2006.16.01. № 122-III ҚР Заңымен 25-бап өзгертілді (бұр. ред. қара) (2007.01.01. бастап қолданысқа енгізілді)
25-бап. Дәлелдемелердi iшкi сенім бойынша бағалау
1. Судья, прокурор, тергеушi, анықтаушы дәлелдемелердi қаралған дәлелдемелердiң жиынтығына негiзделген өздерiнiң iшкi сенімi бойынша бағалайды, бұл орайда заң мен ар-ожданды басшылыққа алады.
Алқаби дәлелдемелерді қаралған дәлелдемелердің жиынтығына негізделген өзінің ішкі нанымы бойынша бағалайды, бұл ретте ар-ожданды басшылыққа алады.
2. Ешқандай дәлелдеменiң күнi бұрын белгiленген күшi болмайды.
26-бап. Сезiктiнiң, айыпталушының қорғануға құқығын қамтамасыз ету
1. Сезiктiнiң, айыпталушының қорғануға құқығы бар. Олар бұл құқығын осы Кодексте белгiленген тәртiппен жеке өзi де, қорғаушының, заңды өкiлiнiң көмегiмен де жүзеге асыра алады.
2. Қылмыстық процестi жүргiзушi орган сезiктiге, айыпталушыға, олардың құқықтарын түсiндiруге және олардың айыптаудан заңмен тыйым салынбаған барлық құралдармен қорғану мүмкiндiгiн қамтамасыз етуге, сондай-ақ олардың жеке және мүлiктiк құқықтарын қорғауға шаралар қолдануға мiндеттi.
3. Осы Кодексте көзделген жағдайларда қылмыстық процестi жүргiзушi орган сезiктi, айыпталушы қорғаушысының iске қатысуын қамтамасыз етуге мiндеттi.
4. Сезiктi, айыпталушы қорғаушысының және заңды өкiлiнiң қылмыстық сот iсiн жүргiзуге қатысуы сезiктiге, айыпталушыға тиесiлi құқықтарды кемiтпейдi.
5. Сезiктi, айыпталушы қылмыстық iзге түсу органдарына айғақтар беруге, қандай да болсын материалдар беруге, оларға қандай да бiр жәрдем көрсетуге мәжбүр етiлмеуге тиiс.
6. Сезiктiнiң, айыпталушының онымен бiрлесiп қылмыс жасады деп айыпталған адамға қатысты қылмыстық iстi қарау кезiнде де өзiне тиесiлi қорғану құқығының барлық кепiлдiктерi сақталады.
27-бап. Куәлiк айғақтар беру мiндетiнен босату
1. Ешкiм өзiне, жұбайына (зайыбына) және ауқымы заңмен айқындалған жақын туыстарына қарсы айғақтар беруге мiндеттi емес.
2. Дiни қызметшiлер өздерiне iшкi сырын ашуға сенім бiлдiрген адамдарға қарсы куәлiк беруге мiндеттi емес.
3. Осы баптың бiрiншi және екiншi бөлiктерiнде көзделген жағдайларда аталған адамдар айғақтар беруден бас тартуға құқылы және ол үшiн қандай да болсын жауапқа тартуға болмайды.
28-бап. Бiлiктi заң көмегiне құқықты қамтамасыз ету
1. Қылмыстық процесс барысында осы Кодекстiң ережелерiне сәйкес біліктi заң көмегiн алуға әркiмнiң құқығы бар.
2. Заңда көзделген жағдайларда заң көмегi тегiн көрсетiледi.
29-бап. Жариялылық
1. Қылмыстық iстердi талқылау барлық соттар мен барлық сот сатыларында ашық жүргiзiледi. Сот талқылауының жариялылығын шектеуге ол мемлекеттік құпияны қорғау мүдделерiне қайшы келгенде ғана жол берiледi. Сонымен бiрге iске қатысушы адамдар өмiрiнiң жеке жақтары туралы мәлiметтердi жариялауды болдырмау мақсатында, сондай-ақ оны жәбiрленушiнiң, куәнiң немесе басқа да iске қатысушы адамдардың, сондай-ақ олардың отбасы мүшелерi мен жақын туыстарының қауiпсiздiк мүдделерi талап ететiн жағдайларда кәмелетке толмағандардың қылмыстары туралы iстер бойынша, жыныстық қылмыстар туралы iстер және басқа да iстер бойынша соттың дәлелдi қаулысымен жабық сот талқылауына жол берiледi. Жабық сот отырысында сот процесiнiң сотқа дейiнгi сатысында сот шешетiн қылмыстық iзге түсуді жүзеге асырушы органның iс-әрекетi мен шешiмiне шағымдар да қаралады.
