Қазақстан Республикасы нормативтік құқықтық кесімдерінің мемлекеттік тізілімін, нормативтік құқықтық кесімдерінің эталондық бақылау банкін жүргізу ережесін бекіту туралы
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2006 жылғы 29 сәуірдегі № 343 Қаулысы
(2016.28.01. берілген өзгерістер мен толықтырулармен)
ҚР Үкіметінің 2016 жылғы 25 шілдедегі № 439 Қаулысымен күші жойылды
«Нормативтік құқықтық актілер туралы» Қазақстан Республикасының 1998 жылғы 24 наурыздағы Заңының 47-бабын іске асыру мақсатында Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДI:
1. Қоса беріліп отырған Қазақстан Республикасы нормативтік құқықтық кесімдерінің мемлекеттік тізілімін, нормативтік құқықтық кесімдерінің эталондық бақылау банкін жүргізу ережесі бекітілсін.
2. Мыналардың күші жойылды деп танылсын:
1) «Қазақстан Республикасы нормативтік құқықтық актілерінің мемлекеттік тізілімі туралы ережені бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 1997 жылғы 4 желтоқсандағы № 1680 қаулысы (Қазақстан Республикасының ПҮКЖ-ы, 1997 ж., № 52, 478-құжат);
2) «Қазақстан Республикасы Үкіметінің 1997 жылғы 4 желтоқсандағы № 1680 қаулысына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 1998 жылғы 19 тамыздағы № 793 қаулысы (Қазақстан Республикасының ПҮКЖ-ы, 1998 ж., № 29, 251-құжат);
3) «Қазақстан Республикасы Үкіметінің кейбір шешімдеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2002 жылғы 2 қазандағы № 1082 қаулысының 1-тармағының 2) тармақшасы (Қазақстан Республикасының ПҮКЖ-ы, 2002 ж., № 33, 355-құжат).
3. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі | Д. Ахметов |
ҚР Үкіметінің 2014.30.09. № 1045 Қаулысымен ереже жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2006 жылғы 29 сәуірдегі
№ 343 қаулысымен
бекітілген
Қазақстан Республикасы нормативтiк құқықтық актілерінің мемлекеттiк тiзiлiмiн,
нормативтiк құқықтық актілерінің эталондық бақылау банкiн жүргiзу
ережесі
1. Жалпы ережелер
1. Осы Ережеде пайдаланылатын негiзгi ұғымдар:
1) Қазақстан Республикасы нормативтік құқықтық актілерінің мемлекеттік тізілімі (бұдан әрі - Мемлекеттік тізілім) - нормативтік құқықтық актілердің деректемелерін және осы актілер туралы басқа да ақпараттық-анықтамалық сипаттағы мәліметтерді қамтитын Қазақстан Республикасының нормативтік құқықтық актілерін мемлекеттік есепке алудың бірыңғай жүйесі;
2) Қазақстан Республикасы нормативтiк құқықтық актiлерiнiң эталондық бақылау банкi - (бұдан әрі - эталондық банк) олар туралы мәлiметтер Қазақстан Республикасы нормативтiк құқықтық актiлерiнiң мемлекеттiк тiзiлiмiне енгiзiлген, электрондық цифрлық қолтаңбамен куәландырылған нормативтiк құқықтық актiлердiң (өзгерiстермен және толықтырулармен бірге) баспа және электрондық-цифрлық нысандағы жиынтығы;
3) эталондық бақыланатын нормативтік құқықтық актi - бұл «Нормативтiк құқықтық актiлер туралы» 1998 жылғы 24 наурыздағы Қазақстан Республикасының Заңында (бұдан әрі - Заң) түсінігі айқындалған, бастапқы нормативтік құқықтық актіден (өзгерістермен және толықтырулармен бірге) тұратын, қалыптасқан және «Қазақстан Республикасы Әділет министрілігінің Республикалық құқықтық ақпарат орталығы» шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорнының (бұдан әрі - РҚАО) лауазымды адамының электрондық цифрлық қолтаңбасымен қол қойылған баспа және электрондық цифрлық нысандағы туынды нормативтік құқықтық акті;
4) электрондық цифрлық қолтаңба - электрондық цифрлық қолтаңба құралдарымен жасалған және электрондық құжаттың дұрыстығын, оның тиесілігін және мазмұнының өзгермейтіндігін растайтын электрондық цифрлық нышандар терімі;
5) мемлекеттік органдардың электрондық құжат айналымының ақпараттық жүйелері - өзара алмасуды жүзеге асыратын және Эталондық банкті жүргізу мақсатында пайдаланылатын мемлекеттік органдардың электрондық құжаттармен алмасу жүйелерінің жалпы ұғымы.
