27-бап. Сезіктілер мен айыпталушылардың тергеу іс-әрекеттеріне және
сот отырыстарына қатысуын қамтамасыз ету
1. Күзетте ұстау орындарының әкімшілігі тергеушінің, анықтауды жүргізуші адамның, прокурордың немесе соттың (судьяның) нұсқауы бойынша сезіктілер мен айыпталушыларды күзетте ұстау орындарына қабылдауды және оларды жіберілген жеріне жөнелту үшін айдауылға беруді қамтамасыз етеді.
2. Сезіктілер мен айыпталушыларды тергеу іс-әрекеттеріне және сот отырыстарына қатысудан босату заңдарда көзделген негіздерде жүзеге асырылады.
28-бап. Сезіктілер мен айыпталушылардың азаматтық- құқықтық мәмілелерге қатысуы
Сезіктілер мен айыпталушылардың, заңдарда көзделген жағдайларды қоспағанда, қылмыстық істі жүргізуші адамның немесе органның рұқсатымен және Ішкі тәртіп ережелерінде белгіленген ретпен, өздерінің өкілдері арқылы немесе тікелей азаматтық-құқықтық мәмілелерге қатысуға құқығы бар.
29-бап. Әйелдерді күзетте ұстаудың ерекшеліктері
1. Сезікті және айыпталушы әйелдер үш жасқа дейінгі балаларын өздерімен бірге ұстай алады.
2021.30.12. № 95-VII ҚР Заңымен 2-тармақ өзгертілді (2022 ж. 1 шілдеден бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
2. Күзетте ұстау орындарында жүкті әйелдер және өзімен бірге балалары бар әйелдер үшін жақсартылған материалдық-тұрмыстық жағдай жасалады, мамандандырылған медициналық қамтамасыз ету ұйымдастырылады және Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайтын тамақтандырудың және затпен қамтамасыз етудің көтеріңкі нормалары белгіленеді.
Мамандандырылған медициналық қамтамасыз ету денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті орган айқындайтын тәртіппен жүзеге асырылады.
3. Жүкті әйелдерге және жанында балалары бар әйелдерге күн сайын ұзақтығы үш сағатқа дейінгі серуен беріледі.
2017.18.04. № 58-VI ҚР Заңымен 4-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
4. Жүкті әйелдерге және жанында балалары бар әйелдерге жазалау шарасы ретінде тәртіптік изоляторға отырғызуды қолдануға болмайды.
5. Қажет болған жағдайда күзетте ұстау орнының әкімшілігі заңда белгіленген тәртіппен баланы туыстарына немесе өзге де адамдарға не балалар мекемесіне уақытша беру туралы өтініш жасауы мүмкін.
30-бап. Кәмелетке толмағандарды күзетте ұстаудың ерекшеліктері
1. Кәмелетке толмаған сезіктілер мен айыпталушыларға жақсартылған материалдық-тұрмыстық жағдай жасалады және тамақтандырудың Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайтын көтеріңкі нормалары белгіленеді.
2. Кәмелетке толмаған сезіктілер мен айыпталушылардың күн сайынғы серуендерінің ұзақтығы екі сағаттан кем емес болып белгіленеді. Серуендеу кезінде кәмелетке толмағандарға дене жаттығулары мен спорт ойындары үшін мүмкіндік беріледі.
3. Жағдай болған кезде кәмелетке толмаған сезіктілер мен айыпталушыларға кинофильмдер көрсетіледі, олар үшін телехабарлар көру ұйымдастырылады, спортпен шұғылдану және басқа да демалыстар үшін үй-жайлар, сондай-ақ ашық ауада спорт алаңдары жабдықталады.
4. Кәмелетке толмаған сезіктілер мен айыпталушыларға оқулықтар мен мектеп-жазу құралдарын сатып алуға және алуға, сондай-ақ оларды осы Заңының 24-бабында көзделген нормалардан асатын сәлем-сауқаттар мен сәлемдемелер арқылы алуға рұқсат етіледі.
