Өндiрiстер үшiн адамдардың қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету жөніндегі шешiмдердi көздейтiн өрттердi сөндiру жоспарлары мiндеттi түрде әзiрленедi.
Елдi мекендер мен әкiмшiлiк-аумақтық құрылымдар үшiн өрт қауiпсiздiгi шараларын тиiстi мемлекеттік органдар әзiрлеп, iске асырады.
2009.17.07 № 188-IV ҚР Заңымен мазмұн 15-1-баппен толықтырылды
15-1-бап. Объектілерді өрт қауіптілігі дәрежесі бойынша бөлу
1. Ұйымдар өздерінің өрт қауіптілігі дәрежесі бойынша бірінші, екінші, үшінші және төртінші топтар объектілеріне бөлінеді. Аудандағы объектілер есебін мемлекеттік өртке қарсы қызмет органы жүргізеді.
2. Бірінші топтағы объектілерге: жалпы құрылыс алаңы үш мың бес жүз шаршы метрден асатын ірі өнеркәсіп орындары және республикалық ғылыми-зерттеу ұйымдары; электр станциялары; әуежайлар; теңіз сауда порттары; театрлар, спорт сарайлары, басқа да мәдени-ойын-сауық ұйымдары, сегіз жүз және одан да көп адам сыятын медицина ұйымдары мен қонақ үйлер; жалпы алаңы екі мың бес жүз шаршы метрден асатын сауда объектілері; мұражайлар, сурет галереялары; жалпы алаңы екі мың бес жүз шаршы метрден асатын кітапханалар; жалпы сыйымдылығы екі мың текше метрден асатын мұнай базалары мен мұнай өнімдерінің қоймалары; сыйымдылығы бір мың текше метрден асатын газ сақтау қоймалары мен газ құю станциялары жатады.
3. Екінші топтағы объектілерге: бірінші топқа енбеген өнеркәсіп орындары мен ғылыми-зерттеу ұйымдары; балық және өзен порттары; елу бірліктен астам техникасы бар автокәсіпорындар; темір жол станциялары, локомотив, вагон, вагон жөндеу, рефрижератор, жөндеу-жабдықтау деполары; атқарушы және өкілді органдардың ғимараттары; Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі мен екінші деңгейдегі банктер; ауысымда сегіз жүз және одан да көп оқушылар, студенттер, тыңдаушылар саны бар оқу мекемелері; бірінші топқа енбеген театрлар, спорт сарайлары, басқа да мәдени-ойын-сауық ұйымдары; алаңының көлеміне қарамастан ғибадат мекемелері; жалпы алаңы бір мыңнан екі мың бес жүз шаршы метрге дейінгі сауда объектілері; жалпы алаңы бір мыңнан екі мың бес жүз шаршы метрге дейінгі мұражайлар, сурет галереялары және кітапханалар, төрт жүзден сегізге жүз дейін адам сыятын медицина ұйымдары мен қонақ үйлер; жалпы құрылыс алаңы бір мың бес жүз шаршы метрден астам ауыл шаруашылығы, мал шаруашылығы объектілері мен құс фабрикалары жатады.
4. Үшінші топтағы объектілерге: екінші топқа енбеген білім беру ұйымдары; ғылыми-зерттеу және жобалау институттары; елу бірліктен аз техникасы бар автокәсіпорындар; жалпы алаңы бір мың бес жүз шаршы метрден аз ауыл шаруашылығы, мал шаруашылығы объектілері мен құс фабрикалары; балалар, әкімшілік ғимараттары, жатақханалар, байланыс ұйымдары, коммуналдық және тұрмыстық қызмет көрсету, тамақтандыру кәсіпорындары, ойын мекемелері, дәріханалар, пошталар, байланыстың сөйлесу пункттері, телеграфтар, банк бөлімдері, көркемсурет шеберханалары, алаңы бір жүз елу шаршы метрден астам салтанат залдары; бірінші және екінші топтарға енбеген мұражайлар мен сурет галереялары, медицина ұйымдары мен қонақ үйлер, сауда объектілері, кітапханалар жатады.
