72-бап. Сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымы кредиторларының талаптарын қанағаттандыру кезектiлiгi
1. Сақтандыру ұйымы кредиторларының заңдарда белгiленген тәртiппен танылған талаптары мынадай кезектiлiк пен қанағаттандырылуға тиiс:
2010.15.07. № 338-ІV ҚР Заңымен 1) тармақша жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
1) бiрiншi кезекте, сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымын тарату туралы соттың шешімі заңды күшіне енгенге дейін басталған сақтандыру жағдайлары бойынша сақтандыру төлемдерін жүзеге асыру жөніндегі кредиторлардың талаптары қанағаттандырылады;
2010.15.07. № 338-ІV ҚР Заңымен 1-1) тармақшамен толықтырылды
1-1) екінші кезекте, жалақыдан және (немесе) өзге де кірістерден алименттерге ұсталған төлемдерді төлеу жөніндегі талаптар, сондай-ақ таратылатын сақтандыру ұйымы азаматтардың өмiрiне немесе денсаулығына зиян келтiргенi үшiн жауапты болатын жағдайда, ол азаматтардың талаптары сақтандыру шарттары бойынша жауапкершiлiкпен байланысты емес негiздер бойынша тиiстi мерзiмдiк төлемдердi капиталдандыру арқылы қанағаттандырылады;
2010.15.07. № 338-ІV ҚР Заңымен 2) тармақша жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
2) үшінші кезекте, еңбек шарты бойынша жұмыс iстейтiн адамдармен еңбекке ақы төлеу және өтемақы төлеу жөнінде, Әлеуметтік сақтандыру мемлекеттік қорына әлеуметтік аударымдар бойынша, жалақыдан ұсталған міндетті зейнетақы жарналарын төлеу жөнiндегі берешектер, сондай-ақ авторлық шарттар бойынша сыйақылар төлеу жөнiнде есеп айырысу жүргiзiледi;
2010.15.07. № 338-ІV ҚР Заңымен 3) тармақша өзгертілді (бұр.ред.қара)
3) төртінші кезекте, сақтандырылушының жеке өзiне байланысты жасалған сақтандыру шарттары бойынша кредиторлардың талаптары қанағаттандырылады;
2010.15.07. № 338-ІV ҚР Заңымен 4) тармақша өзгертілді (бұр.ред.қара)
4) бесінші кезекте, кредиторлардың - жеке тұлғалардың өздерi жасалған мүлiктiк сақтандыру шарттары және сақтандырылушының жеке өзiне байланысты емес сақтандырудың басқа да түрлерi бойынша талаптары қанағаттандырылады;
2010.15.07. № 338-ІV ҚР Заңымен 5) тармақша жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
5) алтыншы кезекте, жасалған сақтандыру шарттары бойынша осы тармақтың 3) және 4) тармақшаларында көрсетілгеннен өзге, кредиторлардың талаптары, сондай-ақ сақтандыру ұйымдарын мәжбүрлеп тарату кезiнде сақтандыру шарттары бойынша жүзеге асырылған кепiлдiк төлемдерi, Қазақстан Республикасының сақтандыру ісі және сақтандыру қызметі туралы заңнамасында көзделген тәртіппен және жағдайларда басқа сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымына берілген мәжбүрлеп таратылатын сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының сақтандыру портфелін төлеуге байланысты шығыстары және оларды жүзеге асыруға байланысты өзге де шығыстар бойынша сақтанушылардың (сақтандырылушылардың, пайда алушылардың) сақтандыру төлемдерiн жүзеге асыруға кепiлдiк беретiн ұйымның талаптары қанағаттандырылады;
2010.15.07. № 338-ІV ҚР Заңымен 6) тармақша өзгертілді (бұр.ред.қара)
6) жетінші кезекте, таратылатын сақтандыру ұйымының мүлкiн қамтамасыз етiлу сомасы шегiнде кепiлге салумен қамтамасыз етiлген мiндеттемелер бойынша кредиторлардың талаптары қанағаттандырылады;
2010.15.07. № 338-ІV ҚР Заңымен 7) тармақша өзгертілді (бұр.ред.қара)
7) сегізінші кезекте, салықтар, алымдар және бюджетке төленетiн басқа да мiндеттi төлемдер бойынша, сондай-ақ республикалық бюджеттен берiлген кредиттердi қайтару бойынша берешек өтеледi;
2010.15.07. № 338-ІV ҚР Заңымен 8) тармақша өзгертілді (бұр.ред.қара)
8) тоғызыншы кезекте, Қазақстан Республикасының заң актілеріне сәйкес басқа кредиторлармен есеп айырысу жүзеге асырылады.
