AG90 AG89-тармағын қолдану мысалы ретінде, ұйым өткен тәжірибе негізінде кредит карталары бойынша несиелерді қайтармаудың негізгі себептерінің бірі қарызшының қайтыс болуы деп белгіледі делік. Ұйым жылдың аяқталуы бойынша қайтыс болу деңгейі бұрынғыша қалғанын растайтын деректер алады. Сонымен қатар, ұйымның кредит карталары бойынша бірнеше несие алушылар өткен жыл ішінде қайтыс болған, бұл осы несиелердің құнсызданғанынан шығындардың болуын, тіпті ұйым жыл аяғында осы қарызшылардың нақты қайсысы қайтыс болғанын әлі білмейтінін көрсетеді. Осы «келтірілген, бірақ ескерілмеген» шығындар бойынша құнсызданудан шығындарды таныған дұрыс болады. Басқаша алғанда, болашақ кезеңдерде күтілетін қарызшылардың қайтыс болуына қатысты құнсызданудан шығындарды тану дұрыс болмаған болар еді, себебі шығынның қажетті оқиғасы (қарызшының қайтыс болуы) әлі болған жоқ.
AG91 Болашақ ақша ағындарын бағалау үшін шығынның өткен көрсеткіштерін пайдаланған кезде, осындай көрсеткіштер туралы ақпарат осы көрсеткіштер белгіленген топтардың сипаттамаларымен үйлесетін сипаттамалары бар топтарға қолданылғаны дұрыс. Осылайша, қолданылатын әдіс өткен шығындар туралы ақпарат бар әрбір топтың ұқсас сипаттамалары және ағымдағы жағдайларды көрсететін объективті маңызды деректері бар активтер тобында жатқызылуын қамтамасыз етуі тиіс.
AG92 Қаржы активтерінің тобындағы құнсызданудан шығындарды (мысалы, неғұрлым ұсақ несиелерге қатысты) анықтау үшін формулаларды немесе статистикалық әдістерді олардың 63-65 және AG87-AG91-тармақтардың талаптарымен үйлесуі шартымен пайдалануға болады. Қандай үлгі пайдаланылса да, ақшаның уақытша құнының ықпал етуін назарға алу, активті қолданудың бүкіл қалған мерзімі бойынша (тек келесі жыл бойынша ғана емес) ақша ағындарын, сондай-ақ портфель құрамындағы несиелердің жасын ескеру қажет және қаржы активін бастапқы тану кезінде құнсызданудан шығынның туындауын болдырмау керек.
Құнсыздануды танудан кейінгі пайыздық кіріс
AG93 Қаржы активінің немесе қаржы активтері тобының құны құнсызданудан шығынның туындауы нәтижесінде ішінара есептен шығарылған болса, пайыздық кіріс құнсызданудан шығынның мөлшерін анықтау мақсатында ақша қаражатының болашақ ағындарын дисконттау үшін қолданылатын пайыздық мөлшерлеме негізінде танылады.
Хеджирлеу (71-102-тармақтар)
Хеджирлеу құралдары (72-77-тармақтар)
Жіктелетін құралдар (72 және 73-тармақтар)
AG94 Сатушысы ұйым болып табылатын опцион бойынша әлуетті шығындар тиісті хеджирленетін бап құнының әлуетті артуынан едәуір көп болуы мүмкін. Басқаша айтқанда, опционды сату хеджирленетін бап бойынша пайданы жоғалту немесе шығын тәуекелдігін азайту тұрғысынан алғанда тиімсіз. Сондықтан опционды сату, ол опционды, оның ішінде басқа қаржы құралына енгізілген опционды (мысалы, қайтарылып алынатын міндеттемені хеджирлеу үшін пайдаланылатын сатып алуға арналып жазылған опционды) сатып алумен үйлесе отырып пайдаланылған жағдайларды қоспағанда, хеджирлеу құралы болып табылмайды. Және керісінше, опционды сатып алу кезінде әлеуетті пайда шығынға тең немесе асып кетеді және сондықтан әділ құнның немесе ақша ағындарының өзгеруінен пайдаға немесе шығынға қарай азаю мүмкіндігін жасайды. Тиісінше, осы опцион хеджирлеу құралына ұсынылатын талаптарға сай келеді.
