12) көмекші қозғалтқыштың отын жүйесі мен автоматты реттеу жүйесін тексеру бойынша;
13) ротордың ең жоғары айналыс жиілігінен асқан кезіндегі көмекші қозғалтқыштың жұмыс істеу мүмкіндігін тексеру бойынша;
14) көмекші қозғалтқыштың редукторларының беріктігін тексеру бойынша;
15) көмекші қозғалтқыштың біліктерінің беріктігін тексеру бойынша;
16) термобарокамерадағы көмекші қозғалтқыштың биіктікте іске қосылуын тексеру бойынша;
17) помпаж кезіндегі көмекші қозғалтқыштың қорғаныс құралдарын тексеру бойынша;
18) турбинаның қызып кетуінен қорғаныс жүйелерін тексеру бойынша;
19) көмекші қозғалтқыш конструкциясының негізгі элементтерін термоөлшеу бойынша;
20) көмекші қозғалтқыштың гидравликалық және пневматикалық коммуникация элементтерінің герметикалығы мен беріктігін тексеру бойынша;
21) көмекші қозғалтқыштың жану камерасының жұмыс істеу мүмкіндігін тексеру бойынша;
22) көмекші қозғалтқыштың май жүйесінің сипаттамаларын анықтау бойынша;
23) көмекші қозғалтқыштың биіктік-жылдамдық сипаттамаларын анықтау бойынша;
24) көмекші қозғалтқыш роторларының сырғақ (подшипник) тіректерін тексеру бойынша;
25) көмекші қозғалтқыштың бақылау жарамдылығының деңгейін тексеру бойынша арнайы сынақтардан өтуі қажет.
Барлық сынақтар әрбір нақты көмекші қозғалтқышқа арналып әзірленген бағдарламалар бойынша жүргізілуі тиіс және 150 сағаттық сынақтарға ұсынылған көмекші қозғалтқышта, сондай-ақ көмекші газ турбиналы қозғалтқыштың басқа бір данасында да орындалуы мүмкін.
1384. Көмекші газ турбиналы қозғалтқыш корпустарының беріктігін, қатаңдығын, тіреу мүмкіндігін және циклдық ұзақтығын сынақтан өткізу талаптарға сәйкес жүргізілуі тиіс.
1385. Турбина алдындағы газ температурасының және роторлар айналысы жиіліктерінің («ыстық сынақтар») пайдалану барысында мүмкін болатын ең жоғары көрсеткіштері кезінде көмекші газ турбиналы қозғалтқышының жұмыс істеу мүмкіндігін тексеру.
Егер қалыпты пайдалану жағдайларында газ температурасының ең жоғары көрсеткіштері 20оС-тан астам және көмекші газ турбиналы қозғалтқыш роторларының айналыс жиіліктері 150 сағаттық сынақтар барысында ең жоғары (ең ұзақ) режимдегі мәннен 1%-ға артқан болса «ыстық сынақтарды» жүргізу қажет.
«Ыстық сынақтардың» ұзақтығы кемінде 75 сағат құрауы қажет, ал газ температурасы мен айналыс жиілігінде ең жоғары мүмкін болатын пайдалануы барысындағы істеген жиынтық жұмысы осы көмекші газ турбиналы қозғалтқыштың 150 сағаттық сынақтары үшін белгіленген ең жоғары және ең ұзақ режимдеріндегі істеген жиынтық жұмысына тең болуы қажет.
Пайдалануы барысындағы ең жоғары мүмкін болатын газ температурасы мен роторлар айналысы жиілігі күтіліп отырған пайдалану жағдайларындағы сыртқы ауаның температурасын, отын шығынына арналған рұқсаттарды, әуеайлақтардың орналасу биіктігін, көмекші қозғалтқышқа кіре берістегі ауа ағынының мүмкін болатын біркелкі еместігін ескере отырып есептелген көмекші газ турбиналы қозғалтқышының биіктік-жылдамдық сипаттамалары бойынша анықтау қажет.