2. Iстер мен шағымдарды жабық отырыста қарау осы Кодексте белгiленген барлық ережелер сақтала отырып жүзеге асырылады.
3. Соттың үкімі мен iс бойынша қабылданған қаулылар барлық жағдайларда ашық жарияланады.
2009.10.12. № 227-IV ҚР Заңымен 30-бап өзгертілді (2010 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр. ред. қара)
30-бап. Қылмыстық сот iсiн жүргiзу тілі
1. Қазақстан Республикасында қылмыстық сот iсiн жүргiзу мемлекеттік тiлде жүргiзiледi, ал қажет болған жағдайда сот iсiнде мемлекеттік тiлмен бiрдей орыс тілі немесе басқа да тiлдер қолданылады.
2. Қылмыстық процесті жүргізетін орган істі орыс тілінде немесе өзге тілдерде жүргізу қажет болған жағдайда сот ісін жүргізу тілін өзгерту туралы дәлелді қаулы шығарады.
3. Iс бойынша iс жүргiзiлген тiлдi бiлмейтiн немесе жеткiлiктi бiлмейтiн iске қатысушы адамдарға сотта өзiнiң ана тілінде немесе олар бiлетiн басқа тiлде өтiнiш жасау, түсiнiк және айғақтар беру, өтiнiш бiлдiру, шағым жасау, iстiң материалдарымен танысу, сөйлеу, осы Кодексте белгiленген тәртiппен аудармашының қызметiн тегiн пайдалану құқығы түсiндiрiледi және қамтамасыз етiледi.
4. Қылмыстық сот iсiн жүргiзуге қатысушы адамдарға олар үшiн заң күшiмен қажеттi iстiң басқа тiлде жазылған материалдарын қылмыстық сот iсiн жүргiзу тіліне аудару тегiн қамтамасыз етiледi. Сот процесiне қатысушы адамдарға соттағы айтылғандардың басқа тiлде болған бөлiгiнiң сот iсiн жүргiзу тіліне аудармасы тегiн қамтамасыз етiледi.
5. Қылмыстық процестi жүргiзушi органдар процеске қатысушыларға осы Кодекске сәйкес оларға сот iсiн жүргiзу тілінде тапсырылуы тиiс құжаттарды тапсырады. Бұл ретте қылмыстық сот iсiн жүргiзу тілін бiлмейтiн адамдар үшiн сот iсiн жүргiзудiң осы адамдар таңдаған тілінде жазылған құжаттарының куәландырылған көшiрмесi қоса берiледi.
2011.18.01. № 393-IV ҚР Заңымен 31-бап өзгертілді (бұр.ред.қара)
31-бап. Iс жүргiзу әрекеттерi мен шешiмдерiне шағымдану бостандығы
1. Сот пен қылмыстық iзге түсу органының әрекеттерi мен шешiмдерiне осы Кодексте белгiленген тәртiппен шағым жасалуы мүмкiн.
2. Әрбiр сотталған адамның осы Кодексте белгiленген тәртiппен үкiмдi жоғары тұрған сотқа қайта қаратуға, сондай-ақ кешiрiм жасау немесе жазаны жеңiлдету туралы сұрауға құқығы бар. Шет мемлекеттің соты соттаған және жазасын өтеу үшін кешірім жасауды қолданбау туралы шарт қойылмай, Қазақстан Республикасына берілген адамның кешірім жасау немесе жазаны жеңілдету туралы өтінішпен жүгінуге құқығы бар.
3. Шағымды берген адамға зиян келетiн немесе ол мүдделерiн көздеп берiлген адамға зиян келетiн етiп қолдануға жол берiлмейдi.
