54-бап. Мемлекеттік орман қорында орман шаруашылығын жүргiзуге және орман пайдалануға байланысты емес жұмыстарды жүргiзу
1. Мемлекеттік орман қорында құрылыс жұмыстарын жүргiзу, кең таралған пайдалы қазбаларды өндiру, коммуникациялар тарту және орман шаруашылығын жүргiзу мен орман пайдалануға байланысты емес өзге де жұмыстарды орындау, егер бұл үшiн мемлекеттік орман қорының жерiн басқа санаттарға ауыстыру және (немесе) оларды алып қою қажет болмаса, мемлекеттік экологиялық сараптаманың оң қорытындысы болған жағдайда уәкiлеттi органның келісімi бойынша облыстық атқарушы органның шешiмi негiзiнде жүзеге асырылады.
2. Облыстық атқарушы органның шешiмiнде жүргiзiлетiн жұмыстардың атауы, оларды орындаудың мерзiмдерi мен шарттары, қоршаған ортаны қорғау жөніндегі экологиялық талаптар көрсетiледi.
5-бөлім. Орман орналастыру, орман қорының
мемлекеттік есебі, мемлекеттік орман кадастры және мемлекеттік орман мониторингі
8-тарау. Орман орналастыру
55-бап. Орман орналастыру
1. Орман орналастыру орман шаруашылығын жүргiзудiң тиiмдiлiгiн арттыруға, орман шаруашылығында бірыңғай ғылыми-техникалық саясатты жүзеге асыруға, орман қорының ұтымды пайдаланылуын қамтамасыз етуге бағытталған iс-шаралар жүйесiн қамтиды.
Орман орналастыру кезiнде:
1) Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртiппен мемлекеттік орман қорының шекарасын және мемлекеттік орман иелiктерiнiң шаруашылық iшiнде ұйымдастырылуын анықтау;
2) топографиялық-геодезиялық жұмыстарды орындау мен мемлекеттік орман қорын арнайы картаға түсiру;
3) ормандардың тұқымдық және жас құрамын, олардың жай-күйін анықтай отырып, орман қорын түгендеу, сондай-ақ орман ресурстарының сапалық және сандық сипаттамаларын анықтау;
2006.07.07. № 176-III ҚР Заңымен 4) тармақша өзгертілді (бұр. ред. қара)
4) мемлекеттік табиғат-қорық қоры объектілерін, орманның аса сирек кездесетiн өсiмдiктерiн және ерекше қорғаныштық учаскелердi анықтау;
5) басты мақсатта пайдалану үшiн ағаш кесу, аралық пайдалану мақсатында ағаш кесу, өзгедей мақсатта ағаш кесу, ормандарды молықтыру мен орман өсiру, суландыру, күзету мен қорғау жөніндегі iс-шараларды және басқа да орман шаруашылығы iс-шараларын жүргiзу үшiн мемлекеттік орман қоры учаскелерiн анықтау, сондай-ақ оларды жүргiзудiң тәртібі мен тәсiлдерiн анықтау;
6) мемлекеттік орман қорын санаттарға жатқызуды негiздеу, мемлекеттік орман қорын бір санаттан екiншi санатқа ауыстыру, ағаш өспеген алқаптарды орманды алқаптарға айналдыру жөнiнде ұсыныстар әзiрлеу, сондай-ақ мемлекеттік орман қоры учаскелерiн алқаптар түрiне жатқызу және оларды негiздеу;
7) мемлекеттік орман қоры учаскелерiнде есептi кеспеағаштарды, аралық мақсатта пайдалану үшiн ағаш кесу мөлшерiн, басты мақсатта пайдалану үшiн ағаш кесу жасын анықтау;
8) мемлекеттік орман қоры учаскелерiнде ормандарды молықтыру мен орман өсiру, орман тұқым шаруашылығы, ормандарды күзету мен қорғау жөніндегі iс-шаралардың, басқа да орман шаруашылығы iс-шараларының көлемiн анықтау;
9) жанама орман пайдалану мен қосалқы сүрек ресурстарын дайындау, мемлекеттік орман қоры учаскелерiн аңшылық шаруашылығының қажеттерi үшiн, мәдени-сауықтыру, рекреациялық, туристiк және спорттағы мақсаттар үшiн пайдалану мөлшерiн анықтау;
10) орманды биологиялық зерттеулер;
11) орман орналастыру жобаларын жүзеге асыруды авторлық қадағалау;
12) орман шаруашылығын жүргiзудiң негiзгi ережелерiн әзiрлеу және облыстар бойынша орман орналастырудың жиынтық жобаларын жасау;
13) өзге де орман орналастыру жұмыстары жүзеге асырылады.