3-тарау. Күзетте ұстау орындарында оқшаулауды қамтамасыз ету және құқық бұзушылықтарға жол бермеу
31-бап. Оқшаулауды қамтамасыз етудің негізгі талаптары
1. Сезіктілер мен айыпталушылар жалпы немесе осы Заңның 32-бабында көзделген бөлек орналастыру талаптарына сәйкес бір кісілік камераларда ұсталады.
2. Күзетте ұстау орны әкімшілігі басшысының прокурор санкция берген дәлелді қаулысы бойынша сезіктілер мен айыпталушыларды бір кісілік камераға бір тәуліктен астам мерзімге орналастыруға жол беріледі. Сезіктілер мен айыпталушыларды бір кісілік камераларға орналастыруға мынадай жағдайларда:
1) осы Заңның 32-бабында көзделген бөлек орналастыру талаптарын сақтауды қамтамасыз етудің өзгедей мүмкіндігі болмаған кезде;
2) сезіктінің немесе айыпталушының не басқа да сезіктілердің немесе айыпталушылардың өмірі мен денсаулығының қауіпсіздігін қамтамасыз ету мүддесінде;
3) сезіктінің немесе айыпталушының жеке ұстау туралы жазбаша арызы болған кезде;
4) сезіктілер мен айыпталушылардың түнгі уақытта бір кісілік камераларға орналастыру кезінде, егер күндіз олар жалпы камераларда ұсталса, прокурордың санкциясы талап етілмейді.
3. Сезіктілер мен айыпталушылардың басқа камераларда немесе күзетте ұстау орындарының өзге де үй-жайларында ұсталатын сезіктілермен және айыпталушылармен сөйлесуіне, оларға қандай да болсын нәрселер беруіне және хат жазысуына жол берілмейді.
4. Сезіктілер мен айыпталушылардың бостандықта жүрген адамдармен сөйлесуі, қандай да болсын нәрселер беруі және хат жазысуы осы заңның талаптарына сәйкес жүзеге асырылады.
5. Оқшаулауды қамтамасыз етудің негізгі талаптары сезіктілер мен айыпталушыларды олар күзетте ұсталатын жерлерден тыс жерлерге ауыстырылған кезде сақталуға тиіс.
32-бап. Камераларда бөлек орналастыру
1. Сезіктілер мен айыпталушыларды камераларға орналастыру олардың жеке басы мен психологиялық сыйысымдылығы ескеріле отырып жүргізіледі. Темекі тартатындар мүмкіндігіне қарай темекі тартпайтындардан бөлек орналастырылады.
2. Сезіктілер мен айыпталушыларды, сондай-ақ сотталғандарды камераға орналастырған кезде мынадай талаптардың сақталуы міндетті:
1) мыналар:
еркектер мен әйелдер;
кәмелетке толмағандар ұсталатын камерада құқық бұзушылықтың алдын алу үшін қылмыстық жауаптылыққа алғаш рет тартылған оң мінезделетін ересектерді ұстау қажет болған жағдайларды қоспағанда, кәмелетке толмағандар мен ересектер;
алғаш рет қылмыстық жауапқа тартылушы адамдар мен бұрын бас бостандығынан айыру орындарында ұсталған адамдар;
өздеріне қатысты үкімдер заңды күшіне енген сотталғандардан сезіктілер, айыпталушылар;
бір қылмыстық іс бойынша немесе өзара байланысты бірнеше істер бойынша сезіктілер мен айыпталушылар бөлек ұсталады;
2012.13.02. № 553-IV ҚР Заңымен (бұр.ред.қара); 2014.03.07. № 227-V ҚР Заңымен (2015 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара); 2014.07.11. № 248-V ҚР Заңымен (бұр.ред.қара); 2014.28.11. № 257-V ҚР Заңымен (бұр.ред.қара); 2015.10.01. № 275-V ҚР Заңымен (бұр.ред.қара); 2021.29.12. № 89-VII ҚР Заңымен (бұр.ред.қара) 2) тармақша өзгертілді
2) мыналар:
