20) мемлекеттік қаржы - республикалық бюджеттің, жергілікті бюджеттердің, Қазақстан Республикасы Ұлттық қорының, квазимемлекеттік сектор субъектілерінің, бюджеттен тыс қорлардың мемлекеттік сектордың активтері мен міндеттемелерін қалыптастыру, бөлу, қайта бөлу кезінде туындайтын қатынастар жүйесі;
21) мемлекеттік қаржының орнықтылығы - ұзақ мерзімді кезеңде мемлекет міндеттемелерін ескере отырып, оның міндеттері мен функцияларының іске асырылуын қаржыландыруды қамтамасыз ететін мемлекеттік қаржының жай-күйі;
22) нақтыланған бюджет - атқарылуы барысында Қазақстан Республикасының Парламенті немесе тиісті мәслихат қабылдаған өзгерістер мен толықтырулар ескеріле отырып бекітілген бюджет;
23) нәтижелердің көрсеткіштері - мемлекеттік органның даму жоспарын, квазимемлекеттік сектор субъектілерінің іс-шаралар жоспарларын немесе даму жоспарларын, облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың даму жоспарларын және (немесе) бюджеттік бағдарламалардың паспорттарын іске асыру бойынша мемлекеттік органның, сондай-ақ өздерінің іс-шаралар жоспарларын немесе даму жоспарларын іске асыру бойынша квазимемлекеттік сектор субъектілерінің қызметін сипаттайтын нысаналы индикаторлардың, түпкілікті нәтижелердің жиынтығы;
24) нысаналы индикатор - мемлекеттік органның даму жоспарының, квазимемлекеттік сектор субъектісінің іс-шаралар жоспарының немесе даму жоспарының немесе облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың даму жоспарының мақсатына қол жеткізуді санмен өлшейтін көрсеткіш;
25) орта мерзімді кезең - ағымдағы қаржы жылынан кейінгі, ұзақтығы бір жылдан бес жылға дейінгі кезең;
26) теңгерімділік - қабылданатын міндеттемелердің бюджет жобасында белгіленгеннен артық емес деңгейде жоспарланатын бюджет қаражатының көлемдеріне сәйкестігі;
27) түзетілген бюджет - Қазақстан Республикасы Үкіметінің және жергілікті атқарушы органдардың қаулылары, аудандық маңызы бар қалалар, ауылдар, кенттер, ауылдық округтер әкімдерінің шешімдері және Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік құқықтық актілері негізінде атқарылу барысында енгізілген өзгерістер мен толықтырулар ескеріле отырып бекітілген (нақтыланған) бюджет;
28) түпкілікті нәтиже - көзделген бюджет қаражаты шегінде мемлекеттік органның даму жоспарының, облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың даму жоспарының және (немесе) бюджеттік бағдарламаның мақсатына және (немесе) нысаналы индикаторына қол жеткізуді сапамен өлшейтін бюджеттік бағдарлама паспортының көрсеткіші;
29) ұзақ мерзімді кезең - ағымдағы қаржы жылынан кейінгі, ұзақтығы бес жылдан отыз жылға дейінгі кезең.
2. Қазақстан Республикасы бюджет заңнамасының осы бапта көрсетілмеген басқа да ұғымдары осы Кодекстің тиісті баптарында айқындалатын мәндерінде пайдаланылады.
Егер осы Кодексте өзгеше көзделмесе, осы Кодексте пайдаланылатын Қазақстан Республикасы заңнамасының басқа да салаларының ұғымдары Қазақстан Республикасы заңнамасының тиісті салаларында пайдаланылатын мәндерінде қолданылады.
Қазақстан Республикасының бюджет заңнамасы ұғымдарының анықтамалары Қазақстан Республикасы заңнамасының басқа да салалары ұғымдарының анықтамаларымен сай келмеген кезде бюджеттік қатынастарға қатысты Қазақстан Республикасы бюджет заңнамасының ұғымдары пайдаланылады.
