164-бап. Жазаны орындауды кейінге қалдыру шарттарын сақтамау салдарлары
1. Қоғамдық тәртiптi бұзуға жол берген, өзiне жазаны орындауды кейiнге қалдыру қолданылған сотталған адамға қатысты, егер кейiнге қалдыру кезеңiнде оған әкiмшiлiк жазалау не тәртiптiк ықпал ету шаралары қолданылған болса не егер ол баланы тәрбиелеуден немесе оны күтiп-бағудан жалтарса, пробация қызметі жазбаша ескерту шығарады.
2. Сотталған адам баладан бас тартқан, не баланы тәрбиелеуден жалтаруды жалғастырған, не бақылаудан жалтарған, не қоғамдық тәртiптi бұзуды жалғастырған жағдайларда, екі рет жазбаша ескертуден кейiн пробация қызметі сотталған адамның тұрғылықты жерiндегі сотқа жазаны орындауды кейiнге қалдырудың күшiн жою және сотталған адамды сот үкiмiмен тағайындалған жазаны өтеуге жiберу туралы ұсыну енгiзедi. Ұсынуға жазаны орындауды кейiнге қалдыру туралы сот шешімінің көшiрмесi қоса беріледі.
3. Жазаны орындауды кейiнге қалдыру мерзiмi өткеннен кейiн немесе бала қайтыс болған не жүктiлiк үзiлген жағдайларда, сотталған адамның тұрғылықты жерiндегі пробация қызметі оның мiнез-құлқын ескере отырып, сотқа жазаның қалған бөлiгiн өтеуден босату не жазаның өтелмеген бөлiгiн неғұрлым жеңіліне ауыстыру не оны мекемеге жiберу туралы ұсыну жібереді.
165-бап. Жазаны өтеудiң тоқтатылуы және босату тәртiбi
1. Белгiлi бiр лауазымдарды атқару немесе белгiлi бiр қызметпен айналысу құқығынан айыру, қоғамдық жұмыстарға тарту, түзеу жұмыстары, бас бостандығын шектеу, қамаққа алу, бас бостандығынан айыру түрiндегi жазаны өтеу, заңға сәйкес жаза мерзiмiне енгiзiлуi мүмкiн өзгерiстер ескеріле отырып, жаза мерзiмiнiң соңғы күнi тоқтатылады.
2. Қамаққа алуға және бас бостандығынан айыруға сотталғандар жаза мерзiмiнiң соңғы күнiнiң бiрiншi жартысында босатылады. Жазаны өтеу мерзімінің соңғы күні деп жаза мерзімінің басталуы есептелген күннің алдындағы күн есептеледі.
Егер жаза мерзiмi демалыс немесе мереке күнi аяқталатын болса, сотталған адам демалыс немесе мереке күнінің алдындағы күнi жазасын өтеуден босатылады. Жаза мерзiмi айлармен есептелген кезде, ол соңғы айдың тиiстi күнiнде, ал егер бұл айда тиiстi күн болмаса, онда сол айдың соңғы күнiнде аяқталады.
3. Сотталған адамға босатылған кезде оған тиесiлi заттары, құнды заттары, ақшаны уақытша орналастырудың қолма-қол ақшаны бақылау шотында сақтаулы ақшасы және жеке құжаттары, сондай-ақ жазасын өтегенi туралы немесе жазадан босатылғаны туралы құжат берiледi.
4. Қамаққа алу түрiндегi жазадан босатылатын адамның немесе әкімшілік қадағалау белгіленбей бас бостандығынан айыру мерзімін өтегеннен кейін босатылатын адамның жеке басын куәландыратын құжаттары, оның еңбек кiтапшасы мен зейнетақы куәлiгi, сондай-ақ сотталған адамның жеке ісінде сақталатын өзге де жеке құжаттары оған босатылған кезде қолына берiледi. Сотталған адамның жеке iсiнде жеке басын куәландыратын құжаттары, еңбек кiтапшасы мен зейнетақы куәлiгi болмаған кезде мекеменiң әкiмшiлiгi босатылғанға дейінгі алты ай қалғанда оларды ресімдеу жөнінде шаралар қолданады.
