27-бап. Жекеше орман иеленушiлердiң мiндеттерi
Жекеше орман иеленушiлер:
1) өздерiнiң меншiгіндегі немесе ұзақ мерзiмдi жер пайдалануындағы жекеше орман қоры учаскелерiнде орман шаруашылығы мен орман пайдалануды осы Кодексте және Қазақстан Республикасының басқа да заң актілерінде көзделген экологиялық жағынан оңтайлы тәсiлдермен және әдiстермен жүргiзуге;
2) өздерiнiң меншiгіндегі ормандарды күзетудi, қорғауды, ормандардың санитарлық жай-күйiн жақсартуды және оларды күтiп-баптауды қамтамасыз етуге;
3) Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртiппен уәкiлеттi органға орман қорының мемлекеттік есебiн, мемлекеттік орман кадастрын жүргiзу үшiн қажеттi материалдарды табыс етуге;
4) өздерiнiң меншiгіндегі немесе ұзақ мерзiмдi жер пайдалануындағы жекеше орман қоры учаскелерiнiң өртке қарсы және санитарлық орналастырылуын қамтамасыз етуге, ормандағы өрттердi сөндiру, орман зиянкестерi мен орман ауруларына қарсы күрес жөніндегі қажетті шараларды қолдануға;
5) Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртiппен өздерiнiң меншiгіндегі жекеше орман қоры учаскелерiнде ормандағы өрттердi және олардың зардаптарын тiркеудi жүргiзуге мiндеттi.
28-бап. Орман иелену құқығының тоқтатылуы
1. Мемлекеттік орман иелену құқығы:
1) мемлекеттік орман қоры учаскелерi орман иеленуiнде болған заңды тұлға таратылған және олар басқа мемлекеттік орман иеленушiге берiлген жағдайда;
2) мемлекеттік орман қорының жерi Қазақстан Республикасының Жер кодексінде белгiленген тәртiппен мемлекет мұқтажы үшін алып қойылған жағдайда;
3) Қазақстан Республикасының заңдарымен көзделген өзге де жағдайларда тоқтатылады.
2. Жекеше орман иелену құқығы Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес тоқтатылады.
6-тарау. Орман пайдалану құқығы
29-бап. Мемлекеттік орман қоры учаскелерiнде орман пайдалану құқығының туындауы
1. Мемлекеттік орман қоры учаскелерiнде ұзақ мерзiмдi орман пайдалану құқығы тендер нәтижелерi туралы хаттама және сол негiзге алынып жасалған шарт негiзiнде туындайды.
2. Мемлекеттік орман қоры учаскелерiнде қысқа мерзiмдi орман пайдалану құқығы орман билетiнiң негiзiнде туындайды.
3. Орман пайдаланушы жеке тұлға қайтыс болған жағдайда оған тиесiлi орман пайдалану құқығы Қазақстан Республикасының азаматтық заңдарында белгiленген тәртiппен басқа адамға ауысады.
4. Орман пайдаланушы заңды тұлға қайта ұйымдастырылған кезде оған тиесiлi орман пайдалану құқығы Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртiппен қайта ұйымдастырылған заңды тұлғаның құқық мирасқоры - заңды тұлғаға ауысады.
5. Орман пайдалану құқығы - орман пайдалану түрi сақталғанда ғана, құқық мирасқорында орман пайдалануды жүзеге асыру үшiн қажеттi қаражат пен өндiрiстiк қуаттар және облыстың жергілікті өкiлдi органының айқындайтын тиiстi біліктiлiкке ие мамандар болған жағдайда, ал орман пайдалану жөніндегі қызметтiң лицензияланатын түрi жүзеге асырылатын жағдайда лицензиясы бар болған кезде ғана ауысуы мүмкiн.
6. Орман пайдалану құқығының ауысуы ұзақ мерзiмдi орман пайдалану шартына, ағаш кесу билетiне, орман билетiне өзгерістер енгізу арқылы ресiмделедi.
