7-бап. Осы Кодекстегi кейбір ұғымдардың түсiнiктемесi
Осы Кодексте қамтылған ұғымдардың, егер заңда ерекше нұсқаулар болмаса, мынадай мағынасы бар:
1) «сот» - сот билiгi органы, Қазақстан Республикасының сот жүйесiне кiретiн, iстi алқалық немесе жеке қарайтын кез келген заңды түрде құрылған сот;
2) «бiрiншi сатыдағы сот» - қылмыстық iстi мәнi бойынша қарайтын сот;
3) «апелляциялық саты» - бiрiншi сатыдағы соттың заңды күшiне енбеген үкiмдерiне, қаулыларына апелляциялық шағымдар (наразылықтар) бойынша iстi мәні бойынша қарайтын сот;
4-1) «кассациялық саты» - бірінші және апелляциялық сатыдағы соттың заңды күшіне енген үкімдеріне, қаулыларына кассациялық шағымдар (наразылықтар) бойынша істі қарайтын сот;
5) «қадағалау сатысы» - заңды күшiне енген сот шешiмдерiне өтініштер, наразылықтар бойынша істі қадағалау тәртібімен қарайтын Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының алқасы, сондай-ақ Жоғарғы Сот Төрағасының ұсынымын немесе Бас прокурордың наразылығын қарайтын, Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының жалпы отырысы;
6) «судья» - сот билiгiн жүргізуші; осы лауазымға заңда белгiленген тәртiппен тағайындалған немесе сайланған кәсiпқой судья (соттың төрағасы, сот алқасының төрағасы, тиiстi соттың судьясы);
7) «төрағалық етушi» - қылмыстық iстi алқалық немесе жеке қарау кезiнде төрағалық ететiн судья;
7-1) алқаби - соттың қылмыстық істі осы Кодексте белгіленген тәртіппен қарауына қатысуға шақырылған және ант қабылдаған Қазақстан Республикасының азаматы;
8) «басты сот талқылауы» - бiрiншi сатыдағы соттың қылмыстық iстi мәнi бойынша қарауы;
9) «процеске қатысушылар» - қылмыстық iзге түсудi және сотта айыптауды қолдауды жүзеге асыратын органдар мен адамдар, сондай-ақ қылмыстық iс бойынша iс жүргiзу кезiнде өздерiнiң немесе өздерi бiлдiретiн құқықтар мен мүдделердi қорғайтын адамдар: прокурор (мемлекеттік айыптаушы), тергеушi, анықтау органы, анықтаушы, сезiктi, айыпталушы, олардың заңды өкiлдерi, қорғаушы, азаматтық жауапкер, оның заңды өкiлi мен өкiлi, жәбiрленушi, жеке айыптаушы, азаматтық талапкер, олардың заңды өкiлдерi мен өкiлдерi;
10) «қылмыстық процестi жүргiзушi орган» - сот, сондай-ақ қылмыстық iс бойынша iстi сотқа дейiн жүргiзу кезiнде прокурор, тергеушi, анықтау органы, анықтаушы;
11) «тараптар» - сот талқылауында бәсекелестiк пен тең құқықтылық негiзiнде айыптауды (қылмыстық iзге түсудi) және айыптаудан қорғауды жүзеге асыратын органдар мен адамдар;
12) «айыптау тарабы» - қылмыстық iзге түсу органдары, сондай-ақ жәбiрленушi (жеке айыптаушы), азаматтық талапкер, олардың заңды өкiлдерi мен өкiлдерi;
13) «қылмыстық iзге түсу (айыптау)»- қылмыстық заңмен тыйым салынған әрекет пен оны жасаған адамды, соңғысының қылмыс жасаудағы кiнәлiлiгiн анықтау мақсатында, сондай-ақ мұндай адамға жаза немесе өзге де қылмыстық-құқықтық ықпал ету шараларын қолдануды қамтамасыз ету үшiн айыптау тарабы жүзеге асыратын iс жүргiзу қызметi;
14) «қылмыстық iзге түсу органдары» - прокурор (мемлекеттік айыптаушы), тергеушi, анықтау органы, анықтаушы;