3-тарау. Қылмыстық ізге түсу
2011.09.11. № 490-ІV ҚР Заңымен 32-бап өзгертілді (бұр.ред.қара)
32-бап. Жеке, жеке-жариялы және жариялы iзге түсу мен айыптау iстерi
1. Жасалған қылмыстың сипаты мен ауырлығына қарай қылмыстық iзге түсу мен сотта айыптау жеке, жеке-жариялы және жариялы түрде жүзеге асырылады.
2. Осы Кодекстiң 33-бабында аталған қылмыстар туралы iстер жеке айыптау iстерi болып саналады, жәбiрленушiнiң өтiнiшi бойынша ғана қозғалады және оның айыпталушымен, сотталушымен бiтiсуiне орай қысқартылуға тиiс.
3. Осы Кодекстiң 34-бабында аталған қылмыстар туралы iстер жеке-жариялы айыптау iстер болып саналады, жәбiрленушiнiң шағымы бойынша ғана қозғалады және тек Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексiнiң 67-бабында көзделген жағдайларда ғана жәбiрленушiнiң айыпталушымен, сотталушымен бiтiсуiне орай қысқартылуға жатады.
4. Осы баптың 2 және 3-тармақтарында аталғандарын қоспағандағы қылмыстар туралы iстер жариялы айыптау iстерi болып саналады. Бұл iстер бойынша қылмыстық iзге түсу жәбiрленушiнiң шағым беруiне қарамастан жүзеге асырылады.
05.05.00 ж. № 47-II ҚР Заңымен; 09.12.04 ж. № 10-III ҚР Заңымен (бұр. ред. қара); 2011.18.01. № 393-IV ҚР Заңымен (бұр.ред.қара) 33-бап өзгертілді
33-бап. Қылмыстық iзге түсу жеке түрде жүзеге асырылуы мүмкiн қылмыстар
1. Қылмыстық iзге түсу Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексiнiң 111, 123, 129, 130, 136, 140, 142-баптарында, 144-бабында (бірiншi бөлiгiнде), 145-бабында (бiрiншi бөлiгiнде), 300-бабында (бiрiншi бөлiгiнде) көзделген қылмыстар туралы iстер бойынша жеке түрде жүзеге асырылуы мүмкiн.
2. Егер әрекет дәрменсiз немесе басқаға тәуелдi жағдайдағы не басқа да себептер бойынша өзiне тиесiлi құқықтарды өз бетiнше пайдалануға қабiлетсiз адамдардың мүдделерiн қозғайтын болса, прокурор жеке айыптау iсi бойынша жәбiрленушiнiң шағымы болмаған кезде де iс қозғауға құқылы.
05.05.00 ж. № 47-II ҚР Заңымен; 2005.22.11 № 90-III ҚР Заңымен; 2011.18.01. № 393-IV ҚР Заңымен (бұр.ред.қара); 2011.09.11. № 490-ІV ҚР Заңымен (бұр.ред.қара) 34-бап өзгертілді
34-бап. Қылмыстық iзге түсудi жеке-жариялы түрде жүзеге асыру
1. Жеке-жариялы тәртiппен жүзеге асырылатын қылмыстық iзге түсу Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексiнiң 103-бабында (бiрiншi бөлiгiнде), 104-бабында (бiрiншi бөлiгiнде), 117-бабында (бiрiншi және екiншi бөлiгiнде), 120-бабында (бiрiншi бөлiгiнде), 121-бабында (бiрiншi бөлiгiнде), 135, 139-баптарында, 144-бабында (екiншi бөлiгiнде), 176-бабында (бiрiншi және екiншi бөлiктерiнде), 184-бабында (бiрiншi бөлiгiнде), (184-1-бабында (бірінші бөлігінде), 187-бабында (бiрiншi бөлiгiнде), 188, 200-баптарында, 226-бабында (бiрiншi бөлiгiнде), 227-бабында (бiрiншi бөлiгiнде), 228-бабында, 229-бабында (бiрiншi бөлiгiнде), 296-бабында (бiрiншi бөлiгiнде),327-бабында (бiрiншi бөлiгiнде) көзделген қылмыстар туралы iстер бойынша жәбiрленушiнiң шағымы болмаған кезде басталмайды және қылмыстық iс бойынша iс қозғалмайды.
