10) анықтама жүргiзушi адамның, тергеушiнiң анықтама мен тергеу органдары басшыларының iс-әрекеттерi мен шешiмдерiне жасалған шағымдарды қарайды;
11) бұлтартпау шарасы ретiнде қамауға алуға шешiм жасалған адамдарды қамауда ұстаудың заңдарда белгiленген тәртібі мен шартының сақталуын тексередi;
11-1) Қазақстан Республикасының аумағында қылмыс жасаған және тергеуден жасырынып жүрген адамға қатысты халықаралық iздестiру жариялауға санкция бередi;
12) заңмен белгiленген өзге де өкiлеттiктердi жүзеге асырады.
2. Прокурордың өз құзыретi шегіндегі нұсқаулары жазбаша нысанда берiледi және ол анықтама мен тергеу жүргiзетiн адам үшiн мiндеттi.
39-бап. 2008.05.07. № 65-IV ҚР Заңымен алып тасталды (бұр.ред.қара)
8-тарау Әкiмшiлiк iс жүргiзудiң заңдылығын қадағалау
2010.29.12. № 374-IV ҚР Заңымен 40-бап өзгертілді (бұр.ред.қара)
40-бап. Қадағалаудың мақсаты
Әкiмшiлiк iс жүргiзудiң заңдылығына қадағалауды прокуратура:
1) әкiмшiлiк құқық бұзушылық жөнiнде, сондай-ақ iстердi қарау мен әкiмшiлiк құқық бұзушылық жасағаны үшiн жазалау шараларын белгiлеген кезде заңдардың дәл әрi бiрыңғай қолданылуын қамтамасыз ету;
2) әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы заңдарды қолданған кезде адамның және азаматтың, лауазымды адамдар мен ұйымдардың бұзылған құқықтары мен заңды мүдделерiн қалпына келтiру;
3) азаматтардың әкiмшiлiк құқық бұзушылық жөнiнде жүргiзiлген iстерге байланысты кез келген актiге шағымдану құқығын қамтамасыз ету;
4) әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы заңдарды қолданған кезде заңдарды бұзуға кiнәлi адамдарға шара қолдану мақсатында жүзеге асырады.
ҚР 09.08.02 ж. № 346-II Заңымен 41-бап өзгертілді
41-бап. Прокурордың әкiмшiлiк iс жүргiзу заңдылығын қамтамасыз ету жөніндегі өкiлеттiгi
Әкiмшiлiк iс жүргiзудiң заңдылығына қадағалауды жүзеге асыра отырып, прокурор:
1) уәкiлдi лауазымды адамдар мен органдардан әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы мәлiметтердi, құжаттар мен iстердi талап етуге;
2) құзыретiне әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iстердi қарау мен жаза қолдану кiретiн лауазымды адамдар мен органдардың iс-әрекеттерi мен шешiмдерiне берiлген шағымдарды қарауға;
3) азаматтарды әкiмшiлiк ұстау мен қамаудың заңдылығын, сондай-ақ әкiмшiлiк құқық бұзушылыққа ықпал етудiң өзге де шараларының негiздiлiгiн тексеруге;
4) әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iстердi қарауға қатысуға, өтiнiштер жасауға, iстi қарау кезiнде туындаған мәселелер бойынша қорытындылар беруге;
5) әкiмшiлiк жаза қолдану туралы қаулылардың орындалуын тексеруге;
6) азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын, жеке және заңды тұлғалар мен мемлекеттiң заңды мүдделерiн бұзуға жол берген лауазымды адамдарды жауапкершiлiкке тарту жөнiнде шаралар қолдануға;
7) әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iстер жөнiнде iс жүргiзудi қозғауға;
8) заңда көзделген басқа да iс-әрекеттердi жасауға хақылы.
