Қазақстан Республикасы нормативтік құқықтық кесімдерінің мемлекеттік тізілімін, нормативтік құқықтық кесімдерінің эталондық бақылау банкін жүргізу ережесін бекіту туралы
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2006 жылғы 29 сәуірдегі № 343 Қаулысы
(2011.06.10. берілген өзгерістер мен толықтырулармен)
Осы редакция 2014 жылғы 30 қыркүйекте енгізілген өзгерістеріне дейін қолданылды
«Нормативтік құқықтық актілер туралы» Қазақстан Республикасының 1998 жылғы 24 наурыздағы Заңының 47-бабын іске асыру мақсатында Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДI:
1. Қоса беріліп отырған Қазақстан Республикасы нормативтік құқықтық кесімдерінің мемлекеттік тізілімін, нормативтік құқықтық кесімдерінің эталондық бақылау банкін жүргізу ережесі бекітілсін.
2. Мыналардың күші жойылды деп танылсын:
1) «Қазақстан Республикасы нормативтік құқықтық актілерінің мемлекеттік тізілімі туралы ережені бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 1997 жылғы 4 желтоқсандағы № 1680 қаулысы(Қазақстан Республикасының ПҮКЖ-ы, 1997 ж., № 52, 478-құжат);
2) «Қазақстан Республикасы Үкіметінің 1997 жылғы 4 желтоқсандағы № 1680 қаулысына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 1998 жылғы 19 тамыздағы № 793 қаулысы (Қазақстан Республикасының ПҮКЖ-ы, 1998 ж., № 29, 251-құжат);
3) «Қазақстан Республикасы Үкіметінің кейбір шешімдеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2002 жылғы 2 қазандағы № 1082 қаулысының 1-тармағының 2) тармақшасы (Қазақстан Республикасының ПҮКЖ-ы, 2002 ж., № 33, 355-құжат).
3. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі | Д. Ахметов |
Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2006 жылғы 29 сәуірдегі
№ 343 қаулысымен
бекітілген
Қазақстан Республикасы нормативтік құқықтық кесімдерінің мемлекеттік тізілімін,
Нормативтік құқықтық кесімдерінің эталондық бақылау банкін жүргізу
ережесi
1. Қазақстан Республикасы нормативтік құқықтық кесімдерінің мемлекеттік тізілімі (бұдан әрі - Мемлекеттік тізілім) нормативтік құқықтық кесімдердің деректемелерін және осы кесімдер туралы ақпараттық-анықтамалық сипаттағы басқа да мәліметтерді қамтитын Қазақстан Республикасы нормативтік құқықтық кесімдерін мемлекеттік есепке алудың бірыңғай жүйесін білдіреді.
Қазақстан Республикасы нормативтік құқықтық кесімдерінің эталондық бақылау банкі (бұдан әрі - Эталондық банк) ол туралы мәліметтер Қазақстан Республикасы нормативтік құқықтық кесімдерінің мемлекеттік тізіліміне енгізілген нормативтік құқықтық кесімдердің (өзгерістермен және толықтырулармен) басылған мәтіндерінің жиынтығын білдіреді.
2. Мемлекеттік тізілім мен Эталондық банк Қазақстан Республикасы нормативтік құқықтық кесімдерінің бірыңғай мемлекеттік есебін қамтамасыз ету мақсатында құрылады.
ҚР Үкіметінің 2011.06.10. № 1141 Қаулысымен 3-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
3. Эталондық банкті жүргізу Қазақстан Республикасы Әділет министрлігі мен оның аумақтық органдарына жүктеледі.
«Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің «Республикалық құқықтық ақпарат орталығы» шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорны (бұдан әрі - РҚАО) Мемлекеттік тізілімді жүргізуді жүзеге асырады.
ҚР Үкіметінің 2007.19.11. № 1094 Қаулысымен 4-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
4. Мынадай нормативтік құқықтық кесімдер Мемлекеттік тізілімге енгізілуге тиіс:
Конституция, конституциялық заңдар, кодекстер, заңдар;
Қазақстан Республикасы Президентінің конституциялық заң күші бар жарлықтары; Қазақстан Республикасы Президентінің заң күші бар жарлықтары; Қазақстан Республикасы Президентінің өзге де нормативтік құқықтық жарлықтары;
Қазақстан Республикасының Парламенті мен оның Палаталарының нормативтік қаулылары;
Қазақстан Республикасы Үкіметінің нормативтік қаулылары;
Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесінің, Жоғарғы Сотының және Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының нормативтік қаулылары;
Қазақстан Республикасының министрлері мен өзге де орталық мемлекеттік органдар басшыларының нормативтік құқықтық бұйрықтары;
орталық мемлекеттік органдардың нормативтік құқықтық қаулылары;
мәслихаттардың нормативтік құқықтық шешімдері, әкімдіктердің нормативтік құқықтық қаулылары, әкімдердің нормативтік құқықтық шешімдері.
