Жолаушылар, теңдеме жүк, жүк және почтаны тасымалдау жөнiнде қызмет
көрсету үшiн авиабағыттарға конкурс өткізу және куәлiктер беру
ережесін бекіту туралы Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2002 ж. 3 сәуірдегі № 401 қаулысы
(ҚР Үкіметінің 25.09.02 ж. № 1052; 22.01.03 ж № 80; 07.01.04 ж. № 12 қаулыларымен енгізілген өзгерістерімен)
Осы редакция 2010 жылғы 2 ақпанда енгізілген өзгерістеріне дейін қолданылды
Бұрынғы редакцияларды қара
Жолаушылар, теңдеме жүк, жүк және почтаны тасымалдау жөнiнде қызмет көрсету үшiн тұрақты халықаралық және iшкi авиабағыттарда бәсекелестiктi одан әрi дамыту мақсатында Қазақстан Республикасының Үкіметі қаулы етеді:
1. Қоса берілiп отырған Жолаушылар, теңдеме жүк, жүк және почтаны тасымалдау жөнінде қызмет көрсету үшiн авиабағыттарға конкурс өткізу және куәлiктер беру ережесi бекітілсiн.
2. «Iшкi және халықаралық авиажелілерiнде жолаушыларды, багажды және жүктердi тасымалдау бойынша қызметтер көрсетуге арналған жүйелi авиарейстердi орындау құқығына ашық тендерлер өткізудің тәртібі туралы уақытша ереженi бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Yкіметінің 1997 жылғы 8 тамыздағы № 1239 қаулысының күшi жойылды деп танылсын.
3. Осы қаулы қол қойылған күнiнен бастап күшiне енедi.
Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі | И.Тасмағамбетов |
Қазақстан Республикасы
Yкіметінің
2002 жылғы 3 сәуірдегi
№ 401 қаулысымен
бекітілген
Жолаушылар, теңдеме жүк, жүк және почтаны тасымалдау жөнiнде
қызмет көрсету үшiн авиабағыттарға конкурс өткізу және
куәлiктер беру ережесi
1. Жалпы ережелер
1. Жолаушылар, теңдеме жүк, жүк және почтаны тасымалдау жөнiнде қызмет көрсету үшiн авиабағыттарға конкурс өткізу және куәлiктер беру ережесi (бұдан әрi - Ереже):
белгiлi бiр авиабағытта жолаушылар, теңдеме жүк, жүк және почтаны тасымалдау жөнiнде тұрақты авиарейстердi орындау құқығына авиакомпаниялар үшiн конкурс ұйымдастыру тәртібін, өткізу шарттары мен мерзiмдерiн;
авиабағыттарға арналған куәлiктi берудiң және қайтарудың тәртібі мен шарттарын белгiлейдi.
2. Конкурс қаржылық негiздеме ұсынатын әрi әуе кемелерiн резервке қою және техникалық сүйемелдеу жөніндегі қажеттi талаптардың орындалуын, жолаушылар үшiн тиiстi сервис деңгейiмен қауiпсiз тасымалдау шарттарын және белгiлi бiр авиабағытта тұтынушылар үшiн тиiмдi жағдайды қамтамасыз ете алатын авиакомпанияны анықтау мақсатында өткiзiледi.
Конкурстық комиссияның қорытындысы бойынша қызметiнiң қаржылық нәтижелерi, әуе кемелерi паркiнің болуы және ұшу қауiпсiздiгi жай-күйi туралы берiлген құжаттардың, сондай-ақ ол ұсынған конкурстық ұсыныстардың негiзiнде белгiлi бiр бағытта тұтынушылар үшiн қауiпсiз және тиiмдi шарттармен тұрақты рейстердiң орындалуын қамтамасыз ете алатын авиакомпания конкурсты ұтты деп танылады.
3. Конкурсты өткізудiң бастамашысы (ұйымдастырушысы) Қазақстан Республикасы Көлiк және коммуникациялар министрлігінің Азаматтық авиация комитетi (бұдан әрi - уәкiлеттi орган) болады.
4. Конкурсқа осы Ережемен белгiленген талаптарға сәйкес келетiн авиакомпания қатыса алады.
5. Конкурсқа жекелеген авиабағыттар да, авиабағыттардың пакеттерi де ұсынылуы мүмкiн.
6. Конкурс жеңімпазы (жеңімпаздары) авиабағыттарды пайдалануға арналған куәлiк алады.
