Қазақстан Республикасының меншігіндегі және мемлекеттік органдардың өздеріне жүктелген функцияларды орындауы үшін коммерциялық мақсаттарда пайдалануы да кемені қайта тіркеу үшін негіз болып табылады.
5. Мемлекеттік кеме тізілімінде ішкі суларда жүзетін кемелер және iшкi су жолдарында пайдалануға арналған «өзен-теңiз» суларында жүзетiн кемелер тіркеледі, олар:
1) жолаушылар кемесі;
2) бас қозғалтқышының қуаты елу бес киловатт (жетпіс бес ат күші) және одан артық болатын жолаушыларға арналмаған өздігінен жүзетiн кемелер;
3) сыйымдылығы тіркелімдік сексен тонна және одан астам өздігінен жүзетiн және өздігінен жүзбейтiн кемелер.
6. Шағын көлемді кемелер кеме кітабында мемлекеттік тіркеуге жатады.
7. Уәкiлеттi орган, егер ұсынылған құжаттардың нысаны мен мазмұны Кемені, оның ішінде шағын көлемді кемені және оған құқықтарды мемлекеттік тіркеу қағидасында белгiленген талаптарға сай болмаған жағдайда, мемлекеттік тiркеуден бас тартады.
8. Мүдделi тұлға кеменi және оған құқықтарды мемлекеттік тiркеуден бас тартуға қатысты сот тәртібімен шағымдана алады.
9. Егер кемеге меншiк құқығы шет мемлекеттің кеме тiзiлiмiнде тiркелген болса, ол Қазақстан Республикасының Мемлекеттік кеме тiзiлiмiне тiркелмейдi. Мұндай жағдайда кемеге меншiк құқығын Қазақстан Республикасының Мемлекеттік кеме тiзiлiмiнде тiркеу үшiн меншiк иесi кеменiң шет мемлекеттің кеме тiзiлiмiнен шығарылғаны туралы үзiндi көшiрменi ұсынуға тиiс.
10. Шет мемлекеттің кеме тiзiлiмiнде тiркелген кеме мұндай кемеге осы Заңның 24-бабының 11-тармағына сәйкес Қазақстан Республикасының Мемлекеттік туын көтеріп жүзу құқығын уақытша беру туралы шешiм қабылданған күннен бастап бір ай iшiнде жалға алынған шетелдiк кемелер тiзiлiмiнде мемлекеттік тiркелуге тиiс.
27-бап. Кеменi және оған құқықтарды мемлекеттік тiркеудiң негiздерi
Кеменi және оған құқықтарды мемлекеттік тiркеудiң негiздерi:
1) мемлекеттік органдардың өз құзыретi шегiнде шығарған актілері;
2) кемеге қатысты Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жасалған шарттар мен басқа да мәмiлелер;
3) мұраға құқық туралы куәлiк;
4) соттың заңды күшiне енген шешiмi;
5) Қазақстан Республикасы заңдарында белгiленген тәртiппен берiлген кемеге құқық туралы куәлiк болып табылады.
28-бап. Кеменi және оған құқықтарды мемлекеттік тiркеу үшiн қажеттi құжаттардың тiзбесi
1. Кеменi және оған құқықтарды мемлекеттік тiркеу туралы өтiнiшке мынадай құжаттap:
1) сауалнама;
2) кемеге меншiк құқығын растайтын құжат;
3) жүзуге жарамдылығы туралы куәлiк;
4) өлшеу куәлiктерi («өзен-теңiз» суларында жүзетiн кемелер үшiн);
5) сыныптау куәлiгi;
2006.11.12. № 201-III ҚР Заңымен 6) тармақша өзгертілді (2007.01.01. бастап қолданысқа енгізілді) (бұр. ред. қара)
6) көлік құралдарын мемлекеттік тiркеу үшiн алымдар сомасының бюджетке төленгенiн растайтын құжат;
7) жолаушылар куәлiгi (жолаушылар кемесi үшiн) қоса берiлуге тиiс.
