26-бап. Инвесторларға эмиссиялық бағалы қағаздар орналастыруды тоқтата тұру туралы хабарлау
1. Инвесторларға эмиссиялық бағалы қағаздарды орналастыруды тоқтата тұру туралы хабарлауды эмитент:
2005.08.07 ж. № 72-IІІ ҚР Заңымен 1) тармақша өзгертілді (бұр. ред. қара)
1) бұқаралық ақпарат құралдарында тиiстi хабар жариялау;
2) тiркеушiнiң көрсететiн қызметтерiн пайдалану арқылы тиiстi хабарды тарату жолымен жүргiзедi.
2. Эмиссиялық бағалы қағаздарды орналастыруды тоқтата тұру туралы хабарда:
1) эмитенттiң толық атауы мен орналасқан жерi;
2) эмиссиялық бағалы қағаздар шығаруды мемлекеттік тiркеу күнi;
3) уәкiлеттi органның эмиссиялық бағалы қағаздарды орналастыруды тоқтата тұру жөніндегі шешiмi туралы мәлiметтер болуға тиiс.
27-бап. Эмиссиялық бағалы қағаздар шығаруды мемлекеттік тiркеудi жарамсыз деп тану
1. Эмиссиялық бағалы қағаздар шығаруды мемлекеттік тiркеу сот тәртібімен жарамсыз деп танылуы мүмкiн.
2. Эмиссиялық бағалы қағаздар шығаруды мемлекеттік тiркеудi жарамсыз деп тануға:
1) эмитенттiң Қазақстан Республикасының заңдарын бұзуы;
2) эмитенттi заңды тұлға ретінде мемлекеттік тiркеудi жүзеге асыруға негiз болған құжаттардан дәйектемесiз ақпараттың табылуы;
3) эмиссиялық бағалы қағаздар шығаруды мемлекеттік тiркеу жүргiзуге негiз болған құжаттардан дәйектемесiз ақпараттың табылуы негiз болып табылады.
2005.08.07 ж. № 72-IІІ ҚР Заңымен 3 тармақ өзгертілді (бұр. ред. қара)
3. Соттың эмиссиялық бағалы қағаздар шығарылымын мемлекеттік тiркеудi жарамсыз деп тануы уәкiлеттi органның эмиссиялық бағалы қағаздар шығарылымын жоюы үшiн негiз болып табылады.
Акционерлік қоғам акциялар шығарылымы жойылған күннен бастап үш айдың iшiнде акциялардың жаңа шығарылымын тiркеу немесе қоғамды қайта ұйымдастыру не тарату туралы шешiм қабылдайды.
5-тарау. Эмиссиялық бағалы қағаздар айналысы
28-бап. Эмиссиялық бағалы қағаздар айналысының тәртібі
1. Эмиссиялық бағалы қағаздардың қайталама бағалы қағаздар рыногындағы айналысы бағалы қағаздар рыногы субъектiлерiнiң ұйымдастырылған немесе ұйымдастырылмаған бағалы қағаздар рыногында осы бағалы қағаздармен азаматтық-құқықтық мәмiлелер жасасуы арқылы жүзеге асырылады.
2. Эмиссиялық бағалы қағаздармен мәмiлелер жасасудың және оларды бағалы қағаздарды ұстаушылардың тiзiлiмдерi жүйесiнде немесе бағалы қағаздарды нақтылы ұстауды есепке алу жүйесiнде тiркеудiң талаптары мен тәртібі осы Заңға және уәкiлеттi органның нормативтiк құқықтық актілеріне сәйкес белгiленедi.