4-бап. Қазақстан Республикасы бюджет жүйесінің негізгі қағидаттары
Қазақстан Республикасының бюджет жүйесі мынадай негізгі қағидаттарға негізделеді:
1) біртұтастық қағидаты - Қазақстан Республикасындағы бюджет процесінің бірыңғай рәсімдері мен техникалық шешімдерін пайдалана отырып, бюджет жүйесін ұйымдастыру мен оның жұмыс істеуінің бірыңғай қағидаттарын қолдану;
2) мемлекеттік қаржының орнықтылық қағидаты - мемлекеттің ұзақ мерзімді және орта мерзімді кезеңдердегі міндеттемелерін ескере отырып, оның міндеттері мен функцияларының іске асырылуын қаржыландыруды қамтамасыз ететін бюджет саясатын қалыптастыру;
3) толымдылық қағидаты - бюджетте және Қазақстан Республикасының Ұлттық қорында Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген барлық тиісті түсімдер мен шығыстардың толық көрсетілуі және есепке алынуы, бюджет қаражатын, сол сияқты бюджет қаражаты бойынша талап ету құқықтарының басқаға берілуін пайдалана отырып, өзара талаптарды есепке жатқызуға жол бермеу;
4) негізділік қағидаты - бюджет жобасына қандай да бір түсімдерді немесе шығыстарды енгізу қажеттілігін және олардың көлемдерінің негізділігін айқындайтын нормативтік құқықтық актілер мен басқа да құжаттар негізінде әлеуметтік-экономикалық даму болжамының көрсеткіштеріне сәйкес бюджеттің, Қазақстан Республикасы Ұлттық қорының қаражатын және мемлекеттің активтерін жоспарлау және пайдалану;
5) дәйектілік қағидаты - мемлекеттік органдардың бюджеттік қатынастар саласында бұрын қабылданған шешімдерді сақтауы, бюджеттік құжаттамада соңғы үш есепті қаржы жылындағы және жоспарлы кезеңге бекітілген (нақтыланған) бюджетте көзделген үш жылға мәліметтерді көрсету;
6) тиімділік қағидаты - мемлекеттік функцияларды іске асыруды және бюджет қаражатының көлемі аз кезінде мемлекеттік көрсетілетін қызметтерді сапалы ұсынуды қамтамасыз ете отырып, шығыстар мен нәтижелер арасындағы оңтайлы арақатынасқа қол жеткізу қажеттілігін негізге ала отырып, бюджет процесін, Қазақстан Республикасы Ұлттық қорының қаражатын жоспарлау мен пайдалануды жүзеге асыру;
7) нәтижелілік қағидаты - бюджетті жоспарлау және атқару, Қазақстан Республикасы Ұлттық қорының қаражатын пайдалану, мемлекеттік органдардың даму жоспарларында, облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың даму жоспарларында, квазимемлекеттік сектор субъектілерінің даму жоспарларында немесе іс-шаралар жоспарларында немесе бюджеттік бағдарламалардың паспорттарында көзделген нәтижелер көрсеткіштеріне қол жеткізуге бағдарланған әкімшілік және басқарушылық шешімдер қабылдау;
8) бюджеттің дербестігі қағидаты - осы Кодекске сәйкес әртүрлі деңгейдегі бюджеттер арасында түсімдердің тұрақты бөлінуін белгілеу және оларды жұмсау бағыттарын айқындау, осы Кодекске сәйкес мемлекеттік басқарудың барлық деңгейінің бюджет процесін дербес жүзеге асыру құқығы, жергілікті бюджеттердің атқарылуы барысында қосымша алынған кірістерді және жергілікті бюджеттердің бюджет қаражатының қалдықтарын жоғары тұрған бюджеттерге алып қоюға жол берілмеуі, төмен тұрған бюджеттерге тиісті өтеусіз қосымша шығыстар жүктеуге жол берілмеуі;
9) кассаның біртұтастығы қағидаты - бюджетке түсетін барлық түсімді бірыңғай қазынашылық шотқа есепке жатқызу және көзделген барлық шығысты бірыңғай қазынашылық шоттан ұлттық валютамен жүзеге асыру;
10) транспаренттілік қағидаты - мемлекеттік немесе заңмен қорғалатын өзге де құпияны құрайтын мәліметтерді қоспағанда, бюджет процесінің қоғам үшін ашықтығы мен қолжетімділігі, Қазақстан Республикасының бюджет заңнамасы саласындағы нормативтік құқықтық актілердің, мемлекеттік қаржы туралы мәліметтердің, бекітілген (нақтыланған, түзетілген) бюджеттердің және осы Кодексте айқындалған басқа да құжаттардың міндетті түрде жариялануы.