ҚР 09.08.02 ж. № 346-II Заңымен 42-бап өзгертілді
42-бап. Прокурордың әкiмшiлiк iс жүргiзуде заңдылықты қамтамасыз ету жөніндегі актілері
Тексерiс нәтижелерi бойынша прокурор:
1) сотқа, өзге өкiлеттi органға немесе лауазымды адамға әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы қаулыға немесе шешiмге наразылық енгiзуге;
2) уәкiлдi лауазымды адамдар мен органдарға (соттан басқа) iске қосымша тексеру жүргiзу туралы жазбаша нұсқаулар беруге;
3) уәкiлдi органдардан өздерiнiң бақылауындағы немесе қарауындағы ұйымдарға тексеру жүргiзудi талап етуге;
4) заңмен белгiленген жағдайларда әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iс жүргiзудi тоқтатуға;
5) әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы қаулының немесе шешiмнiң орындалуын тоқтата тұруға;
6) әкiмшiлiк жолмен заңсыз ұсталған адамды босату туралы қаулы шығаруға;
7) жеке тұлғалардың, заңды тұлғалардың және мемлекеттiң құқықтары мен заңды мүдделерi бұзылған жағдайларда өз мiндеттерiн орындауға байланысты өкiлеттi мемлекеттік органдардың лауазымды адамдары қолданған тыйым салу немесе шектеу сипатындағы кез келген шараларды алып тастау туралы қаулы шығаруға немесе талап қоюға;
8) әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iс қозғау жөнiнде қаулы шығаруға хақылы.
9-тарау Атқарушылық iс жүргiзудiң заңдылығына қадағалау
ҚР 09.08.02 ж. № 346-II Заңымен ; 2010.29.12. № 374-IV ҚР Заңымен (бұр.ред.қара) 43-бап өзгертілді
43-бап. Қадағалаудың мазмұны мен мәнi
Прокурор:
1) сот тағайындаған жазалау мен мәжбүр ету сипатындағы өзге де шаралардың атқарылуы кезiнде адамдардың бас бостандығынан айыру орындарында болуының заңдылығын;
2) аталған мекемелерде сотталған адамдарды ұстаудың заңда белгiленген тәртiбі мен шарттарының сақталуын, олардың құқықтары мен бостандықтарының қорғалуын;
3) бас бостандығынан айыруға қатыссыз жазаларды атқарудың заңдылығын;
4) азаматтық , шаруашылық , қылмыстық және әкімшілік істер бойынша сот актілерін атқару заңдылығына қадағалауды жүзеге асырады.
ҚР 29.03.00 ж. № 42-II Заңымен 44-бап жаңа 8-1) тармақшамен толықтырылды
44-бап. Прокурордың атқарушылық iс жүргiзудiң заңдылығын қамтамасыз ету жөніндегі өкiлеттiктерi
Атқарушылық iс жүргiзудiң заңдылығына қадағалауды жүзеге асыра отырып, прокурор өз құзыретi шегiнде:
1) адам құқықтары туралы, қамалғандар мен сотталғандарға мейiрбандық тұрғыдан қарау жөнiнде Конституцияның, заңдардың және Қазақстан Республикасы халықаралық шарттарының дәл және бiрыңғай қолданылуын талап етуге;
2) азаматтың, мемлекеттiң құқықтары мен мүдделерiн қорғау бойынша, сондай-ақ прокурордың талабы мен өтiнiштерi бойынша атқарушылық iстер жүргiзiлуiн талап етуге және тексеруге;
3) сот тағайындаған жазалау және мәжбүр ету сипатындағы өзге де шараларды атқарушы бас бостандығынан айыру орындары мен мекемелерiнде тексеру мақсатымен кез келген уақытта болуға;
4) ұсталғандардан, қамалғандардан, сотталғандар мен мәжбүр ету сипатындағы шаралар қолданылған адамдардан жауап алуға;
5) осы адамдарды ұстауға, қамауға, жазасын өтеуге, сондай-ақ оларға мәжбүр ету сипатындағы шараларды қолдануға негiз болған құжаттарды талап етуге;
6) мәжбүр ету шараларын атқарушы бас бостандығынан айыру орындарында немесе мекемелерiнде заңсыз отырған әрбiр адамды өз қаулысымен дереу босатуға;
7) бас бостандығынан айыру орындарында жазасын өтеп жатқан адамдарға заңды бұза отырып, қолданылған тәртiптiк шаралардың күшiн жоюға, оларды өз қаулысымен айыптық изолятордан, камералық үлгiдегi орындардан немесе карцерден қамаудан босатуға;
8) заңда белгiленген жағдайларда жазалауды атқарушы мекемелер әкiмшiлiгiнiң актілерін санкциялауға хақылы.