29-бап. Эмиссиялық бағалы қағаздар айналысын тоқтата тұру
1. Уәкiлеттi орган осы Заңда және Қазақстан Республикасының:
1) инвесторлардың эмиссиялық бағалы қағаздарды сатып алуы процесiнде олардың құқықтары мен мүдделерiн;
2) эмиссиялық бағалы қағаздармен мәмiлелер жасасудың талаптары мен тәртібін белгiлейтiн өзге де нормативтiк құқықтық актілерінде көзделген талаптар бұзылған жағдайда, бағалы қағаздарды ұстаушылардың тiзiлiмдерi жүйесiнде және (немесе) бағалы қағаздарды нақтылы ұстауды есепке алу жүйесiнде барлық немесе жекелеген жеке шоттардағы эмиссиялық бағалы қағаздардың бәрiн немесе бiр бөлiгiн оқшаулау арқылы эмиссиялық бағалы қағаздар айналысын тоқтата тұру туралы шешiм қабылдауға құқылы.
2. Осы баптың 1-тармағында көзделген негiздер бойынша эмиссиялық бағалы қағаздар айналысын тоқтата тұру туралы шешiм қабылданған жағдайда уәкiлеттi орган эмитентке және мәмiле жасасуға қатысатын (қатысқан) тұлғаларға анықталған бұзушылықтарды жою туралы жазбаша нұсқама жiбередi. Аталған тұлғалар анықталған тәртiп бұзушылықтарды уәкiлеттi орган белгiлеген мерзiмде жоюға және нұсқаманың орындалғаны туралы не анықталған бұзушылықтарды жою мүмкiн еместiгi туралы уәкiлеттi органға жазбаша есеп беруге мiндеттi.
3. Уәкiлеттi орган эмиссиялық бағалы қағаздар айналысын тоқтата тұру туралы шешiмдi эмитентке, тiркеушiге және орталық депозитарийге жiбередi.
4. Тiркеушi және орталық депозитарий уәкiлеттi органның эмиссиялық бағалы қағаздардың айналысын тоқтата тұру туралы хабарламасын алған кезден бастап бағалы қағаздарды ұстаушылардың тiзiлiмдерi жүйесіндегі және нақтылы ұстауды есепке алу жүйесіндегі айналысы тоқтатыла тұрған бағалы қағаздармен мәмiлелердiң тiркелуiн тоқтата тұруға мiндеттi.
5. Нақтылы ұстаушы орталық депозитарийдiң хабарламасын алған кезден бастап жиырма төрт сағаттың iшiнде өзiнiң клиентiн клиенттiң нақтылы ұстауды есепке алу жүйесіндегі шоты бойынша бағалы қағаздармен мәмiле жасасуын тiркеудi тоқтата тұруы туралы жазбаша түрде хабардар етуге мiндеттi.
6. Бұзушылықтар жойылғаннан кейiн бағалы қағаздарды ұстаушылардың тiзiлiмдерi жүйесіндегі және бағалы қағаздарды нақтылы ұстауды есепке алу жүйесіндегі бағалы қағаздармен мәмiлелердi тiркеудi қайта жаңғырту уәкiлеттi органның эмитентке, тiркеушiге және орталық депозитарийге бағалы қағаздармен мәмiлелердi тiркеудi қайта жаңғырту туралы шешiм қабылданған кезден бастап күнтiзбелiк үш күннен кешiктiрiлмей жiберiлген жазбаша хабарламасы негiзiнде жүзеге асырылады.
30-бап. Акциялар шығарылымын жою
2007.19.02. № 230-III ҚР Заңымен 1-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
1. Қайталама бағалы қағаздар рыногында айналыста жүрген акциялар шығарылымын жою туралы шешiмдi уәкiлеттi орган акционерлік қоғам қайта ұйымдастырылған (осы акционерлік қоғамға басқа заңды тұлғаны қосуды немесе осы акционерлік қоғамнан жаңа акционерлік қоғамды бөлiп шығаруды есептемегенде) жағдайда акционерлік қоғам акционерлерiнiң жалпы жиналысының акциялар шығарылымын жою туралы шешiмiне немесе оның таратылуына байланысты, не осы Заңда белгіленген өзге де жағдайларда, сондай-ақ осы Заңның 27-бабына сәйкес сот шешiмi негiзiнде қабылдайды.
