4. Арнаулы мақсаттағы телекоммуникация желiлерiнiң жұмыс iстеуiн қамтамасыз етуге арналған бiрыңғай телекоммуникация желiсінің ресурстарын әзiрлеу мен пайдалану тәртібін Қазақстан Республикасының Үкіметi айқындайды.
5. Байланыс операторлары Қазақстан Республикасы мемлекеттік органдарының, әскери басқару, ұлттық қауіпсiздiк және ішкі істер органдарының қажеттерi үшiн байланыс арналары мен желiлерiн басымдықпен берудi және байланыс арналары бүлінген жағдайда оларды ауыстыру немесе қалпына келтiру жөнiнде бiрiншi кезектегi және шұғыл шаралар қолдануға мiндеттi.
6. Байланыс операторларының, сот шешiмiмен болмаса, байланыс арналарын ажыратуға және (немесе) Қазақстан Республикасының әскери басқару, ұлттық қауiпсiздiк және ішкі iстер органдарына үкіметтік байланыс қызметтерiн, байланыс қызметтерiн көрсетудi тоқтата тұруға құқығы жоқ.
7. Байланыс операторлары байланыстың жұмыс iстеп тұрған және жаңадан салынып жатқан құрылыстары мен тораптарында техникалық құралдарды орналастыру үшiн қажеттi алаңдарды, сондай-ақ арнаулы мақсаттағы телекоммуникация желiлерi мен үкiметтiк байланыс мүдделерiне пайдаланылатын желiлiк-кәбiлдiк құрылыстардағы резервтiк сыйымдылықтар мен кепiлдi электрмен қоректендiруді көздеуге мiндеттi.
8. Бейбiт уақытта жедел жағдай шиеленiскен, ерекше маңызды жұмыстар мен iс-шаралар жүргізілген кезде байланыс операторлары жедел iздестiру қызметiн жүзеге асыратын немесе ерекше маңызды жұмыстар мен iс-шараларды жүргiзуге өкілеттiгi бар байланыс қызметтерiн пайдаланушыларға жеке өтiнiмдер бойынша, шарттарды ресiмдемей уақытша жалдау жағдайында, шығындарды кейiн өтейтіндей етiп, қажет болған жағдайда ортақ пайдаланылатын телекоммуникация желiлерiнің жұмыс арналарын пайдалана отырып, қосымша арналар мен тiкелей байланыс жолдарын бөліп береді.
24-бап. Почта байланысы
1. Почта байланысы почта жөнелтiмдерiн қабылдауды, сұрыптауды, тасымалдау мен жеткізудi, ақша аударуды қамтамасыз ететiн, сондай-ақ шарт негiзiнде мерзiмдi баспасөздi жөнелтудi, жеткiзiп беру мен таратуды, зейнетақылар мен жәрдемақыларды жеткiзіп берудi ұйымдастыратын байланыс инфрақұрылымының бiр бөлiгі болып табылады.
2. Әскери жөнелтiмдердi сұрыптау мен қолға тапсыруды Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерiнің фельдъегерлік-почта байланысы жүзеге асырады.
3. Почта байланысы саласындағы қызметтердi уәкiлеттi орган белгiленген тәртіппен беретiн лицензиялар негiзiнде почта байланысының мемлекеттік емес ұйымдары көрсетуге құқылы.
4. Почта жөнелтiмдерiн жеткізу мерзiмдерiн уәкiлеттi орган айқындайды.
5. Почта жөнелтімiн жiберушi оның құндылығын салыным құны шегiнде жариялауға құқылы.
4-тарау. Телекоммуникация желілерінің әрекеттестігі
25-бап. Телекоммуникация желілерін қосу
1. Барлық байланыс операторларының өз желiлерiн ортақ пайдаланылатын телекоммуникация желiлерiне қосуға құқығы бар.
Телекоммуникацияның бiр желісін басқа желiге қосуды байланыс операторлары шарт негiзiнде жүзеге асырады.
