3-1. Мемлекетке тиесілі және қорғаныстық-өнеркәсіптік кешен ұйымдарына жататын акционерлік қоғамдардың акцияларын сату «алтын акцияны» мемлекеттің басқаруы сақтала отырып жүзеге асырылады.
2023.23.12. № 51-VIII ҚР Заңымен 3-2-тармақпен толықтырылды (2024 ж. 5 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді)
3-2. Қорғаныстық-өнеркәсіптік кешен ұйымдарына жататын жауапкершілігі шектеулі серіктестіктің жарғылық капиталына мемлекеттің қатысу үлестерін сату жауапкершілігі шектеулі серіктестіктің жалпы дауыс санының төрттен бір бөлігінен астам мөлшеріндегі жарғылық капиталға мемлекеттің қатысу үлесі сақтала отырып жүзеге асырылады.
2015.22.04. № 308-V ҚР Заңымен 4-тармақпен толықтырылды; 2015.04.12. № 435-V ҚР Заңымен (2016 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгiзiлдi) (бұр.ред.қара); 2021.02.01. № 399-VI ҚР Заңымен (бұр.ред.қара) 4-тармақ жаңа редакцияда
4. Сауда-саттыққа шығарылған, мемлекетке тиесілі, акционерлік қоғамдар акцияларының жүз пайызы және жауапкершілігі шектеулі серіктестіктердің жарғылық капиталдарына қатысу үлестері өткізілген үш сауда-саттық нәтижелері бойынша өткізілмеген жағдайда, осы заңды тұлғалар қосылу не бірігу арқылы қайта ұйымдастырылуға немесе таратылуға жатады.
99-бап. Жекешелендіру және жер учаскесіне құқық
Жылжымайтын мүлікті жекешелендіру кезінде жер учаскесіне құқық Қазақстан Республикасының Жер кодексіне сәйкес сатып алушыға өтеді.
100-бап. Сауда-саттықты жүргізу шарттары
2015.04.12. № 435-V ҚР Заңымен 1-тармақ жаңа редакцияда (2016 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгiзiлдi) (бұр.ред.қара); 2017.13.06. № 69-VІ ҚР Заңымен (бұр.ред.қара); 2019.18.03. № 237-VІ ҚР Заңымен (2019 ж. 10 сәуірден бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара) 1-тармақ өзгертілді
1. Неғұрлым жоғары баға ұсынған тұлға аукционда немесе тендерде ұтып алушы болып танылады.
Аукциондарда ұсыныстар жария түрде мәлімделеді, тендерлерде ұсыныстар жабық конвертте мәлімделеді.
Мүліктік кешендер ретінде мемлекеттік кәсіпорындар, жарғылық капиталындағы акцияларының бақылау пакеті (жарғылық капиталға қатысу үлесі) мемлекетке тиесілі акционерлік қоғамдардың (жауапкершілігі шектеулі серіктестіктердің) акциялары (жарғылық капиталға қатысу үлестері) тендерде сатылған жағдайда, қызмет бейінін сақтау тендердің шарты болып табылады.
Мемлекеттік кәсіпорындардың, жарғылық капиталындағы акциялардың бақылау пакеті (жарғылық капиталға қатысу үлесі) мемлекетке тиесілі акционерлік қоғамдардың (жауапкершілігі шектеулі серіктестіктердің) қызмет бейінін сақтау мерзімін сатушы айқындайды.
Пайдаланылмайтын қару-жарақ пен əскери техниканы өткізу жөніндегі жабық тендерлерді немесе аукциондарды қоспағанда, аукцион мен тендер мемлекеттік мүлік тізілімінің веб-порталы пайдаланыла отырып, электрондық нысанда өткізіледі.
2015.04.12. № 435-V ҚР Заңымен 2-тармақ жаңа редакцияда (2016 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгiзiлдi) (бұр.ред.қара); 2021.02.01. № 399-VI ҚР Заңымен 2-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
2. Сауда-саттық ашық болуға тиіс. Қазақстан Республикасының ұлттық қауіпсіздігін, қоршаған табиғи ортасын қорғауды, сыртқы экономикалық жағдайын қозғайтын айрықша жағдайларда Қазақстан Республикасы Үкіметінің шешімімен тендер жабық болуы мүмкін.