2. Эмитент акциялар шығарылымын жою үшiн, уәкiлеттi органға:
1) жарияланған акциялар шығарылымын мемлекеттік тiркеудi жарамсыз деп тану немесе эмитенттi мәжбүрлеп тарату (қайта ұйымдастыру) туралы сот шешiмiнiң көшiрмесiн немесе акционерлік қоғамның қайта ұйымдастырылуына немесе таратылуына байланысты жарияланған акциялар шығарылымын жою туралы акционерлік қоғам акционерлерiнiң жалпы жиналысы хаттамасының (дауыс беретiн барлық акцияларды иеленушi акционер шешiмiнiң) көшiрмесiн;
2) жарияланған акциялар шығаруды мемлекеттік тiркеу туралы куәлiктi, жарияланған акциялар шығару проспектiсiн, акцияларды орналастыру қорытындылары туралы есептердi және уәкiлеттi органның акцияларды орналастыру қорытындылары туралы есептердi бекіту туралы хабарламасын табыс етедi.
2005.08.07 ж. № 72-IІІ ҚР Заңымен 2-1 тармақпен толықтырылды
2-1. Сот не атқарушы iс жүргiзу органдары жарияланған акциялар шығарылымын мемлекеттік тiркеудi жарамсыз деп тану немесе мәжбүрлеп тарату туралы заңды күшiне енген сот шешiмiн табыс еткен жағдайда уәкiлеттi орган акциялар шығарылымын жою туралы шешiм қабылдайды және бұл жөнiнде эмитенттi хабардар етедi.
3. Жарияланған акциялардың шығарылымын жоюдың талаптары мен тәртібі уәкiлеттi органның нормативтiк құқықтық актілерімен белгiленедi.
4. Шығарылымына қатысты уәкiлеттi орган жою туралы шешiм қабылдаған акциялармен азаматтық-құқықтық мәмiлелер жасасуға тыйым салынады.
2005.08.07 ж. № 72-IІІ ҚР Заңымен 5 тармақ өзгертілді (бұр. ред. қара)
5. Эмитент уәкiлеттi органның акциялар шығарылымын жою туралы хабарламасын алған кезден бастап күнтiзбелiк жетi күн iшiнде бұл туралы бұқаралық ақпарат құралдарында мемлекеттік тiлде және орыс тілінде ақпарат жариялауға мiндеттi.
2007.19.02. № 230-III ҚР Заңымен 6-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
6. Уәкілетті орган акциялар шығарылымын жою туралы шешімді эмитентке, тіркеушіге және орталық депозитарийге жібереді. Жарияланған акциялар шығарылымының жойылуына байланысты эмитенттің бағалы қағаздармен жасалған мәмілелерін тіркеуді тоқтату тәртібі уәкілетті органның нормативтік құқықтық актісімен белгіленеді.
2007.19.02. № 230-III ҚР Заңымен 30-1-баппен толықтырылды; 2011.10.02. № 406-IV ҚР Заңымен 30-1-бап жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
30-1-бап. Облигациялар шығарылымын жою
1. Облигациялар шығарылымын жою туралы шешiмдi уәкiлеттi орган мынадай негіздердің бірі бойынша:
1) мынадай шарттардың бірі сақталған кезде:
осы шығарылымдағы бірде-бір облигация орналастырылмаған;
бағалы қағаздардың қайталама нарығында эмитент осы шығарылымның барлық облигациясын сатып алған;
облигациялар айналымының мерзімі біткеннен кейін эмитент осы шығарылымның барлық облигациялары бойынша талап құқықтарын сатып алған;
Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген жағдайларда, қаржы ұйымдарын қайта құрылымдау рәсімін жүзеге асырған кезде облигациялар шығарылымын жою туралы эмитент органының шешімі болғанда;
2) тарату үдерісінің аяқталғанын растайтын құжаттарды мәжбүрлі тәртіппен таратылатын эмитенттің тарату комиссиясы ұсынғанда қабылдайды.
Уәкілетті орган облигацияларды жою үшін қажетті құжаттарды ұсынбастан, Заңды тұлғалардың бірыңғай мемлекеттік тізілімінде тарату туралы мәлімет қамтылған эмитенттердің облигациялары шығарылымын жою туралы шешім қабылдауға құқылы.
