Қазақстан Республикасының
Заңы
Тауар биржалары туралы
(2012.21.06. берілген өзгерістер мен толықтырулармен)
Осы редакция 2012 жылғы 10 шілдеде енгізілген өзгерістеріне дейін қолданылды
1-тарау. Жалпы ережелер
2-тарау. Тауар биржаларының қызметін мемлекеттік реттеу
3-тарау. Тауар биржасын құру
4-тарау. Тауар биржасының қызметі
5-тарау. Брокерлік және дилерлік қызмет. Тауар биржасындағы коммерциялық құпия
6-тарау. Тауар биржалары саласындағы мемлекеттік бақылау
7-тарау. Қорытынды ережелер
Түпнұсқада мазмұны жоқ
Осы Заң тауар биржалары қызметі және биржалық сауданы жүзеге асыру процесінде туындайтын қоғамдық қатынастарды реттейді, тауар биржаларының ашық және тиімді жұмыс істеуін қамтамасыз ету, биржалық саудаға қатысушылардың құқықтарын және олардың арасындағы адал бәсекелестікті қорғау мақсатында тауар биржаларының қызметін реттеу және мемлекеттік бақылау тәртібін белгілейді.
1-тарау. Жалпы ережелер
1-бап. Осы Заңда пайдаланылатын негізгі ұғымдар
Осы Заңда мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:
1) биржалық брокер (бұдан әрі - брокер) - сауда қызметін реттеу саласындағы уәкілетті орган беретін лицензия негізінде Қазақстан Республикасының заңнамалық актілеріне сәйкес тауар биржасында өз қызметін жүзеге асыратын, акционерлік қоғамның немесе жауапкершілігі шектеулі серіктестіктің ұйымдық-құқықтық нысанында құрылатын және клиенттің тапсырмасы бойынша соның есебінен және мүддесі үшін биржалық тауармен мәмілелер жасайтын заңды тұлға;
2) биржалық дилер (бұдан әрі - дилер) - сауда қызметін реттеу саласындағы уәкілетті орган беретін лицензия негізінде Қазақстан Республикасының заңнамалық актілеріне сәйкес тауар биржасында өз қызметін жүзеге асыратын, акционерлік қоғамның немесе жауапкершілігі шектеулі серіктестіктің ұйымдық-құқықтық нысанында құрылатын және өзінің мүддесі үшін және өзінің есебінен, сондай-ақ клиенттің тапсырмасы бойынша биржалық тауармен мәмілелер жасайтын заңды тұлға;
3) биржалық сауда - тауар биржасында сауда-саттықты, оның ішінде электрондық сауда-саттықты жүргізу, мәмілелерді тіркеу және ресімдеу жолымен жүзеге асырылатын биржалық тауарларды өткізу жөніндегі кәсіпкерлік қызмет;
4) биржалық сауда ережелері - Қазақстан Республикасының Үкіметі бекітетін биржалық сауданың үлгі ережелері негізінде әзірленген, әрбір тауар биржасы үшін биржалық сауда жүргізудің тәртібін белгілейтін құжат;
5) биржалық сауда-саттық - биржалық тауарлар бойынша мәмілелер жасауға бағытталған биржалық сауда ережелері шеңберінде жүргізілетін процесс;
6) биржалық саудаға қатысушылар - биржалық сауданың белгіленген ережелері бойынша тауар биржасында өзара әрекет ететін клиенттер, брокерлер және дилерлер;
7) биржалық тауар - айналымнан алынып тасталмаған немесе айналымда шектелмеген тауар, оның ішінде жылжымайтын мүлікті және зияткерлік меншік объектілерін қоспағанда, тауар биржасы биржалық саудаға жіберген мерзімді келісім-шарт;
8) биржалық тауарларға баға белгілеу - тауар биржасында белгілі бір уақыт кезінде биржалық тауарлар бойынша жарияланған сұраныстың және (немесе) ұсыныстың бағасы;
9) бұйрық - нақты биржалық тауарларға қатысты тауар биржасында белгілі бір әрекетті жүзеге асыруды көрсете отырып, клиент брокерге және (немесе) дилерге ұсынатын құжат;
10) клиент - биржалық тауармен мәмілелер жасау үшін брокердің және (немесе) дилердің көрсететін қызметтерін пайдаланатын жеке немесе заңды тұлға;
11) клиринг - тауар биржасында жасалатын мәмілелер бойынша биржалық сауда-саттыққа қатысушылар арасында өзара талаптар мен міндеттемелердің есебін жүргізу;
