Қазақстан Республикасының
Заңы
Химиялық өнімнің қауіпсіздігі туралы
(2011.05.07. берілген өзгерістер мен толықтырулармен)
Осы редакция 2012 жылғы 10 шілдеде енгізілген өзгерістеріне дейін қолданылды
Түпнұсқада мазмұны жоқ
Осы Заң Қазақстан Республикасының аумағында адамның өмірі мен денсаулығын сақтау, қоршаған ортаны және тұтынушылардың мүдделерін қорғау үшін химиялық өнімнің қауіпсіздігін қамтамасыз етудің құқықтық негіздерін белгілейді.
1-тарау. НЕГІЗГІ ЕРЕЖЕЛЕР
1-бап. Осы Заңда пайдаланылатын негізгі ұғымдар
Осы Заңда мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:
1) ескертпелік таңбаланым - химиялық өнімнің қауіпсіздігі
саласындағы техникалық регламенттердің талаптарына сәйкес өнімге және (немесе) орамаға жапсырылатын химиялық өнімнің қауіпті қасиеттері туралы және онымен жұмыс істеу кезеңдеріндегі қауіпсіздік шаралары туралы ақпарат;
2) қатерді бағалау - химиялық өнімнің адам денсаулығы мен өміріне, қоршаған ортаға мүмкін болатын әсерін анықтауға бағытталған, қауіп деңгейін, дозасын (концентрациясын) айқындауды қамтитын шаралар кешені;
3) қауіпті химиялық өнім - осы Заңның 5-бабының 4-тармағында тізіп көрсетілген санаттардың біріне жатқызылған, құрамына кемінде бір химиялық зат кіретін химиялық өнім;
4) орама - химиялық өнімді және қоршаған ортаны бүліну мен
ысырап болудан қорғауды қамтамасыз ететін, сондай-ақ химиялық өнімнің тасымалдануын, сақталуын және өткізілуін жеңілдететін құрал немесе құралдар кешені;
5) өтінім беруші (өндіруші, өнім беруші, импорттаушы) - химиялық өнімді белгіленген тәртіппен тіркеуді және олардың сәйкестігін растауды жүзеге асыратын жеке немесе заңды тұлға;
6) техникалық құжаттама - қатерді бағалау үшін қажетті ақпарат жазылған, барлық қолжетімді тиісті деректері бар, соның ішінде зерттеудің әдістері мен нәтижелері толық сипатталып көрсетілген немесе оларға библиографиялық сілтеме жасалған құжаттар;
7) химиялық зат - табиғатта бар немесе технологиялық
операциялардың нәтижесінде алынған элемент немесе түзілім;
8) химиялық өнім - табиғи ресурстардан бөлінудің және (немесе) химиялық реакцияларды пайдалана отырып, шикізатты түрлендірудің технологиялық сатыларынан өткен және адамның қажетін қанағаттандыруға немесе дайындаушы кәсіпорын шығарған күйінде өндіріске пайдалануға жарамды өнім;
9) химиялық өнімді жіктеу - химиялық өнімді адамның өмірі мен денсаулығына, қоршаған ортаға зиянды әсер ететін немесе әсер етуі мүмкін қасиеттерін анықтау үшін химиялық заттардың қауіптілік түрлері және санаттары бойынша бөлу;
10) химиялық өнімнің қауіпсіздігін қамтамасыз ететін уәкілетті органдар (бұдан әрі - уәкілетті органдар) - химиялық өнімнің қауіпсіздігі саласындағы мемлекеттік саясаттың іске асырылуын берілген өкілеттіктер шегінде қамтамасыз ететін мемлекеттік органдар;
11) химиялық өнімнің қауіпсіздік паспорты - химиялық өнімнің сипаттамалары және онымен жұмыс істеудің қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі шаралар туралы мәліметтер қамтылған құжат;
12) химиялық өнімнің өмірлік циклі - химиялық өнімді өндіру, қолдану, сақтау, тасымалдау, өткізу, жою және кәдеге жарату процестері;
13) ыдыс - ашық немесе тұйық қуыс корпус түрінде жасалған, химиялық өнімді орналастыруға арналған бұйым болып табылатын ораманың элементі.