AG95 Амортизациялық құн бойынша бағаланған қаржылық активтер шетел валюталары мөлшерлемелерінің өзгеруіне байланысты тәуекелдіктерді хеджирлеу құралы ретінде пайдаланылуы мүмкін.
AG96 [Жойылған]
AG97 Ұйымның өзі шығарған үлестік бағалы қағаздар қаржы активтері немесе қаржы міндеттемелері болып табылмайды және тиісінше хеджирлеу құралы ретінде пайдаланылмайды.
Хеджирленетін баптар (78-84-тармақтар)
Жіктелетін баптар (78 және 80-тармақтар)
AG98 Ұйымдарды біріктіру барысында ұйымды жою жөніндегі нақты міндеттеме, оның валюта тәуекелдігіне қатысты бөлігін қоспағанда, хеджирленетін бап болып табылмайды, себебі басқа хеджирленетін тәуекелдіктердің дәрежесін дәл анықтауға және бағалауға мүмкін емес. Осы басқа тәуекелдіктер жалпы кәсіпкерлік тәуекелдіктер болып табылады.
AG99 Үлестік инвестициялар әділ құнды хеджирлеу кезінде хеджирленетін бап болмайды, себебі пайдаға немесе шығынға үлестік қатысу бойынша есепке алу әдісі шеңберінде инвестицияның әділ құны емес, инвестордың қауымдасқан ұйымдағы пайдаға немесе шығынға қатысу үлесі танылады. Осындай себеп бойынша еншілес ұйымға инвестиция әділ құны хеджделген жағдайда хеджирленетін бап болмайды, себебі шоғырландырылған есептіліктегі пайдада немесе шығында инвестицияның әділ құнының өзгерісі емес, еншілес ұйымның пайдасы немесе шығыны танылады. Шетелдік ұйымға таза инвестицияларды хеджирлеу өзгеше, себебі бұл жерде әңгіме инвестицияның әділ құны өзгерісінің тәуекелдігі туралы емес, валюта тәуекелдігін хеджирлеу туралы болып отыр.
AG99А 80-тармақта шоғырландырылған қаржы есептілігінде жоғары ықтималды болжанатын топ ішіндегі мәміленің валюта тәуекелдігі мәміленің өзі осы мәмілеге кіретін ұйымның функционалдық валютасы болып табылмайтын валютамен көрсетілуі және валюта тәуекелдігінің шоғырландырылған пайдаға немесе шығынға әсер етуі шартымен, ақша ағындарын хеджирлеу кезінде хеджирленетін бап ретінде жіктеледі. Осы тұрғыдан алғанда ұйымның негізгі, еншілес, қауымдасқан ұйым, бірлескен қызмет немесе филиал мәртебесі болады. Егер болжанатын топішілік мәміленің валюта тәуекелдігі шоғырландырылған пайдаға немесе шығынға әсер етпесе, осындай топішілік мәміле хеджирленетін бап ретінде жіктелмейді. Әдетте, осындай жағдай ғана тиісті сыртқы мәміле орын алған жағдайларды қоспағанда, бірдей топтың арасында басқарушыларға лицензиялық және пайыздық төлемдермен немесе сыйақылармен үйлеседі. Дегенмен болжанатын топішілік мәміленің валюта тәуекелдігі шоғырландырылған пайдаға немесе шығынға әсер етсе, онда топішілік мәміле хеджирленетін бап ретінде жіктеледі. Осының мысалы қорларды бірдей топтың мүшелері арасында сату бойынша болжанатын мәміле осы қорларды кейіннен осы топқа қатысты сыртқы болып табылатын тарапқа сату шартымен болады. Осылайша, негізгі құралдар объектісін оны жасаған топтың бір ұйымының оны өз қызметіне пайдаланатын топтың басқа ұйымына сату жөніндегі болжанатын топішілік мәміле шоғырландырылған пайдаға немесе шығынға әсер етеді. Бұл, мысалы, негізгі құралдар осы объектісін сатып алушы ұйымның амортизациялауы және ол үшін бастапқы танылған соманың өзгеруі себепті болады, егер осы болжанатын топішілік мәміле сатып алушы ұйымның функционалдық валютасы болып табылмайтын валютамен көрсетілсе.