өте ауыр және ауыр қылмыстар жасалуына сезіктілер мен айыпталушылар;
қылмыстардың қауіпті қайталануы кезінде сотталғандар;
басқа сезіктілерден, айыпталушылардан бөлек ұстауға жағдай болған кезде шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдар;
судьялар, адвокаттар, әділет органдарының қызметкерлері, ішкі істер, прокуратура, салық, қаржы полициясы органдарының, мемлекеттік кіріс органдарының, сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің, экономикалық тергеу қызметінің, кеден органдарының қызметкерлері, арнаулы мемлекеттік органдардың қызметкерлері мен әскери қызметшілері, Қазақстан Республикасы ішкі әскерлерінің, Ұлттық ұланының, Қарулы Күштерінің әскери қызметшілері болып табылатын немесе болған адамдар;
күзетте ұстау орны әкімшілігінің не қылмыстық істі жүргізуші адамның немесе органның жазбаша шешімі бойынша өмірі мен денсаулығына басқа сезіктілер мен айыпталушылардың тарапынан қауіп төнген сезіктілер мен айыпталушылар;
жұқпалы аурулармен ауыратындар немесе айрықша медициналық күтім мен бақылауды қажет ететіндер басқа сезіктілер мен айыпталушылардан бөлек ұсталады.
2009.10.12. № 228-IV ҚР Заңымен (бұр.ред.қара); 2012.18.01. № 547-ІV ҚР Заңымен (бұр.ред.қара) 33-бап өзгертілді
33-бап. Сезіктілер мен айыпталушыларды күзету және оларды қадағалау
2017.18.04. № 58-VI ҚР Заңымен 1-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
1. Қамауда және қадағалауда ұстау орындарындағы күдіктілер мен айыпталушылар осы орындардың аумақтарында айдауылдың не болмаса қамауда ұстау орындары қызметкерлерінің ілесіп жүруімен жүріп-тұрады. Қадағалауды жүзеге асыру мақсатында дыбыс және бейне техникалар пайдаланылуы мүмкін.
Қылмыстық-атқару жүйесінің тергеу изоляторларындағы адамдарды күзету мен қадағалауды жүзеге асыру тәртібін Қазақстан Республикасының Ішкі істер министрлігі айқындайды.
2. Сезіктілер мен айыпталушыларды жеке тінту, саусақтарының таңбасын алу және суретке түсіру жүргізіледі. Олар орналастырылатын үй-жайлар тінтіліп, ал олардың заттары, сәлем-сауқаттары мен сәлемдемелері тексеріледі.
2014.07.11. № 248-V ҚР Заңымен 3-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
3. Күзетте ұстау орындарында табылған және иесі анықталмаған ақша, бағалы қағаздар мен бағалы заттар алып қойылады, ол туралы хаттама жасалып, Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен оларды өткізу құзыретіне кіретін уәкілетті органға беріледі.
4. Тексеру кезінде ерікті түрде тапсырылған ақша, бағалы қағаздар мен бағалы заттар алып қойылады және Ішкі тәртіп ережелеріне сәйкес сезікті немесе айыпталушы босатылғанға дейін күзетте ұстау орындарында пайдалану және билік ету құқығынсыз сақталады. Күзетте ұсталған адамдар сотталған және бас бостандығынан айыру орындарына жіберілген жағдайда жоғарыда аталған ақша, бағалы қағаздар мен бағалы заттар тізімдеме бойынша қылмыстық жазалауды атқарушы мекемеге беріледі.
5. Сезіктілер мен айыпталушылардың сақтауына және пайдалануына тыйым салынған нәрселер, заттар мен тамақ өнімдері күзетте ұстау орындарының әкімшілігіне сақтауға беріледі не соттың шешімі бойынша жойылады.