2010.15.07. № 338-ІV ҚР Заңымен 2-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
2. Сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымын тарату ісіне байланысты шығыстар кезектен тыс жүргізіледі.
3. Қайта сақтандыру ұйымы кредиторларының заңдарда белгiленген тәртiппен танылған талаптары мынадай кезектiлiкпен қанағаттандырылуға тиiс:
2010.15.07. № 338-ІV ҚР Заңымен 1) тармақша өзгертілді (бұр.ред.қара)
1) бiрiншi кезекте, жалақыдан және (немесе) өзге де кірістерден алименттерге ұсталған төлемдерді төлеу жөніндегі талаптар, сондай-ақ таратылатын қайта сақтандыру ұйымы азаматтардың өмiрiне немесе денсаулығына зиян келтiргенi үшiн жауапты болатын жағдайда, ол азаматтардың талаптары қайта сақтандыру шарттары бойынша жауапкершiлiкпен байланысты емес негiздер бойынша тиiстi мерзiмдiк төлемдердi капиталдандыру арқылы қанағаттандырылады;
2010.15.07. № 338-ІV ҚР Заңымен 2) тармақша жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
2) екінші кезекте, еңбек шарты бойынша жұмыс iстейтiн адамдармен еңбекке ақы төлеу және өтемақы төлеу жөнінде, Әлеуметтік сақтандыру мемлекеттік қорына әлеуметтік аударымдар бойынша, жалақыдан ұсталған міндетті зейнетақы жарналарын төлеу жөнiндегі берешектер, сондай-ақ авторлық шарттар бойынша сыйақылар төлеу жөнiнде есеп айырысу жүргiзiледi;
3) үшiншi кезекте, цеденттердiң «өмiрдi сақтандыру» саласы бойынша шарттардан туындайтын талаптары қанағаттандырылады;
4) төртiншi кезекте, цеденттердiң «жалпы сақтандыру» саласы бойынша шарттардан туындайтын талаптары қанағаттандырылады;
5) бесiншi кезекте, таратылатын қайта сақтандыру ұйымының мүлкiн қамтамасыз етiлу сомасы шегiнде кепiлге салумен қамтамасыз етiлген мiндеттемелер бойынша кредиторлардың талаптары қанағаттандырылады;
6) алтыншы кезекте, салықтар, алымдар және бюджетке төленетiн басқа да мiндеттi төлемдер бойынша, сондай-ақ республикалық бюджеттен берiлген кредиттердi қайтару бойынша берешек өтеледi;
7) жетiншi кезекте, Қазақстан Республикасының заң актілеріне сәйкес басқа кредиторлармен есеп айырысу жүзеге асырылады.
4. Әрбiр келесi кезектегi талаптар одан алдыңғы кезектегi талаптар толық орындалғаннан кейiн қанағаттандырылады.
Бiр кезектегi кредиторлардың талаптарын қанағаттандырған кезде қаражат олардың арасында қанағаттандырылуға жататын талаптар сомасына бара-бар бөлiнедi.
5. Тиiстi кезегi келгенде кредитордың талабы оның келісімiмен Қазақстан Республикасының заңдарына қайшы келмейтiн әдiстермен, оның iшiнде есеп айырысудың бара-барлық принципiн сақтай отырып, ақшалай нысанда және (немесе) мүлiктi заттай күйiнде беру арқылы қанағаттандырылуы мүмкiн.