Бас бостандығынан айыру түріндегі жазадан шартты түрде мерзімінен бұрын босатылатын, бас бостандығынан айыруды жазаның неғұрлым жеңіл түріне ауыстыру, жазаны өтеуді және мекемеден босатылатын адамды қосымша жазалауды кейінге қалдыру кезінде, сондай-ақ өзіне қатысты әкімшілік қадағалау белгіленген, мерзімін өтеген соң босатылатын адамның жеке басын куәландыратын құжаттары таңдаған тұрғылықты жеріндегі ішкі істер органдарына жіберіледі және ішкі істер органдарында және пробация қызметінде тиісті есепке қойылғаннан кейін беріледі.
5. Жазаны өтеуден мерзiмiнен бұрын босату тиiстi құжаттар келіп түскен күнi, ал егер құжаттар жұмыс күнi аяқталғаннан кейін алынса - келесi күнi таңертең жүргiзiледi.
6. Пробация қызметі түзеу жұмыстары түрiндегi жаза мерзімі аяқталған күнi, ал басқа да негiздер бойынша осы жазадан босатылған кезде тиiстi құжаттарды алғаннан кейін келесi жұмыс күнiнен кешiктiрмей, сотталған адам жазасын өтеп жүрген кәсiпорынның, мекеменiң немесе ұйымның әкiмшiлiгiн оның жалақысынан ұстап қалудың тоқтатылғаны туралы жазбаша хабардар етуге мiндеттi. Сотталған адамға жазасын өтегенi туралы құжат берiледi.
2014.07.11. № 248-V ҚР Заңымен 7-бөлік өзгертілді (бұр.ред.қара)
7. Қазақстан Республикасы Қылмыстық-процестік кодексінің 35-бабы бірінші бөлігінің 1), 2), 5), 6), 7) және 8) тармақтарының негізінде қылмыстық iстiң тоқтатылуына, ақтау үкiмiнің шығарылуына байланысты үкiмнiң күшi жойылуы нәтижесінде жазасын өтеуден босатылған адамға жазаны орындайтын мекеменің немесе органның бастығы оның мүлiктік, еңбек, тұрғын үй және өзге де айырылған құқықтарын қалпына келтiру құқығын түсiндiредi. Босату туралы құжатта сотталған адамнан мемлекет атынан ресми кешiрiм сұралады.
8. Босатылғанға дейін бір ай қалғанда мекеме әкімшілігі сотталған адамның таңдаған тұрғылықты жеріндегі пробация қызметіне белгілі бір лауазымды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан айыру түріндегі жазаны одан әрі орындау үшін сот үкімінің көшірмесін жібереді.
Пробация қызметі белгілі бір лауазымды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан айыру түріндегі жазаны одан әрі орындау үшін сот үкімінің көшірмесін алғаннан кейін тиісті мекемеге, сондай-ақ үкім шығарған сотқа хабарлама жібереді.
9. Мекеменің әкімшілігі белгілі бір лауазымды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан айыру түріндегі қосымша жаза түрінің мерзімі өтелмеген бас бостандығынан айыру түріндегі жазаны өтеуден босатылатын адамнан келген күнінен бастап таңдаған тұрғылықты жеріндегі пробация қызметіне бес күндік мерзімде міндетті түрде келуі туралы қолхат алады.
10. Сотталған адам таңдаған тұрғылықты жеріне Қазақстан Республикасының Үкіметі бекіткен қағидаларға сәйкес бюджет қаражаты есебінен өзі барады.
