Қазақстан Республикасының салық заңнамасында көзделген салықтық тексерулерді жүргізу кезіндегі жекелеген жағдайларды және осы тармақта көзделген жағдайларды қоспағанда, арнайы зерттеулер, сынақтар, сараптамалар жүргізу қажет болғанда, сондай-ақ тексеру көлемінің ауқымды болуына байланысты бақылау және қадағалау органының басшысы (не оның орнындағы адам) тексеру жүргізудің мерзімін отыз жұмыс күнінен аспайтын мерзімге бір рет қана ұзарта алады.
Тексеру мерзімдері ұзартылған жағдайда мемлекеттік орган міндетті түрде құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі уәкілетті органда тіркей отырып, тексеруді ұзарту туралы қосымша актіні ресімдейді, онда тексеруді тағайындау туралы алдыңғы актінің нөмірі мен тіркелген күні және ұзартудың себебі көрсетіледі.
Тексеру бір айдан аспайтын мерзімге бір рет тоқтатыла тұруы мүмкін.
Тексеру жүргізу аясында шет мемлекеттерден елеулі мәні бар мәліметтер және құжаттар алу, отыз жұмыс күнінен асатын мерзімде арнайы зерттеулер, сынақтар, сараптамалар жүргізу қажет болған жағдайларда тексеру жүргізу мерзімі оларды алғанға не орындағанға дейін тоқтатыла тұрады.
Тексерілетін субъектіні тексеруді тоқтата тұру не қайта бастау туралы хабардар ету құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі уәкілетті органды хабардар ете отырып, тексеруді тоқтата тұруға не қайта бастауға дейін бір күн бұрын жүргізіледі.
Тексеруді тоқтата тұру немесе қайта бастау кезінде тексеруді тоқтата тұру не қайта бастау туралы акт шығарылады.
Тоқтатыла тұрған тексеруді жүргізу мерзімін есептеу ол қайта басталған күннен бастап жалғасады.
Тоқтатыла тұрған және осы бапта белгіленген мерзімдерде қайта басталмаған тексеру бойынша тексерілетін субъектіні тексеруді қайта жүргізуге жол берілмейді.
Салық қызметі органдары жүзеге асыратын тексерулерді жүргізудің, ұзартудың және тоқтата тұрудың тәртібі мен мерзімдерінің ерекшеліктері Қазақстан Республикасының Салық кодексінде айқындалады.
21-бап. Сараптау (талдау, сынақтан өткізу) үшін өнімдердің үлгілерін іріктеу тәртібі
1. Бақылау және қадағалау жүргізу үшін өнім үлгілерін іріктеу, оның ішінде іріктеп алынатын үлгілердің саны нормативтік құқықтық актілердің және Қазақстан Республикасының нормативтік құжаттарының өнімге және өнімдерді сынақтан өткізу әдістеріне қойылатын талаптарға сәйкес анықталады.
2. Өнімдердің үлгілерін іріктеуді бақылау және қадағалау органының лауазымды адамы тексерілетін субъект басшысының немесе өкілінің және тексерілетін субъектінің уәкілетті адамының қатысуымен жүргізеді және өнімнің үлгілерін іріктеу актісімен расталады.
Өнімдердің іріктеп алынған үлгілері жинақталған, буып-түйілген және пломбыланған (мөр басылған) болуға тиіс.
3. Өнімдердің үлгілерін іріктеу актісі үш данада жасалады. Актінің барлық даналарына өнімдердің үлгілерін іріктеп алған лауазымды адам және тексерілетін субъектінің басшысы не өкілі қол қояды.
Іріктеу актісінің бір данасы жолдамамен және тиісті түрде іріктеп алынған өнімнің үлгілерімен бірге сараптау (талдау, сынақтан өткізу) үшін Қазақстан Республикасының заңнамасымен уәкілеттік берілген ұйымға жіберіледі.
Өнімдердің үлгілерін іріктеу актісінің екінші данасы тексерілетін субъектіде қалады.
Өнімдердің үлгілерін іріктеу актісінің үшінші данасы өнімдердің үлгілерін іріктеуді жүзеге асырған бақылау және қадағалау органының лауазымды адамында сақталады.
4. Іріктеп алынған өнімдердің үлгілерін сақтау және тасымалдау осы үлгілерді сараптау (талдау, сынақтан өткізу) жүргізілетін өлшемдерді өзгертуге тиіс емес.