ҚР Үкіметінің 07.01.04 ж. № 12 қаулысымен 6-1-тармақпен толықтырылды
6-1. Егер конкурсқа шығарылатын бір авиабағыт (авиабағыттар пакеті) бойынша осы Ережеде белгіленген біліктік талаптарына жауап беретін және осы Ереженің 13-тармағында көзделген конкурсқа қатысу үшін құжаттар ұсынған кемінде екі конкурсқа қатысушы өтінім берсе, конкурс өтті деп танылады.
2. Конкурстық комиссияны құру,
оның негізгi мiндеттерi мен қызметтерi
7. Конкурстың өткiзiлуiн қамтамасыз ету және жеңімпазды (жеңімпаздарды) анықтау үшiн конкурстық комиссия құрылады (бұдан әрi - комиссия), оның құрамы өкiлеттi органның бұйрығымен бекітіледi.
Комиссия құрамына басқа да мүдделi мемлекеттік органдардың өкiлдерi, сондай-ақ әуе кемелерiнің ұшуларын және жолаушылар, теңдеме жүк, жүк және почтаны тасымалдануын қамтамасыз етудi ұйымдастыру саласындағы сарапшылар кiре алады.
8. Конкурстық комиссия мүшелерiнің саны тақ және бес адамнан кем болмауы тиiс.
9. Комиссия қатысушылардың конкурстық ұсыныстарын қабылдайды және қарайды, конкурсты өткiзедi және жеңiмпаздарды белгiлейдi.
3. Конкурсқа қатысушыларға қойылатын талаптар
10. Осы Ережеге сәйкес конкурсқа қатысуға біліктiлiк талаптарға жауап беретiн, өтiнiш пен басқа да қажеттi құжаттарды уақытылы тапсырған авиакомпаниялар жiберiледi.
ҚР Үкіметінің 25.09.02 ж. № 1052; 07.01.04 ж. № 12 (бұр. ред. қара) 11-тармақ өзгертілді
11. Конкурсқа қатысу үшiн авиакомпаниялар мынадай біліктiлiк талаптарына сай болуы тиiс:
1) Қазақстан Республикасында тiркелген және тұрақты халықаралық және (немесе) iшкi әуе тасымалдарын жүзеге асыруға пайдаланушы сертификаты мен лицензиясы бар авиакомпания болып табылуы;
2) бiр сыныпқа жататын саны кемiнде екi әуе кемесiнен тұратын әуе паркiнің болуы, олар уәкiлеттi орган белгiлеген авиабағытты пайдалану шарттарына сай болуы тиiс;
3) пайдалану сәтiнен бастап алынуы болжанатын кiрiстi есепке алмағанда бiр ай мерзiмде авиабағыт бойынша ұсынылған кестеге сәйкес, ұшуды қамтамасыз ету үшiн қажеттi мөлшерде ұлттық немесе шетел валютасындағы қаржы қаражаттары болуы;
4) Қазақстан Республикасының Салық Кодексiне сәйкес орындау мерзiмi өзгертiлген немесе тоқтатылған салық мiндеттемелерiн қоспағанда, салық және басқа да мiндеттi төлемдер бойынша бюджет алдында берешегi болмауы;
5) халықаралық азаматтық авиация ұйымында (ИКАО) тiркелгенi және кодтарға ие болғаны туралы куәлiгi болуы;
6) авиатасымалдарды броньдау және сатудың автоматтандырылған жүйелерінің бiрiнде орындар ресурсын орналастыру және жүргiзуге арналған келісімнің болуы.
ҚР Үкіметінің 07.01.04 ж. № 12 қаулысымен 12-тармақ жаңа редакцияда (бұр. ред. қара)
12. Халықаралық тұрақты рейстерді орындау үшін авиакомпанияның 11-тармақта көрсетілген талаптарға қосымша Халықаралық әуе көлігінің қауымдастығы (ИАТА) берген коды болуы тиіс.
