Ақша төлемi мен аударымы туралы
Қазақстан Республикасының 1998 жылғы 29 маусымдағы № 237-I Заңы
(2014.07.11. берілген өзгерістер мен толықтыруларымен)
Осы редакция 2015 жылғы 29 қазанда енгізілген өзгерістеріне дейін қолданылды
Осы Заңға өзгерістер енгізу туралы:
ҚР 2015 жылғы 16 қарашадағы № 406-V Заңын қараңыз (2017 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі)
Түпнұсқада мазмұны жоқ
1-тарау. Жалпы ережелер
2014.10.06. № 206-V ҚР Заңымен 1-бап жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
1-бап. Осы Заңмен реттелетiн қатынастар
1. Осы Заң, пошталық ақша аударымдарын жүзеге асыруға байланысты қатынастарды қоспағанда, Қазақстан Республикасындағы ақша төлемдерi мен аударымдарын жүзеге асыру кезiнде туындайтын қатынастарды реттейдi.
2. Қазақстан Республикасы банктерiнiң, банк операцияларының жекелеген түрлерiн жүзеге асыратын ұйымдардың және шетел банктерiнiң (қаржы институттарының) арасында жүзеге асырылатын халықаралық ақша төлемдерi мен аударымдарына байланысты қатынастар Қазақстан Республикасының қылмыстық жолмен алынған кiрiстердi заңдастыруға (жылыстатуға) және терроризмдi қаржыландыруға қарсы іс-қимыл туралы заңнамасында белгіленген талаптар ескеріле отырып, олардың арасындағы шарттармен және банк практикасында қолданылатын iскерлiк айналым дәстүрлерiмен реттеледi. Егер халықаралық ақша төлемдері мен аударымдары бойынша әрекеттерге Қазақстан Республикасының аумағында бастамашылық жасалса, онда мұндай қатынастар осы Заңмен және Қазақстан Республикасының заңнамасына қайшы келмейтiн бөлiгiнде аталған шарттармен және банк практикасында қолданылатын iскерлiк айналым дәстүрлерімен реттеледi.
2-бап. Осы Заңмен реттелетiн қатынастардың туындау негiздерi
Осы Заңмен реттелетiн қатынастар:
азаматтық-құқықтық мәмiлелер бойынша төлем жасау шарттарына сәйкес ақша төлемi мен (немесе) аударымын;
банктiң немесе банк операцияларының жекелеген түрлерiн жүзеге асыратын ұйымның (бұдан әрi - банктер) клиентiнiң тапсырмасы бойынша, мұндай тапсырмалар азаматтық-құқықтық мәмiлелер бойынша төлем шарттарын орындаумен байланысты болмаса, ақша аударымын;
Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жүргiзiлетiн мiндеттi ақша төлемiн және (немесе) аударымын жүзеге асырған кезде туындайды.
