2. Тiркеп сүйретiлетiн объект жоғалған жағдайда тiркеп сүйретушiден жоғалған тiркеп сүйретiлетiн объектiнiң құны мөлшеріндегі нұқсан және егер тiркеп сүйрету ақысы жоғалған тiркеп сүйретiлетiн объектiнiң құнына кiрмеген болса, осындай ақы өндiрiп алынады.
3. Салды қоспағанда, тiркеп сүйретiлетiн объект зақымданған (бүлiнген) жағдайда тiркеп сүйретушiден тiркеп сүйретiлетiн объектiнi жөнелтушi немесе алушы айқындайтын тiркеп сүйретiлетiн объектiнi жөндеу құны өндiрiп алынады. Келiспеушiлiктер туындаған кезде тiркеп сүйретiлетiн объектiнiң жөндеу құнын тәуелсiз сарапшы белгiлеуi мүмкiн.
4. Сал тiркеп сүйретушiнiң кiнәсiнен зақымданған (бүлiнген) кезде ол:
салды жөнелтушiге (алушыға) жоғалған такелаждың құнын;
уәкiлеттi органның кәсiпорындарына тараптардың келісімiмен немесе Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген өзге де органның шешiмiмен айқындалатын салдың сынықтарын (сүректердi) жинау жөніндегі қызмет көрсетулер құнын, бірақ, әдетте осы сияқты тауар (салды құрастыруға арналған сүрек) үшiн алынатын баға негiзге алына отырып, салдың көлiк оқиғасына ұшыраған сәттегi толық құнынан аспайтын құнды төлейдi.
5. Тiркеп сүйретiлетiн объект, егер шартта көрсетiлген тiркеп сүйрету мерзiмi аяқталған соң он күн өткеннен кейiн баратын портына (пунктiне) келмеген болса, жоғалған деп есептеледi.
91-бап. Жүктi немесе тiркеп сүйретiлетiн объектiнi жеткiзу мерзiмдерiн бұзғаны үшiн жауаптылық
Жүктi немесе тiркеп сүйретiлетiн объектiнi жеткiзу мерзiмiн өткiзiп алудың әрбір тәулiгi үшiн тасымалдаушы немесе тiркеп сүйретушi, егер мерзiмдi өткiзiп алу өзiнiң кiнәсiнен болмағанын дәлелдей алмаса, жүк алушыға немесе тiркеп сүйретiлетiн объектiнi алушыға тасымалдау ақысының тоғыз процентi мөлшерiнде, бірақ тасымалдау ақысының елу процентiнен аспайтын мөлшерде айыппұл төлейдi.
92-бап. Тiкелей аралас қатынаста жүк тасымалдауды жүзеге асыру кезіндегі жауаптылық
1. Тiкелей аралас қатынаста тасымалдау мiндеттемелерiн орындау кезiнде жүктiң жоғалғаны, кем шыққаны немесе зақымданғаны (бүлiнгенi) үшiн тасымалдаушылар Қазақстан Республикасының азаматтық заңдарына сәйкес жүк жөнелтушi (жүк алушы) алдында ортақ жауапты болады.
Жүктi жеткiзу мерзiмдерiн бұзғаны үшiн, егер мерзiмдi өткiзiп алу тасымалдаушылардың кiнәсiнен болмағанын дәлелдей алмаса, соңғы тасымалдаушы жауапты болады.
2. Тiкелей аралас қатынаста тасымалдауға қабылданған жүктердiң сақталмағаны үшiн iшкi су көлiгіндегі және басқа да көлiк түрлеріндегі тасымалдаушылар Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жауапты болады.
93-бап. Жауапкершiлiктен босату
1. Тараптар тасымалдау, тiркеп сүйрету шарттарынан туындайтын мiндеттемелердi орындамағаны немесе тиiсiнше орындамағаны үшiн Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексiнде, осы Заңда, Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарында көзделген негiздер бойынша жауапкершiлiктен босатылуы мүмкiн.
2. Тараптар, егер мiндеттемелердi орындамау немесе тиiсiнше орындамау:
1) еңсерiлмейтiн күштiң, сондай-ақ табиғи және техногендiк сипаттағы төтенше жағдайлардың;
2) соғыс iс-қимылдарының, төтенше жағдай енгiзудiң;
3) Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртiппен жариялау арқылы жүктердiң орнын ауыстыруды, кемелердiң, салдардың және өзге де жүзу объектілерінiң қозғалысын тоқтату немесе шектеу салдарынан болса, жауапкершiлiктен босатылады.
