108-бап. Есеп айырысу тәртібі
1. Жекешелендiру объектілерін сатып алу-сату шарты бойынша есеп айырысу сатушы мен сатып алушының арасында жүргiзiледi.
2. Сатып алынатын объектiге ақы төлеу сатып алу-сату шартына қол қойылған күннен бастап отыз күн iшiнде жүргiзiлуге тиiс.
3. Ақыны бөліп-бөліп төлеуге ықтимал бөліп-бөліп төлеу шарттары сауда-саттыққа қатысушылардың назарына алдын ала жеткізілген жағдайларда ғана жол берiледi.
2021.02.01. № 399-VI ҚР Заңымен 4-тармақ өзгертілді (2021 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
4. Жекешелендiрiлетiн объектiнiң ақысын бөліп-бөліп төлей отырып сату кезiнде бастапқы жарнаның мөлшерi сату бағасының он бес пайызынан кем болмауға, ал ақыны бөліп-бөліп төлеу кезеңі үш жылдан аспауға тиіс.
Келесі сомаларды төлеген кезде Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексінің 282-бабында белгіленген ақшалай мiндеттемені орындау қағидалары қолданылады.
Бұл ретте кейіннен енгізілетін сомаларға Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің базалық мөлшерлемесі негізге алына отырып пайыздар есепке жазылады.
5. Егер сатып алу-сату шартында қамтамасыз етудiң өзгеше тәсілі көзделмесе, сатып алушы сатып алған мүлiкке сатушының кепiл салу құқығы төлемдердi уақтылы өтеудiң қамтамасыз етiлуi болып қызмет етеді.
109-бап. Жекешелендіруден алынған қаражат
2017.11.07. № 90-VI ҚР Заңымен 1-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
1. Республикалық меншікті жекешелендіруден алынған қаражат - Қазақстан Республикасының Ұлттық қорына, коммуналдық меншікті жекешелендіруден алынған қаражат тиісті жергілікті бюджетке жіберіледі.
Мемлекеттік материалдық резервтiң материалдық құндылықтарын сатудан алынған қаражатты пайдалану тәртібі Қазақстан Республикасының Бюджет кодексімен белгiленедi.
2. Жекешелендіру бойынша сауда-саттықты дайындау және өткізу бюджет қаражаты есебінен жүзеге асырылады.
110-бап. Сатып алу-сату шартының орындалуын бақылау
1. Жекешелендiру объектiсiн сатып алу-сату шарты талаптарының тиiсiнше орындалуын кейіннен бақылауды сатушы жүзеге асырады.
2018.10.01. № 134-VI ҚР Заңымен 2-тармақ өзгертілді (2018 ж. 13 шілдеден бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
2. Шарт талаптарының орындалуын бақылау сатып алушының мiндеттемелердi орындауы аяқталған кезге дейiн жүргiзiледi.
Сатушы бақылауды жүзеге асыру үшiн сатып алу-сату шартын, оның iшiнде өзiнiң қолданысын тоқтатқан шартты орындауға байланысты құжаттармен танысады және жұмысқа сарапшыларды, бағалаушыларды, сондай-ақ консультациялық, аудиторлық және өзге де ұйымдарды тартады.
111-бап. Жекешелендiрiлген кәсiпорынның меншік иесiнiң қоршаған ортаға келтiрілген залал үшiн жауаптылығы
1. Алдыңғы жекешелендiрудiң шаруашылық қызметі салдарынан қоршаған ортаға және халықтың денсаулығына келтiрiлген залал үшiн жекешелендiру объектiсiнiң бұрынғы меншік иесi - мемлекет жауаптылықта болады.
2. Қоршаған ортаға келтiрiлген зиянды, сондай-ақ экологиялық тәуекелдi жаңа меншiк иесiне бөлу немесе аудару оның келісімiмен ғана мүмкiн болады.