2. Мемлекеттік орман қоры учаскелерiнде мемлекеттік орман қорының шекарасын белгiлеуге, ормандарды түгендеуге және орман шаруашылығын жүргiзудi жоспарлауға байланысты орман орналастыру мемлекеттiң монополиясына жатады.
3. Орман орналастыру материалдары мемлекеттік орман қоры жерiнiң шекарасын белгiлейтiн және нақтылайтын кезде, жерге орналастыру жұмыстарын жүргiзу кезiнде қолданылады.
56-бап. Орман орналастыруды жүргізу жүйесі
1. Орман орналастыру уәкiлеттi орган белгiлеген тәртiппен бірыңғай жүйе бойынша орындалады.
2. Мемлекеттік орман қоры аумағына орман орналастыруды уәкiлеттi органның құзырындағы мемлекеттік орман орналастыру ұйымдары жүргiзедi.
3. Орман орналастыруды жүргiзбей және осы Кодексте белгiленген тәртiппен бекітілген орман орналастыру құжаттамасынсыз мемлекеттік орман қоры учаскелерiнде орман шаруашылығын жүргiзу мен орман пайдалануға тыйым салынады.
57-бап. Мемлекеттік орман иелiктерiнiң орман орналастыру жобалары
1. Мемлекеттік орман қорында орман орналастыру кезiнде орман орналастыру жобалары жасалады, оларда өткен тексеру кезеңi iшiнде орман шаруашылығын жүргiзу мен мемлекеттік орман қорын пайдалануға кешендi баға берiледi, орман шаруашылығын ұйымдастыру мен жүргiзудiң келесi тексеру кезеңiне арналған негiзгi ережелерi әзiрленедi.
2. Мемлекеттік экологиялық сараптамадан өткен мемлекеттік орман иелiктерiнiң орман орналастыру жобалары мен орман орналастырудың басқа да құжаттарын уәкiлеттi орган бекiтедi және олар орман шаруашылығын жүргiзу, оның ағымдағы және болашақтағы дамуын жоспарлау үшiн мiндеттi нормативтiк актiлер болып табылады.
3. Орман орналастыру жобалары орман орналастыру жұмыстары аяқталғаннан кейiнгi жылдың 1 қаңтарынан бастап қолданысқа енгiзiледi.
58-бап. Орман қоры туралы ақпарат
1. Орман қоры туралы ақпарат орман қорының мемлекеттік есебi, мемлекеттік орман кадастры, мемлекеттік орман мониторингi, орман орналастыру деректерiн және уәкiлеттi орган және (немесе) оған ведомостволық бағыныстағы ұйымдар өз функцияларын жүзеге асыру кезiнде алған өзге де деректердi қамтиды.
2. Орман қоры туралы ақпарат мемлекеттік меншiк болып табылады, оны жеке және заңды тұлғалардың пайдалану тәртібі мен шарттарын Қазақстан Республикасының Үкіметі Қазақстан Республикасы бекiткен халықаралық шарттарға сәйкес анықтайды.