30-бап. Жекеше орман қоры учаскелерiнде орман пайдалану құқығының туындауы
Жекеше орман қоры учаскелерiнде орман пайдалану құқығы Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жекеше орман иеленушi айқындайтын тәртiппен туындайды.
31-бап. Мемлекеттік орман қоры учаскелерiнде ұзақ мерзiмдi орман пайдалану
2012.25.01. № 548-IV ҚР Заңымен 1-тармақ өзгертілді (бұр. ред. қара)
1. Мемлекеттік орман қоры учаскелерiнде орман ресурстары ұзақ мерзiмдi орман пайдалануға тендер хаттамасы негiзiнде және кейiн мемлекеттік орман иеленуші мен орман пайдаланушы арасындағы шартпен ресiмделе отырып берiледi.
2. Мемлекеттік орман қоры учаскелеріндегі орман ресурстары орман пайдалануды жүзеге асыру үшiн қаражаты мен өндiрiстiк қуаттары және тиiстi біліктiлiкке ие мамандары бар орман пайдаланушыларға 10 жылдан 49 жылға дейiнгi мерзiмге ұзақ мерзiмдi орман пайдалануға берiледi.
2012.25.01. № 548-IV ҚР Заңымен 2-1-тармақпен толықтырылды
2-1. Сүрек дайындау үшiн орман ресурстарын ұзақ мерзiмдi орман пайдалануға бекіту жөніндегі тендерге қатысуға мынадай талаптарға сай келетін жеке және заңды тұлғалар жіберіледі:
1) меншік құқығында материалдық-техникалық базаның: мемлекеттік орман қоры учаскелерінде ағаш кесу қағидаларында белгіленген кеспеағаш жұмыстарын жүргізу кезінде ағаш кесудің белгіленген жыл сайынғы көлемінің және орман шаруашылығы-экология талаптарының орындалуын қамтамасыз ететін сүрек құлатуға, сүйретуге, тиеуге және тасып әкетуге арналған техника мен жабдықтардың болуы;
2) ормандардағы өрт қауіпсіздігі қағидаларында көзделген өрт жабдықтары мен өрт сөндіру құралдарының болуы;
3) мамандығы бойынша (ағаш дайындау, орман ісі инженері, ағаш өңдеу, орман шаруашылығы) жоғары кәсіптік білімі немесе тиісті орта кәсіптік білімі және мамандығы бойынша кемінде үш жыл жұмыс өтілі бар жауапты орындаушы - инженер-техник қызметкердің болуы;
4) ағаш құлату, бұтақ шабу, сүрек сүйреу, тиеу және тасып әкету жұмыстарын жүргізуге машықтанған персоналдың болуы;
5) еңбекті қорғауға және қауіпсіздік техникасына жауапты маманның болуы;
6) іс-шараларды қаржыландыру көздері көрсетілген сүрек дайындау мен өңдеуді ұйымдастыру жөніндегі перспективалық үш жылдық жоспардың болуы.
3. Орман ресурстарын сүрек дайындау үшiн ұзақ мерзiмдi орман пайдалануға берген жағдайда, орман пайдаланушыға мемлекеттік орман қоры учаскесiнде сүрек ресурстары орман орналастыру материалдарына сәйкес сүрек ресурстарын ұдайы және сарқылмайтындай етiп пайдалануды қамтамасыз етуге мүмкiндiк беретiн, бірақ орманшылық алаңынан аспайтындай етiп берiледi.
4. Мемлекеттік орман қоры учаскелерiнде орман ресурстарын ұзақ мерзiмдi орман пайдалануға беру сол аумақта тұратын халықтың мүдделерi ескерiле отырып, жария жүзеге асырылуға тиiс.
5. Мемлекеттік орман қоры учаскелеріндегі ұзақ мерзiмдi орман пайдалануға берiлген, пайдаланылмаған орман ресурстары шарт мерзiмi өткен соң орман пайдаланушының меншiгiне ауыспауға тиіс.