2. Облигациялар шығарылымын жою шарттары мен тәртібі уәкілетті органның нормативтік құқықтық актісімен белгіленеді.
3. Облигациялар эмитентінің ерікті түрде тарату туралы шешімді, егер осындай шешім қабылданған күні ол шығарған облигациялар толық көлемде өтелмесе немесе облигациялар шығарылымы жойылмаса, қабылдауға құқығы жоқ.
31-бап. Бағалы қағаздар бойынша кiрiс төлеу.
Төлем агентi
1. Қайталама бағалы қағаздар рыногындағы эмиссиялық бағалы қағаздар айналысы кезеңiнде эмитент Қазақстан Республикасының заңдарында және эмиссиялық бағалы қағаздар шығару проспектiсiнде белгiленген бағалы қағаздар бойынша кiрiс төлеу тәртібін сақтауға мiндеттi.
07.07.04 ж. № 577-II ҚР Заңымен 2-тармақ өзгертілді (бұр. ред. қара)
2. Облигациялар бойынша кiрiс және облигациялардың нақтылы құны оларды өтеу кезiнде осы төлемдер жүзеге асырылатын кезеңнiң соңғы күнiнiң басындағы жағдай бойынша (бағалы қағаздарды ұстаушылар тiзiлiмдерiнiң жүйесiн жүргiзудi жүзеге асыратын тiркеушi орналасқан жердегi уақыт бойынша) оларды алуға құқығы бар тұлғаларға төленедi.
3. Эмиссиялық бағалы қағаздар және облигациялардың нақтылы құны бойынша кiрiс төлеудi оларды өтеу кезiнде эмитент дербес немесе төлем агентi көрсететiн қызметтi пайдалана отырып жүзеге асырады.
4. Қазақстан Республикасының Yкіметі, Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкi немесе жергiлiктi атқарушы органдар шығарған мемлекеттік эмиссиялық бағалы қағаздар бойынша кiрiс төлеудi жүзеге асырудың талаптары мен тәртібі Қазақстан Республикасының заңдарымен белгiленедi.
5. Мемлекеттік емес эмиссиялық бағалы қағаздар бойынша кiрiстi және мемлекеттік емес облигацияларды өтеу кезiнде олардың нақтылы құнын төлеудi жүзеге асыру үшiн төлем агентiн сайлау туралы шешiмдi өз жарғысына сәйкес эмитенттiң органы қабылдайды.
6. Төлем агентi көрсететiн қызметтердi пайдалану туралы шешiм қабылданған жағдайда эмиссиялық бағалы қағаздар шығару проспектiсiнде төлем агентi туралы мынадай мәлiметтер:
1) төлем агентiнiң толық атауы;
2) төлем агентiнiң және оның бағалы қағаздар бойынша кiрiс (облигациялардың нақтылы құнын) төлеудi жүзеге асыратын барлық филиалдарының орналасқан жерi, реквизиттерi болуға тиiс.
7. Төлем агентi өзгерген жағдайда эмитент эмиссиялық бағалы қағаздар шығару проспектiсiне өзгерістер енгізуге және оларды тiркеу үшiн осындай өзгерiс жасалған күннен бастап күнтiзбелiк жетi күн iшiнде уәкiлеттi органға табыс етуге мiндеттi.
8. Эмиссиялық бағалы қағаздар бойынша кiрiс және облигациялардың нақтылы құны оларды өтеу кезiнде эмитенттiң кiнәсiнен төленбеген, сондай-ақ толық төленбеген жағдайда эмитент бағалы қағаздарды ұстаушыларға негiзгi мiндеттеменiң сомасын және мерзiмi өткен әр күн үшiн ақшалай мiндеттеменi немесе оның тиiстi бөлiгiн орындау күніндегі Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің қайта қаржыландырудың ресми ставкасын негiзге ала отырып есептелген өсiмпұл төлеуге мiндеттi.