1386. Қалыптасқан режимдердегі және ауыспалы процестер кезіндегі сынақтар арқылы (іске қосу, шағын газдан бос жүріске ауысу, түскен салмақтың өзгеруі) көмекші газ турбиналы қозғалтқыш компрессорында және еркін турбинамен (егер ол бар болса) қозғалысқа келтірілетін қосымша жетекті компрессорда күтіліп отырған пайдалану жағдайларында помпаждың туындамайтыны және газ динамикасы тұтастығының жеткілікті қоры қамтамасыз етілетіндігі көрсетілуі тиіс.
1387. Көмекші газ турбиналы қозғалтқыш компрессоры мен турбинасы күрекшелерінің қирау салдарларын осы Норманың 1316-тармағының талаптарына сәйкес анықтау.
1388. Компрессор мен турбина күрекшелерінің қирау салдарларын анықтау бойынша сынақтар осы Норманың 1408-тармағының талаптарына сәйкес жүргізілуі тиіс.
1389. Сынақтар өткізу барысында компрессордың немесе турбинаның жұмыс дөңгелегінен айналыс жиілігінің ең жоғары мүмкін болатын пайдалануы барысында түбір қимасындағы бір күрекше бөлінуі қажет. Көмекші газ турбиналы қозғалтқыш күрекше бөлінгеннен кейін талдау арқылы белгіленген өзгермейтін жұмыс режиміндегі белгілі бір уақыт аралығында кем дегенде 15 секунд немесе өзі өшкенге дейін жұмыс істеуі қажет.
1390. Көмекші қозғалтқыштың мұз қатуға қарсы жүйесінің тиімділігін тексеру осы Норманың 1316-тармағының талаптарына сәйкес жүргізіледі.
Көмекші қозғалтқыштың мұз қатуға қарсы жүйесінің тиімділігі мынадай режимдерде:
1) шағын газ (егер ол бар болса) режимінде;
2) бос жүріс режимінде;
3) ең ұзақ режимде;
4) бағдарламада көрсетілген басқа да қалыптасқан режимдерде тексерілуі қажет.
Көмекші қозғалтқыштың жұмыс істеп тұрған мұз қатуға қарсы жүйесін жердегі режимдердің әрқайсысында сынау ұзақтығы:
1) осы Норманың 454-тармағында көрсетілген температураға, суға және тамшылардың диаметріне сәйкес келетін мұздану жағдайларында 30 минут;
2) осы Норманың 455-тармағында көрсетілген температураға, суға және тамшылардың диаметріне сәйкес келетін мұздану жағдайларында 5 минут.
Сынау уақыты осы режим үшін Техникалық пайдалану жөніндегі нұсқаулықта көрсетілген үздіксіз жұмыс уақытынан аспауы қажет.
Ескертпе: әрқайсысы температуралар үшін белгіленген тұрақты суда жүргізілетін бірнеше сынақтар жүргізуге жол беріледі. Осы тармақтың орындалу тәртібі мен бірізділігі сынақтардың бағдарламасында көрсетілу қажет.
Шағын газ бен бос жүріс режимдерінде қозғалтқышты тексеру аяқталған соң, минус 10оС-тан 0оС-қа дейінгі температуралар диапазонында және су шамасында режимдері өзгерген кездегі (шағын газдан бос жүріске және бос жүрістен ең ұзақ және ең жоғары режимдерге ауысқанда) көмекші газ турбиналы қозғалтқыш жұмысына тексеру жүргізілуі тиіс. Тексерулердің саны сынақтар бағдарламасында көрсетілуі қажет.