Жекешелендіру объектілерін сату тәртібін Қазақстан Республикасының Үкіметі осы Заңның 101 - 105-баптарына сәйкес белгілейді.
2015.04.12. № 435-V ҚР Заңымен 3-тармақ өзгертілді (2016 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгiзiлдi) (бұр.ред.қара); 2021.02.01. № 399-VI ҚР Заңымен 3-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
3. Бір ғана қатысушы қатысқан аукциондар, егер қатысушы бастапқы немесе жарияланған бағаны растаса, өткізілді деп танылады.
Бір ғана қатысушы қатысқан тендерлер, егер қатысушы бастапқы бағадан кем емес құнды ұсынса, өткізілді деп танылады.
4. Сатып алушы сауда-саттық өткiзiлгенге дейiн өзi сатып алатын объектiнiң экологиялық жай-күйiне тексеру жүргiзуге құқылы.
2015.04.12. № 435-V ҚР Заңымен 100-1-баппен толықтырылды (2016 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгiзiлдi)
100-1-бап. Жекешелендіру объектісінің құны
2021.02.01. № 399-VI ҚР Заңымен 1-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
1. Жекешелендіру объектісін сату жекешелендіру объектісінің нарықтық құны бойынша жүзеге асырылады.
Мәміле тараптары бағалау объектісі туралы барлық қолжетімді ақпаратқа ие бола отырып, есеппен және мәжбүрлеусіз әрекет ететін бәсекелестік жағдайларында, мәміле негізінде жекешелендіру объектісі иеліктен шығарылуы мүмкін есептік ақшалай сома жекешелендіру объектісінің нарықтық құны болып табылады.
Жекешелендіру объектісінің алғашқы бағасы тәуелсіз консультанттар немесе бағалаушы ұсынған жекешелендіру объектісінің құнын бағалау туралы есептің негізінде айқындалады және оны мемлекеттік меншік объектілерін жекешелендіру мәселелері жөніндегі комиссия белгілейді.
2. Баланстық құны республикалық бюджет туралы заңда белгіленген және тиісті қаржы жылының 1 қаңтарында қолданылатын айлық есептік көрсеткіштің 2 500 000 еселенген мөлшерінен астам болатын жекешелендіру объектісін бағалауды халықаралық бағалау стандарттарына сәйкес тәуелсіз консультанттар жүзеге асырады.
3. Баланстық құны республикалық бюджет туралы заңда белгіленген және тиісті қаржы жылының 1 қаңтарында қолданылатын айлық есептік көрсеткіштің 2 500 000 еселенген мөлшерінен аз болатын жекешелендіру объектілерін бағалау Қазақстан Республикасының бағалау қызметі туралы заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.
4. Сатушы жекешелендіру объектісінің нарықтық құнын бағалауды жүргізу және (немесе) жекешелендіру объектілері бойынша мәмілені қолдау мақсатында тартатын заңды тұлғалар, оның ішінде шетелдік заңды тұлғалар немесе олардың бірлестіктері, бағалау және (немесе) инвестициялық қызметке және (немесе) қаржылық консультация беруге қатысушылар тәуелсіз консультанттар болып табылады.
2023.19.04. № 223-VІІ ҚР Заңымен 5-тармақ өзгертілді (2023 ж. 1 мамырдан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
5. Тәуелсіз консультантты таңдау бөлігінде Қазақстан Республикасының мемлекеттік мүлік туралы заңнамасымен реттелген құқықтық қатынастарға Қазақстан Республикасының мемлекеттік сатып алу туралы заңнамасының күші қолданылмайды.
Тәуелсіз консультантты тарту мемлекеттік жоспарлау жөніндегі орталық уәкілетті орган айқындайтын тәртіппен жүзеге асырылады.