14-1) сотқа дейінгі жеңілдетілген іс жүргізу - анықтау органының, анықтаушының, тергеушінің осы Кодексте белгіленген өкілеттіктері шегінде сотқа дейінгі қызметінің іс жүргізу нысаны;
15) «анықтау» - анықтау органдарының осы Кодекспен белгiленген өкiлеттiк шегiнде iстiң мән-жайының жиынтығын анықтау, белгiлеу, бекіту және қылмыс жасаған адамдарды қылмыстық жауапқа тарту жөніндегі сотқа дейiнгi қызметiнiң iс жүргiзу нысаны;
16) «алдын ала тергеу» («алдын ала iздестiру») - уәкiлеттi органдардың осы Кодекспен белгiленген өкiлеттiк шегiнде iстiң мән-жайының жиынтығын анықтау, белгiлеу, бекіту және қылмыс жасаған адамдарды қылмыстық жауапқа тарту жөніндегі сотқа дейiнгi қызметiнiң iс жүргiзу нысаны;
17) «тергеуде болу» - осы Кодексте белгiленген, белгiлi бiр қылмысты тергеу белгiлi бiр алдын ала тергеу органының немесе анықтаудың құзыретiне жататын белгiлердiң жиынтығы;
18) «қорғану тарабы» - сезiктi, айыпталушы, олардың заңды өкiлдерi, қорғаушы, азаматтық жауапкер және оның өкiлi;
19) «қорғау» - қылмыс жасады деп сезiк келтiрiлген адамдардың құқықтары мен мүдделерiн қамтамасыз ету, айыптауды жоққа шығару немесе жеңiлдету, сондай-ақ заңсыз қылмыстық iзге түсуге ұшыраған адамдарды ақтау мақсатында қорғау тарабы жүзеге асыратын iс жүргiзу қызметi;
20) «мәлiмдеушi» - сотқа немесе қылмыстық iзге түсу органдарына қылмыстық сот iсiн жүргiзу тәртібімен өзiнiң (басқаның) нақты немесе жорамалды құқығын қорғау үшiн өтiнiш жасаған адам;
21) «өкiлдер» - заңның немесе келісімнiң күшiне орай жәбiрленушiнiң, азаматтық талапкердiң, азаматтық жауапкердiң заңды мүдделерiн бiлдiруге уәкiлдiк берiлген адамдар;
22) «заңды өкiлдер» - сезiктiнiң, айыпталушының, жәбiрленушiнiң, азаматтық талапкердiң ата-аналары, асырап алушылары, қорғаншылары, қамқоршылары, сондай-ақ сезiктiнi, айыпталушыны немесе жәбiрленушiнi қорғап немесе асырап отырған ұйымдар мен адамдардың өкiлдерi;
23) «туыстар» - үлкен атасы мен үлкен әжесiне дейiн ортақ ата-бабалары бар туыстық байланыстағы адамдар;
24) «жақын туыстар» - ата-аналары, балалары, асырап алушылары, асырап алынғандар, бiрге туған және бiрге тумаған туыс аға-iнiлерi мен апа-сiңлiлерi, атасы, әжесi, немерелерi;
25) «қылмыстық процеске қатысушы өзге де адамдар» - сот отырысының хатшысы, аудармашы, көрген адам, куә, куәгер, сарапшы, маман, сот приставы;
25-1) «хабар-ошарсыз жоғалған адам» - өтініш берілген кезден бастап екі ай бойы жүргізілген жедел-іздестіру шараларымен тұрған жерін осы мерзімде анықтау мүмкін болмаған адам;
26) «қылмыстық iс» - жасалды деп жорамалданған бiр немесе бiрнеше қылмыстар бойынша қылмыстық iзге түсу органы мен сот жүргiзетiн оқшауландырылған iс жүргiзу;
27) «iс бойынша iс жүргiзу» - қозғау, сотқа дейiнгi дайындау, сотта талқылау және соттың үкімін (қаулысын) орындау барысында нақты қылмыстық iс бойынша жүзеге асырылатын iс жүргiзу әрекеттерi мен шешiмдерiнiң жиынтығы;
28) «қылмыстық iс бойынша сотқа дейiнгi iс жүргiзу» - қылмыстық iс қозғалған кезден бастап оны мәнi бойынша қарау үшiн сотқа жолдағанға дейiн қылмыстық iс бойынша iс жүргiзу (анықтау және алдын ала тергеу), сондай-ақ қылмыстық iс бойынша жеке айыптаушы мен қорғау тарабының материалдар дайындауы;