12) мерзімді келісім-шарт - орындау мерзімі ұзартылған биржалық тауарды шартсыз немесе шартты сатып алу-сатуға арналған келісім-шарт, оған фьючерс, опцион жатады;
13) опциондық келісім-шарт - сатып алушыға сыйлыққа айырбастап, белгілі бір уақыт кезеңінің ішінде немесе белгілі бір күнге (опцион мерзімі аяқталған күнге) опцион сатушысынан орындау бағасы бойынша биржалық тауарды сатып алуға немесе сатуға құқық (міндеттемесіз) беретін келісім-шарт;
14) опциондық мәміле - опциондық келісім-шарт объектісі болып табылатын биржалық мәміле;
15) сауда қызметін реттеу саласындағы уәкілетті орган (бұдан әрі - уәкілетті орган) - сауда қызметі саласындағы мемлекеттік реттеуді және үйлестіруді жүзеге асыратын орталық атқарушы орган;
16) спот-тауар - шұғыл берілетін немесе алдағы уақытта берілетін, қоймада тұрған тауар;
17) тауар биржасының мүшесі - Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес тауар биржасының ішкі құжаттарында көзделген тәртіппен биржалық тауармен мәмілелерді жүзеге асыруға құқығы бар брокер және (немесе) дилер;
18) тауар биржасының сауда жүйесі - тауар биржасының материалдық-техникалық құралдар, бағдарламалық өнімдер, ішкі құжаттар және өзге де қажетті активтер мен рәсімдер кешені, тауар биржасындағы сауда-саттыққа қатысушылар арасында биржалық тауарлармен мәмілелер жасалатын сауда-саттық солардың көмегімен жүзеге асырылады;
19) тауар биржасының ішкі құжаттары - тауар биржасына қатысушылар қызметінің шарттары мен тәртібін, тауар биржасының, оның органдарының, құрылымдық бөлімшелерінің жұмысын, қызмет көрсетулер, оларға ақы төлеудің тәртібі мен мөлшерін реттейтін құжаттар;
20) фьючерстік мәміле - есеп айырысулар клирингтік орталық арқылы кепілді төлей отырып жүргізілетін, сауда-саттыққа қатысушылар мәміле жасалған сәтте белгіленген баға бойынша биржалық тауардың белгілі бір санын болашақта белгілі бір кезеңде беруге (қабылдауға) өзіне міндеттеме қабылдай отырып, тауар биржасында мерзімді келісім-шартпен жасалатын биржалық мәміле.
2-бап. Қазақстан Республикасының тауар биржалары туралы заңнамасы
1. Қазақстан Республикасының тауар биржалары туралы заңнамасы Қазақстан Республикасының Конституциясына негізделеді және Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексінен, осы Заңнан және Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік құқықтық актілерінен тұрады.
2. Егер Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шартта осы Заңда көзделгеннен өзгеше ережелер белгіленсе, онда халықаралық шарттың ережелері қолданылады.
2-тарау. Тауар биржаларының қызметін мемлекеттік реттеу
3-бап. Қазақстан Республикасы Үкіметінің тауар биржалары қызметі саласындағы құзыреті
Қазақстан Республикасының Үкіметі:
1) тауар биржаларының қызметі саласындағы мемлекеттік саясаттың негізгі бағыттарын әзірлейді;
2) тауар биржаларының қызметін дамыту саласындағы бағдарламаларды бекітеді;
3) биржа саудасының үлгі ережелерін бекітеді;
2011.15.07. № 461-IV ҚР Заңымен 4) тармақша жаңа редакцияда (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін алты ай өткен соң қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
4) сауда биржаларының, брокерлер мен дилерлердің қызметіне қойылатын біліктілік талаптарын бекітеді;
5) уәкілетті органның ұсынысы бойынша тауар биржалары арқылы өткізілетін биржалық тауарлардың тізбесін және ұсынылатын партиялардың ең аз мөлшерін бекітеді, оған өзгерістер және (немесе) толықтырулар енгізеді;
6) тауар биржасында халықаралық биржа сауда-саттықтарын дамыту үшін жағдайлар жасайды.