9-тарау. Орман қорының мемлекеттік есебі,
мемлекеттік орман кадастры және мемлекеттік орман мониторингі
59-бап. Орман қорының мемлекеттік есебi
2006.07.07. № 176-III ҚР Заңымен 1-тармақ өзгертілді (бұр. ред. қара)
1. Орман қорының мемлекеттік есебi Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртiппен орман қорының күзетiлуiн, қорғалуын, ормандардың молықтырылуы мен орман өсiрудi, орманның пайдаланылуын, орман қорының сандық және сапалық өзгерістерiне жүйелi бақылау жасауды ұйымдастыру және мемлекеттік органдарды, мүдделi жеке және заңды тұлғаларды орман қоры туралы ақпаратпен қамтамасыз ету үшiн жүргiзiледi.
Мемлекеттік орман қорының құрамындағы ерекше қорғалатын орман аумақтары жеке бөлiнедi және есепке алынады.
Мемлекеттік табиғи қорықтар, мемлекеттік ұлттық табиғи саябақтар, мемлекеттік өңірлік табиғи саябақтар мен мемлекеттік табиғи резерваттар шекарасындағы мемлекеттік табиғи ескерткiштер солардың құрамында есепке алынады.
Орман қорының мемлекеттік есебiнiң деректерi мемлекеттік орман кадастрын жүргiзген кезде пайдаланылады.
2010.19.03. № 258-IV ҚР Заңымен 2-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
2. Орман қорын мемлекеттік есепке алудың нысанын уәкілетті орган мемлекеттік статистика саласындағы уәкілетті органмен келісе отырып бекітеді.
60-бап. Мемлекеттік орман кадастры
1. Мемлекеттік орман кадастры орман қорының құқықтық режимi, оны орман иеленушiлер арасында бөлу, орман қорының сандық және сапалық жай-күйi, мемлекеттік орман қорын санаттары бойынша бөлу туралы мәлiметтер жүйесiн және орман қорының орман шаруашылығын жүргiзу мен шаруашылық қызметтiң нәтижелерiн бағалау үшiн қажеттi басқа да экологиялық және экономикалық сипаттамалары туралы деректердi қамтиды.
2. Мемлекеттік орман кадастрының деректерi орман шаруашылығын мемлекеттік басқару, оны жүргiзудi ұйымдастыру, орман шаруашылығын жүргiзуге және мемлекеттік орман қорын пайдалануға байланысты емес мақсаттарда орман алқаптарын ағаш өспеген алқаптарға айналдыру және (немесе) мемлекеттік орман қоры жерiн алып қою, орман пайдаланудың төлемақысы мөлшерiн белгiлеу, орман пайдаланушылар мен орман иеленушiлердiң шаруашылық қызметiн бағалау кезiнде пайдаланылады.
3. Мемлекеттік орман кадастры көрсеткiштерiнiң тiзбесi мен ормандарды экономикалық бағалау әдiстемесiн уәкiлеттi орган айқындайды.
61-бап. Мемлекеттік орман мониторингi
Мемлекеттік орман мониторингi орман қорын күзету, қорғау және ормандарды молықтыру, орман қорын пайдалану, ормандардың биологиялық әралуандығы мен экологиялық функцияларын сақтау саласын мемлекеттік басқару мақсатында орман қорының жай-күйi мен қарқынын қадағалау, бағалау және болжау жүйесiн бiлдiредi.