2-бап. Қазақстан Республикасының химиялық өнімнің
қауіпсіздігі туралы заңнамасы
1. Қазақстан Республикасының химиялық өнімнің қауіпсіздігі туралы заңнамасы Қазақстан Республикасының Конституциясына негізделеді және осы Заң мен Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік құқықтық актілерінен тұрады.
2. Егер Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық
шартта осы Заңдағыдан өзгеше ережелер белгіленсе, онда халықаралық шарттың ережелері қолданылады.
3-бап. Осы Заңның қолданылу аясы
1. Осы Заң адамның өмірі мен денсаулығын сақтау, қоршаған
ортаны қорғау үшін химиялық өнімнің және оның өмірлік циклі
процестерінің қауіпсіздігін қамтамасыз ететін талаптарды айқындау,
белгілеу, қолдану және орындау жөніндегі, сондай-ақ химиялық өнімнің
қауіпсіздігіне қатысты тұтынушыларды адастыратын іс-қимылдардың
алдын алу жөніндегі қоғамдық қатынастарды реттейді.
2. Осы Заңның талаптары:
1) кен қабатындағы пайдалы қазбаларға;
2) дайын дәрілік препараттарға;
3) радиоактивті заттарға, материалдар мен қалдықтарға;
4) тағамдық өнімге;
5) парфюмерлік-косметикалық өнімдерді және тұрмыстық-химия
өнімдерін қоспағанда, пайдалану процесінде өзінің химиялық құрамы мен агрегаттық жай-күйін өзгертпейтін және концентрацияларда адамның
өмірі мен денсаулығына және қоршаған ортаға зиянды әсер ете алатын
қауіпті химиялық заттар бөліп шығармайтын бұйымдарға қолданылмайды.
4-бап. Химиялық өнімнің қауіпсіздігі саласындағы
техникалық реттеу объектілері
Химиялық өнім және оның өмірлік циклінің процестері химиялық өнімнің қауіпсіздігі саласындағы техникалық реттеу объектілері болып табылады.
5-бап. Химиялық өнімді жіктеу
1. Химиялық өнімді жіктеу адамның өмірі мен денсаулығын сақтауды, қоршаған ортаны қорғауды қамтамасыз ету жөніндегі тиісті шараларды қолдану мақсатында жүргізіледі.
2. Химиялық өнімді жіктеу химиялық заттар қауіптілігінің түрлері мен санаттары бойынша жүзеге асырылады.
3. Химиялық өнім өндірілу және қолданылу процесінде мынадай қауіп түрлерін:
1) өрт қаупін;
2) жарылыс қаупін;
3) коррозиялық активтілікті;
4) уыттылықты төндіруі мүмкін.
4. Адамның өмірі мен денсаулығына, қоршаған ортаға зиянды әсер етуі мүмкін қасиеттері бар химиялық заттар мынадай санаттарға бөлінеді:
физикалық-химиялық қасиеттері бойынша:
1) жарылғыш заттар;
2) тез тұтанатын газдар;
3) тез тұтанатын сұйықтар;
4) тез тұтанатын қатты заттар;
5) тотықтырғыш заттар және органикалық пироксидтер;
6) уытты заттар;
7) коррозиялаушы заттар;
уыттылық қасиеттері бойынша:
1) күшті әсер ететін улы заттар;
2) улы заттар;
3) зиянды заттар;
4) күйдіргіш заттар;
5) көздің және (немесе) терінің кілегей қабықшаларының тітіркенуін туғызатын заттар;
6) сенсибилизациялайтын әсері бар заттар;
адамның денсаулығына ерекше әсер етуі бойынша:
1) канцерогендер;
2) мутагендер;
3) ұрпақты болу функциясына уытты әсер ететін заттар;
қоршаған ортаға әсер етуі бойынша:
1) қоршаған сулы орта үшін қауіпті заттар;
2) қоршаған ауа ортасы және топырақ үшін қауіпті заттар.
5. Химиялық өнімнің санаттары, қауіптілік түрлері және химиялық өніммен қауіпсіз жұмыс істеуді қамтамасыз ету жөніндегі шаралар туралы ақпарат химиялық өнімнің қауіпсіздігі саласындағы техникалық регламенттерде белгіленеді.