Көмекші қозғалтқыштың мұз қатуға қарсы жүйесі мен ауа жинағыштың мұз қатуға қарсы жүйесінің іске қосылуы кешіккен кезде көмекші газ турбиналы қозғалтқыштың жұмыс істеу мүмкіндігін тексеру стендтік сынақтардағы шағын газ немесе бос жүріс режимдерінде және мұздану жағдайларындағы сынақтар бағдарламасында көзделген басқа да қалыптасқан режимдерде жүргізілуі қажет.
Көрсетілген мұз қатуға қарсы жүйенің іске қосылуының кешігуі штаттық мұздану сигнализаторларының қосылу мезетіне қатысты бір минут құрауы қажет.
Ескертпе: егер, ӘК осы жинағында ауа жинағыштан бөлінген мұз кесектерінің көмекші қозғалтқышқа түсуі мүмкін емес деп көрсетілсе, ауа жинағыштың мұз қатуға қарсы жүйесінің іске қосылуының кешігуіне байланысты тексеру жүргізілмейді.
1391. Қоршаған ортаның түрлі температурасындағы жердегі көмекші газ турбиналы қозғалтқышының іске қосылу қасиеттерін көмекші газ турбиналы қозғалтқышын іске қосуды тексеру бойынша сынақтармен тексеру кезінде:
1) қуат көздерінің өлшемдеріндегі мүмкін болатын шектен шығу ауытқуларын ескере отырып, борттық қуат көзінен болсын, сондай-ақ әуеайлақтық қуат көздерінен болсын көмекші қозғалтқышты іске қосу жүйесі жұмысының жеткілікті сенімді екендігі;
2) іске қосуды қамтамасыз ету үшін отын аппаратурасын бірыңғай реттеудің жеткілікті екендігі көрсетілуі қажет.
Ескертпе: реттелуі бірыңғай болып келетін іске қосуды тексеру барысында отын реттегіш аппаратураға техникалық жағдайлармен белгіленетін отын шығыны кезіндегі көмекші қозғалтқыштың қалыпты іске қосылу мүмкіндігі расталуы қажет.
1392. Ауа жинағышқа бөгде заттардың түсуі кезіндегі көмекші қозғалтқыштың жұмыс істеу мүмкіндігін тексеру осы Норманың 1316-тармағында баяндалған талаптарды ескере отырып, келісілген бағдарлама бойынша жүргізілуі тиіс. Егер күтіліп отырған пайдалану жағдайларында бөгде заттардың ауа жинағышқа түсуі мүмкін емес деп көрсетілсе, онда ауа жинағышқа бөгде заттардың түсуіне байланысты сынақ жүргізілмейді.
1393. Ротор мен оның жекелеген детальдарының шағын циклдық қажуын және ұзақ уақытқа арналған беріктігін тексеру баламалы-циклдық сынақтардың бағдарламалары бойынша көмекші қозғалтқышта немесе арнайы жабдықталған үдемелі стендіде жүргізілуі қажет.
1394. Турбина алдындағы газдың жоғары температурасы жағдайында көмекші қозғалтқыш роторларын тексеру ең жоғары айналыс жиілігі мен турбина алдындағы газдың, егер көмекші қозғалтқышқа ең жоғары режим көзделмеген болса, ең жоғары немесе ең ұзақ режимдерге сәйкес келетін, ең жоғары температурадан кемінде 450С-тан асатын температурасы кезінде 5 минут ішінде сынақ арқылы жүргізілуі қажет.
Сынақтардан кейін көмекші қозғалтқыш роторларының жай-күйі олардың одан әрі қарай пайдалану жарамдылығын растауы қажет. Біреуден артық роторы бар көмекші қозғалтқыштың әрбір роторы турбина алдындағы газдың тиісті жоғары температурасы кезінде сынақтан өтуі қажет. Егер осы сынақтардың температуралық және уақыттық факторларының турбинаның ыстық детальдарына әсері бойынша талаптары әлдеқайда қатаңдау екендігі немесе ең болмағанда көрсетілген талаптарға барабар екендігі көрсетілетін болса, онда бұл сынақты ауыстыруға немесе онымен біріктіруге болады.