6. Жекешелендіру объектісінің нарықтық құны жекешелендіру объектісінің баланстық құнынан төмен болуы мүмкін.
101-бап. Жария сауда-саттықты өткізу тәртібі
2015.04.12. № 435-V ҚР Заңымен 1-тармақ жаңа редакцияда (2016 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгiзiлдi) (бұр.ред.қара); 2021.02.01. № 399-VI ҚР Заңымен 1-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
1. Сауда-саттық өткізу туралы хабарламаны сатушы оны өткізуден кемінде күнтізбелік он бес күн бұрын жариялауға тиіс. Хабарлама мемлекеттік мүлік тізілімінің веб-порталында қазақ және орыс тілдерінде жариялануға тиіс.
Хабарламада сауда-саттықтың уақыты, орны мен түрi, сату объектiсi және сауда-саттықты өткiзу тәртiбi туралы, оның iшiнде сауда-саттыққа қатысуды ресiмдеу, сауда-саттықты ұтып алған тұлғаны айқындау шарттары туралы мәлiметтер, сондай-ақ бастапқы баға мен кепiлдiкті жарнаның мөлшерi туралы мәлiметтер қамтылуға тиiс.
2. Сатушы сауда-саттық шарттарын өзгерткен жағдайда ол барлық өзгерістер туралы хабарламаны осы баптың 1-тармағында белгiленген тәртiппен және мерзiмде жасауға тиiс.
Сауда-саттық шарттарын өзгерту туралы хабарлама жарияланғанға дейiн оған қатысуға өтiнiм берген және осыған байланысты оған қатысудан бас тартқан тұлғалар кепiлдiк жарнасының және өздеріне келтірілген шығыстардың қайтарылуын талап етуге құқылы.
3. Сатушы сауда-саттық өткiзiлгенге дейін үш жұмыс күнінен кешіктірмей сауда-саттыққа қатысуға өтiнiм берген тұлғаларға келтірілген нақты зиянды өтей отырып, олардан бас тартуға құқылы.
Сауда-саттықты өткізудің мүмкін болмауына байланысты ол өткізілмеуі мүмкін. Егер сауда-саттықты өткізу сатушыға байланысты емес себептер бойынша еңсерілмейтін күштің салдарынан мүмкін болмаса, сатушы сауда-саттыққа қатысуға өтiнiм берген тұлғаларға келтірілген нақты зиянды өтеуден босатылады.
2015.04.12. № 435-V ҚР Заңымен 4-тармақ өзгертілді (2016 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгiзiлдi) (бұр.ред.қара)
4. Сауда-саттыққа қатысушылар сауда-саттық өткiзу туралы хабарламада көрсетiлген мөлшерде, мерзiмдерде және тәртiппен кепiлдiкті жарнаны енгізеді. Егер сауда-саттық өткізілмесе, кепiлдiкті жарна қайтарылуға жатады. Кепiлдiкті жарна өтінім берген, бірақ сауда-саттыққа қатыспаған, сауда-саттыққа қатысқан, бiрақ оны ұтпаған тұлғаларға және сауда-саттық өткiзуден кемінде үш жұмыс күні бұрын оған қатысудан жазбаша бас тартқан тұлғаларға да қайтарылады.
Кепілдік жарналар сауда-саттыққа қатысушының кепілдік жарнаны қайтару туралы осы қатысушының деректемелерін көрсете отырып берген өтініші негізінде қайтарылады.
Сауда-саттықты ұтқан тұлғамен сатып алу-сату шартын жасау кезінде ол енгiзген кепiлдiк жарнаның сомасы жасалған шарт бойынша мiндеттемелердi орындау шотына есептеледі.
2015.04.12. № 435-V ҚР Заңымен 4-1-тармақпен толықтырылды (2016 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгiзiлдi); 2021.02.01. № 399-VI ҚР Заңымен 4-1-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
4-1. Аукцион екі әдіспен:
бағаны көтеру;
бағаны төмендету әдісімен өткізіледі.