27-тарау. ЖАЗАСЫН ӨТЕУДЕН БОСАТЫЛАТЫН СОТТАЛҒАНДАРҒА КӨМЕК ЖӘНЕ ОЛАРДЫ БАҚЫЛАУ
166-бап. Мекеме әкiмшiлiгiнiң босатылатын сотталғандардың жұмысқа және тұрмыста орналасуына жәрдемдесу жөніндегі мiндеттерi
2016.30.12. № 39-VI ҚР Заңымен 1-бөлік жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
1. Мекеме әкiмшiлiгi бас бостандығынан айыру мерзiмi аяқталғанға дейiн бір жылдан кешiктiрмей, сотталған адамның таңдаған тұрғылықты жері бойынша облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың, ауданның, облыстық маңызы бар қаланың жергiлiктi атқарушы органдарын, ішкі істер органдарын және пробация қызметін оның алдағы уақытта босатылатыны, оның тұрғын үйiнiң бар-жоғы, оның еңбекке қабiлеттілігi және алған мамандықтары туралы хабардар етеді.
Мекеме әкімшілігі бұл ретте сотталған адамға босатылғаннан кейін әлеуметтік бейімделу үшін қажетті әлеуметтік-құқықтық көмектің көлемі бойынша жеке бағдарлама жасайды, ол сотталған адамның таңдаған тұрғылықты жері бойынша пробация қызметіне жолданады.
2. Сотталған адамды бостандыққа дайындау мақсатында онымен ұйымдастыру-тәрбиелеу іс-шаралары жүргiзiледi, оның құқықтары мен мiндеттерi түсiндiрiледi.
3. Бірінші немесе екінші топтағы мүгедектерді, сондай-ақ алпыс үш жастан асқан ерлер мен елу сегіз жастан асқан әйелдерді олардың жазбаша өтiнiшi және мекеменiң ұсынуы бойынша әлеуметтiк қорғау органдары мүгедектер және қарттар үйiне жiбередi.
Әлеуметтік көмекке мұқтаж өзге де адамдар олардың жазбаша өтініші және мекеменің ұсынуы бойынша әлеуметтік бейімдеу орталықтарына жіберіледі.
167-бап. Жазасын өтеуден босатылатын адамдарға көмек көрсету
1. Қамаққа алу, бас бостандығынан айыру түрiндегi жазасын өтеуден босатылатын адамдар өздері таңдаған тұрғылықты жерiне немесе жұмыс орнына дейiн тегiн жол жүрумен, сондай-ақ Қазақстан Республикасы аумағының шегінде жол жүргенде тамақ өнімдерімен не ақшамен қамтамасыз етiледi.
2. Мекемеден босатылатын адамның маусым бойынша қажетті киімі, аяқкиімі және оларды сатып алуға қаражаты болмаған жағдайда, ол бюджет қаражаты есебінен киіммен және аяқкиіммен қамтамасыз етіледі.
3. Жазадан босатылатын адамдарды тамақпен, киiммен, аяқкиiммен қамтамасыз етудi, сондай-ақ жол жүруіне ақы төлеуді жазаны орындайтын мекеме жүргізеді.
2016.30.12. № 39-VI ҚР Заңымен 4-бөлік жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
4. Бірінші немесе екінші топтағы мүгедектердi, жүктi әйелдер мен жас балалары бар әйелдердi, сондай-ақ кәмелетке толмағандарды бас бостандығынан айыру түрiндегi жазаны өтеуден босату кезiнде мекеме әкiмшiлiгi олардың жұбайын (зайыбын), туыстарын не сотталған адамның өтінішінде көрсетілген өзге де адамдарды, сондай-ақ сотталған адамның таңдаған тұрғылықты жері бойынша пробация қызметін алты ай бұрын хабардар етедi.
2016.30.12. № 39-VI ҚР Заңымен 5-бөлік жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
5. Мекемелерден босатылатын, денсаулық жағдайы бойынша ұдайы күтiмге мұқтаж адамдар, сондай-ақ он алты жасқа дейiнгi кәмелетке толмағандар тұрғылықты жерiне жұбайының (зайыбының), туыстарының немесе оларды алып кетуге келген өзге де адамдардың не мекеме немесе сотталған адамның таңдаған тұрғылықты жері бойынша пробация қызметі жұмыскерiнің еріп жүруімен жiберiледi.