10.07.03 ж. № 483-II Заңымен 73-бап жаңа редакцияда (бұр. ред. қара); 2005.23.12 № 107-III (бұр. ред. қара); 2006.31.01. № 125-III (бұр. ред. қара) ҚР Заңдарымен 73-бап өзгертілді
73-бап. Уәкiлеттi органның сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымдарын тарату процесіндегі бақылау өкiлеттiктерi
1. Ерiктi және мәжбүрлеп, оның iшiнде банкроттық негiз бойынша таратылатын сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымдарының тарату комиссияларының қызметiн бақылауды жүзеге асыру мақсатында уәкiлеттi орган:
1) тарату комиссияларынан iстелген жұмыс туралы есептердi, ал қажет болған жағдайда, қосымша ақпаратты да алуға;
2) тарату комиссияларының есептер мен қосымша ақпаратты беру нысанын, мерзiмдерiн және кезеңдiлiгiн белгiлеуге;
3) Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген тәртіппен тарату комиссияларының қызметiн тексерудi жүргiзуге;
4) тарату комиссияларының қызметiнде Қазақстан Республикасының заңдарын, кредиторлардың құқықтары мен заңды мүдделерiн бұзу анықталған кезде кемшiлiктердi жою жөнiнде, тарату комиссиялары орындауға мiндеттi жазбаша нұсқамалар шығаруға, нұсқамалардың орындалу мерзiмiн белгiлеуге;
5) тарату комиссиясы белгiленген мерзiмде жазбаша ұйғарымды орындамаған жағдайда кредиторлардың құқықтарын және заңмен қорғалатын мүдделерiн қорғау үшiн сотқа не прокуратура органдарына жүгiнуге;
6) тарату шығыстарының сметасын қалыптастыру мен бекітудің ерекшеліктерін және тәртібін белгілеуге;
7) тарату комиссияларының кассадағы қолма-қол ақшаны сақтау, қолма-қол ақшамен кіріс және шығыс операцияларын жасау, касса құжаттарын жүргізу ережелерін орындау, қолма-қол ақшаның жұмсалуын қамтамасыз ету жөніндегі талаптарын, касса қалдықтарының лимиттерін, сондай-ақ тарату комиссиясының ағымдағы шотына қолма-қол ақшаны өткізу мерзімдерін айқындауға құқылы.
2. Тарату комиссиясы Қазақстан Республикасының заңдарын бұзған жағдайда тарату комиссиясының төрағасы Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жауапты болады.
13-тарау. Есеп беру және өзге де мәселелер
11.06.04 ж. № 562-II (бұр. ред. қара); 2005.08.07. № 69-III; 2006.20.02. № 128-III (бұр. ред. қара); 2006.05.05 № 139-III (бұр. ред. қара); 2007.28.02. № 235-III (бұр. ред. қара); 2010.19.03. № 258-ІV (бұр.ред.қара) ҚР Заңдарымен 74-бап өзгертілді
74-бап. Қаржылық және өзге де есеп беру
1. Сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымы мен сақтандыру брокерi өздерi жүргiзген операциялардың есебiн қаржылық есептіліктің халықаралық стандарттарына, Қазақстан Республикасының бухгалтерлік есеп пен қаржылық есептілік туралы заңнамасына сәйкес жүзеге асырады.
2. Шоғырландырылған негiздегі қаржылық есептіліктi қоса алғанда, сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымы мен сақтандыру брокерiнiң қаржылық есептiлігі тiзбесін, нысандарын, оларды беру мерзiмдерi мен тәртібін уәкілетті органмен келісім бойынша Ұлттық Банк белгілейдi.
2-1. Шоғырландырылған негiздегi қаржылық есептiлiктi қоса алғанда (қаржылық есептiлiкті қоспағанда), сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымы мен сақтандыру брокерi есептiлiгiнiң тiзбесiн, нысандарын, оларды беру мерзімі мен тәртібін уәкілетті орган белгiлейдi.
3. Сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымы және сақтандыру брокері уәкiлеттi органның сұратуы бойынша оған өзiнiң мүлкi туралы, оның iшiнде Қазақстан Республикасының шегiнен тыс жерлердегi мүлкi туралы, қабылданған тәуекелдердiң мөлшерi, берiлген кепiлдiктер мен кепiлгерлiктер туралы, жасалған және жасалатын сақтандыру және қайта сақтандыру мәмiлелерi туралы мәлiметтердi, заңды тұлғалардың жарғылық капиталдарына қатысу туралы мәлiметтердi, өзiнiң бақылау және қадағалау функцияларын жүзеге асыру мақсатында сақтандыру құпиясы бар мәлiметтердi табыс етуге мiндеттi.
4. 2010.15.07. № 338-ІV ҚР Заңымен алып тасталды (бұр.ред.қара)
2005.23.12 № 107-III ҚР Заңымен 74-1-баппен толықтырылды; 2008.23.10. № 72-IV ҚР Заңымен (бұр.ред. қара); 2010.15.07. № 338-ІV ҚР Заңымен (бұр.ред.қара) 74-1-бап өзгертілді
74-1-бап. Сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымы ірі қатысушысының және сақтандыру холдингтерінің есептілігі
1. Сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының заңды тұлға болып табылатын ірі қатысушысы уәкілетті органға жыл сайын қаржы жылы аяқталғаннан кейін жүз жиырма күн ішінде қаржылық есептілік пен оның түсіндірме жазбасын табыс етуге тиіс.
