560-бап. Қосымша жалдау шартының негiзгi мүлiк жалдау шартына тәуелдiлiгi
1. Егер мүлiк жалдау шартында өзгеше көзделмесе, мүлiк жалдау шартын мерзiмiнен бұрын тоқтату соған сәйкес жасалған қосымша жалдау шартын тоқтатуға әкеп соғады.
2. Егер мүлiк жалдау шарты осы Кодексте көзделген негiздер бойынша жарамсыз деп табылса, оған сәйкес жасалған қосымша жалдау шарты да жарамсыз болып табылады.
561-бап. Шарт тоқтатылған кезде жалға берушiге мүлiктiң қайтарылуы
1. Мүлiк жалдау шарты тоқтатылғаннан кейiн жалға алушы мүлiктi алған кезіндегі күйiнде, қалыпты тозуын ескере отырып немесе шартта келісілген күйiнде оны жалға берушiге қайтаруға мiндеттi.
2. Егер шарт мерзiмi аяқталған соң қайтарылатын мүлiктiң жай-күйi осы баптың 1-тармағында көзделген талаптарға сәйкес келмесе, жалға алушы келтiрiлген шығынды жалға берушiге өтейдi. Егер жалға берiлген мүлiк шартта көзделген қызмет мерзiмiнен бұрын iстен шығып қалса, жалға алушы, егер шартта өзгеше көзделмесе, жалға берушiге мүлiктiң қалдық құнын өтейдi.
3. Егер жалға алушы жалға алған мүлiктi қайтармаса немесе оны мезгілінде қайтармаса, жалға беруші барлық мерзімі өткізілген уақыт үшiн мүлiктi пайдалану ақысын төлеудi талап етуге құқылы. Аталған ақы жалға берушiге келтiрiлген шығындарды жабуға жетпесе, ол оны өтеудi талап ете алады.
4. Шартта уақытында қайтарылмаған жалға алған мүлiк үшiн тұрақсыздық айыбын төлеу көзделген жағдайда шығын, егер шартта өзгеше көзделмесе, тұрақсыздық айыбынан тыс толық сомада өндiрiлiп алынуы мүмкiн.
562-бап. Мүлiктiң жалға алушының меншiгiне көшуi
1. Мүлiк жалдау шартында жалға алынған мүлiк жалға алушының меншiгiне тараптардың келісімiнде белгiленген жағдайларда көшедi деп көзделуi мүмкiн.
2. Егер шартта жалға алынған мүлiктi сатып алу туралы ереже көзделмесе, ол тараптардың қосымша келісімiмен белгiленуi мүмкiн, бұл орайда олар мүлiктi пайдалануға бұрын төленген ақыны сатып алу бағасына есептеу туралы уағдаласуға құқылы.
3. Жалға алынған мүлiктi сатып алуға тыйым салу жағдайлары заң актілерімен белгiленуi мүмкiн.
563-бап. Жалға алушының құқықтарын қорғау
Жалға алушыға оның жалға алған мүлiкке құқықтары меншiк құқығын қорғаумен тең қамтамасыз етiледi.
Жалға берушi жалға алынған мүлiктi пайдалану қандай да болсын құқықтары жоқ үшiншi бiр тұлғаның күш көрсеткен iс-қимылдарымен бұзылғаны үшiн жалға берушiнiң алдында жауапты болмайды.
Жалға алушының талап қоюға және өзге де түрде өз атынан өзiне тиесiлi құқықтарды қорғауға құқығы бар.
ҚР 05.07.2000 ж. № 75-II Заңына сәйкес 564-бап толықтырылды
564-бап. Мүлiктi жалдаудың жекелеген түрлерiнiң және жекелеген мүлiк түрлерiн жалдаудың ерекшелiктерi
Мүлiк жалдау шартының жекелеген түрлерiне және жекелеген мүлiк түрлерiн жалдау шарттарына (лизинг, кәсiпорындарды жалдау, үйлер мен ғимараттарды жалдау, көлiк құралдарын жалдау, прокат), егер заң актілерінде және осы Кодекстiң ережелерiнде олар туралы өзгеше көзделмесе, осы параграфта көзделген ережелер қолданылады.