2. Егер әрекет дәрменсiз немесе басқаға тәуелдi жағдайдағы не басқа да себептер бойынша өзiне тиесiлi құқықтарды өз бетiнше пайдалануға қабiлетсiз адамдардың мүдделерiн қозғайтын не басқа адамдардың, қоғамның немесе мемлекеттiң елеулi мүдделерiн қозғайтын болса, прокурор жеке-жариялы айыптау iсi бойынша жәбiрленушiнiң шағымы болмаған кезде де iс қозғауға құқылы.
35-бап. Коммерциялық немесе өзге де ұйымның арызы бойынша қылмыстық жауапқа тарту
Егер Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексiнiң 8-тарауында көзделген әрекет мемлекеттік кәсiпорын болып табылмайтын тек қана коммерциялық немесе өзге ұйымның мүдделерiне зиян келтiрсе және басқа ұйымдардың мүдделерiне, сондай-ақ азаматтардың, қоғамның немесе мемлекеттiң мүдделерiне зиян келтiрмесе, қылмыстық жауапқа тарту осы ұйым немесе уәкiлеттi орган басшысының арызы немесе олардың келісімi бойынша жүзеге асырылады.
2011.09.11. № 490-ІV ҚР Заңымен 36-бап өзгертілді (бұр.ред.қара)
36-бап. Қылмыстық iзге түсудi жүзеге асырудың жалпы шарттары
1. Қылмыстық сот iсiн жүргiзу мiндеттерiн орындау мақсатында қылмыстық iзге түсу органы өз құзыретi шегiнде қылмыстың белгiлерiн тапқан әрбiр жағдайда қылмыс оқиғасын белгiлеуге, қылмыс жасауға кiнәлi адамдарды анықтауға, оларды жазалауға заңмен көзделген барлық шараларды қолдануға, сонымен бiрдей кiнәсiз адамдарды ақтау шараларын қолдануға мiндеттi.
2. Қылмыстық iзге түсу органы жәбiрленушiге сот әдiлдiгiне қол жеткізуiн қамтамасыз етуге және қылмыспен келтiрiлген зиянды өтеу шараларын қолдануға мiндеттi.
3. Қылмыстық iзге түсу органы қылмыстық процестегi өзiнiң өкiлеттiгiн қандай да болсын органдар мен лауазымды адамдарға тәуелсiз және осы Кодекстiң талаптарына қатаң сәйкес түрде жүзеге асырады.
4. Қылмыстық iс бойынша объективтi зерттеу жүргiзуге кедергi келтiру мақсатында қылмыстық iзге түсу органына қандай түрде болса да ықпал ету заңмен белгiленген жауаптылыққа әкеп соқтырады.
5. Қылмыстық қудалау органының заңға сәйкес қойған талаптары барлық мемлекеттік органдардың, ұйымдардың, лауазымды адамдар мен азаматтардың орындауы үшін міндетті және үш тәуліктен кешіктірмей орындалуға тиіс. Қылмыстық іс қозғау туралы шешім қабылдау немесе күдіктіні ұстау, қамауға алу қажет болған жағдайда қылмыстық қудалау органының талабы жиырма төрт сағат ішінде орындалуға тиіс. Аталған талаптарды дәлелсіз себептермен орындамау заңда белгіленген жауаптылыққа әкеп соғады.