3. Жекешелендiруден кейін қалдықтарға меншiк құқығы, сондай-ақ қалдықтармен қауiпсiз жұмыс iстеу және оларды жою, жердi рекультивациялау мен қалпына келтiру жөнiндегі мiндеттемелер жаңа меншiк иесiне өтедi.
4. Қоршаған ортаға жаңа меншiк иесiнiң шаруашылық қызметiнен келтiрілген зиян үшiн жауаптылық Қазақстан Республикасының заңдарымен белгіленеді.
112-бап. Сатып алу-сату шартын жарамсыз деп тану және бұзу
1. Жекешелендiру объектiсiн сатып алу-сату шартын соттың жарамсыз деп тануына:
1) объектiнi сатып алуға құқығы жоқ тұлғаға оны сату;
2) сатып алушыға заңсыз жеңiлдiктер мен артықшылықтар беру;
3) сауда-саттық жүргiзу тәртібін елеулi түрде бұзу;
4) Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексінде және Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында көзделген өзге де негiздер негіз болып табылады.
2. Сатып алушы сатып алу-сату шарты жарамсыз деп танылғанға дейiн жекешелендiру объектiсiн кейіннен иеліктен шығарған жағдайда Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексiнiң 260-262-баптарында көзделген қағидалар бойынша оны иеленушіден талап ету мүмкін болады.
3. Егер тарап талап-арызды шартта келтірсе, сатып алу-сату шартының жарамсыз деп танылуына байланысты даулар бойынша талап қоюдың өту мерзiмi оған қол қойылған күннен бастап алты айды құрайды. Өзге мүдделi тұлғалар не прокурор талап-арыз келтірген жағдайда, даулар бойынша талап қоюдың өту мерзiмi шартты жарамсыз деп тануға негiз болып табылатын мән-жайлар туралы талапкер бiлген немесе бiлуге тиiстi болған күннен бастап алты айды құрайды, бірақ ол шартқа қол қойылған күннен бастап үш жылдан кеш болмауға тиiс.
4. Жекешелендіру объектісін сатып алу-сату шарты Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексінде көзделген негіздер бойынша және тәртіппен бұзылуы мүмкін.
5. Сатып алу-сату шартының бұзылуы тараптардың шарт бұзылғанға дейінгі міндеттемелері бойынша өздері орындағандарын қайтаруына және шартты бұзған тараптың залалдарды өтеуіне әкеп соғады.
113-бап. Мемлекеттік тұрғын үй қорының объектілерін жекешелендіру
Мемлекеттік тұрғын үй қорының объектілерін жекешелендіру ерекшеліктері «Тұрғын үй қатынастары туралы» Қазақстан Республикасының Заңымен реттеледі.
3-параграф. Мемлекеттік мүлікті иеліктен шығарудың өзге де тәсілдері
2013.04.07. № 132-V ҚР Заңымен 114-бап өзгертілді (бұр.ред.қара); 2021.30.12. № 95-VII ҚР Заңымен 114-баптың тақырыбы өзгертілді (бұр.ред.қара)
114-бап. Мүлікті жауапкершілігі шектеулі серіктестіктердің жарғылық капиталына не акционерлік қоғамдардың акцияларын сатып алу ақысына не «Астана» халықаралық қаржы орталығының қолданыстағы құқығына сәйкес тіркелген заңды тұлғалардың жарғылық капиталына (акцияларын төлеуге) мүліктік салым ретінде беру
2021.24.11. № 75-VII ҚР Заңымен 1-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
1. Қазақстан Республикасы акционері (қатысушысы) болып табылатын акционерлік қоғамдардың акцияларын және жауапкершілігі шектеулі серіктестіктерге қатысу үлестерін және республикалық меншіктегі стратегиялық объектілерді жауапкершілігі шектеулі серіктестіктің жарғылық капиталына не акционерлік қоғамның акцияларын төлеуге беру туралы шешімді Қазақстан Республикасының Үкіметі қабылдайды.