2. Лизинг
ҚР 10.03.04 ж. № 532-II Заңымен 565-бап толықтырылды
565-бап. Лизинг шарты
1. Лизинг шарты бойынша лизинг берушi лизинг алушы көрсеткен мүлiктi сатушыдан меншiгiне сатып алуға және лизинг алушыға осы мүлiктi ақы төлеп уақытша иеленуге және кәсiпкерлiк мақсатта пайдалануға беруге мiндеттенедi.
2. Лизинг шартында сатушыны және сатып алынатын мүлiктi таңдап алуды лизинг берушi жүзеге асырады деп көзделуi мүмкiн.
3. Қазақстан Республикасының заң актілерімен лизинг шартының жекелеген түрлерiнiң ерекшелiктерi белгiленуi мүмкiн.
566-бап. Лизинг нысанасы
Yйлер, ғимараттар, машиналар, жабдықтар, құрал-саймандар, көлiк құралдары, жер учаскелерi және кез келген тұтынылмайтын заттар лизинг нысанасы бола алады.
Бағалы қағаздар мен табиғи ресурстар лизинг нысанасы бола алмайды.
567-бап. Лизинг шартының елеулi талаптары
Лизинг шартында, осы Кодекстiң 542-бабында аталған талаптардан басқа, мынадай талаптар болуға тиiс:
1) мүлiктi сатушының атауы;
2) лизинг алушыға мүлiктi берудiң талаптары мен мерзiмi;
3) төлемдердiң мөлшерi мен мерзiмдiлiгi;
4) шарт мерзiмi;
5) егер шартта лизинг алушының меншiгiне мүлiктiң көшуi көзделсе, осындай көшудiң талаптары.
568-бап. Мүлiктi лизингке беру туралы сатушыны хабардар ету
Лизинг берушi лизинг алушы үшiн мүлiк сатып ала отырып, мүлiктiң белгiлi бiр тұлғаға лизинг ретiнде беруге арналғандығы туралы сатушыны хабардар етуге тиiс.
569-бап. Мүлiктiң кездейсоқ жойылу немесе бүлiну қаупi
Лизингтiң нысанасы болып табылатын мүлiктiң кездейсоқ жойылу немесе бүлiну қаyпi, егер шартта өзгеше көзделмесе, мүлiктi берген кезде лизинг алушыға ауысады.
570-бап. Лизинг шарты бойынша төленетiн төлемдер
Лизинг шартына сәйкес төленуге тиiстi мерзiмдiлiк төлемдерi мүлiктiң шарт жасасқан кездегi баға бойынша құнының барлық немесе елеулi бөлiгiнiң амортизациясы ескерiле отырып есептелуi мүмкiн.
571-бап. Лизинг алушыға лизинг шартының нысанасын беру
1. Лизинг шартының нысанасы болып табылатын мүлiктi сатушы лизинг алушыға, егер шартта өзгеше көзделмесе немесе мiндеттеме мәнiнен өзгеше туындамаса, лизинг алушы орналасқан жерде тiкелей бередi.
2. Лизинг шартының нысанасы болып табылатын мүлiк осы шартта аталған мерзiмде лизинг алушыға берiлмеген жағдайда, егер мерзiмiн өткізуге лизинг берушi жауап беретiн мән-жайлар бойынша жол берiлген болса, лизинг алушы шартты бұзуды және шығынды өтеудi талап етуге құқылы.
572-бап. Сатушының жауапкершiлiгi
1. Лизинг алушы лизинг шартының нысанасы болып табылатын мүлiктi сатушыға - сатушы мен лизинг берушiнiң арасында жасалған сатып алу-сату шартынан туындайтын, атап айтқанда, мүлiктiң сапасы мен жиынтықтылығына, оны беру мерзiмiне қатысты және сатушы шартты тиiстi түрде орындамаған басқа да жағдайларда туындайтын талаптарды тiкелей қоюға құқылы. Бұл орайда лизинг алушы аталған мүлiктi сатып алу-сату тарабы болғанда сатып алынған мүлiкке ақы төлеу мiндетiн қоспағанда, оны сатып алушы үшiн осы Кодексте көзделген құқықтары болады және міндеттемелердi мойнына алады.