2. Мемлекеттік тізілім және эталондық банк Қазақстан Республикасының нормативтік құқықтық актілерін бірыңғай мемлекеттік есепке алуды қамтамасыз ету мақсатында құрылады.
3. Мемлекеттік тізілімді және эталондық банкті жүргізуді РҚАО жүзеге асырады.
4. Эталондық банкке енгізілген нормативтік құқықтық актілер хронологиялық тәртіппен есепке алуға жатады.
5. Эталондық бақыланатын нормативтік құқықтық актілерді сақтау мерзімі - үнемі.
6. Заңның 1-бабының 2), 3), 4), 5), 6), 7) тармақшасына сәйкес «қызмет бабында пайдалану үшін», «баспасөзге арналмаған», «жариялауға жатпайды» деген белгілері бар нормативтік құқықтық актілер электрондық түрде эталондық банкте деректемелер түрінде орналасады.
«Ерекше маңызды», «өте құпия», «құпия» белгілері бар нормативтік құқықтық актілер Мемлекеттік тізілімге және Эталондық банкке енгізілуге жатпайды.
2. Мемлекеттік тізілімді және Эталондық банкті жүргізу тәртібі
ҚР Үкіметінің 2016.28.01. № 35 Қаулысымен 7-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
7. Мемлекеттік органдар Қазақстан Республикасы Президентінің, Қазақстан Республикасының Парламенті мен оның палаталарының, Қазақстан Республикасы Үкіметінің, Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесінің және Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының нормативтік құқықтық актілерінің көшірмелерін мемлекеттік органның мөрімен расталған және Заңның 29-бабында көрсетілген нормативтік құқықтық актілерге қол қоюға уәкілетті адамның электрондық цифрлық қолтаңбасымен куәландырылған мемлекеттік және орыс тілдеріндегі бір данада қол қойылған күннен бастап бес жұмыс күні ішінде баспа және электрондық түрде РҚАО-ға жібереді.
ҚР Үкіметінің 2016.28.01. № 35 Қаулысымен 8-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
8. Мемлекеттік органдар Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде және оның аумақтық органдарында мемлекеттік тіркеуден өткен Қазақстан Республикасы министрлерінің және өзге де орталық мемлекеттік органдардың өзге де басшыларының, ведомстволар басшыларының нормативтік құқықтық бұйрықтарының, орталық мемлекеттік органдардың нормативтік құқықтық қаулыларының, Орталық сайлау комиссиясының нормативтік қаулыларының, мәслихаттардың нормативтік құқықтық шешімдерінің, сондай-ақ әкімдіктердің нормативтік құқықтық қаулыларының және әкімдердің нормативтік құқықтық шешімдерінің көшірмелерін мемлекеттік органның мөрімен расталған және Заңның 29-бабында көрсетілген нормативтік құқықтық актілерге қол қоюға уәкілетті адамның электрондық цифрлық қолтаңбасымен куәландырылған мемлекеттік және орыс тілдеріндегі бір данада олар алынған күннен бастап бес жұмыс күні ішінде баспа және электрондық түрде РҚАО-ға жібереді.
Бұл ретте бірлесіп қабылданған нормативтік құқықтық актілерді әзірлеуші мемлекеттік орган Мемлекеттік тізілімге және Эталондық банкке енгізу үшін жібереді.
ҚР Үкіметінің 2016.28.01. № 35 Қаулысымен 9-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
9. Осы Ереженің 7 және 8-тармақтарында көзделген электрондық түрдегі нормативтік құқықтық актілерді РҚАО-ға жіберу мемлекеттік органдардың электрондық құжат айналымының ақпараттық жүйелері арқылы жүргізіледі.