2. Қазақстан Республикасының Мемлекеттік туын көтеріп жүзу құқығы уақытша берiлген кеменi және оған құқықтарды мемлекеттік тiркеу кезiнде кеменi жалға алушының кеменi және оған құқықтарды мемлекеттік тiркеу туралы өтiнiшiне, осы баптың 1-тармағында көрсетiлген құжаттардан басқа, қосымша мынадай құжаттар:
1) кеменi жалға алу шартының нотариат куәландырған көшiрмесi;
2) кеменiң меншiк иесiнiң және кеменiң немесе оған ауыртпалықтардың тiркелген ипотекасының кепiл ұстаушысының кеменi Қазақстан Республикасының Мемлекеттік туын көтеріп жүзуге ауыстыруға жазбаша рұқсаты;
3) жалға алу шарты бойынша кеменi қазақстандық жалға алушының аты мен тұрғылықты жерiн не атауын және орналасқан жерiн растайтын құжат;
4) шет ел кемесiне Қазақстан Республикасының Мемлекеттік туын көтеріп жүзу құқығын уақытша беру туралы және осы кеменiң атауын айқындау туралы уәкiлеттi органның шешiмi;
5) кеме тiркелген, тiкелей ту ауыстырғанға дейiн шет мемлекеттің құзыреттi билiк орындары берген және бұл мемлекеттің туын көтеріп жүзу құқығының кемеге Қазақстан Республикасының Мемлекеттік туын көтеріп жүзу құқығы берiлген мерзiмге тоқтатыла тұрғанын растайтын құжат табыс етiледi.
29-бап. Кеменi Қазақстан Республикасының Мемлекеттік кеме тiзiлiмiнен немесе кеме кiтабынан шығару
1. Қазақстан Республикасының Мемлекеттік кеме тiзiлiмiнен немесе кеме кiтабынан:
1) опат болған немесе хабарсыз жоғалып кеткен;
2) конструкциялық жағынан күйреген;
3) қайта жасау немесе басқа да өзгерістер нәтижесiнде кеме сапасын жоғалтқан;
4) осы Заңның 24-бабының 3-тармағында көзделген талаптарға сәйкестiгiн жоғалтқан кеме шығарылуға тиiс.
2. Кеменi Қазақстан Республикасының Мемлекеттік кеме тiзiлiмiнен немесе кеме кiтабынан шығару үшiн кеменiң меншiк иесi уәкiлеттi органға өтiнiш пен мұндай шығаруға негiз болып табылатын мән-жайларды растайтын құжаттарды беруге мiндеттi.
30-бап. Кеменi және оған құқықтарды мемлекеттік тiркеу ережелерiн бұзғаны үшiн жауаптылық
Кеменi және оған құқықтарды мiндеттi мемлекеттік тiркеуден жалтарған тұлға, сондай-ақ кеменi Қазақстан Республикасының Мемлекеттік кеме тiзiлiмiнде белгiленген тәртiптi бұза отырып тiркеген тұлға Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жауапты болады.
31-бап. Кеменi тұтқындау және мәжбүрлеп сату
Егер сот кеменi тұтқынға алу түрiнде талап қоюды қамтамасыз ету туралы ұйғарым қабылдаған немесе кеме атқарушылық iс жүргiзу тәртібімен сатылған жағдайда уәкiлеттi орган Қазақстан Республикасының Мемлекеттік кеме тiзiлiмiне тиiстi жазба енгiзедi. Бұл ретте, уәкiлеттi орган кеменiң меншiк иесiн кемеге қатысты талапты қамтамасыз ету жөнiнде шаралар қабылдау немесе кемеден мұндай шараларды алып тастау туралы хабардар етуге тиiс.
2010.28.12. № 369-IV ҚР Заңымен 32-бап өзгертілді (бұр.ред.қара)
32-бап. Кеме кепiлi, кеменiң немесе жасалып жатқан кеменiң, оның ішінде шағын көлемді кеменің ипотекасы
Кеме кепiлi, кеменiң немесе жасалып жатқан кеменiң, оның ішінде шағын көлемді кеменің ипотекасы Қазақстан Республикасының азаматтық заңдарында белгiленген тәртіппен жүзеге асырылады.