Сатушымен қатынастарда лизинг алушы мен лизинг берушi бiрлескен кредит берушi болады.
2. Егер лизинг шартында өзгеше көзделмесе, сатушыны таңдау құқығы лизинг алушыда болған жағдайларды қоспағанда, лизинг берушi лизинг алушының алдында сатушының сатып алу-сату шартынан туындайтын талаптарды орындауы үшiн жауап бермейдi. Сатушыны лизинг берушi таңдайтын жағдайда лизинг алушы сатып алу-сату шартынан туындайтын талаптарды тiкелей өз қалауы бойынша бiрдей жауап беретiн мүлiктi сатушыға да, лизинг алушыға да қоюға құқылы.
3. Кәсiпорынды жалдау
573-бап. Кәсiпорынды жалдау шарты
1. Кәсiпорынды жалдау шарты бойынша жалға берушi жалға алушыға кәсiпкерлiк қызметтi жүзеге асыруы үшiн кәсiпорынды ақы төлеп уақытша иеленуге және кәсiпорынды толығымен бiртұтас мүлiк кешенi ретiнде пайдалануға (осы Кодекстiң 119-бабы), оның iшiнде құқық иесiнiң фирмалық атауына және (немесе) коммерциялық белгiсiне, қорғалатын коммерциялық ақпаратқа құқығын, сондай-ақ жалға берушiнiң басқа тұлғаларға беруге құқығы жоқ құқықтар мен мiндеттердi қоспағанда, шартта көзделген басқа да айрықша құқықтағы объектiлердi - тауар белгiсiн, қызмет көрсету белгiсiн және т.б. (айрықша құқықтар кешенiн) беруге мiндеттенедi.
2. Жалға берушiнiң тиiстi қызметпен айналысуға берiлген лицензия негізінде алған құқықтары, егер заң актілерінде өзгеше белгіленбесе, жалға алушыға берiлмеуге тиiс. Шарт бойынша берiлетiн кәсiпорынның құрамына осындай арнаулы рұқсаты (лицензиясы) болмаған жағдайда жалға алушының орындауы мүмкiн болмайтын мiндеттемелердi енгізу жалға берушiнi кредит берушiлер алдындағы тиiстi мiндеттемелерден босатпайды.
2007.15.05. № 253-III ҚР Заңымен 3-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
3. Кәсiпорынның қызметкерлерiне қатысты құқықтар мен мiндеттер жалға берушiден жалға алушыға Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасында көзделген тәртiппен ауысады.
574-бап. Кәсiпорынды жалдау кезіндегі кредит берушiлердiң құқықтары
1. Жалға алушыға борыштарын аударғаны туралы жалға берушi өз кредит берушiлерiн жалдау шарты жасалғанға дейiн жазбаша түрде хабардар етуге мiндеттi, олар осындай аударумен келiспеген жағдайда хабарлама алған күннен бастап үш айдың ішінде жалға берушіден тиісті мiндеттемелердi тоқтатуын немесе мерзiмiнен бұрын орындауын және залалды өтеуін талап етуге құқылы. Егер көрсетiлген мерзiмде осы талаптардың ешқайсысы қойылмаса, кредит беруші тиiстi борышты жалға алушыға аударуға келісім бердi деп танылады.
2. Кәсiпорын жалға алушыға жалға берушiден мiндеттемелердi тоқтатуды немесе мерзiмiнен бұрын орындауды талап еткен кредит берушiлермен есеп айырысу аяқталғаннан кейiн ғана берiлуi мүмкiн.
3. Кәсiпорынды мүлiк кешенi ретiнде жалға бергеннен кейiн жалға берушi мен жалға алушы берiлген кәсiпорынның құрамына енгiзілген, жалға алушыға кредит берушiнiң келісімiнсiз аударылған борыштар бойынша бiрдей жауапты болады.
575-бап. Кәсiпорынды жалдау шартының нысаны және оны мемлекеттік тiркеу
1. Кәсiпорынды жалдау шарты тараптар қол қойған бiрыңғай құжат жасау жолымен жазбаша түрде жасалады.
2. Кәсiпорынды жалдау шартының нысанын сақтамау шарттың жарамсыздығына әкеп соғады.