8-1) 2010.02.04. № 262-IV ҚР Заңымен алып тасталды (жарияланғанынан кейін алты ай өткен соң қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
10-тарау Қылмыстық қудалау
45-бап. Қылмыстық қудалау шегi
Прокуратура Конституцияға сәйкес осы Заңмен және қылмыстық-iс жүргiзу заңдарымен белгiленген тәртiп пен шекте қылмыстық қудалауды жүзеге асырады.
ҚР 09.08.02 ж. № 346-II Заңымен 46-бап өзгертілді
46-бап. Қылмыстық қудалау жөніндегі өкiлеттiк
Қылмыстық қудалауды жүзеге асыра отырып, прокурор:
1) оқиға болған жердi қарауға қатысуға, сараптама тағайындауға, сондай-ақ қылмыстық iс қозғау туралы мәселенi шешу үшiн қажеттi басқа да iс-әрекеттер жасауға хақылы;
2) қылмыстық iс қозғайды немесе қылмыстық iс қозғауға рұқсат беруден бас тартады;
3) анықтама немесе алдын ала тергеу жүргiзу үшiн тиiстi органға прокуратура қозғаған қылмыстық iстердi бередi;
2010.29.12. № 374-IV ҚР Заңымен 3-1) тармақшамен толықтырылды
3-1) тергеу тобын басқарады, қылмыстық істі жүргізуге қабылдайды және алдын ала тексеру жүргізеді;
4) заңда көзделген жағдайларда жедел-iздестiру қызметiн, анықтау мен тергеудi жүзеге асыратын лауазымды адамдардың жасайтын iс-әрекетiне санкция бередi;
5) жекелеген тергеу әрекеттерi бойынша iс жүргiзуге қатысады;
6) қол сұғуға болмайтын құқыққа ие адамды қылмыстық жауапкершiлiкке тартуға келісім алу үшiн ұсыныс енгiзедi;
7) iстi сотқа жiбередi.
47-бап. Iстi сотқа жiберу
1. Айыптау қорытындысымен келiп түскен қылмыстық iстi зерделеу кезiнде прокурор немесе оның орынбасары анықтама мен тергеу органдарының заңдардың талаптарын сақтауын және айыптыны сотқа беру үшiн негiздердiң жеткiлiктi екенiн тексеруге мiндеттi.
2. Қылмыстық iстi сотта қарау үшiн жеткiлiктi негiздер болған жағдайда прокурор немесе оның орынбасары iстi сотқа жiбередi.
3. Iстi сотқа жiберген ретте прокурор:
1) iстiң жүргiзiлуiн тоқтатуға немесе адамға қатысты қудалауды тоқтатуға;
2) айыптау қорытындысынан жекелеген айыптау тармақтарын алып тастауға, жеңiлiрек ауыр қылмыс туралы заңды қолдануға;
3) тыю шарасын таңдап алуға, өзгертуге немесе жоққа шығаруға;
4) қосымша тергеу жүргiзу үшiн қылмыстық iстi қайтаруға хақылы.