ҚР 09.07.03 ж. № 482-II Заңымен 3-бап толықтырылды; 2009.11.07. № 185-IV ҚР Заңымен 3-бап жаңа редакцияда (ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік отыз күн өткен соң қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара); 2011.21.07. № 466-ІV ҚР Заңымен (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік отыз күн өткен соң қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара) 3-бап өзгертілді
3-бап. Осы Заңда пайдаланылатын негізгі ұғымдар
Осы Заңда мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:
1) ақша аударымы - алушы банктердің төлемді жүзеге асыруға немесе өзге мақсаттарға байланысты жөнелтушілердің ақша беру туралы нұсқауларын дәйектілікпен орындауы;
2) ақша аударымының бастамашысы (бұдан әрі - бастамашы) - ақша аудару туралы нұсқауды орындауға алғаш ұсынған тұлға;
3) ақша жөнелтуші - ақша төлемі және (немесе) аударымы соның есебінен жүзеге асырылатын тұлға;
4) ақша төлеміне және (немесе) аударымына қатысушылар - ақша төлемі және (немесе) аударымы жөнінде құқықтары және (немесе) міндеттері бар жеке және заңды тұлғалар, заңды тұлғалардың филиалдары мен өкілдіктері;
5) алушы банк - ақша аудару не ақша төлеу туралы нұсқау жіберілетін банк;
6) банк шотын тікелей дебеттеу - ақша жөнелтушіден ақшаны алып қою және ақша жөнелтушінің осы алып қою туралы белгілі бір уақыт кезеңі ішінде және (немесе) белгілі бір ақша сомасының шегінде қолданылатын алдын ала рұқсатының негізінде оны бенефициардың пайдасына беру жүргізілетін төлемді жүзеге асыру тәсілі;
7) бенефициар - ақша аударған кезде, сондай-ақ ақша аудармай-ақ жүзеге асырылатын қолма-қол ақшасыз төлем жасаған кезде тапсырмада не талапта ақша алушы ретінде көрсетілген тұлға;
8) бенефициар банкі - жөнелтушімен жасалған шарттың талаптарына және (немесе) жөнелтушінің нұсқауына сәйкес бенефициардың пайдасына түсетін ақшаны қабылдауға және (немесе) нұсқауда не жөнелтушімен жасалған шартта көзделген өзге де іс-қимылдарды орындауға тиісті банк;
9) делдал банк - ақша жөнелтушінің банкі және бенефициар банкі болып табылмайтын ақша аударымына кез келген қатысушы банк;
10) жөнелтуші - ақша төлеміне және (немесе) аударымына байланысты нұсқауды жөнелтетін, сонымен бірге ақша жөнелтуші, бастамашы немесе бенефициар болуы мүмкін тұлға;
11) инкассалық өкім - ақша жөнелтушінің банк шотынан оның келісімінсіз ақшаны алып қою үшін пайдаланылатын төлемді жүзеге асыру тәсілі;
12) клиринг - клирингтік ұйым жүзеге асыратын, клирингке қатысушылардың қарсы талаптарын жинау, салыстыру, сұрыптау мен есепке жатқызу және кейіннен олардың таза позицияларын (сальдо) айқындау процесі, сондай-ақ банктің өз клиенттері арасындағы қарсы талаптар бойынша көрсетілген іс-қимылдарды орындауы;
13) микропроцессорлық төлем карточкасы - тауарларға (жұмыстарға, көрсетілетін қызметтерге) қолма-қол ақшасыз ақы төлеу, қолма-қол ақша алу, валюта айырбастауды және төлем карточкасының эмитенті айқындаған және оның шарттарымен басқа да операцияларды жүзеге асыру үшін пайдаланылатын, сондай-ақ карточканы ұстаушыға қажетті ақпараты бар интегралдық микросхемалы төлем карточкасы;
14) нұсқау - жөнелтушінің алушы банкке ақша аудару не төлеу туралы шартқа немесе заңға орай берілетін бұйрығы. Нұсқаулар тапсырма нысанында не талап нысанында жасалады;
15) операция күні - банк ақша аудару туралы нұсқауларды және клиенттерден түскен осындай нұсқауларды тоқтата тұру не кері қайтару туралы өкімдерді қабылдауды және олардың пайдасына ақша аударуды жүзеге асыруға байланысты хабарларды беруді жүзеге асыратын уақыт кезеңі;