Мемлекеттік мүлік жөніндегі уәкілетті орган Қазақстан Республикасы акционері (қатысушысы) болып табылатын акционерлік қоғамдардың акцияларын және жауапкершілігі шектеулі серіктестіктерге қатысу үлестерін және республикалық меншіктегі стратегиялық объектілерді қоспағанда, республикалық мемлекеттік мүлікті акционерлік қоғамның акцияларын төлеуге не жауапкершілігі шектеулі серіктестіктің жарғылық капиталына беру туралы шешім қабылдайды.
2. Коммуналдық мүлікті жауапкершілігі шектеулі серіктестіктің жарғылық капиталына не акционерлік қоғам акцияларын төлеуге беру туралы шешімді тиісті әкімшілік-аумақтық бөліністің жергілікті атқарушы органы қабылдайды.
3. Стратегиялық объектілерге жататын мемлекеттік мүлікті жауапкершілігі шектеулі серіктестіктердің жарғылық капиталына не акционерлік қоғамдар акцияларын төлеуге беру стратегиялық объектілермен мәмілелер жасау жөніндегі талаптар сақтала отырып жүзеге асырылады.
2023.23.12. № 51-VIII ҚР Заңымен 4-тармақ өзгертілді (2024 ж. 5 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
4. Тек мемлекеттік меншікте ғана болатын мемлекеттік мүлік, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Президентінің не Қазақстан Республикасының Президентімен келісу бойынша Қазақстан Республикасы Үкіметінің актілеріне сәйкес иеліктен шығаруға жатпайтын мемлекеттік мүлік жауапкершілігі шектеулі серіктестіктің жарғылық капиталына не акционерлік қоғамның акцияларын төлеуге мүліктік салым ретінде пайдаланыла алмайды.
Егер осы тармақтың бірінші бөлігінде өзгеше белгіленбесе, жекешелендіруге жатпайтын мемлекеттік мүлік Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілейтін шарттармен және тәртіппен ұлттық басқарушы холдинг, ұлттық холдинг, ұлттық компания акцияларын төлеуге, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерінде айқындалған жағдайларда өзге де заңды тұлғаларға берілуі мүмкін. Сондай-ақ жекешелендіруге жатпайтын мемлекеттік мүлікті иелену және (немесе) пайдалану құқығы Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексі 59-бабы 1-тармағының және «Акционерлік қоғамдар туралы» және «Жауапкершілігі шектеулі және қосымша жауапкершілігі бар серіктестіктер туралы» Қазақстан Республикасы заңдарының қағидалары бойынша жауапкершілігі шектеулі серіктестіктің жарғылық капиталына мүліктік салым ретінде не акционерлік қоғам акцияларын төлеуге берілуі мүмкін.
2021.30.12. № 95-VII ҚР Заңымен 5-тармақпен толықтырылды
5. Осы баптың ережелері мемлекеттік мүлікті «Астана» халықаралық қаржы орталығының қолданыстағы құқығына сәйкес тіркелген заңды тұлғалардың жарғылық капиталына (акцияларды төлеуге) мүліктік салым ретінде беру үшін де қолданылады.
115-бап. Жер учаскелерін иеліктен шығару
Жер учаскелерін жеке меншікке беру Қазақстан Республикасының Жер кодексінде көзделген арнайы рәсімдер шеңберінде жүзеге асырылады.
116-бап. Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкіне бекітіліп берілген мемлекеттік мүлікті иеліктен шығару
Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкіне бекітіліп берілген мемлекеттік мүлікті иеліктен шығару «Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес жүзеге асырылады.
116-1-бап. 2023 ж. 1 қаңтардан бастап 31 желтоқсанға дейін қолданылды (бұр.ред.қара)
117-бап. Жекелеген негіздер бойынша мемлекеттік мүліктің құрамына түскен мүлікті иеліктен шығару
Осы Заңның 210-бабында көзделген жекелеген негіздер бойынша мемлекеттік мүліктің құрамына түскен мүлікті иеліктен шығару осы Заңның 213-бабында белгіленген рәсімдер шеңберінде жүзеге асырылады.