3. Кәсiпорынды жалдау шарты мемлекеттік тiркелуге тиiс және ол осындай тiркеуден өткен кезден бастап жасалған болып есептеледi.
576-бап. Жалға алынған кәсiпорынды беру
Кәсiпорынды жалға алушыға беру өткізу актiсi бойынша жүзеге асырылады. Өткізу актiсiн жасау мен қол қоюға ұсынуды қоса алғанда, кәсiпорынды беруге дайындау, егер шартта өзгеше көзделмесе, жалға берушiнiң мiндетi болып табылады және соның есебiнен жүзеге асырылады.
577-бап. Жалға алушының кәсiпорынды ұстау және оны пайдалану бойынша шығындарды төлеу жөніндегі мiндеттерi
1. Кәсiпорынды жалға алушы шарттың бүкiл қолданылу мерзiмi iшiнде, егер шартта өзгеше көзделмесе, ағымдағы және күрделi жөндеудi қоса алғанда, кәсiпорынды тиiстi техникалық күйде ұстауға мiндеттi.
2. Егер шартта өзгеше көзделмесе, жалға алынған кәсiпорынды пайдалануға байланысты шығындар жалға алушыға жүктеледi.
578-бап. Жалға алынған кәсiпорынның мүлкiн пайдалану
Жалға алушы жалға берiлген кәсiпорын мүлкiнiң құрамына кiретiн материалдық қазыналарды, егер заң актілерінде немесе шартта өзгеше көзделмесе, жалға берушiнiң келісімiнсiз сатуға, айырбастауға, уақытша пайдалануға не қарыз етiп беруге оларды қосалқы жалға өткізуге және шарт бойынша осындай құндылықтарға қатысты өз құқықтары мен мiндеттерiн басқа тұлғаға беруге құқылы, мұндай жағдайда бұл кәсiпорынның құнын кемiтуге әкеп соқпауы және жалдау шартының басқа ережелерiн бұзбауы керек.
579-бап. Жалға алушының жалға алынған кәсiпорынға өзгерістер мен жақсартулар енгізуi
1. Егер кәсiпорынды жалдау шартында өзгеше көзделмесе, жалға алушы жалға берушiнiң келісімiнсiз жалға алынған мүлiк кешенiнiң құрамына оның құнын арттыратын өзгерістер енгізуге, оны қайта құруға, кеңейтуге, техникамен қайта жарақтандыруға құқығы.
2. Егер кәсiпорынды жалдау шартында өзгеше көзделмесе, кәсiпорынды жалдаушы жалға алынған мүлiктен ажыратуға болмайтын жақсарту құнының, мұндай жақсартуға жалға берушiнiң рұқсат етуiне қарамастан, өтемiн алуға құқылы.
3. Жалға берушi жалға алынған мүлiктен ажыратуға болмайтын жақсарту құнын өтеу мiндетiнен, егер ол жалға алушының осы жақсартуға шыққан шығысының жалға алынған мүлiк құнынан оның пайдаланылу қасиетiн жақсарту мөлшерiне сәйкес келмейтiндей екенiн немесе мұндай жақсартуларды жүзеге асыру кезiнде адалдық пен ақылға сыйымдылық принциптерiнiң бұзылғандығын дәлелдесе, сот арқылы босатылуы мүмкiн.
580-бап. Жалға алынған кәсiпорынды қайтару
Жалдау шарты тоқтатылған жағдайда кәсiпорын тұтастай мүлiк кешенi ретiнде осы Кодекстiң 573, 574 және 576-баптарында көзделген ережелердi сақтай отырып жалға берушiге қайтарылуға тиiс. Өткізу актiсiн жасауды және оны қол қоюға табыс етудi қоса алғанда, кәсiпорынды жалға берушiге беруге дайындау, егер шартта өзгеше көзделмесе, бұл жағдайда жалға алушының мiндетi болып табылады және соның есебiнен жүзеге асырылады.
4. Үйлер мен ғимараттарды жалдау
581-бап. Үйдi немесе ғимаратты жалдау шарты
1. Үйдi немесе ғимаратты жалдау шарты бойынша жалға берушi үйдi немесе ғимаратты жалға алушының уақытша иеленуiне және пайдалануына беруге мiндеттенедi.