Бағаны көтеру әдісі қолданылатын аукционды өткізу кезінде жекешелендіру объектісінің бастапқы бағасы жекешелендіру объектісінің алғашқы бағасына тең болады.
Бағаны төмендету әдісі қолданылатын аукционды өткізу кезінде жекешелендіру объектісінің бастапқы бағасы алғашқы бағаны 3-ке тең болатын арттыру коэффициентіне көбейту жолымен айқындалады.
Жекешелендіру объектісі бірінші сауда-саттыққа бағаны көтеру әдісі қолданылатын аукционға шығарылады.
Екінші сауда-саттыққа жекешелендіру объектісі алғашқы бағаның елу пайызы мөлшерінде ең төмен баға белгіленіп, бағаны төмендету әдісі қолданылатын аукционға шығарылады.
Үшінші сауда-саттыққа жекешелендіру объектісі ең төмен баға белгіленбей, бағаны төмендету әдісі қолданылатын аукционға шығарылады.
Әрбір кейінгі аукцион алдыңғы аукцион күнінен бастап күнтізбелік отыз күннен кешіктірілмей өткізіледі.
2015.04.12. № 435-V ҚР Заңымен 4-2-тармақпен толықтырылды (2016 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгiзiлдi); 2021.02.01. № 399-VI ҚР Заңымен 4-2-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
4-2. Жекешелендіру объектісі бірінші тендерге шығарылған кезде жекешелендіру объектісінің бастапқы бағасы алғашқы бағаға тең болады.
Жекешелендіру объектісі екінші және үшінші тендерге шығарылған кезде бастапқы баға алдыңғы тендердің бастапқы бағасының елу пайызына төмендетіледі.
Әрбір кейінгі тендер алдыңғы тендер күнінен бастап күнтізбелік отыз күннен кешіктірілмей өткізіледі.
5. Сауда-саттықты ұтқан тұлға және сатушы аукцион немесе тендер өткiзiлген күнi сауда-саттықтың нәтижелерi туралы хаттамаға қол қояды.
2019.02.04. № 241-VІ ҚР Заңымен 6-тармақ өзгертілді (2019 ж. 1 шілдеден бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
6. Тараптар сатып алу-сату шартына сауда-саттық аяқталғаннан кейiн күнтізбелік он күннен кешiктiрмей қол қоюға тиiс.
Сауда-саттықты ұтқан тұлға сауда-саттықтың нәтижелерi туралы хаттамаға немесе сатып алу-сату шартына қол қоюдан жалтарған кезде өзi енгізген кепiлдiк жарнасынан айрылады және кепiлдiк жарнамен жабылмаған бөлiгiнде сатушыға өзі келтірген нақты залалды өтеуге мiндеттi.
Сауда-саттықты ұтқан тұлға осы Заңның 93-бабының талаптарына сай келмейтін жағдайлардан басқа, сатушы сауда-саттық нәтижелерi туралы хаттамаға және сауда-саттықты ұтқан тұлғамен сатып алу-сату шартына қол қоюдан жалтаруға құқылы емес.
Сатып алу-сату шартының талаптары сауда-саттық талаптарына қайшы келмеуге тиiс.
Кәсіпорынды мүліктік кешен ретінде сатып алу-сату шарттарында мерзімдер туралы талаптар қамтылуға тиіс, осы мерзімдер ішінде сатып алушы кәсіпорын қызметінің тоқтатылуын тіркеу үшін «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясына өтініш жасайды.
7. Сатып алу-сату шарты Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексінде және Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында белгіленген коммерциялық және Қазақстан Республикасының заңдарымен қорғалатын өзге де құпияны құрайтын мәліметтерді жария етуге қойылатын талаптарды сақтай отырып, мүдделі адамдардың талап етуі бойынша оларға танысу үшін беріледі.
2017.27.02. № 49-VI ҚР Заңымен 8-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
8. Осы бапта белгiленген қағидаларды бұза отырып өткiзiлген сауда-саттықты сот мүдделi тұлғаның, тиісті уәкілетті органның не прокурордың талап-арызы бойынша жарамсыз деп тануы мүмкiн.
