмен келісу бойынша тиісті орталық мемлекеттік органдар айқындайтын тәртіппен жүзеге асырылады.
8. Бюджеттік бағдарламалар (кіші бағдарламалар) бірыңғай бюджеттік сыныптама құрамында тиісті белгі (код) беріле отырып, ағымдағы бюджеттік бағдарламалар (кіші бағдарламалар) және бюджеттік даму бағдарламалары (кіші бағдарламалары) болып бөлінеді.
Бюджеттік даму бағдарламаларына (кіші бағдарламаларына) бюджеттік инвестицияларды жүзеге асыруға бағытталған бюджет шығыстары жатады. Бюджеттің қалған шығыстары ағымдағы бюджеттік бағдарламаларға (кіші бағдарламаларға) жатады.
9. Мемлекеттік органның даму жоспарының немесе облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың даму жоспарының мақсатына, бірыңғай түпкілікті нәтижеге қол жеткізу үшін мемлекеттік функцияларды, өкілеттіктерді жүзеге асыру және олардан туындайтын мемлекеттік қызметтерді көрсету, күрделі шығыстарды жүзеге асыру, мемлекеттік инвестициялық жобаларды іске асыру, трансферттер мен бюджеттік субсидиялар беру жөніндегі шығындар бюджет құрылымы сақтала отырып және көрсетілген шығындар жекелеген кіші бағдарламаларға бөліп шығарыла отырып, бір бюджеттік бағдарламаға біріктіріледі.
Бюджет құрылымының бөлімі шегінде мемлекеттік органның бекітілген даму жоспарының немесе облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың бекітілген даму жоспарының мақсатына қол жеткізуге бағытталған бюджеттік бағдарлама болған кезде, осындай мақсатқа қол жеткізуге бағытталған жаңа бюджеттік бағдарламаны енгізуге жол берілмейді.
15-бап. Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігі мен оның мекемелерінің, жедел-іздестіру қызметін, барлау және қарсы барлау қызметін жүзеге асыратын мемлекеттік органдар мен олардың мекемелерінің, сондай-ақ күзетілетін адамдар мен объектілердің қауіпсіздігін қамтамасыз ететін арнаулы мемлекеттік органдардың шығыстарын сыныптау
Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігі мен оның республикалық бюджеттен қаржыландырылатын мекемелерінің, барлау және қарсы барлау қызметін жүзеге асыратын арнаулы мемлекеттік органдар мен олардың мекемелерінің, сондай-ақ күзетілетін адамдар мен объектілердің қауіпсіздігін қамтамасыз ететін арнаулы мемлекеттік органдардың шығыстары мынадай бюджеттік бағдарламалар:
мемлекеттік функциялар мен өкілеттіктерді орындауға, трансферттер беруге және күрделі шығыстарды жүзеге асыруға бағытталған бір бюджеттік бағдарлама;
бюджеттік инвестицияларды жүзеге асыруға бағытталған бір бюджеттік бағдарлама бойынша шығыстардың экономикалық сыныптамасының бір өзіндік ерекшелігі бойынша көрсетіле отырып, бір функционалдық топ бойынша сыныпталады.
Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігі мен оның мекемелерін, арнаулы мемлекеттік органдарды қоспағанда, мемлекеттік органдар мен олардың мекемелерінің жедел-іздестіру қызметін жүзеге асыруға арналған шығыстары шығыстардың экономикалық сыныптамасының өзіндік ерекшелігі бойынша көрсетіле отырып, күрделі шығыстар мен бюджеттік инвестициялық жобаларды іске асыруға арналған шығыстарды қоспағанда, бір функционалдық топ бойынша, мемлекеттік функциялар мен өкілеттіктерді орындауға бағытталған бір бюджеттік бағдарлама бойынша сыныпталады.
2025 жылы республикалық және жергілікті бюджеттерді нақтылау, түзету және атқару кезінде осы Кодекстің 15-бабы мынадай редакцияда қолданылады
4-тарау. ШЫҒЫСТАРДЫ ҚАРЖЫЛАНДЫРУДЫҢ
ЖЕКЕЛЕГЕН ТЕТІКТЕРІ
16-бап. Мемлекеттік тапсырма
1. Жарғылық капиталына мемлекет қатысатын квазимемлекеттік сектор субъектілеріне және Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайтын өзге де заңды тұлғаларға жекелеген мемлекеттік қызметтер көрсетуге және басқа да міндеттерді орындауға тапсырыс беру мемлекеттік тапсырма болып табылады.