16) өндіріп алушы - шартқа немесе заңға орай алушы банктің ақша жөнелтушінің келісімінсіз-ақ орындауына жататын ақша өндіріп алу туралы талап қоюшы тұлға;
17) төлем - ақша міндеттемесін қолма-қол ақшаны пайдалана отырып немесе оны пайдаланбай, ақша аудару немесе ішінде ақша міндеттемесі не ақша төлеу туралы бұйрығы бар төлем құжатын беру не электрондық ақша беру;
18) төлем карточкаларының ұлттық банкаралық жүйесі - төлем карточкалары бойынша банкаралық операцияларға қызмет көрсету жүйесі, оны басқаруды жүйеге қатысушы банктер арнайы құрған, Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерінде айқындалатын жалпыұлттық міндеттерді іске асыру үшін микропроцессорлық карточкалар технологияларын қолдана отырып, электрондық тәсілмен қажетті ақпаратты сақтауды, өңдеуді және беруді қамтамасыз етуге де қабілетті ұйым жүзеге асырады;
19) төлем карточкасы - электронды терминалдар немесе өзге құрылғылар арқылы ақшаға қол жеткізу құралы, онда мұндай карточканы ұстаушыға төлемдерді жүзеге асыруға, қолма-қол ақша алуға, валюта айырбастауға және төлем карточкасының эмитенті айқындаған және оның шарттарымен басқа да операцияларды жүргізуге мүмкіндік беретін ақпарат болады;
20) төлем тапсырмасы - нұсқауда айқындалған ақша сомасын бенефициардың пайдасына аудару туралы нұсқауды жөнелтушінің алушы банкке ұсынуын көздейтін ақша төлемін және (немесе) аударымын жүзеге асыру тәсілі;
21) төлемдік талап-тапсырма - төлемді жүзеге асыру тәсілі, бұл ретте ақша жөнелтушінің банкіне ақша жөнелтушіге аталған талапты растайтын құжаттар негізінде және олар қоса беріле отырып, мұндай талапта көрсетілген сомада ақша төлеу туралы жөнелтушінің талабы қойылады;
22) төлем құжаты - ақша төлемі мен аударымын жасауға негіз болатын немесе көмектесетін құжат;
23) чек - чек беруші мен алушы банк арасындағы шартқа негізделген, ішінде чек берушінің алушы банкке осы бұйрықта көрсетілген ақша сомасын чек ұстаушыға төлеуі туралы жазбаша бұйрығы бар төлем құжаты;
24) чек беруші - чек жазып берген адам;
25) чек ұстаушы - пайдасына чек жазылған адам, оның ішінде, егер чек беруші чекті өз атына жазса, ол да чек ұстаушы болады.
4-бап. Қазақстан Республикасының ақша төлемi мен аударымы туралы заңдары
Қазақстан Республикасының ақша төлемi мен аударымы туралы заңдары Қазақстан Республикасының Конституциясына негiзделедi және осы Заңнан, Қазақстан Республикасының өзге де нормативтiк құқықтық актілерінен тұрады.
5-бап. Ақша
1. Ақша төлем мен қор жинау құралы болып табылады және құн өлшемi ретiнде қызмет етедi.
2. Ақша ақша белгiлерi (қолма-қол ақша) нысанында не банктер клиенттерiнiң банк шоттары бойынша жазба түріндегі банктердiң ақшалай мiндеттемелерi нысанында болады.
3. Ақша белгiлерi атаулы құны (номиналы) бар банкнот және тиындар түрiнде шығарылады.
ҚР 29.03.00 ж. № 42-II Заңымен 6-бап жаңа редакцияда; ҚР 09.07.03 ж. № 482-II (бұр. ред. қара); 2005.08.07. № 69-III (бұр. ред. қара); 2009.11.07. № 185-IV (ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік отыз күн өткен соң қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара) ҚР Заңдарымен 6-бап өзгертілді
6-бап. Банк шоттары
1. Банк шоты - банк пен клиент арасында ақша қабылдау және (немесе) клиентке банктiк қызмет көрсету жөніндегі шарттық қатынастарды көрсету тәсiлi.
Банк шоттары банк пен клиент арасында банк шотының шарты және (немесе) банктiк салым шарты жасалған кезде ашылады.