AG99B Егер болжанатын топішілік мәміле хеджирлеуді есепке алу талаптарына сай келсе, онда басқа толық табыс арқылы танылатын кез келген пайда немесе кез келген шығын 95(а)-тармаққа сәйкес хеджирленетін мәміленің валюта тәуекелдігі шоғырландырылған пайдаға немесе шығынға әсер ететіні сол кезеңнің/кезеңдердің пайдасына немесе шығынына қайта жіктелуі тиіс.
AG99BA Ұйым хеджирленетін баптың әділ құнының немесе ақша ағымдарының барлық өзгерістерін хеджирлеу қарым-қатынасы ретінде тануы мүмкін. Ұйым, сондай-ақ хеджирленетін баптың әділ құнының немесе ақша ағымдарының өзгерістерін тек белгілі бір баға немесе басқа ауыспалыдан (бір жақты тәуекелдік) жоғары не төмен деңгейде тануы мүмкін. Хеджирленетін құралдың сату опционының ішкі бағасы (танылған тәуекелдіктің шарттарымен бірдей басты мүшелері бар деп болжанғанда), бірақ оның уақытша құны емес, хеджирленген баптың бір жақты тәуекелдігін білдіреді. Мысалы, ұйым тауар сатылымының баға өсімінен туындайтын болашақ ақша ағымдары нәтижесінің әр алуандылығын тануы мүмкін. Мұндай жағдайда, тек белгіленген деңгейден жоғары баға өсімінен туындайтын ақша ағымдары шығындары танылады. Хеджирлеу тәуекелдігіне сатылым опционының уақытша құны кірмейді, себебі уақытша құн пайда не шығынға әсер ететін (86(b)-тармақ) болжам операцияларының компоненті болып табылмайды.
Қаржылық баптарды хеджиреленген баптар ретінде тану
(81 және 81А - тармақтар)
АG99С Егер қаржы активі немесе қаржы міндеттемесінің ақша ағындарының бір бөлігі хеджделген бап ретінде танылса, онда танылған бөлік актив немесе міндеттеменің толық ақша ағымынан кем болуы тиіс. Мысалы, тиімді пайыздық мөлшерлемесі ЛИБОР-дан төмен міндеттеме жағдайында ұйым (а) капитал сомасына тең міндеттеме бөлігі плюс ЛИБОР және (b) негативті қалдық бөлікті танымайды. Алайда, ұйым барлық қаржы активі немесе қаржы міндеттемесі бойынша барлық ақша ағындарын хеджирленетін бап ретінде айқындайды және оларды тек бір нақты тәуекелдіктен (мысалы, ЛИБОР өзгерістерімен жалғасатын өзгерістерден) ғана хеджирлейді. Мәселен, тиімді пайыздық мөлшерлемесі ЛИБОР-дан 100 базистік тармаққа төмен қаржы міндеттемесімен ұйым осы барлық міндеттемені (яғни негізгі сома плюс ЛИБОР мөлшерлемесі бойынша пайыз минус 100 базистік тармақ) хеджирлеу объектісі ретінде айқындаса және осы барлық міндеттеме бойынша ақша ағындарының әділ құнының ЛИБОР өзгерістеріне жалғасатын өзгерістерін хеджирлейді. Ұйым сондай-ақ 1:1-ден айырмашылығы бар хеджирлеу коэффициентін AG100-тармағында айтылғандай хеджирлеу тиімділігін арттыру мақсатында хеджирлеу коэффициентін таңдайды.