2011.05.07. № 452-IV ҚР Заңымен 7) тармақшамен толықтырылды (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін үш ай өткен соң қолданысқа енгізілді)
7) өзіне Қазақстан Республикасының Конституциясымен, заңдарымен және Қазақстан Республикасы Президентінің актілерімен жүктелген өзге де функцияларды орындайды.
4-бап. Уәкілетті органның құзыреті
Уәкілетті орган:
1) тауар биржаларын дамыту саласындағы бағдарламалық құжаттарды әзірлейді және іске асырады;
2) тауар биржаларының қызметін реттеу саласындағы нормативтік құқықтық актілерді әзірлейді, бекітеді;
3) тауар биржалары арқылы өткізілетін биржалық тауарлардың тізбесін және ұсынылатын партиялардың ең аз мөлшерін қалыптастыру және бекіту жөнінде, сондай-ақ оған өзгерістер және (немесе) толықтырулар енгізу жөнінде ұсыныстар әзірлейді;
2009.17.07. № 188-IV ҚР Заңымен 3-1) тармақшамен толықтырылды; 2010.19.03 № 258-IV ҚР Заңымен (бұр.ред.қара); 2011.06.01. № 378-IV ҚР Заңымен (бұр.ред.қара) 3-1) тармақша өзгертілді
3-1) «Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік бақылау және қадағалау туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес ведомстволық есептіліктің, тексеру парақтарының нысандарын, тәуекел дәрежесін бағалау критерийлерін, жыл сайынғы тексерулер жоспарларын әзірлейді және бекітеді;
4) тауар биржасында халықаралық биржа сауда-саттықтарын дамыту үшін жағдайлар жасау жөнінде ұсыныстар енгізеді;
5) тауар биржаларының қызметін талдауды және оған мониторингті жүргізеді;
6) коммерциялық немесе Қазақстан Республикасының заңымен қорғалатын өзге де құпияны құрайтын мәліметтерді қоспағанда, тауар биржаларының қызметі және биржалық сауда мәселелері жөніндегі ақпаратты жариялайды;
7) тауар биржалары саласында халықаралық ынтымақтастықты жүзеге асырады;
8) 2009.17.07. № 188-IV ҚР Заңымен алып тасталды (бұр.ред.қара)
9) өз өкілін тауар биржасының жұмысына, оның ішінде биржалық сауда-саттыққа қатысуға ресми түрде жібереді;
10) тауар биржалары саласындағы қызметті лицензиялауды жүзеге асырады.
2011.05.07. № 452-IV ҚР Заңымен 11) тармақшамен толықтырылды (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін үш ай өткен соң қолданысқа енгізілді)
11) осы Заңда, Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында, Қазақстан Республикасы Президентінің және Қазақстан Республикасы Үкіметінің актілерінде көзделген өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.
5-бап. Тауар биржалары саласындағы қызметті лицензиялау
Тауар биржалары саласындағы қызметті лицензиялау Қазақстан Республикасының лицензиялау туралы заңнамасында белгіленген тәртіппен жүзеге асырылады.
3-тарау. Тауар биржасын құру
6-бап. Тауар биржасы
1. Акционерлік қоғамның ұйымдық-құқықтық нысанында құрылған, сауда-саттықтарды ұйымдық және техникалық қамтамасыз етуді тауар биржасының сауда жүйесін пайдалана отырып тікелей жүргізу жолымен жүзеге асыратын заңды тұлға тауар биржасы болып табылады.
Тауар биржасы сауда-саттық жүргізуді биржалық сауданың белгіленген ережелері бойынша қамтамасыз етеді.
Тауар биржасы өз қызметін уәкілетті орган беретін лицензия негізінде жүзеге асырады.
2. Тауар биржасының атауында «тауар биржасы» деген сөздер болуға тиіс.
3. Тауар биржасының жарғылық капиталын қалыптастыру Қазақстан Республикасының акционерлік қоғамдар туралы заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.
7-бап. Тауар биржасының жарғысы
1. Тауар биржасының жарғысы Қазақстан Республикасының акционерлік қоғамдар туралы заңнамасында көзделген тәртіппен бекітіледі.
2. Тауар биржасының жарғысында Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген мәліметтерден басқа тауар биржасын мамандандыруға нұсқау болуға тиіс.
8-бап. Тауар биржасындағы дауларды шешу
1. Биржалық мәмілелер жасаcумен байланысты дауларды шешу үшін тауар биржасы әділет органдарында мемлекеттік тіркелгеннен кейін күнтізбелік отыз күн ішінде тұрақты жұмыс істейтін биржалық төрелік құрады.