2011.11.10. № 484-IV ҚР Заңымен 118-бап өзгертілді (бұр.ред.қара)
118-бап. Діни бірлестіктердің меншігіне ғибадат үйлерiн (ғимараттарын) және ғибадат ету мақсатындағы өзге де мүлікті беру
1. Облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың жергілікті атқарушы органдары мемлекет меншігіндегі ғибадат үйлерiн (ғимараттарын) және ғибадат ету мақсатындағы өзге де мүлікті діни бірлестіктердің меншігіне беруге құқылы. Діни бірлестіктердің өздеріне ғибадат үйлерiн (ғимараттарын) іргелес жатқан аумағымен қоса берілуіне басым құқығы бар.
2. 2011.11.10. № 484-IV ҚР Заңымен алып тасталды (бұр.ред.қара)
2015.29.10. № 376-V ҚР Заңымен 119-бап өзгертілді (2016 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
119-бап. Мемлекеттік заттай грантты жеке меншікке беру
Республикалық немесе коммуналдық мүлікке жататын мемлекеттік заттай грантты жеке меншікке беру Қазақстан Республикасының Кәсіпкерлік кодексінде көзделген тәртіппен және талаптармен жүргізіледі.
2015.21.07. № 337-V ҚР Заңымен 119-1-баппен толықтырылды
119-1-бап. Мемлекеттік мүлікті дербес білім беру ұйымына өтеусіз беру
Қазақстан Республикасының Үкіметі мемлекеттік мүлікті дербес білім беру ұйымына өтеусіз береді.
2017.11.07. № 89-VI ҚР Заңымен 119-2-баппен толықтырылды
119-2-бап. Электр желілерін өтеусіз беру
Қазақстан Республикасының азаматтық заңнамасына сәйкес иесіз деп танылған электр желілерін жергілікті атқарушы органдар электр желілеріне бұлар тікелей қосылған энергия беруші ұйымдарға өтеусіз береді.
2018.05.10. № 184-VІ ҚР Заңымен 119-3-баппен толықтырылды
119-3-бап. Байланыс жолдарын (желілерін), құрылысжайларын өтеусіз беру
Құрылыс салу аймағынан шығарылған байланыс жолдарын (желілерін), құрылысжайларын Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес құрылысқа тапсырыс беруші реконструкциялау учаскесінде шығару (көшіру) жүзеге асырылған байланыс жолдарының (желілерінің), құрылысжайларының меншік иесі болып табылатын ұйымның меншігіне өтеусіз беруге тиіс.
120-бап. Мемлекеттік мүлікті шағын кәсіпкерлік субъектілерінің меншігіне өтеусіз беру
1. Сауда-делдалдық қызметті қоспағанда, бір жылдан астам пайдаланылмаған мемлекеттік меншік объектілері өндірістік қызметті ұйымдастыру және халыққа қызметтер көрсету салаларын дамыту үшін шағын кәсіпкерлік субъектілеріне мүліктік жалдауға (жалға алуға) немесе сенімгерлікпен басқаруға шарт жасалған кезден бастап бір жыл өткен соң кейіннен меншікке өтеусіз беру арқылы берілуі мүмкін.
2. Шағын кәсіпкерлік субъектісінің мүліктік жалдау (жалға алу) немесе сенімгерлікпен басқару шарттарының талаптарын орындауын бақылауды мемлекеттік мүлік жөніндегі уәкілетті органның тиісті аумақтық бөлімшелері немесе жергілікті атқарушы орган жүзеге асырады.
