Кемелер мен оларға құқықтарды мемлекеттік тiркеу ережесін бекіту туралы
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2003 ж. 17 қаңтардағы № 49 Қаулысы
(2011.29.12. берілген өзгерістер мен толықтырулармен)
Осы редакция 2013 жылғы 18 маусымда енгізілген өзгерістеріне дейін қолданылды
ҚР Үкіметінің 2005.30.03 № 278 (бұр. ред. қара); 2005.28.10 № 1082 (бұр. ред. қара) Қаулыларымен кіріспе өзгертілді
«Сауда мақсатында теңізде жүзу туралы» Қазақстан Республикасының 2002 жылғы 17 қаңтардағы Заңын және «Iшкi су көлiгi туралы» Қазақстан Республикасының 2004 жылғы 6 шілдедегi Заңын iске асыру мақсатында Қазақстан Республикасының Үкіметі қаулы етеді:
1. Қоса берiліп отырған Кемелер мен оларға құқықтарды мемлекеттік тiркеу ережесi бекітілсiн.
2. Мыналардың күшi жойылды деп танылсын:
1) «Қазақстан Республикасының мемлекеттік жалауы астында теңiз сауда кемелерінің жүзу құқығын берудің тәртібін бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Министрлер Кабинетінің 1993 жылғы 9 желтоқсандағы № 1231 қаулысы (Қазақстан Республикасының ПҮКЖ-ы, 1993 ж., № 48, 584-құжат);
2) «Қазақстан Республикасы Министрлер Кабинетінің 1993 жылғы 9 желтоқсандағы № 1231 қаулысына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінiң 2000 жылғы 30 наурыздағы № 467 қаулысы (Қазақстан Республикасының ПҮКЖ-ы, 2000 ж., № 17, 180-құжат).
3. Осы қаулы қол қойылған күнiнен бастап күшiне енедi.
Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі | И. Тасмағамбетов |
ҚР Үкіметінің 2005.30.03. № 278 Қаулысымен (бұр. ред. қара); 2005.28.10 № 1082 Қаулысымен (бұр. ред. қара); 2009.16.06 № 913 (бұр. ред. қара) ереже өзгертілді; ҚР Үкіметінің 2011.29.12. № 1647 Қаулысымен ереже жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2003 жылғы 17 қаңтардағы
№ 49 қаулысымен
бекітілген
Кемелер мен оларға құқықтарды мемлекеттік тіркеу
қағидалары
1. Жалпы ережелер
1. Осы Кемелер мен оларға құқықтарды мемлекеттік тіркеу қағидалары (бұдан әрі - Қағидалар) «Сауда мақсатында теңізде жүзу туралы» Қазақстан Республикасының 2002 жылғы 17 қаңтардағы Заңының 4-бабы 2-тармағының 7) тармақшасына сәйкес әзірленген және кемелер мен оларға құқықтарды мемлекеттік тіркеу тәртібін айқындайды.
2. Осы Қағидаларда кеменің жасы деп кемені тіркеу туралы құжатта көрсетілгендей, жасалған жылынан бері өткен уақыт кезеңі түсініледі.
3. Кемені мемлекеттік тіркеу (қайта тіркеу) және теңіз кемесін мемлекеттік тіркеуді куәландыратын құжаттың телнұсқасын беру үшін Қазақстан Республикасының салық заңнамасында белгіленген тәртіппен және мөлшерлерде алымдар алынады.
4. Кеме (салынып жатқан кеме) ипотекасын мемлекеттік тіркеу және кеме ипотекасын мемлекеттік тіркеу туралы куәліктің телнұсқасын беру үшін Қазақстан Республикасының салық заңнамасында анықталатын тәртіппен алым алынады.
5. Кемелерді және оларға құқықтарды Теңіз кемелерінің мемлекеттік кеме тізілімінде (бұдан әрі - Мемлекеттік кеме тізілімі), бербоут-чартер тізілімінде және салынып жатқан кемелер тізілімінде мемлекеттік тіркеуді Порттың теңіз әкімшілігі жүзеге асырады.
Мемлекеттік кеме тізілімін, бербоут-чартер тізілімін және салынып жатқан кемелер тізілімін жүргізуді Порттың теңіз әкімшілігі қағаз және электрондық тасымалдағыштарда жүзеге асырады.