2007.19.0 2. № 230-III ҚР Заңымен 2 тармақ өзгертілді (бұр.ред. қара )
2. Сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының жеке тұлға болып табылатын ірі қатысушысы уәкілетті органға қаржы жылы аяқталғаннан кейін жүз жиырма күн ішінде кірістер мен мүлік туралы мәліметтерді, сондай-ақ:
1) сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымы қабылдайтын шешімдерге өзінің басқа тұлғалармен бірлесіп өз араларындағы шартқа орай не өзгеше түрде ықпал етуді жүзеге асыруы туралы, оның ішінде мұндай ықпал ету мүмкіндігін айқындайтын өкілеттіктер берудің сипаттамасы болатын;
2) жарғылық капиталдарға қатысудың өзіне тиесілі үлестерін (акцияларды) көрсете отырып, ұйымдарда өзінің атқаратын лауазымдары туралы;
3) ұйымдардың жарғылық капиталдарына қатысудың өзіне тиесілі үлестерін (акцияларды) алынған қарыздар есебінен сатып алу туралы;
4) жақын туыстары, жұбайы және жұбайының (зайыбының) жақын туыстары туралы ақпаратты қамтитын есептілікті табыс етуге тиіс.
2007.19.0 2. № 230-III ҚР Заңымен 2-1 тармақпен толықтырылды
2-1. Есептілікті ұсыну тәртібі мен нысандары уәкілетті органның нормативтік құқықтық актілерімен белгіленеді.
2010.15.07. № 338-ІV ҚР Заңымен 3-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
3. Сақтандыру холдингі уәкілетті органға:
1) есепті тоқсаннан кейінгі қырық бес күн ішінде тоқсан сайынғы шоғырландырылған қаржылық есептілік пен оған түсіндірме жазбаны;
2) қаржы жылы аяқталғаннан кейін жүз жиырма күн ішінде, аудиторлық ұйым растамаған, шоғырландырылған және шоғырландырылмаған қаржылық есептілік пен оған түсіндірме жазбаны табыс етуге тиіс.
2007.19.0 2. № 230-III ҚР Заңымен (бұр. ред. қара); 2010.15.07. № 338-ІV ҚР Заңымен (бұр.ред.қара) 4-тармақ өзгертілді
4. Сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының заңды тұлға болып табылатын ірі қатысушысының жылдық қаржылық есептілікке түсіндірме жазбасында, сондай-ақ сақтандыру холдингінің тоқсан сайынғы және жылдық қаржылық есептілікке түсіндірме жазбаларында мынадай ақпарат:
2010.15.07. № 338-ІV ҚР Заңымен 1) тармақша жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
1) сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының ірі қатысушысының, сақтандыру холдингінің қызмет түрлерінің сипаттамасы;
2010.15.07. № 338-ІV ҚР Заңымен 2) тармақша жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
2) сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының ірі қатысушысы, сақтандыру холдингі қатысушысы (акционері) болып табылатын әрбір ұйымның атауы, оның жарғылық капиталына қатысу үлесінің мөлшері (тиесілі акцияларының саны), қызмет түрінің немесе түрлерінің сипаттамасы, сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының ірі қатысушысы, сақтандыру холдингі ірі қатысушысы (ірі акционері) болып табылатын ұйымдардың қаржылық есептілігі;
2010.15.07. № 338-ІV ҚР Заңымен 3) тармақша өзгертілді (бұр.ред.қара)
3) сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының ірі қатысушысының, сақтандыру холдингінің ірі қатысушысы (акционері) болып табылатын әрбір ұйымның атауы, оның жарғылық капиталына қатысу үлесінің мөлшері (оған тиесілі акциялар саны), осы ұйымның қызмет түрінің немесе түрлерінің сипаттамасы және қаржылық есептілігі, сондай-ақ аффилирленген тұлғалар туралы, ірі қатысушыны бақылауды жүзеге асыратын тұлғалар туралы, сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының ірі қатысушысын бақылайтын тұлғаның еншілес және тәуелді ұйымдары туралы мәліметтер көрсетілуге тиіс.
Сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымында сақтандыру холдингі болмаған жағдайда, сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының ірі қатысушысы осы баптың 4-тармағында көрсетілген қаржылық есептілік пен ақпаратты есепті тоқсаннан кейінгі қырық бес күннен кешіктірмей тоқсан сайын табыс етуге тиіс.
Сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының ірі қатысушысы - заңды тұлғаның немесе сақтандыру холдингінің басшы қызметкерлерінің құрамы өзгерген жағдайда сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының ірі қатысушысы - заңды тұлға немесе сақтандыру холдингі көрсетілген өзгерістер болған кезден бастап отыз күн ішінде уәкілетті органға растайтын құжаттарды тіркей отырып, басшы қызметкерлердің мінсіз іскерлік беделі туралы мәліметті ұсынады.
2010.15.07. № 338-ІV ҚР Заңымен 5-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
5. Егер сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының ірі қатысушысы сақтандыру холдингі Қазақстан Республикасының резиденті-қаржы ұйымы болып табылса, сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының ірі қатысушысы, сақтандыру холдингі осы баптың 4-тармағының 1)-3) тармақшаларында көзделген ақпаратты береді, бұл ретте, егер сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының ірі қатысушысы, сақтандыру холдингіуәкілетті органға осы қаржылық есептілікті талап етілген кезеңге табыс етсе, қаржылық есептілік және оған түсіндірме жазба табыс етілмейді.
2010.15.07. № 338-ІV ҚР Заңымен 6-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
6. Өзі орналасқан елде шоғырландырылған қадағалауға жататын Қазақстан Республикасының резиденті емес сақтандыру холдингі қаржы жылы аяқталған соң жүз жиырма күн ішінде уәкілетті органға аудиторлық ұйым растамаған шоғырландырылған және шоғырландырылмаған жылдық қаржылық есептілікті және оған түсіндірме жазбаны табыс етуге тиіс.
Өзі орналасқан елде шоғырландырылған қадағалауға жататын сақтандыру холдингінің - Қазақстан Республикасының резиденті еместің жылдық шоғырландырылған қаржылық есептілігіне түсіндірме жазбада мынадай ақпарат:
1) сақтандыру холдингі қызмет түрлерінің сипаттамасы;
2) сақтандыру холдингі қатысушысы (акционері) болып табылатын әрбір ұйымның атауы, оның жарғылық капиталындағы қатысу үлесінің мөлшері (тиесілі акцияларының саны), қызмет түрінің немесе түрлерінің сипаттамасы;
3) сақтандыру холдингінің ірі қатысушысы (акционері) болып табылатын әрбір ұйымның атауы, оның жарғылық капиталындағы қатысу үлесінің мөлшері (өзіне тиесілі акциялардың саны), осы ұйымның қызмет түрінің немесе түрлерінің сипаттамасы көрсетілуге тиіс.
2010.15.07. № 338-ІV ҚР Заңымен 7-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
7. Қазақстан Республикасының резиденті емес болып табылатын сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының ірі қатысушысы, сақтандыру холдингі уәкілетті органға қаржылық есептілікті, оған түсіндірме жазбаны және осы бапта көзделген өзге де мәліметтерді қазақ немесе орыс тілдерінде табыс етеді.
75-бап. Мiндеттi актуарий қорытындысы
1. Сақтандыру резервтерi бойынша мiндеттi актуарий қорытындысы сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының жылдық қаржылық есебiнiң ажырамас бөлiгi болып табылады және уәкiлеттi органға табыс етiлуге тиiс.
2. Мiндеттi актуарий қорытындысының мазмұнына және табыс етiлу тәртібіне қойылатын талаптар уәкiлеттi органның нормативтiк құқықтық актілерімен белгiленедi.
2006.20.02. № 128-III ҚР Заңымен 75-1-баппен толықтырлды; 2007.07.05. № 244-III ҚР Заңымен 75-1-бап жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
75-1-бап. Шығындылықты сипаттайтын коэффициенттер
1. Сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымдары сақтандырудың барлық не жекелеген сыныптарын (түрлерін) жүргізу кезінде өз қызметіне талдау жасау мақсатында шығындылықты сипаттайтын коэффициенттерді (шығындылық коэффициентін, жұмсалған қаражат коэффициентін, аралас коэффициентті) есептейді.