ҚР Үкіметінің 07.01.04 ж. № 12 қаулысымен 13-тармақ өзгертілді (бұр. ред. қара)
13. Конкурсқа қатысу үшін комиссияның атына мынадай құжаттарды ұсыну қажет:
1) конкурсқа қатысу үшiн белгiленген нысандағы өтiнiш (1-қосымша);
2) заңды тұлғаның мемлекеттік тiркелуi туралы куәлiктің көшiрмесi;
3) азаматтық әуекемелерiн пайдаланушы сертификатының көшiрмесi;
4) жолаушылар, теңдеме жүк, жүк және почтаның тұрақты әуе тасымалдарын орындауға арналған лицензияның көшiрмесi;
5) сақтандырудың мiндеттi түрлерiнің бар екенiн растайтын сақтандыру полистерінің (шарттарының) көшiрмесi;
6) әуе кемелерiнің паркi туралы мәлiметтер (олардың үлгілерi, саны, борттық тiркеу нөмiрлерi, олардың техникалық жай-күйi бойынша мәлiметтер әуе кемелерінің ұшу жарамдығын қолдау жөнінде жүргiзiлетiн iс-шаралар);
7) авиатасымалдарды броньдау және сатудың автоматтандырылған жүйесінде ресурстарды орналастыру туралы келісімнің көшiрмесi;
8) халықаралық бағыттар үшін ИКАО-да авиакомпанияның тіркелгені туралы куәліктердің және ИАТА-да берілген кодты алғаны туралы жазбаша растамалардың көшірмелері;
9) қатаң есептегi бланкiлерінің үлгiлерi (тасымалдау құжаттарының үлгілері);
10) пайдалану кезеңiнен бастап алынуы болжанатын кiрiстi есепке алмағанда, бiр ай мерзiмде авиабағыт бойынша ұсынылған кестеге сәйкес есепшотта ұшуды қамтамасыз ету үшiн қажеттi мөлшерде ұлттық немесе шетел валютасымен қаржы қаражатының болуы туралы банк анықтамасы;
10-1) бір ай ішінде авиабағыт бойынша ұсынылатын кестеге сәйкес жоспарланатын жүктемені ескере отырып, ұшуларды орындауға арналған шығыстардың есептемелері;
11) заңды тұлғаның тiркелу орны бойынша салық органынан бюджет алдында берешегi жоқтығы туралы анықтама;
12) алынып тасталды
13) заңды тұлғаның тіркелуі орны бойынша салық органы қабылдаған соңғы бухгалтерлiк теңгерiмнiң көшiрмелерi;
14) акционерлік қоғам акцияларын орналастыру туралы соңғы тiркелген есептің көшiрмесi. Қосымша эмиссияны жариялаған жағдайда, акционерлік қоғамның акциялары эмиссиясының проспектiсiн тiркеу туралы куәліктің көшiрмесi және орналастыру туралы есеп тiркелген сәтке дейiн жарғы капиталының өсуiн растайтын төлем құжаттарының көшiрмелерi берiледi.
15) халықаралық және iшкi тұрақты ұшуларды орындаудың және болжамды бағыттар бойынша жекелеген де, түйiстiрiлген де авиабағыттардың таңдап алынған желісін дамытудың бөлек қысқа мерзiмдi (бiр жылғы) және ұзақ мерзiмдi (үш жылғы) бизнес жоспарлары;
16) жолаушыларды, теңдеме жүктi, жүктi және почтаны конкурсқа шығарылатын авиабағыттар бойынша тасымалдауды ұйымдастырудың негiзгi шарттары мен талаптарын қамтамасыз ету жөніндегі конкурстық ұсыныстар.
ҚР Үкіметінің 07.01.04 ж. № 12 қаулысымен 14-тармақ өзгертілді (бұр. ред. қара)
14. Конкурсқа қатысу үшiн талап етiлетiн құжаттар мемлекеттік немесе орыс тiлдерiнде бiр данада тiгiлген түрде, нөмiрленген беттерiмен берiледi және соңғы бетi заңды тұлғаның мөрiмен расталады.
15. 13-тармақтың 10)-16) тармақшаларында көрсетiлген құжаттар «конкурста ғана ашылсын» деген жазумен жеке жабылған пакетте берiледi.
4. Ашық конкурс өткізудi ұйымдастыру
ҚР Үкіметінің 07.01.04 ж. № 12 қаулысымен 16-тармақ жаңа редакцияда (бұр. ред. қара)
16. Конкурс осы Ереженiң 25-1-тармағында көзделген жағдайларды қоспағанда, жылына бiр рет күзгi-қысқы навигация басталғанға дейiн (қазанның соңғы жексенбiсi) алдын ала жүргiзiледi. Уәкiлеттi орган конкурс өткізу туралы шешiм қабылдағаннан кейiн комиссия конкурсқа ықтимал қатысушыларды жазбаша хабардар ету жолымен немесе бұқаралық ақпарат құралдары арқылы конкурс өткізiлгенге дейiн 30 күнтiзбелiк күннен (конкурсты қайта өткізу жағдайында - 15 күнтiзбелiк күннен) кешiктiрмей конкурстың негiзгi шарттарын және оның өткiзiлу мерзiмдерiн жариялайды.
