заңдастыруды жүзеге асыратын мемлекеттік органның интернет-ресурсында;
өзге мемлекеттік ұйымның немесе шет мемлекеттің электрондық апостилдерін жинауды (сақтауды) жүзеге асыратын қоғамдық нотариаттық палатаның интернет-ресурсында орналастырылуға тиіс;
2) осы тармақтың 1) тармақшасының талаптарына сәйкес келетін құжат түпнұсқасының нотариат куәландырған көшірмесі түрінде ұсынылған ресми құжат болып табылады. Шетелдік нотариустың қолтаңбасы мен мөрі Қазақстан Республикасының заңнамасында айқындалған тәртіппен заңдастырылуға немесе шетелдік нотариустың қолтаңбасы мен мөрін заңдастыратын құжат:
заңдастыруды жүзеге асыратын мемлекеттік органның интернет-ресурсында;
өзге мемлекеттік ұйымның немесе шет мемлекеттің электрондық апостилдерін жинауды (сақтауды) жүзеге асыратын қоғамдық нотариаттық палатаның интернет-ресурсында орналастырылуға тиіс.»;
3-тармақтың бірінші бөлігі мынадай редакцияда жазылсын:
«3. Бейрезиденттің резиденттігін растайтын құжатта көрсетілген уақыт кезеңі ішінде бейрезидент Қазақстан Республикасы халықаралық шарт жасасқан мемлекеттің резиденті деп танылады. Бұл ретте, резидентік белгілі бір күнге расталған жағдайда, бейрезидент резиденттік расталған күнге дейінгі күнтізбелік жылдың басынан бергі уақыт кезеңіне Қазақстан Республикасы халықаралық шарт жасасқан мемлекеттің резиденті деп танылады.»;
272) 678-баптың 1-тармағы мынадай мазмұндағы 1-1) тармақшамен толықтырылсын:
«1-1) бөлшек салықтың арнаулы салық режимін;»;
273) 679-баптың 2-тармағы 5) тармақшасындағы «үшін арнаулы салық режиміне ауысуға құқылы.» деген сөздер «үшін;» деген сөзбен ауыстырылып, мынадай мазмұндағы 6) тармақшамен толықтырылсын:
«6) жалпыға бірдей белгіленген салық салу тәртібінен немесе өзге де арнаулы салық режимінен бөлшек салықтың арнаулы салық режиміне ауысуға құқылы.»;
274) 687-баптың 2-1-тармағының бірінші бөлігі «Салық төлеуші» деген сөздерден кейін «алғаш рет» деген сөздермен толықтырылсын;
1-тармақтың 275) тармақшасы 2018 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді
275) 690-баптың 3-тармағының 9), 10) және 11) тармақшалары «стандарттарына және» деген сөздерден кейін «(немесе)» деген сөзбен толықтырылсын;
1-тармақтың 276) тармақшасы 2018 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді
276) 691-баптың 2-тармағындағы «қаржылық есептіліктің халықаралық стандарттарына және» деген сөздер «халықаралық қаржылық есептік стандарттарына және (немесе)» деген сөздермен ауыстырылсын;
277) 692-бапта:
2-тармақ 4) тармақшасындағы «сомалары шегерімге жатады.» деген сөздер «сомалары;» деген сөзбен ауыстырылып, мынадай мазмұндағы 5) және 6) тармақшалармен толықтырылсын:
«5) кәсіпкерлік мақсаттарда пайдаланылатын, көрсетілетін байланыс қызметтеріне, электр энергиясына, суға, жылу энергиясына, газға ақы төлеуге арналған шығыстар;
6) жалға алушының кәсіпкерлік мақсаттарда пайдаланылатын, жалға алынатын мүлікке қатысты жүргізген шығыстары шегерімге жатады.»;
1-тармақтың 277) тармақшасының бесінші және алтыншы абзацтары 2018 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді
5-тармақтың екінші бөлігі «стандарттарына және» деген сөздерден кейін «(немесе)» деген сөзбен толықтырылсын;
6-тармақ «стандарттарына және» деген сөздерден кейін «(немесе)» деген сөзбен толықтырылсын;
278) мынадай мазмұндағы 77-1-тараумен толықтырылсын:
«77-1-тарау. Бөлшек салықтың арнаулы салық режимі
696-1-бап. Бөлшек салықтың арнаулы салық режимін қолдану және оны қолдану кезінде салықтарды есептеу тәртібі
1. Бөлшек салықтың арнаулы салық режимін салық төлеушілер, егер олар:
1) Қазақстан Республикасының Кәсіпкерлік кодексіне сәйкес шағын және орта кәсіпкерлік субъектілері болып танылса;
2) осы режимді қолдану мақсаттары үшін Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындаған қызмет түрлерінің біреуін немесе бірнешеуін жүзеге асырса, қолдануға құқылы.