Сараптау (талдау, сынақтан өткізу) үшін өнімдердің үлгілерін іріктеп алатын бақылау және қадағалау органының лауазымды адамы, олардың сақталуын және сараптаманы (талдауды, сынақты) жүзеге асыру орнына уақтылы жеткізілуін қамтамасыз етеді.
5. Өнімдердің үлгілерін іріктеумен байланысты шығыстар бюджет қаражаты есебінен қаржыландырылады.
6. Сараптама нәтижелерімен тексерілетін субъектінің осы Заңның 5-бабына сәйкес Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген міндетті талаптарды бұзу фактісі расталған жағдайда, ол Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен сараптама жүргізу жөніндегі шығыстарды өтеуге міндетті.
7. Тексерілетін субъекті өз бастамасы бойынша Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес сараптама (талдау, сынақ) жүргізуге уәкілетті ұйымда өзінде қалған үлгіге сараптама (талдау, сынақ) жүргізе алады.
Бақылау және қадағалау органы және тексерілетін субъект жүргізген сараптамалар нәтижелерінің алшақтықтары туралы дау сот тәртібімен шешіледі.
22-бап. Өнімдердің үлгілерін іріктеу актісі
Өнімдердің үлгілерін іріктеу актісінде:
1) жасалу орны және күні;
2) соның негізінде өнімдердің үлгілерін іріктеу жүзеге асырылатын бақылау және қадағалау органы басшысы шешімінің нөмірі және күні;
3) өнімдердің үлгілерін іріктеуді жүзеге асыратын лауазымды адамның лауазымы, тегі, аты және әкесінің аты;
4) өнімдердің үлгілерін іріктеу жүргізілетін тексерілетін субъектінің атауы және орналасқан жері;
5) тексерілетін субъект уәкілетті адамының лауазымы және тегі, аты, әкесінің аты;
6) өндірушіні, өндіру күнін, партияның сериясын (нөмірін), үлгілердің жалпы құнын көрсете отырып, іріктеп алынған өнімдер үлгілерінің тізбесі және саны;
7) буып-түю түрі және мөрдің (пломбының) нөмірі көрсетіледі.
23-бап. Тексеру жүргізу кезіндегі шектеулер
Тексеру жүргізу кезінде бақылау және қадағалау органы лауазымды адамдарының:
1) егер мұндай талаптар мемлекеттік органның атынан әрекет ететін лауазымды адамдардың құзыретіне жатпаса, осы Заңның 5-бабына сәйкес Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген талаптардың орындалуын тексеруге;
2) егер құжаттар, ақпарат, өнім үлгілері, қоршаған орта объектілерін және өндірістік орта объектілерін зерттеу сынамалары тексеру объектілері болып табылмаса немесе тексеру нысанасына жатпаса, оларды ұсынуды талап етуге;
2012.10.07. № 31-V ҚР Заңымен 3) тармақша өзгертілді (бұр.ред.қара)
3) өнім үлгілеріне, қоршаған орта объектілерін және өндірістік орта объектілерін зерттеу сынамаларына зерттеу, сынау, өлшеу жүргізу үшін көрсетілген үлгілердің, сынамалардың белгіленген нысан бойынша және (немесе) ұлттық стандарттарда, үлгілерді, сынамаларды іріктеп алу қағидаларында және олардың зерттеу, сынау, өлшеу әдістерінде, техникалық регламенттерде немесе олар күшіне енетін күнге дейін қолданыста болатын өзге де нормативтік техникалық құжаттарда, зерттеу, сынау, өлшеу қағидаларында және әдістерінде белгіленген нормадан асатын санда іріктеп алынуы туралы хаттамаларды ресімдемей, оларды іріктеп алуға;
4) Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген жағдайларды қоспағанда, тексеру жүргізу нәтижесінде алынған және коммерциялық, салықтық немесе заңмен қорғалатын өзге де құпия болып табылатын ақпаратты жария етуге және (немесе) таратуға;
5) тексеру жүргізудің белгіленген мерзімдерінен асып кетуге;
6) осы Заңның 16-бабы 7-тармағының 2), 4), 6), 7) және 8) тармақшаларында көзделген жағдайларды қоспағанда, белгілі бір мәселе бойынша, белгілі бір кезең ішінде бұрын тексеру жүргізілген тексерілетін субъектіге қатысты көрінеу қайта тексеру жүргізуге;
7) мемлекеттік бақылау мақсатында тексерілетін субъектілердің есебінен шығынды сипаттағы іс-шараларды жүргізуге құқығы жоқ.