6-бөлім. Ормандарды күзету, қорғау, молықтыру мен
орман өсіру, орман тұқым шаруашылығы
10-тарау. Орман қорын күзету мен қорғау
62-бап. Мемлекеттік орман қорын күзету мен қорғау мiндеттерi
Мемлекеттік орман қорын күзету мен қорғаудың негiзгi мiндеттерi:
1) ормандағы өрттердiң алдын алу, оларды дер кезiнде байқап, жою жөніндегі іс-шараларды жүргiзу;
2) мемлекеттік орман қоры аумағындағы барлық жұмыс iстейтiн әрi сонда орналасқан ұйымдардың, сондай-ақ орманда болатын жеке тұлғалардың ормандарда өрт қауiпсiздiгi ережелерi мен санитарлық ережелердi сақтауын қамтамасыз ету;
3) орманды заңсыз ағаш кесуден, зақымдаудан, ұрлаудан және Қазақстан Республикасының орман заңдарын басқадай бұзушылықтан қорғау, сондай-ақ мемлекеттік орман қоры жерлерiн күзету;
4) орман пайдаланушылардың сүрiктi түбірiмен босату ережелерiн және орман пайдаланудың басқа да түрлерi ережелерiн орындауын қамтамасыз ету;
5) орман зиянкестерi мен ауруларының ошақтарын дер кезiнде анықтау, олардың өсiп-көбеюiн болжау және оларға қарсы күресу;
6) биотехникалық iс-шараларды жүргiзу;
7) мемлекеттік орман қоры аумағында аң аулау мен балық аулау ережелерiн сақтауды қамтамасыз ету;
2007.09.01. № 213-III ҚР Заңымен 8) тармақша өзгертілді
8) мемлекеттік орман қорының күзетiлуiн, қорғалуын, ормандардың молықтырылуын, ұтымды пайдаланылуын және орман өсiрудi қамтамасыз ететiн басқа да iс-әрекеттер ;
2007.09.01. № 213-III ҚР Заңымен 9) тармақшамен толықтырылды
9) Қазақстан Республикасының экологиялық заңнамасында белгіленген экологиялық талаптардың сақталуын қамтамасыз ету болып табылады.
63-бап. Орман қорын күзету мен қорғау жөніндегі іс-шараларды жүзеге асыру
2004.20.12 № 13-III ҚР Заңымен 1-тармақ өзгертілді (2005.01.01 бастап қолданысқа енгiзiлдi) (бұр. ред. қара)
1. Қазақстан Республикасының Үкіметі, уәкiлеттi орган мен оның аумақтық органдары, облыстардың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың) жергiлiктi атқарушы органдары, орман иеленушiлер, орман пайдаланушылар орман қорын күзету мен қорғау жөніндегі iс-шараларды жүзеге асыруды қамтамасыз етедi.
2011.05.07. № 452-IV ҚР Заңымен 2-тармақ жаңа редакцияда (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін үш ай өткен соң қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
2. Ормандарды өрттен қорғау жөніндегі іс-шаралар Қазақстан Республикасының Үкіметі бекіткен, ормандағы өрт қауіпсіздігі қағидаларымен регламенттеледі.
3. Ормандағы өрт қауiпсiздiгi ережелерiне сәйкес өрт қаупi жағдайын бәсеңдету мақсатында орман иелерi өткiзетiн орман қоры аумағындағы және оған iргелес аумақтарда басқарылатын өртеуден басқа, жердiң барлық санаттарында шөптесiн өсiмдiктердi өртеуге тыйым салынады.
2004.20.12 № 13-III ҚР Заңымен 4-тармақ өзгертілді (2005.01.01 бастап қолданысқа енгiзiлдi) (бұр. ред. қара)
4. Облыстардың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың) жергiлiктi атқарушы органдары өрт қаупi жоғары кезеңде қажет болған жағдайларда жеке тұлғалардың орманда болуына және оған көлiк құралдарымен кіруіне, сондай-ақ мемлекеттік орман қоры аумағында жұмыстың белгiлi бір түрлерiн жүргiзуге шектеу қояды.
5. Жеке тұлғалар мен заңды тұлғаларды ормандағы өрттердi сөндiруге тарту тәртібі Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленедi.
64-бап. Орман шаруашылығы объектiлеріндегі мемлекеттік өрт қадағалау
1. Орман шаруашылығы объектiлеріндегі мемлекеттік өрт қадағалау Қазақстан Республикасының өрт қауiпсiздiгi жөніндегі орталық атқарушы органының уәкiлеттi органмен және (немесе) тиiстi облыстың облыстық атқарушы органымен жасаған келісімiмен регламенттеледi.