168-бап. Жазасын өтеуден босатылған адамдардың жұмысқа және тұрмыста орналасуына, оларға басқа да әлеуметтiк көмек түрлерiнің ұсынылуына жәрдем көрсету
Ауданның, облыстық маңызы бар қаланың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың әкiмдiгi:
1) жазасын өтеуден босатылған адамдарды жұмысқа және тұрмыста орналастыруға, сондай-ақ оларға басқа да әлеуметтiк көмек түрлерiн ұсынуға жәрдем көрсетеді;
2) жыл сайын мекемелерден босатылған адамдар үшін жұмыс орындарына квоталар бөледі, сондай-ақ оларды жұмысқа орналастыратын жеке және заңды тұлғаларды көтермелейді.
169-бап. Шартты түрде мерзiмiнен бұрын босатылған адамның мінез-құлқын пробациялық бақылау
1. Жазасын өтеуден шартты түрде мерзiмiнен бұрын босатылған адамның мінез-құлқын бақылауды оның тұрғылықты жерiндегі iшкi iстер органдарының полиция қызметкерлері қылмыстық-атқару қызметі саласындағы уәкілетті орган айқындайтын тәртіппен жүзеге асырады.
Шартты түрде мерзiмiнен бұрын босатылған адамды тиiсiнше бақылауды қамтамасыз ету және оның тұрған жерi туралы ақпарат алу үшiн iшкi iстер органдарының полиция қызметкерлері тізбесін Қазақстан Республикасының Үкiметi бекітетін электрондық бақылау құралдарын қолдануға құқылы.
Электрондық бақылау құралдарын қолдану тәртібін қылмыстық-атқару қызметі саласындағы уәкілетті орган айқындайды.
2. Ішкі істер органдары шартты түрде мерзiмiнен бұрын босатылған адамдарды жазасының қалған өтелмеген бөлiгi iшiнде дербес есепке алуды жүзеге асырады, оларға жүктелген мiндеттердiң орындалуын бақылайды.
3. Егер шартты түрде мерзімінен бұрын босату қолданылған адам жазасының қалған өтелмеген бөлігі ішінде бірнеше рет әкімшілік құқық бұзушылық жасап, сол үшін оған әкімшілік жаза қолданылған болса немесе шартты түрде мерзімінен бұрын босатуды қолдану кезінде өзіне жүктелген міндеттерді орындаудан қаскөйлікпен жалтарған болса, ішкі істер органы сотқа шартты түрде мерзімінен бұрын босатудың күшін жою және жазасының қалған өтелмеген бөлігін орындау туралы ұсыну жібереді.
4. Ішкі істер органдары шартты түрде мерзімінен бұрын босатылған адамды есепке қойғаннан кейін:
1) оған әлеуметтік-құқықтық көмек көрсету үшін оның қызметке келуін қамтамасыз етеді;
2) сот қаулысының көшірмесін пробация қызметіне жібереді.
5. Пробация қызметі:
1) сот қаулысының көшірмесін алғаннан кейін шартты түрде мерзімінен бұрын босатылған адамды өзінің есебіне қояды;
2) денсаулық жағдайын, білім деңгейін, еңбекпен қамтылуын, тұрғылықты жерінің бар-жоғын анықтай отырып, оның жеке басын зерделеуді жүргізеді, сондай-ақ оған ұсынылатын әлеуметтік-құқықтық көмектің көлемін айқындауға қажетті өзге де мәліметтерді анықтайды;
3) адамға әлеуметтік-құқықтық көмекті ұсыну тәртібін түсіндіреді.
6. Шартты түрде мерзімінен бұрын босатылған адамның жеке басын және өмірлік жағдайын зерделеу нәтижелері бойынша пробация қызметі әлеуметтік-құқықтық көмек көрсетудің жеке бағдарламасын жасайды.