1395. Жоғары айналыс мезеті кезіндегі еркін турбиналы көмекші газ турбиналы қозғалтқышының жұмыс істеу мүмкіндігін тексеру кезінде еркін турбиналы көмекші қозғалтқыш не еркін турбинаның білігіндегі ең жоғары рұқсат берілген айналыс мезеті кезінде, не берілген ең жоғары айналыс мезетінен (қайсысы үлкен соған байланысты) 3%-дан асатын айналыс мезеті кезінде сынақтан өтуі қажет.
Жоғары айналыс мезеті кезінде өтетін сынақтар реттелетін 150 сағаттық сынақтардың бір бөлігі немесе арнайы стендтік сынақтар ретінде жүргізілуі мүмкін. Егер осы сынақтарды алмастыратын басқа эксперименттерден алынған дәлелдер ұсынылған болса, онда сынақтарды жүргізбесе де болады. Мұндай дәлелдер жалпы көмекші қозғалтқыш сынақтарының нәтижелерінен немесе оның элементтерінің жекелеген топтарына жүргізілген, оларға тең бағаланатын сынақтардан алынуы мүмкін.
Сынақтар еркін турбина білігіндегі талап етілетін жоғары айналыс мезетін алуға мүмкін болатын режимдегі және еркін турбина ротор айналыс жиілігінде осындай айналыс мезетімен мүмкін болатын режимдегі көмекші газ турбиналы қозғалтқышының жұмысы барысында тежегіш құрылғымен жабдықталған стендте өткізілуі қажет. Егер ең жоғары айналыс жиілігі кезінде жоғары айналыс жиілігіне жетпеген жағдайда, онда сынақты осындай айналыс мезетін алуға мүмкін болатын айналыс жиілігінде жүргізу қажет. Еркін турбинаға кіре берістегі газ температурасы ең жоғары немесе ең ұзақ режимдердің қайсысында газ температурасы үлкен болуына байланысты осы режимдердің ең жоғары температурасына тең болуы қажет, ал көмекші қозғалтқышқа кіре берістегі майдың температурасы еркін турбина сырғақтарының аса ауыр жұмыс жағдайларынан шыға отырып белгіленуі қажет. Жоғары айналыс мезеті кезіндегі сынақтар:
1) ең ұзақ режим қуатының шамамен 75%-на сәйкес келетін режиміндегі көмекші газ турбиналы қозғалтқыштың 5 минут бойы үздіксіз жұмысынан;
2) режимдердің бірінде көмекші газ турбиналы қозғалтқыштың 15 минут бойы жұмысынан (үздіксіз циклдар арқылы әрқайсысы ұзақтығы кемінде 3 минут) құралуы қажет.
Сынақтар барысында өлшемдер, сондай-ақ еркін турбина сырғақтарының температурасы өлшенуі қажет.
Егер сынақтардан кейін детальдардың дефектациясы олардың одан әрі қарай жарамдылығын растайтын болса, сынақ нәтижелері қанағаттанарлық деп танылады.
1396. Көмекші қозғалтқыштың отын жүйесі мен автоматты реттеу жүйесін тексеру талаптарға сәйкес жүргізілуі қажет.
Күтіліп отырған пайдалану жағдайларында техникалық құжаттамасында көрсетілген көмекші қозғалтқышқа кіре берістегі отынның тазалану дәрежесі, ең жоғары және ең төмен қысымдары мен температуралары кезінде көмекші қозғалтқыштың отын жүйесінің жұмыс істеу мүмкіндігін растайтын сынақтар жүргізілуі қажет. Көмекші қозғалтқыштың отын жүйесі мен автоматты реттеу жүйесінің жұмыс істеу мүмкіндігі бейін үлгісі бойынша кем дегенде ең ұзақ ұшу уақтысының жартысына тең болатын уақыт аралығында, отын сүзгісінде отын тазалағыш жоқ болған жағдайда сақтала беретіндігі көрсетілуі қажет. Барлық сынақтар жекелеген агрегаттарда, жүйелерде немесе көмекші қозғалтқышта жүргізілуі мүмкін.