2. Шығындылықты сипаттайтын коэффициенттер (шығындылық коэффициенті, жұмсалған қаражат коэффициенті, аралас коэффициент) - сақтандырудың барлық не жекелеген сыныптарын (түрлерін) жүзеге асыру кезінде сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымы қызметінің шығындылығын көрсететін салыстырмалы көрсеткіштер.
Шығындылықты сипаттайтын коэффициенттерді (шығындылық коэффициентін, жұмсалған қаражат коэффициентін, аралас коэффициентті) есептеу тәртібі уәкілетті органның нормативтік құқықтық актілерінде белгіленеді.
ҚР 10.07.03 ж. № 483-II (бұр. ред. қара); ҚР 11.06.04 ж. № 562-II (бұр. ред. қара); 2007.28.02. № 235-III (бұр. ред. қара); 2007.07.05. № 244-III (бұр.ред.қара) Заңдарымен 76-бап өзгертілді; 2009.11.07. № 185-IV ҚР Заңымен 76-бап жаңа редакцияда (жарияланғанынан кейін күнтізбелік отыз күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) (бұр.ред.қара)
76-бап. Сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымы және сақтандыру брокері қызметінің негізгі көрсеткіштерін жариялау
Сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымы және сақтандыру брокері жылдық шоғырландырылған қаржылық есептілікті, ал еншілес ұйымы (ұйымдары) болмаған жағдайда - жылдық шоғырландырылмаған қаржылық есептілікті және аудиторлық есепті оларда ұсынылған мәліметтердің дұрыстығын тәуелсіз аудиторлық растаудан кейін және сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымы акционерлерінің жылдық жиналысы жылдық қаржылық есептілікті бекіткеннен кейін уәкілетті органмен келісім бойынша Ұлттық Банк белгілеген тәртіппен және мерзімдерде жариялайды.
2006.20.02. № 128-III ҚР Заңымен 77-бап өзгертілді (бұр. ред. қара); 2010.15.07. № 338-ІV ҚР Заңымен 77-бап жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
77-бап. Құжаттарды сақтау тәртібі мен мерзiмi
1. Кәсiпкерлiк қызметтi жүзеге асыратын сақтандыру нарығының кәсiби қатысушылары, сақтандыру агенттерi Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген тәртiппен сақтандыру (қайта сақтандыру), сақтандыру делдалдығы жөніндегі деректердi қалыптастыруға және өз қызметiне байланысты құжаттардың есебiн жүргiзу мен сақталуын қамтамасыз етуге мiндеттi.
Сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымы уәкiлеттi органның нормативтік құқықтық актісінде белгіленген тәртіппен сақтандыру (қайта сақтандыру) шарттарының тізілімін жүргізуге міндетті. Сақтандыру (қайта сақтандыру) шарты ол жасалған сәттен бастап бір жұмыс күні ішінде сақтандыру (қайта сақтандыру) шарттарының тізіліміне енгізілуге тиіс.
Сақтандыру шарттарының тізілімінде және дерекқорда қамтылатын сақтанушы (сақтандырылушы) туралы ақпарат (тегі, аты, әкесінің аты (ол болған кезде) немесе заңды тұлғаның атауы, сақтандыру шартының нөмірі, оның жасалған, сақтандыру шартының күшіне енген және қолданылуы аяқталған күндері, жеке сәйкестендіру нөмірі немесе бизнес-сәйкестендіру нөмірі) бір-біріне сәйкес келуге тиіс.
2. Мiндеттi түрде сақталуға жататын құжаттардың тiзбесiн және кәсiпкерлiк қызметтi жүзеге асыратын сақтандыру нарығының кәсiби қатысушыларының, сақтандыру агенттерiнiң оларды сақтау тәртібі мен мерзiмiн уәкiлеттi орган мұрағаттар мен құжаттаманы басқарудың уәкiлеттi органымен келiсе отырып белгiлейдi.
78-бап. Уәкiлеттi органның шешiмiне шағым жасау
1. Мүдделi тұлға уәкiлеттi органның шешiмiне ол күшiне енген күннен бастап он күн мерзiмде Қазақстан Республикасының заң актілерінде белгiленген тәртiппен шағым жасай алады.
2. Уәкiлеттi органның шешiмiне шағым жасау санкция қолдану туралы шешімнің орындалуын тоқтата тұруға әкеп соқпайды.