Сауда-саттықты жарамсыз деп тану осындай сауда-саттықтың қорытындысы бойынша жасалған сатып алу-сату шартының маңызсыздығына алып келеді.
9. Егер осы Заңның 102, 104-баптарында өзгеше көзделмесе, сауда-саттық өткізу кезiнде осы бапта белгiленген қағидалар қолданылады.
102-бап. Қор биржасындағы сауда-саттық
2015.24.11. № 422-V ҚР Заңымен 1-тармақ жаңа редакцияда (2016 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгiзiлдi) (бұр.ред.қара)
1. Мемлекетке тиесiлi бағалы қағаздарды қор биржасында сату «Бағалы қағаздар рыногы туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес жүзеге асырылады.
2021.02.01. № 399-VI ҚР Заңымен 2-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
2. Сату туралы хабарлама мемлекеттік мүлік тізілімінің веб-порталында және қор биржасының интернет-ресурсында қазақ және орыс тілдерінде жариялануға тиіс. Сату туралы хабарлама қор биржасында сауда-саттық өткізу басталардан кемінде күнтізбелік он бес күн бұрын жариялануға және сауда-саттықтың басталу күні, сауда-саттықты өткізу орны, сату объектісі мен оның мөлшері туралы мәліметтерді қамтуға тиіс.
Сатушы хабарламада мемлекетке тиесілі бағалы қағаздарды сатуға қатысты өзге де мәліметтерді көрсетуге құқылы.
3. Сатушының бағалы қағаздар нарығының кәсiби қатысушысымен жасасқан шартында мемлекетке тиесiлi бағалы қағаздарды сатушы белгiлеген ең төменгі бағадан төмен емес бағамен сату мiндеттемесі болуға тиiс.
2021.02.01. № 399-VI ҚР Заңымен 4-тармақпен толықтырылды
4. Мемлекетке тиесілі бағалы қағаздарды шет мемлекеттердің қор биржаларында сатуға жол беріледі.
Мемлекетке тиесілі бағалы қағаздарды шет мемлекеттердің қор биржаларында сату кезінде сол мемлекеттің заңнамасы қолданылады.
2015.04.12. № 435-V ҚР Заңымен 103-бап жаңа редакцияда (2016 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгiзiлдi) (бұр.ред.қара)
103-бап. Екi кезеңдiк рәсiмдер арқылы өткізілетін конкурс
1. Екi кезеңдiк рәсiмдер арқылы болатын конкурс баға басымдығын және (немесе) жекешелендiрудің өзге де талаптарын айқындайтын, Қазақстан Республикасы Yкiметiнiң шешiмi бойынша тәуелсіз консультанттың қатысуымен өткiзiледi.
2. Конкурс мынадай iс-шаралар жоспарын:
1) жекешелендіру объектісіне жан-жақты талдау жүргізу үшін осы Заңның 100-1-бабында белгіленген тәртіппен тәуелсіз консультантты тартуды, оның құнын бағалауды және әлеуетті сатып алушылар (инвесторлар) үшін сату объектісі туралы ақпараттық дерекқорды қалыптастыруды;
2021.02.01. № 399-VI ҚР Заңымен 2) тармақша жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
2) сатушының жекешелендіру объектісін сату туралы хабарламаны мемлекеттік мүлік тізілімінің веб-порталында қазақ және орыс тілдерінде жариялауын, сондай-ақ тәуелсіз консультанттың әлеуетті сатып алушыларға (инвесторларға) сату туралы ұсынысты жіберуін;
3) тәуелсіз консультанттың әлеуетті сатып алушылардың (инвесторлардың) ұсыныстары бар өтiнiмдер тiзбесiн қалыптастыруын;
4) келiссөздер барысында ең үздік ұсыныстарды ұсынған кемiнде екi әлеуетті сатып алушыны (инвесторды) анықтау мақсатында, өтiнiмдер тiзбесi бойынша сатушының тәуелсіз консультанттың қатысуымен әлеуетті сатып алушылармен (инвесторлармен) келiссөздер жүргізуін (конкурстың бірінші кезеңін);
5) сатушының тәуелсіз консультанттың қатысуымен, конкурстың бiрiншi кезеңiнiң жеңiмпаздарымен бұрын ұсынылған шарттарды жақсарту тұрғысынан келiссөздер жүргізуін (конкурстың екiншi кезеңiн) қамтиды.