3. Өндірістік қызметті ұйымдастыру және халыққа қызметтер көрсету салаларын дамыту үшін мүліктік жалдауға (жалға алу) немесе сенімгерлікпен басқаруға берілген мемлекеттік меншік объектілерін шағын кәсіпкерлік субъектілерінің меншігіне өтеусіз беру мүліктік жалдау (жалға алу) немесе сенімгерлікпен басқару шарттары жасалған кезден бастап бір жыл өткеннен кейін, оларда көзделген талаптар орындалған жағдайда жүзеге асырылады.
2014.29.09. № 239-V ҚР Заңымен 4-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
4. Мемлекеттiк меншiктiң пайдаланылмайтын объектiлерiн өндiрiстiк қызметтi ұйымдастыру және халыққа қызметтер көрсету саласын дамыту үшiн кейiннен меншiгіне өтеусiз бере отырып, шағын кәсiпкерлiк субъектiлерiне мүлiктiк жалдауға (жалға алуға) немесе сенiмгерлiк басқаруға беру тәртiбiн мемлекеттік жоспарлау жөніндегі уәкілетті орган айқындайды.
2021.02.01. № 399-VI ҚР Заңымен 120-1-баппен толықтырылды
120-1-бап. Қорғаныс объектілерін мемлекеттік-жекешелік әріптестік, оның ішінде концессия шарттары бойынша иеліктен шығару
Қорғаныс объектілерін мемлекеттік-жекешелік әріптестік, оның ішінде концессия шарттары бойынша иеліктен шығару «Қазақстан Республикасының қорғанысы және Қарулы Күштері туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес жүзеге асырылады.
121-бап. Мемлекетке тиесілі болмайтын мүлікті және жекелеген негіздер бойынша мемлекеттік мүліктің құрамына түскен мүлікті иеліктен шығару
1. Егер Қазақстан Республикасы заңдарының талаптарына орай мемлекетке тиесілі болмайтын мүлік мемлекеттік мүліктің құрамына түссе, осы мүлікке құқықты иеленген кезден бастап бір жыл ішінде бұл мүлік иеліктен шығарылуға тиіс, ал мүлікті өткізуден түскен қаражат бюджет есебіне жатқызылады.
2. Осы баптың 1-тармағында көрсетілген мүлік осы Заңның 213-бабының қағидалары бойынша иеліктен шығарылады.
2018.24.05. № 156-VI ҚР Заңымен 4-параграфпен толықтырылды
4-параграф. Мемлекеттік мүлікті мемлекеттік ислам арнайы қаржы компаниясына тікелей атаулы сату
121-1-бап. Мемлекеттік мүлікті мемлекеттік ислам арнайы қаржы компаниясына оны кері сатып алу міндеттемесімен тікелей атаулы сату
1. Қазақстан Республикасы Үкіметінің мемлекеттік ислам бағалы қағаздарын шығару туралы шешімінде айқындалған мемлекеттік мүлік объектілері мемлекеттік ислам арнайы қаржы компаниясына тікелей атаулы сатуға жатады.
2. Мемлекеттік ислам бағалы қағаздарын шығару шарттарына сәйкес мемлекеттік мүлікті мемлекеттік ислам арнайы қаржы компаниясына оны кері сатып алу міндеттемесімен тікелей атаулы сатуды мемлекеттік мүлік жөніндегі уәкілетті орган Қазақстан Республикасы Үкіметінің мемлекеттік ислам бағалы қағаздарын шығару туралы шешімі негізінде жүзеге асырады.
3. Қазақстан Республикасы Үкіметінің шешімі негізінде мемлекеттік ислам арнайы қаржы компаниясына сатылған мүлікті кепілге салуға және оған өндіріп алуды қолдануға, сондай-ақ мұндай мүлікке тыйым салуды қодануға жол берілмейді.