2. Мемлекеттік орман қорының аумағында жұмыс iстейтiн және болатын орман пайдаланушылар, өзге де жеке және заңды тұлғалар ормандарда өрт қауiпсiздiгi ережелерiн бұзғаны үшiн Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жауапты болады.
65-бап. Орман қорын күзету мен қорғау жөніндегі авиациялық жұмыстар
1. Ормандарды өрттен күзету, орман зиянкестерi мен ауруларынан қорғау жөніндегі авиациялық жұмыстарды осы салада маманданған ұйымдар, соның iшiнде мемлекеттік сатып алу бойынша конкурстарға қатысуға құқығы бар мемлекеттік мекемелер жүзеге асырады.
2. Орман қорын күзету мен қорғау жөніндегі авиациялық жұмыстар туралы ережені азаматтық авиацияны мемлекеттік реттеу саласындағы уәкiлеттi органмен келiсе отырып уәкiлеттi орган бекiтедi.
3. Ормандарды өрттен күзету жөніндегі авиациялық жұмыстарды орындау үшiн осы салада маманданған ұйымдарды мемлекеттік метеорологиялық қызмет қысқа мерзiмдi, орта мерзiмдi және ұзақ мерзiмдi ауа райы болжамдарымен қамтамасыз етедi.
66-бап. Қоғамдық өрт қауiпсiздiгi бірлестiктерiнiң орман қорын күзетуге қатысуы
1. Орман қорын өрттен күзетуге, олардың алдын алу мен сөндiруге қоғамдық өрт қауiпсiздiгi бірлестiктерi қатыса алады.
2. Қоғамдық өрт қауiпсiздiгi бірлестiктерiн құру мен олардың қызметi Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жүзеге асырылады.
67-бап. Мемлекеттік орман қорын орман зиянкестерi мен ауруларынан қорғау
1. Мемлекеттік орман қорын орман зиянкестерi мен ауруларынан қорғау мемлекеттік орман қорының жай-күйiн жүйелi түрде қадағалап отырумен, ошақтардың пайда болуының алдын алу, оларды оқшаулау мен жою шаралары арқылы орман зиянкестерi мен ауруларының ошақтарын дер кезiнде анықтаумен қамтамасыз етiледi.
2. Мемлекеттік орман қорын орман зиянкестерi мен ауруларынан қорғау:
1) ағымдағы, экспедициялық, аэровизуальдi және басқа да орман-патологиялық зерттеулер;
2) орман зиянкестерi мен ауруларының өсiп-көбеюiн жалпы, алдын ала және егжей-тегжейлi қадағалау;
3) орман зиянкестерi мен ауруларына қарсы күрес жөніндегі жер бетіндегі және авиациялық жұмыстарды жүзеге асыру;
4) орман зиянкестерi мен ауруларының алдын алу мен оның ошақтарын жою iс-шараларын қамтиды.
2011.05.07. № 452-IV ҚР Заңымен 3-тармақ өзгертілді (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін үш ай өткен соң қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
3. Мемлекеттік орман қорын орман зиянкестерi мен ауруларынан қорғау жөніндегі iс-шаралар Қазақстан Республикасының Үкіметі бекiтетiн, ормандардағы санитарлық ережелермен регламенттеледi.
68-бап. Жеке тұлғалар мен қоғамдық бірлестiктердiң орман қорын күзету мен қорғауды қамтамасыз етуге қатысуы
Жеке тұлғалар мен қоғамдық бірлестiктер орман қорын күзету мен қорғауды қамтамасыз етуге Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес қатысады.
11-тарау. Қазақстан Республикасының мемлекеттік орман күзеті
69-бап. Қазақстан Республикасының мемлекеттік орман күзетi
1. Қазақстан Республикасының мемлекеттік орман күзетi (бұдан әрi мемлекеттік орман күзетi) орманды күзету, қорғау, молықтыру және орман пайдалану мәселелерiмен айналысатын орман мекемелерiнiң қызметкерлерiнен тұрады.