2. Бөлшек салықтың арнаулы салық режимі төлем көзінен ұсталатын салықтарды қоспағанда, корпоративтік немесе жеке табыс салығын есептеудің ерекше тәртібін көздейді.
3. Бөлшек салықтың арнаулы салық режимін қолдану кезінде төлем көзінен ұсталатын салықтарды қоспағанда, корпоративтік немесе жеке табыс салығын есептеуді салық төлеуші есепті салықтық кезең үшін салық салу объектісіне 3 пайыз мөлшеріндегі мөлшерлемені қолдану арқылы дербес жүргізеді.
4. Бөлшек салықтың арнаулы салық режимін қолданатын салық төлеуші үшін:
заңды тұлға - осы Кодекстің 7-бөліміне сәйкес;
дара кәсіпкер осы Кодекстің 8-бөліміне сәйкес жалпыға бірдей белгіленген тәртіппен айқындалатын, Қазақстан Республикасында және одан тыс жерде салықтық кезең ішінде алған (алынуға жататын) кіріс салық салу объектісі болып табылады.
696-2-бап. Салықтық кезең, декларацияны ұсыну және салықтарды төлеу мерзімдері
1. Күнтізбелік тоқсан бөлшек салықтың арнаулы салық режимін қолдану үшін салықтық кезең болып табылады.
2. Бөлшек салықтың арнаулы салық режимін қолданатын салық төлеушілер үшін декларациялар салық төлеушінің орналасқан жеріндегі салық органына есепті салықтық кезеңнен кейінгі екінші айдың 15-інен кешіктірілмей ұсынылады.
3. Бөлшек салықтың арнаулы салық режимін қолданатын салық төлеушілер үшін декларацияда көрсетілген салықтарды бюджетке төлеу есепті салықтық кезеңнен кейінгі екінші айдың 25-інен кешіктірілмей жүргізіледі.»;
279) 702-баптың 1-тармағында «құқығында жер учаскелері бар,» деген сөздер «құқығында жер учаскелері болған жағдайда, осы Кодекстің 367-бабы 1-тармағының 1) тармақшасында көрсетілген,» деген сөздермен ауыстырылсын;
280) 21-бөлімнің тақырыбы «ұйымдарға» деген сөзден кейін «, сондай-ақ инвестициялар туралы келісім жасасқан тұлғаларға» деген сөздермен толықтырылсын;
281) 708-баптың 4-тармағында:
бірінші бөліктің 4) тармақшасы мынадай редакцияда жазылсын:
«4) 2009 жылғы 1 қаңтарға дейін инвестициялар жөніндегі уәкілетті мемлекеттік органмен жасасқан аяқталмаған келісімшарттар бойынша - инвестициялық салықтық преференцияларды қолданатын ұйымдар;»;
мынадай мазмұндағы үшінші бөлікпен толықтырылсын:
«Арнайы экономикалық аймақтың аумағында қызметін жүзеге асыратын ұйыммен Қазақстан Республикасының Кәсіпкерлік кодексіне сәйкес инвестициялар туралы келісім жасалған жағдайда, мұндай салық төлеуші осы Кодекстің ережелерін қолдану мақсатында инвестициялар туралы келісім жасасқан тұлға деп танылады және осы Кодекстің 80-1-тарауының ережелерін қолданады.»;
1-тармақтың 282) тармақшасы 2018 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді
282) 712-баптың 4-тармағы «стандарттарына және» деген сөздерден кейін «(немесе)» деген сөзбен толықтырылсын;
283) мынадай мазмұндағы 80-1-тараумен толықтырылсын:
«80-1-тарау. Инвестициялар туралы келісім жасасқан тұлғаларға салық салу
712-1-бап. Жалпы ережелер
1. Осы Кодекстің мақсаттары үшін бір мезгілде мынадай шарттарға сәйкес келетін:
1) Қазақстан Республикасының Кәсіпкерлік кодексіне сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі осындай келісім жасауға уәкілеттік берген мемлекеттік органмен салықтар бойынша преференциялар көзделетін инвестициялар туралы келісім жасаған;
2) инвестициялар туралы келісім үшін Қазақстан Республикасының Үкіметі бекіткен қызмет түрлерінің тізбесіне сәйкес келетін инвестициялық жобаны іске асыратын;
3) жер қойнауын пайдаланушы және (немесе) акцизделетін тауарлар өндіруді жүзеге асыратын тұлға болып табылмайтын;
4) арнаулы салық режимдерін қолданбайтын заңды тұлға инвестициялар туралы келісім жасасқан тұлға болып табылады.