2010.28.12. № 369-IV ҚР Заңымен 32-1-баппен толықтырылды
32-1-бап. Кеменің ипотекасын мемлекеттік тiркеу
1. Кеменің ипотекасын уәкілетті орган сол кеме тiркелген тiзiлiмге тiркейдi.
2. Жасалып жатқан кеменiң ипотекасы жасалып жатқан кемеге меншiк құқығы тiркелген, жасалып жатқан кемелердің тiзiлiмiнде тiркеледi.
3. Осы Заңның 24-бабының 7 және 11-тармақтарына сәйкес Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туын көтеріп жүзу құқығы уақытша берiлген шетелдік кеменiң ипотекасын, сондай-ақ шетелдiк алушы үшiн жасалып жатқан кеменiң ипотекасын Қазақстан Республикасында тiркеуге болмайды.
4. Кеменiң немесе жасалып жатқан кеменiң ипотекасы мемлекеттік тiркеу туралы өтiнiш берілген күні тiркеледi.
5. Кеменiң немесе жасалып жатқан кеменiң ипотекасын мемлекеттік тiркеу тәртібі Кемені, оның ішінде шағын көлемді кемені және оған құқықтарды мемлекеттік тіркеу қағидасында айқындалады.
6. Кеменiң немесе жасалып жатқан кеменiң ипотекасын мемлекеттік тiркеу кеменiң немесе жасалып жатқан кеменiң ипотекасын мемлекеттік тiркеу туралы куәлікті берумен куәландырылады.
7. Кеменiң немесе жасалып жатқан кеменiң ипотекасын мемлекеттік тiркегені және кеменiң немесе жасалып жатқан кеменiң ипотекасын мемлекеттік тiркеу туралы куәліктің телнұсқасын бергені үшін Қазақстан Республикасының салық заңнамасында белгiленген тәртiппен алым алынады.
2010.28.12. № 369-IV ҚР Заңымен 32-2-баппен толықтырылды
32-2-бап. Шағын көлемді кеменің ипотекасын мемлекеттік тiркеу
1. Шағын көлемді кеменің ипотекасын уәкілетті орган сол шағын көлемді кеме тiркелген кеме кітабына тіркейді.
2. Шағын көлемді кеменiң ипотекасын мемлекеттік тiркеу туралы өтiнiш берілген күнi шағын көлемді кеменiң ипотекасы тiркеледi.
3. Шағын көлемді кеменiң ипотекасын мемлекеттік тiркеу тәртібі Кемені, оның ішінде шағын көлемді кемені және оған құқықтарды мемлекеттік тіркеу қағидасында айқындалады.
4. Шағын көлемді кеменiң ипотекасын мемлекеттік тiркеу шағын көлемді кеменiң ипотекасын мемлекеттік тiркеу туралы куәлікті берумен куәландырылады.
5. Шағын көлемді кеменiң ипотекасын мемлекеттік тiркегені және кеменің ипотекасын мемлекеттік тіркеу туралы куәліктің телнұсқасын бергені үшін Қазақстан Республикасының салық заңнамасында белгiленген тәртiппен алым алынады.
7-тарау. Кеме экипажы
33-бап. Кеме экипажының құрамы
1. Кеме экипажы кеменiң командалық құрамының адамдарынан, кеме командасынан, ал жолаушы кемелерiнде - кеме жолаушыларына қызмет көрсетушi персоналдан да тұрады.
2. Кеменiң командалық құрамына кеме капитаны, су түбiн тереңдету немесе су түбiн тазалау снарядының командирi, олардың көмекшiлерi, механиктер мен электромеханиктер, механиктер мен электромеханиктердiң көмекшiлерi, радиомамандар және дәрiгерлер кiредi.
3. Кеме командасы кемеде жұмыс iстейтiн, кеменiң командалық құрамына және кеме жолаушыларына қызмет көрсететiн персоналға жатпайтын адамдардан тұрады.