29) «iстiң материалдары» - iстiң құрамдас бөлiгi болып табылатын немесе оған қосу үшiн ұсынылған құжаттар мен заттар, хабарлаулар, сондай-ақ iс бойынша жағдайды белгiлеу үшiн маңызы болуы мүмкiн құжаттар мен заттар;
30) «iс жүргiзу әрекеттерi» - осы Кодекске сәйкес қылмыстық сот iсiн жүргiзу барысында жүргiзiлетiн iс-әрекеттер;
31) «хаттама» - қылмыстық процестi жүргiзушi орган жасаған iс жүргiзу әрекетi көрсетiлетiн iс жүргiзу құжаты;
32) «iс жүргiзу шешiмдерi» - өз құзыреттерi шегiнде қылмыстық процестi жүргiзушi органдар шығаратын және осы Кодексте айқындалған нысанда көрiнiс табатын қылмыстық iс жүргiзу құқығын қолдану актілері - үкiмдер, қаулылар, қорытындылар, ұсыныстар, санкциялар;
33) «қаулы» - соттың үкiмнен басқа әртүрлi шешiмдерi, анықтаушының, тергеушiнiң, прокурордың қылмыстық iс бойынша сотқа дейiнгi iс жүргiзу барысында, сондай-ақ сотқа дейінгі жеңілдетілген іс жүргізу шеңберінде қабылданған шешiмдерi;
34) «үкiм» - айыпталушының кiнәлiлiгi немесе кiнәсiздiгi және оған жаза қолдану немесе қолданбау туралы мәселе бойынша бiрiншi, апелляциялық сатыдағы сот шығарған сот шешiмi;
35) «қорытынды шешiм» - қылмыстық процестi жүргiзушi органның iс бойынша iс жүргiзудiң басталуын немесе жалғастырылуын болдырмайтын, сондай-ақ, түпкiлiктi болмаса да, iстi мәнi бойынша шешетiн әртүрлi шешiмдерi;
36) «санкция» - прокурордың, соттың сотқа дейiнгi iс жүргiзу барысында қылмыстық iзге түсу органы қабылдаған iс жүргiзу шешiмiн бекіту актiсi;
37) «түсiндiру» - процеске қатысушылар мен мәлiмдеушiлердiң өзiнiң дәмесiн немесе өздерi өкiлi болған адамдардың дәмесiн негiздеу үшiн келтiрiлген ауызша немесе жазбаша дәйектемесi;
38) «шағым, наразылық» - процеске қатысушылардың анықтау, алдын ала тергеу, прокурор немесе соттың iс-әрекетiне өздерiнiң құзыретi шегiнде және осы Кодексте белгiленген тәртiппен енгiзiлген көңiл аудару актiсi;
39) «өтініш жасау» - тараптың немесе арыз берушінің қылмыстық процесті жүргізуші органға жолданған іс-жүргізу іс-әрекеттерін жүргізу немесе іс жүргізу шешімін қабылдау туралы өтініші, ал қадағалау сатысында - қадағалау іс жүргізуін қозғау және заңды күшіне енген сот актісін қайта қарау туралы жолданым;
40) «ғылыми-техникалық құралдар» - дәлелдердi анықтау, көрсету, алу және зерттеу үшiн заңды түрде қолданылатын аспаптар, арнаулы жабдықтар, материалдар;
41) «арнаулы білім» - адам кәсiби оқудың не практикалық қызметтің барысында алған, қылмыстық сот iсiн жүргiзу мiндеттерiн шешу үшiн пайдаланылатын қылмыстық сот iсiн жүргiзудегi жалпы жұртқа белгiлi емес білім;
41-1) «арнаулы ғылыми білім» - сот-сараптамалық зерттеулердің әдістемелерінде іске асырылған, мазмұны ғылыми білімді құрайтын арнаулы білім саласы;
42) «баспана» - бiр немесе бiрнеше адамның уақытша немесе тұрақты тұруына арналған үй-жай немесе құрылыс, оның iшiнде: меншiктi немесе жалға алынған пәтер, үй, саяжай үйi, мейманхана нөмiрi, каюта, көп пәтерлi үйлердi қоспағанда, оларға тiкелей жалғасатын тұрғын үйлердiң верандалары, террасалары, галереялары, балкондары, жертөлесi және шатыры, сондай-ақ өзен немесе теңiз кемесi;
43) «түнгi уақыт» - жергiлiктi уақыт бойынша сағат жиырма екiден алтыға дейiнгi уақыт аралығы.