AG99D Сонымен қатар, егер белгіленген пайыз мөлшерлемесі бар қаржы құралы ол қалыптастырылғаннан кейін біраз уақыт өткеннен кейін хеджделсе, бірақ пайыз мөлшерлемесі осы уақытта өзгеріп үлгерсе, онда ұйым бағдар мөлшерлемеге тең келісімшарттық мөлшерлемеден жоғары бөлігін айқындайды. Егер де ұйым хеджделген бапты алғаш таныған күнде құралды сату болжамы болғанда саналған пайдалы пайыздық мөлшерлеме бағдар мөлшерлемеден төмен болса, ұйым бұл әрекетті іске асыруы мүмкін. Мысалы, ұйым құны 100 а.б. белгіленген пайыз мөлшерлемесі бар және ЛИБОР 4 пайызды құраған кезде тиімді мөлшерлемесі 6 пайыз болатын қаржы активін қалыптастырады. Ұйым осы активті ЛИБОР 8 пайызға дейін ұлғайған, ал активтің әділ құны 90 а.б. дейін азайған уақыттан кейін хеджирлей бастайды. Ұйымның есебі бойынша, егер ол осы активті ол оның сол кездегі 90 а.б. болатын әділ құны бойынша хеджирленетін бап ретінде алғашқы айқындаған кездегі күні сатып алса, онда оның кірістігі 9,5 пайызды құраған болар еді. Ұйым ЛИБОР-дың ішінара шартта көзделген пайыздық төлемдер бойынша ақша ағымдарынан және ішінара ағымдағы әділ құн (яғни 90 а.б.) және өтеу мерзімі басталған кезде төленетін сома (яғни 100 а.б.) арасындағы айырмадан тұратын 8 пайыздық бөлігін айқындайды.
AG99E 81-тармақ ұйымның қаржы құралының толық әділ құнының өзгерісі немесе ақша ағымының ауыспалылығынан басқаларды да тануға рұқсат береді. Мысалы:
(a) қаржы құралының барлық ақша ағымдары кейбір (тек барлық емес) тәуекелдіктерге қатысты ақша ағымдары немесе әділ құн өзгерістеріне қатысты танылуы мүмкін; немесе
(b) қаржылық құралдың кейбір (тек барлық емес) ақша ағымдары барлық не тек кейбір тәуекелдіктерге қатысты ақша ағымдары немесе әділ құн өзгерістерінде танылуы мүмкін (мысалы, қаржы құралының ақша ағымдарының бір бөлігі барлық немесе тек кейбір тәуекелдіктеріне қатысты өзгерістерде танылуы мүмкін).
AG99F Хеджирлеу есебіне сәйкес болу үшін белгіленген тәуекелдіктер мен бөліктер қаржы құралының компоненттерінен толығымен бөлектене алатындай болуы тиіс, ал белгіленген тәуекелдіктер мен бөліктер өзгерісінен туындайтын толық қаржы құралдарының ақша ағымдары мен әділ құнының өзгерістері сенімді түрде өлшенуі міндетті. Мысалы:
(a) тәуекелдікке тәуелді емес немесе бастапқы пайыздық мөлшерлеме өзгерістеріне қатысты әділ құн өзгерістеріне байланысты қаржы құралының белгіленген мөлшерлемесі, тәуекелдікке тәуелді емес немесе бастапқы пайыздық мөлшерлеме қаржы құралының жеке танылатын компоненті ретінде де, сенімді түрде өлшенетін ретінде де қарастырылады;
(b) (с)-тармағындағы талаптар орындалмайынша инфляция жеке танылуы, сенімді түрде өлшенуі және тәуекелдік немесе қаржы құралының бір бөлігі ретінде танылуы мүмкін емес;
(c) танылған инфляцияға қатысты міндеттеменің ақша ағымдарының келісімшартта бекітілген инфляциялық бөлігі (қосымша туындыны жеке бағалау талабы болмаған деп есептесе) қаржы құралының басқа ақша ағымдары инфляциялық бөліктің әсеріне ұшырамаған жағдайда жеке танылады және сенімді түрде өлшенеді.