5-бөлім. Мемлекеттік мүліктің жекелеген түрлерін басқару ерекшеліктері
11-тарау. Мемлекеттік заңды тұлғалардың мемлекет мүлкіне құқықтарды жүзеге асыруы
1-параграф. Мемлекеттік заңды тұлғалар туралы жалпы ережелер
122-бап. Мемлекеттік заңды тұлғалардың мүлкіне қатысты мемлекеттік меншік құқығын жүзеге асыру
1. Республикалық заңды тұлғалардың мүлкіне қатысты республикалық меншік құқығы субъектісінің құқықтарын Қазақстан Республикасының атынан мемлекеттік мүлік жөніндегі уәкілетті орган, Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі немесе Қазақстан Республикасы Үкіметінің шешімі бойынша республикалық меншік құқығы субъектісінің құқықтарын жүзеге асыратын өзге де мемлекеттік орган атқарады.
2. Республикалық заңды тұлғаларды басқаруды тиісті салалардың уәкілетті органдары жүзеге асырады.
3. Қазақстан Республикасының Үкіметі тиісті саланың уәкілетті органын айқындамаған республикалық заңды тұлғаларға қатысты, сондай-ақ тиісті саланың уәкілетті органында мемлекеттік заңды тұлғаларды басқаруды жүзеге асыратын құқықтар тоқтатылған кезде тиісті саланың уәкілетті органының функцияларын мемлекеттік мүлік жөніндегі уәкілетті орган атқарады.
2017.11.07. № 90-VI ҚР Заңымен 4-тармақ жаңа редакцияда (халық саны екі мың адамнан көп аудандық маңызы бар қалалар, ауылдар, кенттер, ауылдық округтер үшін 2018 ж. 1 қаңтардан бастап; халық саны екі мың адам және одан аз аудандық маңызы бар қалалар, ауылдар, кенттер, ауылдық округтер үшін 2020 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
4. Коммуналдық заңды тұлғаларға қатысты коммуналдық меншік құқығы субъектісінің құқықтарын облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың, аудандардың, облыстық маңызы бар қалалардың жергілікті атқарушы органдары немесе аудандық маңызы бар қалалар, ауылдар, кенттер, ауылдық округтер әкімдерінің аппараттары жүзеге асырады.
2013.13.06. № 101-V ҚР Заңымен 5-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара); 2017.11.07. № 90-VI ҚР Заңымен 5-тармақ жаңа редакцияда (халық саны екі мың адамнан көп аудандық маңызы бар қалалар, ауылдар, кенттер, ауылдық округтер үшін 2018 ж. 1 қаңтардан бастап; халық саны екі мың адам және одан аз аудандық маңызы бар қалалар, ауылдар, кенттер, ауылдық округтер үшін 2020 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
5. Жергілікті атқарушы орган немесе аудандық маңызы бар қала, ауыл, кент, ауылдық округ әкімінің аппараты тиісті әкімшілік-аумақтық бірліктің коммуналдық заңды тұлғаларын басқаруды жүзеге асыратын орган ретінде әрекет етеді.
123-бап. Мемлекеттік заңды тұлғаларды мемлекеттік тіркеу және қайта тіркеу
1. Мемлекеттік заңды тұлға мемлекеттік тіркелген кезден бастап құрылды деп есептеледі және заңды тұлғаның құқықтарына ие болады.
Мемлекеттік заңды тұлғаларды мемлекеттік тіркеу Қазақстан Республикасының заңды тұлғаларды мемлекеттік тіркеу және филиалдар мен өкілдіктерді есептік тіркеу туралы заңнамасында белгіленген тәртіппен жүзеге асырылады.
2. Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексінде, сондай-ақ «Заңды тұлғаларды мемлекеттік тіркеу және филиалдар мен өкілдіктерді есептік тіркеу туралы» Қазақстан Республикасының Заңында көзделген жағдайларда мемлекеттік заңды тұлға қайта тіркелуге жатады.