2008.21.11 № 89-ІV ҚР Заңымен 2-тармақ өзгертілді (бұр. ред. қара)
2. Ортақ пайдаланылатын телекоммуникация желiлерiнiң операторлары уәкiлеттi орган бекiтетiн ережелерге сәйкес қосу қызметтерiн көрсетуге мiндетті.
26-бап. Басым байланыс операторларының телекоммуникация желiлерiн қосу ерекшеліктері
2006.07.07. № 174-III ҚР Заңымен (бұр.ред.қара); 2007.27.07. № 316-III ҚР Заңымен (бұр.ред.қара) ; 2008.21.11 № 89-ІV ҚР Заңымен (бұр. ред. қара) 1-тармақ өзгертілді
1. Ортақ пайдаланылатын телекоммуникация желiлерінің басым байланыс операторлары үшін телекоммуникацияның басқа желiлерiн қосу қызметтерiн көрсетудiң, сондай-ақ желiлердiң әрекеттестігі және трафиктi өткізу бойынша осыған байланысты мiндеттемелердің талаптарын айқындайтын қосу шарты жария шарт болып табылады, оның үлгілік нысанын Қазақстан Республикасының Үкіметі бекітеді .
2. Басым байланыс операторының қосу шартын жасасудан бас тартуына жол берiлмейдi.
3-тармақ 2006 ж. 1 қаңтарынан бастап күшіне енді
3. Телекоммуникация желілерiнiң операторлары өз желілерiнде байланыс қызметтерiн пайдаланушылардың әрқайсысына уәкiлетті орган айқындайтын тәртіппен қалааралық және (немесе) халықаралық байланыс операторын еркін таңдаудың техникалық мүмкiндiгін қамтамасыз етуге міндетті.
2008.21.11 № 89-ІV ҚР Заңымен 3-1-тармақпен толықтырылды
3-1. Қалааралық және (немесе) халықаралық телефон байланысы операторлары уәкілетті орган айқындайтын тәртіппен жалғаудың стандартты нүктелерінің тізбесін жариялауға міндетті.
4. Қалааралық және халықаралық байланыс операторлары:
1) өз желiлерiнің абоненттерiне қалааралық және халықаралық телефон байланысы қызметтерiн;
2) басқа байланыс операторларына қалааралық және халықаралық байланыс қызметтерiн;
3) трафик транзитi және басқа байланыс операторларына желілік ресурстарды беру бойынша қызметтердi;
4) Қазақстан Республикасының лицензиялау туралы заң актiсiнде белгiленген тәртіппен тиiстi лицензияларды алған жағдайда байланыс қызметінің өзге де түрлерін көрсетуге құқылы.
5. Қалааралық байланыс операторлары:
1) өз желiлерiнің абоненттер не қалааралық телефон байланысы қызметтерін;
2 тармақша 2006 ж. 1 қаңтарынан бастап күшіне енді
2) басқа байланыс операторларына қалааралық байланыс қызметтерiн;
3) Қазақстан Республикасының лицензиялау туралы заң актісінде белгiленген тәртiппен тиiстi лицензияларды алған жағдайда байланыс қызметінің өзге де түрлерін көрсетуге құқылы.
6. Халықаралық байланыс операторлары:
1) өз желiлерінiң абоненттеріне халықаралық телефон байланысы қызметтерiн;
2 тармақша 2006 ж. 1 қаңтарынан бастап күшіне енді
2) басқа байланыс операторларына халықаралық телефон байланысы қызметтерін;
3) Қазақстан Республикасының лицензиялау туралы заң актiсiнде белгіленген тәртіппен тиiстi лицензияларды алған жағдайда байланыс қызметінiң өзге де түрлерін көрсетуге құқылы.
5-тарау. Байланыс құралдарын, байланыс ғимараттары мен желілерін,
радиожиілік спектрін және байланыс жерсеріктерінің орбиталық
позицияларын қорғау және күзету
27-бап. Байланыс желiлерінің күзетілетін аймақтары
1. Байланыс желiлерінің сақталуын, техникалық құралдардың, ғимараттар мен құрылғылардың пайдаланылуын қамтамасыз ету мақсатында күзетілетін аймақтар мен соқпақтар белгiленедi, олар жердi ерекше шарттармен пайдалану аймақтары болып табылады.