9. Төлем агентi қызметiн жүзеге асырудың талаптары мен тәртібі уәкiлеттi органның нормативтiк құқықтық актiсiмен белгiленедi.
32-бап. Мемлекеттік емес облигацияларды өтеу қорытындылары туралы есеп
1. Эмитент қарау және бекіту үшiн мемлекеттік емес облигацияларды өтеу қорытындылары туралы есептi уәкiлеттi органға облигацияларды шығару проспектiсiнде белгiленген өтеу мерзiмi аяқталғаннан кейiн бiр ай iшiнде табыс етуге мiндеттi.
2. Мемлекеттік емес облигацияларды өтеу қорытындылары туралы есептi қарау және бекіту үшiн эмитент уәкiлеттi органға мынадай құжаттарды:
1) облигацияларды өтеу қорытындылары туралы есептi қарау туралы өтiнiштi;
2) есептi айдың аяғындағы немесе облигацияны өтеу аяқталған күнгi жағдай бойынша қаржылық есептіліктi;
3) мемлекеттік емес облигацияларды өтеу қорытындылары туралы уәкiлеттi органның нормативтiк құқықтық актілерінде белгiленген талаптарға сәйкес жасалып, ресiмделген есептi;
4) тiркеушiнiң эмитент облигацияларын ұстаушылары тiзiлiмiн жабу туралы хабарламасын;
5) эмитенттiң облигацияларды өтеу жөніндегі өз мiндеттемелерiн орындағанын растайтын төлем агентiнiң немесе эмитенттiң (төлем агентiмен шарт болмаған жағдайда) хабарламасын табыс етедi.
3. Мемлекеттік емес облигацияларды өтеу қорытындылары туралы есептi уәкiлеттi орган күнтiзбелiк он төрт күн iшiнде қарайды.
2009.12.02. № 133-IV ҚР Заңымен 5-1-тараумен толықтырылды
5-1-тарау. Ислам бағалы қағаздарын шығарудың және олардың айналымының ерекшеліктері
32-1-бап. Исламдық қаржыландырудың негізгі принциптері
Мыналар исламдық қаржыландырудың негізгі принциптері болып табылады:
1) эмитенттің ислам бағалы қағаздарын шығару кезінде ислам бағалы қағаздары құнының проценті түріндегі сыйақыны есептеп шығаруға, сондай-ақ ислам бағалы қағаздары бойынша табысқа кепілдік беруге құқығы жоқ;
2) ислам бағалы қағаздарын шығару және орналастыру нәтижесінде алынған қаражат темекі, алкогольдік өнімдерді, қару-жарақ пен оқ-дәріні шығаруға және (немесе) саудалауға, құмар ойын бизнесімен байланысты қызметті, сондай-ақ исламдық қаржыландыру принциптері жөніндегі кеңес қаржыландыруға тыйым салған кәсіпкерлік қызметтің өзге де түрлерін қаржыландыруға бағытталмауға тиіс.
Исламдық қаржыландыру принциптері жөніндегі кеңес ислам бағалы қағаздары эмитентінің қызметіне қойылатын сақталуға міндетті өзге де талаптарды қосымша айқындауға құқылы.
32-2-бап. Ислам бағалы қағаздарының түрлері
1. Ислам бағалы қағаздарына:
1) ислам инвестициялық қорларының акциялары мен пайлары;
2) исламдық жалдау сертификаттары;
3) исламдық қатысу сертификаттары;
4) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес ислам бағалы қағаздары болып танылған өзге де бағалы қағаздар жатады.
2. Инвестициялық портфельді басқарушылар ислам инвестициялық қорлары пайларының эмитенттері болып табылады.
Ислам арнайы қаржы компаниялары исламдық жалдау сертификаттары мен исламдық қатысу сертификаттарының эмитенттері болып табылады.