5. Төртінші топтағы объектілерге: ашық автотұрақтар мен жеке гараждар; бір қабатты жер үсті және жер асты гараждары; автомобильдерге май құю стансалары, саяжай және бау-бақша шаруашылығы қоғамдары; сауда павильондары, жөндеу шеберханалары, дүңгіршіктер, қабылдау пункттері мен валюта айырбастау пункттері, тауарларды өткізуге арналған, оның ішінде базарлардың аумақтарында орналасқан контейнерлер; жеке тұрған және тұрғын үйлер мен құрылыстарға жапсарлас (қабаттас) салынған, алаңы бір жүз елу шаршы метрге дейінгі сауда, тұрмыстық қызмет көрсету, тамақтандыру кәсіпорындары, ойын мекемелері, дене шынықтыру-сауықтыру кешендері, дәріханалар, медициналық кабинеттер, банк бөлімдері, көркемсурет шеберханалары, салтанат залдары, мұражайлар, көрме залдары, офистер, аудио-, бейнежазба және прокат пункттері, диспетчерлік пункттер мен басқа да шағын объектілер жатады.
6. Салынып жатқан объектілерді мемлекеттік өртке қарсы қызмет органдары олардың жобалау (жобалау-сметалық) құжаттамасының және орындалған құрылыс-монтаждау жұмыстарының өрт қауіпсіздігі талаптарына сәйкестігіне тексереді.
7. Мемлекеттік өртке қарсы қызмет органдары:
қоныстану аумағында - өртке қарсы өтетін аралықтардың, кіреберістердің, өтпе жолдардың, өткелектердің және өртке қарсы сумен жабдықтаудың болуын және олардың жай-күйін;
көп пәтерлі тұрғын үйлерде - өрт қауіпсіздігінің, түтінді жою, өртті анықтау және сөндіру жүйелерінің, ғимараттар мен құрылыстарға өтетін өртке қарсы өтпе жолдардың жай-күйін, сондай-ақ жалпыға ортақ пайдаланылатын үй-жайлардың өртке қарсы жай-күйін;
жеке тұрғын және тұрғын емес құрылыстарда - жеке және заңды тұлғалардың өтініштері бойынша ғана өрт қауіпсіздігінің нормалары мен қағидаларының сақталуын тексеруді жүзеге асырады.
ҚР 16.07.99 ж. № 437-1 ҚР Заңымен; 2004.20.12. № 13-III ҚР Заңымен (бұр. ред. қара); 2006.31.01. № 125-III (бұр.ред.қара) ҚР Заңымен ; 2008.26.05 № 34-IV ҚР Заңымен (бұр. ред. қара) 16- бап өзгертілді
16-бап. Өрттердi сөндiру
Өрттердi сөндiру азаматтарды, мүлiктердi құтқаруға және өрттердi жоюға бағытталған жауынгерлiк iс-әрекеттер болып табылады.
Қоныстану аумақтарында, стратегиялық, ерекше маңызды мемлекеттік объектілерде және мемлекет меншігіндегі тіршілікті қамтамасыз ету объектілерінде өрт сөндіруді мемлекеттік өртке қарсы қызмет органдары жүзеге асырады.
Дала өрттерін, сондай-ақ мемлекеттік өртке қарсы қызмет органдары құрылмаған елді мекендердегі өрттерді сөндіруді тиісті аумақтағы жергілікті атқарушы органдар жүзеге асырады.
Міндетті түрде өртке қарсы қызмет құрылатын ұйымдар мен объектілерде өрт сөндіруге мемлекеттік өртке қарсы қызмет органдарын тартқан жағдайда шығындарды өтеу Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындаған тәртіппен жүргізіледі. Шығындар сомасы республикалық бюджетке есептеледі.
Басқа объектілердегі өрттерді сөндіруді мемлекеттік емес өртке қарсы қызметтер жүзеге асырады.