2-тарау. Қылмыстық процестiң мiндеттерi мен принциптерi
8-бап. Қылмыстық процестiң мiндеттерi
1. Қылмыстық процестiң мiндеттерi қылмыстарды тез және толық ашу, оларды жасаған адамдарды әшкерелеу және қылмыстық жауапқа тарту, әдiл сот талқылауы және қылмыстық заңды дұрыс қолдану болып табылады.
2. Қылмыстық iстер бойынша iс жүргiзудiң заңда белгiленген тәртібі адамды және азаматты негiзсiз айыптау мен соттаудан, олардың құқықтары мен бостандықтарын заңсыз шектеуден қорғауды, кiнәсiз адам заңсыз айыпталған немесе сотталған жағдайда - оны дереу және толық ақтауды қамтамасыз етуi, сондай-ақ заңдылық пен құқық тәртібін нығайтуға, қылмыстың алдын алуға, құқықты құрметтеу көзқарасын қалыптастыруға жәрдемдесуi тиiс.
9-бап. Қылмыстық процесс принциптерiнiң мәнi
Қылмыстық процесс принциптерiнiң мәнi мынада: оларды бұзу, оның сипаты мен мәнiне қарай, iс бойынша болған iс жүргiзудi жарамсыз деп тануға, мұндай iс жүргiзудiң барысында шығарылған шешiмдердi бұзуға не осы тұрғыда жиналған материалдарды дәлелдеу күшi жоқ деп тануға әкелiп соқтырады.
10-бап. Заңдылық
1. Сот, прокурор, тергеушi, анықтау органы және анықтаушы қылмыстық iстер бойынша iс жүргiзу кезiнде Қазақстан Республикасы Конституциясының, осы Кодекстiң, осы Кодекстiң 1-бабында көрсетiлген өзге де нормативтiк құқықтық актiлердiң талаптарын дәл сақтауға мiндеттi.
2. Соттардың адам мен азаматтың Конституциямен баянды етiлген құқықтары мен бостандықтарына нұқсан келтiретiн заңдарды және өзге де нормативтiк құқықтық актiлердi қолдануға құқығы жоқ. Егер сот, қолдануға жататын заң немесе өзге де нормативтiк құқықтық акт адам мен азаматтың Конституциямен баянды етiлген құқықтары мен бостандықтарына нұқсан келтiредi деп ұйғарса, ол iс бойынша iс жүргiзудi тоқтата тұруға және сол актiнi конституциялық емес деп тану туралы ұсыныспен Конституциялық Кеңеске жүгiнуге мiндеттi.
3. Соттың, қылмыстық iзге түсу органдарының қылмыстық iстер бойынша iс жүргiзу кезiнде заңды бұзуына жол берiлмейдi және ол заңмен белгiленген жауаптылыққа, заңсыз актiлердi жарамсыз деп тануға және олардың күшiн жоюға әкеп соғады.
11-бап. Сот әдiлдiгiн тек соттың ғана жүзеге асыруы
1. Қазақстан Республикасында қылмыстық iстер бойынша сот әдiлдiгiн тек соттар ғана жүзеге асырады. Сот өкiлеттiгiн кiмнiң болса да иемденуi заңда көзделген жауаптылыққа әкеп соқтырады.
2. Соттың үкімі бойынша және заңға сәйкес болмаса, ешкiм де қылмыс жасағаны үшiн кiнәлi деп таныла алмайды, сондай-ақ қылмыстық жазаға тартыла алмайды.