2010.29.12. № 374-IV ҚР Заңымен Заң 10-1-тараумен толықтырылды
10-1-тарау. Шет мемлекеттердің құзыретті мекемелерімен өзара іс-қимыл жасау
47-1-бап. Халықаралық құқықтық ынтымақтастықты жүзеге асыру кезінде заңдардың қолданылуын қадағалау
1. Республиканың Бас Прокуроры және (немесе) ол уәкілеттік берген прокурорлар құқықтық көмек көрсету мәселелері бойынша Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттардың, Қазақстан Республикасы Конституциясының және заңдарының қолданылуын қадағалауды жүзеге асырады.
2. Халықаралық шарттарда және Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген шектерде және тәртіппен Республиканың Бас Прокуроры немесе ол уәкілеттік берген прокурорлар мемлекет атынан:
адамдарды ұстап беру туралы;
қылмыстық қудалауды жүзеге асыру туралы;
бас бостандығынан айыруға сотталған адамдарды жазасын одан әрі өтеу үшін ауыстыру туралы;
қылмыстық істер бойынша іс жүргізу әрекеттерін жүргізу туралы тапсырмалар мен өтініштерді жіберу және орындау туралы шешім қабылдайды.
3. Прокуратура органдары халықаралық шарттарда, Қазақстан Республикасының заңдарында және Қазақстан Республикасы Президентінің актілерінде көзделген өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.
47-2-бап. Прокуратураның халықаралық құқықтық ынтымақтастық бойынша өкілеттіктері
Республиканың Бас Прокуроры және (немесе) ол уәкілеттік берген прокурорлар халықаралық құқықтық ынтымақтастық шеңберінде:
1) Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарының жобаларын, сондай-ақ қолданыстағы шарттарды өзгерту және толықтыру жөніндегі ұсыныстарды әзірлеуге қатысуға;
2) Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен шет мемлекеттердің прокуратура органдарымен құқықтық көмек, ынтымақтастық және өзара іс-қимыл туралы шарттар жасасуға және оларға қол қоюға;
3) прокуратура органдарының құзыреті шегінде басқа мемлекеттер мен халықаралық ұйымдардың тиісті мекемелерімен ынтымақтастықты жүзеге асыруға;
4) прокурорлардың халықаралық ұйымдарының қызметіне қатысуға;
5) ынтымақтастық жасаушы мемлекеттердің аумағында қылмысқа қарсы күрес жөніндегі бірлескен шаралардың мемлекетаралық бағдарламаларының жобаларын әзірлеуге, оларды орындауға қатысуға;
6) шет мемлекеттердің құзыретті мекемелерінің өтініші бойынша Қазақстан Республикасының басқа да құқық қорғау органдарының қатысуымен ұстап беру, қылмыстық қудалау, тергеу әрекеттерін жүргізу, сотталғандарды ауыстыру, қылмыстың алдын алуға, анықтауға және жолын кесуге, қылмыскерлерді іздестіруге, жазаны орындауға бағытталған өзге де іс-қимылдарды орындау мәселелері бойынша құқықтық көмек көрсетуге;
7) Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен шет мемлекеттердің құзыретті мекемелеріне Қазақстан Республикасының құқық қорғау органдарының ұстап беру, қылмыстық қудалау, тергеу әрекеттерін жүргізу, сотталғандарды ауыстыру мәселелері бойынша құқықтық көмек көрсету, қылмыстың алдын алуға, анықтауға және жолын кесуге, қылмыскерлерді іздестіруге, жазаны орындауға бағытталған өзге де іс-қимылдарды орындау жөніндегі тапсырмаларын, өтінімдерін, өтініштерін жіберуге;
8) Қазақстан Республикасының мүдделерін қозғайтын қылмыстық істерді қарау кезінде шет мемлекеттердің соттарында және халықаралық соттарда Қазақстан Республикасының мүдделерін білдіруге;
9) халықаралық шарттарда, Қазақстан Республикасының заңдарында және Қазақстан Республикасы Президентінің актілерінде көзделген өзге де өкілеттіктерді жүзеге асыруға құқылы.