2. Биржалық төреліктің қызметі Қазақстан Республикасының аралық соттар туралы заңнамасымен реттеледі.
9-бап. Тауар биржаларының сыныптамасы
Мамандануы бойынша тауар биржалары:
1) биржалық сауда-саттыққа әртүрлі тауарларды қабылдайтын әмбебап;
2) тауардың белгілі бір түрінің айналымына қызмет көрсететін мамандандырылған болуы мүмкін.
10-бап. Биржалық сауданың үлгі ережелері
1. Биржалық сауданың үлгі ережелері тауар биржасы мүшелерінің биржалық тауарлармен биржалық мәмілелер жасау кезіндегі қызметінің тәртібін айқындайды.
2. Биржалық сауданың үлгі ережелері мыналарды:
1) тауар биржасына мүшелікке қабылдаудың, мүшелікті тоқтата тұрудың және тоқтатудың шарттары мен тәртібін;
2) биржалық сауда-саттықты жүргізу тәртібін;
3) биржалық сауда-саттықта тауарлармен жасасылған мәмілелер бойынша есеп айырысуларды жүзеге асыру тәртібін;
4) тауар биржасындағы сауда-саттықты тоқтата тұрудың және қайта жаңартудың шарттары мен тәртібін;
5) биржалық төрелік қызметін қалыптастыру мен ұйымдастыру тәртібін, сондай-ақ биржалық тауарлармен биржалық мәмілелер жасасуға байланысты дауларды шешу тетіктерін;
6) биржалық сауда бойынша құжаттарды қабылдау (бекіту) тәртібін;
7) тауар биржасындағы мәмілелерді есепке алу және тіркеу тәртібін қамтиды.
11-бап. Тауар биржасының мүшелері
1. Тауар биржасы мүшелерінің саны үшеуден кем болмауға тиіс.
2. Тауар биржасына мүшелік осы Заңға сәйкес биржалық сауда-саттыққа қатысуға құқық береді.
12-бап. Тауар биржасының қызметкерлері
1. Тауар биржасымен еңбек қатынастарында тұрған және жұмысты еңбек шарты бойынша тікелей орындайтын жеке тұлғалар тауар биржасының қызметкерлері болып табылады.
2. Тауар биржасының қызметкерлеріне биржалық мәмілелерге қатысуға, сондай-ақ коммерциялық ақпаратты өз мүдделерінде пайдалануға тыйым салынады.
4-тарау. Тауар биржасының қызметі
13-бап. Тауар биржасының қызметі
1. Тауар биржасының негізгі қызметінің түрі биржалық сауда-саттықты ұйымдастыру және жүргізу болып табылады.
2. Тауар биржасы мынадай функцияларды:
1) сауда-саттықты ұйымдастыруды және жүргізуді;
2) тауар биржасында жасалатын мәмілелерді, оның ішінде спот-тауарлармен жасалатын мәмілелерді тіркеуді және ресімдеуді;
3) биржалық мәмілелер бойынша есеп айырысуларды ұйымдастыруды және жүзеге асыруды;
4) тауар биржасында жүргізілген сауда-саттық нәтижесінде тауарға биржалық бағаны тіркеуді;
5) биржалық сауданың үлгі ережелері негізінде биржалық сауданың ережелерін әзірлеуді және бекітуді;
6) биржалық сауда-саттық арқылы сатылатын биржалық тауардың сапасына биржалық саудаға қатысушының талабы бойынша сараптама ұйымдастыруды;
7) тауар биржасының мүшелеріне ұйымдастырушылық, консультациялық, ақпараттық, әдістемелік қызметтер көрсетуді;
8) биржалық тауарлар нарығына талдамалық зерттеулер жүргізуді;
9) биржалық қызмет туралы ақпаратқа жататын баспа өнімін шығаруды;
10) биржалық тауар нарығының қатысушыларын оқыту және олардың біліктілігін арттыру жөнінде оқу курстарын ұйымдастыруды;
11) тауар биржасының сауда жүйесін пайдалануды;
12) халықаралық биржалық сауда-саттықты дамытуды жүзеге асырады.
3. Тауар биржасына биржалық сауданы ұйымдастырумен тікелей байланысты емес сауда және өзге де қызметті жүзеге асыруға тыйым салынады.