ҚР Үкіметінің 07.01.04 ж. № 12 қаулысымен 17-тармақ өзгертілді (бұр. ред. қара)
17. Комиссия ықтимал қатысушылар үшiн конкурсқа шығарылатын авиабағыттар бойынша жолаушылар, теңдеме жүк, жүк және почта тасымалдарын ұйымдастырудың негiзгi шарттары мен талаптарын қамтитын конкурстық құжаттардың пакетiн, сондай-ақ ашық конкурсты өткізу тәртібі туралы нұсқаулықты, қызметiнiң қаржылық нәтижелерiнiң бағалауын, ұшулардың қауiпсiздiк жағдайы мен әуе кемелерiнiң паркiн, уәкiлеттi органның бұйрығымен бекітілетiн ұсынылған конкурстық ұсыныстарды және бiр авиабағыттағы жеңiмпазды немесе бiрнеше жеңiмпазды анықтауды дайындайды.
18. Комиссия конкурсты өткізудің мерзiмдерi мен орнын жариялағаннан кейiн конкурсқа қатысуға тiлек бiлдiргендер уәкiлеттi органның мекен-жайына қажеттi құжаттарды қоса бере отырып, өтінiм мен конкурстық ұсыныстарды ұсынуға мiндеттi.
ҚР Үкіметінің 07.01.04 ж. № 12 қаулысымен 19-тармақ өзгертілді (бұр. ред. қара)
19. Конкурсқа қатысуға өтiнiмдердi қабылдау конкурсты өткізу күнiнен бiр жұмыс күні бұрын аяқталады.
ҚР Үкіметінің 07.01.04 ж. № 12 қаулысымен 20-тармақ жаңа редакцияда (бұр. ред. қара)
20. Бiлiктiлiк талаптарына сай емес және/немесе осы Ереженiң 13-тармағында көзделген құжаттарды түгел ұсынбаған қатысушылардың өтiнiмдерiнен конкурстық комиссия бас тартады, оларды бағаламайды және салыстырмайды.
ҚР Үкіметінің 07.01.04 ж. № 12 қаулысымен 21-тармақ өзгертілді (бұр. ред. қара)
21. Өтiнiмдерi қарауға қабылданудан бас тартылған өтінім берушiлердi комиссия бұл туралы себебiн көрсете отырып конкурстық комиссия мәжілісi басталған күнiнен бастап бес күн мерзiмде хабардар етедi.
5. Ашық конкурсты өткізу тәртібі, конкурстық ұсыныстарды бағалау
және жеңімпазды (жеңімпаздарды) анықтау
ҚР Үкіметінің 22.01.03 ж. № 80; 07.01.04 ж. № 12 (бұр. ред. қара) 22-тармақ өзгертілді
22. Конкурстық комиссия конкурсқа қатысу үшiн қарауға қабылданған конкурстық ұсыныстарды бағалайды әрi салыстырады және конкурс жеңімпазын (жеңімпаздарын) мына өлшемдердi ескере отырып, анықтайды:
ұсынылатын қызметтердiң сапалық сипаттамаларын;
біліктiлiк негiздерiн, беделiн, сенiмдiлiгiн, авиабағытта тұрақты авиарейстер орындаумен айналысатын конкурсқа қатысушы авиакомпаниялар персоналының кәсiби және басқару біліктiлiгiн;
авиабағыттар бойынша әуе тасымалдарына арналған тарифтердің ең төменгі деңгейін.
Конкурстық комиссияның шешiмi ашық дауыс берумен қабылданады және егер оған конкурстық комиссия мүшелерiнің жалпы санынан көпшiлiк дауыс берiлсе, қабылданды деп есептеледi. Дауыстар тең болған жағдайда конкурстық комиссияның төрағасы дауыс берген шешiм қабылданды деп саналады.
Конкурстық комиссия конкурстың қорытындысын конкурстық ұсыныстары бар конверт ашылған күнiнен бастап, 10 жұмыс күнiнен аспайтын мерзiмде шығарады.