2008.10.12. № 101-IV ҚР Заңымен 1-1-тармақпен толықтырылды (2009 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді)
1-1. Банкке:
2012.05.07. № 30-V ҚР Заңымен 1) тармақша жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
1) клиентіне «Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» Қазақстан Республикасы Кодексінің (Салық кодексі) (бұдан әрі - Салық кодексі) 581-бабының 13) тармақшасында көзделген негіздер бойынша және жағдайларда жаңа банк шотын ашуға;
2014.10.06. № 206-V ҚР Заңымен 2) тармақша өзгертілді (бұр.ред.қара)
2) әрекетсіз салық төлеушілерге банк шотын ашуға;
2014.10.06. № 206-V ҚР Заңымен 3) тармақшамен толықтырылды
3) анонимдік банк шоттарын немесе ойдан шығарылған аттарға банк шоттарын ашуға тыйым салынады.
2. Банк шоттары жеке және заңды тұлғалардың, заңды тұлғалардың оқшауланған бөлiмшелерiнiң ағымдағы және жинақ шоттары, сондай-ақ банктердiң корреспонденттiк шоттары болып бөлiнедi.
2-1. Ағымдағы шот - банк шотының шарты негiзiнде банктiң клиентке ашатын банк шоты, ол бойынша:
1) клиент ақшасының болуын қамтамасыз етуге және банктiң оны пайдалануына;
2) клиенттiң пайдасына ақша қабылдауға (есептеуге);
3) банк шотының шартында көзделген тәртiппен үшiншi тұлғалардың пайдасына ақша аудару туралы клиенттiң өкімін орындауға;
2012.05.07. № 30-V ҚР Заңымен 4) тармақша жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
4) клиентке ақшаны (салымды) банк салымы шартында және Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген талаптармен, оның iшiнде оны клиенттiң басқа банк шотына аудару жолымен қайтаруға;
5) банк шотының шартында белгiленген тәртiппен клиенттен қолма-қол ақша қабылдауды және оған берудi жүзеге асыруға;
5) Қазақстан Республикасының заңдарында және (немесе) шартта көзделген негіздер бойынша үшінші тұлғалардың клиенттің ақшасын алып қою туралы өкімін орындауға байланысты операцияларды орындау үшiн банктiң клиентке ашатын банк шоты.
6) банк шотының шартында айқындалған мөлшерде және тәртiппен сыйақы төлеуге;
7) клиенттiң талап етуi бойынша банк шотының шартында көзделген тәртiппен клиенттiң банктегi ақшасының сомасы және жасалған операциялар туралы ақпарат беруге;
8) клиентке шартта, Қазақстан Республикасының заңдарында және банк тәжiрибесiнде қолданылатын iскерлiк айналым дағдыларында көзделген өзге де банктiк қызмет көрсетудi жүзеге асыруға байланысты операциялар орындалады.
Жинақ шоты - банк салымының шарты негiзiнде:
1) клиентке тиесiлi ақшаның (салымның) болуын қамтамасыз етуге және банктiң оны пайдалануына;
2) клиенттен немесе үшiншi тұлғалардан ақшаны қолма-қол да, қолма-қол емес те тәсiлмен қабылдауды жүзеге асыруға;
3) банк салымының шартында айқындалған мөлшерде және тәртiппен сыйақы төлеуге;
4) клиентке ақшаны (салымды) банк салымы шартында және Қазақстан Республикасының заң актілерінде көзделген жағдайларда, оның iшiнде оны клиенттiң басқа банк шотына аудару арқылы қайтаруға байланысты операцияларды орындау үшiн банктiң клиентке ашатын банк шоты.
Корреспонденттiк шот - корреспонденттiк шот шарты бойынша банкке басқа банктен ашылған, банктiң және оның клиенттерiнiң банк операциялары жүзеге асырылатын банктiк шот.
3. Осы баптың 2-1-тармағында аталған операцияларды жүргiзуге болмайтын шоттар, сондай-ақ банктердегi бухгалтерлiк есептiң позицияларын көрсететiн шоттар, баланстық шоттардың құрамдас бөлiктерi болып табылатын жеке шоттар (қосалқы позициялар), соның iшiнде несие шоттары банк шоттары болып табылмайды.