32-бап. Мемлекеттік орман қоры учаскелерiнде ұзақ мерзiмдi орман пайдалану шартының талаптары
Мемлекеттік орман қоры учаскелерiнде ұзақ мерзiмдi орман пайдалану шартында мынадай талаптар:
2012.25.01. № 548-IV ҚР Заңымен 1) тармақша жаңа редакцияда (бұр. ред. қара)
1) орман телімдері мен орман орамдарының нөмірлері көрсетіліп, орман пайдалану жүзеге асырылатын мемлекеттiк орман қоры учаскесiнiң орман орналастырудың картографиялық материалдарынан алынған көшірме түріндегі шекаралары;
2) мемлекеттік орман қоры учаскесiнiң алаңы және мөлшерлеу көрсеткiштерi;
3) орман пайдалану түрлерi;
4) орман пайдаланудың көлемi (мөлшерi);
5) орман пайдалану мерзiмi;
2012.25.01. № 548-IV ҚР Заңымен 5-1) тармақшамен толықтырылды
5-1) орман ресурстарын игеру және ұтымды пайдалану, тендер жеңімпазының конкурстық өтінімінде көрсетілген ормандарды күзету, қорғау және молықтыру, орман ресурстарын өңдеу жөніндегі іс-шараларды инвестициялау;
6) орман пайдалану төлемақысының мөлшерi мен оны енгізу тәртібі;
7) тараптардың орман ресурстарын күзету, қорғау және молықтыру жөніндегі мiндеттерi;
8) тараптардың шарт талаптарын бұзғаны үшiн жауаптылығы;
9) лицензияның нөмiрi мен берiлген күнi (орман пайдалану жөніндегі қызметтiң лицензияланатын түрiн жүзеге асыратын жағдайда);
2007.12.01. № 224-III ҚР Заңымен 10) тармақша жаңа редакцияда (2012 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара); 2012.12.01. № 538-ІV ҚР Заңымен (2012 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
10) салық төлеушiнiң тiркеу нөмiрi;
2012.12.01. № 538-ІV ҚР Заңымен 10-1) тармақшамен толықтырылады (2013 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі)
11) Қазақстан Республикасының орман заңдарында көзделген және тараптардың қалауымен анықталған өзге деталаптар көрсетiледi.
33-бап. Мемлекеттік орман қоры учаскелерiнде ұзақ мерзiмдi орман пайдалану шартының нысаны және оны мемлекеттік тiркеу
2012.25.01. № 548-IV ҚР Заңымен 1-тармақ жаңа редакцияда (бұр. ред. қара)
1. Мемлекеттік орман қоры учаскелерінде ұзақ мерзімді орман пайдалану шарты жазбаша нысанда жасалады және Қазақстан Республикасының Үкіметі бекіткен қағидаларға сәйкес аумақтық бөлімшелерде мемлекеттік тіркеуге жатады.
2. Мемлекеттік орман қоры учаскелерiнде ұзақ мерзiмдi орман пайдалану шарты ол мемлекеттік тiркеуден өткен кезден бастап жасалған болып есептеледi.
34-бап. Мемлекеттік орман қоры учаскелерінде қысқа мерзiмдi орман пайдалану
1. Мемлекеттік орман қоры учаскелеріндегі орман ресурстары қысқа мерзiмдi орман пайдалануға мемлекеттік орман иеленушiлер беретiн орман билетi негiзiнде бір жылға дейiнгi мерзiмге берiледi.
2. Мемлекеттік орман қоры учаскелерiнде қысқа мерзiмдi орман пайдалану кезiнде орман пайдаланудың:
1) жанама орман пайдалану;
2) мемлекеттік орман қоры учаскелерiн ғылыми-зерттеу мақсаттары үшiн пайдалану;
3) мемлекеттік орман қоры учаскелерiн сауықтыру, рекреациялық, тарихи- мәдени, туристiк және спорттық мақсаттары үшiн пайдалану сияқты түрлерiн ғана жүзеге асыруға болады.
35-бап. Мемлекеттік орман қоры учаскелерiнде орман ресурстарын ұзақ мерзiмдi орман пайдалануға беру жөнiнде тендерлер өткізу тәртібі
Мемлекеттік орман қоры учаскелерiнде орман ресурстарын ұзақ мерзiмдi орман пайдалануға беру жөнiнде тендерлердi өткізу тәртібін Қазақстан Республикасының Үкіметі белгiлейдi.