3. Сатушы, тәуелсіз консультант және конкурстың барлық қатысушылары өткiзілген келiссөздердiң әрбiр кезеңiнiң қорытындылары бойынша оның нәтижелерi туралы хаттамаға қол қояды.
4. Конкурстың екінші кезеңінің барысында ең үздік шарттар ұсынған әлеуетті сатып алушы (инвестор) конкурста ұтқан болып танылады.
5. Конкурстың жеңiмпазы сатушы белгiлеген мерзiмдерде сатып алу-сату шартына қол қоюдан бас тартқан немесе жалтарған жағдайда, ұсынысы конкурс жеңімпазының ұсынысынан кейін ең үздік болып танылған әлеуетті сатып алушымен (инвестормен) сатып алу-сату шартына қол қойылады.
104-бап. Акционерлік қоғамдардың мемлекетке тиесiлi акцияларына құқықтарды куәландыратын туынды бағалы қағаздарды сату
1. Акционерлік қоғамдардың мемлекетке тиесілі акцияларына құқықтарды куәландыратын туынды бағалы қағаздарды сату Қазақстан Республикасы Yкіметінiң немесе тиiстi жергiлiктi атқарушы органның шешiмi бойынша жүзеге асырылады.
2. Туынды бағалы қағаздарды сатудың негізгi талаптарын сатушы Қазақстан Республикасының Үкiметіне немесе жергілікті атқарушы орган тиісті жергілікті өкілді органға бекітуге ұсынады.
3. Туынды бағалы қағаздарды сату туралы шешiмде туынды бағалы қағаздар шығарылған, мемлекетке тиесiлi акциялардың саны, сатылатын туынды бағалы қағаздардың түрі, аумағында туынды бағалы қағаздарды сату жүзеге асыру көзделіп отырған шет мемлекет (шет мемлекеттер), мәмiленi аяқтаудың ең ұзақ мерзiмдерi туралы мәлiметтер, туынды бағалы қағаздардың меншiк иелерiнiң құқықтарын іске асырудың талаптары мен тәртібі және қажет болған жағдайда, өзге де талаптар болуға тиiс.
105-бап. Тiкелей атаулы сату
2015.04.12. № 435-V ҚР Заңымен 1-тармақ жаңа редакцияда (2016 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгiзiлдi) (бұр.ред.қара)
1. Осы Заңның 106-бабына сәйкес кейiннен сатып алу құқығымен мүлiктiк жалдауға (жалға алуға) немесе сенiмгерлік басқаруға тиiсiнше жалдаушыға (жалға алушыға) немесе сенiмгерлік басқарушыға берiлген объектiлер, сондай-ақ стратегиялық инвесторға беруге жататын, Қазақстан Республикасы Үкіметінің шешімімен айқындалған объектілер тiкелей атаулы сатуға жатады.
Жалдаушылар (жалға алушылар) және сенімгерлік басқарушылар тиісті шартты тиісінше орындаған жағдайда ғана, оларға жекешелендіру объектісін сатуға жол беріледі.
2. Егер жекешелендiру объектiсiн сату талаптары мүлiктiк жалдау (жалға алу) шартында немесе сенімгерлікпен басқаруға беру туралы шартта көзделмеген болса, олар тараптардың келісімiмен айқындалады.