2. Мемлекеттік орман күзетiне өзiне жүктелген мiндеттердi орындауы үшiн:
1) жеке тұлғалар мен лауазымды адамдардың мемлекеттік орман қорын пайдалануды жүзеге асыруға рұқсат беретiн құжаттарын тексеру;
2) Қазақстан Республикасының Әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы кодексiне сәйкес Қазақстан Республикасының орман заңдары, Қазақстан Республикасының жануарлар дүниесiн қорғау, молайту мен пайдалану және ерекше қорғалатын табиғи аумақтар туралы заңдар саласындағы әкiмшiлiк құқық бұзушылық жөнiнде хаттамалар жасау;
3) Қазақстан Республикасының орман заңдары, Қазақстан Республикасының жануарлар дүниесiн қорғау, молайту мен пайдалану және ерекше қорғалатын табиғи аумақтар туралы заңдар саласында құқық бұзушылық жасаған адамдарды ұстау және оларды құқық қорғау органдарына жеткізу;
4) Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес көлiк құралдарын, өзге де объектiлер мен орындарды тексерiп қарау, ал қажет болған кезде ұсталған адамдарды жеке қарап тексеру;
5) жеке тұлғалар мен лауазымды адамдардың заңсыз қолға түсiрген орман ресурстары мен жануарлар дүниесi ресурстарын, оларды қолға түсiру құралдарын, сондай-ақ көлік құралдарын алып қою және Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртiппен бұлардың кейiннен кiмге тиесiлi болатыны туралы мәселенi шешу құқықтары;
6) Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген өзге де құқықтар берiледi.
3. Мемлекеттік орман күзеті мемлекеттік орман қоры учаскелерiнде:
1) Қазақстан Республикасының орман заңдары, Қазақстан Республикасының жануарлар дүниесiн қорғау, молайту мен пайдалану және ерекше қорғалатын табиғи аумақтар туралы заңдар саласындағы құқық бұзушылықтарды болдырмауға және оның жолын кесуге;
2) Қазақстан Республикасының орман заңдары, Қазақстан Республикасының жануарлар дүниесiн қорғау, молайту мен пайдалану және ерекше қорғалатын табиғи аумақтар туралы заңдарды бұзу фактілері жөніндегі ақпаратты, талап-арыздарды және өзге де материалдарды мемлекеттік органдарға және құқық қорғау органдарына, сотқа жiберуге;
3) өз құзыретi шегiнде жеке және заңды тұлғаларға анықталған тәртiп бұзушылықтарды жою жөнiнде жазбаша нұсқаулар беруге;
4) мемлекеттік орман қоры жерлерiнде, сондай-ақ орман өртi тiкелей қауiп тудырған жағдайда оған iргелес аумақтарда ормандағы өрттердiң алдын алу, оларды дер кезiнде байқау мен сөндiру жөніндегі жұмыстарды жүргiзуге;
5) шаруашылық қызмет пен өзге де қызметтердi шектеу, тоқтата тұру және тоқтату туралы ұсыныстар енгізуге мiндеттi.
6) 2004.20.12 № 13-III ҚР Заңымен алып тасталды (2005.01.01 бастап қолданысқа енгiзiлдi) (бұр. ред. қара)
4. Мемлекеттік орман күзетiнiң лауазымды адамдарына Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртiппен қызметтiк қаруды сақтауға, алып жүруге және қолдануға рұқсат eтiледi.
2011.06.01. № 379-IV ҚР Заңымен 5-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
5. Мемлекеттік орман күзетiнiң лауазымды адамдары Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртiппен нысанды киіммен (погонсыз), қызметтiк қарумен және арнаулы қорғаныс құралдарымен, қызметтiк жер телiмiмен қамтамасыз етiледi.
6. Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген жағдайларда, мемлекеттік орман күзетiнiң лауазымды адамдарының қол күшiн, арнаулы қорғаныс құралдарын және қызметтiк қаруды қолдануға құқығы бар.