3. Соттың құзыретi, оның заңды құқығының шегi, оның қылмыстық сот iсiн жүргiзудi жүзеге асыру тәртібі заңмен айқындалады және оны өз бетiнше өзгертуге болмайды. Қылмыстық iстердi қарау үшiн қандай атаумен болса де төтенше немесе арнаулы соттар құруға жол берiлмейдi. Төтенше соттардың, сондай-ақ өзге де заңсыз құрылған соттардың үкiмдерi мен басқа да шешiмдерiнiң заңды күшi болмайды және атқарылуға жатпайды.
4. Өзi қарауына жатпайтын iс бойынша қылмыстық сот iсiн жүргiзудi жүзеге асырушы, өзiнiң өкiлеттiгiн асыра қолданған немесе осы Кодексте көзделген қылмыстық сот iсiн жүргiзу принциптерiн өзгедей бұзған соттың үкімі мен басқа да шешiмдерi заңсыз болады және олардың күшi жойылуға тиiс.
5. Соттың қылмыстық iс бойынша үкімі мен басқа да шешiмдерiн осы Кодексте көзделген тәртiппен тек тиiстi соттар ғана тексерiп, қайта қарай алады.
12-бап. Адам мен азаматтың құқықтары мен бостандықтарын сот арқылы қорғау
1. Әркiмнiң өз құқықтары мен бостандықтарын сотпен қорғауға құқығы бар.
2. Ешкiмге өзiнiң келісімiнсiз ол үшiн заңмен көзделген соттылығы өзгертiле алмайды.
3. Мемлекет заңда белгiленген жағдайлар мен тәртiп бойынша жәбірленушiге сот әдiлдiгiне қол жеткізуiн және келтiрiлген залалдың өтелуiн қамтамасыз етедi.
13-бап. Жеке адамның абыройы мен қадiр-қасиетiн құрметтеу
1. Қылмыстық iс бойынша iс жүргiзу кезiнде қылмыстық процеске қатысушы адамдардың абыройын түсiретiн немесе қадiр-қасиетiн кемiтетiн шешiмдер мен iс-әрекеттерге тыйым салынады, адамның жеке өмiрi туралы мәлiметтердi, сонымен бiрдей осы Кодексте көзделмеген мақсаттар үшiн адам құпия сақтау қажет деп санайтын жеке сипаттағы мәлiметтердi жинауға, пайдалануға және таратуға жол берiлмейдi.
2. Қылмыстық процестi жүргiзушi органдардың заңсыз әрекеттерiнен адамға келтiрiлген моральдық зиян заңда белгiленген тәртiппен өтелуге тиiс.
2008.05.07. № 65-IV ҚР Заңымен 14-бап өзгертілді (бұр.ред.қара)
14-бап. Адамның жеке басына тиiспеушiлiк
1. Осы Кодексте белгiленген негiздер мен тәртiп бойынша болмаса, ешкiмдi де қылмыс жасады деген сезiк бойынша ұстауға, қамауға алуға немесе өзгеше түрде бас бостандығынан айыруға болмайды.
2. Осы Кодексте көзделген жағдайларда ғана және қамауға алынған адамға сотқа шағымдану құқығын бере отырып, тек соттың санкциясымен ғана қамауға алуға және күзетпен ұстауға жол берiледi. Адам прокурордың санкциясынсыз жетпiс екi сағаттан аспайтын мерзiмге ғана ұсталуы мүмкiн. Күзетпен ұсталмаған адамды сот-психиатриялық сараптама жүргiзу үшiн медициналық ұйымға мәжбүрлеп орналастыруға соттың шешiмiмен ғана жол берiледi. Күзетпен ұсталмаған адамды сот-медициналық сараптама жүргiзу үшiн медициналық ұйымға мәжбүрлеп орналастыруға соттың шешiмi немесе соттың санкциясы бойынша жол берiледi.
3. Әрбiр ұсталған адамға ұстаудың негiзi, сондай-ақ ол жасады деп сезiк келтiрiлген немесе айыпталған қылмыстың заңдық сипаттамасы дереу хабарланады.
4. Сот, қылмыстық iзге түсу органдары заңсыз ұсталған немесе қамауға алынған, немесе медициналық ұйымға заңсыз орналастырылған не заңда немесе үкiмде көзделгендегiден артық мерзiмге күзетпен ұсталған адамды дереу босатуға мiндеттi.