2. Күзетілетiн аймақтарға енгiзiлген жер жергілікті жерде арнаулы белгілермен белгіленедi. Мұндай жер меншік иелерi мен жер пайдаланушылардан алып қоюға жатпайды.
3. Күзетілетiн аймақтарды белгiлеу тәртiбін және олардағы жұмыс режимiн уәкілетті орган айқындайды. Аталған аймақтардың шекараларын және олардағы жер пайдалану режимін Қазақстан Республикасының жер туралы заңдарына сәйкес жерді меншікке немесе жер пайдалануға беру туралы шешім қабылдаған орган айқындайды.
28-бап. Байланыс құралдарын, байланыс ғимараттары мен желiлерiн, радиожиілік спектрін және байланыс жерсеріктерінің орбиталық позицияларын қорғау және күзету
2008.21.11 № 89-ІV ҚР Заңымен 1-тармақ жаңа редакцияда (бұр. ред. қара)
1. Телекоммуникация желілері мен құралдары, радиожиілік спектрі және байланыс жерсеріктерінің орбиталық позициялары мемлекеттің қорғауында болады.
Телекоммуникация желілері мен құралдары бүлінген кезде келтірілген шығындарды анықтау тәртібін уәкілетті орган айқындайды.
2. Байланыс құралдарын, байланыс ғимараттары мен желiлерін, радиожиілік спектрін, байланыс жерсерiктерiнiң орбиталық позицияларын күзету Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес белгiленеді.
3. Радиожиiлiк спектрiн және байланыс жерсерiктерiнiң орбиталық позицияларын пайдаланудың белгiленген тәртібін қорғау мақсатында электромагниттiк жүйелердiң жұмыс iстеуiне нормаланбаған бөгеуiлдер туғызатын радиоэлектрондық байланыс құралдарын шығаруға және Қазақстан Республикасына әкелуге, сондай-ақ пайдалануға Қазақстан Республикасының заңдарымен шектеулер белгiленуi мүмкін.
4. Байланыс құралдарының, телекоммуникация ғимараттары мен желiлерiнiң бүлiнуiне, радиоэлектрондық құралдар мен жоғары жиектi құрылғыларды дайындаудың, сатып алудың, әкелудiң, пайдаланудың және тіркеудiң, барлық мақсаттағы радиоэлектрондық құралдар мен жоғары жиілiктi құрылғылардың жұмысына арналған радиожиiлiктi пайдаланудың белгіленген тәртібiн бұзуға жол берген, сондай-ақ теле- және радио қабылдауға нормаланбаған бөгеуiлдер жасайтын жеке және заңды тұлғалар Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген тәртіппен жауаптылықта болады.
2006.31.01. № 125-III ҚР Заңымен 5-1- тараумен толықтырылды; 2009.17.07. № 188-IV ҚР Заңымен 5-1-тараудың тақырыбы жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
5-1-тарау. Қазақстан Республикасының аумағындағы байланыс
және радиобақылау саласындағы мемлекеттік бақылау
2009.17.07. № 188-IV ҚР Заңымен 28-1-бап жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
28-1-бап. Байланыс саласындағы мемлекеттік бақылау
1. Байланыс саласындағы мемлекеттік бақылау тексеру нысанында және өзге де нысандарда жүзеге асырылады.
2011.06.01. № 378-IV ҚР Заңымен 2-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
2. Тексеру «Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік бақылау және қадағалау туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес жүзеге асырылады. Мемлекеттік бақылаудың өзге де нысандары осы Заңға сәйкес жүзеге асырылады.