Өрттердi сөндiрудi ұйымдастырудың және бұған мемлекеттік емес өртке қарсы қызметті тарту тәртібін уәкiлеттi органы белгiлейдi.
Өртке қарсы қызмет бөлiмшелерiнiң өрттердi сөндiруге баруы және оларды жоюға қатысуы сөзсiз тәртiппен жүзеге асырылады.
Өртке қарсы қызмет бөлiмшелерiн шақыру үшiн елдi мекендердiң телефон жүйелерiнде бiрiңғай - 01 нөмiрi белгiленедi.
Өрттердi сөндiру кезiнде өртке қарсы қызметтiң қызметкерi барлық тұрғын үйге, өндiрiстiк және басқа да үй-жайларға кедергiсiз кiруге, сондай-ақ азаматтарды құтқаруға, оттың өршуiне жол бермеуге және өрттi сөндiруге бағытталған кез-келген шаралар қолдануға құқылы.
Өртке қарсы қызметтiң өрттi сөндiруге тартылған барлық бөлiмшелерi өрттi сөндiру жөніндегі басшыға бағынады. Өрттердi сөндiру кезiнде мемлекеттік өртке қарсы қызмет органдарының уәкiлеттiлік алған лауазымды адамдарынан басқа ешкiмнiң де оның iс-әрекетiне араласуға немесе оның өкімінiң күшiн жоюға құқығы жоқ.
Уәкiлеттi органның басшысы өртке қарсы барлық қызметтерге қатысты аға жедел бастық болып табылады.
Мемлекеттік өртке қарсы қызметтің аумақтық органдарының басшылары тиісті облыстың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың), облыстық маңызы бар қаланың, ауданның аумағында орналасқан өртке қарсы барлық қызметтерге қатысты аға жедел бастық болып табылады.
Өрттердi сөндiру кезiнде келтiрiлген материалдық залал қолданылып жүрген заңдарда белгiленген тәртiппен өтелуге тиiс. Өртке қарсы қызметтiң жеке құрамы, аса қажет болған жағдайларда өрт сөндiруге қатысқан өзге де адамдар келтiрiлген залалды өтеуден босатылады.
Қазақстан Республикасының ұлттық қауіпсіздік, ішкі істер органдары және қорғаныс, әуе, темір жол, теңіз және ішкі су көлігі, орман шаруашылығы объектілеріндегі өрттерді сөндіру уәкiлеттi органы мен тиісті заңды тұлғалары арасындағы келісімдермен регламенттеледі.
Апаттарды, дүлей зілзалаларды және өрт сөндіруге байланысты емес өзге де төтенше жағдайларды жою кезінде мемлекеттік өртке қарсы қызмет органдарының күштері мен құралдары (ақшалай қаражаттан басқа) оларды жою жөніндегі басшының қарамағына көшеді.
Өрт сөндіру кезінде мемлекеттік өртке қарсы қызмет органдары қызметкерлерінің:
1) өрт сөндіру үшін өртке қарсы қызметтің күштері мен құралдарын, көлік және басқа да материалдық-техникалық құралдарды тартуға;
2) өртті сөндіру және жою жөніндегі жұмыстарды жүргізу кезінде цехтар мен объектілердің жұмысын тоқтатуға, қажет болғанда қауіпті аймақтан адамдарды және материалдық бағалы заттарды көшіруге нұсқау беруге;
3) өрт кезінде азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында олардың жекелеген учаскелерге, аумақтарға, ғимараттардың үй-жайларына кірулерін шектеуге немесе оған уақытша тыйым салуға;
4) өрт кезінде азаматтардың жеке қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында және азаматтарды құтқаруға, оттың таралуын болдырмауға және өртті жоюға бағытталған шараларды қабылдау үшін азаматтардың тұрғын үй және өзге де үй-жайларына, ұйымдарына, оларға тиесілі жер учаскелеріне, дипломатиялық иммунитеті бар шет мемлекеттердің және халықаралық ұйымдардың өкілдіктерінен басқа аумақтар мен үй-жайларға кедергісіз кіруге;
5) қажет болған жағдайларда жабық есіктер мен терезелерді, сондай-ақ адамдарды құтқару мен өрт сөндіруде кедергі болатын құрылыстарды бұзып ашуға;
6) адамдарды құтқару үшін және аса қажет болған жағдайда өртті сөндіру және жою кезінде Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілеген тәртіппен, ұйымдардың байланыс құралдарын, мүлкін және өзге де материалдық құралдарын, көлікті, егер залал келтірілген болса, оны иелеріне өтеу арқылы пайдалануға құқылы.