7. Жергілікті атқарушы органдар, қоғамдық бірлестіктер және өзге де ұйымдар пробация қызметі әзірлеген жеке бағдарламаға сәйкес, шартты түрде мерзімінен бұрын босатылған адамға әлеуметтік-құқықтық көмек көрсетеді.
8. Шартты түрде мерзімінен бұрын босатылған адам:
1) мекемеден босатылған күннен бастап бес жұмыс күні ішінде тұрғылықты жеріндегі ішкі істер органдарында тіркеуден өтуге;
2) айына кемінде бір рет ішкі істер органдарына, пробация қызметіне тиісінше өзінің мінез-құлқы, алатын әлеуметтік-құқықтық көмек туралы есеп беру үшін келіп тұруға;
3) ішкі істер органдары айқындаған уақытта тұрғылықты жерін тастап кетпеуге;
4) ішкі істер органдарын жазбаша хабардар етпестен тұрақты тұрғылықты жерін, жұмыс пен оқу орнын ауыстырмауға;
5) ішкі істер органдары айқындаған орындарға жұмыс пен оқудан бос уақытта бармауға;
2017.18.04. № 58-VI ҚР Заңымен 6) тармақша жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
6) ішкі істер органдарының жазбаша рұқсатынсыз басқа жерлерге шықпауға;
2017.18.04. № 58-VI ҚР Заңымен 6-1) тармақшамен толықтырылды
6-1) негізгі жазаны толық өтегенге және пробациялық бақылау мерзімі аяқталғанға дейін Қазақстан Республикасының аумағынан кетпеуге;
2018.12.07. № 180-VІ Заңымен 6-2) тармақшамен толықтырылды
6-2) алкогольдік ішімдіктерді, сондай-ақ медициналық емес мақсаттарда есірткі мен психотроптық заттарды, сол тектестерді тұтынбауға;
7) жәбірленушінің денсаулығына, мүлкіне келтірілген залалдың немесе мемлекетке келтірілген материалдық залалдың орнын толтыру жөнінде шаралар қолдануға;
8) ішкі істер органдарының талап етуі бойынша түсініктеме және шартты түрде мерзімінен бұрын босатылған адамның мінез-құлқына бақылауды жүзеге асыру үшін қажетті өзге де құжаттарды ұсынуға;
2014.28.11. № 257-V ҚР Заңымен 9) тармақша жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
9) Қазақстан Республикасының салық заңнамасында белгiленген тәртiппен тұрғылықты жерi бойынша мемлекеттік кіріс органына табыстары және салық салу объектiсi болып табылатын және Қазақстан Республикасының аумағындағы да, одан тыс жерлердегi де мүлкi туралы декларацияны табыс етуге мiндеттi. Көрсетiлген декларация жазаның қалған өтелмеген бөлiгi аяқталғанға дейiн табыс етіледі.
Бұл ретте, көрсетілген адамдар iшкi iстер органына мемлекеттік кіріс органының декларацияны алғаны туралы анықтамасын табыс етеді.
9. Шартты түрде мерзімінен бұрын босатылған адам пробациялық бақылаудан жалтарған жағдайда, ішкі істер органдары оның тұрған жерін және жалтару себептерін анықтау бойынша бастапқы іс-шараларды жүргізеді.
Шартты түрде мерзімінен бұрын босатылған адамның тұратын жері анықталмаған жағдайда, ішкі істер органдары сотқа оған іздестіру жариялау туралы не бұлтартпау шараларын таңдау туралы ұсыну енгізеді.
170-бап. Жазасын өтеуден ауруына байланысты босатылған адамның денсаулық жағдайын бақылау
1. Психикасының бұзылуына немесе өзге де ауыр сырқатына байланысты жазасын одан әрі өтеуден босатылған адамның денсаулық жағдайын бақылауды ол босатылған мекеменің әкімшілігі жүзеге асырады.