4. Клиенттердiң банктегi ақшасынан өндiрiп алынатын жағдайда, мұндай өндiрiп алу клиенттердiң банк шоттарынан ғана жүргiзiледi.
Банктердiң корреспонденттiк шоттарындағы ақшаны өндiрiп алу банктердiң өз мiндеттемелерi бойынша ғана жүргiзiледi.
Клиент пен оған қызмет көрсететiн банктiң арасында қолма-қол жасалмайтын төлемдердi жүзеге асыру ережесін бекіту туралы ҚР Ұлттық банкі басқармасы 25.11.00 ж. № 433 Қаулысын қараңыз
ҚР 09.07.03 ж. № 482-II Заңымен (бұрынғы ред. қара); 2011.21.07. № 466-ІV ҚР Заңымен (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік отыз күн өткен соң қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара) 7-бап өзгертілді
7-бап. Ақша төлемi мен аударымын жүзеге асыру тәсiлдерi
1. Қазақстан Республикасының аумағында ақша төлемi мен аударымын жүзеге асырудың мынадай тәсiлдерi қолданылады:
1) қолма-қол ақшаны табыстау;
2) төлем тапсырмаларын көрсету;
3) чектер беру;
4) вексельдер беру немесе оларды индоссамент бойынша табыстау;
5) төлем карточкаларын (оның iшiнде микропроцессорлық төлем карточкаларын) пайдалану;
5-1) электрондық ақшаны беру;
6) банк шотын тiкелей дебеттеу;
7) төлемдiк талап-тапсырмаларды көрсету;
8) инкассалық өкiмдердi көрсету;
9) Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген өзге де тәсiлдер.
2. Ақша төлемi мен (немесе) аударымын жүзеге асыру тәсiлдерiн қолдану ережелерi мен ерекшелiктерi және нұсқаулардың мазмұнына қойылатын негiзгi талаптар заң актілерінде және Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің нормативтiк құқықтық актілерінде белгiленедi.
8-бап. Төлем тапсырмасы
Жөнелтушi мен алушы банктiң арасындағы төлем тапсырмасын пайдалануға байланысты құқықтар мен мiндеттер олардың арасындағы шартта белгiленедi, ал олардың iс жүзiнде iске асырылуы алушы банкке төлем тапсырмасын көрсеткен кезден бастап туындайды. Алушы банк осындай нұсқауды алғаннан кейiн оны акцептеуге не оны акцептеуден дәлелдi түрде бас тартуға тиiс. Алушы банк төлем тапсырмасын акцептеген жағдайда жөнелтушiнiң акцептелген төлем тапсырмасының орындалуы жөнiнде талап ету құқығы туындайды.
9-бап. Чек
1. Чек беру - төлемдi жүзеге асыру тәсiлi, бұл орайда төлем чек берушiнiң чек ұстаушыға аттас төлем құжатын беруi арқылы жасалады.
2. Чек беру чек берушiнiң орындау үшiн осы чек жазып берiлген ақша мiндеттемесiнiң орындалуы болып табылмайды. Аталған мiндеттеме чек бойынша ақша алынған кезде орындалады.
3. Чектер жабылған және жабылмаған чектер болып бөлiнедi. Чек берушi банкке алдын ала енгiзген депозитпен қамтамасыз етiлген чектер жабылған чектер болып табылады. Депозитпен алдын ала қамтамасыз етiлмеген чектер жабылмаған чектер болып табылады. Чектерде олардың төлемi жөнiнде, оның iшiнде жабылмаған чектер бойынша банктiң кепiлдемесi болуы мүмкiн.
4. Чектi пайдалануға байланысты чек берушi мен банктiң құқықтары мен мiндеттерi чек берушi мен банктiң арасындағы чектердi пайдалану туралы шарт негiзiнде туындайды. Чек ұстаушының құқықтары чек берушiден алған кезден бастап туындайды.
Аталған құқықтар мен мiндеттер чек берушi чектi берген кезден бастап iске асырылады.