2. Егер Қазақстан Республикасының салық заңнамасына өзгерістер және (немесе) толықтырулар жер салығын және (немесе) мүлік салығын есептеу кезінде қолданылатын коэффициенттерді және (немесе) мөлшерлемелерді ұлғайтуды не корпоративтік табыс салығын есептеу кезінде азайту мөлшерін өзгертуді көздейтін болса, инвестициялар туралы келісім жасасқан тұлға инвестициялық жоба шеңберіндегі қызмет бойынша салықтық міндеттемелерді инвестициялар туралы келісім жасалған күні қолданыста болған коэффициенттерді қолдана отырып және (немесе) мөлшерлемелер бойынша айқындайды, сондай-ақ корпоративтік табыс салығын есептеу кезіндегі азайту мөлшерін қолданады.
Осы Кодекске арнайы экономикалық аймақтың аумағына импортты немесе арнайы экономикалық аймақтың аумағында тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді өткізу бойынша айналымдарды қосылған құн салығынан босатудың күшін жоюды көздейтін өзгерістер және (немесе) толықтырулар енгізілген кезде инвестициялар туралы келісім жасасқан тұлға мұндай босатуды инвестициялар туралы келісімнің мерзімі аяқталғанға дейін қолданады.
3. Инвестициялар туралы келісімнің қолданылуы мерзімінен бұрын тоқтатылған кезде салықтар бойынша преференциялар және Қазақстан Республикасы салық заңнамасының тұрақтылығына кепілдік ол жасалған күннен бастап күшін жояды.
Осы тармақтың бірінші бөлігінде көрсетілген жағдайда, салық төлеуші инвестициялар туралы келісім бұзылған күннен бастап күнтізбелік отыз күннен кешіктірмей осы келісім жасалған күннен бастап оны бұзған күнді қоса алғандағы салықтық кезеңдер үшін қосымша салық есептілігін ұсынуға міндетті.
4. Инвестициялар туралы келісім жасасқан тұлға қызметін арнайы экономикалық аймақты тарату кезінде арнайы экономикалық аймақтың аумағында жүзеге асырған жағдайда салық төлеуші салықтар бойынша преференцияларды инвестициялар туралы келісімнің мерзімі аяқталғанға дейін қолданады.
712-2-бап. Инвестициялар туралы келісім жасасқан тұлғаларға салық салу
1. Инвестициялар туралы келісім осы Кодекстің 712-1-бабында көзделген шарттар сақталған кезде мынадай преференцияларды көздеуі мүмкін:
1) осы Кодекстің 302-бабына сәйкес есептелген корпоративтік табыс салығын инвестициялар жөніндегі келісімде айқындалған қызмет түрлері бойынша инвестициялық жобаны іске асырудан түскен кірістер бойынша 100 пайызға азайту;
2) инвестициялық жобаны іске асыру үшін пайдаланылатын жер учаскелері бойынша жер салығын есептеу кезінде 0 коэффициентін қолдану;
3) инвестициялық жобаны іске асыру үшін пайдаланылатын объектілер бойынша мүлік салығын есептеу кезінде салықтық базаға 0 пайыз мөлшерлемесін қолдану;
4) инвестициялар туралы келісім жасасқан тұлға қызметін арнайы экономикалық аймақ аумағында жүзеге асырған кезде осы Кодекстің 394-бабының 39), 43-1) және 47) тармақшаларына сәйкес тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді өткізу бойынша айналымдарды қосылған құн салығынан босату;
5) осы Кодекстің 712-3-бабына сәйкес салық төлеушінің нақты шығыстарының сомасынан есептелген салықтық міндеттемелерді азайту.
