осы Заңның 20-бабының 3, 4, 5, 6, 7, 8 және 9-тармақтарында көзделген іс-шараларды жүзеге асыру.
4-тарау. КОНЦЕССИЯ ШАРТЫ
2008.05.07. № 66-IV ҚР Заңымен (бұр.ред.қара); 2009.29.12 № 233-ІV ҚР Заңымен (бұр.ред.қара); 2012.09.01. № 535-IV ҚР Заңымен (бұр.ред.қара) 21-бап өзгертілді; 2013.04.07. № 131-V ҚР Заңымен 21-бап жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
21-бап. Концессия шартының мазмұны
1. Концессия шартында:
1) концессия объектiсi туралы мәлiметтер, оның сипатталуы, оның ішінде мүліктің құрамы, техникалық жай-күйі, қызмет мерзімі, берілетін концессия объектісінің бастапқы, қалдық және қалпына келтіру құны туралы мәліметтер;
2) концессионердiң концессия объектiсiне құқықтары туралы, оның ішінде концессия шарты тоқтатылған жағдайда құрылысы аяқталмаған концессия объектісіне құқықтары және (немесе) белгілі бір қызмет түрін жүзеге асыруға құқықтары туралы талаптар, концессия шартының талаптарын орындау кезінде пайда болған зияткерлік шығармашылық қызмет нәтижелеріне мүліктік құқықтар туралы талаптар;
3) концессионердің көрсетілетін қызметтердi қажеттi мөлшерде және сапада ұсынуы мақсатында объектiге реконструкция жүргiзудiң шарттары мен көлемi;
4) концессионер шығындарының орнын толтыру және табыс алу көздерi;
5) тауарларға (жұмыстарға, көрсетілетін қызметтерге) тарифтерді (бағаларды, алымдар мөлшерлемелерін) қалыптастыру және бекіту тәртібі;
6) инвестициялардың, оның iшiнде негiзгi қорларға инвестициялардың мөлшерi туралы шартты, әзiрленген бизнес-жоспарға (жұмыс бағдарламасына) сәйкес концессиялық жобаны қаржыландырудың мерзiмдерi, көздерi мен шарттары;
7) қызмет түрлерi (концессия шартының талаптары бойынша орындалатын (ұсынылатын) жұмыстар (көрсетілетін қызметтер);
8) концессия шарты бойынша концессионер ұсынатын тауарлардың (жұмыстардың, көрсетілетін қызметтердiң) сапа стандарттары;
9) концессия шартының қолданылу мерзiмi;
10) тараптардың құқықтары мен мiндеттерi;
11) қоршаған ортаны қорғау және жұмыстарды жүргiзу қауiпсiздiгі жөніндегі талаптар;
12) объектіні қабылдауға уәкілеттік берілген тұлғаларды қоса алғанда, тараптардың концессия объектісін беру тәртібі мен шарттары және оның сапасына қойылатын талаптар, сондай-ақ концессия объектісінің құрамына кірмейтін өзге де мүлікті беруге негіз болатын құқықты көрсете отырып, көрсетілген мүлікті берудің тәртібі мен шарттары;
13) тараптардың жауапкершiлiгi;
14) концессия шартын өзгерту және тоқтату талаптары;
15) тараптардың орналасқан жерi (заңды мекенжайы) және банктiк деректемелерi;
16) концеденттiң концессия шартының орындалуын бақылауды жүзеге асыру тәртiбi;
17) концессионердiң қабылданған мiндеттемелердi орындауын бағалау критерийлері, олар орындалмаған немесе тиісінше орындалмаған жағдайда тұрақсыздық айыппұлын төлеу және мемлекеттік концессиялық міндеттемелер көлемін азайту тәртiбi;
18) осы Заңның 14-бабына сәйкес мемлекеттiк қолдау ұсынылған жағдайда оның түрлерi, ұсынылу көлемi, мерзiмдерi мен шарттары;
19) жергілікті қамту жөнiндегi мiндеттемелер;
20) концессионердiң жыл сайын, сатып алуды жүргiзу үшiн жоспарланатын жылдың 1 ақпанынан кешiктiрмей тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтердi сатып алудың алдағы жылға арналған жылдық бағдарламасы мен сатып алынған тауарлар, жұмыстар, көрсетілетін қызметтер туралы ақпаратты сауда қызметін реттеу саласындағы уәкiлеттi органға ол белгiлеген нысан бойынша және мерзiмдерде беру жөнiндегi мiндеттемелерi;
21) тәуекелдердің тараптар арасында бөлінуі;
22) концессия шарты бойынша берілетін мүлікті күтіп-ұстау ауыртпалығының, сондай-ақ көрсетілген мүліктің кездейсоқ жойылу немесе кездейсоқ бүліну тәуекелдерінің өту шарттары мен мерзімдері;