7. Мемлекеттік орман күзетiнiң қызметi Қазақстан Республикасының Үкіметі бекiткен Мемлекеттік орман күзетi туралы ережемен анықталады.
70-бап. Мемлекеттік орман күзетiнiң лауазымды адамдарын құқықтық және әлеуметтiк қорғау
Мемлекеттік орман күзетiнiң лауазымды адамдары Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес құқықтық және әлеуметтiк қорғалуға жатады.
12-тарау. Ормандарды молықтыру мен орман өсіру
71-бап. Ормандарды молықтыру мен орман өсiру мақсаттары
1. Ормандарды молықтыру мақсаты мемлекеттік орман қорының ағашы кесiлген, өртелген және бұрын орман өскен өзге де аумақтарында орманды уақытында қалпына келтiру, ормандардың тұқымдық құрамын жақсарту, олардың өнiмдiлiгін арттыру, мемлекеттік орман қоры жерлерiнiң ұтымды пайдаланылуын қамтамасыз ету болып табылады.
2. Орман өсiру мақсаты бұрын ағаш өспеген аумақтарда екпелер отырғызу болып табылады.
72-бап. Мемлекеттік орман қоры учаскелерiнде ормандардың ресурстық және экологиялық әлеуетiн арттыру
1. Мемлекеттік орман қоры учаскелерiнде орман шаруашылығын жүргiзу ормандардың ресурстық және экологиялық әлеуетiн арттыруды қамтамасыз етуге тиiс.
2. Мемлекеттік орман қоры учаскелерiнде ормандардың ресурстық және экологиялық әлеуетiн арттыру ағаш кесудiң ғылыми негiзделген жүйесiн iске асыру, ормандарды молықтыру, олардың тұқымдық құрамын жақсарту, селекциялық-гендiк негiзде тұрақты тұқым базасын жасау мен оны тиiмдi пайдалану, су-орман мелиорациясы, күтiп-баптау мақсатында ағаш кесу мен санитарлық мақсатта ағаш кесудi қоса алғанда, орманды күтiп-баптау, орман шаруашылығына арнап жол салу, басқа да орман шаруашылығы iс-шараларын өткізу нәтижесiнде жүзеге асырылады.
3. Мемлекеттік орман қоры учаскелерiнде ормандардың ресурстық және экологиялық әлеуетiн көтеру жөніндегі iс-шараларды орман мекемелерi мен орман пайдаланушылар орман орналастыру жобаларына сәйкес жүргiзедi.
73-бап. Ормандарды молықтыру мен орман өсiру жөніндегі iс-шараларды жүргiзу
1. Мемлекеттік орман қоры учаскелерiнде ормандарды молықтыру жөніндегі iс-шаралар орман өсiру жағдайы мен экономикалық мақсатқа сәйкестiгi ескерiле отырып, экологиялық және санитарлық-эпидемиологиялық талаптар сақталып, неғұрлым қысқа мерзiмде өнiмдiлiгi жоғары және төзiмдi екпелер жасауды қамтамасыз ететiн әдiстермен жүргiзiлуге тиiс.
2. Мемлекеттік орман қорында ормандарды молықтыру мен орман өсiру жөніндегі жұмыстар көлемi орман орналастыру және осы салаға маманданған басқа да жобалау-iздестiру ұйымдары әзiрлеген, мемлекеттік экологиялық сараптамадан өткен жобалармен айқындалады.
2006.07.07. № 176-III ҚР Заңымен (бұр. ред. қара); 2011.05.07. № 452-IV ҚР Заңымен (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін үш ай өткен соң қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара) 3-тармақ өзгертілді
3. Мемлекеттік орман қоры учаскелерiнде ормандарды молықтыру мен орман өсiру және олардың сапасына бақылау жасау жөніндегі iс-шараларды жүргiзу тәртібін Қазақстан Республикасының Үкіметі белгiлейдi.
4. Жекеше орман қоры жерлерiнде орман өсiру жөніндегі iс-шараларды жүргiзу меншiк иесiнiң қаражаты есебiнен жүзеге асырылады.