5. Қылмыстық процеске қатысушы адамдардың ешқайсысына күш қолдануға, қатал немесе адамның қадiр-қасиетiн түсiретiн әрекет жасауға болмайды.
6. Ешкiмдi де адамның өмiрiне немесе денсаулығына қауiп туғызатын iс жүргiзу әрекеттерiне қатысуға тартуға болмайды. Адамның жеке басына тиiспеушiлiктi бұзатын iс жүргiзу әрекеттерi адамның не оның заңды өкiлiнiң еркiне қарсы осы Кодексте тiкелей көзделген жағдайлар мен тәртiп бойынша ғана жүргiзiлуi мүмкiн.
7. Өзiне қатысты жолын кесу шарасы ретiнде қамауға алу таңдалған адамды, сондай-ақ қылмыс жасады деген сезiкпен ұсталған адамды қамауда ұстау оның өмiрi мен денсаулығына қауiп туғызбайтын жағдайларда жүзеге асырылуы тиiс.
8. Заңсыз бас бостандығынан айыру, өмiрi мен денсаулығына қауiптi жағдайда ұстау, оған қатал қарау салдарынан азаматқа келтiрiлген зиян осы Кодексте көзделген тәртiппен өтелуге тиiс.
15-бап. Қылмыстық iстер бойынша iс жүргiзу кезiнде азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау
1. Қылмыстық процестi жүргiзушi орган қылмыстық процеске қатысушы азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғауға, оларды жүзеге асыру үшiн жағдай жасауға, процеске қатысушылардың заңды талаптарын қанағаттандыруға уақытылы шаралар қолдануға мiндеттi.
2. Азаматқа қылмыстық iс бойынша iс жүргiзу кезiнде оның құқықтары мен бостандықтарының бұзылуы салдарынан келтiрiлген зиян осы Кодексте көзделген негiздер мен тәртiп бойынша өтелуге тиiс.
3. Жәбiрленушiнi, куәнi немесе қылмыстық процеске қатысушы өзге де адамдарды, сондай-ақ олардың отбасы мүшелерiн немесе өзге де жақын туыстарын өлтiрумен, күш қолданумен, мүлкiн жоюмен немесе бүлдiрумен, не өзге де заңға қарсы қауiптi әрекеттермен қорқытқандығына жеткiлiктi негiздер болған кезде қылмыстық процестi жүргiзушi орган өз құзыретi шегiнде бұл адамдардың өмiрiн, денсаулығын, абыройын, қадiр-қасиетiн және мүлкiн қорғауға заңда көзделген шараларды қолдануға мiндеттi.
16-бап. Жеке өмiрге қол сұқпаушылық. Хат жазысудың, телефон арқылы сөйлесудiң, почта, телеграф және өзге де хабарлардың құпиясы
Азаматтардың жеке өмiрi, жеке және отбасылық құпия заңның қорғауында болады. Әркiмнiң жеке салымдар мен жинақтардың, хат жазысудың, телефон арқылы сөйлесудiң, почта, телеграф және өзге де хабарлардың құпиясына құқығы бар. Қылмыстық процесс барысында бұл құқықтарды шектеуге заңда тiкелей белгiленген жағдайлар мен тәртiп бойынша ғана жол берiледi.
17-бап. Тұрғын үйге қол сұқпаушылық
Тұрғын үйге қол сұғылмайды. Тұрғын үйге онда тұратын адамдардың еркiне қарсы кіруге, оны қарауға және тiнту жүргiзуге заңда белгiленген жағдайлар мен тәртiп бойынша ғана жол берiледi.
18-бап. Меншiкке қол сұқпаушылық
1. Меншiкке заңмен кепiлдiк берiледi. Ешкiмдi де соттың шешiмi болмайынша өз мүлкiнен айыруға болмайды.
2. Iс жүргiзу әрекеттерiнiң барысында адамдардың банктегi салымдарына және басқа да мүлiктерiне тыйым салу, сондай-ақ оны алу осы Кодексте көзделген жағдайлар мен тәртiп бойынша жүргiзiлуi мүмкiн.