2010.28.12. № 369-IV ҚР Заңымен 4-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
4. Кеме экипажының ең аз құрамын Қазақстан Республикасының Үкіметі белгiлi бір түрдегi кеменi пайдалану талаптарына сәйкес белгiлейдi.
5. Кеме экипажының құрамына кiретiн адамдар кеме экипажы мүшелерiнiң тiзiмiне (кеме рөлi) енгiзiлуге тиiс, оны жүргiзу кеме капитанының мiндетi болып табылады.
34-бап. Кеме экипажының мүшелерiне қойылатын талаптар
2010.28.12. № 369-IV ҚР Заңымен 1-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
1. Кеме экипажы мүшелерiнiң лауазымдарын иеленуге Қазақстан Республикасының Үкіметі бекiтетiн Кемелер экипаждарының командалық құрамының адамдарына және басқа да мүшелеріне диплом беру және оларды аттестаттау қағидасына сәйкес тиiстi біліктiлiгi бар адамдар жiберiледi.
2010.28.12. № 369-IV ҚР Заңымен 1-1-тармақпен толықтырылды
1-1. Кемелер экипаждарының мүшелеріне диплом беру, сондай-ақ ішкі су жолдарында пайдаланылатын кемелердің командалық құрамының адамдарын аттестаттау жөніндегі біліктілік комиссияларын құру тәртібін Қазақстан Республикасының Үкіметі бекітеді.
2. Кемедегi жұмысқа денсаулық жағдайы бойынша мұндай жұмысқа жарамдылығы туралы медициналық комиссияның қорытындысы бар адамдар жiберiледi.
2010.28.12. № 369-IV ҚР Заңымен 3-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
3. Қазақстан Республикасының Мемлекеттік туын көтеріп жүзушi кеме экипажының құрамына кiретiн шетелдiктер және азаматтығы жоқ адамдар кеме капитаны, кеме капитанының аға көмекшiсi, аға механик пен радиомамандар лауазымдарына тағайындала алмайды. Шетелдiктер мен азаматтығы жоқ адамдардың кеме экипажының құрамына кіру мүмкiндiгiнiң шарттарын Қазақстан Республикасының Үкіметі Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес айқындайды.
4. Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасын кесiп өтуге байланысты кеме қатынасын жүзеге асыратын кемедегi жұмысқа Қазақстан Республикасы заңдарының талаптарына сәйкес ресiмделген теңiзшi паспорты бар адамдар жiберiледi.
35-бап. Кеме капитаны
2010.28.12. № 369-IV ҚР Заңымен 1-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
1. Кеме капитаны біліктiлiк деңгейi қойылған талаптарға сәйкес келетiн Қазақстан Республикасының азаматы болуға тиiс.
Кеме капитанына қойылатын біліктiлiк талаптарын, оны аттестаттау тәртібін Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайды.
2. Кеме капитанына кеменi басқару, оның iшiнде кеме жүргiзу, кеменiң қауiпсiз жүзуiн қамтамасыз ету, кемедегi тәртiптi сақтау, қоршаған ортаны қорғау, кемеге, кемедегi адамдарға, багажға және жүкке зиян келтiрiлуiн болдырмау жөнiнде шаралар қабылдау жүктелeдi.
3. Кеменiң меншiк иесi, кеме иесi, жүк жөнелтушi немесе олардың өкiлдерi болмаған уақытта кеме капитаны қажет болған жағдайда кемеге, жүкке немесе кеменiң жүзуiне қатысты мәмiлелер жасасу, сондай-ақ кемедегi мүлiкке қатысты талап қою кезiнде кеменiң меншiк иесiнiң, кеме иесiнiң және жүк жөнелтушiнiң өкiлi болып табылады.
4. Егер кеме капитанының пiкiрi бойынша кемеге анық опат болу қаупi төнген жағдайда кеме капитаны жолаушыларды құтқару жөніндегі барлық шаралар қабылданғаннан кейiн кеме экипажының мүшелерiне кеменi тастап шығуға рұқсат етедi. Кеме капитаны кеме журналын, машиналық журналды, кеменiң жүзу бағытының карталарын, кеме мөрiн, құжаттар мен бағалы заттарды құтқару жөніндегі өзiне байланысты барлық шараларды қабылдағаннан кейiн кеменi ең соңынан тастап шығады.