ҚР 16.07.99 ж. № 437-1 Заңымен 17-бап толықтырылды
17-бап. Өрт сөндiру - техникалық өнiмдi өндiру
Өрт сөндiру - техникалық өнiмi Қазақстан Республикасының Үкіметі белгiлеген тәртiпте шарттық негiзде, сондай-ақ кәсiпкерлiк қызметпен жүзеге асырылатын тәртiпте өндiрiледi.
Қазақстан Республикасының аумағында қолданылатын өрт сөндіру-техникалық өнімінің түрлерін уәкiлеттi орган белгілейді.
16.07.99 ж. № 437-1; 02.07.03 ж. № 454-II; 2004.20.12. № 13-III (бұр. ред. қара) ҚР Заңымен ; 2008.26.05 № 34-IV ҚР Заңымен (бұр. ред. қара) 18- бап өзгертілді
18-бап. Өрт қауiпсiздiгi саласындағы жұмыстарды
орындау мен қызметтер көрсету
Қазақстан Республикасында өрт қауiпсiздiгi саласындағы жұмыстарды орындайтын және қызмет көрсететiн мемлекеттік емес ұйымдар құрылып, жұмыс iстеуi мүмкiн, оларға мыналар жатады:
- өрт сөндiру-техникалық өнiмiн өндiру, оны сынықтардан өткізу, сатып алу және жеткiзiп беру;
- жобалау iздестiру жұмыстарын атқару;
- ғылым-техникалық кеңес беру және жобалардың мемлекеттік сараптамасының ерекше құзыретiне жатқызылатын сараптау жұмыстарын қоспағанда, сараптама жүргiзу;
- заттардың, материалдардың, бұйымдардың, жабдықтардың және конструкциялардың өрт қауiпсiздiгiн сынау;
- халықты өрт қауiпсiздiгi шараларына оқытып-үйрету;
- өртке қарсы насихатты жүзеге асыру, арнайы әдебиет пен жарнама өнiмiн басып шығару;
- оттан қорғау және мұржа-пеш жұмыстары;
- өрт саймандарын, өрттердi сөндiрудiң бастапқы құралдарын өндiру, оларды жөндеу және қызмет көрсету, отты сөндiретiн заттардың сапасын қалпына келтiру;
- өртке қарсы қызметтiң ғимараттары мен құрылыстарын салу, қайта құру және жөндеу;
- өрттен қорғау жүйелерi мен құралдарын өндiру, монтаждау, техникалық қызмет көрсету және жөндеу;
- тiзбесiн мемлекеттік өртке қарсы қызмет органдары белгiлейтiн өрт қауiпсiздiгiн қамтамасыз етуге бағытталған басқа да жұмыстар мен қызметтер жатады.
2004.20.12. № 13-III (бұр. ред. қара) ; 2007.27.07. № 320-III (бұр.ред.қара) ҚР Заңдарымен 19-бап өзгертілді
19-бап. Өрт қауiпсiздiгi саласындағы білімдердi
насихаттау, халықты және мамандарды оқытып-үйрету
Өрт қауiпсiздiгi саласындағы білімдердi насихаттауды уәкiлеттi орган және республикалық маңызы бар қаланың, астананың, аудандардың (облыстық маңызы бар қаланың) жергiлiктi атқарушы органдары мен қоғамдық бiрлестiктер жүзеге асырады. Бiлiмдердi насихаттау үшiн бұқаралық ақпарат құралдары пайдалануы мүмкiн.