24-бап. Тексерулерді ресімдеу тәртібі
1. Тексерудің нәтижелері бойынша бақылау және қадағалау органының лауазымды адамы екі данада тексеру нәтижелері туралы акті жасайды.
Тексеру нәтижелері туралы актіде:
1) актінің жасалған күні, уақыты және орны;
2) бақылау және қадағалау органының атауы;
3) оның негізінде тексеру жүргізілген, тексеруді тағайындау туралы акті жасалған күні мен оның нөмірі;
4) тексеру жүргізген адамның (адамдардың) тегі, аты, әкесінің аты (ол болған жағдайда) және лауазымы;
5) тексерілетін субъектінің атауы немесе тегі, аты, әкесінің аты (ол болған жағдайда), тексеруді жүргізу кезінде сол жерде болған жеке немесе заңды тұлға өкілінің лауазымы;
6) тексерудің жүргізілген күні, орны және кезеңі;
7) тексерудің нәтижелері туралы, оның ішінде анықталған бұзушылықтар туралы, олардың сипаты туралы мәліметтер;
8) тексерілетін субъекті өкілінің, сондай-ақ тексеруді жүргізу кезінде қатысқан адамның актімен танысуы туралы немесе танысудан бас тартуы туралы мәліметтер, олардың қолы немесе қол қоюдан бас тартуы;
9) тексеруді жүргізген лауазымды адамның (адамдардың) қолы көрсетіледі.
Тексерудің нәтижелері туралы актіге олар болған жағдайда өнімдердің үлгілерін (сынамаларын) іріктеу, қоршаған орта объектілерін зерттеу туралы актілер, жүргізілген зерттеулердің (сынақтардың) және сараптамалардың хаттамалары (қорытындылары) және тексеру нәтижелерімен байланысты басқа да құжаттар немесе олардың көшірмелері қоса беріледі.
2. Тексерудің нәтижелері бойынша ескертулер және (немесе) қарсылықтар болған жағдайда, заңды тұлғаның басшысы немесе жеке тұлға не олардың өкілдері оларды жазбаша түрде баяндайды.
Ескертулер және (немесе) қарсылықтар тексеру жүргізудің нәтижелері туралы актіге қоса беріледі, ол туралы тиісті белгі жасалады.
3. Тексерілетін субъектіде түпнұсқа ретінде болатын құжаттардың көшірмелерін қоспағанда, қосымшаларының көшірмелері бар тексерудің нәтижелері туралы актінің бір данасы танысу және анықталған бұзушылықтарды жою жөнінде шаралар қабылдау және басқа да іс-қимылдар үшін заңды тұлғаның басшысына немесе жеке тұлғаға не олардың өкілдеріне тапсырылады.
2011.05.07. № 452-IV ҚР Заңымен 4-тармақ өзгертілді (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін үш ай өткен соң қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
4. Тексеру нәтижесінде анықталған бұзушылықтар бойынша тексерілген субъекті үш жұмыс күнінен кешіктірмей, қарсылықтар болмағанда тексеруді жүргізген мемлекеттік органның басшысымен келісілген мерзімдерді көрсете отырып, анықталған бұзушылықтарды жою жөнінде қабылданатын шаралар туралы ақпарат беруге міндетті.
5. Тексерілетін субъектілердің келушілер мен тексерулерді есепке алу кітабын жүргізуге құқығы бар. Бақылау және қадағалау органдарының лауазымды адамдары тексерілетін субъектілердің келушілер мен тексерулерді есепке алу кітабында тегін, лауазымдарын және актіде баяндалған деректерді көрсете отырып, жүргізілген іс-әрекет туралы жазба жасауға міндетті.
6. Түпнұсқалық бухгалтерлік және өзге де құжаттарды алып қоюға және алуға тыйым салынады.
Түпнұсқалық құжаттарды алып қою және алу Қазақстан Республикасы Қылмыстық іс жүргізу кодексінің нормаларына сәйкес, сондай-ақ Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінде көзделген жағдайларда жүргізіледі.