2. Мемлекеттік тапсырмаларға мынадай өлшемшарттардың біріне немесе бірнешеуіне сай келетін тапсырыстар жатқызылуы мүмкін:
1) мемлекеттің ұлттық қауіпсіздігін, қорғаныс қабілетін қамтамасыз етудің немесе қоғам мүдделерін қорғаудың өзге мүмкіндігінің болмауы;
2) қоғамдық мүдделер мен ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге байланысты мемлекеттік меншіктегі стратегиялық объектілерді, аса маңызды объектілерді, оның ішінде ақпараттық-коммуникациялық инфрақұрылым объектілерін қолдану, пайдалану және күтіп-ұстау;
3) тауарлардың, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтердің тиісті нарығында бәсекелестіктің болмауы;
4) тауардың, жұмыстың, көрсетілетін қызметтің, зияткерлік меншік объектілерінің ерекшелігі мен бірегейлігі.
Осы тармақтың бірінші бөлігінде көзделген өлшемшарттарға сай келмейтін мемлекеттік тапсырманы жоспарлауға тыйым салынады.
3. Мемлекеттік тапсырманы жоспарлау осы баптың 2-тармағының бірінші бөлігінде көзделген өлшемшарттарға сәйкестігі тұрғысынан монополияға қарсы орган айқындайтын тәртіппен берілетін монополияға қарсы органның оң қорытындысы ескеріле отырып, бюджетті әзірлеу кезінде осы Кодексте белгіленген талаптар сақтала отырып жүзеге асырылады.
Мемлекеттік тапсырманы орындауға жауапты, осы баптың 1-тармағында көрсетілген квазимемлекеттік сектор субъектілері мен заңды тұлғалар мемлекеттік тапсырманы қосалқы мердігерлікке берген жағдайда, монополияға қарсы органның қорытындысында мемлекеттік тапсырманы қосалқы мердігерлікке берудің көлемі мен шарттары айқындалады.
Осы тармақтың ережелері басталған (жалғасатын) мемлекеттік тапсырмалар бойынша мемлекеттік тапсырманы жоспарлауға қолданылмайды.
4. Мемлекеттік тапсырманың құны бюджеттік жоспарлау жөніндегі орталық уәкілетті органмен келісу бойынша тиісті саланың (аяның) орталық уәкілетті органдары айқындайтын тәртіппен белгіленеді.
5. Мемлекеттік тапсырма нәтижелерінің көрсеткіштері мемлекеттік органдардың даму жоспарларында және (немесе) тиісті бюджеттік бағдарламалар әкімшілерінің бюджеттік бағдарламаларының паспорттарында айқындалады.
6. Бюджеттік жоспарлау жөніндегі орталық уәкілетті орган орындалуына республикалық бюджет жобасында бюджет қаражаты көзделетін мемлекеттік тапсырмалар туралы жиынтық ақпаратты қалыптастырады және оны республикалық бюджет туралы заң жобасына қоса берілетін материалдардың құрамына енгізеді.
7. Жарғылық капиталына мемлекет қатысатын квазимемлекеттік сектор субъектілеріне мемлекеттік тапсырманы орындауға бюджет қаражатын бөлу жарғылық капиталды ұлғайтпай жүзеге асырылады.
8. Мемлекеттік тапсырманы орындау республикалық бюджеттік бағдарламалардың әкімшісі мен мемлекеттік тапсырманы орындаушы арасында азаматтық-құқықтық мәміле жасасу жолымен Қазақстан Республикасының мемлекеттік сатып алу туралы заңнамасында көзделген конкурстық рәсімдер сақталмастан жүзеге асырылады.
Осы баптың 2-тармағы бұзыла отырып жасалған азаматтық-құқықтық мәмілелерді сот мүдделі тұлғалардың талап қоюы бойынша жарамсыз деп тануы мүмкін.