28-2-бап. 2009.17.07. № 188-IV ҚР Заңымен алып тасталды (бұр.ред.қара)
28-3-бап 2009.17.07. № 188-IV ҚР Заңымен алып тасталды (бұр.ред.қара)
28-4-бап. 2009.17.07. № 188-IV ҚР Заңымен алып тасталды (бұр.ред.қара)
2009.17.07. № 188-IV ҚР Заңымен 28-5-бап өзгертілді (бұр.ред.қара)
28-5-бап. Радиобақылауды жүргізу тәртібi
1. Азаматтық мақсаттағы радиоэлектрондық құралдар мен жоғары жиілікті құрылғылардың сәуле таратуын радиобақылау радиоэлектрондық құралдар мен жоғары жиілікті құрылғылардың техникалық құжаттамасына және өлшемдеріне құжаттық бақылау жүргізу, сондай-ақ олардың жұмыс режимдерін бақылау-өлшеу аппаратурасы мен радиотехникалық бақылау құралдарының көмегімен бақылау (аспаптық бақылау) жолымен жүзеге асырылады.
Радиобақылауды уәкілетті органның аумақтық бөлімшелері уәкілетті органның басшысы не оны ауыстыратын адам бекіткен радиобақылау жоспар-кестелеріне сәйкес жүргізеді.
Радиобақылаудың жоспар-кестесін аумақтық бөлімшелер әрбір тоқсанға жасайды.
Радиоэлектрондық құралдар мен жоғары жиілікті құрылғыларды пайдаланушылар жол берген бұзушылықтар анықталған кезде уәкілетті орган оларға бұзушылықтарды жою туралы нұсқама жібереді.
Азаматтық мақсаттағы тіркелген радиоэлектрондық құралдар мен жоғары жиілікті құрылғылардың жұмысында бөгеуіл туындаған жағдайда:
1) бөгеуіл жасалып отырған радиоэлектрондық құралдар мен жоғары жиілікті құрылғылардың иелері радиоэлектрондық құралдар мен жоғары жиілікті құрылғылардың техникалық өлшемдерінің, соның ішінде қабылдау құрылғыларының таңдау немесе қорғаныш қасиеттерінің нормалар мен стандарттарға сәйкестігіне көз жеткізуі қажет. Егер олар нормаларға сәйкес болмаса, радиоэлектрондық құралдардың иелері сипаттамалардың нормаларға сәйкес келтірілуі жөнінде шаралар қабылдауға немесе радиоэлектрондық құралдар мен жоғары жиілікті құрылғыларды ауыстыруға тиіс. Басқа радиоэлектрондық құралдар мен жоғары жиілікті құрылғылардың сәуле таратуы салдарынан бөгеуіл туындаған кезде бөгеуіл жасалып отырған радиоэлектрондық құралдар мен жоғары жиілікті құрылғылардың иелері уәкілетті органға жүгінеді;
2) уәкілетті орган бөгеуілдердің көздерін және сипатын, олардың туындау себептерін анықтау жөніндегі жұмыстарды ұйымдастырады және оларды жою шараларын қабылдайды;
3) радиоэлектрондық құралдар мен жоғары жиілікті құрылғылардың белгіленген өлшемдерінің және (немесе) жұмыс режимінің бұзылуы, олардың қабылдау құрылғыларының таңдау немесе қорғаныш қасиеттерінің нашарлауы қатар құрған радиоэлектрондық құралдар мен жоғары жиілікті құрылғылардың өзара әсеріне негізделген интермодуляциялық сипаттағы бөгеуілдер салдарынан болғанда уәкілетті орган бөгеуілдерді жою жөнінде нұсқама немесе ұсыным береді;
4) тағайындалған жиіліктердегі бөгеуілдерді жою мүмкін болмаған кезде уәкілетті орган радиожиіліктерді жаңадан тағайындауды жүргізеді;
5) қапияда болған, өнеркәсіптік немесе технологиялық сипаттағы бөгеуілдер болғанда уәкілетті орган бөгеуіл көзін анықтау және оларды жою жөнінде шаралар қабылдайды.
2. Шет мемлекеттердің байланыс әкімшіліктерінен Қазақстан Республикасының аумағындағы көздерден болған радиобөгеуілдерге шағымдар түскен кезде уәкілетті орган халықаралық келісімге сәйкес осы шағымдардың құқықтық негізін анықтайды, егер шағымдар негізделген болса, бөгеуілдердің себептерін белгілейді және оларды жою жөнінде шаралар қабылдайды.