7. Тексеру жүргізілген кезде осы Заңның 5-бабына сәйкес Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген талаптарды бұзушылық болмаған жағдайда тексеру нәтижелері жөніндегі актіге тиісті жазба жасалады.
8. Тексерілетін субъектіге тексеруді тағайындау туралы актіде көрсетілген тексеруді аяқтау мерзімінен кешіктірілмей тексеру нәтижелері туралы актінің тапсырылған күні тексеру мерзімінің аяқталуы деп есептеледі.
25-бап. Бақылау және қадағалау органдарының лауазымды адамдарының тексерулер жүргізу кезінде анықталған бұзушылықтар фактілері бойынша қабылдайтын шаралары
Егер тексеру жүргізу нәтижесінде тексерілетін субъектінің осы Заңның 5-бабына сәйкес Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген талаптарды бұзушылықтардың фактісі анықталған болса, бақылау және қадағалау органының лауазымды адамы (адамдары) Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген өкілеттіктер шегінде анықталған бұзушылықтарды жою, олардың алдын алу, адамның өміріне, денсаулығына және қоршаған ортаға, жеке және заңды тұлғалардың заңды мүдделеріне ықтимал зиян келтіруді болдырмау жөнінде Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген шараларды қабылдауға, сондай-ақ бұзушылыққа жол берген адамдарды Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген жауаптылыққа тарту жөнінде шаралар қабылдауға міндетті.
Тексерілетін субъектіге қатысты тыйым салу-шектеу сипатындағы шаралар қабылдаған кезде бақылау және қадағалау органы Қазақстан Республикасының заңдарында айқындалған жағдайларда және тәртіппен прокурорды хабардар етеді.
26-бап. Мемлекеттік органдар лауазымды адамдарының бақылауды және қадағалауды жүзеге асыру кезiндегi құқықтары мен мiндеттерi
1. Тексерілетін субъектілерге бақылау және қадағалау жүргізу кезiнде мемлекеттік органдардың лауазымды адамдарының:
1) осы Заңның 19-бабының 2-тармағында көрсетiлген құжаттарды көрсеткен кезде тексерiлетiн объектiнiң аумағына және үй-жайларына кедергiсiз кiруге;
2) қағаз және электронды жеткiзгiштердегi құжаттарды (мәлiметтердi) не олардың көшiрмелерiн тексеру нәтижелерi туралы актiге қосу үшiн алуға, сондай-ақ тексерудiң мiндеттерi мен нысанасына сәйкес автоматтандырылған деректер қорына (ақпараттық жүйелерге) қол жеткiзуге;
3) мемлекеттік органдардың және ведомстволық бағынысты ұйымдардың мамандарын, консультанттарын және сарапшыларын тартуға құқығы бар.
2. Тексерудi жүзеге асыратын бақылау және қадағалау органдарының лауазымды адамдарына тексеру нысанасына жатпайтын талаптар қоюға және өтiнiш жасауға тыйым салынады.
3. Бақылауды және қадағалауды жүргiзу кезiнде бақылау мен қадағалау органдарының лауазымды адамдары:
1) Қазақстан Республикасының заңнамасын, тексерілетін субъектілердің құқықтары мен заңды мүдделерiн сақтауға;
2) тексерудi осы Заңда және (немесе) Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында белгiленген негiзде және тәртiппен қатаң сәйкестiкте жүргiзуге;
3) тексеру жүргiзу кезеңiнде тексерілетін субъектілердің белгiленген жұмыс режимiне кедергi келтiрмеуге;
4) осы Заңның 5-бабына сәйкес Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген талаптарды бұзушылықтың алдын алу, анықтау және жолын кесу бойынша Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес берiлген өкiлеттiктердi уақтылы және толық көлемде орындауға;
5) тексеру жүргiзу кезiнде тексерілетін субъектiнiң қатысуына кедергi келтiрмеуге, тексеру нысанасына жатқызылған мәселелер бойынша түсiнiктер беруге;
6) тексеру жүргiзу кезiнде тексерілетін субъектiге тексерудiң мәнiне қатысты қажеттi ақпарат беруге;
2012.05.07. № 30-V ҚР Заңымен 7) тармақша жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
7) тексеру аяқталған күнi не «Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі туралы» Қазақстан Республикасының Заңында белгіленген тәртіппен және мерзімдерде тексерілетін субъектiге жүргiзiлген тексерудiң нәтижелерi туралы актiнi беруге;
8) алынған құжаттардың және тексеру жүргiзу нәтижесiнде алынған мәлiметтердiң сақталуын қамтамасыз етуге мiндеттi.