32-3-бап. Исламдық жалдау сертификаттары
1. Ислам арнайы қаржы компаниясы оларды шығару кезінде айналым мерзімін алдын ала белгілей отырып шығаратын, ұстаушылары жалдау (қаржы лизингі) шарты бойынша табыстар алу құқығын иеленетін ислам бағалы қағаздары исламдық жалдау сертификаттары болып табылады.
2. Исламдық жалдау сертификаттары оларды ұстаушыларға мынадай құқықтар:
1) жалдау (қаржы лизингі) шарты бойынша табыстар алу;
2) бөлінген активтерді құрайтын мүлік үлесіне сәйкес келетін, ұстаушыға тиесілі исламдық жалдау сертификаттары санының орналастырылған исламдық жалдау сертификаттарының жалпы санына бара-бар мөлшерінде ақша сомасын алу;
3) эмитенттің (оригинатордың) қызметі туралы ақпарат алу, оның ішінде исламдық жалдау сертификаттарын шығару проспектісінде айқындалған тәртіп бойынша эмитенттің (оригинатордың) қаржылық есептілігімен танысу;
4) қоғам тіркеушісінен немесе номиналды ұстаушыдан исламдық жалдау сертификаттарына ұстаушылардың меншік құқығын растайтын үзінді көшірмелер алу құқығын;
5) осы Заңда және Қазақстан Республикасының өзге де заңнамалық актілерінде көзделген өзге құқықтар береді.
3. Ислам арнайы қаржы компаниясы исламдық жалдау сертификаттарын шығару, оларды орналастыру нәтижесінде алынған ақшаға мүлік сатып алу, сондай-ақ осы мүлікті жалдау (қаржы лизингі) шарты бойынша түскен төлемдерді исламдық жалдау сертификаттарын ұстаушыларға бөлу үшін құрылады.
4. Исламдық жалдау сертификаттарының айналымы ислам арнайы қаржы компаниясының бөлінген активтеріне кіретін мүлікті жалдау (қаржы лизингі) шартын жасасқаннан кейін мүмкін болады.
5. Исламдық жалдау сертификаттарын шығару проспектісінде оригинатор ислам арнайы қаржы компаниясынан мүлікті сатып алған жағдайда исламдық жалдау сертификаттарын мерзімінен бұрын өтеу талаптары көзделуі мүмкін.
6. Исламдық жалдау сертификаттарын шығарудың, орналастырудың, айналымға енгізудің және өтеудің өзге де талаптары уәкілетті органның нормативтік құқықтық актісінде белгіленеді.
32-4-бап. Исламдық қатысу сертификаттары
1. Ислам арнайы қаржы компаниясы бағалы қағаздарды шығару кезінде олардың айналым мерзімін алдын ала белгілей отырып, жаңа инвестициялық жобаны ұйымдастыру, қолда бар инвестициялық жобаны дамыту немесе қарапайым серіктестік шарты негізінде кәсіпкерлік қызметті қаржыландыру үшін тартылған қаражатты пайдалану мақсатымен не акционерлік қоғамның немесе жауапкершілігі шектеулі серіктестіктің ұйымдық-құқықтық нысанында заңды тұлға құру арқылы шығарылатын ислам бағалы қағаздары исламдық қатысу сертификаттары болып табылады.
2. Оригинатор инвестициялық жобаға мүлікті енгізу арқылы және (немесе) ислам арнайы қаржы компаниясына тиесілі акцияларды (қатысу үлестерін) сенімгерлікпен басқаруды жүзеге асыра отырып, инвестициялық жобаға қатысады.
3. Исламдық қатысу сертификаттарының айналымы инвестициялық жобаны іске асыру басталғаннан кейін мүмкін болады. Исламдық қатысу сертификаттарын орналастыру нәтижесінде алынған қаражаттың кемінде он процентін инвестициялау инвестициялық жобаны іске асыруды бастау болып табылады.
Эмитент инвестициялық жобаны іске асыру басталған күннен бастап үш жұмыс күні ішінде исламдық қатысу сертификаттарын ұстаушыларға исламдық қатысу сертификаттарын шығару проспектісінде көзделген бұқаралық ақпарат құралдарында хабарлама жариялау жолымен оларды айналымға енгізу мүмкіндігі туралы хабарлауға міндетті.