5-бап. Бюджет процесіне қатысушылар
Мыналар бюджет процесіне қатысушылар болып табылады:
1) Қазақстан Республикасының Үкіметі, жергілікті атқарушы органдар, аудандық маңызы бар қалалар, ауылдар, кенттер, ауылдық округтер әкімдерінің аппараттары;
2) өкілді органдар - Қазақстан Республикасының Парламенті және мәслихаттар;
3) мемлекеттік органдар;
4) мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау органдары;
5) бюджет саясаты жөніндегі орталық уәкілетті орган - бюджет саясаты, оның ішінде бюджет жүйесін дамыту саласында, мемлекеттік қаржыны басқару және кірістерді болжау, экономикалық саясат, инвестицияларды тарту саясаты, мемлекеттік-жекешелік әріптестік, мемлекеттік инвестициялық жобалар, бюджетаралық қатынастар, мемлекеттік және мемлекет кепілдік берген қарыз алу мен борыш, мемлекеттік активтерді басқару, осы Кодексте белгіленген құзыреттер шегінде гранттар тарту және пайдалану саласында басшылықты, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген шектерде салааралық үйлестіруді жүзеге асыратын орталық атқарушы орган;
6) өңірлік саясат жөніндегі орталық уәкілетті орган - өңірлік даму саласындағы мемлекеттік саясатты қалыптастыру және іске асыру саласында басшылықты, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген шектерде салааралық үйлестіруді жүзеге асыратын орталық атқарушы орган;
7) мемлекеттік жоспарлау жөніндегі орталық уәкілетті орган - мемлекеттік жоспарлау және стратегиялық, бақылау, іске асыру және реттеу функциялары саласында басшылықты, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген шектерде салааралық үйлестіруді жүзеге асыратын орталық атқарушы орган;
8) бюджеттік жоспарлау жөніндегі орталық уәкілетті орган - бюджеттік жоспарлау саласында басшылықты, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген шектерде салааралық үйлестіруді, өз құзыреті шегінде бюджеттік жоспарлау бойынша әдіснамалық басшылықты, сондай-ақ бюджеттік жоспарлау жүйесін жетілдіру жөнінде ұсыныстар әзірлеуді жүзеге асыратын орталық атқарушы орган;
9) бюджетті атқару жөніндегі орталық уәкілетті орган - бюджетті атқару, республикалық бюджеттің және өз құзыреті шегінде жергілікті бюджеттердің, бюджеттен тыс қорлардың атқарылуы бойынша бухгалтерлік есепке алуды, бюджеттік есепке алу мен бюджеттік есептілікті жүргізу саласында басшылықты, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген шектерде салааралық үйлестіруді жүзеге асыратын орталық атқарушы орган;
10) мемлекеттік қазынашылық - бюджетті атқару жөніндегі орталық атқарушы органның бюджетті қазынашылық атқару жөніндегі уәкілетті органының функциялары жүктелген ведомствосы;
11) мемлекеттік қазынашылық органдары - мемлекеттік қазынашылықтың аумақтық бөлімшелері;
12) Қазақстан Республикасының салық заңнамасында айқындалған мемлекеттік кірістер органдары;
13) жеке және заңды тұлғалардан республикалық немесе жергілікті бюджетке, Қазақстан Республикасының Ұлттық қорына, Жәбірленушілерге өтемақы қорына, Арнаулы мемлекеттік қорға түсетін салықтық емес түсімдерді алуға жауапты және олардың түсуіне бақылауды жүзеге асыратын уәкілетті мемлекеттік органдар (бұдан әрі - салықтық емес түсімдер жөніндегі уәкілетті органдар);
14) мемлекеттік жоспарлау жөніндегі жергілікті уәкілетті орган - тиісті әкімшілік-аумақтық бірлікте стратегиялық, экономикалық және бюджеттік жоспарлау саласында функцияларды жүзеге асыратын, жергілікті бюджеттен қаржыландырылатын атқарушы орган;
15) бюджетті атқару жөніндегі жергілікті уәкілетті орган - бюджетті атқару, жергілікті бюджеттің атқарылуы бойынша бухгалтерлік есепке алуды, бюджеттік есепке алу мен бюджеттік есептілікті жүргізу саласындағы функцияларды жүзеге асыратын, жергілікті бюджеттен қаржыландырылатын атқарушы орган;
16) Қазақстан Республикасының Ұлттық қорын басқару жөніндегі кеңес - негізгі міндеттерінің бірі Қазақстан Республикасының Ұлттық қорын пайдалану мәселелері бойынша жәрдемдесу, ұсыныстар әзірлеу, қарау және Қазақстан Республикасының Президентіне ұсынымдар қалыптастыру болып табылатын Қазақстан Республикасының Президенті жанындағы консультативтік-кеңесші орган.