27-бап. Бақылау және қадағалау жүргізу кезіндегі тексерілетін субъектінің құқықтары мен міндеттері
1. Бақылау және қадағалау жүргізу кезінде тексерілетін субъектілер мыналарға:
2012.10.07. № 36-V ҚР Заңымен 1) тармақша өзгертілді (бұр.ред.қара)
1) тексеру жүргізу үшін объектіге келген бақылау және қадағалау органдарының лауазымды адамдарын мынадай:
жоспарлы тексерулер тағайындалған кезде алдыңғы тексерулерге қатысты уақыт аралығы сақталмаған;
тексеру тағайындау туралы актіде көрсетілген мерзімдер асып кеткен не өтіп кеткен, осы Заңда белгіленген мерзімдерге сәйкес келмеген;
осы Заңның 16-бабы 7-тармағының 2), 4), 6) 7) және 8) тармақшаларында көзделген жағдайларды қоспағанда, мемлекеттік орган белгілі бір мәселе бойынша, белгілі бір кезеңде бұрын тексеру жүргізілген тексерілетін субъектіге қатысты көрінеу қайта тексеру тағайындаған;
егер алдыңғы тексеру кезінде бұзушылықтар анықталмаған болса, осы Заңның 16-бабы 7-тармағының 1) тармақшасына сәйкес жоспардан тыс тексеру тағайындалған;
осы Заңның 13, 14, 15-баптарында және 18-бабының 1-тармағында көзделген ақпарат пен құжаттар болмаған;
егер Қазақстан Республикасының Салық кодексінде өзгеше көзделмесе, жасалған не әзірленіп жатқан қылмыстар туралы өтініште немесе хабарламада, жеке, заңды тұлғалардың және мемлекеттің құқықтары мен заңды мүдделерін бұзу туралы өзге де өтініштерде көрсетілген уақыт аралығының шеңберінен шығатын кезеңде тексеру тағайындалған;
тексеру жүргізуге тиісті өкілеттіктері жоқ адамдарға тексеру жүргізу тапсырылған;
осы Заңның 16-бабының 3-тармағында көрсетілген жағдайларды қоспағанда, тексеруді тағайындау туралы бір актіде тексеруге тартылатын бірнеше тексерілетін субъектілер көрсетілген;
тексеру мерзімдері осы Заңда белгіленген мерзімнен асырып ұзартылған;
осы Заңның 28-бабының 2-тармағына сәйкес осы Заңның талаптары өрескел бұзылған жағдайларда тексеруге жібермеуге;
2) егер жүргізілетін тексерудің нысанасына жатқызылмаған немесе актіде көрсетілген кезеңге жатқызылмаған болса, мәліметтер бермеуге;
3) тексеруді тағайындау туралы актіге, тексерудің нәтижелері туралы актіге және мемлекеттік органдардың лауазымды адамдарының іс-әрекетіне (әрекетсіздігіне) Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен шағым жасауға;
4) мемлекеттік органдардың немесе лауазымды адамдардың тексерілетін субъектілердің қызметін шектейтін, заңға негізделмеген тыйым салуларын орындамауға;
5) тексеруді жүзеге асыру үдерісін, сондай-ақ лауазымды адамның қызметіне кедергі келтірместен, аудиотехника және бейнетехника құралдарының көмегімен лауазымды адамның тексеру шеңберінде жүргізген жекелеген іс-әрекеттерін тіркеуге;
6) үшінші тұлғалардың өз мүдделері мен құқықтарын білдіруі, сондай-ақ үшінші тұлғалардың осы баптың 1-тармағының 5) тармақшасында көзделген іс-әрекеттерді жүзеге асыруы мақсатында оларды тексеруге қатысуға тартуға құқылы.