6. Химиялық өнімді сынаудың критерийлері мен әдістері, оның физикалық-химиялық және уыттылық қасиеттері, адамның денсаулығы мен өміріне, қоршаған ортаға ерекше әсері химиялық өнімнің қауіпсіздігі саласындағы техникалық регламенттерге сәйкес айқындалады.
7. Химиялық өнімді химиялық заттардың санаттары бойынша жіктеуді өтінім беруші (өндіруші, өнім беруші, импорттаушы) оны нарықта орналастыру үшін тиісті құжаттарды ресімдеуі кезінде көрсетеді.
2-тарау. ХИМИЯЛЫҚ ӨНІМНІҢ ҚАУІПСІЗДІГІ САЛАСЫНДАҒЫ МЕМЛЕКЕТТІК РЕТТЕУ
6-бап. Уәкілетті органдар
1. Мыналар уәкілетті органдар болып табылады:
1) индустрия және сауда саласындағы уәкілетті орган;
2) есірткі, психотроптық заттар мен прекурсорлар айналымы
саласындағы уәкілетті орган;
3) денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті орган;
4) өнеркәсіп қауіпсіздігі саласындағы уәкілетті орган;
5) қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган;
6) агроөнеркәсіптік кешенді дамыту саласындағы уәкілетті орган;
7) энергетика және минералдық ресурстар саласындағы уәкілетті орган;
8) еңбек және халықты әлеуметтік қорғау саласындағы уәкілетті орган;
9) көлік саласындағы уәкілетті орган.
2. Уәкілетті органдар химиялық өнімнің қауіпсіздігі саласындағы мемлекеттік реттеуді салалық бағыттылығына сәйкес жүзеге асырады.
7-бап. Қазақстан Республикасы Үкіметінің құзыреті
Қазақстан Республикасы Үкіметінің құзыретіне мыналар жатады:
1) химиялық өнімнің қауіпсіздігі саласындағы мемлекеттік саясаттың негізгі бағыттарын әзірлеу;
2) химиялық өнімнің қауіпсіздігі саласындағы техникалық
регламенттерді бекіту;
3) салалық бағдарламаны бекіту;
4) химиялық өнімнің қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері жөнінде консультациялық-кеңесші органдарды құру және тарату;
5) химиялық өнімді тіркеудің және оны есепке алудың тәртібін бекіту;
6) уәкілетті органдардың арасынан салалық бағыттылығына сәйкес химиялық өнімнің қауіпсіздігі саласындағы салааралық үйлестіру жөніндегі мемлекеттік органды айқындау;
2011.05.07. № 452-IV ҚР Заңымен 7) тармақшамен толықтырылды (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін үш ай өткен соң қолданысқа енгізілді)
7) өзіне Қазақстан Республикасының Конституциясымен, заңдарымен және Қазақстан Республикасы Президентінің актілерімен жүктелген өзге де функцияларды орындау.
2010.19.03 № 258-IV ҚР Заңымен 8-бап өзгертілді (бұр.ред.қара)
8-бап. Уәкілетті органдардың құзыреті
Уәкілетті органдар:
1) химиялық өнімнің қауіпсіздігі саласындағы мемлекеттік саясатты іске асыруды;
2) химиялық өнімнің қауіпсіздігі мәселелері бойынша халықаралық ұйымдарда Қазақстан Республикасының атынан өкілдік етуді;
2011.06.01. № 378-IV ҚР Заңымен 3) тармақша өзгертілді (бұр.ред.қара)
3) өз құзыреті шегінде осы Заңда және химиялық өнімнің қауіпсіздігі саласындағы техникалық регламенттерде белгіленген талаптардың сақталуына мемлекеттік бақылауды және қадағалауды;
4) химиялық өнімнің қауіпсіздігі саласында техникалық регламенттер әзірлеуді;
5) химиялық өнімнің қауіпсіздігі саласында техникалық регламенттер жобаларын әзірлеу және химиялық өнімді техникалық реттеу саласында ұсыныстар дайындау үшін сарапшылық кеңестер құруды;
6) осы Заңның және химиялық өнімнің қауіпсіздігі саласындағы техникалық регламенттердің талаптарына сәйкес келмейтін химиялық өнімді анықтау мақсатында тұтыну нарықтарына мониторинг жүргізуді және оны сатуға жол бермеу жөнінде шаралар талдап жасауды;
7) химиялық өнімнің қауіпсіздігі саласындағы техникалық құжаттамаларды келісуді;
8) химиялық өнімнің жекелеген түрлерін тіркеу мен есепке алудың тәртібін бекітуді;
9) химиялық өнімді Қазақстан Республикасының аумағында тіркеуді және оның есебін жүргізуді;
10) химиялық өнімнің қауіпсіздігі саласында салалық бағдарламалар, соның ішінде химиялық өнімнің қауіпсіздігі проблемалары бойынша зерттеулерді көздейтін бағдарламалар әзірлеуді және іске асыруды;