2. Инвестициялар туралы келісім шеңберінде осы баптың 1-тармағының 1) тармақшасын қолданудың шекті мерзімі осындай келісім жасалған жылдың 1 қаңтарынан басталады және келісім жасалған жылдан кейінгі жылдың 1 қаңтарынан бастап есептелетін қатарынан он жылдан кешіктірілмей аяқталады.
3. Инвестициялар туралы келісім шеңберінде осы баптың 1-тармағының 2) тармақшасын қолданудың шекті мерзімі келісім жасалған айдың 1-інен басталады және осындай келісім жасалған жылдан кейінгі жылдың 1 қаңтарынан бастап есептелетін қатарынан он жылдан кешіктірілмей аяқталады.
4. Инвестициялар туралы келісім шеңберінде осы баптың 1-тармағының 3) тармақшасын қолданудың шекті мерзімі бірінші актив халықаралық қаржылық есептілік стандарттарына және Қазақстан Республикасының бухгалтерлік есеп пен қаржылық есептілік туралы заңнамасының талаптарына сәйкес негізгі құралдар құрамында ескерілген айдың 1-інен басталады және (немесе) бірінші актив халықаралық қаржылық есептілік стандарттарына және (немесе) Қазақстан Республикасының бухгалтерлік есеп пен қаржылық есептілік туралы заңнамасының талаптарына сәйкес негізгі құралдардың құрамында ескерілген жылдан кейінгі жылдың 1 қаңтарынан бастап есептелетін қатарынан сегіз жылдан кешіктірілмей аяқталады.
5. Инвестициялар туралы келісім жасасқан тұлға осы Кодекстің корпоративтік табыс салығын азайтуды, мүлік салығы мен жер салығын есептеу кезінде төмендетілген мөлшерлемелер мен коэффициенттерді қолдануды көздейтін басқа ережелерін қолдануға құқылы емес.
6. Инвестициялар туралы келісім жасасқан тұлға инвестициялар туралы келісімде айқындалған инвестициялық жоба шеңберіндегі қызмет түрлері және басқа да объектілер бойынша салық салу объектілерінің және (немесе) салық салуға байланысты объектілердің бөлек салықтық есебін жүргізеді.
712-3-бап. Салық төлеушінің нақты шығындары сомасынан салықтық міндеттемелерді азайту тәртібі
1. Инвестициялар туралы келісім жасасқан тұлғаның салықтық міндеттемелерін инвестициялық жоба бойынша нақты шығыстардың сомасына азайту, егер инвестициялар туралы келісімде осындай азайту көзделсе, жүргізіледі.
Инвестициялар туралы келісім инвестициялық жоба шеңберінде республикалық бюджет туралы заңда белгіленген және осындай келісім жасалған қаржы жылының басында қолданыста болған айлық есептік көрсеткіштің он бес миллион еселенген мөлшерінен кем емес сомада инвестицияларды жүзеге асыру кезінде ғана салықтық міндеттемелерді осындай азайтуды көздеуі мүмкін.
Инвестициялар туралы келісім жасасқан тұлғалар арнайы экономикалық аймақ аумағында қызметін жүзеге асырған кезде оларға осы тармақтың ережелері қолданылмайды.
2. Мемлекеттік уәкілетті орган салық төлеушімен инвестициялар туралы келісім жасасқан кезде корпоративтік табыс салығы, жер салығы және мүлік салығы бойынша преференциялардың және көрсетілген салықтар бойынша салықтық міндеттемелерді азайтудың қолданылуы салық төлеушінің жүзеге асырылған инвестициялар шегіндегі нақты шығыстарының сомасынан аспайтынын ескере отырып, салықтар бойынша преференциялардың есеп-қисабын жүргізеді.
3. Салық төлеушінің корпоративтік табыс салығы, жер салығы және мүлік салығы бойынша салықтық міндеттемелерін инвестициялық жоба бойынша нақты шығыстар сомасына азайту көрсетілген салықтар бойынша преференциялар қолданылған он жыл өткеннен кейін инвестициялар туралы келісімнің жиырма бес жылдан аспайтын қолданылу мерзімі шегінде қолданылады. Салық төлеушінің салықтық міндеттемелерін азайту инвестициялық жобаны іске асыру кезеңінде жүзеге асырылған нақты шығыстардың жиырма пайызынан аспайтын мөлшерде жүргізіледі.