5. Кеменiң меншiк иесi мен кеме иесi кеме капитанының осы баптың 4-тармағында көзделген мiндеттердi бұзғаны үшiн жауап бермейдi.
36-бап. Кеме капитанының құқықтары мен мiндеттерi
1. Кеме капитанының өз өкiлеттiгi шегiнде берген өкiмдерiн кемедегi адамдардың барлығы орындауға тиiс.
2. Кеме капитаны:
1) Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес экипаж мүшелерiн қызметтiк мiндеттерiн атқарудан шеттетуге;
2007.15.05. № 253-III ҚР Заңымен 2) тармақша өзгертілді (бұр.ред.қара)
2) Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасында белгiленген тәртiппен кеме экипажының мүшелерiн көтермелеуге және оларға тәртiптiк жазалар қолдануға;
3) жүзу кезiнде кемеде болған адамның аманатын куәландыруға құқылы, бұл ретте кеме капитаны куәландырған аманат Қазақстан Республикасының нотариат туралы заңдарына сәйкес нотариалдық куәландырумен теңестiрiледi.
3. Кеме капитаны:
1) егер өз кемесiне және ондағы адамдарға қауiп төндiрмейтiн болса, суға батып бара жатқан адамға көмек көрсетуге;
2) кемелер соқтығысқан жағдайда осы соқтығысқа ұшыраған басқа кемеге, оның жолаушылары мен экипаж мүшелерiне көмек көрсетуге, бұл ретте соқтығысқан кемелердiң капитандары бір-бірiне өз кемелерiнiң атауларын хабарлауға;
2010.28.12. № 369-IV ҚР Заңымен 3) тармақша өзгертілді (бұр.ред.қара)
3) кеме экипажының мүшесiне немесе жолаушыға кеме жүзуде жүрген уақытта көрсетiлуi мүмкiн емес шұғыл медициналық көмек көрсету қажет болған жағдайда - кеменiң меншiк иесiн және (немесе) кеме иесiн, уәкілетті органның аумақтық бөлімшесін, ал кеме шетелдiк портқа кiрген кезде Қазақстан Республикасының консулы мен кеме иесiнiң агентiн де (шетел портында мұндай агент болған кезде) хабардар ете отырып, ең жақын портқа кіруге;
4) кеме экипажының мүшесi немесе жолаушы оның опат болу мүмкiндiгi бар мән-жайларда жоғалып кеткен жағдайда кеме журналына жазба енгiзуге, акт жасауға, сондай-ақ жоғалып кеткен кеме экипажы мүшесiнiң немесе жолаушының кемедегi мүлкiне тiзiмдеме жасап, аталған акті мен мүлiктi eң жақын порттың капитанына тапсыруға;
5) кемеде бала туылған немесе кемеде қайтыс болудың әрбір жағдайында екi куәгердiң және егер кемеде дәрiгер болса, соның қатысуымен тиiстi акт жасауға, сондай-ақ кеме журналына жазба енгiзуге;
6) кеменiң меншiк иесiн және (немесе) кеме иесiн кемедегi қайтыс болу жағдайы туралы хабардар етуге және қайтыс болған адамның мәйiтiн сақтау әрi оны туысқандарына немесе ең жақын порттағы порт әкiмшiлiгiне тапсыру жөнiнде шаралар қолдануға;
7) қайтыс болған адамның кемедегi мүлкiне тiзiмдеме жасауға және мұндай мүлiктiң жасалған тiзiмдемеге сәйкес қайтыс болған адамның туысқандарына немесе ең жақын порттағы порт әкiмшiлiгiне тапсырылғанға дейiн сақталуын қамтамасыз етуге;
8) iс-әрекетi кеме немесе ондағы адамдар мен мүлiктiң қауiпсiздiгiне қатер төндiретiн адамды оқшаулауға;
9) жүзiп жүрген кемеде Қазақстан Республикасының қылмыстық заңдарында көзделген қылмыстардың белгiлерi бар әрекеттер анықталған жағдайда ол туралы құқық қорғау органдарына дереу хабарлауға және мұндай қылмыстың жасалуына күдiктi адамды ол ең жақын порттағы немесе ең жақын елдi мекендегi аталған органдарға берiлгенге дейiн ұстауға;
10) құқыққа қарсы iс-әрекеттер жасау мақсатында кемеге адамдар шабуыл жасаған жағдайда iшкi iстер және ұлттық қауiпсiздiк органдарымен келiсе отырып, уәкiлеттi орган белгiлеген тәртiпке сәйкес әрекет етуге мiндеттi.