«Қызмет бабында пайдалану үшін», «баспасөзге арналмаған», «жариялауға жатпайды» деген белгісі бар нормативтік құқықтық кесімдер Мемлекеттік тізілімге енгізілуге тиіс.
«Ерекше маңызды», «өте құпия», «құпия» деген белгісі бар нормативтік құқықтық кесімдер Мемлекеттік тізілімге енгізуге жатпайды.
ҚР Үкіметінің 2007.19.11. № 1094 Қаулысымен 5-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
5. Мемлекеттік органдар Мемлекеттік тізілімге және Эталондық банкке енгізуге жататын Қазақстан Республикасының Президенті, Қазақстан Республикасының Парламенті мен оның Палаталарының, Қазақстан Республикасының Yкіметі, Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесі және Қазақстан Республикасы Жоғары Сотының нормативтік құқықтық кесімдерінің көшірмелерін мемлекеттік органның мөрімен расталған немесе осы органдарда келісілген тәртіппен электрондық сандық қолтаңба арқылы куәландырылған, мемлекеттік және орыс тілдерінде басылған және электрондық түрде екі данада нормативтік құқықтық кесім күшіне енгеннен кейін бес күн ішінде Қазақстан Республикасы Әділет министрлігіне береді.
Қазақстан Республикасы Әділет министрлігі осы тармақтың бірінші абзацында көрсетілген нормативтік құқықтық кесімдердің көшірмелерін мемлекеттік және орыс тілдерінде басылған және электрондық түрде екі данада олар мемлекеттік органдардан келіп түскен сәттен бастап екі жұмыс күні ішінде РҚАО-ға береді.
Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде және оның аумақтық органдарында мемлекеттік тіркеуге жататын орталық мемлекеттік органдардың және жергілікті мемлекеттік органдардың нормативтік құқықтық кесімдерін Қазақстан Республикасы Әділет министрлігі және оның аумақтық органдары мемлекеттік органның мөрімен расталған немесе электрондық сандық қолтаңба арқылы куәландырылған мемлекеттік және орыс тілдерінде басылған және электрондық түрде екі данада оларды мемлекеттік тіркегеннен кейін бес күн ішінде РҚАО-ға жібереді.
Іс жүргізу мемлекеттік тілде жүргізілетін әкімшілік-аумақтық бірліктерде жергілікті мемлекеттік органдардың нормативтік құқықтық кесімдері Мемлекеттік тізілім жүргізу үшін орыс тіліне аударылмастан жіберіледі.
6. Мемлекеттік тізілімге енгізілуге жататын нормативтік құқықтық кесімдер оған РҚАО-ға олар келіп түскен сәттен бастап он күннің ішінде енгізіледі және оларға тіркеу нөмірі беріледі.
7. Нормативтік құқықтық кесімді Мемлекеттік тізілімге енгізгеннен кейін РҚАО нормативтік құқықтық кесімнің басылған мәтінінің көшірмесінің бір данасын мемлекеттік және орыс тілдерінде оған берілген тіркеу нөмірімен тиісті мемлекеттік органға жолдайды, екінші данасын - екі жұмыс күнінің ішінде Қазақстан Республикасы Әділет министрлігіне Эталондық банкке енгізу үшін жібереді.
8. Қазақстан Республикасы Әділет министрлігі нормативтік құқықтық кесімдерді Эталондық банкке олар РҚАО-дан алынған сәттен бастап бес күннің ішінде енгізеді.
9. Эталондық банкке енгізілген нормативтік құқықтық кесімдер хронологиялық тәртіппен есепке алынуға тиіс.
10. Эталондық банкке қосылған нормативтік құқықтық кесімдер оларға ағымдағы өзгерістер мен толықтырулар енгізу, нормативтік құқықтық кесімдердің жекелеген бөліктерінің күші жойылды деп тану не олардың қолданылуын тоқтата тұру арқылы бақылау жағдайында болады.
Нормативтік құқықтық кесімдерге өзгерістер мен толықтырулар енгізген, нормативтік құқықтық кесімдердің жекелеген бөліктерінің күші жойылды деп танылған не олардың қолданылуы тоқтатыла тұрған кезде оның мәтініне енгізілетін нормалардың тұжырымын, сондай-ақ кесімнің нысаны, қабылданған күні және нөмірі туралы ақпаратты нақты көрсететін белгі енгізіледі.
11. Нормативтік құқықтық кесімнің күші жойылды деп танылған не оның қолданылуы белгілі бір мерзімге тоқтатыла тұрған кезде Мемлекеттік тізілімге тиісті жазба және Эталондық банкке енгізілген нормативтік құқықтық кесімнің көшірмесіне тиісті нормативтік құқықтық кесімге сілтеме жасай отырып, оның күші жойылды деп тану не қолданылуын тоқтата тұру туралы белгі жүргізіледі.
12. Эталондық банкті қалыптастыру кезінде нормативтік құқықтық кесімдердің мемлекеттік және орыс тіліндегі мәтіндері салыстырылмайды.