36-бап. Мемлекеттік орман қоры учаскелерiнде орман пайдалануға рұқсаттама құжаттары
1. Мемлекеттік орман қоры учаскелерiнде орман пайдалануды жүзеге асыруға рұқсаттама құжаттары: ағаш кесу билетi мен орман билетi негiзiнде ғана жол берiледi.
2012.25.01. № 548-IV ҚР Заңымен 2-тармақ жаңа редакцияда (бұр. ред. қара)
2. Ағаш кесу билетін беруге мыналар негіз болып табылады:
1) мемлекеттік орман иеленушілер үшін - уәкілетті орган бекіткен мемлекеттік орман қоры аумағында ағаш кесудің жыл сайынғы көлемі;
2) орман пайдаланушылар үшін - уәкілетті орган бекіткен мемлекеттік орман қоры аумағында ағаш кесудің жыл сайынғы көлемі және ұзақ мерзімді орман пайдалану шарты.
2008.10.12 № 101-IV ҚР Заңымен 3-тармақ өзгертілді (2009 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара); 2012.25.01. № 548-IV ҚР Заңымен 3-тармақ жаңа редакцияда (бұр. ред. қара)
3. Ағаш кесу билетi орман пайдаланушы мен орман иеленушіге сүрек, кесілген ағаш қалдықтарын (ұшар басынан алынған отын), шайыр, ағаш шырындарын және қосалқы сүрек ресурстарын дайындауға және кеспеағаш аймағынан ағаштар, сыпталған ағаштар немесе сортименттер (қабығы алынбаған іске жарамды және отындық) түрінде тасып әкетуге құқық беретiн құжат болып табылады.
4. Ағаш кесу билетi орман ресурстарының сандық және сапалық сипаттамасы, орманды пайдалану төлемақысы мөлшерi, жұмыстар жүргiзудiң мерзімдерi, орманды молықтыру талаптары мен ағаш кесу орындарын тазарту, дайындау технологиясына қойылатын орман шаруашылығы талаптары туралы мәлiметтердi, ағаш кесу билетiнiң қолданылуын тоқтату шарттарын қамтиды.
5. Ағаш кесу билетi орман пайдаланушыға жыл сайын, оны беру үшiн негiздеме болған құжаттарда көрсетiлген орман пайдалану түрлерiн ғана жүзеге асыруға, белгiленген көлемде және мемлекеттік орман қорының нақты учаскесiне арнап берiледi.
6. Шайыр және ағаш шырындарын дайындауға арналған ағаш кесу билетi орман пайдаланушыға сөл ағызудың бүкiл мерзiмiне берiледi.
2006.07.07. № 176-III ҚР Заңымен 7-тармақ өзгертілді (бұр. ред. қара)
7. Мемлекеттік орман иеленушi аралық пайдалану мақсатында кесуді және өзгедей мақсатта кесуді, жанама орман пайдалануды жүргiзген кезде ағаш кесу билетi мен (немесе) орман билетi орманшылық басшысына, ал орманшылық болмаған жағдайда - аталған ағаш кесу мен орман пайдалануды жүргiзуге жауапты лауазымды адамға жазылады.
8. Орман билетi жанама орман пайдалануды жүзеге асыруға, мемлекеттік орман қоры учаскелерiн аң шаруашылығы, ғылыми-зерттеу, сауықтыру, рекреациялық, тарихи- мәдени, туристiк және спорттық мақсаттар қажеттiгi үшiн пайдалануға құқық беретiн құжат болып табылады.
2011.05.07. № 452-IV ҚР Заңымен 9-тармақ өзгертілді (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін үш ай өткен соң қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
9. Ағаш кесу билетiнiң және орман билетiнiң нысанын, оларды есепке алудың, сақтаудың, толтыру мен берудiң тәртібін Қазақстан Республикасының Үкіметі белгiлейдi.