Қазақстан Республикасының Ұлттық қорын басқару жөніндегі кеңесті құру туралы шешімді, оның құрамын және ережені Қазақстан Республикасының Президенті бекітеді;
17) бюджет комиссиясы - бюджет жобасын уақтылы және сапалы әзірлеуді қамтамасыз ету және бюджетті жоспарлау мен атқару бойынша ұсыныстар әзірлеу мақсатында құрылатын консультативтік-кеңесші орган.
Қазақстан Республикасының Үкіметі Республикалық бюджет комиссиясын құрады, ол туралы ережені, құзыреті мен құрамын бекітеді.
Облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың, аудандардың (облыстық маңызы бар қалалардың) жергілікті атқарушы органдары тиісті жергілікті бюджет комиссияларын құрады, олар туралы ережелерді, құзыреті мен құрамын бекітеді.
Республикалық бюджеттік бағдарламалар әкімшісінің бірінші басшысы ведомстволық бюджет комиссиясын құрады, оның жұмыс органын айқындайды және ол туралы ережені, құзыреті мен құрамын бекітеді.
Бюджет комиссиялары өз қызметін тұрақты негізде жүзеге асырады.
Республикалық бюджет комиссиясының, облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың, ауданның (облыстық маңызы бар қаланың) бюджет комиссияларының құзыретіне:
1) әлеуметтік-экономикалық даму болжамы, мемлекеттік органдардың даму жоспарларының жобалары немесе облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың даму жоспарларының жобалары немесе оларға өзгерістер мен толықтырулардың жобалары, бюджеттік бағдарламалардың әкімшілері шығыстарының лимиттері және бюджеттік бағдарламалардың әкімшілері шығыстарының бағыттары бойынша ұсыныстар әзірлеу;
2) бюджеттер жобаларының көрсеткіштерін айқындау, бюджеттерді нақтылау, түзету бойынша ұсыныстар әзірлеу;
3) республикалық және (немесе) жергілікті бюджеттердің және (немесе) Қазақстан Республикасы Ұлттық қорының түсімдерін қысқартуды немесе шығыстарын ұлғайтуды көздейтін нормативтік құқықтық актілердің жобалары бойынша, оның ішінде осы Кодекстің 73-бабының 2-тармағы бірінші бөлігінің бесінші абзацында көзделген жағдайда ұсыныстар әзірлеу;
4) осы Кодекстің ережелерін іске асыру үшін әзірленген нормативтік құқықтық актілердің жобалары бойынша ұсыныстар әзірлеу;
5) шығыстарға шолу, бюджеттік мониторинг нәтижелерін, нәтижелерге жүргізілген бағалауды қарау және олар бойынша ұсыныстар әзірлеу;
6) осы Кодексте, сондай-ақ бюджет комиссиялары туралы ережелерде көзделген өзге де өкілеттіктер кіреді.
Ведомстволық бюджет комиссияларының құзыретіне:
1) мемлекеттік органның даму жоспарының жобасы немесе мемлекеттік органның даму жоспарына өзгерістер мен толықтырулардың жобасы, бюджеттік сұранымдар бойынша ұсыныстар әзірлеу;
2) бюджеттік мониторинг нәтижелерін, нәтижелерге жүргізілген бағалауды қарау және олар бойынша ұсыныстар әзірлеу;
3) осы Кодексте, сондай-ақ ведомстволық бюджет комиссиялары туралы ережелерде көзделген өзге де өкілеттіктер кіреді.
Бюджеттік жоспарлау жөніндегі орталық уәкілетті орган және мемлекеттік жоспарлау жөніндегі жергілікті уәкілетті органдар тиісінше Республикалық бюджет комиссиясының және жергілікті бюджет комиссияларының жұмыс органдары болып табылады.