3. Қазақстан Республикасының аумағында орналасқан радиоэлектрондық құралдар мен жоғары жиілікті құрылғыларға басқа мемлекеттердің аумағында орналасқан көздерден бөгеуіл жасалып отырған жағдайда, уәкілетті орган Қазақстан Республикасының аумағында орналасқан радиоэлектрондық құралдар мен жоғары жиілікті құрылғылар иелерінің мүдделерін қорғау мақсатында халықаралық келісімге сәйкес бөгеуілдерді жою жөнінде шаралар қабылдайды.
4. Радиобөгеуілдер мен тиісті рұқсаты жоқ радиоэлектрондық құралдар мен жоғары жиілікті құрылғылардың қолданысын анықтау және олардың жолын кесу жөніндегі іс-шараларды уәкілетті орган жүргізеді.
28-6-бап. Радиоэлектрондық құралдар мен жоғары жиіліктi құрылғылар иелерінің құқықтары
Радиоэлектрондық құралдар мен жоғары жиілікті құрылғылар иелері:
1) радиоэлектрондық құралдар мен жоғары жиілікті құрылғыларға тағайындалған радиожиіліктерді (радиожиілік арналарын) берілген рұқсат талаптарына сай қызметті жүзеге асыру үшін пайдаланады;
2) радиоэлектрондық құралдар мен жоғары жиілікті құрылғыларға тағайындалған радиожиіліктегі (радиожиілік арнасындағы) бөгеулерді жою үшін уәкілетті органға жүгінеді;
3) лауазымды адамдардың, уәкілетті органның әрекетіне (әрекетсіздігіне), шешіміне Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен шағым жасайды.
28-7-бап. Радиоэлектрондық құралдар мен жоғары жиіліктi құрылғылар иелерінің міндеттерi
Радиоэлектрондық құралдар мен жоғары жиілікті құрылғылар иелері:
1) радиоэлектрондық құралдар мен жоғары жиілікті құрылғылардың техникалық сипаттамалары мен пайдалану жағдайларының рұқсатта жазылған талаптарға, сондай-ақ белгіленген ережелер мен нормаларға сай келуін қамтамасыз етеді;
2) қызмет куәлігін көрсеткен кезде уәкілетті органның лауазымды адамдарының радиоэлектрондық құралдар мен жоғары жиілікті құрылғыларға қолжетімділігін қамтамасыз етеді;
3) уәкілетті органның радиоэлектрондық құралдардың радиожиіліктерін (радиоарналарын) пайдалануды тоқтата тұру (соның ішінде, уақытша тыйым салуды енгізу салдарынан) немесе тоқтату туралы, соның ішінде радиоэлектрондық құралдар мен жоғары жиілікті құрылғыларды пайдаланушыларға берілген рұқсат талаптарын бұзушылықты жою жөніндегі нұсқаманы орындайды.
6-тарау. Байланыс желілерін дамыту
29-бап. Байланыс желілерін дамыту
1. Байланыс операторлары байланыс желілерін дамытуды дербес жоспарлайды және жүзеге асырады. Пайдаланушыларға телекоммуникацияның әмбебап қызметтерін көрсетуді қамтамасыз ететін байланыс желілерін дамыту Қазақстан Республикасының Үкіметі бекітетін бағдарламаларға сәйкес жүзеге асырылады.
2. Байланыс желілерін дамытуға бағытталған іс-шараларды қаржыландыру өз қаражатының және қарыз қаражатының есебінен, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген тәртіппен инвестицияларды тарту есебінен жүзеге асырылуы мүмкін.
3. Тұрғын үйлер мен басқа да объектiлердi салу кезiнде iшкi және орамдар iшіндегі байланыс желiлерiн жобалау мен тарту, сондай-ақ абоненттiк почта шкафтарын орнату қолданыстағы техникалық нормалар мен ережелер негiзiнде құрылысқа тапсырыс берушiлердiң қаражаты есебiнен жүзеге асырылады.