ҚР 05.05.00 ж. № 47-II; 21.12.02 ж. № 363-II (бұр. ред. қара); 09.12.04 ж. № 10-III (бұр. ред. қара) Заңдарымен 37-бап өзгертілді; 2011.09.11. № 490-ІV ҚР Заңымен 37-бап өзгертілді (бұр.ред.қара)
37-бап. Іс жүргiзуді болдырмайтын жағдайлар
1. Қылмыстық iс қозғауға болмайтын, ал қозғалған қылмыстық iс тоқтатылуға тиiс жағдайлар:
1) қылмыс оқиғасы болмауы;
2) әрекетте қылмыс құрамының болмауы;
3) егер ол жасаған әрекет үшiн жаза қолдануды жойса, рақымшылық ету актiсiнiң салдары;
4) мерзiмiнiң ескіруiне байланысты;
5) осы Кодекстiң 33-бабының екiншi бөлiгiнде және 34-бабының екiншi бөлiгiнде көзделген жағдайларды қоспағанда, осы Кодекстiң 33-бабының бiрiншi бөлiгiнде және 34-бабының бiрiншi бөлiгiнде көзделген қылмыстар туралы iстер бойынша жәбiрленушi шағымының болмауы;
6) жеке айыптаушының - осы Кодекстiң 33-бабының екiншi бөлiгiнде көзделген жағдайларды қоспағанда, осы баптың бiрiншi бөлiгiнде көзделген қылмыстар туралы iстер бойынша айыптаудан бас тартуы;
7) өзi туралы белгiлi бiр айыптау бойынша соттың заңды күшiне енген үкімі не қылмыстық iзге түсудiң мүмкiн еместiгiн белгiлейтiн соттың күшiн жоймаған қаулысы бар адамға қатысты;
8) белгiлi бiр айыптау бойынша қылмыстық iзге түсу органының қылмыстық iзге түсуден бас тарту туралы күшiн жоймаған қаулысы бар адамға қатысты;
9) қылмыстық iс қозғау оған медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шараларын қолдану үшiн қажет жағдайларды қоспағанда, қылмыстық заңмен тыйым салынған әрекеттi есi кiресiлi-шығасылы жағдайда жасаған адамға қатысты;
10) артықшылықтары немесе қылмыстық қудалауға қарсы иммунитетi бар адамды қылмыстық жауаптылыққа тартуға уәкiлеттi органның немесе лауазымды тұлғаның келiсiм беруден бас тартуына байланысты;
11) iс бойынша iс жүргiзу қайтыс болған адамды ақтау немесе iстi басқа адамдарға қатысты тергеу үшiн қажет жағдайларды қоспағанда, қайтыс болған адамға қатысты;
12) Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексiнiң ережелерiне байланысты қылмыстық жауаптылықтан босатылуға жататын адамға қатысты.
2. Қылмыстық iс қылмысты оқиғаның жоқтығы немесе қылмыс құрамы жоқтығы дәлелденген кезде де, егер қосымша дәлелдер жинау үшiн барлық мүмкiндiктер сарқылса, олардың бар екендiгi дәлелденбеген кезде де осы баптың бiрiншi бөлiгiнiң 1 және 2-тармақтарында көзделген негiздер бойынша қысқартылады.
3. Қылмыстық iс айыпталушының (сезiктiнiң) зиян келтiруi заңды болып табылатын не әрекеттi айыпталушы (сезiктi) Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексiне сәйкес оның қылмыстылығы мен қылмыстық жауаптылығын жоққа шығаратын жағдаятта жасаған жағдайларда осы баптың бiрiншi бөлiгiнiң 2-тармағында көзделген негiздер бойынша қысқартылуға тиiс.
4. Осы баптың бiрiншi бөлiгiнiң 3, 4 және 11-тармақтарында көрсетiлген негiздер бойынша қылмыстық істі қозғаудан бас тартуға не қылмыстық істі тоқтатуға, егер өтініш беруші ол адамды қылмыс жасаған адам ретінде тікелей көрсетсе, күдікті, айыпталушы, сондай-ақ сотталушы немесе оның заңды өкілдері бұған қарсылық бiлдiрсе де, жол берiлмейдi. Бұл жағдайда iс жүргiзу жалғастырылады және оған негiздер болған кезде сотталған адамды жазадан босату арқылы айыптау үкiмiнiң қаулысымен аяқталады.
Осы баптың бірінші бөлігінің 3, 4, 9, 10 және 11-тармақтарында аталған негіздер бойынша қылмыстық іс қозғаудан бас тарту туралы не қылмыстық істі тоқтату туралы шешім қабылдау үшін қылмыс жасаудан зардап шеккен адамның немесе жәбірленушінің келісімі талап етілмейді.