Мемлекеттік кеме тізілімін, бербоут-чартер тізілімін және салынып жатқан кемелер тізілімін жүргізу тәртібін Қазақстан Республикасы Көлік және коммуникация министрлігі (бұдан әрі - Министрлік) белгілейді.
6. Кемені мемлекеттік тіркеуге арналған өтінішпен кеменің меншік иесі (кеме иесі) немесе ол уәкілеттік берген адам жүгінеді.
7. Мемлекеттік тіркеу мынадай тәртіппен жүргізіледі:
1) осы Қағидаларға сәйкес кемелерді және оларға құқықтарды мемлекеттік тіркеу үшін қажетті құжаттарды қабылдау, оларды алу кезінде кіріс құжаттарын есепке алу кітабына тиісті жазу енгізіледі. Ұсынылатын құжаттар осы Қағидалардың талаптарына сәйкес келмеген кезде өтініш берушіге құжаттар қабылдаудан бас тартылады. Өтініш берушінің талабы бойынша үш жұмыс күні ішінде оған құжаттарды қабылдаудан дәлелді жазбаша бас тарту беріледі;
2) осы кемеге мәлімделетін құқықтар мен тіркелген құқықтар арасындағы қайшылықтардың, сондай-ақ мемлекеттік тіркеуден бас тарту үшін негіздің болмауын анықтау;
3) көрсетілген қайшылықтар мен мемлекеттік тіркеуден бас тарту үшін басқа негіздер болмаған кезде Мемлекеттік кеме тізіліміне, бербоут-чартер тізіліміне, салынып жатқан кемелер тізіліміне жазулар енгізу;
4) мемлекеттік тіркеуді растайтын құжаттарды беру.
8. Кемелерді мемлекеттік тіркеуге ұсынылатын құжаттарға қойылатын талаптар:
1) құжаттар мемлекеттік немесе орыс тілдерінде жасалады;
2) егер Қазақстан Республикасының заңнамасы мен Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарында өзгеше көзделмесе, ресми шетелдік құжаттар шетелдегі Қазақстан Республикасының шет елдегі мекемелерінде заңдастыруға жатады.
Қарауға белгіленген тәртіппен расталған, оларға қатысты көрсетілген талаптар орындалған құжаттардың көшірмесі қабылдануы мүмкін. Егер ұсынылатын құжаттар шетел тілінде жасалған болса, оларға мемлекеттік немесе орыс тілдеріндегі нотариалды расталған аудармасы қоса беріледі;
3) құжаттардың мәтіндері анық, заңды тұлғалардың атаулары мен деректемелері қысқартусыз жазылған болуы тиіс;
4) тазарту не қосып жазу, сызылған сөздер және оларда өзге де ескертілмеген түзетулер бар құжаттар, қарындашпен орындалған құжаттар, сондай-ақ мазмұнын біржақты түсіндіруге мүмкіндік бермейтін бүлінген жерлері бар құжаттар мемлекеттік тіркеуге қабылдауға жатпайды;
5) тіркеуге қажетті барлық құжаттар не екі данада беріледі, олардың бipі түпнұсқа, ал екіншісі - көшірмесі болуы тиіс не нотариалды расталған көшірмелері беріледі. Түпнұсқа тіркелгеннен кейін құқық иеленушіге қайтарылады.
9. Кемені мемлекеттік тіркеуден мынадай жағдайларда бас тартылады, егер:
1) мемлекеттік тіркеу туралы өтінішпен тиісті емес адам жүгінсе;
2) осы Қағидаларда көзделген талаптар сақталмаса;
3) мемлекеттік тіркеу үшін ұсынылған құжаттар Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген талаптарға сәйкес келмесе.
Бас тарту туралы кемені мемлекеттік тіркеуге ұсынған өтініш берушіге құжаттар мемлекеттік тіркеуге ұсынылған сәттен бастап жеті жұмыс күнінен кешіктірмей бас тарту негізін көрсете отырып, жазбаша хабарланады.