2017.18.04. № 58-VI ҚР Заңымен 6-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
6. Күзетпен ұстау орындарының қызметкерлері адамдардың күзетпен ұстау орындарының аумағына кірген және шыққан кездегі заттары мен киімдерін жете тексеруді, сондай-ақ кірген және шыққан көлік құралдарын жете тексеруді, күдіктілер мен айыпталушылардың сақтауына және пайдалануына тыйым салынған нәрселерді, заттар мен тамақ өнімдерін алып қоюды жүргізеді.
2014.04.07. № 233-V ҚР Заңымен 7-тармақ өзгертілді (2015 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара); 2016.28.12. № 36-VI ҚР Заңымен 7-тармақ жаңа редакцияда (ресми жарияланған күнінен кейін екі ай өткен соң қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
7. Күзетпен ұстау орындарында қылмыстарды анықтау, олардың алдын алу, жолын кесу және ашу, сондай-ақ барлау және (немесе) нұқсан келтіру акцияларының алдын алу, оларды әшкерелеу және жолын кесу мақсатында Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген тәртіппен жедел-іздестіру, қарсы барлау іс-шаралары және жасырын тергеу іс-қимылдары жүргізіледі.
34-бап. Күзетте ұстау орындарына жапсарлас жатқан аумақтарда режимдік талаптарды қамтамасыз ету
Тергеу изоляторларына тікелей жапсарлас жатқан және шекарасын жергілікті атқарушы орган белгілеген аумақтарда ішкі істер органдарының ұсынуы бойынша режимдік талаптар орнатылуы мүмкін.
35-бап. Сезіктілер мен айыпталушылардың негізгі міндеттері
1. Сезіктілер мен айыпталушылар:
1) осы Заңмен және Ішкі тәртіп ережелерімен белгіленген күзетте ұстау тәртібін сақтауға;
2) күзетте ұстау орындары әкімшілігінің заңды талаптарын орындауға;
3) гигиена мен санитария талаптарын сақтауға;
4) күн сайынғы серуенге шығуға (серуеннен босатуды күзетте ұстау орны медициналық қызметкерінің қорытындысы бойынша күзетте ұстау орнының бастығы жүзеге асырады);
5) өрт қауіпсіздігінің ережелерін сақтауға;
6) күзетте ұстау орындарының мүлкіне ұқыпты қарауға;
7) кезектілік тәртібімен камераларды және басқа да бөлмелерді тазалауға;
8) күзетте ұстау орындары қызметкерлерінің, сезіктілер мен айыпталушылардың, сондай-ақ басқа да адамдардың абыройын қорлайтын іс-әрекеттер жасамауға;
9) күзетте ұстау орындарының қызметкерлеріне, сондай-ақ күзетте ұстау тәртібін қамтамасыз ететін өзге де адамдарға олардың қызметтік міндеттерін атқаруына кедергі келтірмеуге;
10) өзінің өмірі мен денсаулығына, сондай-ақ басқа адамдардың өмірі мен денсаулығына қауіп төндіретін қасақана іс-әрекеттер жасамауға міндетті.
2. Сезіктілер мен айыпталушыларға осы Заңның 24-бабының 4-тармағына сәйкес сақтауға және пайдалануға тыйым салынған нәрселерді, заттар мен тамақ өнімдерін өзінде ұстауға, сондай-ақ оларды сақтауға және пайдалануға тыйым салынады.
36-бап. Көтермелеу шаралары және оларды қолдану тәртібі
1. Сезіктілер мен айыпталушыларға міндеттерін үлгілі орындағаны, күзетте ұстаудың белгіленген тәртібін сақтағаны үшін мынадай көтермелеу шаралары қолданылуы мүмкін:
1) бұрын белгіленген жазаны мерзімінен бұрын алу;
2) кәмелетке толмаған сезіктілер мен айыпталушыларға спортпен шұғылдануға арналған үй-жайларға қосымша баруға, сондай-ақ бос уақытын өткізудің басқа да нысандарына рұқсат беру.