4. Инвестициялық жоба бойынша табыс ислам арнайы қаржы компаниясы мен оригинатор арасында исламдық қатысу сертификаттарын шығару проспектісі талаптарына сәйкес бөлінеді.
5. Оригинатор исламдық қатысу сертификаттарын шығару проспектісінде белгіленген мөлшерде комиссиялық сыйақы алуға құқылы.
6. Оригинатор исламдық қатысу сертификаттарын:
1) исламдық қатысу сертификаттарын шығару проспектісінде белгіленген жағдайларда;
2) исламдық қатысу сертификаттары бойынша дефолт жағдайында;
3) ислам арнайы қаржы компаниясын тарату туралы шешім қабылданған жағдайда сатып алады.
7. Инвестициялық жобаны іске асырушы заңды тұлға оригинатордың бастамасы бойынша таратылған жағдайда оригинатор исламдық қатысу сертификаттарын мерзімінен бұрын өтеуді жүзеге асыруға міндетті.
8. Оригинатор таратылған жағдайда қарапайым серіктестік шарты өз қолданылуын тоқтатады. Осы инвестициялық жобаны құрайтын мүлікті исламдық қатысу сертификаттарын ұстаушылардың өкілі исламдық қатысу сертификаттарын ұстаушыларға аталған мүлікті өткізуден алынған ақшаны исламдық қатысу сертификаттарын шығару көлеміндегі үлестеріне сәйкес төлей отырып өткізуге тиіс.
9. Исламдық қатысу сертификаттарын ұстаушылар исламдық қатысу сертификаттарын шығару талаптарында көзделген жағдайларда оригинатормен бірлесіп, қаржыландыруға арналған инвестициялық жобаларды іріктеу кезінде шешімдер қабылдауға құқылы.
32-5-бап. Исламдық қаржыландыру принциптері жөніндегі кеңестің қызметі
1. Ислам бағалы қағаздарын шығару және орналастыру нәтижесінде алынған қаражат есебінен қаржыландыру объектілерінің исламдық қаржыландыру принциптеріне сәйкестігін айқындауды:
1) осы Заңның 32-2-бабы 1-тармағының 2), 3) тармақшаларында көрсетілген ислам бағалы қағаздарына қатысты - Қазақстан Республикасының банк заңнамасында белгіленген тәртіппен тағайындалған ислам банкінің исламдық қаржыландыру принциптері жөніндегі кеңесі немесе ұлттық холдингтің, ұлттық басқарушы холдингтің немесе дауыс беретін акцияларының (қатысу үлестерінің) жүз проценті ұлттық басқарушы холдингіне тиесілі заңды тұлғаның шешімі бойынша жеке шарттың негізінде тартылған исламдық қаржыландыру принциптері жөніндегі кеңес;
2) осы Заңның 32-2-бабы 1-тармағының 1) тармақшасында көрсетілген ислам бағалы қағаздарына қатысты - ислам акционерлік инвестициялық қоры акционерлерінің жалпы жиналысының немесе басқару органдарының ұсынымы бойынша ислам пайлық инвестициялық қорының басқарушы компаниясының шешімі бойынша жеке шарттың негізінде тартылған исламдық қаржыландыру принциптері жөніндегі кеңес жүзеге асырады.
Исламдық қаржыландыру принциптері жөніндегі кеңес шешімдер қабылдауда тәуелсіз.
2. Исламдық қаржыландыру принциптері жөніндегі кеңес мәміле жасасу сатысындағы ислам бағалы қағаздарын орналастырудан алынған қаражат есебінен қаржыландыру жөніндегі мәмілені осы Заңның 32-1-бабында көрсетілген исламдық қаржыландыру принциптеріне сай емес деп таныған жағдайда, мұндай мәміле жасалмайды және орындалмайды.