Қаржылық емес баптарды хеджирленетін баптар ретінде айқындау (82-тармақ)
AG100 Қаржылық емес активтің немесе қаржылық емес міндеттеменің құрамдас бөлігінің немесе элементінің өзгерісі, әдетте, барлық баптың бағасына алдын ала немесе жеке бағалауға сай келетіндей әсер етпейді, оны, мысалы, нарықтық пайыз мөлшерлемесінің облигация бағасына әсер етуімен салыстыруға келмейді. Сондықтан қаржылық емес актив немесе қаржылық емес міндеттеме тұтас немесе валюта тәуекелдігіне қатысты ғана хеджирленетін бап ретінде болады. Егер хеджирлеу құралы және хеджирленетін баптың айырмашылығы болса (мысалы, осыған ұқсас жағдайды алатын болсақ, Бразилия кофесін сатып алу болжамын хеджирлеуде Колумбия кофесін сатып алу үшін форвардтық келісімшартты пайдалану), онда осы хеджирлеу қатынасы, сонымен қатар 88-тармақтың барлық талаптарын, оның ішінде хеджирлеудің жоғары тиімділігі туралы талапты орындау шартымен осындай ретте жіктелуі мүмкін. Егер бұл хеджирлеу қатынасының тиімділігін арттыруға мүмкіндік берсе, онда хеджирлеу құралы хеджирленетін баптан көп немесе аз сомамен ұсынылуы мүмкін. Мысалы, хеджирленетін бап (мысалы, Бразилия кофесіне байланысты бизнестік операция) және хеджирлеу құралы (мысалы, Колумбия кофесіне байланысты бизнестік операция) арасындағы статистикалық арақатынасты белгілеу үшін регрессивтік талдау жүргізуге болады. Айнымалылар арасындағы (яғни, Бразилия және Колумбия кофелерінің бірлігінің арасындағы бағасы) нақты статистикалық арақатынас болған кезде, регресс сызығының көлбеуі бойынша тиімділіктің күтілетін деңгейін барынша арттыратын хеджирлеу коэффициентін айқындауға болады. Мысалы, егер регресс сызығының көлбеуі 1.02 құраса, онда хеджирлеу бабының 0.98 бірлігінің және хеджирлеу құралының 1.00 бірлігінің арақатынасы бойынша есептелген хеджирлеу коэффициенті тиімділіктің күтілетін деңгейін барынша арттырады. Дегенмен хеджирлеу қатынасы тиімсіз болуы да мүмкін және осындай тиімсіздік хеджирлеу қатынасын қолдану мерзімі ішінде пайдада немесе шығында тануға жатады.
Баптар тобын хеджирленетін баптар ретінде айқындау (83 және 84-тармақтар)
AG101 Жалпы сальдоланған позицияны (мысалы, белгіленген мөлшерлемесі бар және шамамен бірдей өтеу мерзімдері бар барлық активтердің және міндеттемелердің сальдосы) нақты баппен бірге хеджирлеу кезінде есепке алу талабына сай келмейді. Дегенмен, базистік баптардың бөлігін хеджирленетін позиция ретінде айқындай отырып, осы хеджирлеу қатынасын есепке алу кезінде таза пайдаға немесе шығынға жобамен тура осылай әсер етуге болады. Мысалы, егер банктің активтері 100 а.б., ал осындай тәуекелдіктері және талаптары бар міндеттемелері 90 а.б. болса, және ол 10 а. б. мөлшеріндегі айырманы хеджирлесе, онда ол 10 а. б. сомасындағы активтерді хеджирленетін бап ретінде айқындайды. Егер осы активтер және міндеттемелер белгіленген пайыздық мөлшерлемесі бар құралдар болып табылса, онда активті осындай пайдалану әділ құнды хеджирлеуді, ал айнымалы пайыздық мөлшерлеме кезінде ақша қаражатының ағындарын хеджирлеуді білдіреді. Егер ұйымда 100 а.б. мөлшерінде шетел валютасын сатып алу туралы нақты келісім және 90 а. б. мөлшерінде шетел валютасын сату туралы нақты келісім бар болса, ол 10 а. б. сальдоланған соманы туынды құралды сатып алу және оны 100 а.б. мөлшерінде сатып алу туралы нақты келісімге байланысты хеджирлеу құралы ретінде пайдалану арқылы хеджирлейді.