2. Көтермелеуді күзетте ұстау орны әкімшілігінің басшысы немесе оның орынбасары қолданады.
2017.18.04. № 58-VI ҚР Заңымен 37-бап жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
37-бап. Жазалау шаралары
Белгіленген міндеттерді орындамағаны үшін күдіктілер мен айыпталушыларға мынадай жазалау шаралары:
1) ескерту;
2) сөгіс;
3) он бес тәулікке дейінгі мерзімге тәртіптік изоляторға жабу;
4) кәмелетке толмаған күдіктілер мен айыпталушыларды жетпіс екі сағатқа дейінгі мерзімге уақытша оқшаулау үй-жайына жабу қолданылуы мүмкін.
38-бап. Жазалау шараларын қолдану тәртібі
1. Күзетте ұстаудың белгіленген тәртібін бұзғаны үшін жазаны күзетте ұстау орны әкімшілігінің басшысы немесе оның орынбасары қолданады. Бір тәртіп бұзғандығы үшін кінәлі адамға бір жазадан артық жаза қолданылмайды.
2. Жаза тәртіп бұзуды жасаудың мән-жайлары және сезікті мен айыпталушының мінез-құлқы ескеріле отырып қолданылады. Жаза тәртіп бұзушылық белгілі болған күннен бастап он тәуліктен кешіктірілмей, ал егер тәртіп бұзушылыққа байланысты тексеру жүргізілсе - ол аяқталған күннен бастап, бірақ тәртіп бұзушылық жасалған күннен бір айдан кешіктірілмей қолданылуы мүмкін. Жаза, әдетте, дереу, ал оны дереу қолдану мүмкін болмаған жағдайда - ол белгіленген күннен бастап бір айдан кешіктірілмей қолданылады.
3. Жаза қолданылғанға дейін сезіктіден немесе айыпталушыдан жазбаша түсініктеме алынады, ал түсініктеме беруден бас тартылған жағдайда ол туралы тиісті акт жасалады.
4. Сөгіс түріндегі жаза ауызша немесе жазбаша нысанда, басқа жазалар - жазбаша нысанда қолданылады.
5. Сезіктілер мен айыпталушылардың жазаға жоғары тұрған лауазымды адамға, прокурорға немесе сотқа шағымдануға құқығы бар. Шағым беру жазаның орындалуын тоқтата тұрмайды.
2017.18.04. № 58-VI ҚР Заңымен 39-бап жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
39-бап. Тәртіптік изоляторда, уақытша оқшаулау үй-жайында ұстау
1. Күдіктілер мен айыпталушылар:
1) басқа күдіктілер мен айыпталушыларға қысым көрсеткені және оларды қорлағаны;
2) күзетпен ұстау орындары қызметкерлерінің немесе өзге де адамдардың заңды талаптарына бағынбағаны не оларды қорлағаны;
3) оқшаулау қағидаларын бірнеше рет бұзғаны;
4) алкогольдік ішімдіктерді сақтағаны, дайындағаны және ішкені;
5) сақтауға және пайдалануға тыйым салынған басқа да нәрселерді, заттар мен тамақ өнімдерін сақтағаны, дайындағаны және пайдаланғаны;
6) құмар ойындарға қатысқаны үшін тәртіптік изоляторға, ал кәмелетке толмағандар уақытша оқшаулау үй-жайына отырғызылуы мүмкін.
2. Тәртіптік изоляторға, уақытша оқшаулау үй-жайына жабу түріндегі жаза сөгіс түрінде екі және одан да көп рет жаза қолданылған күдіктілер мен айыпталушыларға да қолданылады.