74-бап. Жердi орман мекемелерiне орман өсiру үшiн беру
Республика аумағының оңтайлы ормандануын, өзендер, су айдындары жағалауларының желектенуiн қамтамасыз ету үшiн және басқа да қажеттi жағдайларда орман мекемелерiне мемлекеттік орман қоры жерiнiң құрамына өзге санаттағы жерлер, бірiншi кезекте ауыл шаруашылығына пайдалану үшiн жарамсыз (сайлар, жыралар, құмдауыттар, басқа да тозған жерлер) жерлер, сондай-ақ босалқы жерлер берiлуi мүмкiн.
Аталған жерлердi орман мекемелерiне беру Қазақстан Республикасының жер туралы заң актiсiне сәйкес жүзеге асырылады.
75-бап. Орман флорасы мен фаунасын жерсiндiру
1. Орман биоқауымдастықтарында өсiмдiктер мен жануарлардың түрлерi мен нысандарын қалпына келтiру және молықтыру жергiлiктi байырғы флора мен фаунаның ең жақсы тұқымдарын қайта жерсiндiру жолымен жүргiзiледi.
2. Орман биоқауымдастықтарына жерсiндiру уәкiлеттi органның және ғылым мен ғылыми-техникалық қызмет саласында басшылықты жүзеге асыратын орталық атқарушы органның келісімi бойынша жүзеге асырылады.
3. Өсiмдiктердiң негiзгi байырғы түрлерiне зиянын тигiзетiн өсiмдiктер түрлерiн жерсiндiруге тыйым салынады.
13-тарау. Орман тұқым шаруашылығы
76-бап. Орман тұқым шаруашылығының мiндеттерi
Орман тұқым шаруашылығының негiзгi мiндеттерi орманды молықтыру мен орман өсiру жөніндегі жұмыстарды бағалы тұқым қуалаушылық қасиеттерi бар және себу сапасы жоғары тұқымдармен қамтамасыз ету, селекциялық-гендiк негiзде тұрақты орман тұқым базасын қалыптастыру болып табылады.
77-бап. Мемлекеттік орман қоры учаскелеріндегі тұрақты орман тұқым базасы
1. Мемлекеттік орман қоры учаскелеріндегі тұрақты орман тұқым базасы селекциялық-тұқым шаруашылығы мақсатындағы:
1) орман тұқымы плантациялары;
2) тұрақты орман тұқым учаскелерi;
3) артықшылығы бар екпелер объектілерін қамтиды.
2. Мемлекеттік орман қоры учаскелерiнде тұрақты орман тұқым базасын жасау ормандарды молықтыру мен орман өсiруге арналған тұқымдар мен отырғызу материалдарына қажеттiлiктiң ғылыми негiзделген нормаларына сәйкес жүзеге асырылады.
2006.07.07. № 176-III ҚР Заңымен 2-1-тармақпен толықтырылды
2-1. Селекциялық-тұқым шаруашылығы мақсатындағы объектілер уәкілетті орган белгілеген тәртіппен құрылады және анықталады.
2011.05.07. № 452-IV ҚР Заңымен 3-тармақ өзгертілді (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін үш ай өткен соң қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
3. Мемлекеттік орман қоры учаскелерiнде селекциялық-тұқым шаруашылығы мақсатындағы объектiлердi аттестаттау мен есепке алуды Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілеген тәртіппен уәкілетті органның мамандандырылған ұйымдары жүзеге асырады.
4. Селекциялық-тұқым шаруашылығы мақсатындағы объектiлердi қалыптастыру, оларды мемлекеттік орман қоры учаскелерiнде пайдаланудың режимiн белгiлеу орман орналастырушы және осы салада маманданған басқа да жобалау-iздестiру және ғылыми ұйымдар әзiрлеген, мемлекеттік-экологиялық сараптамадан өткен жобалармен айқындалады.
78-бап. Селекциялық-гендiк мақсаттағы объектiлер