11) өтінім беруші (өндіруші, өнім беруші, импорттаушы) ұсынған ақпарат негізінде химиялық өнімнің адам денсаулығы мен өмірі, қоршаған орта үшін қатерін бағалауды тексеруді;
12) осы Заңмен және техникалық регламенттермен белгіленген қауіпсіздік талаптарына сәйкес келмейтін химиялық өнімнің өмірлік циклінің бір немесе бірнеше процестерін тоқтата тұру туралы нұсқама беруді;
2009.17.07. № 188-IV ҚР Заңымен 13) тармақшамен толықтырылды; 2011.06.01. № 378-IV ҚР Заңымен (бұр.ред.қара); 2011.05.07. № 452-IV ҚР Заңымен (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін үш ай өткен соң қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара) 13) тармақша өзгертілді
13) «Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік бақылау және қадағалау туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес ведомстволық есептіліктің, тексеру парақтарының нысандарын, тәуекел дәрежесін бағалау критерийлерін, жыл сайынғы тексерулер жоспарларын әзірлеуді және бекітуді;
2011.05.07. № 452-IV ҚР Заңымен 14) тармақшамен толықтырылды (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін үш ай өткен соң қолданысқа енгізілді)
14) осы Заңда, Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында, Қазақстан Республикасы Президентінің және Қазақстан Республикасы Үкіметінің актілерінде көзделген өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.
2009.17.07. № 188-IV ҚР Заңымен 9-бап жаңа редакцияда (бұр.ред.қара); 2011.06.01. № 378-IV ҚР Заңымен 9-бап өзгертілді (бұр.ред.қара)
9-бап. Химиялық өнiмнiң қауiпсiздiгi саласындағы мемлекеттік бақылау және қадағалау
2011.05.07. № 452-IV ҚР Заңымен 1-тармақ өзгертілді (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін үш ай өткен соң қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
1. Химиялық өнiмнiң қауiпсiздiгi саласындағы мемлекеттік бақылауды және қадағалауды белгiленген тәртiппен және өз құзыретi шегiнде уәкiлеттi органдар жүзеге асырады және ол Қазақстан Республикасы заңдарының, Қазақстан Республикасы Президенті жарлықтарының және Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулыларының химия өнімдері қауіпсіздігіне қойылатын талаптарын сақтауды қамтамасыз етуге бағытталған.
2. Химиялық өнiмнiң қауiпсiздiгi саласындағы мемлекеттік бақылау және қадағалау тексеру нысанында және өзге де нысанда жүзеге асырылады.
3. Тексеру «Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік бақылау және қадағалау туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес жүзеге асырылады. Мемлекеттік бақылаудың өзге де нысандары осы Заңға сәйкес жүзеге асырылады.
3-тарау. ӨТІНІМ БЕРУШІЛЕРДІҢ (ӨНДІРУШІЛЕРДІҢ, ӨНІМ БЕРУШІЛЕРДІҢ, ИМПОРТТАУШЫЛАРДЫҢ) ХИМИЯЛЫҚ ӨНІМНІҢ ҚАУІПСІЗДІГІ САЛАСЫНДАҒЫ ҚҰҚЫҚТАРЫ МЕН МІНДЕТТЕРІ
10-бап. Өтінім берушілердің (өндірушілердің, өнім берушілердің, импорттаушылардың) химиялық өнімнің қауіпсіздігі саласындағы құқықтары
Өтінім берушінің (өндірушінің, өнім берушінің, импорттаушының) жүзеге асыратын қызметіне сәйкес:
1) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес химиялық өнімнің қауіпсіздігі саласындағы нормативтік құқықтық актілер, техникалық регламенттер әзірлеуге қатысуға;
2) химиялық өнімнің қауіпсіздігін өндірістік бақылау бағдарламаларын әзірлеуге;
3) химиялық өнімнің сапа менеджменті мен қауіпсіздігі жүйелерін енгізуге;
4) ұйымдардың Қазақстан Республикасының химиялық өнімнің қауіпсіздігі саласындағы заңнамасының міндетті талаптарына сәйкес келетін стандарттарын әзірлеуге және бекітуге;
5) адамның өмірі мен денсаулығына, қоршаған ортаға теріс әсер етуі мүмкін химиялық заттар туралы дұрыс ақпарат алуға;
6) химиялық өнімнің қатерлерін бағалауға зерттеу жүргізу туралы уәкілетті органдарға жүгінуге құқығы бар.