Хеджирлеуді есепке алу (85-102-тармақтар)
AG102 Әділ құнды хеджирлеудің мысалы - пайыздық мөлшерлеме өзгеруінің нәтижесінде белгіленген мөлшерлемесі бар борыштық қаржы құралының әділ құны өзгерістерінің тәуекелдігін хеджирлеу болып табылады. Осындай хеджирлеуді эмитент және сол сияқты қаржы құралын ұстаушы жүзеге асырады.
AG103 Ақша ағындарын хеджирлеудің мысалы свопты өзгермелі мөлшерлемесі бар борыштан белгіленген мөлшерлемесі бар борышқа аудару үшін пайдалану болып табылады (яғни, болашақ мәмілені хеджирлеу, бұл ретте болашақта хеджирленетін ақша ағындары алда төленетін пайыздар болып табылады).
AG104 Нақты келісімді хеджирлеу (мысалы, электр ұйымының белгіленген баға бойынша отын сатып алуға танылмаған шарттық міндеттемесіне байланысты отын бағасы өзгерісінің тәуекелдігін хеджирлеу) әділ құн өзгерісінің тәуекелдігін хеджирлеу болып табылады. Тиісінше осындай хеджирлеу әділ құнды хеджирлеу болып табылады. Дегенмен, 87(а)-тармаққа сәйкес нақты келісімге жалғасатын хеджирлеу есепке алуда және ақша ағындарын хеджирлеу ретінде көрсетіледі.
Хеджирлеу тиімділігін бағалау
AG105 Егер төменде берілген екі талап та орындалған жағдайда ғана хеджирлеу тиімді болып саналады:
(a) хеджирлеу басталғанда және келесі кезеңдерде хеджирлеу қатынасы айқындалған кезең ішіне хеджирленетін тәуекелдікке жатқызылған ақша ағындарының әділ құнының өзгерістерін өтеу тұрғысынан алғанда хеджирлеу тиімді болады. Осындай күту түрлі тәсілдермен көрсетіледі, оның ішінде әділ құнның бұрынғы өзгерістерін немесе хеджирленетін баптың хеджирленетін тәуекелдікке жатқызылған ақша ағындарын және әділ құнның бұрынғы өзгерістерін немесе хеджирлеу құралының ақша ағындарын салыстыру арқылы не әділ құн немесе хеджирленетін баптың және хеджирлеу құралының ақша ағындары арасындағы статистикалық түзетудің жоғары дәрежесін анықтау арқылы көрсетіледі. Ұйым 1:1-ден айырмашылығы бар хеджирлеу коэффициентін AG100-тармағында айтылғандай хеджирлеу тиімділігін арттыру мақсатында хеджирлеу коэффициентін таңдайды;
(b) осындай хеджирлеудің нақты нәтижелері 80-125 пайыз диапазонында болады. Мысалы, егер нақты қол жеткізілген нәтижелер хеджирлеу құралы бойынша шығын 120 а.б., ал ақша нарығындағы құрал бойынша пайда 100 а.б. тең болса, онда өтемақыны 120/100 деңгейінде, яғни 120 пайыз немесе 100/120, яғни 83 пайыз деңгейінде бағалауға болады. Егер осы мысалдың мәтінінде осы хеджирлеуді (а) тармағының талаптарына сай келетін екені болжанса, онда ұйым осы жоғары тиімділік туралы тұжырым жасауға құқылы.
AG106 Хеджирлеудің тиімділігін бағалау кемінде ұйымның жылдық немесе аралық қаржы есебін дайындау сәтінде жүргізілуі тиіс.
AG107 Осы Стандартта хеджирлеудің тиімділігін бағалаудың бірыңғай әдісі белгіленбеген. Хеджирлеудің тиімділігін бағалау үшін ұйым таңдаған әдіс ол қабылдаған тәуекелдікті басқару стратегиясына қатысты болады. Мысалы, егер ұйым жүзеге асыратын тәуекелдіктерді басқару стратегиясының хеджирленетін позициядағы өзгерістерді көрсету үшін хеджирлеу құралының құнын жүйелі түзету мақсаты болса, онда ұйым оның хеджирлеу құралының құнын келесі түзетуге дейінгі кезеңге ғана осы хеджирлеудің жоғары тиімділігіне сүйенуі қажет. Кейбір жағдайларда ұйым хеджирлеудің бірнеше түрі үшін әртүрлі әдістерді қолданады. Ұйымның ол қабылдаған хеджирлеу стратегиясына қатысты құжаттамасында оның тиімділігін бағалаудың қолданылатын рәсімдерінің сипаты кіруі тиіс. Осы рәсімдерде хеджирлеу құралы бойынша барлық пайданың немесе шығынның бағалауға ұшырайтыны не ұшырамайтыны немесе хеджирлеу құралының уақытша құны оны қараудан алынып тасталатыны көрсетілуі тиіс.