10. Мемлекеттік орман қоры учаскелерiнде жануарлар дүниесiн пайдалануға рұқсаттама құжаттары Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртiппен берiледi.
37-бап. Орман пайдаланушылардың мемлекеттік орман қоры учаскелерiнде орман пайдалануды жүзеге асырған кездегi құқықтары
1. Орман пайдаланушылардың:
1) мемлекеттік орман қоры учаскелерiнде орман пайдалануды рұқсаттама құжаттарында көрсетілген көлемде жүзеге асыруға;
2) өздерiне орман пайдалануда берiлген орман ресурстары туралы ақпарат алуға;
3) Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртiппен орман пайдалану мерзiмiне құрылыстар мен ғимараттар, сүрек сақтау қоймаларын салуға, ағаш таситын жолдар тартуға, сүректi және мемлекеттік орман қоры учаскелерiн пайдалануға байланысты басқа да орман өнiмдерiн өңдеу үшiн жабдықтар орнатуға;
2012.25.01. № 548-IV ҚР Заңымен 4) тармақша өзгертілді (бұр. ред. қара)
4) мемлекеттік орман қорының санаттарының өзгеруi, сондай-ақ мемлекеттік орман қоры жерiн мемлекет мұқтажы үшін алып қою салдарынан келтiрiлген шығындарға өтем алуға;
2012.25.01. № 548-IV ҚР Заңымен 5) тармақшамен толықтырылды
5) мемлекеттік орман қоры учаскелерінде сүрек дайындау үшін ұзақ мерзімді орман пайдалануды жүзеге асыру кезінде мемлекеттік орман иеленушімен келісім бойынша орман питомниктері мен арнайы мақсаттағы плантациялық екпелерді орналастыруға құқығы бар.
2012.25.01. № 548-IV ҚР Заңымен 1-1-тармақпен толықтырылды
1-1. Мемлекеттік орман қоры учаскелерінде орман пайдалану құқығын жүзеге асыруы кезінде өздерінің міндеттерін тиісті дәрежеде орындаған орман пайдаланушылар, егер Қазақстан Республикасының заңдарында немесе ұзақ мерзімді орман пайдалану шартында өзгеше белгіленбесе, шарттың қолданылу мерзімі аяқталғаннан кейін басқа тұлғалардың алдында басқа да тең жағдайларда жаңа мерзімге ұзақ мерзімді орман пайдалану шартын жасауға басымдық құқыққа ие болады.
2. Орман пайдаланушылардың құқықтары бұзылған жағдайда оларды қорғау сот тәртібімен жүзеге асырылады.
2010.19.03. № 258-IV ҚР Заңымен 38-бап өзгертілді (бұр.ред.қара)
38-бап. Орман пайдаланушылардың мемлекеттік орман қоры учаскелерiнде орман пайдалануды жүзеге асырған кездегi мiндеттерi
Орман пайдаланушылар:
1) ұзақ мерзiмдi орман пайдалану шартының талаптарын, сондай-ақ ағаш кесу билетiмен, орман билетiмен белгiленген талаптарды сақтауға;
2) тұрғын халықтың денсаулығына зиян келтiруiне жол бермеуге;
3) жұмысты топырақ эрозиясының пайда болуына жол бермейтiн, ормандардың жай-күйi мен молайтылуына, сондай-ақ су және басқа да табиғи объектiлердiң жай-күйiне терiс әсердi болдырмайтын немесе оны шектейтiн және жануарлар дүниесi мен олар тiршiлiк ететiн ортаның сақталуын қамтамасыз ететiн тәсiлдермен жүргiзуге;
2011.05.07. № 452-IV ҚР Заңымен 4) тармақша өзгертілді (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін үш ай өткен соң қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
4) сүрек дайындаған кезде Қазақстан Республикасының экологиялық заңнамасында белгiленген тәртiппен мемлекеттік экологиялық сараптамадан өткiзiлген техника мен технологияларды пайдалана отырып ормандарды табиғи түрде молықтыру үшiн оңтайлы жағдайларды сақтау жөніндегі талаптарды ұстануға;