10. Кемені мемлекеттік тіркеуді куәландыратын құжат жоғалған жағдайда Порттың теңіз әкімшілігі кеменің кеме иесінің өтініші бойынша үш жұмыс күні ішінде оған кеменің мемлекеттік тіркелуін куәландыратын құжаттың телнұсқасын береді.
Кеменің мемлекеттік тіркелуін куәландыратын құжаттың телнұсқасын беру туралы өтінішпен бірге Порттың теңіз әкімшілігі кеменің мемлекеттік тіркелуін куәландыратын құжаттың телнұсқасын берген кезде кемелерді мемлекеттік тіркеу үшін алынатын алымдар сомаларының бюджетке төленгенін растайтын құжатты ұсынады.
Кеменің мемлекеттік тіркелуін куәландыратын құжаттың телнұсқасын беру туралы мәліметтер кіріс құжаттарды есепке алу кітабына және кеме тіркелген тиісті тізілімге енгізіледі.
11. Шақыру сигналын ауыстырумен байланысты кеменің мемлекеттік тіркелуін растайтын жаңа құжаттарды беру кеменің мемлекеттік тіркелуін растайтын бұрын берілген құжаттарды қоса бере отырып, кеменің меншік иесінің (кеме иесінің) өтініші негізінде үш жұмыс күні ішінде жүргізіледі.
Шақыру сигналын ауыстыру және кеменің мемлекеттік тіркелуін куәландыратын жаңа құжатты беру туралы мәліметтер кеме тіркелген тиісті тізілімдерге енгізіледі.
2. Теңіз кемелерінің мемлекеттік кеме тізілімінде кемелерді және оларға құқықтарды мемлекеттік тіркеу
12. Мемлекеттік кеме тізілімінде теңіз, жолаушылар, жүк-жолаушылар, мұнай құю, сүйрегіш кемелер, жүзбелі бұрғылау қондырғылары, құрғақ жүктер, жүзбелі крандар және техникалық флот кемелері (жер снарядтар және басқалары), сондай-ақ қуаттылығы кемінде елу бес киловатт басты қозғалтқыштарымен өздігінен жүзетін кемелер және сыйымдылығы кемінде сексен тонна өздігінен жүзбейтін кемелер тіркеуге жатады.
13. 1997 жылғы 18 қарашадағы Солтүстік Каспий бойынша өнімді бөлу туралы келісімге сәйкес Қазақстан Республикасында белгіленген тәртіппен тіркелген филиалдар (мердігерлік компаниялар, оператор, агенттер) арқылы Каспий теңізінде қызметін жүзеге асыратын шетелдік заңды тұлғаның меншігіндегі, кеменің жасалған жылы бес жылдан аспайтын және Солтүстік Каспий жобасын іске асыру үшін жасалған (сатып алынған) кемелер Мемлекеттік кеме тізілімінде тіркелуге жатады.
Бұл ретте кеменің жасалған жылы туралы осы тармақтың бірінші абзацының талаптары Қазақстан Республикасының кеме тізілімдерінде бұрын тіркелген, сондай-ақ кейіннен меншік иесі 1997 жылғы 18 қарашадағы Солтүстік Каспий бойынша өнімді бөлу туралы келісімге сәйкес Қазақстан Республикасында белгіленген тәртіппен тіркелген филиалдар (мердігерлік компаниялар, оператор, агенттер) арқылы Каспий теңізінде қызметін жүзеге асыратын кез келген шетелдік заңды тұлғаның меншігіне берілген кемелерге қолданылмайды.
14. Мемлекеттік тіркеу үшін еркін нысанда өтініш, осы Қағидаларға 1-қосымшаға сәйкес кеме тізілімінің сауалнамасы, сондай-ақ мынадай құжаттар ұсынылады:
1) кемеге меншік құқығын растайтын құжат;
2) жүзуге жарамдылығы туралы куәлік;
3) өлшеу куәлігі;
4) сыныптау куәлігі;
5) жолаушылар куәлігі (жолаушылар кемесі үшін);
6) кемені мемлекеттік тіркеген үшін алым сомасының бюджетке төленгенін растайтын құжат;
7) кеме Солтүстік Каспий жобасын іске асыру үшін тікелей жасалғанын (сатып алынғанын) және 1997 жылғы 18 қарашадағы Солтүстік Каспий бойынша өнімді бөлу туралы келісімде көзделген тәртіппен Солтүстік Каспий жобасы бойынша өкілетті органға беруге жататынын растайтын Солтүстік Каспий жобасы жөніндегі оператордан хат;
8) осы мемлекеттің туын ауыстырғанға дейін тікелей тіркелген тізілімнен шет мемлекеттің кемесінің алынып тасталғанын және ипотека ауырлығы жоқтығын куәландыратын құжат;
9) меншік иесінің аты мен мекенжайын куәландыратын құжаттар.