4. Кеме капитаны ауырған немесе оған өз қызметтiк мiндеттерiн атқаруға кедергi келтiретiн өзге де себептер болған жағдайларда, сондай-ақ ол қайтыс болғанда кеме капитанының мiндеттерi кеменiң меншiк иесiнiң және (немесе) кеме иесiнiң өкімін алғанға дейiн кеме капитанының аға көмекшiсiне жүктеледi.
37-бап. Кемедегi еңбек қатынастары
1. Кеме экипажының мүшелерiн тағайындауды кеменiң меншiк иесi мен (немесе) кеме иесi кеме капитанымен келiсе отырып жүзеге асырады.
2007.15.05. № 253-III ҚР Заңымен 2-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
2. Кеме экипажының мүшелерімен еңбек шартын жасасу тәртібі, олардың құқықтары мен міндеттері, еңбек және ақы төлеу шарттары, сондай-ақ олармен еңбек шартын тоқтатудың тәртібі мен негіздері Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасымен және осы Заңмен айқындалады.
3. Кеме иесi кеме экипажының мүшелерiне олар кемеде болған кезде:
2007.15.05. № 253-III ҚР Заңымен 1) тармақша өзгертілді (бұр.ред.қара)
1) Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасына сәйкес еңбектiң қауiпсiз жағдайларын;
2) Қазақстан Республикасы азаматтарының денсаулығын қорғау туралы Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес денсаулықты қорғау мен медициналық көмектi;
3) құтқару құралдарының болуын;
4) азық-түлiкпен және сумен үздiксiз жабдықтауды;
5) санитарлық-гигиеналық талаптарға сай келетiн демалуға, тамақтануға, емделуге, мәдени және тұрмыстық қызмет көрсетуге арналған үй-жайлармен қамтамасыз етуге мiндеттi.
4. Кеме экипажының мүшесi өзiнiң қызметтiк мiндеттерiн атқару кезiнде опат болған немесе оның өмiрi мен денсаулығына зиян келтiрiлген жағдайда кеменiң меншiк иесi және (немесе) кеме иесi кеме экипажының мұндай мүшесiне келтiрiлген зиянды Қазақстан Республикасының азаматтық заңдарына сәйкес өтеуге мiндеттi.
5. Кеме экипажының мүшесi жеке пайдалануға арналған мүлкiн кемеде алып жүруге құқылы. Кеменiң оқиғаға ұшырауы салдарынан мұндай мүлiк жойылған немесе зақымданған жағдайда кеменiң меншiк иесi мен (немесе) кеме иесi кеме экипажының осы мүшесiне келтiрiлген нұқсанды өтеуге мiндеттi. Бұл ретте кеменiң оқиғаға ұшырауына кiнәлi экипаж мүшесiнiң мүлкiне келтiрiлген нұқсан өтелмейдi.