Көмекші газ турбиналы қозғалтқышқа күрт салмақ түскен кездегі, сондай-ақ рұқсат берілген шектен аспаса да түскен салмақты, көмекші қозғалтқыш пен оның автоматты реттеу жүйесінің жұмыс істеу мүмкіндігін айқындайтын реттелетін өлшемдердің тербелісін немесе істен шыққанын күрт алып тастаған кездегі автоматты реттеу жүйесі агрегаттарының жұмыс істеу мүмкіндігі расталған болуы қажет.
1397. Пайдалану барысында мүмкін болатын берілген ең жоғары ротор (роторлар) айналысы жиілігінің қысқа уақыт аралық асуы жағдайында көмекші қозғалтқыштың жұмыс істеу мүмкіндігін растау үшін ең жоғары айналыс жиілігінің 103%-на тең болатын айналыс жиілігі кезінде арнайы сынақтар жүргізілген болуы қажет.
Айналыс жиілігі осындай (103%) режимде істеген жиынтық жұмыс көмекші қозғалтқышты бос жүріс режиміндегі 2,5 минут бойы циклдер арасында ұстай отырып, циклдары үздіксіз 3 минут жүретін 15 минутты құрауы қажет.
Сынақтар пайдалану барысында турбинаның алдындағы рұқсат берілген ең жоғары газ температурасы мен көмекші қозғалтқышқа кіретін майдың ең жоғары температурасы кезінде жүргізілуі қажет. Қажетті газ температурасын алу үшін, мысалы, сопло аппараттарының өткізу қималарын өзгертуге жол беріледі. Егер отын шығынына байланысты шектеулер салдарынан қажетті айналыс жиілігі турбина алдындағы ең жоғары емес температура кезінде жасалса, онда сынақтар сынау үшін қажетті айналыс жиіліктерін қамтамасыз ететін турбина алдындағы ең жоғары газ температурасы кезінде жүргізілуі қажет.
Бірнеше роторы бар көмекші газ тубиналы қозғалтқышындағы әрбір ротор осы ротордың тиісті ең жоғары айналыс жиілігін асыра отырып тексеріледі.
Егер төмендегі жайттар көрсетілген болса, сынақ нәтижелері оң бағаланады:
1) ротор (роторлар) ең жоғары айналыс жиілігінен асқан кезде қауіпті зардаптарға әкелетін істен шығуларға еш негіз жоқ болса;
2) сынақтан өткен көмекші қозғалтқыш детальдарының дефектациясы олардың одан әрі қарай пайдалану мүмкіндігін растайтын болса.
1398. Бұзылуы қауіпті зардаптары бар істен шығуларға әкелуі мүмкін көмекші газ турбиналы қозғалтқышының редукторлары элементтерінің (іске қосу құрылғысының, агрегат жетектері қораптарының) беріктігі сынақтар арқылы тексерілуі қажет. Редуктор элементтерінің (тісті берілістердің, біліктердің, шлицель қосылыстарының, муфталардың) беріктігін тексеру ең жоғары айналыс мезеті кезінде немесе пайдалану барысында мүмкін аса үлкен сындық салмақ түскен кезде жүргізілуі қажет.
Сынақтар кезінде пайдалану барысында көрсетілген салмақтардың ресурс ішіндегі әсер ету уақыты бейнеленуі қажет.
Егер редукторлар конструкциясының жекелеген элементтеріне түсетін салмақтар ең жоғары айналыс мезеті кезінде әсер ететіндерден айырмашылығы болса, онда осы элементтерге түсетін артық салмақтардың ресурс ішіндегі әсерін бейнелей отырып, қосымша тексерулер енгізу қажет.