2010.15.07. № 338-ІV ҚР Заңымен 14-тараумен толықтырылды
14-тарау. Дерекқорды қалыптастыру және жүргізу жөніндегі қызмет
79-бап. Дерекқорды қалыптастыру және жүргізу жөніндегі ұйымның құрылу тәртібі мен негізгі функциялары
1. Дерекқорды қалыптастыру және жүргізу жөніндегі ұйым (бұдан әрі - ұйым) коммерциялық емес ұйым болып табылады және өз қызметін осы Заңның, Қазақстан Республикасының сақтандырудың міндетті түрлері бойынша заңнамалық актілерінің, Қазақстан Республикасының коммерциялық емес ұйымдар туралы заңнамасының және құрылтай құжаттарының негізінде жүзеге асырады.
2. Ұйым өз қызметін көлік құралдары иелерінің азаматтық-құқықтық жауапкершілігін міндетті сақтандыру бойынша дерекқор негізінде жүзеге асырады.
Өкілдер кеңесі ұйымның қызметіне бақылау жасауды жүзеге асырады. Өкілдер кеңесінің құрамына:
1) сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымдарының басым көпшілігі сайлаған сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымдарының екі өкілі;
2) ұйымның екі өкілі;
3) уәкілетті органның бір өкілі кіреді.
3. Өкілдер кеңесінің төрағасын оның құрамынан өкілдер кеңесінің көпшілік даусымен өкілдер кеңесінің мүшелері сайлайды.
Өкілдер кеңесінің отырысын өкілдер кеңесінің төрағасы жеке өзінің бастамасы, өкілдер кеңесі мүшесінің, ұйымның атқарушы органының, сондай-ақ ұйымның жарғысымен айқындалған өзге де адамдардың талап етуі бойынша шақырады.
4. Өкілдер кеңесінің құзыретіне:
1) ұйым қызметінің басым бағыттарын айқындау;
2) ұйымның жылдық бюджетін бекіту;
3) ұйымның резервтік және өзге де қорларын пайдалану;
4) ұйымның филиалдарын құру және өкілдіктерін ашу;
5) еншілес және тәуелді заңды тұлғаларды құру;
6) мүлікті иеленумен және иеліктен шығарумен байланысты ірі мәмілелер жасасу туралы шешім қабылдау;
7) ұйымның атқарушы органының қызметіне қатысты құжаттарға қол жеткізу жатады. Алынған құжаттар тек қана қызметтік мақсаттарда пайдаланылады;
8) ұйымның атқарушы органының есептерін қарау;
9) өзге де мәселелерді шешу жатады.
5. Сақтандыру сыныптары (түрлері) бойынша дерекқорды енгізу тәртібі:
1) осы Заңның 80-бабы 3-тармағының 1) тармақшасында көрсетілген ақпарат берушілермен ақпарат беру туралы шарт жасасу;
2) дерекқорды басқару жүйесін пайдалануға беру;
3) дерекқорды қалыптастыру жөніндегі ақпараттық процесті ұйымдастыру;
4) олармен ақпарат беру туралы шарт жасасқан ақпарат берушілермен осы тармақтың 3) тармақшасында көрсетілген ақпараттық процесті тестілеу кезеңдерінен тұрады.
Дерекқордың басқару жүйесін пайдалануға беру жөніндегі қажетті іс-шараларды орындауын тексеруді ақпараттандыру саласындағы уәкілетті мемлекеттік органмен бірлесіп құрылған уәкілетті органның комиссиясы жүзеге асырады, оның нәтижелері дерекқорды басқару жүйесін пайдалануға беру актісінде уәкілетті орган белгілеген нысан бойынша көрсетіледі.
Ұйымның қызметін жүзеге асыруға дерекқорды басқару жүйесін пайдалануға беру актісі мен ішкі ережелері болған кезде ғана жол беріледі.
Ұйым қызметінің тәртібін белгілейтін ішкі ережелердің мазмұнына қойылатын талаптар уәкілетті органның нормативтік құқықтық актісінде айқындалады. Уәкілетті органның нормативтік құқықтық актісі олардың дерекқорды құруға және қорғауға қатысуы жөнінде ақпарат берушілер ретіндегі қызметіне қатысты бөлігінде осы Заңның 80-бабы 3-тармағының 1) тармақшасында көрсетілген ақпарат берушілердің орындауы үшін міндетті.