4. Тұрғын жай массивтерiнiң кешендi құрылысын, өндiрiстiк объектiлер мен оған iргелес жатқан елдi мекендердi салу кезiнде, азаматтық ғимараттар мен почта бөлiмшелерiнiң үй-жайларын қоса алғанда, барлық байланыс құралдарын жобалау мен салу тапсырыс берушiнiң қаражаты есебiнен жүзеге асырылады.
2008.21.11 № 89-ІV ҚР Заңымен 4-1-тармақпен толықтырылды
4-1. Кабельдік кәрізді қоса алғанда, кварталдар ішіндегі желілер мен байланыс жолдарын, инженерлік инфрақұрылымның басқа да объектілерін жобалау және тарту байланыс ғимараттарын, телекоммуникация жолдарын және инженерлік инфрақұрылымның басқа да объектілерін салу жоспарларына сәйкес жүзеге асырылады.
5. Үйлердi, ғимараттарды, жолдарды, көпiрлердi және басқа да объектiлердi салу немесе қайта жаңарту кезiнде байланыс желiлерiн қайта салу мен көшiру жөніндегі жұмыстар стандарттарға сәйкес және байланыс желiлерiнiң меншiк иелерi және (немесе) пайдаланушылар беретiн техникалық шарттар бойынша құрылысқа тапсырыс берушiнiң есебiнен орындалады.
6. Жалпыреспубликалық магистральдық, халықаралық байланыс жолдары мен желiлерiн жобалауды, салуды құрылыс саласындағы уәкiлеттi мемлекеттік орган беретiн лицензия негiзiнде жеке және заңды тұлғалар уәкiлеттi органмен келiсе отырып жүзеге асырады.
7. Қызметкерлерi үкiметтiк байланыс желісінiң абоненттерi болып табылатын мемлекеттік органдардың және ұйымдардың ғимараттарын, құрылыстары мен объектiлерiн салу кезiнде, сондай-ақ олар орналасқан жерiн ауыстырған кезде қосу желiлерiн және арнаулы мақсаттағы iшкi байланыс желiлерiн жобалау мен тартуды құрылысқа тапсырыс берушiлер өз қаражаты есебiнен жүзеге асырады.
2008.21.11 № 89-ІV ҚР Заңымен Заң 29-1 баппен толықтырылды
29-1-бап. Тікелей сым-өткізгішті пайдалануға беру
Жергілікті телекоммуникация желісінің иесі телекоммуникация желісі иелерінің және (немесе) байланыс операторларының өтініші бойынша шарттық талаптарымен тікелей сым-өткізгіштерді, оның ішінде Интернет желісіне қол жеткізу қызметін көрсету үшін абоненттік жолдардың бір бөлігі болып табылатын тікелей сым-өткізгіштерді пайдалануға бере алады.
Абонент Интернет желісіне қол жеткізу қызметін көрсететін байланыс операторын таңдауға құқылы.
30-бап. Көлiк құралдарын пайдалану
1. Фельдъегерлiк және арнаулы байланыс қызметтерiне шарт талаптарымен темір жол, теңiз, iшкi су, әуе және автомобиль көлiгiнiң барлық бағдарлары мен жолдары бойынша почта байланысы қызметкерлерiнiң, фельдъегерлiк және арнаулы байланыс қызметкерлерiнiң алып жүруiмен почта және арнаулы жөнелтiмдердi тасымалдауға, сондай-ақ почта жөнелтiмдерiн Қазақстан Республикасының азаматтық заңдарына сәйкес тасымалдау үшiн тапсыруға құқық берiледi.