Осы тармақтың бірінші бөлігінде көрсетілген мерзім осы Кодекстің 712-2-бабының ережелері ескеріле отырып қолданылады.»;
284) 713-бапта:
бірінші абзац мынадай редакцияда жазылсын:
«Шикі мұнай мен шикі мұнай өнімдерін экспортқа өткізетін жеке және заңды тұлғалар экспортқа рента салығын төлеушілер болып табылады, бұған:»;
1) тармақшаның бірінші бөлігінде:
бірінші абзац алып тасталсын;
екінші абзацтағы «мыналарды:» деген сөз «осы Кодекстің 722-бабының 1-тармағында көрсетілген келісімшарттар шеңберінде жер қойнауын пайдаланушылар;» деген сөздермен ауыстырылып, үшінші абзац мынадай редакцияда жазылсын:
«жер қойнауын пайдалануға балама салық төлеушілер болып табылатын, Каспий теңізінің қазақстандық секторында толық орналасқан кен орнында (кен орындарында) және (немесе) тау-кендік бөлуде немесе тау-кендік бөлу болмаған кезде көмірсутектерді өндіруге немесе барлауға және өндіруге арналған келісімшартта көрсетілген көмірсутектер кен жатындары жоғарғы нүктесінің тереңдігі 4500 метрден жоғары емес және тау-кендік бөлуде немесе тау-кендік бөлу болмаған кезде көмірсутектерді өндіруге немесе барлауға және өндіруге арналған келісімшартта көрсетілген көмірсутектер кен жатындары төменгі нүктесінің тереңдігі 5000 метр және одан төмен кен орындарында көмірсутектерді өндіруге немесе барлауға және өндіруге арналған келісімшарттар шеңберінде жер қойнауын пайдаланушылар өндірген шикі мұнай мен газ конденсаты экспортының көлемдері кірмейді.»;
2) тармақша алып тасталсын;
285) 714-бапта:
бірінші бөліктің бірінші абзацындағы «, көмірдің» деген сөз алып тасталсын;
екінші бөліктің екінші абзацы «одақтың аумағы» деген сөздер «одақтың кедендік аумағы» деген сөздермен ауыстырылсын;
286) 715-баптың 1-тармағының үшінші бөлігі алып тасталсын;
287) 716-баптың екінші бөлігі алып тасталсын;
288) 720-баптың 5-тармағындағы «Қазақстан Республикасының құрлықтық қайраңында және» деген сөздер «Каспий теңізінің қазақстандық секторында толық орналасқан кен орнында (кен орындарында) және (немесе)» деген сөздермен ауыстырылсын;
289) 723-баптың 1-тармағындағы «шеңберіндегі кен орындарының осындай тобы» деген сөздер «шеңберіндегі кен орындарының осындай тобы, кен орнының бір бөлігі» деген сөздермен ауыстырылсын;
290) 82-тарау мынадай мазмұндағы 723-1-баппен толықтырылсын:
«723-1-бап. Жер қойнауын пайдалану құқығын жер қойнауын пайдаланудың лицензиялық режиміне қайта ресімдеу кезіндегі салықтық есепке алу ерекшеліктері
1. Қазақстан Республикасының жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы заңнамасына сәйкес жер қойнауын пайдалану құқығы жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшарттан жер қойнауын пайдаланудың лицензиялық режиміне қайта ресімделген жағдайда, жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшартты қайта ресімдеу жүргізілген салықтық кезеңде бөлек салықтық есепке алуды жүргізу мақсатында жер қойнауын пайдалануға қайта ресімделген келісімшарт және оның орнына алынған жер қойнауын пайдалануға арналған лицензия жиынтық түрде жер қойнауын пайдалануға арналған біртұтас келісімшарт ретінде қаралады, ал жер қойнауын пайдаланушының жер қойнауын пайдалануға қайта ресімделген келісімшарт бойынша және аталған жер қойнауын пайдаланушының жер қойнауын пайдалануға алынған лицензия шеңберіндегі қызметі бірыңғай бөлек салықтық есепке алу жүргізілетін біртұтас келісімшарттық қызмет ретінде қаралады.