15. Кемені мемлекеттік кеме тізіліміне енгізу осы Қағидаларға 2 және 3-қосымшаларға сәйкес куәліктер берумен куәландырылады, ол кеменің Қазақстан Республикасының Мемлекеттік туын көтеріп жүзу құқығын және кемеге меншік құқығын растайды.
16. Оқиғалар салдарынан немесе басқа да себептер бойынша кеме Мемлекеттік кеме тізіліміне бұрын енгізілген мәліметтерге сәйкес келмей қалған жағдайда жүзуге техникалық жарамдығын растайтын құжат куәландырылғаннан және оны алғаннан кейін кемені мемлекеттік қайта тіркеу туралы өтініш ұсынылуы бойынша Мемлекеттік кеме тізілімінде кемелерді және оларға құқықтарды мемлекеттік тіркеу үшін осы Қағидаларда белгіленген тәртіппен және мерзімдерде кемені қайта тіркеу жүзеге асырылады.
Қазақстан Республикасының меншігіндегі және мемлекеттік органдар өздеріне жүктелген функцияларды орындау үшін, коммерциялық мақсаттарда пайдаланылатын кемені пайдалану да кемені қайта тіркеу үшін негіз болып табылады.
17. Қазақстан Республикасы шегінен тыс жерде сатып алынған кеме Қазақстан Республикасының шет елдегі мекемесі осы Қағидаларға 4-қосымшаға сәйкес осындай құқықты растайтын және мемлекеттік кеме тізілімінде мемлекеттік тіркелгенге дейін, бірақ бір жылдан аспайтын уақытқа жарамды Қазақстан Республикасының Мемлекеттік туын көтеріп жүру құқығы туралы уақытша куәлікті (бұдан әрі - уақытша куәлік) берген сәттен бастап Қазақстан Республикасының Мемлекеттік туын көтеріп жүзу құқығын пайдаланады.
18. Уақытша куәлікті Қазақстан Республикасының шетелдегі мекемесі құқық иесінің мынадай құжаттарды қоса берген өтініші негізінде береді:
1) кемеге меншік құқығын растайтын құжат;
2) кемені бұған дейін тіркеген мемлекеттің құзыретті билік орындары берген (егер мұндай жағдай өтініш берілгенге дейін орын алған болса) кеменің бұл мемлекеттің тізілімінен шығарылғанын және ипотека ауыртпалығы жоқтығын куәландыратын құжаттар;
3) өлшем куәліктері;
4) біліктілік куәлігі;
5) жолаушылар куәлігі (жолаушылар кемелері үшін).
19. Уақытша куәлік беру туралы өтініш берген кезде жеке тұлға оның жеке басын куәландыратын құжатты, ал заңды тұлғаның өкілі - заңды тұлғаның құрылтайшы құжаттарын немесе олардың нотариалды куәландырылған көшірмелерін, сондай-ақ заңды тұлғаның атынан әрекет ету өкілеттігін растайтын құжатты ұсынады.
Осы Қағидалардың 18-тармағында көрсетілген құжаттарды алған кезде Қазақстан Республикасының шетелдердегі мекемесінің консулдық лауазымды тұлғасы құжаттарды есепке алу кітабына тиісті жазба енгізеді. Уақытша куәлік берілгені туралы әрбір жазба тіркеу нөмірімен сәйкестендіріледі. Мұндай нөмір құжаттарды қабылдаған кезде беріледі және қабылдаған құжаттардың кіріс нөміріне сәйкес келеді. Ұсынылған құжаттарды тексергеннен кейін Қазақстан Республикасының шетелдердегі мекемесі уақытша куәлік береді. Берілген уақытша куәлік туралы Қазақстан Республикасының шетелдердегі мекемесі он жұмыс күні ішінде Министрлікке уақытша куәліктің көшірмесін қоса бере отырып, хабарлама жібереді.