3. Тәртіптік изоляторға, уақытша оқшаулау үй-жайына жабу күзетпен ұстау орны әкімшілігі бастығының немесе оның міндетін атқарушы адамның қаулысы және күдіктіні немесе айыпталушыны тәртіптік изоляторда, уақытша оқшаулау үй-жайында ұстау мүмкіндігі туралы медициналық қызметкердің қорытындысы негізінде жүзеге асырылады.
4. Күдіктілер мен айыпталушылар тәртіптік изоляторда, уақытша оқшаулау үй-жайында жеке жатын орнымен және төсек-орындармен белгіленген сағаттарда ұйықтайтын уақытқа ғана қамтамасыз етіледі.
5. Тәртіптік изоляторға, уақытша оқшаулау үй-жайына жабылған күдіктілер мен айыпталушыларға:
1) қорғаушымен жолығудан басқа, хат жазысуға, жолығуларға;
2) тамақ өнімдері мен ең қажетті нәрселерді сатып алуға;
3) хаттар, сауқаттар және сәлемдемелер алуға;
4) үстелүсті ойындарын, кітаптарды, газеттерді, журналдарды және өзге де әдебиетті пайдалануға тыйым салынады.
Сауқаттар мен сәлемдемелер күдіктілер мен айыпталушыларға олардың тәртіптік изоляторда, уақытша оқшаулау үй-жайында болу мерзімі аяқталғаннан кейін табыс етіледі.
Тәртіптік изоляторда, уақытша оқшаулау үй-жайында ұсталушы күдіктілер мен айыпталушыларға қатысты осы бапта көзделмеген өзге де шектеулерге жол берілмейді.
Олардың ұсыныстар, арыздар және шағымдар жіберуі осы Заңның 20-бабында көзделген тәртіппен жүзеге асырылады.
6. Күзетпен ұстау орны әкімшілігі бастығының немесе оның міндетін атқарушы адамның тәртіптік изоляторға, уақытша оқшаулау үй-жайына отырғызу түріндегі жазаны орындауды кейінге қалдыруға, күдіктіні немесе айыпталушыны медициналық көрсетілімдерді ескере отырып мерзімінен бұрын босатуға құқығы бар. Егер жазаны орындауды ұзарту мерзімі медициналық көрсетілімдер бойынша жазаны қолданған күннен бастап бір айдан асып кетсе, онда күдікті немесе айыпталушы жазадан босатылуы мүмкін.
7. Емізулі балалары бар әйелдер, жүкті әйелдер және кәмелетке толмағандар тәртіптік изоляторға жабылмайды.
40-бап. Сезіктілер мен айыпталушылардың материалдық жауапкершілігі
1. Сезіктілер мен айыпталушылар күзетте ұсталған уақытында мемлекетке материалдық залал келтіргені үшін:
2007.15.05. № 253-III ҚР Заңымен 1) тармақша өзгертілді (бұр.ред.қара)
1) еңбек міндеттерін атқару кезінде - Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасында көзделген тәртіп пен мөлшерде;
2) өзге де іс-әрекеттерімен залал келтіргенде - заңдарда көзделген тәртіп пен мөлшерде материалдық жағынан жауапты болады.
2. Сезікті немесе айыпталушы мемлекетке келтірген материалдық залалдың мөлшері күзетте ұстау орны әкімшілігі басшысының қаулысымен белгіленеді.
3. Қаулы сезіктіге немесе айыпталушыға қолы қойғызыла отырып жарияланады және оған жоғары тұрған лауазымды адамға, прокурорға немесе сотқа шағым беруге болады.
4. Материалдық залалды өз еркімен өтеуден бас тартқан жағдайда ол Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес сот тәртібімен өндіріліп алынады.
5. Келтірілген материалдық залал үшін дұрыс өндіріліп алынбаған сомалар сезіктіге немесе айыпталушыға қайтарылуға тиіс және оның жеке шотына салынады.
6. Сезіктінің немесе айыпталушының өтініш бойынша ол келтірген материалдық залалды оның туыстары немесе өзге де адамдар олардың келісімімен өтеуі мүмкін.