3. Тасымалдаушы, тiркеп сүйретушi сондай-ақ:
1) мiндеттемелер жолаушының, жүк жөнелтушiнiң, жүк алушының, жөнелтушiнiң, алушының, экспедитордың кiнәсiнен орындалмаған немесе тиiсiнше орындалмаған;
2) көлiк ыдысының немесе олардың қасиеттерiнiң жасырын кемшiлiктерi салдарынан жүк, багаж сақталмаған;
3) жүк салмағында табиғи кему нормалары, ылғалдылығының төмендеу нормалары мен таразы аспаптарының көрсетулерiнде алшақтық нормалары шегiнде айырмашылықтар болған, сондай-ақ жүк жөнелтушi тасымалдаушының қатысуынсыз айқындаған салмақ бойынша тасымалдауға қабылданған жүк салмағында айырмашылықтар болған;
4) жүк жөнелтушiнiң немесе жүк алушының жол серiгiнiң iлесiп жүруiмен жүктi тасымалдаған кезде жауапкершiлiктен босатылады.
4. Егер жүк немесе тiркеп сүйретiлетiн объект тасымалдауға немесе тiркеп сүйретуге белгiлi бір мән-жайлар салдарынан ұсынылмаған болса, жүк жөнелтушi, жөнелтушi жауапкершiлiктен босатылады.
16-тарау. Iшкі су көлігіндегі қызметті жүзеге асыру кезінде келтірілген зиянды өтеу
94-бап. Iшкi су жолдары мен порттарда кеме қатынасы мен өзге де қызметтi жүзеге асыру кезiнде келтiрiлген зиян үшiн жауаптылық
Жеке және заңды тұлғалардың навигациялық жабдықтардың құралдарын, кеме қатынасы гидротехникалық құрылыстарын, кеме жолдары мен басқа да объектiлердi зақымдауы немесе жоюы салдарынан келтiрiлген зиян Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексiне сәйкес өтелуге тиiс.
95-бап. Кемелер соқтығысуының салдарынан келтiрiлген
зиян үшiн жауаптылық
1. Кемелер соқтығысқан кезде келтiрiлген зиян Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексiнде белгiленген тәртiппен өтеледi.
2. Егер кемелердiң соқтығысуы екi немесе одан көп тараптардың кiнәсiнен болса, келтiрiлген зиян үшiн жауаптылық олардың әрқайсысының кiнәлiлiк деңгейiне мөлшерлес айқындалады.
Егер соқтығысудың мән-жайларын негiзге ала отырып, әрбір тараптың кiнәлiлiк деңгейiн айқындау мүмкiн болмаса, жауаптылық олардың арасында тең бөлiнедi.
3. Азаматтың өмiрi мен денсаулығына келтiрiлген зиян үшiн тараптар Қазақстан Республикасының азаматтық заңдарына сәйкес ортақ жауаптылықта болады.
96-бап. Кемелер соқтығысуының салдарынан келтiрiлген зиян үшiн жауапкершiлiктен босатудың негiздерi
1. Кемелердiң соқтығысуы кезiнде келтiрiлген зиянға тараптар кiнәлi болмаған, еңсерiлмейтiн күш салдарынан соқтығысқан немесе соқтығысу себептерiн анықтау мүмкiн болмаған жағдайда тараптардың ешқайсысы зиянды өтеудi талап етуге құқылы емес.
Бұл жағдайда әрбір тарап өзiне келтiрiлген залалдар тәуекелiн көтередi.
2. Осы баптың 1-тармағында белгiленген ережелер, егер кемелер немесе олардың бірi соқтығысу сәтiнде зәкiрде тұрса не өзгеше тәсiлмен бекітілген жағдайда қолданылады.
17-тарау. Актілер, кінә қою, талап қою және талап қою мерзімі
97-бап. Актiлер
1. Тасымалдаушылардың, тiркеп сүйретушiлердiң, жүк жөнелтушiлердiң, жүк алушылардың тiркеп сүйретiлетiн объектiлердi жөнелтушiлер мен оларды алушылардың, сондай-ақ жолаушылардың мүлiктiк жауапкершiлiгi үшiн негiз болуы мүмкiн мән-жайлар тиiстi тасымалдауларды жүзеге асыру кезiнде өтiнiштер арқылы коммерциялық актiлермен немесе жалпы нысандағы актiлермен куәландырылады.