Қылмыстық істі тоқтату бір мезгілде қылмыстық қудалауды тоқтатуға әкеп соғады.
4-1. Әрекет жасаған сәтте заңға сәйкес қылмыстық жауаптылыққа тарту мүмкін болатын жасқа толмаған адамға қатысты қылмыстық iстi қозғаудан бас тарту туралы не қылмыстық iстi тоқтату туралы шешiм осы баптың бiрiншi бөлiгiнiң 2-тармағында аталған негiз бойынша қабылдануға тиiс. Әрекет жасаған сәтте заңға сәйкес қылмыстық жауапқа тартылатын жасқа жетсе де, психикалық науқаспен байланысты емес психикалық дамуы жағынан артта қалуы салдарынан өз әрекеттерiнiң (әрекетсiздiгiнiң) iс жүзiндегi сипаты мен қоғамдық қауiптiлiгiн толығымен түйсіне алмаған және оларды игере алмаған, кәмелетке толмаған адамға қатысты қылмыстық iс қозғаудан бас тарту не қылмыстық iстi тоқтату туралы шешiм дәл осы негiз бойынша қабылдануы тиiс.
5. Қылмыстық iзге түсу органы қылмыстық iзге түсудi жоққа шығаратын жағдайды байқағаннан кейiн сотқа дейiнгi iс жүргiзудiң кез келген сатысында қылмыстық iс қозғаудан бас тарту туралы немесе қылмыстық iстi қысқарту туралы қаулы шығарады. Прокурор iстi соттың басты талқылауында қарау басталғанға дейiн оны соттан керi қайтарып алуға және осы бапта көзделген негiздер бойынша қысқартуға да құқылы.
6. Сотта қылмыстық iзге түсудi жоққа шығаратын мән-жайды байқаған мемлекеттік айыптаушы айыптаудан бас тарту туралы мәлiмдеуге мiндеттi. Мемлекеттік айыптаушының айыптаудан бас тарту туралы мәлiмдемесi, егер жеке айыптаушы айыптауды қолдауын жалғастырса, қылмыстық iстi қараудың жалғастырылуына кедергi келтiрмейдi.
7. Қылмыстық iзге түсуді жоққа шығаратын мән-жайларды байқаған сот қылмыстық iстi қысқарту туралы мәселенi шешуге мiндеттi.
8. Қылмыстық қудалау органдары және соттар қылмыстық іс тоқтатылған не қылмыстық іс қозғаудан бас тартылған кезде адамның іс-әрекеттерінде әкімшілік немесе сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық белгілері болғанда он күн ішінде құзыретті органдарға әкімшілік немесе тәртіптік жауаптылыққа тарту туралы мәселені шешу үшін материалдар жіберуге міндетті.
ё
05.05.00 ж. № 47-II ҚР Заңымен; 2009.11.12. № 230-IV ҚР Заңымен (бұр.ред.қара); 2010.23.11. № 354-IV ҚР Заңымен (бұр.ред.қара); 2011.09.11. № 490-ІV ҚР Заңымен (бұр.ред.қара) 38-бап өзгертілді
38-бап. Қылмыстық iзге түсудi жүзеге асырмауға мүмкiндiк беретiн мән-жайлар
1. Сот, прокурор, сондай-ақ прокурордың келiсiмiмен тергеушi немесе анықтау органы тиiстi мән-жайлар болған кезде өз құзыреті шегінде Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексiнiң 65, 66-баптарында, 67-бабының екінші бөлігінде және 68-бабында, сондай-ақ 373, 375 - 378, 381-баптарының ескертулерінде көзделген жағдайларда адамды қылмыстық жауаптылықтан босата отырып, қылмыстық іс қозғаудан бас тартуға не қылмыстық iстi тоқтатуға құқылы. Мұндай жағдайларда сот қылмыстық жауаптылықтан босата отырып, айыптау үкiмiн шығаруға да құқылы.