2. Егер осы Кодекстiң кәсiпорынды жалдау туралы ережелерiнде өзгеше көзделмесе, кәсiпорындарды жалдауға осы параграфтың ережелерi қолданылады.
582-бап. Yйдi немесе ғимаратты жалдау шартының нысаны және оны мемлекеттік тiркеу
1. Үйдi немесе ғимаратты жалдау шарты тараптар қол қойған бiрыңғай құжат ретiнде жазбаша нысанда жасалады.
2. Үйдi немесе ғимаратты жалдау шартының нысанын сақтамау оның жарамсыздығына әкеп соғады.
3. Кемiнде бiр жыл мерзiмге жасалған үйдi немесе ғимаратты жалдау шарты мемлекеттік тiркелуге тиiс және ол осындай тiркеуден өткен кезден бастап жасалды деп есептеледi.
583-бап. Жалдау ақысының мөлшерi
1. Үйдi немесе ғимаратты жалдау шартында жалдау ақысының мөлшерi көзделуге тиiс. Тараптардың жалдау ақысының мөлшерi туралы жазбаша түрде келiскен талаптары болмаған жағдайда үйдi немесе ғимаратты жалдау шарты жасалмаған деп саналады. Бұл орайда осы Кодекстiң 385-бабының 3-тармағында көзделген баға белгiлеу ережелерi қолданылмайды.
2. Үйдi немесе ғимаратты жалдау ақысы шартта үй (ғимарат) алаңының бөлiнiсiне немесе оның көлемiнiң өзге көрсеткiшiне белгiленсе, жалдау ақысы жалға алушыға берiлген үйдiң немесе ғимараттың нақты мөлшерi негiзге алына отырып айқындалады.
584-бап. Yйдi немесе ғимаратты беру
1. Жалға берушiнiң үйдi немесе ғимаратты беруi және оны жалға алушының қабылдауы өткізу актiсi немесе тараптар қол қоятын өткізу туралы өзге де құжат бойынша жүзеге асырылады.
2. Үйдi немесе ғимаратты беру туралы құжатқа тараптардың бiрiнiң шартта көзделген талаптар бойынша қол қоюдан бас тартуы, тиiсiнше жалға берушiнiң мүлiктi беру жөніндегі мiндетiн орындаудан, ал жалға алушының мүлiктi қабылдаудан бас тартуы деп қаралады.
3. Жалданған үйдi немесе ғимаратты жалдау шарты тоқтатылған жағдайда жалға алынған үй немесе ғимарат осы баптың 1 және 2-тармақтарында көзделген ережелер сақтала отырып, жалға берушiге қайтарылуға тиiс.
5. Көлiк құралдарын жалдау
585-бап. Көлiк құралын экипажымен жалдау шарты
1. Көлiк құралын (уақытша кеме жалдау) басқару және техникалық пайдалану бойынша қызмет көрсетуiмен жалдау шарты (көлiк құралын экипажымен жалдау шарты) бойынша жалға берушi жалға алушыға ақы төлетiп көлiк құралын уақытша иелену мен пайдалануға беруге және өз күшiмен оны басқару мен техникалық пайдалану бойынша қызмет көрсетуге мiндеттi.
2. Осы тараудың жалға алушының жалдау шартын жаңарту бойынша және жалдау шартын белгiсiз мерзiмге жаңарту бойынша басым құқығы туралы ережелерi (осы Кодекстiң 557 және 558-баптары) көлiк құралдарын экипажымен жалдау шартына қолданылмайды.
586-бап. Көлiк құралын экипажымен жалдау шартының нысаны
Көлік құралын экипажымен жалдау шарты оның мерзіміне қарамастан жазбаша түрде жасалуға тиiс.
587-бап. Жалға берушiнiң көлiк құралын ұстау жөніндегі мiндетi
Жалға берушi шарт қолданылатын бүкiл мерзiм iшiнде жалға берiлген көлiк құралын, ағымдағы және күрделi жөндеудi жүзеге асыру мен қажеттi керек-жарақтарын берудi қоса алғанда, тиiстi жағдайда ұстауға мiндеттi.