Коммерциялық aктi мен жалпы нысандағы актiнiң нысандары, сондай-ақ оларды толтыру ережелерi жүк тасымалдау ережелерiмен және жолаушылар мен багаж тасымалдау ережелерiмен белгiленедi.
2. Тасымалдаушы жүктi, багажды немесе тiркеп сүйретiлетiн объектiнi беру кезiнде мынадай мән-жайларды:
1) жүктiң, багаждың немесе тiркеп сүйретiлетiн объектiнiң нақты атауының, жүктiң немесе багаж салмағының, жүк орындары немесе багаж орындары санының тасымалдау құжатында көрсетiлген деректерге сәйкес болмауын;
2) жүктiң, багаждың немесе тiркеп сүйретiлетiн объектiнiң жоғалуын, кем шығуын және зақымдануын (бүлiнуiн);
3) тасымалдау құжаттары жоқ жүктiң, багаждың немесе тiркеп сүйретiлетiн объектiнiң, сондай-ақ жүксiз, багажсыз немесе тiркеп сүйретiлетiн объектiсiз тасымалдау құжаттарының анықталғанын;
4) зақымданған салдағы сүрек пен такелаждың кем шығуын;
5) ұрланған жүктiң, багаждың немесе тiркеп сүйретiлетiн объектiнiң тасымалдаушыға қайтарылғанын куәландыру үшiн коммерциялық акт толтыруға мiндеттi.
Тасымалдаушы тасымалдау құжаттарында коммерциялық актiнi толтырғаны туралы белгi қоюға мiндеттi.
Коммерциялық актiнi толтырудан бас тартуға немесе оны белгiленген талаптарды бұза отырып ресiмдеуге Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртiппен шағым жасалуы мүмкiн.
3. Сұйық күйiнде тасымалданатын жүктердiң кем шығуы немесе бүлiнуi жүк тасымалдау ережелерiнде белгiленген тәртiпте тасымалдау құжаттарымен куәландырылады.
4. Коммерциялық акт:
1) табиғи кему нормалары, жүк тасымалдау кезiнде ылғалдылық немесе қоқыстану процентiнiң төмендеу нормалары, таразылау құралдары көрсетулеріндегі алшақтық нормалары шегiнде жүк салмағының кем шығуы, навигация қорытындылары бойынша есеп жасау шарттары негiзге алына отырып, тасымалдауға қабылданған жүк салмағындағы айырмашылықтар болған;
2) техникалық ақаусыз кемеде немесе зақымданбаған жабу-пломбалау құрылғылары бар контейнерлерде немесе жүк жөнелтушi немесе жүк алушы өкiлiнiң iлесiп жүруiмен жеткiзiлген жүктi беру жағдайларында жасалмайды.
5. Жалпы нысандағы актiлер осы баптың 2-тармағында көзделмеген мән-жайлар куәландырылған жағдайда жасалады.
6. Акт жасауға қатысушы тараптар оған қол қоюдан бас тартуға құқылы. Акт мазмұнымен келiспеген жағдайда тараптар оған өз пiкiрлерiн жазуға құқылы.
7. Дәйексiз ақпарат жазылған актiнi толтырған немесе оған қол қойған тұлғалар Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртiппен жауапты болады.
98-бап. Кiнә қою және талап қою құқығы
1. Тасымалдаушыға немесе тiркеп сүйретушiге:
1) жүк немесе тiркеп сүйретiлетiн объект жоғалған жағдайда тасымалдаушының немесе тiркеп сүйретушiнiң жүктiң немесе тiркеп сүйретiлетiн объектiнiң келмегенi туралы белгiсi бар жүк тасымалдауға немесе тiркеп сүйретiлетiн объектiнi тiркеп сүйретуге қабылдағаны туралы түбіртегiн ұсына отырып, жүк жөнелтушiнiң, жүк алушының немесе тiркеп сүйретiлетiн объектiнi жөнелтушiнiң немесе тiркеп сүйретiлетiн объектiнi алушының;
2) жүк кем шыққан немесе зақымданған (бүлiнген) не тiркеп сүйретiлген объект зақымданған жағдайда - көлiктiк жүкқұжатты, жүктердi сұйық күйiнде тасымалдағанда - коммерциялық актiнi немесе тасымалдау құжатын, ал коммерциялық акт болмағанда коммерциялық актiнi жасаудан бас тартуға шағым берiлгенi туралы құжатты ұсына отырып, жүктi алушының немесе тiркеп сүйретiлген объектiнi алушының;
3) тасымалдау ақысын және өзге де төлемдердi белгiленген мөлшерден артық төлеген жағдайда - көлiктiк жүкқұжатты ұсына отырып, жүк жөнелтушiнiң, жүк алушының немесе тiркеп сүйретiлетiн объектiнi жөнелтушiнiң, алушының;
4) багаж жоғалған жағдайда - багаж түбіртегiн ұсына отырып жолаушының;
5) багаж кем шыққан немесе зақымданған (бүлiнген) жағдайда тасымалдаушы берген багаждың кем шыққаны немесе зақымданғаны (бүлiнгенi) туралы коммерциялық актiнi ұсынушының;
6) жолаушы кемесiнiң шығуы кiдiртiлген немесе ол кешiгiп келген жағдайда - билетiн көрсете отырып жолаушының;
7) жүктiң немесе тiркеп сүйретiлетiн объектiнiң жеткiзiлу мерзiмдерi сақталмаған жағдайда - көлiктiк жүкқұжатты ұсына отырып, жүк алушының немесе тiркеп сүйретiлетiн объектiнi алушының кiнә қоюға және талап қоюға құқығы бар.