11-бап. Өтінім берушілердің (өндірушілердің, өнім берушілердің, импорттаушылардың) химиялық өнімнің қауіпсіздігі саласындағы міндеттері
Жүзеге асырылатын қызметіне сәйкес өтінім беруші (өндіруші, өнім беруші, импорттаушы):
1) Қазақстан Республикасының химиялық өнімнің қауіпсіздігі саласындағы заңнамасы талаптарының сақталуын қамтамасыз етуге;
2) химиялық өнімнің өмірлік циклі сатыларындағы қауіпсіздігіне өндірістік бақылауды қамтамасыз етуге;
3) осы Заңның және химиялық өнімнің қауіпсіздігі саласындағы техникалық регламенттердің талаптарына химиялық өнімнің және оның өмірлік циклі процестерінің анықталған сәйкессіздігі туралы уәкілетті органдарға хабарлауға;
4) осы Заңда және техникалық регламенттерде белгіленген қауіпсіздік талаптарына сәйкес келмейтін химиялық өнімнің өмірлік циклінің бір немесе бірнеше процестерін тоқтатуға;
5) тұтынушыларға және уәкілетті органдарға олардың талап етуі бойынша химиялық өнімнің қауіпсіздігі туралы дұрыс ақпарат беруге;
6) уәкілетті органдарға мемлекеттік бақылау жүргізуге қажетті ақпаратты: химиялық өнімнің қауіпсіздік паспортын, тіркеу туралы куәлікті, сәйкестік сертификатын немесе декларацияны, техникалық сипаттағы басқа да құжаттар мен мәліметтерді (жоспардан тыс тексеру кезінде) беруге;
7) химиялық өнімнің қатерін міндетті түрде бағалауды жүзеге асыруға (адамның өмірі мен денсаулығына және қоршаған ортаға зиян келтіретін химиялық заттардың зиянды әсерлерін, олардың зиянды әсерінің таралу аясын айқындауға) міндетті.
4-тарау. ХИМИЯЛЫҚ ӨНІМНІҢ ҚАУІПСІЗДІГІНЕ ҚОЙЫЛАТЫН НЕГІЗГІ ТАЛАПТАР
12-бап. Химиялық өнімді тіркеу
1. Өтінім беруші (өндіруші, өнім беруші, импорттаушы) химиялық өнімді тіркеуге міндетті.
2. Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптарына сәйкес тіркелмеген химиялық өнім айналысқа жіберілмейді.
13-бап. Химиялық өнімнің қатерін бағалау
1. Химиялық өнімнің қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі шараларды қолдану қатерді бағалауға негізделуге тиіс.
2. Өтінім берушінің (өндірушінің, өнім берушінің, импорттаушының) қатерге бағалау жүргізуі барлық химиялық өнім үшін міндетті.
3. Химиялық өнімнің қатерін бағалау:
1) химиялық өнім қауіптілігінің түрлерін анықтау;
2) адамның өмірі мен денсаулығына, қоршаған ортаға қауіп немесе ықтимал қауіп төндіретін химиялық өнімнің әсерін талдау;
3) анықталған қатерлерді шектеу жөніндегі шараларды айқындау арқылы жүзеге асырылады.
4. Химиялық өнім қауіптілігінің қатерін бағалау кезінде қолда бар техникалық құжаттамалар, ғылыми деректер, талдау және зерттеу әдістері, библиографиялық сілтемелер, іріктеп бақылау деректері пайдаланылуға тиіс.