19-бап. Кiнәсiздiк презумпциясы
1. Әр адам оның қылмыс жасағандығы үшiн кiнәлiлiгi осы Кодексте көзделген тәртiппен дәлелденгенге және соттың заңды күшiне енген үкімімен белгiленгенге дейiн кiнәсiз деп саналады.
2. Ешкiм де өзiнiң кiнәсiздiгiн дәлелдеуге мiндеттi емес.
3. Айыпталушының кiнәлiлiгiне сейiлмеген күдiк оның пайдасына түсiндiрiледi. Қылмыстық және қылмыстық iс жүргiзу заңын қолдану кезiнде пайда болған күмәндер де айыпталушының пайдасына шешiлуi тиiс.
4. Айыптау үкімін болжамдарға негiздеуге болмайды және ол ақиқат дәлелдердiң жеткiлiктi жиынтығымен расталуы тиiс.
20-бап. Қайта соттауға және қылмыстық iзге түсуге жол берiлмеуi
Ешкiмдi де нақ бiр қылмыс үшiн қайтадан қылмыстық жауапқа тартуға болмайды.
21-бап. Сот әдiлдiгiн заң мен сот алдындағы теңдiк негiздерiнде жүзеге асыру
1. Сот әдiлдiгi барша жұрттың заң мен сот алдында теңдiгi негiзiнде жүзеге асырылады.
2. Қылмыстық сот iсiн жүргiзу барысында ешкiмдi де шыққан тегi, әлеуметтiк, лауазымдық және мүлiктiк жағдайы, жынысы, нәсiлi, ұлты, тілі, дiнге қатысы, сенімдерi, тұрғылықты жерi бойынша немесе өзге де кез келген мән-жайлар бойынша қандай да болсын кемсiтушiлiкке ұшыратуға болмайды.
3. Қылмыстық iзге түсуден иммунитетi бар адамдарға қатысты қылмыстық сот iсiн жүргiзудiң шарттары Қазақстан Республикасының Конституциясымен, осы Кодекспен, заңдармен және Қазақстан Республикасы бекiткен халықаралық шарттармен айқындалады.
22-бап. Судьялардың тәуелсiздiгi
1. Судья сот әдiлдiгiн атқару кезiнде тәуелсiз болады және Қазақстан Республикасының Конституциясы мен заңға ғана бағынады.
2. Соттың сот әдiлдiгiн атқару жөніндегі қызметiне қандай да болсын араласуға жол берiлмейдi және ол заң бойынша жауапқа тартылады. Нақты iстер бойынша судьялар есеп бермейдi.
3. Судьялар тәуелсiздiгiнiң кепiлдiгi Қазақстан Республикасының Конституциясымен және заңмен белгiленген.
ҚР 11.07.01 ж. № 238-II Заңымен ; 2012.17.02. № 565-ІV ҚР Заңымен (2012 жылғы 1 шілдеден бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара) 23-бап өзгертілді
23-бап. Сот iсiн жүргiзудi тараптардың бәсекелестiгi мен тең құқықтылығы негiзiнде жүзеге асыру
1. Қылмыстық сот iсiн жүргiзу айыптау және қорғау тараптарының бәсекелестiгi мен тең құқықтылығы принципiнiң негiзiнде жүзеге асырылады.
2. Қылмыстық iзге түсу, қорғау және iстi соттың шешуi бiр-бiрiнен бөлiнген және оларды әртүрлi органдар мен лауазымды адамдар жүзеге асырады.
3. Сотталушыға тағылған айыпты дәлелдеу мiндетi айыптаушыға жүктеледi.
4. Қорғаушы сотталушыны қорғаудың заңда көзделген барлық құралдары мен әдiстерiн пайдалануға мiндеттi.
5. Сот қылмыстық iзге түсу органы болып табылмайды, айыптау немесе қорғау жағында болмайды және құқық мүдделерiнен басқа қандай да болсын мүдделердi бiлдiрмейдi.
6. Сот объективтіліктi және бейтараптылықты сақтай отырып, тараптардың өз iс жүргiзу мiндеттерiн орындауы және өздерiне берiлген құқықтарын жүзеге асыруы үшiн қажеттi жағдай туғызады.