3. 2018.24.05. № 156-VI ҚР Заңымен алып тасталды (бұр.ред.қара)
2015.04.12. № 435-V ҚР Заңымен 4-тармақпен толықтырылды (2016 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгiзiлдi); 2021.02.01. № 399-VI ҚР Заңымен 4-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
4. Қазақстан Республикасы Үкіметінің шешімі бойынша мемлекеттік мүлікті тікелей атаулы сату мынадай:
сатылатын жекешелендіру объектісінің қызметімен байланысты салада қызмет тәжірибесінің болуы;
технологиялар трансферті, оның ішінде ашылмаған ақпаратты (өндіріс құпияларын (ноу-хау) алу және жоғары білікті мамандарды тарту арқылы жекешелендіру объектісін басқаруға, сондай-ақ оны дамытуға қатысу үшін ірі акциялар пакетін (жарғылық капиталға қатысу үлестерін) сатып алу өлшемшарттарына сай келетін стратегиялық инвесторға - казақстандық немесе шетелдік заңды тұлғаға (олардың бірлестіктеріне) жүзеге асырылады.
Стратегиялық инвестор:
1) жекешелендiру объектiсiне инвестициялардың көлемдерi, түрлерi және мерзiмдерi;
2) өндiрiс көлемiнiң белгiлi бiр деңгейiн, шығарылатын өнiмнің немесе көрсетiлетiн қызметтердiң номенклатурасын қамтамасыз ету;
3) табиғат қорғау іс-шараларын жүргiзу;
4) қызмет бейінін сақтау;
5) жаңа жұмыс орындарын сақтау немесе ашу;
6) Қазақстан Республикасының азаматтары болып табылатын жұмыскерлермен штат санының кемінде үштен екісін қамтамасыз ету;
7) өндiрiстiк және әлеуметтiк инфрақұрылым объектiлерiнiң бұрыннан бар тәртiбi мен пайдалану шартын сақтау;
8) кредиторлық берешектi белгiленген мерзiмдерде өтеу;
9) жалақы бойынша берешектi өтеу;
10) мәмiлелер жасасуды (қайта сату, кепiлге қою, сенiмгерлік басқаруға беру және басқалар) және (немесе) жекешелендiру объектiсiне қатысты белгiлi бiр уақыт кезеңі iшiнде белгiлi бiр iс-қимылдарға тыйым салуды шектеу жөніндегі міндеттемелерді белгілеген және тиісінше қабылдаған кезде, тікелей атаулы сату жүзеге асырылады.
Қазақстан Республикасы Үкіметінің тікелей атаулы сату туралы шешімі объектінің және стратегиялық инвестордың атауын, сондай-ақ стратегиялық инвесторға қойылатын осы тармақта көрсетілген міндеттемелер тізбесінен міндеттемелерді қабылдау туралы талаптарды және міндеттемелердің орындалу мерзімдерін қамтиды.
105-1-бап. 2018.24.05. № 156-VI ҚР Заңымен алып тасталды (бұр.ред.қара)
106-бап. Жекешелендiрудiң алдын ала жүргізілетін сатылары
1. Жекешелендірудің алдын ала жүргізілетін сатылары болып: Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген тәртiппен мемлекеттік мүлiктi мүлiктiк жалдауға (жалға алуға) тапсыру не оны кейiннен сатып алу құқығымен сенімгерлікпен басқаруға беру танылады.
2021.02.01. № 399-VI ҚР Заңымен 2-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
2. Сенімгерлік басқарушы немесе жалдаушы (жалға алушы) тендердің әлеуетті қатысушыларына қатысты бәсекелестікке қарсы болып табылмайтын талаптар мен шарттар белгілене отырып, осы Заңның 100 және 101-баптарына сәйкес тендер негізінде таңдалады.
3. Осы Заңның 105-бабында және осы бапта көзделген ерекшеліктер ескеріле отырып, сенімгерлікпен басқару және мүлiктiк жалдау (жалға алу) қатынастарына осындай қатынастарды реттейтін Қазақстан Республикасы азаматтық заңнамасының нормалары қолданылады.