AG107А Егер ұйым бап бойынша келетін шығынды 100 пайыздан төмен хеджирлесе, мысалы 85 пайыз, онда ол хеджделген бапты 85 пайызға шығын болады деп көрсетуі тиіс және көрсетілген 85 пайыздық шығынды өзгеріске негізделген тиімсіздігін бағалауы тиіс. Дегенмен, көрсетілген 85 пайыз шығынын хедждегенде, ұйым AG100- тармақта түсіндірілгендей бір-де-бір бөлек хедждеу коэфициентін қолдана алады, егер ол хедждеудің күтілетін тиімділігін дәлелдейтінде болса.
AG108 Егер хеджирлеу құралының және хеджирленетін активтің, міндеттеменің, нақты келісімнің немесе жоғары ықтималды болжанатын мәміленің негізгі талаптары бірдей болса, онда әділ құнның және ақша ағындарының хеджирлеу тәуекелдігімен байланысты өзгерістері хеджирлеудің басында және сол сияқты хеджирлеудің аяғында бірін-бірі толық көлемде өтеуі мүмкін. Мысалы, егер номиналдық және негізгі сома, мерзімдер, пайыздық мөлшерлемені қайта қарау күндері, пайыздарды немесе негізгі соманы алу және төлеу күні, сондай-ақ пайыздық мөлшерлемелерді бағалау әдістері хеджирлеу құралы және хеджирленетін бап үшін бірдей болса, пайыздық своп хеджирлеудің тиімді тәсілі болуы мүмкін. Сонымен қатар, форвардтық шарт бойынша тауарды жоғары ықтималды сатып алуды хеджирлеудің тиімділігі жоғары болуы мүмкін, егер:
(a) форвардтық келісімшарт сол тауардың бірдей санын сатып алуға хеджирлеу мәні болып табылатын күтілетін сатып алу мәмілесі жасалған сол уақытта және сол жерде жасалса;
(b) форвардтық келісімшарттың әділ құны ең басынан бастап нөлге тең болса; және
(c) не хеджирлеу тиімділігін бағалаудан форвардтық келісімшарт бойынша дисконттың немесе сыйақының өзгерісі алынып тасталса және тікелей пайдаға немесе шығынға жатқызылса не жоғары ықтималды күтілетін мәмілелерден болжанған ақша ағындарының өзгерісі тауардың форвардтық бағасына қатысты болса.
AG109 Кейде хеджирлеу құралы хеджирленетін тәуекелдікті тек ішінара азайтады. Мысалы, хеджирлеу құралы және хеджирленетін бап мөлшерлемелері бір-біріне қатысты өзгеретін әртүрлі валюталармен көрсетілген кезде хеджирлеуді жеткілікті түрде тиімді деп санауға болмайды. Сонымен қатар, пайыздық тәуекелдікті туынды құралдың көмегімен хеджирлеу, егер туынды құралдың әділ құнының өзгеруіне контрагенттің кредиттік тәуекелдігі ішінара себеп болса, толық тиімді болмайды.
AG110 Хеджирлеу кезінде арнайы есепке алуға, егер хеджирлеу ұйымның шаруашылық қызметінің жалпы тәуекелдігін емес, нақты айқындалған және белгіленген тәуекелдікті қозғаған және қорытындысында ұйымның пайдасына және шығынына әсер еткен жағдайда ғана рұқсат етіледі. Активтің моральдық тозуының тәуекелдігін немесе мүлікті мемлекеттік органдардың тәркілеуі тәуекелдігін хеджирлеу кезінде есепке алу талаптарына сай келмейді; тиімділік дәрежесін айқындауға болмайды, себебі көрсетілген тәуекелдіктер жеткілікті шынайы бағалауға сай келмейді.