38-бап. Кеме экипажы мүшесiнiң ол жұмысқа қабылданған жерге қайта оралуы
1. Кеменiң меншiк иесi мен (немесе) кеме иесi:
1) кеме опат болған;
2) кеме экипажының мүшесi ауырып қалған немесе кемеден тысқары жерде емделудi қажет ететiн жарақат алған;
2007.15.05. № 253-III ҚР Заңымен 3) тармақша өзгертілді (бұр.ред.қара)
3) Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасына сәйкес еңбек шарты тоқтатылған, оның iшiнде белгiлi бір мерзiмге жасалған еңбек шартының қолданылу мерзiмi Қазақстан Республикасынан тысқары жерлерде аяқталған;
2007.15.05. № 253-III ҚР Заңымен 4) тармақша өзгертілді (бұр.ред.қара)
4) кеме иесiнiң банкротқа ұшырауы, кеменi сату немесе кеме тiркелген мемлекеттің өзгеруi салдарынан кеменiң меншiк иесi мен (немесе) кеме иесiнiң кеме экипажының мүшесiне қатысты Қазақстан Республикасының заңдарында немесе еңбек және ұжымдық шарттарда көзделген өз мiндеттерiн орындау мүмкiндiгi болмаған;
5) кеме экипажы мүшесiнiң келісімiнсiз кеме әскери iс-қимылдар аймағына немесе эпидемиологиялық қауiптi аймаққа жiберiлген жағдайда кеме экипажының мүшесiн және оның салмағы отыз килограммға дейiнгi жеке мүлкiн өз есебiнен кеме экипажының мүшесiн жұмысқа қабылдаған жерге немесе тараптар келiскен басқа жерге жеткiзудi қамтамасыз етуге мiндеттi.
2007.15.05. № 253-III ҚР Заңымен 2-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
2. Кеме экипажы мүшесiнiң жұмысқа қабылданған жерге қайта оралуының себебi олардың еңбек және ұжымдық шарттарды бұзуы болып табылған жағдайда кеменiң меншiк иесi мен (немесе) кеме иесi Қазақстан Республикасының заңдарына, еңбек және ұжымдық шарттарға сәйкес осы экипаж мүшелерiнен мұндай қайта оралуға байланысты шығыстарды толық немесе iшiнара өндiрiп алуға құқылы.
8-тарау. Кемені жалға алу
39-бап. Жалпы ережелер
1. Кеменi жалға алу Қазақстан Республикасының азаматтық заңдарына және осы тарауда белгiленген ережелерге сәйкес жүзеге асырылады.
Егер жалға алу шартында өзгеше белгiленбесе, осы тарауда белгiленген ережелер қолданылады.
2. Кеменi экипажымен жалға алу жалға берушiнiң кеменi жалға алушыға сонымен қатар кеменi басқару және оны техникалық пайдалану жөніндегі қызметтер көрсетудi де беруiн көздейдi.
3. Кеменi экипажсыз жалға алуға жалға берушiнiң кеменi басқару және оны техникалық пайдалану жөніндегі қызметтер көрсетуi кiрмейдi.
4. Жалға алушыға қойылатын талаптардан туындайтын өндiрiп алу талаптарын үшiншi бір тараптардан жалға алынған кемеге қатысты қоюға жол берiлмейдi.
5. Жалға алу шарты қолданыста болған уақытта кеменi иелiктен айыру оның қолданысының тоқтатылуына әкеп соқпайды, бұл ретте жаңа меншiк иесi Қазақстан Республикасының азаматтық заңдарында белгiленген тәртiппен мұндай шартта көзделген барлық құқық пен мiндеттердi иеленедi.
Кемеге иелiк етуден айырылған тұлға кемеге меншiк құқығын иеленген тұлғаны иелiктен айырылған кемеге қатысты жасалған жалға алу шарты туралы хабардар етуге мiндеттi. Кемеге меншiк құқығын иеленушi тұлғаның мiндетi осы кеменi жалға алушыны меншiк иесiнiң ауысқаны туралы хабардар ету болып табылады.
6. Кеменi жалға беру және кеменi қайтарып алу жалға алу шартында көрсетiлген жерде жүзеге асырылады. Кеменi шартта көрсетiлген жерге жеткiзуге байланысты шығыстарды, егер жалға алу шартында өзгеше көзделмесе, кеменi жалға берушi тарап көтередi.