20. Қазақстан Республикасының шегінен тыс жерде сатып алынған кемені Мемлекеттік кеме тізілімінде тіркеу Порттың теңіз әкімшілігіне мемлекеттік тіркеу туралы өтініш ұсынылуы бойынша осы Қағидаларға сәйкес жүзеге асырылады.
21. Мемлекеттік кеме тізілімінде тіркелген кемені Порттың теңіз әкімшілігінің бербоут-чартер шарты бойынша беру кезінде:
1) Мемлекеттік кеме тізілімінің «Ескерту» бағанасына меншік иесінің өтінімінің негізінде бербоут-чартер шартының қосымшасымен бербоут-чартер шартының қолданылу мерзімі көрсетілген тиісті жазба енгізіледі;
2) «Кеме иесінің атауы және мекен жайы» бағанасына бербоут-чартер шарты бойынша кеме жалдаушының мәліметтері енгізіледі.
Бұл ретте кемеде теңіз кемесінің Қазақстан Республикасының Мемлекеттік туын көтеріп жүзу құқығы туралы куәліктің түпнұсқасы болу қажет.
3. Бербоут-чартер тізілімінде кемелерді мемлекеттік тіркеу
22. Бербоут-чартер тізілімінде шет мемлекеттердің тізілімінде тіркелген және бербоут-чартер бойынша:
1) қазақстандық кеме жалдаушыға;
2) 1997 жылғы 18 қарашадағы Солтүстік Каспий бойынша өнімді бөлу туралы келісімге сәйкес Қазақстан Республикасында белгіленген тәртіппен тіркелген филиалдар (мердігерлік компаниялар, оператор, агенттер, қосалқы мердігерлер) арқылы Каспий теңізінде қызметін жүзеге асыратын шетелдік заңды тұлғаға ұсынылған теңіз кемелері тіркеуге жатады.
23. Теңіз кемесі Министрлік Қазақстан Республикасының Мемлекеттік туын көтеруге осындай кемеге уақытша рұқсат беру туралы шешім қабылданған күннен бастап отыз күнтізбелік күн ішінде бербоут-чартер тізіліміне тіркеуге жатады.
24. Қазақстан Республикасының Мемлекеттік туын көтеріп жүзу құқығын уақытша беру туралы шешім қабылдау үшін кеме иесі Министрлікке мынадай құжаттарды береді:
1) бербоут-чартер шарты;
2) шет мемлекеттің құзыретті билік орындары берген, онда кеме тікелей ту ауыстырылғанға дейін тіркелген, осындай мемлекеттің туын көтеріп жүзу құқығы тоқтатыла тұрғанын немесе бұл құқық Қазақстан Республикасының бербоут-чартерлік тізілімінде кемені мемлекеттік тіркеу сәтінен бастап бұл құқық тоқтатыла тұратынын растайтын кемені Қазақстан Республикасының туын көтеріп жүзуге уақытша ауыстыруға келісу туралы, сондай-ақ кеменің ипотека ауыртпалығы туралы мәліметтерді қамтитын құжат;
3) Қазақстан Республикасының Мемлекеттік туын көтеріп жүзуге кемені ауыстыруға меншік иесі және кеменің тіркелген ауыртпалығына кепіл ұстаушының жазбаша рұқсаты;
4) сыныптау куәлігі;
5) кеме Солтүстік Каспий жобасын іске асыру үшін жалға алынғанын растайтын Солтүстік Каспий жобасы жөнінде оператордан хат (осы Қағидалардың 22-тармағының 2) тармақшасында көрсетілген тұлғалар жалға алған кемелер үшін).