Тиісті облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың, ауданның (облыстық маңызы бар қаланың) әкімі жергілікті бюджет комиссиясының төрағасы болып табылады.
Мемлекеттік жоспарлау жөніндегі жергілікті уәкілетті органның бірінші басшысы жергілікті бюджет комиссиясының хатшысы болып табылады.
Бюджет комиссиясының қызметін ұйымдастыру тәртібін тиісті бюджет комиссиясының жұмыс органы әзірлейді және айқындайды;
18) қоғамдық кеңес - «Қоғамдық кеңестер туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес құрылатын консультативтік-кеңесші, байқаушы орган;
2025.24.06. № 196-VIII ҚР Заңымен 19) тармақша өзгертілді (2025 ж. 6 шілдеден бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
19) бюджеттік бағдарламалардың әкімшісі - бюджеттік бағдарламаларды жоспарлауға, негіздеуге, іске асыруға және олардың нәтижелеріне қол жеткізуге жауапты, өзіне Қазақстан Республикасының заңнамасында жүктелген функцияларға, өкілеттіктер мен құзыреттерге сәйкес айқындалатын мемлекеттік орган.
Егер бюджеттік бағдарламалардың әкімшісі бір мезгілде бюджеттік бағдарламаның әкімшісі және мемлекеттік мекеме болып табылса, ол бюджет қаражатын дербес пайдаланады.
Облыстық бюджеттік бағдарламалардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың бюджеттік бағдарламаларының әкімшілері болып табылатын облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың аумақтық полиция органдарын, қылмыстық-атқару (пенитенциарлық) жүйесі органдарын және азаматтық қорғау саласындағы уәкілетті органның аумақтық органдарын қоспағанда, мемлекеттік органдардың құрылымдық және аумақтық бөлімшелері бюджеттік бағдарламалардың әкімшілері бола алмайды;
20) квазимемлекеттік сектор субъектілері - мемлекеттік кәсіпорындар, жауапкершілігі шектеулі серіктестіктер, акционерлік қоғамдар, оның ішінде мемлекет құрылтайшысы, қатысушысы немесе акционері болып табылатын Ұлттық әл-ауқат қоры, ұлттық басқарушы холдингтер, ұлттық холдингтер, ұлттық компаниялар, сондай-ақ еншілес, тәуелді және Қазақстан Республикасының заңнамалық актілеріне сәйкес олармен үлестес болып табылатын өзге де заңды тұлғалар, әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры, Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қоры, «Астана» халықаралық қаржы орталығы органдарының, олардың ұйымдарының және қатысушыларының қызметі үшін жағдайларды қамтамасыз ететін коммерциялық емес ұйым;
21) дербес білім беру ұйымы - Қазақстан Республикасының Үкіметі құратын, құқықтық мәртебесі және қызметінің айрықша құқықтық режимі Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерінде айқындалатын, мүшелігі болмайтын коммерциялық емес ұйым;
22) бюджет қаражатын алушылар - бюджет қаражатын бюджеттік бағдарламалардың әкімшілері немесе квазимемлекеттік сектор субъектілері арқылы алатын және оны мемлекеттің міндеттері мен функцияларын іске асыруды қамтамасыз ету мақсатында пайдаланатын жеке және заңды тұлғалар.
Осы Кодексте көзделген жағдайларды қоспағанда, бюджет қаражатын алушылар бюджет қаражатын нысаналы мақсаты бойынша жұмсауға және осы Кодекске сәйкес әзірленетін бюджеттік және өзге де құжаттамада айқындалған нәтижелерге қол жеткізу бойынша қабылдаған міндеттемелерінің орындалуын қамтамасыз етуге міндетті.