Редукторлардың беріктігі:
1) редукторлардың стендтік сынақтарындағы;
2) көмекші газ турбиналы қозғалтқыштың 150 сағаттық стендтік сынақтарындағы;
3) баламалы-циклдық сынақ бағдарламасы бойынша көмекші газ турбиналы қозғалтқышын жинақтауда редукторлардың стендтік сынақтарындағы көрсеткен қанағаттанарлық нәтижелері арқылы расталуы қажет.
Егер сынақтардан кейін редукторлардың детальдарында олардың одан әрі қарай пайдалануына кедергі келтірмейтін ақаулар жоқ болса, сынақ нәтижелері қанағаттанарлық деп танылады:
1) жол берілмейтін тозулар, қажалулар, жамаулар және басқа да түйіндесу беттерінің ақаулары;
2) жүгіру жолдарының жиырылуы, сепараторлардың бұзылуы және сырғақтардың басқа да жол берілмейтін зақымданулары;
3) конструкцияның тіреу детальдарындағы сызаттар;
4) негізгі қадам қателіктеріндегі және тісті қосылыстардың эвольвентограммасындағы жол берілмейтін ауытқулар және т.б.
1399. Роторлар біліктерінің және агрегат жетектері біліктерінің беріктігі біліктердің аса ауыр жұмыс режимі үшін анықталған болуы қажет және мыналар:
1) ротор біліктері дірілінің жағдайын зерттеу;
2) арнайы сынақтардың нәтижелерін талдау;
3) көмекші газ турбиналы қозғалтқышының 150 сағаттық стендтік сынақтары кезінде біліктердің беріктігін және жұмыс істеу мүмкіндігін тексеру;
4) көмекші газ турбиналы қозғалтқышының осы үлгісін жетілдіру және тәжірибелі пайдалану немесе конструкциясы ұқсас басқа көмекші қозғалтқышты пайдалану процесінде байқалған істен шығулардың салдарларын талдау негізінде расталуы тиіс.
Ротор біліктерінің салмақты дірілі шағын газдан (немесе бос жүрістен) ең және ең ұзақ көмекші газ турбиналы қозғалтқышының барлық жұмыс режимі диапазонындағы стендтік сынақтары кезінде тензоөлшеу арқылы анықталу қажет.
Беріктік талаптары бойынша айнымалы кернеу деңгейіндегі жоғары режимдерді анықтаған жағдайда біліктің шыдамдылық шегін анықтау мақсатында оның беріктігінің қажуына сынақ жүргізу қажет.
Біліктердің қажуына байланысты сынақтарды ұшу барысында оларға түсетін салмақтардың жиынтығы кезінде жүргізу қажет. Жекелеген жағдайларда сынақтар үшін біліктің беріктігін айқындайтын негізгі түскен салмақ таңдалуы мүмкін. Басқа түсетін салмақтардың беріктік қажуына әсері есептеу арқылы бағалануы мүмкін.
1-ескертпе: салмақ түсіру және температура циклы ассиметриясының әсеріне білік материалының шыдамдылық шегінің көрсеткішіне түзетулер үлгілерді зерттеу нәтижесінде енгізілуі мүмкін.
2-ескертпе: жекелеген жағдайларда біліктің шыдамдылық шегі конструкциясы ұқсас біліктерді сынау нәтижелері арқылы бағалануы мүмкін.
Термобарокамерада көмекші газ турбиналы қозғалтқыштың іске қосу құрылғысымен роторды айналдыра отырып, отын аппаратурасының бірыңғай реттеуімен көмекші қозғалтқыштың биіктікте іске қосу шекаралары тексерілуі қажет. Қалыпты іске қосу аралығын анықтау қомақты атқарған жұмысы бар, мысалы, ұзақ сынақтардан кейін, көмекші қозғалтқышта жүргізілуі қажет. Сынақтар арқылы отын шығынын реттеу шегі бойынша жеткілікті қоры бар көмекші қозғалтқышты қалыпты іске қосу мүмкіндігі расталуы қажет.