2. Облыс iшіндегі қалааралық, қалааралық, облысаралық және халықаралық бағдарлар бойынша тұрақты тасымалдауды жүзеге асыратын көлiк ұйымдары, Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес тасымалдау жөніндегі қызметтердi көрсетуге мүмкiндiгi болмаған жағдайларды қоспағанда, почта және арнаулы жөнелтiмдердi тасымалдауға шарт жасасудан бас тартуға құқылы емес, сонымен қатар:
1) фельдъегерлiк және арнаулы байланыс қызметкерлерiнiң қызметтiк мiндеттерiн орындау кезiнде кезексiз билет сатып алу;
2) фельдъегерлiк және арнаулы байланыс қызметтерi автомобиль көлiгi құралдарының темір жол, теңiз, iшкi су, әуе және автомобиль көлiктерi тұрақтарына өту;
3) фельдъегерлiк және арнаулы байланыс қызметтерi қарулы қызметкерлерiнiң жолаушыларды жаппай отырғызуға дейiн көлiкке отыру құқығын қамтамасыз етедi.
3. Фельдъегерлiк және арнаулы байланыс қызметтерiнiң автомобиль көлiгi құралдары қандай да бiр ерекше жазбаларсыз «арнаулы» санатқа жатқызылады және соғыс жағдайын енгізу немесе соғыс уақытын жариялау жағдайларын, сондай-ақ төтенше жағдай енгізу кезiн не табиғи және техногендiк сипаттағы төтенше жағдай болған кездi қоспағанда, оларды осы қызметтердiң келісімiнсiз мемлекеттік органдар мен мемлекеттік ұйымдардың мүдделерiне пайдалануға болмайды.
4. Бүлiнген байланыс желiлерi мен құралдарында авариялық ахуал туындаған жағдайда байланыс ұйымдары тасымалдаушыдан көлiк құралдарын бiрiншi кезекте жалға алуға құқылы.
Байланыс ұйымдарына тиесiлi автомобиль көлiгi құралдарының арнаулы рәмiздерi болуы мүмкiн және оларды байланыс ұйымдарының келісімiнсiз байланыс саласындағы қызметке жатпайтын қызметтер көрсету мен жұмыстарды орындау үшiн пайдалануға болмайды.
31-бап. Байланыс жерiн беру және пайдалану
1. Қазақстан Республикасының жер туралы заңдарына сәйкес байланыс операторларына меншiкке, тұрақты немесе уақытша жер пайдалануға берiлген, сондай-ақ жер учаскесiн шектеулi нысаналы пайдалану (сервитут) құқығымен берiлген жер учаскелерi байланыс жерiне жатады.
2. Автостанциялар мен темір жол станциялары, әуежайлар, теңiз, өзен порттары мен айлақтары жанынан почта тасымалдау бөлiмшелерi үшiн үйлер, құрылыстар немесе ғимараттар салуға арналған жер учаскелерi вокзал үйiне таяу жерден, ал қалалық почтамттар мен почта байланысы тораптарын салуға - автомобиль көлiгi құралдарымен, почта вагондарымен, ұшақтармен, теңiз және өзен кемелерiмен жеткiзiлген почта жөнелтімдерін алмастыруға жағдай туғыза отырып, қаланың орталық бөлiгiнен бөлiнуге тиiс.
3. Байланыс операторларына берiлетiн жер учаскелерiнiң, оның iшiнде күзетiлетiн аймақтар мен соқпақтардың көлемi Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртiппен осы қызмет түрi үшiн жер учаскелерiн бөлудiң нормаларына және жобалау-техникалық құжаттамаға сәйкес айқындалады.
4. Байланыс саласындағы қызметтi жүзеге асыратын тұлғалар Қазақстан Республикасының заңдарында ұсынылатын талаптар сақталған жағдайда көпiрлер, туннельдер, көшелер, автомобиль және темір жолдар, құрылыстар, коллекторлар, тыйым салынған аймақтар, ормандар мен сулар арқылы байланыс желiлерiн тартуға құқылы.
5. Ерекше қорғалатын табиғи аумақтар жерiне және жердi ерекше шарттармен пайдалану аймақтарына телекоммуникация желiлерi мен объектiлерiн салу Қазақстан Республикасының жер туралы заңдарына сәйкес аталған жерде (аумақтарда) жер пайдаланудың белгiленген режимiн ескере отырып жүзеге асырылады.