7. Сотталған адам жазалауды орындаушы мекемеге жіберілген жағдайда өтелмеген материалдық залалды аталған мекеменің әкімшілігі сотталған адамның жеке шотына түскен қаражаттан өндіріп алады.
8. Сезікті немесе айыпталушы күзетте ұстаудан босатылған жағдайда олар өтемеген материалдық залал соттың шешімімен өндіріліп алынуы мүмкін.
9. Күзетте ұстау орны әкімшілігінің кінәсінен сезіктіге немесе айыпталушыға келтірілген материалдық залал Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес өндіріліп алынады.
41-бап. Тамақ ішуден бас тартқан кезде қолданылатын шаралар
1. Сезіктінің немесе айыпталушының тамақ ішуден бас тарту фактісі анықталған жағдайда күзетте ұстау орны әкімшілігінің басшысы немесе оның орынбасары оның себептерін анықтауға және ол туралы қылмыстық істі жүргізуші адамға немесе органға, сондай-ақ күзетте ұстау орындарында заңдардың қолданылуына қадағалау жасауды жүзеге асыратын прокурорға хабарлауға міндетті.
2. Тамақ ішуден бас тартқан сезікті немесе айыпталушы мүмкіндігінше басқа сезіктілер мен айыпталушылардан жеке ұсталады және ол медициналық қызметкердің бақылауында болады.
3. Егер өміріне қауіп төнсе, тамақ ішуден бас тартқан сезіктінің немесе айыпталушының денсаулығын сақтауға бағытталған шаралар, оның ішінде мәжбүрлеу сипатындағы шаралар оны бақылаушы медициналық қызметкердің жазбаша қорытындысы негізінде медициналық айқындамалар бойынша жүзеге асырылады.
4. Сезіктінің немесе айыпталушының тамақ ішуден бас тартуы оны басқа күзетте ұстау орнына этаппен немесе айдауылмен апаруға, сондай-ақ тергеу іс-әрекеттері мен сот отырыстарына қатысуына кедергі келтірмейді. Қажет болған жағдайда этаппен немесе айдауылмен апаруға медициналық қызметкер ілесіп барады.
42-бап. Күзетте ұстау орындарында дене күшін, арнаулы құралдарды, газбен және оқпен атылатын қаруларды қолданудың жалпы негіздері
Күзетте ұстау орындарының қызметкерлері не құқық тәртібін қамтамасыз ету үшін тартылған ішкі істер органдарының өзге де қызметкерлері дене күшін, арнаулы құралдарды, газбен және оқпен атылатын қаруларды тек заңдарда көзделген жағдайларда ғана қолданады. Күзетте ұстау орындарының қызметкерлері арнаулы даярлықтан, сондай-ақ дене күшін, арнаулы құралдарды, газбен және оқпен атылатын қаруларды қолдануға байланысты жағдайлардағы іс-әрекеттерге жарамдылығына оқтын-оқтын тексеруден өтіп отыруға міндетті.
43-бап. Күзетте ұстау орындарында дене күшін қолдану
Күзетте ұстау орындарында сезіктіге немесе айыпталушыға қатысты дене күші, оның ішінде күрестің жауынгерлік тәсілдері, егер күш қолданылмайтын әдістер құқық бұзушылықты тоқтатуды не заңды талаптардың орындалуын қамтамасыз етпесе, ол жасаған құқық бұзушылықтың немесе оның күзетте ұстау орны қызметкерлерінің заңды талаптарына қарсы әрекетінің жолын кесу үшін қолданылуы мүмкін.