124-бап. Мемлекеттік заңды тұлғалардың құрылтай құжаттары
2017.11.07. № 90-VI ҚР Заңымен 1-тармақ өзгертілді (халық саны екі мың адамнан көп аудандық маңызы бар қалалар, ауылдар, кенттер, ауылдық округтер үшін 2018 ж. 1 қаңтардан бастап; халық саны екі мың адам және одан аз аудандық маңызы бар қалалар, ауылдар, кенттер, ауылдық округтер үшін 2020 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
1. Мемлекеттік кәсіпорынның құрылтай құжаты - жарғы, ал мемлекеттік мекеменің құрылтай құжаты жарғы немесе ереже болып табылады.
Республикалық мемлекеттік мекеменің жарғысын (ережесін) - тиісті саланың уәкілетті органы, ал коммуналдық мемлекеттік мекеменің жарғысын (ережесін) жергілікті атқарушы орган немесе жергілікті қоғамдастық жиналысымен келісу бойынша аудандық маңызы бар қала, ауыл, кент, ауылдық округ әкімінің аппараты бекітеді.
Республикалық мемлекеттік кәсіпорынның жарғысын - мемлекеттік мүлік жөніндегі уәкілетті орган, Қазақстан Республикасы Үкіметінің шешімімен республикалық меншік құқығы субъектісінің құқықтарын жүзеге асыратын өзге де мемлекеттік орган, ал коммуналдық мемлекеттік кәсіпорынның жарғысын жергілікті атқарушы орган немесе жергілікті қоғамдастық жиналысымен келісу бойынша аудандық маңызы бар қала, ауыл, кент, ауылдық округ әкімінің аппараты бекітеді.
2017.11.07. № 90-VI ҚР Заңымен 2-тармақ өзгертілді (халық саны екі мың адамнан көп аудандық маңызы бар қалалар, ауылдар, кенттер, ауылдық округтер үшін 2018 ж. 1 қаңтардан бастап; халық саны екі мың адам және одан аз аудандық маңызы бар қалалар, ауылдар, кенттер, ауылдық округтер үшін 2020 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
2. Мемлекеттік заңды тұлғаның жарғысында (ережесінде):
1) мемлекеттік заңды тұлғаның түрі туралы нұсқау;
2) атауы (фирмалық атауы);
3) құрылтайшы және тиісті саланың уәкілетті органы туралы мәліметтер;
4) тұрған орны;
5) қызметінің нысанасы мен мақсаттары;
6) басшысының өкілеттігі;
7) байқау кеңесі құрылғанған жағдайларда оның өкілеттігі;
8) жұмыс режимі;
9) мүліктің құралу тәртібі;
10) қайта ұйымдастыру және тарату талаптары болуға тиіс.
Жарғыда (ережеде) заңды тұлға мен мемлекеттік мүлік жөніндегі уәкілетті орган немесе жергілікті атқарушы орган не аудандық маңызы бар қала, ауыл, кент, ауылдық округ әкімі аппараты, заңды тұлға мен тиісті саланың уәкілетті органы, заңды тұлғаның әкімшілігі мен оның еңбек ұжымы арасындағы өзара қатынастар да айқындалады. Жарғыда (ережеде) Қазақстан Республикасының заңнамасына қайшы келмейтін басқа да ережелер болуы мүмкін.
3. Мемлекеттік орган болып табылатын мемлекеттік мекеменің құрылтай құжатына, егер Қазақстан Республикасының заңнамасында немесе оны құру жөніндегі жеке актіде өзгеше көзделмесе, осы баптың қағидалары қолданылады.