2010.29.12. № 374-IV ҚР Заңымен Заң 10-2-тараумен толықтырылды
10-2-тарау. Прокуратура органдары қызметінің өзге де бағыттары
47-3-бап. Мемлекеттік құқықтық статистика және арнайы есепке алу саласындағы заңдылықты қадағалау
Мемлекеттік құқықтық статистика және арнайы есепке алу саласындағы заңдылықты қадағалауды Қазақстан Республикасының құқықтық статистика және арнайы есепке алу туралы заңнамасына сәйкес уәкілетті прокурорлар жүзеге асырады.
47-4-бап. Прокуратура органдары қызметкерлерін кәсіптік даярлау, қайта даярлау және олардың біліктілігін арттыру
Қадағалау қызметін тиімді жүзеге асыру мақсатында прокуратура органдарында даярлаудың, қайта даярлаудың және біліктілікті арттырудың бірыңғай жүйесі жұмыс істейді, оны прокуратура органдарының барлық деңгейлері жүргізеді.
Прокуратура органдарының қызметкерлерін кәсіптік даярлау, қайта даярлау және олардың біліктілігін арттыру Республиканың Бас Прокуроры белгілеген тәртіппен жүргізіледі.
11-тарау Прокуратура органдарындағы қызмет, прокуратура
органдары қызметкерлерiн әлеуметтiк және құқықтық қорғау
ҚР 02.07.98 ж. № 266-1 Заңымен 48-бап толықтырылды; ҚР 09.08.02 ж. № 346-II Заңымен 48-бап өзгертілді
48-бап. Прокурорлар, прокуратура органдарының қызметкерлерi. Прокуратура органдарына қызметке кiретiн адамдарға қойылатын талаптар
1. Прокурор - өз құзыретi шегiнде заңдардың, Қазақстан Республикасы Президентi жарлықтарының, өзге де нормативтiк құқықтық актiлердiң дәл және бiрыңғай қолданылуын, жедел-iздестiру қызметiнiң, анықтаудың, тергеудiң, әкiмшiлiк және атқарушылық iс жүргiзудiң заңдылығын қадағалауды, сотта мемлекет мүдделерiнiң өкiлi болуды, сондай-ақ заңда белгiленген жағдайларда, тәртiп пен шекте қылмыстық қудалауды жүзеге асыратын лауазымды адам.
Прокурорлар мыналар болып табылады: Республиканың Бас Прокуроры, оның бiрiншi орынбасары мен орынбасарлары, аға көмекшiлерi мен көмекшiлерi, ерекше тапсырмалар жөніндегі көмекшiлерi, прокуратура органдары департаменттерiнiң, басқармалары мен бөлiмдерiнiң бастықтары және олардың орынбасарлары, барлық төмен тұрған прокурорлар, олардың орынбасарлары, аға көмекшiлерi мен көмекшiлерi, қадағалау саласындағы прокурорлар, прокуратура органдарының аға прокурорлары және басқармалары мен бөлiмдерiнiң прокурорлары, сондай-ақ әскери, уәкiлеттi және арнаулы прокурорлар.
2007.27.07. № 320-III ҚР Заңымен 2-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
2. Прокуратура органдарының қызметкерлерi мыналар: прокурорлар қызметiне аттестациядан өткен адамдар және тiкелей ғылыми-зерттеу немесе оқытушылық жұмыс жүргiзетiн прокуратура ғылыми ұйымдардың және білім беру ұйымдарының аттестациядан өткен қызметкерлерi.
3. Әскери, табиғат қорғау, көлiк, сондай-ақ арнайы объектiлердiң прокуратуралары мамандандырылған прокуратуралар болып ұғынылады.
4. Прокуратура органдарына қызметке алу мемлекеттік қызметшiлер кадрлары туралы республикалық деректер орталығына алдын-ала сұрау салынған және азаматтар мiндеттi арнаулы тексеруден өткен жағдайда жүзеге асырылады.