Азаматтарды оқытып-үйрету мектепке дейiнгi және жалпы орта білім беру мекемелерiнде, жұмыс орны мен тұрғылықты жерi бойынша ұйымдарда, ал мамандарды оқытып-үйрету - орта білімнен кейінгі, арнаулы орта және жоғары білім беру, кадрлардың біліктілігін арттыру мен қайта даярлау ұйымдарында, өрт қауiпсiздiгi саласындағы iс-әрекеттерге әзiрлеу жөніндегі орталықтарда, жұмыс орны бойынша ұйымдарда жүргiзiледi.
Бағдарламалар мазмұнына қойылатын талаптарды және өрт қауiпсiздiгi шараларына оқытып-үйрету тәртібін уәкiлеттi органы белгiлейдi.
2004.20.12. № 13-III ҚР Заңымен 20-бап өзгертілді (бұр. ред. қара)
20-бап. Өрт қауiпсiздiгi саласындағы ақпаратқа
халықтың құқығы
Өрт қауiпсiздiгi саласындағы ақпаратты ұйымдар қызметiнiң қауiп-қатер деңгейi және басым өртену қауiптiлiгi, қажеттi қауiпсiздiк, өрттердiң салдарлары, олардан сақтандыру және оларды жою жөніндегі шаралар туралы мәлiметтер құрайды. Ақпарат ашық және жариялы болып табылады, бұқаралық ақпарат құралдары арқылы жариялануға жатады.
Мемлекеттік органдар мен жергiлiктi мемлекеттік басқару органдары өрт қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету жөнiнде өздерi қабылдаған шешiмдер туралы халықты хабардар етуге және өрттен қорғау - техникалық білімдердi таратуға жәрдемдесуге тиiс.
2004.20.12. № 13-III (бұр. ред. қара) ; 2006.31.01. № 125-III (бұр.ред.қара) ҚР Заңдарымен 21-бап өзгертілді
21-бап. Өрттердi және олардың салдарын мемлекеттік есепке алу
Өрттердi және олардың салдарларын мемлекеттік есепке алуды Қазақстан Республикасының статистика жөніндегі уәкілетті органымен келісім бойынша уәкiлеттi органы жүзеге асырады.
Мемлекеттік органдар, ұйымдар мемлекеттік өртке қарсы қызмет органдарына өрттер және олардың салдарлары туралы есептер ұсынады.
2004.20.12. № 13-III (бұр. ред. қара); 2006.31.01. № 125-III (бұр.ред.қара) ҚР Заңдарымен 22-бап өзгертілді
22-бап. Өрт қауiпсiздiгiн ғылыми-техникалық жағынан қамтамасыз ету
Өрт қауiпсiздiгiн ғылыми-техникалық жағынан қамтамасыз етудi ғылыми-зерттеу ұйымдары және оқу орындары жүзеге асырады.
Өрт қауiпсiздiгi саласындағы ғылыми-техникалық талдамаларды қаржыландыру бюджет қаражаты және Қазақстан Республикасының заңдарымен тыйым салынбаған басқа да қаржыландыру көздерi есебiнен жүзеге асырылады.
Ғылыми зерттеулердi үйлестiру уәкiлеттi органына жүктеледi.
2006.29.12. № 209-III ҚР Заңымен 23-бап жаңа редакцияда (бұр. ред. қара); 2007.12.01 № 222-III ҚР Заңымен 23-бап өзгертілді (күшіне енетін мерзімін қара) (бұр.ред.қара)
23-бап. Өрт қауіпсіздігі саласындағы
сәйкестікті растау
Өрт қауіпсіздігі саласындағы сәйкестікті растау Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен жүзеге асырылады
2006.29.12. № 209-III ҚР Заңымен 4-1-тараумен толықтырылды
4-1-тарау. Өрт қауіпсіздігінің жалпы талаптары
23-1-бап. Өрт қауіпсіздігі саласындағы техникалық реттеу
объектілерi
Өнім және оның өмірлік циклінің процестері өрт қауіпсіздігі саласындағы техникалық реттеу объектілері болып табылады.