Осы Кодексте көзделген жағдайларды қоспағанда, бюджет қаражатын алушылардың, оның ішінде квазимемлекеттік сектор субъектілерінің сыйақы алу мақсатында бюджет қаражатын депозиттерге және басқа да қаржы құралдарына, оның ішінде шетелдегі қаржы құралдарына орналастыруына тыйым салынады;
23) Қазақстан Республикасының резиденттері - Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес құрылған, Қазақстан Республикасында орналасқан заңды тұлғалар, сондай-ақ олардың Қазақстан Республикасында және (немесе) оның шегінен тыс жерлерде орналасқан филиалдары мен өкілдіктері;
24) қаржы агенттігі - Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес экономиканың белгілі бір салаларында мемлекеттік инвестициялық саясатты іске асыруға уәкілеттік берілген және осы мақсаттарда Қазақстан Республикасының қаржы нарығында және (немесе) халықаралық қаржы нарығында қарыз алуды жүзеге асыратын ұлттық басқарушы холдинг және акцияларының жүз пайызы ұлттық басқарушы холдингке тиесілі заңды тұлғалар, сондай-ақ мемлекет жүз пайыз қатысатын банк немесе банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйым;
25) бюджет процесі саласындағы интегратор - бюджет процесін цифрландыру мен автоматтандыруды қамтамасыз ету жөніндегі функциялар жүктелетін, бюджетті атқару жөніндегі орталық уәкілетті орган айқындайтын, жалғыз акционері мемлекет болып табылатын заңды тұлға.
6-бап. Бюджет процесін цифрлық трансформациялау
1. Бюджет процесін ақпараттандыру объектілерін цифрлық трансформациялау бюджет процесінің барлық кезеңін қамтиды және ол осы Кодексте және Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген талаптар сақтала отырып жүзеге асырылады.
2. Бюджет процесін цифрлық трансформациялауды бюджет процесі саласындағы интегратор қамтамасыз етеді.
Жергілікті бюджеттерді бюджеттік жоспарлау процесін цифрлық трансформациялауды жергілікті атқарушы органдар қамтамасыз етеді.
3. Бюджет процесі саласындағы интегратор:
бюджет процесін ақпараттандыру объектілерін құруды, сүйемелдеуді, дамытуды, олардың ақпараттық қауіпсіздігін және оларды іске асыруды қамтамасыз етеді;
бюджет процесін цифрлық трансформациялау мәселелері бойынша ақпараттық-талдамалық және консультациялық қызметтер көрсетеді;
бюджетті атқару жөніндегі орталық уәкілетті орган айқындайтын тәртіпке сәйкес бюджет процесін ақпараттандыру объектілеріне өкілді органдар мен мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау органдарының қолжетімділігін қамтамасыз етеді.
4. Бюджет процесін ақпараттандыру объектілерінің стандарттары мен оларға қойылатын талаптарды Қазақстан Республикасының ақпараттандыру саласындағы заңнамасының талаптарын сақтай отырып, бюджетті атқару жөніндегі уәкілетті орган әзірлейді және бекітеді.
2-тарау. БЮДЖЕТ ДЕҢГЕЙЛЕРІ, ТҮРЛЕРІ ЖӘНЕ ҚҰРЫЛЫМЫ
7-бап. Бюджет деңгейлері
1. Қазақстан Республикасында мынадай деңгейлердегі бюджеттер бекітіледі, атқарылады және дербес болып табылады:
1) Қазақстан Республикасының заңымен бекітілетін республикалық бюджет;
2) облыстық мәслихаттың, республикалық маңызы бар қала, астана мәслихатының шешімімен бекітілетін облыстық бюджет, республикалық маңызы бар қала, астана бюджеті;
3) аудандық (облыстық маңызы бар қала) мәслихаттың шешімімен бекітілетін аудандық (облыстық маңызы бар қала) бюджет;
4) жергілікті қоғамдастықтың жиналысымен келісілгеннен кейін аудандық (облыстық маңызы бар қала) мәслихаттың шешімімен бекітілетін аудандық маңызы бар қала, ауылдың, кент, ауылдық округ бюджеті.
2. Осы Кодексте айқындалған түсімдер есебінен қалыптастырылатын және орталық мемлекеттік органдардың, оларға ведомстволық бағынысты мемлекеттік мекемелердің міндеттері мен функцияларын қаржылық қамтамасыз етуге және мемлекеттік саясаттың жалпыреспубликалық бағыттарын іске асыруға арналған орталық тандырылған ақша қоры республикалық бюджет болып табылады.