Егер жер қойнауын пайдалану құқығын қайта ресімдеу кезінде жер қойнауын пайдаланушыға жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшарттың орнына жер қойнауын пайдалануға екі және одан көп лицензия берілсе, жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшартты қайта ресімдеу жүргізілген салықтық кезең үшін жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшарт деп жер қойнауын пайдалануға қайта ресімделген келісімшарттың осы баптың 2 - 7-тармақтарына сәйкес лицензияға қайта бөлінген салық салу объектілеріне және (немесе) салық салуға байланысты объектілерге сәйкес келетін бір бөлігі мен көрсетілген жер қойнауын пайдалануға арналған лицензия жиынтық түрде түсініледі. Тиісінше, жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшартты қайта ресімдеу жүргізілген салықтық кезеңде жер қойнауын пайдаланушының жер қойнауын пайдалануға алынған әрбір лицензия шеңберіндегі қызметі және жер қойнауын пайдалануға қайта ресімделген келісімшарт бойынша аталған жер қойнауын пайдаланушы қызметінің соған сәйкес келетін бір бөлігі жиынтық түрде бөлек салықтық есепке алу жүргізілетін жеке біртұтас келісімшарттық қызмет ретінде қаралады.
2. Қазақстан Республикасының жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы заңнамасына сәйкес жер қойнауын пайдалану құқығын жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшарттан жер қойнауын пайдаланудың лицензиялық режиміне қайта ресімдеген кезде қайта ресімделген келісімшарт бойынша салық салу объектілері және (немесе) салық салуға байланысты объектілер жер қойнауын пайдалану құқығын көрсетілген қайта ресімдеу жүргізілген салықтық кезеңнің басынан бастап қайта ресімделген келісімшарттың орнына алынған лицензия бойынша салық салу объектілері және (немесе) салық салуға байланысты объектілер деп танылады.
Егер жер қойнауын пайдалану құқығын қайта ресімдеу кезінде жер қойнауын пайдаланушыға жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшарттың орнына жер қойнауын пайдалануға екі және одан көп лицензия берілсе, жер қойнауын пайдалануға қайта ресімделетін келісімшарт бойынша салықтық есепке алуда ескерілетін салық салу объектілері және (немесе) салық салуға байланысты объектілер жер қойнауын пайдалану құқығын көрсетілген қайта ресімдеу жүргізілген салықтық кезеңнің басынан бастап осы баптың 3-тармағына сәйкес алынған лицензияларға қайта бөлуге жатады және бұдан әрі жер қойнауын пайдалануға арналған әрбір лицензия шеңберіндегі қызмет бойынша тиісінше бөлек салықтық есепке алуды жүргізу кезінде ескеріледі.
3. Жер қойнауын пайдаланушының тиісті салықтық кезеңнің басынан бастап жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшартты лицензиялық режимге қайта ресімдеу күніне дейінгі жалпы және жанама кірістері мен шығыстарын бөлу осы Кодекстің 723-бабының 8, 9, 10 және 11-тармақтарына сәйкес жүзеге асырылады.
Бұл ретте салық төлеуші жер қойнауын пайдалану құқығын қайта ресімдеу жүргізілген жылдан кейінгі жылдың 31 наурызынан кешіктірмей салық органын осы Кодекстің 723-бабының 11-тармағына сәйкес бөлудің қайта қарауға және өзгертуге жатпайтын таңдап алынған әдістері туралы хабардар етеді.
Осы баптың 7-тармағының бірінші бөлігінде көрсетілген мерзімдерде мұндай хабарлама болмаған жағдайда, бөлу мақсатында осы Кодекстің 723-бабының 11-тармағы бірінші бөлігінің 1) тармақшасында көрсетілген әдіс қолданылады.
4. Жер қойнауын пайдалануға қайта ресімделетін келісімшарт бойынша түзілген, амортизацияланатын активтердің кіші тобының (I тобының), тобының, сондай-ақ осы Кодекстің 258-бабында көрсетілген амортизацияланатын активтердің жекелеген тобының құндық балансын бөлу жер қойнауын пайдалану құқығын қайта ресімдеу жүргізілген жылдың 1 қаңтарындағы жағдай бойынша жүзеге асырылады. Бұл ретте, амортизацияланатын активтердің кіші тобының (I тобының), тобының көрсетілген құндық балансына енгізілген амортизацияланатын активтер осы Кодекстің 723-бабының 8 және 11-тармақтарына сәйкес тікелей, жанама және жалпы болып сыныпталуға тиіс.