2012.25.01. № 548-IV ҚР Заңымен 5) тармақша жаңа редакцияда (бұр. ред. қара)
5) мемлекеттік орман қорының өздеріне орман пайдалану үшін бөлініп берілген учаскелерінде өрт қауіпсіздігі қағидаларын сақтауға, өз қаражаты есебінен орман өрттерінің алдын алу іс-шараларын жүргізуге; орман өрті туындаған жағдайда ұзақ мерзімді орман пайдалану шартында көзделген шекарада оны сөндіруді жүзеге асыруға; Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен мемлекеттік орман қорының басқа да учаскелерінде орман өрттерін сөндіруге қатысуға;
2012.25.01. № 548-IV ҚР Заңымен 6) тармақша өзгертілді (бұр. ред. қара)
6) ұзақ мерзiмдi орман пайдалану кезiнде мемлекеттік орман иеленушiлермен келiсе отырып өртке қарсы iс-шаралар жоспарын әзiрлеуге және бекiтуге, сондай-ақ оларды белгiленген мерзiмдерде өз қаражаты есебінен жүзеге асыруға;
2011.05.07. № 452-IV ҚР Заңымен 7) тармақша өзгертілді (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін үш ай өткен соң қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
7) мемлекеттік орман қоры аумағында өздерi сауықтыру, рекреациялық, тарихи- мәдени, туристiк, спорттық және басқа да iс-шаралар мен жұмыстарды өткiзетiн жерлерде Қазақстан Республикасының Үкіметі бекiткен нормаларға сәйкес өрт сөндiретiн құралдары болуына;
8) ағашы кесiлетiн жерлерде оны дайындау мен тасып әкетудiң белгiленген мерзiмi аяқталған соң кесiлмеген және дайындалған ағаш сүректерiн қалдырмауға;
2012.25.01. № 548-IV ҚР Заңымен 9) тармақша жаңа редакцияда (бұр. ред. қара)
9) кеспеағаш аймағын кесілген ағаштардың қалдықтарынан мемлекеттік орман қоры учаскелерінде ағаш кесу қағидаларына сәйкес тазартуға;
10) мемлекеттік орман қорының орман пайдалану үшiн бөлiнген учаскелерiнде заңсыз ағаш кесуге және Қазақстан Республикасының орман заңдарын, Қазақстан Республикасының жануарлар дүниесін қорғау, өсімін молайту және пайдалану және ерекше қорғалатын табиғи аумақтар саласындағы заңдарын өзге де бұзушылықтарға жол бермеуге;
11) мемлекеттік орман қоры учаскелерiнде жұмыс аяқталғаннан кейiн оларды мемлекеттік орман иеленушiлерге тапсыруға;
2006.07.07. № 176-III ҚР Заңымен 12) тармақша өзгертілді (бұр. ред. қара); 2012.25.01. № 548-IV ҚР Заңымен 12) тармақша жаңа редакцияда (бұр. ред. қара)
12) мемлекеттік орман қоры учаскелерінде басты мақсатта пайдалану үшін ағаш кескен кезде орманның қайта түлеуін қоса алғанда, орман орналастыру жобасына сәйкес ағашы кесілген алаңның екі еселенген мөлшеріне тең алаңда ағаш отырғызуды жүзеге асыруға;
2012.25.01. № 548-IV ҚР Заңымен 12-1) тармақшамен толықтырылды
12-1) мемлекеттік орман иеленушіде: орман дақылдары қоры; орман пайдаланушыға мемлекеттік орман қоры аумағында қосымша учаске беру мүмкіндігі болмаған жағдайларда жергілікті бюджетке орман көмкерген алқапқа ауыстырғанға дейін орман дақылдарын отырғызу мен өсіру құнының мөлшерінде төлемақы енгізуге міндетті. Орман дақылдарын отырғызу мен өсіру үшін төлемақы орман иеленуші әзірлеген технологиялық-есеп картасымен айқындалады;