2017.11.07. № 90-VI ҚР Заңымен 4-тармақ жаңа редакцияда (халық саны екі мың адамнан көп аудандық маңызы бар қалалар, ауылдар, кенттер, ауылдық округтер үшін 2018 ж. 1 қаңтардан бастап; халық саны екі мың адам және одан аз аудандық маңызы бар қалалар, ауылдар, кенттер, ауылдық округтер үшін 2020 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
4. Мемлекеттік мүлікті сенiмгерлік басқаруға немесе мүлiктiк жалдауға (жалға алуға) беру мемлекеттік мүлік жөніндегі уәкілетті органның немесе жергілікті атқарушы органның не аудандық маңызы бар қала, ауыл, кент, ауылдық округ әкімі аппаратының сенiмгерлік басқарушымен немесе жалдаушымен (жалға алушымен) жасасқан тиiстi шартымен ресiмделедi. Шартта мемлекеттік мүліктің қандай мерзiмдерде және қандай талаптар орындалған кезде сенiмгерлік басқарушының немесе жалдаушының (жалға алушының) меншiгiне өтетіні көзделуге тиiс.
5. Мемлекетке тиесілі акциялар осы Заңның 100 және 101-баптарына сәйкес тендер негiзiнде сенімгерлікпен басқаруға берiлуi мүмкiн.
6. Сауда-делдалдық қызметті қоспағанда, шағын кәсіпкерлік субъектілеріне бір жылдан астам уақыт пайдаланылмаған мемлекеттік мүлік өндірістік қызметті ұйымдастыру және халыққа қызметтер көрсету саласын дамыту үшін кейіннен меншікке өтеусіз беру құқығымен бір жыл мерзімге сенімгерлікпен басқаруға немесе мүліктік жалдауға (жалға алуға) берілуі мүмкін.
107-бап. Объектiнi жекешелендiруге дайындау
1. Объектiнi жекешелендiруге дайындауды сатушы жүзеге асырады.
2. Объектiнi жекешелендiруге дайындау процесінде сатушы:
2015.04.12. № 435-V ҚР Заңымен 1) тармақша жаңа редакцияда (2016 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгiзiлдi) (бұр.ред.қара)
1) осы Заңның 100-1-бабына сәйкес жекешелендіру объектісінің нарықтық құнын бағалауды жүргізеді;
2) сатып алушының талап етуi бойынша жекешелендiру объектілерінiң ауыртпалықтары туралы, сондай-ақ кредиторлық және дебиторлық берешектер сомасы, егер жекешелендiру объектiсi мүлiктiк кешен ретіндегі кәсiпорын болып табылса, жекешелендірілетін кәсіпорынның жасасқан шарттары туралы ақпаратты дайындайды және ұсынады;
2014.11.04. № 189-V ҚР Заңымен (бұр.ред.қара); 2014.29.09. № 239-V ҚР Заңымен (бұр.ред.қара) 3) тармақша жаңа редакцияда
3) жекешелендiру объектiсiнде мемлекеттiк материалдық резервтiң материалдық құндылықтары болған жағдайда, көрсетілген рәсімдерді жүргізу туралы шешім қабылданғаннан кейін бес жұмыс күні ішінде мемлекеттік материалдық резерв саласындағы уәкiлеттi органға және тиісті орталық атқарушы органдарға хабарлайды;
4) жекешелендiру жүргiзудiң талаптарын, нысандары мен түрлерiн айқындайды, оны өткізуге дайындықты жүзеге асырады;
5) мүлiктiң сақталуын қамтамасыз етедi;
6) жекешелендiрудi жүргізуге қажеттi басқа да iс-шараларды өткізедi.
3. Мемлекеттік заңды тұлғалардың, сондай-ақ мемлекеттiң акциялары мен жарғылық капиталдарындағы қатысу үлесi сату объектiсi болатын заңды тұлғалардың лауазымды адамдары объектiнi сатуға дайындау үшiн қажеттi мәлiметтердi сатушының сұратуы бойынша ол айқындайтын мерзімдерде табыс етуге міндетті.
Табыс етілген мәлiметтердiң дұрыстығы үшiн жауаптылық осы тармақта санамаланған заңды тұлғалардың лауазымды адамдарына жүктеледi.