2019.27.12. № 292-VІ ҚР Заңымен 2-бөлік өзгертілді (бұр.ред.қара)
2. Босатылған адам емделіп жатқан денсаулық сақтау ұйымы оның денсаулық жағдайы туралы ақпаратты мекеме әкімшілігіне тоқсан сайын береді, ал сауыққан немесе қайтыс болған жағдайларда оған және прокурорға дереу хабар береді.
3. Адам сауыққан жағдайда, жазаны орындауды жалғастыру мекеме әкімшілігінің ұсынуы бойынша соттың қаулысымен жүргізіледі.
2017.11.07. № 91-VI ҚР Заңымен 171-бап өзгертілді (бұр.ред.қара)
171-бап. Жазасын өтеген адамдарды әкiмшiлiк қадағалау
Әкімшілік қадағалау жазасын өтеген адамдарға:
2016.09.04. № 501-V ҚР Заңымен (бұр.ред.қара); 2018.12.07. № 180-VІ Заңымен (бұр.ред.қара) 1) тармақша жаңа редакцияда
1) қауіпті қайталануы кезінде жасалған қылмыстары үшін, сол сияқты террористік немесе экстремистік қылмыстары, кәмелетке толмағандарға жыныстық тиіспеушілікке қарсы қылмыстары үшін;
2018.12.07. № 180-VІ Заңымен 2) тармақша жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
2) ауыр және (немесе) аса ауыр қылмыстары үшін немесе қасақана қылмыстары үшін бас бостандығынан айыруға екі және одан да көп рет сотты болғандарға және жаза мерзімі аяқталған кезде дәрежесі үшінші теріс мінез-құлыққа ие болған сотталғандарға белгіленеді.
172-бап. Өздеріне қатысты ішкi iстер органдарының әкiмшiлiк қадағалауын белгiлеу қажет адамдарға материалдарды дайындау және ресiмдеу
1. Мекеме әкiмшiлiгi өздеріне қатысты iшкi iстер органдарының әкiмшiлiк қадағалауын белгілеу қажет адамдар тобын айқындайды және жаза мерзiмi аяқталғанға дейiн бiр айдан кешiктiрмей, сотқа осы адамдарға қатысты әкімшілік қадағалау белгілеу туралы ұсыну жібереді.
2. Өзіне қатысты әкiмшiлiк қадағалау белгіленген адамды мекемеден босатар алдында мекеме әкiмшiлiгi оның таңдаған тұрғылықты жерiндегі iшкi iстер органына сот қаулысын, оған мінездеме беретін материалдар мен келетін уақыты туралы хабарлама жiбередi.
3. Өзіне қатысты әкімшілік қадағалау белгіленген адам таңдаған тұрғылықты жеріне келмеген жағдайда, ішкі істер органы оның тұрған жерін және келмеу себептерін анықтау бойынша бастапқы іс-шараларды жүргізеді.
Аталған адамның тұрған жері анықталмаған жағдайда, ішкі істер органы сотқа оған іздестіру жариялау және бұлтартпау шараларын таңдау туралы ұсыну енгізеді.
4. Тиiсінше әкімшілік қадағалауды жүзеге асыру және сот өзіне қатысты әкімшілік қадағалау белгілеген адамның тұратын жерi туралы ақпаратты алу үшiн ішкі істер органдары тізбесін Қазақстан Республикасының Үкiметi айқындайтын электрондық бақылау құралдарын пайдалануға құқылы. Оларды қолдану тәртібін және ішкі істер органдарының қадағалауды жүзеге асыру жөніндегі қызметін ұйымдастыруды қылмыстық-атқару қызметі саласындағы уәкілетті орган айқындайды.
5. Өзіне қатысты сот әкімшілік қадағалауды белгілеген адамды есепке қойғаннан кейін ішкі істер органдары:
1) оған әлеуметтік-құқықтық көмек көрсету үшін оның пробация қызметіне келуін қамтамасыз етеді;
2) сот қаулысының көшірмесін пробация қызметіне жібереді.