23-2-бап. Жобалау, салу, реконструкциялау және өндіру
кезіндегі өрт қауіпсіздігі талаптары
Техникалық реттеу объектілерін жобалау, салу, реконструкциялау және өндіру кезінде:
1) объектілерді орналастыру;
2) объектілерді пайдалану;
3) объектілерді өрт-техникалық тұрғыдан жіктеу;
4) объектілерді өрт депосы ғимараттарымен және құрылыстармен қамтамасыз ету;
5) адамдардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету;
6) өрттің таралуын болғызбау;
7) өртті сөндіру мүмкіндігін қамтамасыз ету;
8) өрт сөндіру кезінде құтқару жұмыстарын жүргізу жөніндегі талаптар сақталуға тиіс.
23-3-бап. Пайдалану, сақтау, тасымалдау, қолдану және өткізу
кезіндегі өрт қауіпсіздігі талаптары
Техникалық реттеу объектілерін пайдалану, сақтау, тасымалдау, қолдану және өткізу кезінде:
1) өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша ұйымдастырушылық және техникалық іс-шаралар;
2) адамдарды эвакуациялау жолдары;
3) өрт шыққан жағдайда адамдардың қауіпсіздігі мен іс-қимыл тәртібін қамтамасыз ету;
4) инженерлік жүйелермен жарақталуы және олардың жұмыс жағдайына келтірілуі;
5) өрт автоматикасы жүйесімен жарақталуы және оның жұмыс жағдайына келтірілуі, оған қызмет көрсету және қызмет көрсететін қызметкерлер ұдайы болатын орындарға шығару;
6) өрт техникасымен жарақталуы және оның жұмыс жағдайына келтірілуі;
7) өрттің таралуын болғызбау;
8) өртті сөндіру мүмкіндігін қамтамасыз ету;
9) аумақтарды, ғимараттар мен құрылыстарды, объектілердің үй-жайларын күтіп-ұстау;
10) өрт сөндіру кезінде құтқару жұмыстарын жүргізуді қамтамасыз ету жөніндегі талаптар сақталуға тиіс.
5-тарау. Өрт қауіпсіздігі саласындағы
құқықтар мен міндеттер
2008.26.05 № 34-IV ҚР Заңымен 24- бап өзгертілді (бұр. ред. қара)
24-бап. Азаматтардың өрт қауiпсiздiгi саласындағы
құқықтары мен мiндеттерi
Қазақстан Республикасы азаматтарының:
- өрттер болған жағдайда өздерiнiң өмiрiн, денсаулығын және жеке мүлкiн қорғауға;
- Қазақстан Республикасы аумағындағы белгiлi бiр жерде болғанда өздерi ұшырауы мүмкiн өрт қаупi туралы және қажеттi қауiпсiздiк шаралар туралы хабардар болуға;
- өрттер салдарынан өздерiнiң денсаулығы мен мүлкiне келтiрiлген залалды қолданылып жүрген заңдармен белгiленген тәртiппен өтеттiруге;
- өрт қауiпсiздiгiн қамтамасыз етуге, соның iшiнде белгiленген тәртiппен қоғамдық өрттен қорғау бiрлестiктерi қызметiне қатысуға құқығы бар.