4. Тауар биржасы осы Заңмен және Қазақстан Республикасының өзге де заңнамалық актілерімен өзіне берілген құқықтар шегінде өз атынан шетелдіктермен және басқа мемлекеттің заңнамасына сәйкес құрылған заңды тұлғалармен ынтымақтастық туралы келісімдер жасасуға құқылы.
14-бап. Тауар биржасының кірістері
1. Тауар биржасының кірістері тауар биржасы мүшелерінің кіру жарналары мен жыл сайынғы жарналары, биржа мүлкін пайдаланғаны, биржалық мәмілелерді тіркегені және ресімдегені үшін төлемдер есебінен және заңнамамен тыйым салынбаған басқа да түсімдер есебінен құралады.
2. Тауар биржасы мыналарды:
1) тауар биржасы мүшелерінің кепілдік жарналарының мөлшері мен оларды енгізу тәртібін;
2) биржалық сауданың ережелеріне сәйкес сауда-саттыққа қатысқаны үшін төлемдердің мөлшерін;
3) алыпсатарлық әрекеттерді болдырмау мақсатында сауда-саттықты тоқтата тұру үшін алдыңғы сауда-саттық нәтижесінде қалыптасқан бағаларды ескере отырып, бір сауда күні шеңберінде нақты биржалық тауарға бағалар деңгейлерінің ең аз және ең көп шектерін белгілеуге құқығы бар.
3. Тауар биржасына биржалық мәмілелердегі делдалдық үшін брокерлер және дилерлер алатын сыйақы мөлшерін белгілеуге тыйым салынады.
4. Тауар биржасының мүшелерінен алынатын төлемдердің мөлшері биржалық сауданың ережелерімен айқындалады және биржалық сауданың кез келген қатысушысының танысуы үшін қолжетімді болуға тиіс.
15-бап. Биржалық мәміле
1. Биржада айналымға жіберілген мүлік нысанасы болып табылатын және Қазақстан Республикасының тауар биржалары туралы заңнамасына және биржалық сауда ережелеріне сәйкес ол жүргізетін сауда-саттыққа қатысушылармен жасалатын мәміле биржалық мәміле болып танылады.
2. Тауар биржасында жасалған, бірақ осы баптың 1-тармағында көзделген талаптарға сәйкес емес мәмілелер биржалық болып табылмайды.
3. Биржалық тауарлар тізбесіне енгізілген тауарлармен тауар биржаларынан тыс жасалған мәмілелер мүдделі адамдардың, уәкілетті органның не прокурордың талабы бойынша жарамсыз деп танылады.
4. Биржалық мәмілелер тауар биржасының атынан және оның есебінен жасалмайды.
16-бап. Биржалық мәмілелердің түрлері
Тауар биржасында:
1) халықаралық іскерлік операцияларымен өзара байланысты мәмілелерді қоса алғанда, спот-тауарларға қатысты құқықтар мен міндеттерді өзара беріп отыратын мәмілелер;
2) фьючерстік мәмілелер;
3) опциондық мәмілелер;
4) қоймалық құжаттарға қатысты құқықтар мен міндеттерді өзара беріп отыратын мәмілелер жасалады.
17-бап. Фьючерстік және опциондық мәмілелер жасау кезіндегі биржалық саудадағы кепілдіктер
1. Тауар биржасы онда жасалатын фьючерстік және опциондық мәмілелердің орындалуын қамтамасыз ету мақсатында клирингтік орталықтар арқылы есеп айырысу қызметін көрсетуді ұйымдастыруға міндетті.
2. Тауар биржасында фьючерстік және опциондық мәмілелерді жасауға брокерлердің және (немесе) дилерлердің ғана құқығы бар.
3. Тауар биржасында фьючерстік және опциондық мәмілелер автоматтандырылған сауда-саттық жүргізуді, клирингті жүргізуді, баға белгілеу өзгерістерінің серпінін қамтамасыз ететін бағдарламалық құралдардың арнайы кешені болған кезде ғана жасалады.
4. Клирингтік орталықтар тауар биржасынан тәуелсіз ұйымдар ретінде тауар биржасының құрамында арнайы ұйымдастырылған құрылымдық бөлімше - клирингтік орталық ретінде де құрылуы мүмкін.