1400. Помпаж кезіндегі көмекші газ турбиналы қозғалтқышының қорғаныш құралдарын тексеру кезінде, егер көмекші қозғалтқыш помпаж кезіндегі қорғаныш жүйесімен жабдықталған болса, онда жүйенің жұмысын тексеру бойынша сынақтар осы Норманың талаптарына сәйкес жүргізілуі тиіс.
1401. Турбинаның қызып кетуінен қорғаныш жүйесін тексеру кезінде, турбинаның қызып кетуінен қорғаныш жүйесінің іске қосылу сенімділігін растау үшін, қорғаныш жүйесі жұмысқа кірісуі қажет режимдерде турбинаның алдындағы газ температурасының көтерілуін имитация жасау арқылы көрсетіп арнайы сынақ жүргізу қажет.
Статистика және сынақтар арқылы турбинаның қызып кетуінен қорғаныш жүйесінің жалған іске қосылуы күмәнді екендігі көрсетілуі қажет.
1402. Детальдарды термоөлшеу бойынша сынау осы Норманың талаптары мен ережелеріне сәйкес жүргізілуі қажет.
Негізгі детальдардың температурасын анықтау үшін және қалыптасқан режимдерде және айнымалы процестерде осы элементтердің конструкцияларының қауіпті жергілікті қызып кетулері жоқ екендігін бағалау үшін компрессорға, жану камераларына, турбиналарға, шығу құрылғысына және біліктерге термоөлшеу жүргізу қажет.
Термоөлшеуге жататын детальдардың нақты тізбесі сынақтар бағдарламасы арқылы белгіленеді. Міндетті термоөлшеуге:
1) компрессор бойынша - корпустар, дискілер және соңғы сатылардың басқа элементтері (сынақтар бағдарламасымен нақтыланады);
2) жану камерасы бойынша - қаптама, алғышеп бөліктері мен қыздыру құбырларының қабырғалары;
3) турбина бойынша - сопло аппараттарының күрекшелері, сопло аппараттарының білезіктері, әрбір ротор сатысының жұмыс күрекшелері, дискілер, турбина роторларының тіреулері, корпус және турбина күрекшелері арасындағы беріктік пен радиалдық саңылауларды анықтайтын корпус детальдары жатады. Қалыптасқан режимдерде детальдардың температураларын және температуралық өрістерді өлшеу көмекші газ турбиналы қозғалтқышын қыздырғаннан кейін Техникалық пайдалану нұсқаулығына сәйкес жүргізілуі қажет.
Айнымалы процестер кезінде детальдардың температурасын өлшеу қыздырылған және қыздырылмаған көмекші қозғалтқышта орындалған болуы қажет.
1403. Көмекші газ турбиналы қозғалтқышы жану камерасының жұмыс істеу мүмкіндігін тексеру кезінде, көмекші қозғалтқыштың жұмыс режимдері, сондай-ақ ӘК-нің қырынжақтарын, ұшу биіктіктері мен жылдамдықтарын ескере отырып, сынақтарды жүргізудің талаптары көмекші қозғалтқыштың нақты үлгісін сынау бағдарламасында көрсетілуі қажет.
1404. Көмекші қозғалтқыш май жүйесінің сипаттамаларын анықтау бойынша сынақтар талаптар мен ережелерге сәйкес жүргізілуі тиіс.