2014.29.09. № 239-V ҚР Заңымен (бұр.ред.қара); 2017.11.07. № 90-VI ҚР Заңымен (халық саны екі мың адамнан көп аудандық маңызы бар қалалар, ауылдар, кенттер, ауылдық округтер үшін 2018 ж. 1 қаңтардан бастап; халық саны екі мың адам және одан аз аудандық маңызы бар қалалар, ауылдар, кенттер, ауылдық округтер үшін 2020 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара) 4-тармақ жаңа редакцияда
4. Мемлекеттік мекеме - тиісті саланың уәкілетті органының немесе жергілікті атқарушы органның не аудандық маңызы бар қала, ауыл, кент, ауылдық округ әкімі аппаратының шешімімен, ал мемлекеттік кәсіпорын мемлекеттік мүлік жөніндегі уәкілетті органның немесе жергілікті атқарушы органның не аудандық маңызы бар қала, ауыл, кент, ауылдық округ әкімі аппаратының шешімімен Қазақстан Республикасының Әділет министрлігі бекіткен үлгілік жарғының (жалпы ереженің) негізінде қызметін жүзеге асырады.
125-бап. Мемлекеттік кәсіпорынның фирмалық атауы, мемлекеттік мекеменің атауы
2017.11.07. № 90-VI ҚР Заңымен 1-тармақ өзгертілді (халық саны екі мың адамнан көп аудандық маңызы бар қалалар, ауылдар, кенттер, ауылдық округтер үшін 2018 ж. 1 қаңтардан бастап; халық саны екі мың адам және одан аз аудандық маңызы бар қалалар, ауылдар, кенттер, ауылдық округтер үшін 2020 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
1. Мемлекеттік кәсіпорынның фирмалық атауында мемлекеттік меншік түріне (республикалық немесе коммуналдық) тиесілілігі, ведомстволық бағыныстылығы (ол болған кезде) көрсетілуге тиіс. Жедел басқару құқығындағы кәсіпорынның фирмалық атауында оның қазыналық екендігі де көрсетілуге тиіс.
Мемлекеттік мекеменің атауында мемлекеттік меншік түріне (республикалық немесе коммуналдық) тиесілілігі, ұйымдық-құқықтық нысаны және ведомстволық бағыныстылығы (ол болған кезде) көрсетілуге тиіс. Мемлекеттік органдар болып табылатын мемлекеттік мекемелердің атауы Қазақстан Республикасының заңнамасында немесе оларды құру жөніндегі жеке актіде айқындалады.
2. Мемлекеттік заңды тұлғаның Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Елтаңбасы бейнеленген және заңды тұлғаның атауы жазылған мөрі болады.
126-бап. Мемлекеттік заңды тұлға қызметінің нысанасы мен мақсаттары
2017.11.07. № 90-VI ҚР Заңымен 1-тармақ жаңа редакцияда (халық саны екі мың адамнан көп аудандық маңызы бар қалалар, ауылдар, кенттер, ауылдық округтер үшін 2018 ж. 1 қаңтардан бастап; халық саны екі мың адам және одан аз аудандық маңызы бар қалалар, ауылдар, кенттер, ауылдық округтер үшін 2020 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
1. Мемлекеттік мекеме қызметінің нысанасы мен мақсаттарын тиісті саланың уәкілетті органы немесе жергілікті атқарушы орган не жергілікті қоғамдастық жиналысымен келісу бойынша аудандық маңызы бар қала, ауыл, кент, ауылдық округ әкімінің аппараты айқындайды және олар мемлекеттік мекеменің жарғысында (ережесінде) бекітіледі.
Республикалық мемлекеттік кәсіпорын қызметінің нысанасы мен мақсаттарын, сондай-ақ осындай қызметті жүзеге асыратын мемлекеттік кәсіпорын түрін (шаруашылық жүргізу құқығындағы немесе қазыналық кәсіпорын) - осы Заңның 134-бабының талаптарына сәйкес тиісті саланың уәкілетті органының ұсынуы бойынша мемлекеттік мүлік жөніндегі уәкілетті орган, ал коммуналдық мемлекеттік кәсіпорын қызметінің нысанасы мен мақсаттарын, түрін жергілікті атқарушы орган немесе жергілікті қоғамдастық жиналысымен келісу бойынша аудандық маңызы бар қала, ауыл, кент, ауылдық округ әкімінің аппараты айқындайды.