13) ағашы кесiлген жерлерде және өздерiнiң қызметi салдарынан өскiндер жойылған, ағаш пен бұта өсiмдiктерi құрып кеткен алаңдарда ормандарды молықтыруды өз есебiнен жүзеге асыруға;
14) Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртiппен орман шаруашылығы шеккен шығындар мен шығасыны өтеуге;
2011.05.07. № 452-IV ҚР Заңымен 15) тармақша өзгертілді (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін үш ай өткен соң қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
15) Қазақстан Республикасының салық заңнамасында белгiленген тәртiппен орманды пайдаланудың төлемақысын уақтылы енгізуге;
16) ормандардың санитариялық жай-күйiн қамтамасыз ету мен жақсарту жөніндегі ережелердi (бұдан әрi - ормандардағы санитарлық ережелер) сақтауға;
2012.25.01. № 548-IV ҚР Заңымен 17) тармақша жаңа редакцияда (бұр. ред. қара)
17) ұзақ мерзімді орман пайдалану кезінде мемлекеттік орман қоры учаскелерін орман зиянкестері мен ауруларынан қорғау жөніндегі іс-шараларды жүзеге асыру кезінде орман иеленушіге орман зиянкестерімен және ауруларымен күресті ұйымдастыруға жәрдемдесуге, сондай-ақ оған мемлекеттік орман қорының орман пайдалану үшін бөліп берілген учаскелерінде орман зиянкестері мен ауруларының пайда болуы туралы оған уақытылы хабарлауға;
2012.25.01. № 548-IV ҚР Заңымен 17-1) тармақшамен толықтырылды
17-1) орман пайлалануға берілген учаскелерде ұзақ мерзімді орман пайдалану шартының талаптарына сәйкес орман қорының жер учаскелерін қалпына келтіру жөніндегі іс-шараларды жүргізуге;
18) 2012.25.01. № 548-IV ҚР Заңымен алып тасталды (бұр. ред. қара)
19) өзге орман пайдаланушылардың құқықтарын бұзбауға;
2011.05.07. № 452-IV ҚР Заңымен (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін үш ай өткен соң қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара); 2012.25.01. № 548-IV ҚР Заңымен (бұр. ред. қара) 20) тармақша өзгертілді
20) Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілеген тәртiппен уәкiлеттi органға және оның аумақтық бөлімшелеріне, облыстың жергілікті атқарушы органы мен мемлекеттік статистика саласындағы уәкілетті органға орман қорының мемлекеттік есебiн, мемлекеттік орман кадастрын, мемлекеттік орман мониторингiн жүргiзу үшiн қажеттi ақпаратты берiп тұруға;
2007.09.01. № 213-III ҚР Заңымен 20-1-тармақшамен толықтырылды
20-1) Қазақстан Республикасының Экологиялық кодексіне сәйкес қоршаған ортаға эмиссияларды жүзеге асыру кезінде экологиялық рұқсат алуға;
21) Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген өзге де мiндеттердi орындауға мiндеттi.
39-бап. Мемлекеттік орман қоры учаскелерiнде орман пайдалану құқығын тоқтата тұру мен шектеу негiздерi
1. Мемлекеттік орман қоры учаскелерiнде орман пайдалану құқығы:
1) орман пайдаланушы Қазақстан Республикасы орман заңдарының, Қазақстан Республикасының жануарлар дүниесін қорғау, өсімін молайту және пайдалану және ерекше қорғалатын табиғи аумақтар саласындағы заңдарының талаптарын бұзған;
2012.25.01. № 548-IV ҚР Заңымен 2) тармақша өзгертілді (бұр. ред. қара)
2) орман пайдаланушы ұзақ мерзiмдi орман пайдалану шартының, ағаш кесу билетiнiң, орман билетiнiң талаптарын орындамаған жағдайларда тоқтатыла тұрады.