588-бап. Жалға берушiнiң көлiк құралын басқару мен техникалық пайдалану жөніндегі мiндеттерi
1. Жалға алушыға жалға берушi берген көлiк құралын басқару мен техникалық пайдалану бойынша көрсететiн қызметiнiң көлемi шартта аталған жалдау мақсатына сәйкес оның қалыпты және қауiпсiз пайдаланылуын қамтамасыз етуге тиіс. Көлік құралын экипажымен жалдау шартында жалға алушыға көрсетiлетiн қызметтiң неғұрлым кең ауқымы көзделуі мүмкiн.
2. Көлiк құралы экипажының құрамы және оның біліктілігi тараптар үшiн мiндеттi ережелер мен шарттың жағдайларына, ал егер тараптар үшiн мiндеттi ережелермен мұндай талаптар белгiленбесе, көлiк құралының осы түрiн пайдаланудың әдеттегi практикасы талаптарына және шарттың жағдайларына сай келуге тиiс.
3. Экипаж мүшелерi жалға берушiмен еңбек қатынастарын сақтап қалады. Олар жалға берушiнiң басқару мен техникалық пайдалануға қатысты өкiмдерiне және жалға алушының көлiк құралын коммерциялық пайдалануға қатысты өкiмдерiне бағынады.
4. Егер жалдау шартында өзгеше көзделмесе, экипаж мүшелерiнiң көрсеткен қызметiне ақы төлеу жөніндегі шығындарды, сондай-ақ оларды ұстау жөніндегі шығындарды жалға берушi көтередi.
589-бап. Жалға берушiнiң көлiк құралын коммерциялық пайдалануға байланысты шығындарды төлеу жөніндегі мiндетi
Егер көлiк құралын экипажымен жалға беру шартында өзгеше көзделмесе, жалға алушы жанармайға және пайдалану процесiнде жұмсалатын басқа да материалдарға ақы төлеу жөніндегі, алымдарды төлеу жөніндегі шығындарды және көлiк құралын коммерциялық пайдалануға байланысты туындаған басқа да шығындарды көтередi.
590-бап. Көлiк құралын сақтандыру
Егер көлiк құралын экипажымен жалдау шартында өзгеше көзделмесе, көлiк құралын сақтандыру және (немесе) ол келтiруi мүмкiн немесе оны пайдалануға байланысты келтiрiлген зиян үшiн жауапкершiлiктi сақтандыру мiндетi мұндай сақтандыру мiндеттi болып табылатын жағдайда жалға берушiге жүктеледi.
591-бап. Көлiк құралын пайдалану туралы үшiншi тұлғалармен шарт жасасу
Жалға алушы жалға алынған көлiк құралын коммерциялық пайдалануды жүзеге асыру шеңберiнде жалға берушiнiң келісімiнсiз өз атынан үшiншi тұлғалармен, егер олар жалдау шартында көрсетiлген көлiк құралдарын пайдалану мақсаттарына, ал егер мұндай мақсаттар белгiленбесе, - көлiк құралының мақсатына қайшы келмесе, тасымалдау шарты мен өзге де шарттар жасасуға құқылы.
592-бап. Көлiк құралына келтiрiлген зиян үшiн жауапкершiлiк
Жалға алынған көлiк құралы жойылған немесе бүлiнген жағдайда, егер жалға берушi көлiк құралының жойылуы немесе бүлiнуi жалға алушы заң актілеріне немесе шартқа сәйкес жауап беретiн мән-жайлар бойынша болғанын дәлелдесе, жалға алушы жалға берушiге келтiрiлген залалды өтеуге мiндеттi.
593-бап. Көлiк құралы келтiрген зиян үшiн жауапкершiлiк
Үшiншi тұлғаға жалға алынған көлiк құралы, оның тетiктерi, құрылғылары, жабдықтары және т.б. келтiрген зиян үшiн осы Кодекстiң 931-бабының ережелерiне сәйкес жалға алушы жауапты болады.
594-бап. Көлiк құралдарының жекелеген түрлерiн жалдаудың ерекшелiктерi
Көлiк құралдарының жекелеген түрлерiн оны басқару және техникалық пайдалану жөніндегі қызмет көрсетуімен жалдаудың осы параграфта көзделгендерден басқа ерекшелiктерi заң актілерімен белгіленуі мүмкiн.