2. Осы бапта белгiленген кiнә қою мен талап қою құқығы тапсыру шарты немесе сенiмхат тиiстi түрде ресiмделген кезде жүк жөнелтушiге, жүк алушыға және өзге де жеке және заңды тұлғаларға берiлуi мүмкiн.
99-бап. Кiнә қоюдың шарттары мен тәртібі
1. Тасымалдау (тiркеп сүйрету) шартынан туындайтын кiнә қоюлар жүк тасымалдаушыға талап қою мерзiмi iшiнде бiлдiрiлуi мүмкiн.
2. Жолаушыларды, багажды, жүктердi тасымалдауға немесе тiркеп сүйретiлетiн объектiлердi тiркеп сүйретуге байланысты туындайтын кiнә қоюлар тасымалдаушыларға немесе тiркеп сүйретушілерге олардың орналасқан жерлерi бойынша бiлдiрiледi.
3. Жүктiң жоғалғаны, кем шыққаны және зақымданғаны (бүлiнгенi) туралы кiнә қоюларға тасымалдау құжаттарынан басқа, кiнә қою құқығын растайтын құжаттар және жөнелтiлген жүктiң саны мен құнын куәландыратын құжаттар қоса берiлуге тиiс. Тасымалдау құжаттары түпнұсқа түрiнде ұсынылады.
100-бап. Кiнә қоюларды қарау мерзiмi
1. Кiнә қою ол алынған күннен бастап екi апта мерзiмде қаралуға тиiс.
2. Тiкелей аралас қатынаста жүзеге асырылатын тасымалдау жөніндегі бір құжат бойынша кiнә қою үш ай мерзiмде қаралуға тиiс.
Егер кiнә қою қабылданбаса немесе осы бапта белгiленген мерзiмде жауап алынбаса, арызданушының талап қою құқығы туындайды.
101-бап. Талап қою мерзiмдерi
1. Тасымалдаушыға (тiркеп сүйретушіге) iшкi су жолдары арқылы тасымалдау шартынан туындайтын талап қоюлар тасымалдаушы кiнә қоюды қанағаттандырудан толық немесе iшiнара бас тартқан жағдайда не кiнә қоюға тасымалдаушыдан мерзiмiнде жауап алынбаған жағдайда ұсынылуы мүмкiн.
2. Талап қою мерзiмiнiң өтуi кiнә қоюға негiз болған оқиғалар туындаған күннен басталады.
3. Талап қою мерзiмi:
1) жүктердi тасымалдау (тiркеп сүйрету) шарты бойынша - бір жыл;
2) жолаушылар мен багаж тасымалдау шарты бойынша - алты ай болып белгiленедi.
4. Кемелердiң соқтығысуына және құтқару операцияларын жүзеге асыруға байланысты туындаған қажеттiлiктер бойынша талап қоюлар екi жыл iшiнде ұсынылуы мүмкiн.
18-тарау. Қорытынды ережелер
102-бап. Дауларды қарау
Iшкi су көлiгi саласындағы қызметтi жүзеге асыру кезiнде туындайтын даулар Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес шешiледi.
103-бап. Осы Заңды бұзғаны үшiн жауаптылық
Осы Заңның бұзылуына кiнәлi тұлғалар Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жауапты болады.
Қазақстан Республикасының