6. Пробация қызметі:
1) сот қаулысының көшірмесін алғаннан кейін, оған қатысты әкімшілік қадағалау белгіленген адамды өзінің есебіне қояды;
2) денсаулық жағдайын, оның бiлiм деңгейiн және жұмыспен қамтылуын, тұрғылықты жерiнiң бар-жоғын анықтай отырып, жеке басын зерделеуді жүргізеді, сондай-ақ оған ұсынылатын әлеуметтiк-құқықтық көмектiң көлемiн айқындауға қажеттi өзге де мәлiметтердi анықтайды;
3) әлеуметтiк-құқықтық көмекті ұсыну тәртібін түсіндіреді.
7. Қадағалаудағы адамның жеке басын және өмірлік жағдайын зерделеу нәтижелері бойынша пробация қызметі әлеуметтік-құқықтық көмек көрсетудің жеке бағдарламасын жасайды.
8. Жергілікті атқарушы органдар, қоғамдық бірлестіктер және өзге де ұйымдар оған қатысты сот әкімшілік қадағалауды белгілеген адамға пробация қызметі әзірлеген жеке бағдарламаға сәйкес әлеуметтік-құқықтық көмек көрсетеді.
9. Өзіне қатысты сот әкімшілік қадағалауды белгілеген адам айына кемінде бір рет тіркелу, есеп беру және өзімен профилактикалық әңгімелесу жүргізуге қатысу үшін ішкі істер органдарына, сондай-ақ алатын әлеуметтік-құқықтық көмек туралы есеп беру үшін пробация қызметіне келіп тұруға міндетті.
2015.06.04. № 299-V ҚР Заңымен 173-бап өзгертілді (бұр.ред.қара)
173-бап. Жазасын өтеуден босатылған, туберкулезбен ауыратын адамдарға мәжбүрлеп ем қолдану тәртібі
1. Мекемелерден босатылатын, жазаны өтеу кезеңінде емделудің толық курсынан өтпеген, айналасындағыларға қауіп төндіретін туберкулезбен ауыратын науқастар босатылғаннан кейін сот шешімі бойынша босатылған жеріндегі мамандандырылған туберкулезге қарсы ұйымдарда мәжбүрлеп емделуге жатады.
2. Мекеме әкiмшiлiгi осы баптың бірінші бөлігінде аталған адамдарға қатысты жаза мерзiмi аяқталғанға дейін бiр айдан кешіктірмей, оған мәжбүрлі ем тағайындау туралы ұсынуды мекеме орналасқан жердегі сотқа жiбередi.
3. Туберкулезбен ауыратын, өздеріне қатысты сот шешімімен мәжбүрлеп емдеу белгiленген адамдарды мекемелерден босату туралы хабарлама босатылған жердегі мамандандырылған туберкулезге қарсы ұйымдарға және iшкi iстер органдарына жiберiледi.
28-тарау. ШАРТТЫ ТҮРДЕ СОТТАЛҒАН АДАМДАРҒА ПРОБАЦИЯЛЫҚ БАҚЫЛАУДЫ ЖҮЗЕГЕ АСЫРУ
174-бап. Шартты түрде сотталған адамдарға пробациялық бақылауды жүзеге асыру және оларға әлеуметтiк-құқықтық көмек көрсету тәртiбi
1. Пробациялық бақылаудағы, шартты түрде сотталған адамды есепке қойған кезде пробация қызметі:
1) денсаулық жағдайын, оның бiлiм деңгейiн, жұмыспен қамтылуын, тұрғылықты жерiнiң бар-жоғын анықтай отырып, сотталған адамның жеке басын зерделеуді жүргізеді, сондай-ақ оған ұсынылатын әлеуметтiк-құқықтық көмектiң көлемiн айқындауға қажеттi өзге де мәлiметтердi анықтайды;
2) әлеуметтiк-құқықтық көмекті ұсыну және оны алудан бас тарту, оған қатысты пробациялық бақылауды жүзеге асыру және тоқтату тәртiбiн түсiндiредi, сондай-ақ тiркелу үшiн пробация қызметiне келу күндерiн белгiлейдi;
3) сот жүктеген мiндеттердi орындау, оларды орындамағаны, сондай-ақ пробациялық бақылау тәртiбiн бұзғаны үшiн жауаптылыққа тарту тәртiбiн түсiндiредi;
2. Бiлiм алуға, мамандық алуға, жұмысқа орналасуға, емделуге, сондай-ақ құқықтық көмекпен қамтамасыз етуге жәрдем көрсету шартты түрде сотталған адамға әлеуметтiк-құқықтық көмек көрсетудiң негiзгi бағыттары болып табылады.