5. Жер қойнауын пайдалану құқығын қайта ресімдеу жүргізілген жылдың 1 қаңтарындағы жағдай бойынша жинақталған тарату қорының қаражаты осы Кодекстің 723-бабының 11-тармағына сәйкес лицензияларға бөлуге жатады және осындай жер қойнауын пайдалану құқығын қайта ресімдеу жүргізілген жылы осындай лицензиялардың жылдық жиынтық кірісіне енгізіледі.
6. Жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшартты жер қойнауын пайдаланудың лицензиялық режиміне қайта ресімдеу жүргізілген салықтық кезеңнің басында жер қойнауын пайдалануға қайта ресімделетін келісімшарт шеңберінде алдыңғы салықтық кезеңдерден жинақталған залалдар болған жағдайда, көрсетілген залалдар мынадай тәртіппен есепке алынады:
жер қойнауын пайдаланушы жер қойнауын пайдалануға бір лицензия алған жағдайда - жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшартты қайта ресімдеу жүргізілген салықтық кезеңде есепке алынады және олар толық пайдаланылмаған жағдайда осы Кодекстің 300-бабына сәйкес айқындалатын мерзім шегінде көрсетілген лицензия шеңберіндегі қызметтен алынған салық салынатын кіріс есебінен өтеу үшін ауыстырылады;
жер қойнауын пайдалануға екі және одан көп лицензия алынған жағдайда - осы Кодекстің 723-бабы 11-тармағының ережелері және жер қойнауын пайдаланушының алынған лицензияларға салықтық есепке алу саясаты ескеріле отырып, жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшартты қайта ресімдеу жүргізілген жылдың 1 қаңтарындағы жағдай бойынша бөлінеді, көрсетілген салықтық кезеңде әрбір лицензия бойынша тиісті бөлігінде есепке алынады және осы Кодекстің 300-бабына сәйкес айқындалатын мерзім шегінде тиісті лицензия шеңберіндегі қызметтен алынған салық салынатын кіріс есебінен одан әрі өтеу үшін ауыстырылады.
7. Осы баптың 4-тармағында көрсетілген кіші топтардың (І топтың), топтардың жалпы және жанама құндық баланстарын, осы баптың 5-тармағында көрсетілген тарату қорында жинақталған қаражатты, сондай-ақ осы баптың 6-тармағында көрсетілген залалдарды бөлу жер қойнауын пайдаланушы осы Кодекстің 723-бабы 11-тармағының 1) - 5) тармақшаларында көзделген әдістерден дербес таңдаған сол бір бөлу әдісі бойынша жүзеге асырылады, бұл туралы салық төлеуші жер қойнауын пайдалану құқығын қайта ресімдеу жүргізілген жылдан кейінгі жылдың 31 наурызынан кешіктірмей салық органын хабардар етеді және ол қайта қарауға және өзгертуге жатпайды.
Осы тармақтың бірінші бөлігінде көрсетілген мерзімдерде мұндай хабарлама болмаған жағдайда, бөлу мақсатында осы Кодекстің 723-бабының 11-тармағы бірінші бөлігінің 1) тармақшасында көрсетілген әдіс қолданылады.»;
291) 727-бап мынадай редакцияда жазылсын:
«727-бап. Аукцион нәтижелері бойынша берілетін лицензияларды қоспағанда, жер қойнауын пайдалануға арналған лицензиялар бойынша қол қою бонусын есептеу ерекшеліктері
Аукцион нәтижелері бойынша берілетін лицензияны қоспағанда, жер қойнауын пайдалануға арналған лицензия бойынша қол қою бонусының сомасы республикалық бюджет туралы заңда белгіленген және қол қою бонусын төлейтін күнге қолданыста болатын айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде көрсетілген мөлшерлеме негізге алына отырып есептеледі:
Р/с № | Атауы | Мөлшерлеме АЕК-пен |
1 | 2 | 3 |
1. | Барлауға арналған лицензия | 100 |
2. | Өндіруге арналған лицензия | 200 |
3. | Кен іздеушілікке арналған лицензия: | |
3.1. | берілген аумақтың алаңы 17 000 м2-ге дейін болған кезде | 9 |
3.2. | берілген аумақтың алаңы 17 000 м2-ден 33 000 м2-ге дейін болған кезде | 12 |
3.3. | берілген аумақтың алаңы 33 000 м2-ден 50 000 м2-ге дейін болған кезде | 15 |
4. | Геологиялық зерделеуге арналған лицензия | 50 |
5. | Жер қойнауы кеңістігін пайдалануға арналған лицензия | 400 |
»;