23) концеденттің мүдделерін білдіретін уәкілетті мемлекеттік органдар туралы мәліметтер;
24) концессия объектісін құру (реконструкциялау) жөніндегі жұмыстарды орындау, оны пайдалануға беру мерзімі, сондай-ақ осы мерзімді ұзарту тәртібі;
25) концессия шартын орындау, атап айтқанда, концессия шарты шеңберінде белгілі бір іс-қимылды орындауға, ақшаны жинауға және бөлуге, өзге төлемдерді концессия шартына сәйкес көлемде және тәртіппен жүзеге асыруға, сондай-ақ өзге де құқықтар мен міндеттерді орындауға келісім беру үшін тартылатын өзге де тұлғалардың құқықтары мен міндеттері;
26) концессия шартының талаптарын біржақты өзгертудің және (немесе) оны орындаудан біржақты бас тартудың айрықша жағдайлары;
27) концессия шарты бойынша дауларды шешу тәртібі;
28) концессия шарты мерзімінен бұрын тоқтатылған жағдайда, тараптар шығыстарының орнын толтыру тәртібі қамтылуға тиіс.
2. Концессия шартында, сондай-ақ:
1) концессия шарты тараптары міндеттемелерінің орындалуын қамтамасыз ету тәсілдері;
2) концессия шартында көзделген қызметті жүзеге асыруға байланысты табыстардың концедент пен концессионер арасында бөлінуі;
3) концессия объектісін пайдалануды жүзеге асыру үшін концессионер тартатын ұйымды және онымен жасалатын шарттың елеулі талаптарын келісу;
4) концессия объектісін құру (реконструкциялау) үшін концессионер тартатын мердігерді (бас мердігерді) және онымен жасалатын шарттың елеулі талаптарын келісу;
5) Қазақстан Республикасының заңнамасына қайшы келмейтін өзге де шарттар көзделуі мүмкін.
3. Концессия шартына тараптардың келісуі бойынша өзгерістер енгізілетін жағдайларды қоспағанда, концессия шартының талаптары ол қолданылатын бүкіл мерзімде күшін сақтайды.
4. Концессия шартында концеденттің қоғам мен мемлекет мүдделерінде концессия шартының талаптарын біржақты тәртіппен өзгерту немесе концессия шартын бұзу жағдайы көзделуге тиіс, бұл ретте концессия шартында Қазақстан Республикасының заңнамасына қайшы келмейтін, оның ішінде мұндай іс-әрекеттер ұлттық және экологиялық қауіпсіздікті, денсаулық сақтауды және имандылықты қамтамасыз ету мақсатында жасалатын осындай жағдайлардың толық тізбесі қамтылуға тиіс.
5. Концедент осы баптың 4-тармағында көрсетілген құқықты іске асырған жағдайда, концедент концессионерге концессия шарты талаптарының өзгеруіне байланысты қосымша шығындарды өтеуге, сондай-ақ концессия шартының бұзылуына байланысты концессионер шеккен залалдың орнын толтыруға міндетті.
6. Концессионер концессия шарты бойынша өз құқықтарын концеденттің жазбаша келісімімен ғана кепілге беруге құқылы.
Концессия шарты бойынша концессионердің талаптарын басқаға беруге немесе борышын ауыстыруға, өзіне (өздеріне) концессионердің құқықтары мен міндеттері өтетін тұлға (тұлғалар) осы Заңның 18-бабында белгіленген талаптарға сәйкес келген жағдайда, концеденттің келісімімен жол беріледі.
2013.04.07. № 131-V ҚР Заңымен 21-1-баппен толықтырылды
21-1-бап. Концессия шартының түрлері
1. Концессия шарты мынадай түрлерде жасалады:
1) концессия объектісін кейіннен мемлекет меншігіне бере отырып, концессионердің концессия объектісін құруын көздейтін концессия шарты;
2) концессионер мен концеденттің концессия объектісін құру (реконструкциялау) және пайдалану бойынша бірлескен қызметін көздейтін концессия шарты;
3) мемлекеттік меншіктегі концессия объектісін реконструкциялау және пайдалану мақсатында концессионерге сенімгерлік басқаруға не мүліктік жалдауға (жалға алуға) беруді көздейтін концессия шарты;
4) концессионердің меншігіндегі концессия объектісін концедентке не ол уәкілеттік берген тұлғаға мүліктік жалдауға (жалға алуға) беруді, оның ішінде концессия объектісін концеденттің сатып алу құқығымен беруді көздейтін концессия шарты.