Чек ұстаушыда чекте көрсетiлген сомадағы ақшаны чек берушiнiң банкiнен талап ету құқығы пайда болады. Чек ұстаушы ұсынған чектi чек берушiнiң банкi төлейдi не оны Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің нормативтiк құқықтық актілерінде көзделген мерзiмде және осы Заңның 18-бабында белгiленген негiздер бойынша төлеуден дәлелдi түрде бас тартады.
10-бап. Вексель
Вексельдердi төлем тәсiлi ретiнде қолдану Қазақстан Республикасының вексель айналысы туралы заңдарымен реттеледi.
ҚР 29.03.00 ж. № 42-II Заңымен; ҚР 09.07.03 ж. № 482-II Заңымен (бұр. ред. қара) 11-бап өзгертілді; 2012.21.06. № 19-V ҚР Заңымен 11-бап жаңа редакцияда (күшіне енетін мерзімін қара) (бұр. ред. қара)
11-бап. Төлем карточкасы
1. Төлем карточкасын оның ұстаушысы төлемдi жүзеге асыру мақсатында, сондай-ақ оның эмитентi айқындаған шарттарда қолма-қол ақшаны алу, валюта айырбастау және басқа операциялар үшiн қолданады.
2. Төлем карточкасының эмитентi болып табылатын банкпен немесе сондай эмитентпен шарт жасасқан банкпен не эмитентпен шартсыз төлем карточкаларына қызмет көрсететiн банкпен тиiстi келiсiм жасасқан дара кәсіпкерлермен немесе заңды тұлғалармен операциялар кезінде төлем карточкасы пайдаланылуы мүмкiн.
3. 2012.21.06. № 19-V ҚР Заңымен 2014 ж. 1 шілдеден бастап күші жойылды (бұр.ред.қара)
2014.10.06. № 206-V ҚР Заңымен 4-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара);
4. Егер осы тармақта өзгеше белгінбесе, ортақ пайдаланылатын телекоммуникациялар желiсi жоқ жердегiлерді қоспағанда, жекелеген қызмет түрлерін жүзеге асыратын және Қазақстан Республикасының салық заңнамасына сәйкес бюджетпен есеп айырысудың жалпыға бірдей белгіленген тәртібін қолданатын дара кәсіпкерлер және (немесе) заңды тұлғалар өз қызметiн жүзеге асыратын жерлерде төлем карточкаларын пайдалана отырып төлемдердi қабылдауға арналған жабдық (құрылғы) орнатуды және қолдануды қамтамасыз етуге, сондай-ақ төлем карточкаларын пайдалана отырып төлемдердi қабылдауға мiндеттi. Жекелеген қызмет түрлерінің және төлем карточкаларын пайдалана отырып төлемдердi қабылдауға арналған жабдық (құрылғы) қолдану тізбесін Қазақстан Республикасының Үкіметі бекітеді.
Бұл ретте ортақ пайдаланылатын телекоммуникациялар желiсi жоқ жердегiлерді қоспағанда, Қазақстан Республикасының салық заңнамасына сәйкес арнаулы салық режимiн қолданатын және қызметін Астана, Алматы қалаларында, облыстық маңызы бар қалаларда жүзеге асыратын дара кәсіпкерлер және (немесе) заңды тұлғалар осындай жабдықты (құрылғыны) 2016 жылғы 1 қаңтардан бастап орнатуды және қолдануды қамтамасыз етуге міндетті.
Осы бапта белгіленген міндеттемелер мен ережелер сауда операциялары, жұмыстарды орындау, қызметтер көрсету кезінде қолма-қол ақшаны пайдаланбай ақшалай есеп айырысуды жүзеге асыратын дара кәсіпкерлерге және (немесе) заңды тұлғаларға қолданылмайды.