5. Уәкілетті органдар осы Заңның 8-бабының 11) тармақшасына сәйкес адамның өміріне және (немесе) денсаулығына, қоршаған ортаға зиян келтіру фактілері туралы ақпарат алған жағдайда қатерді бағалауға тексеру жүргізуді ұйымдастырады.
6. Өтінім беруші (өндіруші, өнім беруші, импорттаушы) қатерлерді бағалауды химиялық өнімді тіркегенге дейін жүргізеді.
7. Қауіпті немесе ықтимал қаупі бар химиялық өніммен байланысты мүмкін болатын қатерді бағалау үшін өтінім беруші (өндіруші, өнім беруші, импорттаушы) мыналарды:
1) қауіпті химиялық заттардың бар екенін;
2) қауіптілік көрсеткіштерін;
3) қауіпті әсер етудің түрлері мен олардың туындау жағдайларын;
4) физикалық-химиялық қасиеттерін;
5) қоршаған ортаға әсер ету факторларын көрсетеді.
8. Уәкілетті органдар қажет болған жағдайда қосымша ақпарат сұратуға немесе химиялық өнімге сынақ жүргізуге құқылы.
14-бап. Химиялық өнімнің қауіпсіздігіне қойылатын талаптар
1. Қазақстан Республикасының химиялық өнімнің қауіпсіздігі саласындағы заңнамасында белгіленген химиялық өнімнің қауіпсіздігіне және оның өмірлік циклінің процестеріне қойылатын талаптар өтінім берушілердің (өндірушілердің, өнім берушілердің, импорттаушылардың) орындауы үшін міндетті болып табылады.
2. Химиялық өнімнің қауіпсіздігі:
1) өтінім берушілердің (өндірушілердің, өнім берушілердің, импорттаушылардың) Қазақстан Республикасының химиялық өнімнің қауіпсіздігі саласындағы заңнамасының талаптарын сақтауы;
2) химиялық өнімнің өмірлік циклі процестерінің Қазақстан Республикасының химиялық өнімнің қауіпсіздігі саласындағы заңнамасына сәйкестігіне өндірістік бақылау жүргізу;
3) химиялық өнімнің Қазақстан Республикасының химиялық өнімнің қауіпсіздігі саласындағы заңнамасының талаптарына сәйкестігін растау;
4) экологиялық, санитарлық-эпидемиологиялық, уыттылық сараптамаларын және өндірістік қауіпсіздік сараптамаларын жүргізу;
5) химиялық өнімнің қауіпсіздігі саласында мемлекеттік реттеу шараларын қолдану арқылы қамтамасыз етіледі.
3. Қазақстан Республикасының химиялық өнімнің қауіпсіздігі саласындағы заңнамасының талаптарына, соның ішінде мынадай көрсеткіштер бойынша:
1) адамның өмірі мен денсаулығына, қоршаған ортаға анық зиян келтіретін белгілері бар;
2) осы Заңның 5-бабының 4-тармағында көрсетілген химиялық заттардың радиологиялық көрсеткіштері мен санаттары бойынша қойылатын талаптарға сай келмейтін;
3) оның қауіпсіздігін куәландыратын және шығу тегін растайтын құжаттары жоқ;
4) Қазақстан Республикасының химиялық өнімнің қауіпсіздігі саласындағы заңнамасында көзделген мәліметтер қамтылған таңбаланымы жоқ;
5) ұсынылған ақпаратқа сәйкес емес химиялық өнім өмірлік цикл процестеріне жіберілмейді.
4. Әзірленетін, жасалатын және айналысқа шығарылатын химиялық өнім химиялық өнімнің қауіпсіздігі саласындағы техникалық регламенттерде белгіленген қауіпсіздік талаптарына сәйкес болуға тиіс.
15-бап. Химиялық өнімнің қауіпсіздік паспорты және оған қойылатын талаптар
1. Химиялық өнімді нарықта орналастыру үшін беретін өтінім беруші (өндіруші, өнім беруші, импорттаушы) оған қауіпсіздік паспортын қоса беруге міндетті.