Қазақстан Республикасының азаматтары:
- өрт қауiпсiздiгi талаптарын сақтауға;
- өрттердi байқаған жағдайда өртке қарсы қызметтi дереу хабардар етуге;
- өртке қарсы қызмет бөлiмшелерi келгенге дейiн азаматтарды, мүлiктi құтқару және өрттердi сөндiру жөнiнде қолдан келген шараларды қолдануға;
- өрттi сөндiру кезiнде өртке қарсы қызметке көмек көрсетуге;
- мемлекеттік өртке қарсы қызмет органдарының нұсқамалары мен өзге де заңды талаптарын орындауға;
- Қазақстан Республикасының заңдарымен белгiленген тәртiппен мемлекеттік өртке қарсы қызмет органдарына өрт қауіпсіздігі саласындағы бақылау мақсатында өздерiне тиесiлi өндiрiстiк, шаруашылық, тұрғын үйлердi және өзге де үй-жайлар мен құрылыстарды тексеруге және қарап шығуға мүмкiндiк беруге мiндеттi.
ҚР 16.07.99 ж. № 437-1 Заңымен 25-бап толықтырылды ; 2008.26.05 № 34-IV ҚР Заңымен 25- бап өзгертілді (бұр. ред. қара)
25-бап. Ұйымдардың өрт қауiпсiздiгi саласындағы құқықтары мен мiндеттерi
Өрт қауiпсiздiгi мен өрт сөндiрудi қамтамасыз ету ұйымдардың басшыларына жүктеледi.
Ұымдардың:
- өз қаражаты есебінен ұстайтын мемлекеттік емес өртке қарсы қызметті осы Заңда белгіленген тәртіппен құруға, қайта ұйымдастыруға және таратуға, сондай-ақ шарттар негізінде мемлекеттік емес өртке қарсы қызметті тартуға;
- мемлекеттік органдар мен жергiлiктi өкiлдi органдарға өрт қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету жөнiнде ұсыныс енгізуге;
- ұйымдардың объектiлерiнде болған өрттердiң себептерi мен мән-жайларын анықтау жөнiнде жұмыстар жүргiзуге;
- заңдармен белгiленген шекте өрт қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету жөніндегі әлеуметтiк және экономикалық ынталандыру шараларын белгiлеуге;
- өрт қауiпсiздiгi мәселелерi жөнiнде ақпарат, соның iшiнде белгiленген тәртiппен мемлекеттік өртке қарсы қызмет органдарынан ақпарат алуға құқығы бар.
Ұйымдар:
- өрт қауiпсiздiгi талаптарын сақтауға, сондай-ақ мемлекеттік өртке қарсы қызмет органдарының нұсқамалары мен өзге де заңды талаптарын орындауға;
- өрт қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету жөніндегі шараларды әзiрлеп, жүзеге асыруға;
- өртке қарсы насихат жүргiзуге, сондай-ақ өздерiнiң қызметкерлерiн өрт қауiпсiздiгi шараларына оқытып-үйретуге;
- міндетті түрде өртке қарсы қызмет құрылатын ұйымдар мен объектілерде, соның ішінде мемлекеттік емес өртке қарсы қызметпен шарт жасасу негізінде мемлекеттік емес өртке қарсы қызметті құруға немесе ұстауға;
- өрт сөндiру жүйелерi мен құралдарын түзу күйiнде ұстауға, олардың мақсатқа сай пайдаланылмауына жол бермеуге;
- өрт қарсы қызметке өрттердi сөндiру, олардың шығу және өршу себептерi мен жағдаяттарын анықтау кезiнде, сондай-ақ өрт қауiпсiздiгi талаптарының бұзылуына және өрттердiң шығуына кiнәлi адамдарды анықтау кезiнде жәрдем көрсетуге;
- өрттердi анықтайтын және сөндiретiн автоматты құралдарды енгізу жөніндегі шараларды жүзеге асыруға;
- өрт сөндiру жөніндегі жауынгерлiк iс-әрекеттердi атқаруға қатысатын өртке қарсы қызмет бөлiмшелерi және өрт сөндiруге тартылған күштер үшiн ұйымдар аумағында өрттердi сөндiру кезiнде қажеттi күш-құралдарды, жанар-жағар май материалдарын, сондай-ақ тамақ өнiмдерi мен тынығу орындарын Үкiмет белгiлеген тәртiппен беруге;
- өртке қарсы қызметi өкiлдерiне олар ұйымдар аумағында қызмет бабындағы мiндеттерiн жүзеге асырған кезде заңдарда белгiленген тәртiппен жүрiп-тұруын қамтамасыз етуге;
- өрт қауiпсiздiгiнiң жай-күйi туралы, соның iшiнде өздерi өндiретiн өнiмдердiң өртену қаупi туралы, сондай-ақ өз аумақтарында болған өрттер және олардың зардаптары туралы мәлiметтер мен құжаттарды мемлекеттік өртке қарсы қызмет органдарына беруге;
- өрттердiң шыққаны, өртке қарсы қолда бар қорғану жүйелерi мен құралдарының ақаулары туралы, жолдар мен кiрме жолдардың жай-күйiнiң өзгерiстерi туралы өртке қарсы қызметке дереу хабарлауға мiндеттi.