44-бап. Күзетте ұстау орындарында арнаулы құралдар мен газ қаруын қолдану
1. Күзетте ұстау орындарында арнаулы құралдар мен газ қарулы мынадай жағдайларда:
1) сезіктінің немесе айыпталушының күзетте ұстау орындарының қызметкерлеріне және өзге де адамдарға шабуылын тойтару үшін;
2) жаппай тәртіпсіздіктің немесе күзетте ұстаудың белгіленген режимін топтасып бұзушылықтың жолын кесу үшін;
3) күзетте ұстау орындары қызметкерлерінің немесе құқық тәртібін қамтамасыз ету үшін тартылған ішкі істер органдарының өзге де қызметкерлерінің заңды талаптарына бағынбаушылық көрсеткен сезіктінің немесе айыпталушының заңсыз іс-әрекетінің жолын кесу үшін;
4) кепілге алынған адамдарды босату, азаматтарға, ұйымдарға және мемлекеттік органдарға тиесілі үйлерге, үй-жайларға, ғимараттарға, көлік құралдарына, жер учаскелеріне шабуылды тойтару үшін, сондай-ақ оларды басып алудан босату үшін;
5) сезіктінің немесе айыпталушының күзетте ұстау орындарынан немесе айдауылдан қашу әрекетінің жолын кесу үшін;
6) сезіктінің немесе айыпталушының айналасындағыларға немесе өзіне зиян келтіру әрекетінің жолын кесу үшін;
7) қашқан не бас бостандығынан айыру түріндегі жазаны өтеуден жалтарған сезіктілерді, айыпталушылар мен сотталғандарды ұстау және айдауылмен алып жүру үшін қолданылуы мүмкін.
2. Арнаулы құралдар ретінде:
1) осы баптың 1-тармағының 3), 5)-7) тармақшаларында көзделген жағдайларда - қол кісендері, күзетте ұстау орындарының қызметкерлері қол кісендері болмаған кезде қолда бар байлап-матау құралдарын пайдалануға құқылы;
2) осы баптың 1-тармағының 1)-6), 7) тармақшаларында көзделген жағдайларда - резина таяқтар;
3) осы баптың 1-тармағының 1)-4), 6), 7) тармақшаларында көзделген жағдайларда - газ қаруы мен көзден жас ағызатын заттар;
4) осы баптың 1-тармағының 1)4), 6) тармақшаларында көзделген жағдайларда - алаңдатушы әсері бар жарық-дыбыс құрылғылары;
5) осы баптың 1-тармағының 2) және 4) тармақшаларында көзделген жағдайларда - үй-жайларды ашуға, көлікті мәжбүрлеп тоқтатуға арналған құрылғылар;
6) осы баптың 1-тармағының 2) және 4) тармақшаларында көзделген жағдайларда - су атқыштар, бронды машиналар мен басқа да арнаулы және көлік құралдары;
7) осы баптың 1-тармағының 1)-6), 7) тармақшаларында көзделген жағдайларда - қызметтік жануарлар қолданылуы мүмкін.
3. Әйелдер, мүгедектігі анық байқалатын адамдар айналасындағылардың өмірі мен денсаулығына қауіп төндіретін шабуыл, топтасқан шабуыл жасаған не қарулы қарсылық көрсеткен жағдайларды қоспағанда, оларға арнаулы құралдарды, газ қаруын және жауынгерлік күрес тәсілдерін қолдануға тыйым салынады.
45-бап. Күзетте ұстау орындарында оқ ататын қаруды қолдану
1. Күзетте ұстау орындарында оқ ататын қару мынадай жағдайларда:
1) сезіктілер мен айыпталушылардың, өзге де адамдардың күзетте ұстау орындары қызметкерлерінің өмірі мен денсаулығына қауіп төндіретін шабуылынан қорғану үшін;
2) сезіктінің немесе айыпталушының күзетте ұстау орындарының қызметкерлеріне, өзге де адамдарға қару иелену мақсатымен жасаған шабуылын тойтару үшін;
3) кепілге алынған адамдарды, басып алынған үйлерді, ғимараттарды, үй-жайларды және көлік құралдарын босату үшін;
4) күзетте ұстау орындарының үйіне, ғимаратына, үй-жайына және көлік құралдарына топтасып немесе қарулы шабуыл жасауды тойтару үшін;