2. Мемлекеттік орман қоры учаскелерiнде орман пайдалану құқығы:
1) мемлекеттік орман қорының орман пайдалану жүзеге асырылатын учаскелерiнде орман ресурстарының жай-күйiнiң нашарлауына әкеп соқтырған табиғи және техногендiк сипаттағы төтенше жағдайлардың басталуы нәтижесiнде олардың қоры азайған;
2012.25.01. № 548-IV ҚР Заңымен 2) тармақша өзгертілді (бұр. ред. қара)
2) орман зиянкестерi мен ауруларына қарсы күрес жөніндегі авиахимиялық, авиабиологиялық және аэрозольдық iс-шаралар өткiзiлетiн жағдайларда, сондай-ақ орманда өрт қаупi жоғары болатын кезеңде шектеледі.
3. Егер орман пайдалану құқығының шектелуiн не тоқтатыла тұруын тудырған мән-жайлар немесе жағдайлар жойылса, орман пайдалану құқығы толық көлемiнде қалпына келтiрiледi.
4. Орман пайдаланушы өзiнiң орман пайдалану құқығын шектеу туралы немесе тоқтата тұру туралы шешiммен келiспеген жағдайда, оның бұл шешiмге сот тәртібімен шағымдануға құқығы бар.
5. Орман пайдалану құқығын шектеу немесе тоқтата тұру орман пайдаланушыларды Қазақстан Республикасының орман заңдарын бұзғаны үшiн әкiмшiлiк және өзге де жауапкершiлiктен босатпайды.
40-бап. Мемлекеттік орман қоры учаскелерiнде орман пайдалану құқығын тоқтату негiздерi
1. Мемлекеттік орман қоры учаскелерiнде орман пайдалану құқығы:
1) орман пайдаланушы орман пайдалану құқығынан ерiктi түрде бас тартқан;
2) орман пайдалану мерзiмi өткен;
3) орман пайдаланушы заңды тұлға таратылған;
4) орман пайдаланушы орман пайдаланудың белгiленген ережелерiн немесе ұзақ мерзiмдi орман пайдалану шартында, ағаш кесу билетiнде, орман билетiнде көзделген талаптарды үнемi (екi және одан да көп рет) бұзған;
5) мемлекеттік орман қорында орман пайдалануды жүзеге асыруға кедергi келтiретiн өзгерістерге әкеп соқтырған табиғи және техногендiк сипаттағы төтенше жағдайлар басталғанда;
2012.25.01. № 548-IV ҚР Заңымен 6) тармақша өзгертілді (бұр. ред. қара)
6) орман пайдалану төлемақысын енгізудiң белгiленген мерзiмiн үнемi (екi және одан да көп рет) бұзған немесе төлемақыны белгiленген мерзiмнен кейiнгi үш ай iшiнде енгiзбеген;
7) мемлекеттік орман қоры жерi мемлекет мұқтажы үшін алып қойылған, мемлекеттік орман қоры учаскелерiнде орман пайдалануды шектеудiң неғұрлым қатал режимi белгiленген жағдайларда тоқтатылады.
2. Мемлекеттік орман қоры учаскелерiнде орман пайдалану құқығын тоқтату орман пайдаланушыларды Қазақстан Республикасының орман заңдарын бұзғаны үшiн әкiмшiлiк және өзгедей жауапкершiлiктен босатпайды.
41-бап. Мемлекеттік орман қоры учаскелерiнде орман пайдалану құқығын тоқтату тәртібі
Мемлекеттік орман қоры учаскелерiнде орман пайдалану құқығы:
1) ұзақ мерзiмдi орман пайдалану шартының бұзылуы;
2) орман пайдаланушының жазбаша өтiнiшi;
2011.05.07. № 452-IV ҚР Заңымен 3) тармақша өзгертілді (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін үш ай өткен соң қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
3) ағаш кесу билетi, орман билетi қолданылуының Қазақстан Республикасының Үкіметі белгiлеген тәртiппен тоқтатылуы;
2007.12.01 № 222-III ҚР Заңымен 4) тармақша өзгертілді (күшіне енетін мерзімін қара) (бұр.ред.қара)
4) лицензиядан айыру (орман пайдалану жөніндегі қызметтiң лицензияланатын түрi жүзеге асырылған жағдайда) негiзiнде тоқтатылады.