Май жүйесін сынау кезінде мынадай жұмыстардың жүргізілуі көзделуі қажет:
1) майдың айдалуы мен майға жылу берілуін анықтау;
2) көмекші қозғалтқыш багынан майдың кеткендігін тексеру;
3) қозғалтқышқа майдың берілуі қамтамасыз етілетіндігін және оның рұқсат етілген қысымдарымен және температураларымен, соның ішінде Техникалық пайдалану нұсқаулығы бойынша рұқсат етілген майдың бактағы ең төмен және ең жоғары мөлшері кезіндегі сорылуын тексеру (май жүйесінің биіктігі);
4) ең ұзақ ұшу уақытының жартысы аралығында жұмыс үшін бактағы майдың және ондағы май қорының жеткілікті көлемде екендігін және осы Норманың 1316-тармағының талаптарына май шығынының сәйкестігін тексеру;
5) маймен жуылатын май жүйесінің негізгі детальдары мен көмекші газ турбиналы қозғалтқышының детальдарын термоөлшеу;
6) көмекші қозғалтқыштың газ-ауа трактысына майдың ағып кетпеуін тексеру;
7) теріс температура жағдайларындағы көмекші қозғалтқышты іске қосу кезінде жүйенің жұмыс істеу мүмкіндігін тексеру;
8) бактағы рұқсат берілген ең жоғары мөлшері кезінде бакты суфлирлеу жүйесінің жұмыс істеу мүмкіндігін тексеру;
9) май жүйесінің жұмысын сигнализациялау және бақылау элементтерінің жұмыс істеу мүмкіндігін тексеру.
Көмекші қозғалтқыш май жүйесінің көрсетілген сипаттамалары техникалық құжаттамадағы берілген сипаттамаларға сәйкес келетіні көрсетілу қажет.
Ескертпе: стендтік жағдайларда көрсетілген тексерулерді орындау мүмкін емес жағдайда оларды ұшу зертханаларында ұшу сынақтары кезінде жүргізуге рұқсат етіледі.
Майдың айдалуы мен майға жылу берілуін анықтау техникалық құжаттамадағы айтылған майдың ең төмен және ең жоғары қысымдарындағы май температуралары кезінде ең жоғары, ең ұзақ, бос жүріс (шағын газ) режимдерінде жүргізіледі.
Майдың айдалуы мен майға жылу берілуін майдың берілген температурасы мен қысымында қозғалтқыштың берілген жұмыс режиміне шыққаннан кейін 5 минут өткен соң жүргізілген өлшеулер бойынша анықтауға болады.
Көмекші қозғалтқышқа майдың кетуін анықтауға арналған сынақтар өткізу барысында бактағы майдың деңгейін (майдың жылудағы ұлғаюын ескере отырып):
1) көмекші газ турбиналы қозғалтқыш іске қосылған кездерде - іске қосылғанға дейін және бос жүріс (шағын газ) режимінде 5 минут жұмыс істегеннен кейін;
2) көмекші газ турбиналы қозғалтқышының негізгі режимдерде жұмысы кезінде - режимге шығардың алдында және режимде 5 минут жұмыс істегеннен кейін;
3) көмекші газ турбиналы қозғалтқышы өшірілгеннен кейін тәулік ішінде - алғашқы сегіз сағат аралығында әрбір екі сағат сайын және кейінірек 8-10 сағат сайын өлшеу қажет.
Маймен жуылатын көмекші газ турбиналы қозғалтқышының детальдары мен май жүйесін термоөлшеу мынадай көлемде жүргізілуі қажет:
1) шағын газ, бос жүріс, ең ұзақ және ең жоғары қалыптасқан режимдердегі көмекші газ турбиналы қозғалтқышының жұмысы кезінде мынадай талаптар барысында:
көмекші қозғалтқышқа кіре берістегі ең жоғары май температурасы мен ауаның атмосфералық температурасы кезінде;
пайдалануға ең жақын майдың, отынның және ауаның температуралары кезінде.
Ескертпе: көмекші қозғалтқышқа кіре берістегі ауаны қыздыру құралдары жоқ болған жағдайда майды қосымша қыздыруға жол беріледі немесе майдың жылу алмастырғышындағы оның салқындатылуын шектейді;