5. Клирингтік орталықтар өз қызметінде:
1) фьючерстік және опциондық мәмілелердің орындалуына және осы мәмілелер бойынша міндеттемелердің орындалмау не тиісінше орындалмау нәтижесінде пайда болған зиянды өтеуге кепілдік беретін жарналардың түрлерін, мөлшерін және оларды алу тәртібін белгілейді, сондай-ақ осы мәмілелерге қатысушылардың басқа да қаржылық міндеттемелерін айқындайды;
2) фьючерстік және опциондық мәмілелерге кепілдік беру үшін шаралар қабылдайды;
3) тауарлармен мәмілелер жасау нәтижесінде жүзеге асырылатын есеп айырысуларға қатысушы тараптардың өзара талаптары мен міндеттемелерінің есебін жүзеге асырады.
18-бап. Биржалық баға
1. Тауарға биржалық баға биржалық тауарлардың бағасын белгілеу нәтижесінде қалыптасады.
2. Тауар биржалары биржалық тауарларға баға белгілеуді бұқаралық ақпарат құралдарында күн сайын жариялауға міндетті.
5-тарау. Брокерлік және дилерлік қызмет. тауар биржасындағы коммерциялық құпия
19-бап. Брокердің және дилердің қызметін жүзеге асыру тәртібі
1. Тауар биржасындағы брокерлік және дилерлік қызмет уәкілетті орган беретін лицензия негізінде жүзеге асырылады.
2. Брокер және дилер осы Заңда, Қазақстан Республикасының өзге де заңнамалық актілерінде, уәкілетті органның нормативтік құқықтық актілерінде, тауар биржасының ішкі құжаттарында белгіленген талаптарды сақтауға міндетті.
3. Брокер мен дилер және олардың клиенттері арасындағы қатынастар Қазақстан Республикасы азаматтық заңнамасының нормалары қолданылатын брокерлік және дилерлік қызметтер көрсету туралы шарттың негізінде туындайды.
20-бап. Брокермен және дилермен мәмілелер жасау
1. Биржалық мәмілелер жасауды брокер - клиенттің бұйрығына сәйкес, дилер клиенттің бұйрығына да сәйкес, өз мүддесіне де орай және өз есебінен жүзеге асырады. Клиенттер бұйрықтарының түрлері, олардың мазмұны мен ресімделуі тауар биржасының ішкі құжаттарымен белгіленеді.
2. Клиенттің бұйрығын орындауды осы бұйрықта көрсетілген мәмілелер жасау шарттарын сақтай отырып, брокер және дилер жүзеге асырады. Егер мәміле жасау кезінде мәміленің шарттарын өзгерту қажеттігі туындаса, брокер және дилер өз әрекеттерін клиентпен келісуге міндетті.
Мүдделер қақтығысы туындаған жағдайда брокер және дилер мәмілені клиент мүдделерінің өз мүдделерінен басымдығын негізге ала отырып жасауға міндетті.
21-бап. Тауар биржасындағы брокер мен дилердің және олардың клиенттерінің арасындағы қатынастар
Тауар биржасы өз өкілеттіктері шегінде брокер мен дилердің және олардың клиенттерінің өзара қатынастарын регламенттейді, биржалық сауданы бұзушыларға шаралар қолданады.
22-бап. Брокерлер мен дилерлердің ішкі құжаттарына және жасалатын биржалық мәмілелердің есебін жүргізуге қойылатын талаптар
1. Брокерлер мен дилерлерге арналған тауар биржасының ішкі құжаттары тауар биржасында коммерциялық құпияны құрайтын мәліметтердің сақталуын қамтамасыз ететін, биржалық саудаға қатысушылардың, олардың өкілдерінің немесе үшінші тұлғалардың мүдделері үшін пайдалануға жол бермейтін шарттарды қамтуға тиіс.
2. Брокерлер мен дилерлер әрбір клиент бойынша жеке жасалатын биржалық мәмілелердің есебін жүргізуге және осы мәмілелер туралы мәліметтерді мәміле жасалған күннен бастап бес жыл ішінде сақтауға міндетті.
23-бап. Тауар биржасындағы коммерциялық құпия
1. Коммерциялық құпия:
1) тіркелген биржалық саудаға қатысушылар туралы мәліметтерді;
2) тауар биржасында жасалатын мәмілелер туралы мәліметтерді қамтиды.