2. Сотта қылмыстық iзге түсудi жүзеге асырмауға мүмкiндiк беретiн жағдайларды байқаған мемлекеттік айыптаушы айыпталушының қылмыстық iзiне түсуден бас тартуды мәлiмдеуге құқылы. Мемлекеттік айыптаушы мәлiмдеген қылмыстық iзге түсуден бас тарту жеке айыптаушыға қылмыстық iстiң материалдарын пайдалана отырып, айыпталушының қылмыстық iзiне түсудi жалғастыруына кедергi келтiрмейдi.
3. Қылмыстық iс қысқартылғанға дейiн айыпталушыға (сезiктiге) iстi қысқартудың негiзi мен осы негiз бойынша оны қысқартуға қарсылық бiлдiру құқығы түсiндiрiлуге тиiс.
4. Қылмыстық iстiң қысқартылғандығы туралы жәбірленушіге және оның өкіліне хабарланады, олар қылмыстық процестi жүргiзушi органның қаулысына жоғары тұрған сотқа немесе жоғары тұрған прокурорға шағымдануға құқылы.
5. Осы баптың бiрiншi бөлiгiнде көрсетiлген негiздер бойынша қылмыстық iстi қысқартуға, егер сезiктi, айыпталушы немесе жәбiрленушi оған қарсылық бiлдiрсе, жол берiлмейдi. Мұндай жағдайда iс бойынша iс жүргiзу әдеттегi тәртiппен жалғастырылады.
4-тарау. Ақтау, қылмыстық процесті жүргізуші органның заңсыз іс-әрекетімен келтірілген зиянды өтеу
39-бап. Айыпталушы (сезiктi) ретiнде тартылған адамды кiнәсiздiгiн тану жолымен ақтау
1. Сот бойынша ақталған адам, сонымен бiрге оған қатысты осы Кодекстiң 37-бабының бiрiншi бөлiгiнiң 1, 2, 5, 7, 8-тармақтарында көзделген негiздер бойынша қылмыстық iстi қысқарту туралы қылмыстық iзге түсу органының қаулысы шығарылған айыпталушы (сезiктi) кiнәсiз деп саналады және оның Қазақстан Республикасының Конституциясымен кепiлдiк берiлген құқықтары мен бостандықтарын қандай да бiр шектеуге болмайды.
2. Сот, қылмыстық iзге түсу органы осы баптың бiрiншi бөлiгiнде көрсетiлген адамды ақтау және оған қылмыстық процестi жүргiзушi органның заңсыз iс-әрекетiнiң салдарынан келтiрiлген зияндарды өтеу жөнiнде заңда көзделген барлық шараларды қолдануға тиiс.
ҚР 05.05.00 ж. № 47-II Заңымен 40-бап өзгертілді
40-бап. Қылмыстық процестi жүргiзушi органның заңсыз iс-әрекетiнiң салдарынан келтiрiлген зиянның өтелуiне құқығы бар адамдар
1. Адамға заңсыз ұстаудың, қамауға алудың, үйде қамауда ұстаудың, қызметiнен уақытша шеттетудiң, арнаулы медициналық ұйымға орналастырудың, соттаудың, медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шараларын қолданудың нәтижесiнде келтiрiлген зиян қылмыстық процестi жүргiзушi органның кiнәсiне қарамастан толық көлемде республикалық бюджеттен өтеледi.