2. Мемлекеттік органдар бақылау және қадағалау жүргізген кезде тексерілетін субъектілер:
1) осы Заңның 18-бабы 1-тармағының талаптарын сақтай отырып, тексерілетін субъектінің аумағына және үй-жайларына бақылау және қадағалау органдары лауазымды адамдарының кедергісіз кіруін қамтамасыз етуге;
2) коммерциялық, салықтық не өзге де құпияны қорғау талаптарын сақтай отырып, бақылау және қадағалау органдарының лауазымды адамдарына қағаз және электронды жеткізгіштердегі құжаттарды (мәліметтерді) не олардың көшірмелерін тексерудің нәтижелері туралы актіге қоса тіркеу үшін табыс етуге, сондай-ақ тексерудің міндеттері мен нысанасына сәйкес автоматтандырылған дерекқорға (ақпараттық жүйелерге) қол жеткізуіне мүмкіндік беруге;
3) тексеруді тағайындау туралы актінің екінші данасында оны алғаны туралы белгі жасауға;
4) жүргізілген тексеру аяқталған күні нәтижелері туралы актіні алғаны туралы оның екінші данасында белгі жасауға;
5) егер осы Заңда не Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында өзгеше көзделмесе, тексеруді жүзеге асыру кезеңінде тексерілетін құжаттарға өзгерістер мен толықтырулар енгізуге жол бермеуге;
6) объектіге тексеру жүргізу үшін келген адамдардың осы объекті үшін белгіленген нормативтерге сәйкес зиянды және қауіпті өндірістік факторлар әсерінен қауіпсіздігін қамтамасыз етуге міндетті.
28-бап. Осы Заңның талаптарын өрескел бұза отырып жүргізілген тексерудің жарамсыздығы
1. Егер бақылау және қадағалау органы тексеруді осы Заңда белгіленген тексеруді ұйымдастыру мен жүргізуге қойылатын талаптарды өрескел бұза отырып жүзеге асырса, тексеру жарамсыз деп танылады.
Жарамсыз деп танылған тексеру актісі осы Заңның 5-бабына сәйкес Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген талаптарды тексерілетін субъектілердің бұзуының дәлелі болып табылмайды.
Тексерудің жарамсыз деп танылуы жоғары тұрған мемлекеттік органның немесе соттың оның күшін жоюына негіз болып табылады.
Жоғары тұрған мемлекеттік органның тексерудің жарамсыздығына байланысты актінің күшін жою туралы тексерілетін субъектінің өтінішін қарауы өтініш берілген кезден бастап он жұмыс күні ішінде жүзеге асырылады.
Мұндай өтінішті қараудың белгіленген мерзімі бұзылған жағдайда шешім тексерілетін субъектінің пайдасына шешіледі.
2. Осы Заңның талаптарын өрескел бұзушылыққа:
1) тексеру жүргізуге негіздің болмауы;
2) тексеру тағайындау туралы актінің болмауы;
3) тексеру жүргізу туралы хабарлау мерзімінің сақталмауы;
4) осы Заңның 23-бабының талаптарын бұзу;
5) жоспарлы тексеру тағайындау кезінде алдыңғы тексеруге қатысты уақыт аралығын бұзу;
6) тексерілетін субъектіге тексеру тағайындау туралы актіні табыс етпеу;
2012.10.07. № 36-V ҚР Заңымен 7) тармақша өзгертілді (бұр.ред.қара)
7) мемлекеттік органдардың өздерінің құзыретіне кірмейтін мәселелер бойынша тексерулер тағайындауы;
2012.10.07. № 36-V ҚР Заңымен 8) тармақшамен толықтырылды
8) тексеруді тағайындау туралы актіні тіркеу міндетті болғанда, оны құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі органдарда тіркеместен, тексеру жүргізу жатады.
29-бап. Бақылауды және қадағалауды жүзеге асыратын мемлекеттік органдар мен олардың лауазымды адамдарының шешiмдерiне, iс-әрекетiне (әрекетсiздiгiне) шағымдану тәртібі
1. Бақылауды және қадағалауды жүзеге асыру кезiнде тексерілетін субъектiлердiң құқықтары мен заңды мүдделерi бұзылған жағдайда тексерілетін субъектi тиісті бақылау және қадағалау органының және (немесе) лауазымды адамның iс-әрекетiне (әрекетсiздiгiне) Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген тәртiппен жоғары тұрған мемлекеттік органға не сотқа шағымдануға құқылы.