5-тармақ 2013 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді
5. Төлемге қатысушылардың төлем карточкаларын пайдалануға байланысты құқықтары мен міндеттері дара кәсіпкер немесе заңды тұлға ұсынылған төлем карточкасын пайдалана отырып, жүзеге асырылатын төлемді қабылдау туралы келiсiм берген кезден бастап туындайды.
Дара кәсіпкерде немесе заңды тұлғада төлем карточкаларына қызмет көрсету туралы дара кәсіпкермен немесе заңды тұлғамен келісім жасасқан банкке қатысты дара кәсіпкер немесе заңды тұлға қабылдаған төлем сомасында ақша талап ету құқығы туындайды. Көрсетілген банкте дара кәсіпкердің немесе заңды тұлғаның ақша талап етуін орындау міндеті туындайды.
ҚР 09.07.03 ж. № 482-II Заңымен 11-1-баппен толықтырылды
11-1-бап. Төлем карточкаларының Ұлттық банкаралық жүйесi
Төлем карточкаларының Ұлттық банкаралық жүйесiнiң жұмыс iстеуiне және төлем карточкаларының Ұлттық банкаралық жүйесiнiң арнайы ұйымының қызметiне қойылатын жалпы талаптар Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің нормативтiк құқықтық актілерімен белгiленедi.
ҚР 29.03.00 ж. № 42-II Заңымен 12-баптың 1-тармағы жаңа редакцияда
12-бап. Банк шотын тiкелей дебеттеу
1. Банк шотын тiкелей дебеттеу арқылы төлем жасау ақша жөнелтушi мен оның банкi арасында жасалған шарт негiзiнде жүзеге асырылады, осыған сәйкес ақша жөнелтушi жеткiзiлген тауар, орындалған жұмыс не көрсетiлген қызмет үшiн бенефициардың жоғарыда көрсетілген шартқа тиiстi құжаттарды қоса тiркеп, талап етуi негiзiнде өзiнiң банк шотынан ақша алуға келісім бередi.
2. Ақша жөнелтушiнiң және оның банкінің банк шоттарын тiкелей дебеттеу жағдайында төлемдi жүзеге асыру кезіндегі құқықтары мен мiндеттерi ақша жөнелтушi мен оның банкi арасында тиiстi шарт жасалған кезден бастап туындайды. Банкте аталған шартта көзделген ақша сомасы және (немесе) уақыт кезеңi шегiнде клиенттiң банк шотына қойылатын үшiншi жақтың талаптарын орындау мiндетi туындайды.
ҚР 29.03.00 ж. № 42-II Заңымен; 2009.11.07. № 185-IV ҚР Заңымен (ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік отыз күн өткен соң қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара) 13-бап өзгертілді
13-бап. Төлемдiк талап-тапсырма
2012.05.07. № 30-V ҚР Заңымен 1-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
1. Ақша жөнелтушінің банкі төлемдік талап-тапсырманы осы тармақтың екінші бөлігінде көзделген жағдайларды қоспағанда, ақша жөнелтушінің акцепті болғанда ғана орындауға тиіс.
Банктер ақша жөнелтушінің акцептін талап етпейтін төлемдік талап-тапсырманы жасалған банктік қарыз шартына, кредиттік желі ашу туралы келісімге немесе қарыз операциясының не кепілдік беру фактісін растайтын өзге де құжатқа сәйкес қарыз алушының қарыз бойынша мерзімі өткен берешегі болған жағдайда, берешекті қарыз алушыдан, кепілгерден өндіріп алу үшін қолданады және ақша жөнелтушінің өз банк шотынан ақшаны акцептсіз алып қоюға келісімі бар құжаттар қоса тіркеліп, ақшаны жөнелтуші банкке береді.
Ақша жөнелтушінің акцептін талап етпейтін талап-тапсырма негізінде ақшаны алып қоюдың негізділігі үшін өндіріп алушы жауаптылықта болады.
Төлемдік талап-тапсырмаларды беру, сондай-ақ ақшаны алып қоюдың негізділігін растайтын құжаттардың түпнұсқаларын не көшірмелерін қоса тіркеу қажеттігі туралы талап ету тәртібі Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің нормативтік құқықтық актілерінде белгіленеді.