2. Химиялық өнімнің қауіпсіздік паспортында химиялық өнім туралы мынадай ақпарат болуға тиіс:
1) химиялық өнімнің (заттың, препараттың және өндірушінің) айқындамасы;
2) қатердің (қатерлердің) айқындамасы;
3) құрамы, химиялық заттар туралы ақпарат;
4) алғашқы көмек көрсету шаралары;
5) өртке қарсы шаралар;
6) төтенше жағдайлар кезіндегі шаралар;
7) айналысы және сақталуы;
8) сәулеленуден қорғау, жеке қорғану;
9) физикалық және химиялық қасиеттері;
10) тұрақтылық және реактивтілік;
11) уыттылық туралы ақпарат;
12) экологиялық ақпарат;
13) қалдықтарды меңгеру;
14) тасымалдау туралы ақпарат;
15) химиялық өнімнің қауіпсіздігі саласындағы техникалық регламенттерде белгіленген химиялық өнімнің жекелеген түрлері туралы ақпарат.
3. Тұтынушының сұратуы бойынша оған химиялық өнім және оның адамның өмірі мен денсаулығына, қоршаған ортаға қауіпті қасиеттерінің әсерінен қорғану шаралары туралы қосымша ақпарат беріледі.
4. Химиялық өнімге ілеспе құжаттарда қауіптілік қатерін азайту үшін жіктеме және алдын ала сақтық шаралары туралы ақпарат болуға тиіс.
16-бап. Химиялық өнімді өндіру және қолдану кезіндегі қауіпсіздік талаптары
Химиялық өнімді өндіру және қолдану кезінде уәкілетті органдар бекіткен нормаларға сәйкес қауіпсіздік шаралары қамтамасыз етілуі қажет, олар:
1) химиялық өнімді өндіру кезінде қатерлердің қауіптілігін барынша азайтатын технологиялар мен жабдықтарды, еңбек тәсілдері мен әдістерін таңдауды;
2) химиялық өнімді өндіру және қолдану кезінде пайдаланылатын техникалық құралдар мен қорғану құралдарын пайдалануды және тиісінше күтіп ұстауды;
3) қауіпті немесе ықтимал қаупі бар екенін көрсететін сақтандыру белгілері мен таңбаланымдарын пайдалануды;
4) жеке гигиенаны сақтауды және персоналда жеке қорғану құралдары мен арнайы киімдерінің болуын;
5) авариялық жағдайларды болғызбауды және оларды жою құралдарының болуын қамтиды.
17-бап. Химиялық өнімді тасымалдау және сақтау кезіндегі қауіпсіздік талаптары
1. Химиялық өнімді сақтау және тасымалдау Қазақстан Республикасының химиялық өнімнің қауіпсіздігі саласындағы заңнамасының талаптарына сәйкес оның қауіпсіздігін қамтамасыз ететін жағдайларда жүзеге асырылуға тиіс.
2. Адамның өмірі мен денсаулығына, қоршаған ортаға қауіпті химиялық өнімді тасымалдау үшін осындай мақсаттарға арнайы жабдықталған көлік құралдары пайдаланылады.
3. Химиялық өнімді сақтау және тасымалдау қорғау шаралары сақтала отырып жүзеге асырылады, олар:
1) тасымалдауға және сақтауға арналған орамаға және ыдысқа қойылатын талаптарды;
2) химиялық өнім орамасының рұқсат етілген массасын және оның сақталу мерзімін;
3) сақтау және тасымалдау кезінде өнімнің химиялық өнімнің басқа түрлерімен сыйысымдылығын;
4) тасымалдауға және сақтауға қойылатын жалпы талаптарды (температура, қысым, ылғалдылық, жарық);
5) өздігінен жануға және өздігінен ыдырауға, оның ішінде қауіпті өнімдер түзей отырып ыдырауға бейім химиялық өнімге қолданылатын арнайы шараларды;
6) орамасын, ыдысын қауіпсіз түрде қайталап пайдалану және (немесе) оларды кәдеге жарату жөніндегі шараларды;
7) авариялық жағдайларды болғызбау және олардың зардаптарын жою жөніндегі шараларды;
8) персоналдың жеке қорғану құралдарын;
9) Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген жағдайларда әскерилендірілген күзетті пайдалануды қамтиды.
4. Химиялық өнімді тасымалдау және сақтау оның тұтыну қасиеттерін және адамның өмірі мен денсаулығына, қоршаған ортаға қауіпті қасиеттерінің әсерінен қорғауды қамтамасыз ететін орамада жүзеге асырылады.