7. Қылмыстық сот iсiн жүргiзуге қатысушы тараптар тең құқықты, яғни оларға Конституциямен және осы Кодекспен өз айқындамаларын қорғауға бiрдей мүмкiндiк берiлген. Сот, iс жүргiзу шешiмiн, зерттеуге қатысу тараптардың әрқайсысына бiрдей негiзде қамтамасыз етiлген дәлелдерге ғана негiздейдi.
8. Тараптар қылмыстық сот iсiн жүргiзу барысында өзiнiң айқындамасын, оны дербес және сотқа, басқа да органдар мен адамдарға тәуелсiз қорғаудың әдiстерi мен құралдарын таңдайды. Сот тараптың өтiнiшi бойынша оған осы Кодексте көзделген тәртiппен қажеттi материалдарды алуға жәрдем көрсетедi.
9. Мемлекеттік айыптаушы мен жеке айыптаушы белгiлi бiр адамның қылмыстық iзiне түсудi жүзеге асыра алады немесе заңда көзделген жағдайларда қылмыстық iзiне түсуден бас тарта алады. Сезiктi мен айыпталушы өзiнiң кiнәсiн еркiн жоққа шығара алады немесе өзiн кiнәлiмiн деп мойындай алады. Азаматтық талапкер талап арыздан бас тартуға немесе азаматтық жауапкермен бейбiт келісім жасасуға құқылы. Азаматтық жауапкер талап арызды мойындауға немесе азаматтық талапкермен бейбiт келісім жасасуға құқылы.
10. Сот тараптарға істің бiрiншi және апелляциялық саты бойынша қаралу құқығын қамтамасыз етедi; айыпталушыға және оның қорғаушысына iстi жаңадан ашылған мән-жайлар бойынша кассациялық және қадағалау тәртібімен қарау кезiнде қатысуға рұқсат етіледі. Сот әрбiр қылмыстық iстi қараған кезде айыптау тарабының мемлекеттік не жеке айыптаушысы болуға тиiс. Сот iстi қарағанда тараптардың қатысуы мiндеттi болатын басқа да жағдайлар осы Кодексте айқындалады.
2009.10.12. № 227-IV ҚР Заңымен 24-бап өзгертілді (2010 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр. ред. қара)
24-бап. Iстiң мән-жайын жан-жақты, толық және объективтi зерттеу
1. Сот, прокурор, тергеушi, анықтаушы iстi дұрыс шешуге қажеттi және жеткiлiктi мән-жайларды жан-жақты толық және объективтi зерттеу үшiн заңда көзделген барлық шараларды қолдануға мiндеттi.
2. Қылмыстық iзге түсу органдары нақты деректердi анықтайды, солардың негiзiнде iс үшiн мәні бар мән-жайлар белгiленедi.
3. Қылмыстық iстi қараушы сот объективтілік пен бейтараптылықты сақтай отырып, айыптау және қорғау тараптарына олардың iстiң мән-жайларын жан-жақты және толық зерттеу құқықтарын жүзеге асыруы үшiн қажеттi жағдай туғызады.
3-1. Осы Кодекстің 361-бабының екінші бөлігінде көзделген жағдайларды қоспағанда, сот істегі бар және сот отырысында тараптар табыс еткен дәлелдемелерді зерттеудің қажеттілігі мен жеткіліктілігі мәселелері бойынша тараптардың пікірімен байланысты емес.
4. Айыпталушыны әшкерелейтiн де, ақтайтын да, сондай-ақ оның жауаптылығы мен жазасын жеңiлдететiн және ауырлататын мән-жайлар iс бойынша анықтауға жатады. Қылмыстық процесті жүргізуші орган күдіктінің, айыпталушының кінәсіздігі немесе кінәлілік дәрежесінің аздығы туралы, сондай-ақ оларды ақтайтын не жауаптылығын жеңілдететін дәлелдемелердің бар екендігі туралы барлық мәлімдемелерді, сондай-ақ іс материалдарын дәлелдемелер ретінде жинақтау және бекіту кезінде тергеудің рұқсат етілмеген әдістерінің қолданылғаны туралы мәлімдемелерді тексеруге тиіс.