25. Министрліктің құжаттарды қарауы он жұмыс күні ішінде жүзеге асырылады, қарау қорытындылары бойынша Қазақстан Республикасының Мемлекеттік туын көтеріп жүзу құқығын уақытша беруге туралы рұқсат беріледі немесе мынадай жағдайларда:
1) теңізде жүзу қауіпсіздігі талаптарына кеменің сәйкес келмеуін көрсететін негіздер болған кезде;
2) осы Қағидалардың 22-тармағында көзделген тұлғалар кемені Солтүстік Каспий жобасын іске асыру мақсатынсыз жалға алған кезде;
3) Қазақстан флотының құрамында болмайтын мамандандырылған кемелерді қоспағанда, кеме жасы 20 жылдан жоғары кезде бас тартылады.
26. Кемені мемлекеттік тіркеуге өтініш еркін нысанда Порттың теңіз әкімшілігіне мынадай құжаттарды қоса беріле отырып, беріледі:
1) осы Қағидаға 1-қосымшаға сәйкес кеме тізілімінің сауалнамасы;
2) кемені жалдаушының аты мен мекенжайын растайтын құжаттар;
3) бербоут-чартер шарты;
4) шет мемлекеттің құзыретті билік орындары берген, онда кеме тікелей ту ауыстырылғанға дейін тіркелген, осындай мемлекеттің туын көтеріп жүзу құқығы тоқтатыла тұрғанын немесе бұл құқық Қазақстан Республикасының бербоут-чартерлік тізілімінде кемені мемлекеттік тіркеу сәтінен бастап бұл құқық тоқтатыла тұратынын растайтын кемені Қазақстан Республикасының туын көтеріп жүзуге уақытша ауыстыруға келісу туралы, сондай-ақ кеменің ипотека ауыртпалығы туралы мәліметтерді қамтитын құжат;
5) Қазақстан Республикасының Мемлекеттік туын көтеріп жүзуге кемені ауыстыруға меншік иесі және кеменің тіркелген ауыртпалығына кепіл ұстаушының жазбаша рұқсаты;
6) өлшеу куәлігі;
7) сыныптау куәлігі;
8) кемені мемлекеттік тіркеген үшін алым сомасының бюджетке төленгенін растайтын құжат;
9) кеме Солтүстік Каспий жобасын іске асыру үшін жалға алынғанын растайтын Солтүстік Каспий жобасы жөнінде оператордан хат (осы Қағиданың 22-тармағының 2) тармақшасында көрсетілген тұлғалар жалға алған кемелер үшін).
27. Кемені бербоут-чартер тізіліміне енгізу осы Қағидаларға 5-қосымшаға сәйкес бербоут-чартер шарттарында жалға алынған шетелдік теңіз кемесіне Қазақстан Республикасының туын көтеріп жүзуге уақытша құқығы туралы куәлік берілуімен куәландырылады.
28. Кемені кейін бербоут-чартер тізілімінде тіркеген кезде мемлекеттік тіркеу туралы өтінімге осы тармақтың 2) тармақшасында көрсетілген құжаттарды қоспағанда, осы Қағидалардың 26-тармағында көзделген құжаттар қоса беріледі.
Бұл ретте мынадай жағдайларда:
1) егер кеме иесінің алдыңғы тіркелу кезінде ұсынған жазбаша рұқсатында осындай рұқсат берілетін мерзім көрсетілсе және мұндай мерзім аяқталмаса және Министрліктің рұқсатын алу үшін ұзартуды талап етпесе, онда кеме иесінің жазбаша келісімі талап етілмейді;
2) егер алдыңғы бербоут-чартер шартының мерзімі өтсе және жаңа шарт жасалса, онда жаңа бербоут-чартер шарты ұсынылады;
3) егер алдыңғы бербоут-чартер шартының мерзімі өтсе және осы шартты ұзарту туралы құжат жасалса, онда тек ұзарту туралы құжат ұсынылады;
4) егер бербоут-чартер шартының мерзімі өтпесе және кемені тіркеу мерзімін ұзарту үшін оны ұзарту талап етілмесе, бербоут-чартер шарты ұсынылмайды.
4. Жасалып жатқан кемеге құқықтарды мемлекеттік тіркеу
29. Жасалып жатқан кемеге меншік құқығы киль салу немесе сарапшының қорытындысымен расталған тең бағалы құрылыс жұмыстарын жүргізу жағдайында жасалып жатқан кемелер тізілімінде тіркеледі.