7. Жалға алу шартында жалға беру мерзiмiнiң басталу және аяқталу күндерi көрсетiле отырып, кеменi жалға алушының иеленуi мен пайдалануына берудiң мұндай мерзiмi қарастырылады. Жалға алушы кеменi иеленуге және пайдалануға мұндай мерзiмнiң басталу күнiнен бұрын алуға мiндеттi емес. Жалға алушы кеменi өз билiгiне мұндай мерзiмнiң аяқталу күнi өткенге дейiн алуға мiндеттi. Егер кеме жалға алу шартында көрсетiлген мерзiмде жалға алушының иеленуiне және пайдалануына берiлмеген жағдайда жалға алушының жалға алу шартын бұзуды талап етуге құқығы бар. Егер жалға алушы мұндай мерзiмнiң аяқталу күнi өткеннен кейiн кеменi алмаса, жалға берушi де жалға алу шартын бұзуға құқылы.
Жалға алу шартын өзгерту және бұзу тәртібі Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексiне сәйкес жүргiзiледi.
8. Жалға алушы жалға берушiнiң келісімi бойынша кеменi қосалқы жалға беруге құқылы.
Қосалқы жалға беру шартын жасасқан кезде кеменi берушi тұлға Қазақстан Республикасының заңдарында кеме қосалқы жалға тапсырылатын тұлғаға қатысты жалға берушiлер үшiн көзделген құқықтар мен мiндеттердi иеленедi, бірақ, бұл ретте бұған дейiн кеменi жалға немесе қосалқы жалға алған тұлғаға қатысты Қазақстан Республикасының заңдарында және жалға алу шартында көзделген құқықтары мен мiндеттерi сақталады.
Қосалқы жалға беру шарты жалға алу шартының мерзiмiнен асатын мерзiмге жасалмайды.
40-бап. Кеменi экипажымен жалға беру кезіндегі жалға берушiнiң құқықтары мен мiндеттерi
1. Жалға берушi жалға алу шартында көзделген мақсаттар үшiн кеменiң жарамдылығын, кеменiң экипажбен және тиiстi жабдықтармен жасақталуын, сондай-ақ кеменi техникалық қауiпсiз пайдалануды, оның экипажын ұстауды және жалға алу мақсаттарына сәйкес осы Заңда көзделген кеме құжаттарының болуын қамтамасыз етуге мiндеттi.
2. Кеме экипажы мүшелерiнiң кеменi жалға берушiмен еңбек қатынастары сақталады. Бұл ретте, жалға берушi кеменi басқаруға және техникалық пайдалануға қатысты кеме экипажының мүшелерiне өкімдер беруге құқылы.
Егер жалға алу шартында өзгеше көзделмесе, экипаж мүшелерi көрсететiн қызметтерге төлем жасау жөніндегі шығыстарды, сондай-ақ оларды ұстау жөніндегі шығыстарды жалға берушi көтередi.
3. Жалға берушi жалға берiлген кеменiң кемшiлiктерi үшiн Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексiне сәйкес жауапты болады.
4. Жалға берушi кеменiң меншiк иесi болмаған жағдайда, мұндай кеменi жалға немесе қосалқы жалға беру кеменiң меншiк иесiнiң келісімi бойынша жүргiзiледi.
41-бап. Кеменi экипажымен жалға алу және кеменi коммерциялық пайдалануды жүзеге асыру кезіндегі жалға алушының құқықтары мен мiндеттерi
1. Жалға алушы коммерциялық пайдалануды жүзеге асыру шеңберiнде жалға берушiнiң келісімiнсiз өз атынан, егер де кеменiң мақсаты мен сыныбына, сондай-ақ жалға алу шартында көзделген мақсаттарға қайшы келмесе, тасымалдау немесе тiркеп сүйреу шарттарын жасасуға құқылы.
2. Кеменi коммерциялық пайдалану кезiнде кеме экипажының мүшелерi жалға алушының өкiмдерiне бағынады. Жалға алушы кеменi коммерциялық пайдалануға байланысты барлық шығыстарды, оның iшiңде отын және пайдалану барысында жұмсалатын басқа да материалдар үшiн және алымдарды төлеуге арналған шығыстарды көтередi.