3. Осы Кодексте айқындалған түсімдер есебінен қалыптастырылатын және облыстық деңгейдегі, республикалық маңызы бар қаланың, астананың жергілікті мемлекеттік органдарының, оларға ведомстволық бағынысты мемлекеттік мекемелердің міндеттері мен функцияларын қаржылық қамтамасыз етуге және тиісті әкімшілік-аумақтық бірлікте мемлекеттік саясатты іске асыруға арналған орталықтандырылған ақша қоры облыстық бюджет, республикалық маңызы бар қала, астана бюджеті болып табылады.
Осы Кодексте айқындалған түсімдер есебінен қалыптастырылатын және аудандық (облыстық маңызы бар қала) деңгейдегі жергілікті мемлекеттік органдардың, оларға ведомстволық бағынысты мемлекеттік мекемелердің міндеттері мен функцияларын қаржылық қамтамасыз етуге және тиісті әкімшілік-аумақтық бірлікте мемлекеттік саясатты іске асыруға арналған орталықтандырылған ақша қоры аудандық (облыстық маңызы бар қала) бюджет болып табылады.
Осы Кодексте айқындалған түсімдер есебінен қалыптастырылатын және аудандық маңызы бар қала, ауыл, кент, ауылдық округ әкімінің, оларға ведомстволық бағынысты мемлекеттік мекемелердің міндеттері мен функцияларын қаржылық қамтамасыз етуге және тиісті әкімшілік-аумақтық бірлікте мемлекеттік саясатты іске асыруға арналған орталықтандырылған ақша қоры аудандық маңызы бар қала, ауыл, кент, ауылдық округ бюджеті болып табылады.
Облыстық бюджеттер, республикалық маңызы бар қалалар, астана бюджеттері, аудандық (облыстық маңызы бар қалалардың) бюджеттер, аудандық маңызы бар қалалардың, ауылдардың, кенттердің, ауылдық округтердің бюджеттері жергілікті бюджеттерге жатады.
4. Осы Кодексте белгіленген жағдайларда Қазақстан Республикасында төтенше мемлекеттік бюджет әзірленуі, бекітілуі және атқарылуы мүмкін.
Төтенше мемлекеттік бюджет республикалық және жергілікті бюджеттер негізінде қалыптастырылады және Қазақстан Республикасында төтенше немесе соғыс жағдайы ахуалында енгізіледі.
8-бап. Талдамалық ақпарат ретінде пайдаланылатын бюджет түрлері
1. Қазақстан Республикасында талдамалық ақпарат ретінде пайдаланылатын және бекітілуге жатпайтын мынадай бюджет түрлері жасалады:
мемлекеттік бюджет;
шоғырландырылған бюджет;
облыс бюджеті;
аудан (облыстық маңызы бар қала) бюджеті.
2. Өз араларындағы өзара өтелетін операциялар ескерілместен, республикалық және жергілікті бюджеттерді біріктіретін мемлекеттің орталықтандырылған ақша қоры мемлекеттік бюджет болып табылады.
Өз араларындағы өзара өтелетін операциялар ескерілместен, республикалық бюджетті, облыстардың, республикалық маңызы бар қалалар, астана бюджеттерін, Қазақстан Республикасы Ұлттық қорының түсімдері мен шығыстарын, бюджеттен тыс қорлардың түсімдері мен шығыстарын біріктіретін мемлекеттің орталықтандырылған ақша қоры шоғырландырылған бюджет болып табылады.
Өз араларындағы өзара өтелетін операциялар ескерілместен, облыстық бюджетті, аудандар (облыстық маңызы бар қалалар) бюджетін біріктіретін орталықтандырылған ақша қоры облыс бюджеті болып табылады.
Өз араларындағы өзара өтелетін операциялар ескерілместен, аудандық (облыстық маңызы бар қала) бюджетті, аудандық маңызы бар қалалар, ауылдар, кенттер, ауылдық округтер бюджеттерін біріктіретін орталықтандырылған ақша қоры аудан (облыстық маңызы бар қала) бюджеті болып табылады.
Шоғырландырылған бюджетті, мемлекеттік бюджетті, облыстың және ауданның (облыстық маңызы бар қаланың) бюджетін, сондай-ақ қос шотты болғызбау мақсатында бюджеттің бір деңгейінен екінші деңгейіне берілетін трансферттерді, бюджеттік кредиттерді және басқа да төлемдерді алып тастауға байланысты олардың атқарылуы туралы есептерді қалыптастыру кезінде жүзеге асырылатын операциялар өзара өтелетін операциялар болып табылады.