30. Жасалып жатқан кемеге құқықты мемлекеттік тіркеу құқық иесінің немесе ол (олар) уәкілеттік берген тұлғаның өтініші негізінде онда кеме жасалып жатқанын растайтын құжаттар қоса берілген, тиісті түрде ресімделген сенімхат болған кезде жүргізіледі, атап айтқанда:
1) кемені жасауға арналған шарт;
2) кеме жасау ұйымының киль салу немесе сарапшының қорытындысымен расталған тең бағалы құрылыс жұмыстарын жүргізуді растайтын сарапшының қорытындысы туралы жазбаша растауы.
31. Салынып жатқан кемеге құқықты мемлекеттік тіркеу туралы өтінімде мыналар көрсетіледі:
1) кемені жасау орны;
2) кеме жасайтын ұйымының атауы;
3) кемені жасау нөмірі;
4) кеменің түрі;
5) киль ұзындығы және кеме туралы басқа да негізгі техникалық деректер (кеменің ені, борт биіктігі);
6) қозғалтқыштардың саны мен қуаты;
7) корпустың негізгі материалы.
32. Жасалып жатқан кемеге құқықты мемлекеттік тіркеу осы Қағидалардың 6-тармағына сәйкес кемеге (жасалып жатқан кемеге) арналған құқықты Мемлекеттік тіркеу туралы куәлік берумен куәландырылады.
5. Кеме (жасалып жатқан кеме) ипотекасын мемлекеттік тіркеу
33. Кеме ипотекасы (жасалып жатқан кеме) кеме тіркелген тізілімде тіркеледі.
Қазақстан Республикасының Мемлекеттік туын көтеріп жүзу құқығы уақытша берілген шетел кемесінің ипотекасы, сондай-ақ шетел алушысы үшін жасалып жатқан кеме ипотекасы Қазақстан Республикасында тіркелмейді.
34. Кеме (жасалып жатқан кеме) ипотекасы кемеге (жасалып жатқан кемеге) меншік құқығын мемлекеттік тіркеуден кейін кепіл берушінің өтініші негізінде тіркеледі.
Кеме (жасалып жатқан кеме) ипотекасын мемлекеттік тіркеу туралы өтініште Заңның 212-бабының 2-тармағында көзделген мәліметтер мен құжаттар көрсетіледі.
Кеме (жасалып жатқан кеме) ипотекасын мемлекеттік тіркеуге ұсынылған құжаттар осы Қағидалардың 8-тармағының талаптарына сәйкес келуі тиіс.
35. Кеме ипотекасын (жасалып жатқан кеме) мемлекеттік тіркеу туралы мәліметтер кіріс құжаттарын есепке алу кітабына және осы кеме тіркелген тиісті тізілімге енгізіледі.
Кеме ипотекасын мемлекеттік тіркеу кезінде бұл туралы кеме құжатына қандай да бір жазу енгізу талап етілмейді.
36. Кеме ипотекасын (жасалып жатқан кеме) мемлекеттік тіркеу өтініш берген сәттен бастап он жұмыс күні ішінде осы Қағидаларға 7-қосымшаға сәйкес Кеме немесе жасалып жатқан кеме ипотекасын мемлекеттік тіркеу туралы куәлік берумен куәландырылады.
37. Кеме ипотекасын Мемлекеттік тіркеу туралы куәлікке өзгерістер мен (немесе) толықтырулар енгізу осы Қағидалардың 36-тармағында көрсетілген мерзімде, кеме ипотекасы туралы шартқа өзгерістер мен толықтырулар енгізілгеннен кейін осы Қағидаларға 8-қосымшаға сәйкес Кеме ипотекасын мемлекеттік тіркеу туралы куәлікке қосымша парақтарды қоса беру арқылы жүзеге асырылады.
Кеме ипотекасын мемлекеттік тіркеу туралы куәлікке қосымша парақта кеме ипотекасы туралы шартқа қосымша келісімнің нөмірі мен жасалған күні, сондай-ақ кеме ипотекасы туралы шартқа енгізілген өзгерістер мен (немесе) толықтырулардың мәні көрсетіледі.