2. Брокерлер мен дилерлер табиғи баға белгілеуді бұзуға және тауар нарығының тұрақсыздануына әкеп соғуы мүмкін іс-әрекеттерге (әрекетсіздіктерге) жол беруге құқылы емес.
3. Өзінің қызметтік жағдайына байланысты көрсетілген ақпаратты алуға мүмкіндігі бар адам коммерциялық құпияны құрайтын ақпаратқа ие адам болып табылады.
24-бап. Тауар биржаларының қызметі туралы коммерциялық құпияны құрайтын мәліметтерді ұсыну
1. Осы баптың 2 және 3-тармақтарында белгіленген жағдайларды қоспағанда, тауар биржасында коммерциялық құпияны құрайтын мәліметтер жария етілуге жатпайды.
2. Коммерциялық құпияны құрайтын мәліметтер биржалық саудаға қатысушыға оның құқықтарына қатысты не Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес ресімделген сенімхат негізінде оның өкіліне берілуі мүмкін.
3. Тауар биржасында коммерциялық құпияны құрайтын мәліметтер:
1) анықтау және алдын ала тергеу органдарына: прокурордың санкциясымен олардың іс жүргізуіндегі қылмыстық істер бойынша;
2) соттарға: ұйғарым, қаулы негізінде олардың іс жүргізуіндегі істер бойынша;
3) прокурорға: оның құзыреті шегінде тексеру ісін жүргізу туралы қаулы негізінде оның қарауындағы материалдар бойынша;
4) атқарушылық іс жүргізу органдарына: сот орындаушысының атқарушылық іс жүргізу органының мөрімен куәландырылған және прокурор санкция берген қаулысы негізінде олардың іс жүргізуіндегі атқарушылық іс жүргізу бойынша;
2009.28.08. № 192-IV ҚР Заңымен 5) тармақша өзгертілді (ресми жарияланғанынан кейін алты ай өткен соң қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
5) уәкілетті органға: оның сұрау салуы бойынша өз құзыреті шегінде;
2009.28.08. № 192-IV ҚР Заңымен 6) тармақшамен толықтырылды (ресми жарияланғанынан кейін алты ай өткен соң қолданысқа енгізілді); 2012.21.06. № 19-V ҚР Заңымен 6) тармақша өзгертілді (бұр.ред.қара)
6) қаржы мониторингі жөніндегі уәкілетті органға: «Заңсыз жолмен алынған кiрiстердi заңдастыруға (жылыстатуға) және терроризмдi қаржыландыруға қарсы iс-қимыл туралы» Қазақстан Республикасының Заңында көзделген мақсаттарда және тәртіппен берілуге тиіс.
6-тарау. Тауар биржалары саласындағы мемлекеттік бақылау
2009.17.07. № 188-IV ҚР Заңымен 25-бап жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
25-бап. Тауар биржалары саласындағы мемлекеттік бақылау
1. Тауар биржалары саласындағы мемлекеттік бақылау тексеру нысанында және өзге де нысандарда жүзеге асырылады.
2011.06.01. № 378-IV ҚР Заңымен 2-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
2. Тексеру «Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік бақылау және қадағалау туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес жүзеге асырылады. Мемлекеттік бақылаудың өзге де нысандары осы Заңға сәйкес жүзеге асырылады.
26-бап. 2009.17.07. № 188-IV ҚР Заңымен алып тасталды (бұр.ред.қара)
27-бап. Тауар биржасының қызметін тексеру нәтижелері бойынша уәкілетті органның шешімі
Уәкілетті орган тауар биржасының қызметін тексеру қорытындылары туралы анықтаманы қарау нәтижелері бойынша:
1) әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс қозғауға негіздердің жоқтығы туралы қорытынды жазады;
2) әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс қозғайды;
3) тауар биржасына Қазақстан Республикасының тауар биржалары туралы заңнамасын бұзушылықтың анықталған фактілерін жою туралы нұсқама шығарады;
4) материалдарды қылмыстық іс қозғау туралы мәселені қарау үшін құқық қорғау органдарына береді;
5) материалдарды қарау және тиісті шаралар қабылдау үшін өзге де мемлекеттік органдарға береді.
28-бап. Уәкілетті органның нұсқамалары
Уәкілетті органның нұсқамаларын тауар биржалары нұсқамаларда көзделген мерзімде, бірақ оларды алған күннен бастап күнтізбелік отыз күннен кешіктірмей орындайды.