2. Концессия шарты осы баптың 1-тармағында көзделген шарттардың бір немесе бірнеше түрінің элементтерін қамтуы, сондай-ақ концессия объектісін құруға (реконструкциялауға) және пайдалануға бағытталған, Қазақстан Республикасының заңнамасында тыйым салынбаған өзге де шарттардың элементтерін қамтуы мүмкін.
3. Концессия шартында мемлекеттік меншіктегі концессия объектісін жеке меншікке иеліктен шығаруға бағытталған талаптар қамтылмауға тиіс.
22-бап. Концессия шартының нысаны
1. Концессия шарты жазбаша нысанда жасалады.
2. Концессия шарты Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен мемлекеттік тіркелуге жатады.
23-бап. Концессия шартының қолданылу мерзімi
1. Концессия шарты отыз жылға дейінгі мерзімге жасалады.
2. Концессионер өзіне қабылдаған міндеттемелерді орындаған жағдайда, концессия шарты тараптардың келісімімен белгіленетін қосымша кезеңге жаңа шарт жасасу арқылы ұзартылуы мүмкін.
Өз міндеттерін тиісінше орындаған концессионерге конкурссыз негізде жаңа келісім жасасу құқығы беріледі.
3. Жаңа мерзімге концессия шартын жасасу кезінде тараптар келісімі бойынша шарт талаптары өзгертілуі мүмкін.
24-бап. Концессия шартын тоқтату
Концессия шарты міндеттемелерді тоқтатудың жалпы негіздемелерімен қатар:
1) концессия шартының бұзылуына немесе қолданылу мерзімінің өтіп кетуіне;
2) концессионердің таратылуына;
3) 2008.05.07. № 66-IV ҚР Заңымен алып тасталды (бұр.ред.қара)
4) Қазақстан Республикасының азаматтық заңнамасында немесе концессия шартында көзделген өзге де жағдайларда тоқтатылады.
2013.04.07. № 131-V ҚР Заңымен 25-бап өзгертілді (бұр.ред.қара)
25-бап. Концеденттің құқықтары мен міндеттерi
1. Концедент:
1) концессия шартының талаптары туралы концессионермен келіссөздер жүргізуге;
2) концессионердің кінәсінен концессия объектісінің жай-күйі нашарлаған жағдайда, концессионерден залалдарды өтеуін талап етуге;
3) концессионердің жедел қызметіне және концессия шартын іске асыру барысына араласпастан, концессионердің қаржы-шаруашылық қызметін тәуелсіз аудиторлық ұйымды тарту арқылы тексеруді жүзеге асыруға;
4) Қазақстан Республикасы заңнамасының, концессия шарты талаптарының сақталуын бақылауды жүзеге асыруға және жол берілген бұзушылықтарды жоюды талап етуге;
5) концессионер концессия шартының талаптарын бұзған жағдайда шартты бұзуды талап етуге;
6) Қазақстан Республикасының заңнамасына және концессия шартына сәйкес өзге де құқықтарды жүзеге асыруға құқылы.
2. Концедент:
1) концессия шартында көзделген жағдайларда және мерзімдерде концессионерге концессия объектісіне құқықтарды беруге;
2) концессия шарттарының жобаларын мүдделі мемлекеттік органдармен келісуге;
3) концессия шартында көзделген және концессионердің концессия объектісіне құқығын растайтын құжаттарды уақтылы беруге;
4) жасалған концессия шарттары туралы тізілім жүргізуді жүзеге асыратын тиісті мемлекеттік органға жыл сайын есептік ақпарат беріп отыруға;
5) концессия шартында көзделген талаптарды сақтауға;
6) концессия объектiлерiн үшiншi тұлғалардың құқықтарынан босатып немесе әлеуетті концессионерлерге осы Заңның 17-бабының 1-тармағына сәйкес ұсынылатын конкурстық құжаттамада көрсетілген ауыртпалықтарымен және шектеулерімен беруге;
7) Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген өзге де талаптарды сақтауға міндетті.