3. Исламдық қаржыландыру принциптері жөніндегі кеңес ислам бағалы қағаздарын орналастырудан алынған қаражат есебінен қаржыландыру жөніндегі жасалған, бірақ орындалмаған немесе ішінара орындалған мәмілені осы Заңның 32-1-бабында көрсетілген исламдық қаржыландыру принциптеріне сай емес деп таныған жағдайда, мұндай мәміле оригинатордың не ислам инвестициялық қорының басқарушы компаниясының талабы бойынша Қазақстан Республикасының азаматтық заңнамасында белгіленген тәртіппен мерзімінен бұрын бұзылуы мүмкін.
32-6-бап. Ислам арнайы қаржы компаниясы
1. Ислам арнайы қаржы компаниясын ислам арнайы қаржы компаниясына мүлік және (немесе) бөлінген активтер беретін оригинатор құрады.
Ислам арнайы қаржы компаниясын құруға және оның қызметіне қойылатын талаптар уәкілетті органның нормативтік құқықтық актісінде белгіленеді.
2. Ислам арнайы қаржы компаниясының жарғылық капиталы тек қана ақшадан құралады.
3. Ислам бағалы қағаздарын бастапқы орналастыру кезіндегі олардың номиналды құны бір шығарылым шеңберіндегі барлық ислам бағалы қағаздары үшін бірдей болып табылады және ислам бағалы қағаздарын шығару проспектісінде айқындалады.
4. Ислам арнайы қаржы компаниясының атауында «ислам арнайы қаржы компаниясы» деген сөздер жазылуға тиіс.
5. Ислам бағалы қағаздарының бұған дейінгі шығарылымын өтеу аяқталғанға дейін ислам бағалы қағаздарын одан әрі шығаруға тыйым салынады.
6. Ислам арнайы қаржы компаниясы жылдық қаржылық есептілік аудитін жүргізуге міндетті.
7. Ислам арнайы қаржы компаниясын ерікті түрде қайта ұйымдастыру немесе тарату ислам бағалы қағаздары шығарылымын өтеудің қорытындылары туралы есеп бекітілгеннен кейін уәкілетті органның рұқсатымен жүзеге асырылуы мүмкін.
Уәкілетті орган ислам арнайы қаржы компаниясының ислам арнайы қаржы компаниясын ерікті түрде қайта ұйымдастыруға немесе таратуға рұқсат беру туралы өтінішінің негізінде шешім шығарады және ол жөнінде ислам арнайы қаржы компаниясын өтініш келіп түскен күннен бастап күнтізбелік отыз күн ішінде жазбаша түрде хабардар етеді. Уәкілетті орган ислам арнайы қаржы компаниясын ерікті түрде қайта ұйымдастыруға немесе таратуға рұқсат беруден бас тарту туралы шешім қабылдаған жағдайда бас тартудың негіздемесін көрсете отырып, ол жөнінде ислам арнайы қаржы компаниясын жазбаша түрде хабардар етеді.
8. Ислам арнайы қаржы компаниясын ерікті түрде қайта ұйымдастыруға немесе таратуға рұқсат беру тәртібі уәкілетті органның нормативтік құқықтық актісінде айқындалады.
9. Ислам арнайы қаржы компаниясы ислам бағалы қағаздары бойынша тиісті резервтік қорлар құруды қоса алғанда, бөлінген активтер бойынша түсімдерді өзі шығарған ислам бағалы қағаздары бойынша міндеттемелерін орындауға ғана пайдаланады.
10. Бөлінген активтер ислам арнайы қаржы компаниясының меншікті қаражатынан бөлек есепке алынады.
11. Осы Заңға сәйкес ислам арнайы қаржы компаниясының ислам бағалы қағаздарын шығару проспектісі мемлекеттік тіркелген күннен бастап ислам арнайы қаржы компаниясының ислам бағалы қағаздарының осы шығарылымын қамтамасыз ету болып табылатын бөлінген активтерге қатысты өндіріп алу ислам арнайы қаржы компаниясы бөлінген активтерден басқа, өзге де активтер есебінен міндеттемелерін орындағаннан кейін ғана қолданылуы мүмкін.