AG110A 74(а)-тармағы ұйымның опционның ішкі құны мен уақытша құнын бөлектеуіне және хеджделген құрал ретінде тек опцион келісімшартының ішкі құнын тануға рұқсат етеді. Егер де болжам операциясы және хеджирлеу құралының басты мүшесі бірдей болған жағдайда, осындай тану болжам операциясының хеджделген біржақты тәуекелдігіне қатысты қаржы ағымдарының өтемдік өзгерістеріне жетуде аса тиімді болатын хеджирлеу қатынасына әкелуі мүмкін.
AG110B Егер ұйым сатылым опционын толығымен болжам операциясынан туындайтын біржақты тәуекелдіктің хеджирлеу құралы ретінде таныса, хеджирлеу қатынасы толығымен тиімді болмайды. Себебі, опционға төленген сақтандыру үлесіне уақытша құн да кіреді, сондай-ақ AG99BA-тармағында айтылғандай танылған біржақты тәуекелдікке опционның уақытша құны кірмейді. Сондықтан бұндай жағдайда төленген сақтандыру үлесі опционының уақытша құнына қатысты ақша ағымдары және танылған хеджирлеу тәуекелдігі арасында ешқандай өтеу болмайды.
AG111 Пайыздық тәуекелдік жағдайында хеджирлеу тиімділігінің дәрежесін әрбір кезең бойынша барлық таза ашық пайыздық позицияның тәуекелдігін, осындай таза тәуекелдіктің осы таза тәуекелдік туындайтын нақты активке немесе міндеттемеге (немесе нақты активтер тобына немесе міндеттемеге, не осындай топтың нақты бөлігіне) байланысты болуы шартымен бағалауға болады және хеджирлеудің тиімділігі осындай актив немесе міндеттеме бойынша бағаланады.
AG112 Ұйымның хеджирлеу тиімділігін бағалау кезінде, әдетте, ақшаның құнын уақыт бойынша есепке алуға тура келеді. Хеджирленетін бап бойынша белгіленген мөлшерлеме әділ құнды хеджирлеу кезінде пайдаланылатын своп бойынша белгіленген мөлшерлемемен сәйкес келуі міндетті емес. Пайыздық кіріс әкелетін актив немесе міндеттеме бойынша өзгермелі мөлшерлеме да дәл солай ақша ағындарын хеджирлеу кезінде пайдаланылатын своп бойынша өзгермелі мөлшерлемемен сәйкес келуі міндетті емес. Своптың әділ құны қарама-қарсы талаптарды есепке алу арқылы есеп айырысуларда анықталады. Своп бойынша белгіленген және өзгермелі мөлшерлемелер өзгеруі мүмкін, бірақ бұл екі мөлшерлеме да бірдей мөлшерде өзгеруі шартымен қарама-қарсы талаптарды есепке алуда көрсетілмейді.
AG113 Егер ұйым хеджирлеу тиімділігінің талаптарын орындамаса, онда ол осындай талаптар орындалған соңғы күннен бастап хеджирлеуді есепке алуды тоқтатады. Дегенмен, егер ұйым тиімділік талаптарын орындамауға әкеп соққан оқиғаны немесе жағдайдың өзгеруін бірегейлендірсе және осындай оқиға немесе жағдайлардың өзгеруі болғанға дейін хеджирлеудің тиімді болғанын көрсетсе, ол осындай оқиға немесе жағдайлардың өзгеруі болған күннен бастап хеджирлеуді есепке алуды тоқтатады.
AG113A Күмәннан жалтару үшін, түпкі контрагентті клирингтік контрагенттпен алмастырудың ықпалы және 91(a)(ii) мен 101(a)(ii) тармақтарында сипатталған байлаулы өзгерістерді жасау хеджерлеу құралының бағалауында, хеджерлік тиімділігінің бағалауында және хеджерлік тиімділігінің өлшеуінде тойтарылуы тиіс.