2013.04.07. № 131-V ҚР Заңымен 26-бап өзгертілді (бұр.ред.қара)
26-бап. Концессионердің құқықтары мен міндеттерi
1. Концессионер:
1) концессия объектісіне қатысты құқықтарды концессия шартында көзделген жағдайларда жүзеге асыруға;
2) Қазақстан Республикасының инвестициялар туралы заңнамасына сәйкес берілетін инвестициялық преференциялардың субъeктici болуға;
3) концессия шартын орындауға байланысты келтірілген шығындардың өтемін алуға;
4) концедент концессия шартының талаптарын бұзған жағдайда, концессия шартын бұзуды және міндеттемелерді бұзудан туындаған залалдарды өтеуді талап етуге;
5) егер концессия шартына енгізілген өзгеріс концессионердің шығынға ұшырауына әкеп соқтырған жағдайда, шығынның орнын толтыруды талап етуге;
6) Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес өзге де құқықтарды жүзеге асыруға құқылы.
2. Концессионер:
1) концессия объектілерінің бейінін сақтауға;
2) шартта көзделген жұмыстарды жүргізуге (қызметтерді көрсетуге);
3) концессия объектісінің мүліктік кешеніне кіретін әлеуметтік сала объектілерін Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен қаржыландыруға;
4) Қазақстан Республикасының еңбек, жұмыспен қамту және қоршаған ортаны қорғау саласындағы заңнамасын сақтауға;
5) концессия шарты жасалған мерзiм аяқталғаннан кейiн концессия объектісін концессия шартын жасасқан кезде болған ауыртпалықтар мен шектеулерді ескере отырып және концессия шартының талаптарына сәйкес тиісті техникалық жай-күйде концедентке беруге;
2008.05.07. № 66-IV ҚР Заңымен 6) тармақша өзгертілді (бұр.ред.қара)
6) Қазақстан Республикасының заңдарында және концессия шартында белгіленген өзге де талаптар мен жағдайларды сақтауға;
2008.05.07. № 66-IV ҚР Заңымен 7) тармақшамен толықтырылды; 2010.02.04. № 263-ІV ҚР Заңымен 7) тармақша өзгертілді (2010 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
7) концессия шарты шеңберінде инфрақұрылымдық облигациялар бойынша мемлекет кепілгерлігі берілген жағдайларда концессиялық жобаны қаржыландыру үшiн Қазақстан Республикасының бюджет заңнамасына сәйкес концессия шартында айқындалған банкте арнайы шот ашуға;
2008.05.07. № 66-IV ҚР Заңымен 8) тармақшамен толықтырылды
8) концессиялық жобаны іске асыру үшін тартылған қаражатты нысаналы пайдалануды қамтамасыз етуге міндетті.».
2013.04.07. № 131-V ҚР Заңымен 26-1-баппен толықтырылды
26-1-бап. Жекешелік концессиялық міндеттемелер
1. Жекешелік концессиялық міндеттемелерді концессионер концессия шартында көрсетілген талаптармен қабылдайды.
2. Концедент жекешелік концессиялық міндеттемелердің сақталуын бақылауды концессия шартында белгіленген тәртіпке сәйкес жүзеге асырады.
5-тарау. ҚОРЫТЫНДЫ ЕРЕЖЕЛЕР
27-бап. Дауларды шешу
1. Мемлекеттік меншік объектілерін концессияға беруге байланысты даулар Қазақстан Республикасының заңнамасында және концессия шартында белгіленген тәртіппен шешіледі.
Концессия шартын орындауға және тоқтатуға байланысты даулар Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптарына және концессия шартында келісілген дауларды шешу рәсімдеріне сәйкес келіссөздер арқылы шешіледі.
2013.03.07. № 125-V ҚР Заңымен 2-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
2. Егер шартты орындауға және тоқтатуға байланысты даулардың осы баптың 1-тармағына сәйкес шешiлуі мүмкін болмаса, онда тараптар дауды Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптарына сәйкес сот тәртiбiмен, сондай-ақ «Халықаралық төрелiк туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес халықаралық төрелiкке жүгiну арқылы шешуге құқылы.
28-бап. Қазақстан Республикасының концессиялар
туралы заңнамасын бұзғаны үшін жауаптылық
Қазақстан Республикасының концессиялар туралы заңнамасын бұзу Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген жауаптылыққа әкеп соғады.
29-бап. Осы Заңды қолданысқа енгізу
1. Осы Заң ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.
2. Осы Заң қолданысқа енгізілгенге дейін жасалған концессия шарттары осы шарттарда белгіленген мерзім өткенге дейін өзінің күшін сақтайды.
Қазақстан Республикасының
Президентi
Н. Назарбаев
Астана, Ақорда, 2006 жылғы шілденің 7-сі.
№ 167-III ҚРЗ