6. Жер учаскесіндегі, үйдегi, құрылыстағы немесе ғимараттағы жұмыстар аяқталғаннан кейiн байланыс операторы немесе тапсырыс берушi жер учаскесiн, үйдi, құрылысты немесе ғимаратты өз есебiнен бастапқы қалпына келтiруге не жер учаскесiнiң меншiк иесiне, жер пайдаланушыға немесе үйдiң, құрылыстың немесе ғимараттың меншiк иесiне келтiрiлген шығындарды өтеуге мiндеттi.
7. Байланыс операторлары желiлер мен объектiлердi салу кезiнде табиғат қорғау технологияларын қолдануға және қызметiн жүзеге асыру кезiнде экологиялық жағдайдың нашарлауына жол бермеуге мiндеттi. Бұл орайда қоршаған ортаға және халықтың экологиялық қауiпсiздiгiне келтiрген залалы үшiн операторлар Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртiппен жауаптылықта болады.
8. Елдi мекендердi жаңадан салуға, кеңейтуге, қайта жаңартуға, жердi игеруге, мелиорация жүйелерiн қайта орналастыруға, пайдалы қазбаларды шығаруға байланысты байланыс ғимараттарын көшiрудi немесе қайта орналастыруды құрылыс тапсырысшылары стандарттарға сәйкес және байланыс желiлерiн иеленушiлердiң және (немесе) пайдаланушылардың техникалық шарттары бойынша өз есебiнен жүргiзедi. Бұл ретте байланыс құралдарының қуатын ұлғайту байланыс ғимараттары меншiк иелерiнiң есебiнен жүзеге асырылады.
9. Жер учаскесiнiң меншiк иесi немесе жер пайдаланушы өзiне меншiк немесе жер пайдалану құқығымен тиесілі жер учаскесiн шектеулі нысаналы пайдалану құқығын мүдделi байланыс операторларына табыстауға мiндеттi.
10. Байланыс объектiлерi үшiн жер учаскелерiне құқықтар табыстау жергiлiктi атқарушы органдар шешiмiнiң, жер учаскесiн сатып алу-сату шартының, жер учаскесiн жалдау шартының негiзiнде, сондай-ақ жер учаскесiн шектеулi нысаналы пайдалану туралы шарт (сервитут шарты) бойынша жүзеге асырылады.
7-тарау. Телекоммуникацияның әмбебап қызметтері
32-бап. Телекоммуникацияның әмбебап қызметтерi
1. Телекоммуникацияның әмбебап қызметтерi - дауыстық телефония мен жеткізу жолдарын пайдалану секторында бекітілген байланыс қызметтерi, оларды уәкiлеттi орган белгiлеген қызмет көрсету сапасының параметрлерiмен халыққа беру мiндеттi болып табылады.
2. Телекоммуникацияның әмбебап қызметтерiн берудiң негiзгi өлшемдерiне:
1) байланыс қызметтерiн пайдаланушылар үшiн бағаның қолжетiмдiлiгi;
2) тұрған жерi бойынша елдi мекен санатын және тұрғындар санын ескере отырып айқындалатын қолжетiмдiлiк;
3) белгiленген уақыт кезеңi iшiнде жеке телефондар орнатуға немесе қолжетiмдi жолдың белгiлi бiр санын енгізуге (қоғамдық телефондар орнатуға) өтiнiмдердi қанағаттандыруды ескере отырып айқындалатын уақыт бойынша қолжетiмдiлiк жатады.
2008.21.11 № 89-ІV ҚР Заңымен 3-тармақ өзгертілді (2009 ж.1 қаңтарда қолданысқа енді) ( бұр.ред. қара)
3. Қалааралық және (немесе) халықаралық телефон байланысын, сондай-ақ ұялы байланысты беру құқығы үшін республикалық бюджетке қалааралық және (немесе) халықаралық телефон байланысы, сондай-ақ ұялы байланыс берiлгенi үшiн Қазақстан Республикасының салық заңдарында айқындалатын тәртiппен төлемақы енгiзiледi.