Көлiк құралын басқару және техникалық пайдалану жөніндегі қызмет көрсетусiз жалға алу (көлiк құралдарын экипажсыз жалдау) осы Кодекстің мүлік жалдау шарты туралы жалпы ережелеріне бағынады.
6. Прокат
595-бап. Прокат шарты
1. Прокат шарты бойынша тұрақты кәсiпкерлiк қызмет ретiнде қозғалатын мүлiктi жалға берудi жүзеге асыратын жалға берушi жалға алушыға мүлiктi ақы төлетiп уақытша иеленуге және пайдалануға беруге мiндеттенедi.
Прокат шарты бойынша берiлген мүлiк, егер шартта өзгеше көзделмесе немесе мiндеттеме мәнiнен өзгеше туындамаса, тұтыну мақсатында пайдаланылады.
2. Прокат шарты жазбаша түрде жасалады.
3. Прокат шарты жария болып табылады (осы Кодекстiң 387-бабы).
596-бап. Прокат шартының мерзiмi
1. Прокат шарты бiр жылға дейiнгi мерзiмге жасалады.
2. Жалға алушының мүлiктi жалға алу шартын жаңартуға басым құқығы туралы және мүлiктi жалға алу шартын белгiсiз мерзiмге жаңарту туралы ережелер (осы Кодекстiң 557, 558-баптары) прокат шартына қолданылмайды.
3. Егер шартта өзгеше көзделмесе, жалға алушы прокат шартынан кез келген уақытта бас тартуға құқылы.
597-бап. Мүлiктi жалға алушыға беру
Прокат шартын жасасқан жалға берушi жалға алушының қатысуымен жалға берiлетiн мүлiктiң дұрыстығын тексеруге, сондай-ақ жалға алушыны мүлiктi пайдалану ережелерiмен таныстыруға не оған осы мүлiктi пайдалану туралы жазбаша нұсқаулықтарды беруге мiндеттi.
598-бап. Жалға берiлген мүлiктiң кемшiлiктерiн жою
Жалға алушы жалға берiлген мүлiктiң оны пайдалануға толық немесе iшiнара кедергi келтiретiн кемшiлiктерiн тапқан жағдайда, жалға алушы кемшiлiктер туралы мәлiмдеген күннен бастап он күн мерзiмде жалға берушi, егер шартта одан неғұрлым аз мерзiм белгiленбесе, мүлiктiң кемшiлiктерiн ақысыз жоюға не осы мүлiктi соған ұқсас тиiстi күйдегi басқа мүлiкпен айырбастап беруге мiндеттi.
Егер жалға берiлген мүлiктiң кемшiлiктерi жалға алушының мүлiктi пайдалану және ұстап-тұту ережелерiн бұзуы салдарынан болса, жалға алушы жалға берушiге мүлiктi жөндеу және тасымалдау құнын төлейді.
ҚР 29.03.2000 № 42-II Заңына сәйкес 599-баптың 3-тармағы алып тасталды
599-бап. Мүлiктi пайдаланғаны үшiн төленетiн ақы
1. Прокат шарты бойынша мүлiктi пайдаланғаны үшiн төленетiн ақы, мерзiмдiк немесе бiржолғы енгiзiлетiн, тұрлаулы сомада белгiленген төлемдер түрiнде белгiленедi.
2. Жалға алушы мүлiктi мерзiмiнен бұрын қайтарған жағдайда жалға берушi мүлiктi пайдаланғаны үшiн алған ақының тиiстi бөлiгiн оған мүлiктi нақты қайтарған күннен кейiнгi күннен бастап есептеп қайтарады.
3. алынып тасталды
600-бап. Жалға алынған мүлiктi пайдалану
1. Прокат шарты бойынша жалға берiлген мүлiктi күрделi және ағымдағы жөндеу жалға берушiнiң мiндетi болып табылады.