5. Бұрын сотталған және қылмыстық жауапкершiлiктен ақталмаған негiздер бойынша босатылған, сондай-ақ мемлекеттік қызметтен, өзге де құқық қорғау органдарынан, соттар мен әдiлет органдарынан жағымсыз қылықтары бойынша босатылған адамдар прокуратура органдарына қызметке қабылдануға тиiс емес.
6. Прокуратура органдары қызметкерлерiнiң лауазымына денсаулық жағдайына қарай прокуратура органдарында қызмет өткеруге жарамды, әдетте, жоғары білімi бар Қазақстан Республикасының азаматтары қабылдана алады. Оларды қызметке тағайындағанда сынақ мерзiмi белгiленуi мүмкiн.
7. Прокурорлар болып жоғары заң білімi бар, қажеттi iскерлiк және моральдық қасиеттерге ие, денсаулық жағдайына қарай прокуратура органдарында қызмет өткеруге жарамды азаматтар тағайындала алады. Әскери прокурорлар сонымен бiрге әскери қызметшiлер болуы керек, оларға әскери қызмет және Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерi әскери қызметшiлерiнiң мәртебесi туралы Қазақстан Республикасының заңдары толық көлемде қолданылады.
8. Облыстардың прокурорлары мен оларға теңестiрiлген прокурорлар лауазымына, аудандық, қалалық және оларға теңестiрiлген прокурорлар лауазымына 25 жасқа толған, прокуратура органдарында кемiнде үш жылдық жұмыс стажы бар адамдар тағайындалады.
9. Прокуратура органдарының қызметкерлерi үш жылда бiр рет аттестациядан өткiзiледi. Аттестация тәртібін Қазақстан Республикасының Бас Прокуроры белгiлейдi.
10. Прокуратура органдарына қызметке тұңғыш рет тағайындалған адам ант бередi, оның мәтiнiн Республика Президентi бекiтедi.
11. Прокуратура органдарында қызмет өткеру тәртібі Қазақстан Республикасының Президентi бекiтетiн Қазақстан Республикасының прокуратура органдарында қызмет өткеру туралы ережемен реттеледi.
ҚР 02.07.98 ж. № 266-1; 23.07.99 ж. № 454-1 Заңдарымен 49-бап өзгертiлдi; ҚР 05.05.00 ж. № 48-II Заңымен 49-бап жаңа редакцияда; ҚР 10.10.01 ж. № 247-II Заңымен 49-бап өзгертілді; ҚР 09.08.02 ж. № 346-II Заңымен 49-бап жаңа редакцияда ; 2007.22.05. № 255-III ҚР Заңымен 49-бап өзгертілді (бұр.ред. қара)
49-бап. Прокуратура органдары қызметкерлерiнiң сыныптық шендерi, әскери атақтары және нысанды киiмi
1. Прокуратура органдарының қызметкерлерiне атқаратын қызметiне, біліктiлiгiне және арнаулы қызметтегi стажына сәйкес мынадай сыныптық шендер немесе әскери атақтар берiледi:
жоғары сыныпты мемлекеттік әдiлет кеңесшiсi;
1-сыныпты мемлекеттік әдiлет кеңесшiсi, әдiлет генерал-полковнигі;
2-сыныпты мемлекеттік әдiлет кеңесшiсi, әдiлет генерал-лейтенанты;
3-сыныпты мемлекеттік әдiлет кеңесшiсi, әдiлет генерал-майоры;
аға әдiлет кеңесшiсi, әдiлет полковнигi;
әдiлет кеңесшiсi, әдiлет подполковнигi;
кiшi әдiлет кеңесшiсi, әдiлет майоры;
1-сыныпты заңгер, әдiлет капитаны;
2-сыныпты заңгер, әдiлет аға лейтенанты;
3-сыныпты заңгер, әдiлет лейтенанты;
кiшi заңгер.