Мемлекеттік органдардың электрондық құжат айналымының ақпараттық жүйелері арқылы РҚАО-ға нормативтік құқықтық актілердің электрондық мәтіндерін жіберу және электрондық цифрлық қолтаңбамен растау мүмкін болмаған кезде, мұндай нормативтік құқықтық актілер оларға электрондық цифрлық қолтаңбамен қол қойылуын қамтамасыз ете отырып, электрондық цифрлық жеткізгіштерде РҚАО-ға ұсынылады.
Нормативтік құқықтық актіні бірлесіп қабылдаған мемлекеттік органдардың бірлесіп қабылданған аталған актілерге электрондық цифрлық қолтаңба қойылуын қамтамасыз етуі, сондай-ақ оларды кейіннен электрондық цифрлық жеткізгіштерде РҚАО-ға беруі әзірлеуші мемлекеттік органға жүктеледі.
10. Келіп түскен нормативтік құқықтық актілерді эталонтық банкте тіркеу оның қағаз және электрондық түрде болуы кезінде жүзеге асырылады.
11. Келіп түскен электрондық түрдегі нормативтік құқықтық актілер өзі расталған электрондық цифрлық қолтаңбаның түпнұсқалылығын және оның деректемелік және мазмұндық бөліктеріне сәйкестігін тексеру рәсімінен өтеді.
Тексерудің нәтижесі теріс болған жағдайда, нормативтік құқықтық актілер электрондық түрде алынбаған деп есептеледі, бұл туралы жөнелтушіге құжаттың алынбау себептерін көрсете отырып, хабарлама жіберіледі.
Құжаттың алынбауы туралы хабарлама алынған күннен бастап 2 жұмыс күні ішінде мемлекеттік органдар нормативтік құқықтық актілерді РҚАО-ға электрондық түрде қайта жібереді.
12. Мемлекеттік тізілімге енгізілуге тиіс нормативтік құқықтық актілер РҚАО-ға келіп түскен сәттен бастап бес жұмыс күні ішінде енгізіледі және оларға тіркеу нөмірі беріледі.
ҚР Үкіметінің 2016.28.01. № 35 Қаулысымен 13-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
13. Осы Ереженің 7 және 8-тармақтарында көрсетілген келіп түскен нормативтік құқықтық актілерді Эталондық банкке енгізу олар РҚАО-ға келіп түскен күннен бастап бес жұмыс күні ішінде жүзеге асырылады.
ҚР Үкіметінің 2016.28.01. № 35 Қаулысымен 14-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
14. Эталондық банкке енгізілген нормативтік құқықтық актілер оларға ағымдағы өзгерістер мен толықтыруларды енгізу, нормативтiк құқықтық актілердің жекелеген бөлiктерiнiң күшi жойылды деп тану не олардың қолданылуын тоқтата тұру арқылы бақыланатын жағдайда ұсталады.
Нормативтік құқықтық актілерге өзгерістер мен толықтырулар енгізілген, нормативтік құқықтық актілердің жекелеген бөліктерінің күші жойылды деп танылған не олардың қолданылуы тоқтатыла тұрған кезде, сондай-ақ олардың мәтініне енгізілетін нормалардың тұжырымын, актінің нысаны, қабылданған күні мен нөмірі туралы ақпаратты нақты көрсететін белгілер енгізіледі.
15. Нормативтiк құқықтық актінің күшi жойылды деп танылған не оның қолданылуы белгiлі бiр мерзiмге тоқтатыла тұрған кезде Мемлекеттiк тiзiлiмге тиiстi жазбалар және Эталондық банкке енгiзiлген нормативтiк құқықтық актінің баспа және электрондық мәтініне тиiстi нормативтiк құқықтық актіге сiлтеме жасай отырып, оның күшi жойылды деп тану не қолданылуын тоқтата тұру туралы белгi жасалады.
16. Эталондық банктi қалыптастыру кезiнде нормативтiк құқықтық актілердің мемлекеттiк және орыс тiлдеріндегi мәтiндерi салыстырылып тексерілмейді.
17. Эталондық банкті қалыптастыру жөніндегі нұсқаулықты, сондай-ақ оған мәліметтер енгізуді Қазақстан Республикасының Әділет министрі айқындайды.