2. Прокат шарты бойынша жалға алушыға берілген мүлікті қосымша жалға беруге, жалға алушының прокат шарты бойынша өз құқықтары мен мiндеттерiн басқа тұлғаға беруiне, осы мүлiктi тегiн пайдалануға беруге, жалға алушының құқықтарын кепiлге салуға және оларды шаруашылық серіктестіктеріне, акционерлік қоғамдарға мүлік салымы, өндiрiстiк кооперативтерге жарна ретiнде енгізуге жол берiлмейдi.
30-тарау. Тұрғын үйді жалдау
601-бап. Тұрғын үйдi жалдау шарты
1. Тұрғын үйдi жалдау шарты бойынша тұрғын үйдiң иесi немесе оның уәкiлеттi адамы (жалға берушi) азаматқа (жалға алушыға) және оның отбасы мүшелерiне тұрғын үйдi ақы төлеп пайдалануға беруге мiндеттенедi.
2. Тұрғын үйдi жалдау шарты жазбаша түрде жасалуға тиiс, ал заң актілерінде көзделген жағдайларда тiркеуге жатады.
602-бап. Мемлекеттік тұрғын үй қорындағы тұрғын үйдi жалдау шарты
1. Мемлекеттік тұрғын үй қорындағы тұрғын үйлердi жалдау шарты жергiлiктi атқарушы органның тұрғын үй беру туралы шешiмi негiзiнде жасалады.
2. Тұрғын үйдi беру талаптары, тараптардың құқықтары мен мiндеттерi, мемлекеттік тұрғын үй қорындағы тұрғын үйдi жалдау шартын өзгерту мен бұзу негiздерi тұрғын үй заңдарында белгiленедi.
603-бап. Жекеше тұрғын үй қорындағы тұрғын үйдi жалдау шарты
Жекеше тұрғын үй қорындағы тұрғын үйдi жалдау талаптары, егер тұрғын үй заңдарында өзгеше көзделмесе, тараптардың келісімiмен белгiленедi.
31-тарау. Мүлікті тегін пайдалану
604-бап. Мүлiктi тегiн пайдалану шарты
1. Мүлiктi тегiн пайдалану шарты (несие шарты) бойынша бiр тарап (несие берушi) екiншi тарапқа (несие алушыға) мүлiктi тегiн уақытша пайдалануға бередi, ал соңғысы мүлiктiң қалыпты тозуын ескере отырып, қандай күйде алса, сондай күйде немесе шартта ескертілген күйде қайтаруға мiндеттенедi.
2. Мүлiктi тегiн пайдалану шартына тиiсiнше осы Кодекстiң 541-бабының, 545-бабының 1-тармағының және 2-тармағының бiрiншi бөлiгiнiң, 550-бабының, 555-бабының, 556-бабының 2-тармағының 1), 2), 4) тармақшаларының, 558-бабының ережелерi қолданылады.
605-бап. Несие берушi
1. Мүлiктi тегiн пайдалануға беру құқығы оның меншiк иесiне және соған заң актілері немесе меншiк иесi уәкiлдiк берген өзге адамдарға берiледi.
2. Коммерциялық ұйымның өз құрылтайшысы, қатысушысы, (акционерi), директоры, өзiнiң басқару немесе бақылау органдарының мүшесi болып табылатын адамға мүлiктi тегiн пайдалануға беруге құқығы жоқ.
606-бап. Мүлiктi тегiн пайдалануға беру
1. Несие берушi мүлiктi тегiн пайдалану шартының талаптары мен мүлiктiң мақсатына сай келетiн күйде беруге мiндеттi.
2. Егер шартта өзгеше көзделмесе, мүлiк тегiн пайдалануға оның барлық керек-жарақтарымен және оған қатысты құжаттармен (мүлiктiң жиынтықтылығын, қауiпсiздiгiн, сапасын, пайдалану тәртібін куәландыратын және т.б. құжаттармен) қоса берiледi.
Егер мұндай керек-жарақтар мен құжаттар берiлмесе, алайда оларсыз мүлiктi мақсаты бойынша пайдалану мүмкiн болмаса не оны пайдалану несие алушы үшiн едәуiр дәрежеде құнын жойса, соңғысы сондай керек-жарақтар мен құжаттар берудi немесе шартты бұзуды және өзiне келтiрiлген нақты зиянды өтеудi талап етуге құқылы.