2. Жоғары сыныпты мемлекеттік әдiлет кеңесшiсiнiң, 1, 2 және 3сыныпты мемлекеттік әдiлет кеңесшiлерiнiң сыныптық шендерiн, әдiлет генералдарының әскери атақтарын Қазақстан Республикасының Президентi бередi.
3. Прокуратура органдарының сыныптық шендер немесе әскери атақтар берiлген қызметкерлерi нысанды киiммен тегiн қамтамасыз етiледi.
4. Нысандары мен айырым белгiлерiнiң үлгiлерi, нысанды киiмдi киiп жүрудiң тәртібі және қамтамасыз ету нормасы, сондай-ақ сыныптық шендердi немесе әскери атақтар беру және олардан айыру тәртібі Қазақстан Республикасының Президентi бекiтетiн Прокуратура органдарында қызмет өткеру туралы ережемен белгiленедi.
5. Сыныптық шендерi немесе әскери атақтары бар адамдарға Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес сыныптық шендерi үшiн қосымша ақы немесе әскери атақтары бойынша айлықақы белгiленедi.
50-бап. Прокуратура органдары қызметкерлерiн құқықтық қорғау
1. Прокуратура органдарының қызметкерлерi мемлекеттік өкiмет өкiлдерi болып табылады және мемлекеттiң қорғауында болады.
2. Прокурордың заңды талаптарын орындамау, прокурорды немесе оның отбасы мүшелерiн оның қызмет бабындағы жұмысына байланысты қорлау, қорқыту, күш көрсету немесе олардың өмiрiне, денсаулығына, мүлкiне қол сұғу, прокурордың қызметтiк мiндетiн орындауына кедергi келтiретiн басқа да әрекеттер заңда белгiленген жауапкершiлiкке әкелiп соғады.
3. Прокурор жасаған әкiмшiлiк құқық бұзу фактiсi туралы хабарды кез келген тексеру прокуратура органдары өкiлдерiнiң қатысуымен жүзеге асырылады.
4. Қызметтiк мiндеттерiн атқару кезiнде заңда көзделген жағдайларды қоспағанда, прокурорды әкiмшiлiк жолмен ұстауға, жеке басын тексерiп қарауға, оның заттары мен пайдалануындағы көлiгiн тексерiп қарауға жол берiлмейдi.
51-бап. Атыс қаруын қолдану және арнайы құралдарды пайдалану
1. Прокуратура органдары қызметкерлерiнiң:
1) атыс қаруы мен оқ-дәрiлер алуға, өзiмен алып жүруге және сақтауға;
2) Республиканың Бас Прокуроры белгiлеген тәртiппен қажеттi қорғаныс пен аса керек жағдайларда атыс қаруын қолдануға құқығы бар.
2. Қару қолданған барлық жағдайларда прокуратура органының қызметкерi айналадағы азаматтардың қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету, зардап шеккендерге шұғыл медициналық көмек көрсету және жоғары тұрған прокурорға хабарлау үшiн қажеттi шараларды қолдануға мiндеттi.
ҚР 23.07.99 ж. № 454-1; 02.07.98 ж. № 266-1; 10.10.01 ж. № 247-II Заңдарымен 52-бап өзгертілді
52-бап. Еңбектi құқықтық реттеу
Мыналардың:
2007.15.05. № 253-III ҚР Заңымен 1) тармақша жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
1) прокуратура органдары қызметкерлерінің еңбек қатынастары осы Заңда, Прокуратура органдарында қызметтен өту туралы ережеде, сондай-ақ, осы Заңға қайшы келмейтін бөлігінде мемлекеттік қызмет туралы заңнамада көзделген ерекшеліктер ескеріле отырып, Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасымен реттеледі;
2007.15.05. № 253-III ҚР Заңымен 2) тармақша жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
2) прокуратура органдары қызметкерлерінің еңбек қатынастары Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасымен, Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызмет туралы заңнамасымен реттеледі.