2. Тексерілетін субъектiнiң мемлекеттік органдардың қылмыстық iстi қозғаумен және тексеру жүргiзумен байланысты iс-әрекетiне (әрекетсiздiгiне) шағымдануы Қазақстан Республикасының қылмыстық iс жүргiзу заңнамасында белгiленген тәртiппен жүзеге асырылады.
3-тарау. ҚОРЫТЫНДЫ ЕРЕЖЕЛЕР
30-бап. Қазақстан Республикасының бақылау және қадағалау саласындағы заңнамасын бұзғаны үшiн жауаптылық
Қазақстан Республикасының бақылау және қадағалау саласындағы заңнамасын бұзу Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген жауаптылыққа әкеп соғады.
31-бап. Осы Заңды қолданысқа енгізу тәртібі
1. Осы Заң алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
2012.12.01. № 538-ІV ҚР Заңымен 2-тармақ өзгертілді (2012 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
2. 2013 жылғы 1 қаңтарға дейін осы Заңның 17-бабы 2-тармағының 5) тармақшасындағы «сәйкестендіру нөмірі» деген сөздер «салық төлеушінің тіркеу нөмірі» деп есептелсін.
Қазақстан Республикасының
Президенті
Н. НАЗАРБАЕВ
Астана, Ақорда, 2011 жылғы қаңтардың 6-сы.
№ 377-IV ҚРЗ
«Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік
бақылау және қадағалау туралы»
2011 жылғы Қазақстан Республикасының
Заңына қосымша
Мемлекеттік бақылау және қадағалау жүзеге асырылатын жеке кәсіпкерлік
субъектілері қызметінің салалары
1. Мемлекеттік бақылау:
1) электр энергетикасы саласында;
2012.13.01. № 542-IV ҚР Заңымен 1-1) тармақшамен толықтырылды (ресми жарияланғанынан кейін алты ай өткен соң қолданысқа енгiзiлді)
1-1) энергия үнемдеу және энергия тиімділігін арттыру саласында;
2) жер қойнауын пайдалану саласындағы келісімшарттар талаптарының сақталуына;
3) жер қойнауын зерттеу және пайдалану саласында;
4) 2012.10.07. № 36-V ҚР Заңымен алып тасталды (бұр.ред.қара)
2012.09.01. № 533-IV ҚР Заңымен 4-1) тармақшамен толықтырылды
4-1) газ және газбен жабдықтау саласында;
5) халықтың радиациялық қауіпсіздігі саласында;
6) мұнай операцияларын жүргізу саласында;
7) мұнай өнімдерінің жекелеген түрлерінің өндірілуіне және айналымына;
8) атом энергиясы саласында;
9) автомобиль көлігі саласында;
10) темір жол көлігі саласында;
11) Мемлекеттік шекарадан өткізу пункттерінде көлік құралдарының иелері мен тасымалдаушының жолаушылар алдындағы азаматтық-құқықтық жауапкершілігін міндетті сақтандыру саласында;
2013.04.07. № 132-V ҚР Заңымен 12-1) тармақшамен толықтырылды
12-1) сауда мақсатында теңізде жүзу саласында;
2013.04.07. № 132-V ҚР Заңымен 12-2) тармақшамен толықтырылды
12-2) ішкі су көлігі саласында;
12) көлік саласында;
13) өнімді тиеп жіберу алдындағы кезеңге және (немесе) оның түпкілікті пайдаланылуына экспорттық бақылау саласында;
14) техникалық реттеу саласында;
15) сәйкестікті бағалау саласындағы Қазақстан Республикасының аккредиттеу туралы заңнамасының сақталуына;
16) метрология саласында;
17) тұрғын үй қатынастары саласында;
18) асыл тұқымды мал шаруашылығы және ара шаруашылығы саласында;
19) жануарлар дүниесін қорғау, молайту және пайдалану саласында;
20) тұқым шаруашылығы саласында;
21) астық нарығын реттеу саласында;
2012.25.01. № 548-IV ҚР Заңымен 22) тармақша өзгертілді (бұр.ред.қара)
22) орман қорын күзету, қорғау, пайдалану, ормандарды молықтыру мен орман өсіру саласында;
2014.11.04. № 189-V ҚР Заңымен 23) тармақшаға өзгерістерді қараңыз (2015 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі)
23) Қазақстан Республикасының су қорын пайдалану және қорғау саласында;