Кепіл берушіні және (немесе) борышкерді ауыстырған кезде, егер борышкер кеме ипотекасы туралы шарт бойынша кепіл беруші болып табылмаса, Кеме ипотекасын мемлекеттік тіркеу туралы куәлікке қосымша парақта жаңа кепіл берушінің және (немесе) борышкердің деректері (атауы) және тұрғылықты жері, сондай-ақ жаңа кепіл берушінің қойған қолы көрсетіледі.
Кеме ипотекасын мемлекеттік тіркеу туралы куәлікке қосымша парақ кеме ипотекасы туралы шартқа өзгерістер мен (немесе) толықтырулар енгізілгеннен кейін кепіл берушінің өтініші негізінде беріледі.
Өтінішке кеме ипотекасы туралы шартқа қосымша келісім, осындай қосымша келісімде көрсетілген құжаттармен қоса беріледі.
6. Кемені Мемлекеттік кеме тізілімінен шығару
38. Мемлекеттік кеме тізілімінен:
1) опат болған немесе хабарсыз жоғалып кеткен;
2) конструкциялық жағынан күйреген;
3) қайта құру немесе кез келген басқа өзгерістер нәтижесінде кеме сапасын жоғалтқан;
4) Заңның 11-бабының 3-1-тармағында көзделген талаптарға сәйкес келмей қалған кеме шығарылады.
39. Зақымдалған кеме конструкциялық жағынан күйреген болып есептеледі, егер:
1) кеме тұрған жерінде де, кеме жеткізілуі мүмкін кез келген басқа жерде де қалпына келтірілмесе;
2) кемені жөндеу экономикалық жағынан орынсыз болса.
40. Осы Қағидалардың 38-тармағының 1), 2), 3) тармақшаларында көрсетілген жағдайларда Мемлекеттік кеме тізілімінен шығаруды Порттың теңіз әкімшілігі кеме иесінің өтініші негізінде жүргізеді. Өтінішке онда баяндалған фактілерді растайтын құжаттар, сондай-ақ кемені мемлекеттік тіркеу кезінде берілген құжаттар қоса беріледі.
Заңның 11-бабының 3-1-тармағында көзделген талаптарға сәйкес келмей қалған кемені Мемлекеттік кеме тізілімінен шығаруды Порттың теңіз әкімшілігі меншік иесінің (шарттың талаптары) кемені мемлекеттік тіркеу кезінде берілген куәліктерді қоса берген өтініші негізінде жүргізеді.
41. Кемеге немесе жасалып жатқан кемеге тіркелген ипотека болған кезде Порттың теңіз әкімшілігі кепіл ұстаушылар өз мүдделерін қорғау үшін тиісті шаралар қолдануы үшін кепіл ұстаушыға кеменің немесе жасалып жатқан кемеге меншік құқығының тиісті тізілімінен алдағы шығарылатыны туралы хабарлама жібереді. Олардың келісімі алынбаған кезде кеме немесе жасалып жатқан кемеге меншік құқығы кепіл ұстаушыларды хабардар өткеннен кейін үш ай өткен соң тиісті тізілімнен шығарылады.
42. Қазақстан Республикасының тиісті уәкілетті органы кемені шетел азаматына немесе шетелдік заңды тұлғаға мәжбүрлеп сатқан кезде Мемлекеттік кеме тізілімінен немесе салынып жатқан кеме тізілімінен шығару көрсетілген орган кеменің немесе жасалып жатқан кеменің сатылғанын және сатып алушының өзіне қабылдағандарын қоспағанда, ешқандай ипотека ауыртпалығы болмағанын куәландыратын құжатты ұсынған кезде жүргізіледі.
43. Осы Қағидалардың 38-тармағында көзделген рәсімдерді қоспағанда, кемені немесе жасалып жатқан кемеге құқықтарды тиісті тізілімнен шығару өтініш берілген күннен бастап жеті жұмыс күні ішінде жүргізіледі. Порттың теңіз әкімшілігі тиісті тізілімге шығару туралы жазу енгізеді және осы Қағидалардың 9-қосымшасына сәйкес нысан бойынша кеменің Мемлекеттік кеме тізілімінен немесе жасалып жатқан кеме тізілімінен шығарылғаны туралы куәлік береді.