ҚР 19.06.97 ж. № 134-I; 02.07.98 ж.. № 266-1; 07.04.99 ж. № 374-1; 23.07.99 ж. № 454-1; 10.10.01 ж. № 247-II Заңдарымен 53-бап өзгертiлдi
53-бап. Прокуратура қызметкерлерiн материалдық және әлеуметтiк қамсыздандыру
1. Прокуратура органдары қызметкерлерiне еңбекақы төлеу Қазақстан Республикасының Президентi бекiтетiн Қазақстан Республикасының мемлекеттік бюджет есебiнен қамтылған органдары қызметкерлерiне еңбекақы төлеудiң бiрыңғай жүйесi негiзiнде белгiленедi.
2. Прокуратура органдарының қызметкерлерiне жыл сайын күнтiзбелiк отыз күн мөлшерiнде еңбек демалысы берiледi.
3. Прокуратура органдарының қызметкерлерi қызметтiк тұрғын үй қорынан бiрiншi кезекте тұрғын алаңмен қамтамасыз етiлу құқығын пайдаланады.
4. Күнтiзбелiк он жылдан астам қызмет атқаратын прокуратура органдары қызметкерлерiнiң тұрақты тұрып жатқан қызметтiк үй-жайлары осы аталған қызметкерлердiң қалауы бойынша оларға және олардың отбасыларына жалға алу шарты бойынша берiледi немесе жеке меншiгiне қалдық құны бойынша сатылады.
5. Прокуратура органдарының қызметкерлерi мен зейнеткерлерi басқа үй-жай берiлмейiнше, қызметтiк үй-жайларынан шығарылуға тиiс емес.
6. Прокуратура органдарының қызметкерi қызметтiк мiндеттерiн орындау кезiнде қаза тапқан жағдайда қаза тапқан адамның отбасы ол қаза тапқан күннен бастап бiр жылдан кешiктiрiлмей, заңда белгiленген шарт пен тәртiп бойынша мемлекеттік тұрғын үй қорынан тұрғын алаң алуға құқылы.
7. алынып тасталды
8. Прокуратура органының қызметкерi қызметтiк мiндеттерiн атқару кезiнде немесе қызметтен босағаннан кейiн бiр жыл iшiнде қызметтiк мiндетiн атқару кезіндегі мертiгудiң немесе жарақаттың салдарынан қаза тапқан (қайтыс болған) жағдайда оның асырауындағы адамдар мен мұрагерлерiне Қазақстан Республикасының Yкіметі белгiлеген тәртiппен соңғы атқарған қызметіндегі алпыс айлық ақшалай қаражаты мөлшерiнде бiр жолғы өтем төленедi.
Осы баппен көзделген бiр жолғы өтемдi есептеу үшiн қолданылатын ақшалай қаражат лауазымдық айлықақыдан және сыныптық шенi үшiн (әскери атағы бойынша) қосымша ақыдан (айлықақыдан) тұрады.
9. Прокуратура органдарының қызметкерлерi мен олардың отбасы мүшелерi Республика Үкіметі белгiлеген тәртiппен медициналық қызметтi пайдаланады.
10. Прокуратура органдарының мамандары мен жұмысшыларынан басқа қызметкерлерiнiң:
1) алынып тасталды
2) қызметтiк және iссапар куәлiгiн көрсете отырып, көлiктiң барлық түрiне кезектен тыс жүрiп-тұру құжаттарын және қонақүйлерде тұру үшiн орын алуға құқығы бар.
11. Прокуратура органдары қызметкерiнiң лауазымынан зейнет демалысына шығып, қайтыс болған немесе қаза тапқан прокуратура органдарының қызметкерлерiн жерлеу үшiн олардың үш айлық үлесi мөлшерiнде бiржолғы ақшалай өтем төленедi.