2. Қылмыстық процестi жүргiзушi органның заңсыз iс-әрекеттерiнiң салдарынан келтiрiлген зиянды өтеуге мыналар құқылы:
1) осы Кодекстiң 39-бабының бiрiншi бөлiгiнде көрсетiлген адамдар;
2) егер осы Кодекстiң 33-бабының екiншi бөлiгiнде және 34-бабының екiншi бөлiгiнде көзделген жағдайлардың болмауына қарамастан қылмыстық iс қозғалған болса немесе қылмыстық iзге түсудi жоққа шығаратын жағдайлар анықталған кезден бастап қысқартылмаса, өздерiне қатысты қылмыстық iс қозғалмауға тиiстi, ал қозғалған iс осы Кодекстiң 37-бабының бiрiншi бөлiгiнiң 6-тармағында көзделген негiздер бойынша қысқартылуға тиiстi адамдар;
3) өздерiне қатысты қылмыстық iс осы Кодекстiң 37-бабы бiрiншi бөлiгiнiң 3 және 4-тармақтарында көзделген негiздер бойынша қысқартылуы тиiс, бiрақ қылмыстық iзге түсудi жоққа шығаратын мән-жайлар анықталған кезден бастап қысқартылмаған және мұндай адамдардың қылмыстық iстi қысқартуға келiскенiне қарамастан қылмыстық iзге түсу заңсыз жалғастырылған адамдар;
4) жасаған әрекетiнiң саралануы Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексiнiң оны жасағаны үшiн сезiк келтiрiлу немесе айыптау кезiнде осы Кодекспен ұстауға немесе күзетпен ұстауға жол берiлмейтiн одан жеңiлiрек қылмыс үшiн жауаптылықты көздейтiн бабына өзгерген не осы бап бойынша неғұрлым жеңiл жаңа жаза тағайындалған немесе үкiмнен айыптаудың бөлiгi алып тасталған және осыған байланысты жазасы төмендетiлген жағдайда, сол сияқты медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шарасын немесе тәрбиелiк ықпал ету мәжбүрлеу шарасын қолдану туралы соттың заңсыз шешiмi бұзылған жағдайда қамауға алуға, бас бостандығынан айыруға сотталған, ұсталған немесе күзетпен ұсталған адам. Қамауға алудың немесе бас бостандығынан айырудың iс жүзiнде өтелген мерзiмi Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексiнiң кiнәлi адам жасаған әрекет жаңадан сараланған бабында көзделген қамауға алу немесе бас бостандығынан айыру түріндегі жазаның ең жоғары мөлшерiнен асатын бөлiгiнде заңсыз өтелген болып саналады;
5) заңды негiзсiз тиiстi мерзiмiнен артық қамауда ұсталған, сонымен бiрге қылмыстық iс бойынша iс жүргiзу барысында iс жүргiзуге мәжбүр етудiң кез келген өзге де шараларына заңсыз ұшыраған адамдар.
3. Азамат қайтыс болған жағдайда зиянды өтеттiру құқығы белгiленген тәртiппен оның мұрагерлерiне, ал төленуi тоқтатыла тұрған зейнетақылар мен жәрдемақыларды алу бөлiгiнде - отбасының асыраушысынан айрылу жағдайы бойынша жәрдемақымен қамтамасыз етiлетiн адамдар тобына жататын мүшелерiне ауысады.
4. Егер анықтау, алдын ала тергеу және сот талқылауы процесiнде ерiктi түрде өзiне өзi жала жабу жолымен ақиқатты ашуға кедергi келтiргендiгi және сол арқылы осы баптың бiрiншi бөлiгiнде көрсетiлген зардаптардың пайда болуына жағдай жасағандығы дәлелденген адамға зиянның өтелуi тиiс емес.
5. Осы баптың ережелерi оның екiншi бөлiгiнiң 3-тармағында көзделген мән-жайлар болмаған кезде адамға қатысты қолданылған iс жүргiзудiң мәжбүрлеу шаралары немесе қаулымен шығарылған айыптау үкімі рақымшылық ету немесе кешiрiм жасау актілерінiң шығуына, мерзiмiнiң ескіруiне немесе қылмыстық жауаптылықты жоятын немесе жазаны жеңiлдететiн заңның қабылдануына байланысты бұзылған немесе өзгертiлген жағдайларға қолданылмайды.
41-бап. Өтелуге жататын зиян
Осы Кодекстiң 40-бабының екiншi және үшiншi бөлiктерiнде көрсетiлген адамдардың мүлiктiк зиянның толық көлемiнде өтелуiне, моральдық зиянның зардаптарының жойылуына және еңбек, зейнетақы, тұрғын үй және өзге де құқықтарының қалпына келтiрiлуiне құқығы бар. Соттың үкімі бойынша құрметтi, әскери, арнаулы немесе өзге де атағынан, сыныптық шенiнен, дипломаттық дәрежесiнен, біліктілік сыныбынан, сондай-ақ мемлекеттік наградаларынан айырылған адамдардың атағы, сыныптық шенi, дипломаттық дәрежесi, біліктілік сыныбы қалпына келтiрiледi, мемлекеттік наградалары қайтарылады.