6-тарау. Өрт қауіпсіздігі саласындағы заңдарды
бұзғаны үшін жауапкершілік
26-бап. Өрттердi және олардың зардаптарын тексеру
Өрттердi тексеру және олардың зардаптарын анықтау Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жүргiзiледi.
Өрт қауiпсiздiгi ережелерiнiң бұзылғаны немесе лауазымды адамдар мен азаматтардың әрекетсiздiгi анықталған жағдайда тексеру материалдары кiнәлiлердi жауапқа тарту үшiн тиiстi органдарға берiлуге тиiс.
27-бап. Өрт қауiпсiздiгi саласындағы заңдарды және өзге де нормативтiк актiлердi бұзғандық үшiн жауапкершiлiк
Өрт қауiпсiздiгi туралы заңдарды және өзге де нормативтiк құқықтық актiлердi бұзғаны үшiн жеке және заңды тұлғалар Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жауап бередi.
28-бап. Азаматтардың денсаулығы мен мүлкiне, қоршаған ортаға және шаруашылық жүргiзушi объектiлерге өрт келтiрген залалды өтеу
Өрттердiң салдарынан азаматтардың денсаулығына, мүлкiне қоршаған ортаға және шаруашылық жүргiзушi объектiлерге келтiрiлген залалды өтеу Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жүргiзiледi.
2008.26.05 № 34-IV ҚР Заңымен 28-1- баппен толықтырылды
28-1-бап. Мемлекеттік өртке қарсы қызмет органдары
қызметкерлерінің жауапкершілігі және олардың
іс-әрекетіне (әрекетсіздігіне) шағымдану құқығы
Мемлекеттік өртке қарсы қызмет органдарының қызметкерлері өздерінің қызметтік міндеттерін орындамағаны немесе тиісінше орындамағаны үшін Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жауаптылықта болады.
Мемлекеттік өртке қарсы қызмет органдары қызметкерлерінің іс-әрекетіне (әрекетсіздігіне) Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен шағымдануға болады.
2008.26.05 № 34-IV ҚР Заңымен 7-тараудың тақырыбы жана редакцияда (бұр. ред. қара)
7-тарау. Қорытынды және өтпелі ережелер
29-бап. Өрт қауiпсiздiгi саласындағы дауларды шешу тәртібі
Өрт қауiпсiздiгi саласындағы дауларды Қазақстан Республикасының заңдарымен белгiленген тәртiппен соттар шешедi.
30-бап. Өртке қарсы қызметтiң жұмысында
заңдылықтың сақталуын қадағалау
Өртке қарсы қызметтiң жұмысында заңдылықтың сақталуын қадағалауды мемлекет атынан Қазақстан Республикасының прокуратура органдары жүзеге асырады.
31-бап. Өрт қауiпсiздiгi саласындағы халықаралық шарттар
Егер Қазақстан Республикасы бекiткен халықаралық шартта осы Заңда белгiленгеннен өзгеше ережелер көзделсе, онда халықаралық шарттың ережелерi қолданылады.