2. Төлемдiк талап-тапсырмаларды пайдалана отырып төлем жасаған кездегi құқықтар мен мiндеттер ақша жөнелтушiнiң банкiне оны ұсынған кезден бастап туындайды. Ақша жөнелтушiнiң банкi төлемдiк талап-тапсырманы алған күннен кейiнгi жұмыс күнiнен кешiктiрмей, ақша жөнелтушi банкке ақша жөнелтушiнiң акцептiн талап етпейтiн төлемдiк талап-тапсырма қойылған жағдайларды қоспағанда алынған төлемдiк талап-тапсырманы ақша жөнелтушiге акцептеуi үшiн беруге тиiс. Ақшаны жөнелтушi төлемдiк талап-тапсырманы алғаннан кейiн оны акцептеуге не оны акцептеуден дәлелдi түрде бас тартуға тиiс. Төлемдiк талап-тапсырманы ақша жөнелтушi не ақша жөнелтушi банк акцепттеген жағдайда, егер талап-тапсырма ақша жөнелтушiнiң акцептiн талап етпесе, төлемдiк талап-тапсырманы жiберушiде оны орындау жөнiнде талап ету құқығы пайда болады.
29.03.00 ж. № 42-II; 09.07.03 ж. № 482-II (бұрынғы ред. қара); 13.12.04 ж. № 11-III (бұрынғы ред. қара); 2006.22.06. № 147-III (бұр. ред. қара); 2010.02.04. № 262-IV (жарияланғанынан кейін алты ай өткен соң қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара) ҚР Заңдарымен; 2013.21.06. № 106-V ҚР Заңымен (бұр.ред.қара); 2014.29.09. № 239-V ҚР Заңымен (бұр.ред.қара); 2014.07.11. № 248-V ҚР Заңымен (бұр.ред.қара) 14-бап өзгертілді
14-бап. Инкассалық өнiм
1. Клиенттiң банк шотындағы ақшасын оның келісімiнсiз алып қою инкассалық өкiмдер пайдаланыла отырып, Қазақстан Республикасының заң актілерінде көзделген негiздер бойынша және Қазақстан Республикасының заң актілерінде көзделген кезектiлiктiң сақталуын ескере отырып, Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкi белгiлеген тәртiппен жүргiзiледi.
2. Бастамашы ақша жөнелтушiнiң банкiне, мемлекеттік кіріс органдарының инкассолық өкiмдерi табыс етiлетiн жағдайларды қоспағанда, Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерінде көзделген нормалар негiзiнде осы өндiрiп алудың негiздiлiгiн растайтын атқарушы құжаттардың түпнұсқаларын не олардың көшiрмелерiн қоса бере отырып, инкассолық өкiмді табыс етедi. Құжаттардың түпнұсқаларын не олардың көшiрмелерiн қоса беру қажеттiгi туралы талаптарды Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкi белгiлейдi.
Мемлекеттік кіріс органдарының мiндеттi зейнетақы жарналары, мiндеттi кәсіптік зейнетақы жарналары бойынша берешектi өндiрiп алуға инкассолық өкiмдерi пайдасына берешек өндiрiлiп алынатын бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры салымшыларының тiзiмдерiмен қоса банктерге табыс етiледi.
3. Инкассолық өкiмде төлемнiң мақсаты көрсетiледi және ақша жөнелтушiнiң келiсуінсіз ақшаны алып қою құқығы көзделетiн заңнамалық актiге сiлтеме жасалады.
Ақша жөнелтушінің банктік шотында ақша жеткіліксіз болған кезде мемлекеттік кіріс органдарының салық берешегін өндіріп алу туралы, жеке сот орындаушыларының және әділет органдарының атқару құжаттары бойынша инкассолық өкімін орындау мұндай шотқа ақшаның түсуіне қарай жүргізіледі.