3. Жергілікті атқарушы органдар, қоғамдық бірлестіктер және өзге де ұйымдар шартты түрде сотталған адамдарға пробация қызметі әзірлеген жеке бағдарламаға сәйкес әлеуметтік-құқықтық көмек көрсетеді.
4. Шартты түрде сотталған адамдар пробация қызметiнiң алдында өзiнiң мінез-құлқы туралы есеп беруге, сот жүктеген мiндеттердi орындауға, тiркелу үшiн, сондай-ақ шақыру бойынша пробация қызметіне айына екi рет (ауылдық жерде тұратындар бір рет) келіп тұруға мiндеттi. Дәлелсiз себептермен келмеген жағдайда, шартты түрде сотталған адамға күштеп әкелу қолданылады.
5. Тиісінше пробациялық бақылауды қамтамасыз ету және сотталған адамдардың тұратын жерi туралы ақпарат алу үшiн пробация қызметi тізбесін Қазақстан Республикасының Үкiметi айқындайтын электрондық бақылау құралдарын пайдалануға құқылы.
6. Шартты түрде сотталған адам пробациялық бақылаудан жалтарған жағдайда, пробация қызметi оның тұратын жерi мен жалтару себептерiн анықтау бойынша бастапқы iс-шараларды жүргiзедi. Оның тұратын жері анықталмаған жағдайда, пробация қызметі сотқа оған іздестiру жариялау және бұлтартпау шараларын таңдау туралы ұсыну енгізеді.
175-бап. Пробациялық бақылау мерзiмiн есептеу
1. Пробациялық бақылау мерзiмi шартты түрде сотталған адамды пробация қызметінің есебіне қойған кезден бастап есептеледi.
2. Пробациялық бақылау сот үкімінде белгіленген барлық мерзім бойына жүзеге асырылады. Пробациялық бақылау мерзiмi өткеннен кейін пробация қызметi шартты түрде сотталған адамды өзінiң есебiнен шығарады.
3. Пробациялық бақылау мерзiмiнiң өтуi шартты түрде сотталған адамға iздестiру жариялау туралы сот қаулысының негізінде бастапқы іздестіру іс-шараларын жүргізу басталған кезден бастап тоқтатыла тұрады және сот қаулысы бойынша қайта басталады.
176-бап. Шартты түрде сотталған адамның жауаптылығы
1. Егер шартты түрде сотталған адам:
1) сол үшін өзiне әкiмшiлiк жаза қолданылған, қоғамдық тәртiп пен имандылыққа, кәмелетке толмағандардың құқықтарына, жеке адамға қол сұғатын және отбасы-тұрмыстық қатынастар аясында әкiмшiлiк құқық бұзушылық жасаса;
2) электрондық бақылау құралдарын қасақана бұзса (бүлдiрсе) не дәлелсiз себептермен тiркелуге келмесе немесе пробация қызметiн хабардар етпестен, тұрғылықты жерiн ауыстырса;
3) қылмыстық теріс қылық жасаса, пробация қызметi сотқа пробациялық бақылау мерзiмiн ұзарту, бiрақ бiр жылдан аспайтын уақытқа ұзарту туралы, ал кәмелетке толмаған адамға қатысты алты айдан аспайтын уақытқа ұзарту туралы ұсыну енгiзедi, сондай-ақ шартты түрде соттаудың күшiн жою мүмкiндiгi туралы жазбаша нысанда ескерту шығарады.