Осы Ереженiң 13-тармағының тiзбесiне сәйкес, бiрақ оларды ресiмдеуге қойылатын талаптар ескерiлмей құжаттары ұсынылған қатысушы конкурс жеңімпазы деп таныла алмайды.
23. Комиссия мәжілісiнiң соңғы күнiнде комиссия мүшелерінің және конкурсқа қатысушылардың қатысуымен комиссия төрағасы жеңімпаз (жеңімпаздар) қатысушыны атайды.
ҚР Үкіметінің 07.01.04 ж. № 12 қаулысымен 24-тармақ өзгертілді (бұр. ред. қара)
24. Конкурс жеңімпазының (жеңімпаздарының) және уәкiлеттi органның арасында он күн мерзiмде келісім жасалады, ол бойынша конкурс жеңімпазы (жеңімпаздары) конкурстық ұсыныстарды орындау жөнiнде өзiне мiндеттемелер алады. Конкурс жеңімпазы (жеңімпаздары) уәкiлеттi органмен келісім жасаудан бас тартқан кезде, конкурстық комиссия конкурс жеңімпазынан (жеңімпаздарынан) кейiн конкурстық ұсынысы жақсы бағаланған қатысушымен келісім жасасу жөнiнде келiссөздi бастайды.
Конкурс жеңімпазынан (жеңімпаздарынан) кейін конкурстық ұсыныстары жақсы деп танылған конкурсқа қатысушы уәкiлеттi органмен келісім жасаудан бас тартқан жағдайда, конкурстық комиссия конкурс өткізiлмедi деп таниды.
25. Өтінімдердi қарау нәтижесiмен келiспеген жағдайда, конкурс жеңімпазы (жеңімпаздары) жарияланған сәттен бастап 14 күн iшiнде конкурсқа қатысушылар азаматтардың арыздарын қарау тәртібі туралы заңнамаға сәйкес шағым беруге құқығы бар.
ҚР Үкіметінің 07.01.04 ж. № 12 қаулысымен 25-1-тармақпен толықтырылды
25-1. Егер конкурстық комиссия конкурсты өткiзiлмедi деп таныса, бұрын өткізiлген конкурс кезiнде конкурстық комиссия біліктілiк талаптарына сай келетін немесе осы Ереженiң 13-тармағында көзделген құжаттарды ұсынған екеуден аз конкурсқа қатысушылардың өтiнiмдерi ұсынылған авиабағыттарға қайта конкурс өткізу туралы жариялайды. Қайталама конкурс кезiнде, егер бiр авиабағыт (авиабағыттар пакетi) бойынша бiліктілiк талаптарына сай келетiн және осы Ереженiң 13-тармағында көзделген құжаттарды ұсынған конкурсқа қатысушылардың екеуден аз өтiнiшi берілсе, конкурстық комиссияның шешiмi бойынша конкурс өткiзiлдi деп танылуы мүмкін. Қайтадан конкурс өткізу кезiнде конкурстық комиссия авиабағыттар пакетін өзгертуi мүмкiн, бiрақ конкурсқа шығарылатын авиабағыттар тiзбесі өзгермейдi.
6. Авиабағыттарға арналған куәлiк берудiң тәртібі
26. Авиабағыттарға арналған куәлiктер конкурс жеңімпазы (жеңімпаздары) жарияланған күнiнен бастап 5 күнтiзбелiк күннiң iшiнде конкурс жеңімпазына (жеңімпаздарына) берiледi.
27. Авиабағытқа арналған куәлiк тасымалдау түрлерiн, аптадағы авиабағыттың ұшу жиiлiгi және көрсетiлген куәлiктiң күшi болатын мерзiмi көрсетiліп, бiр жылдан үш жылға дейiнгi мерзiмге берiледi, есепке алу сериялары мен нөмiрлерi болады және қатаң есеп беру құжаты болып табылады. Авиабағытқа арналған куәлiктiң нысаны осы Ереженiң 2-қосымшасына сәйкес белгiленедi.
7. Авиабағыттарға арналған куәлiктерді қайтарып алу
және олардың қолданылуын тоқтата тұру
28. Авиабағыттарға арналған куәлiктердi уәкiлеттi орган:
осы Iшкi тұрақты рейстер үшiн ереженің 11-тармағында және осы Халықаралық тұрақты рейстер үшiн ереженің 12-тармағында белгiленген біліктiлiк талаптарына авиакомпанияның сай келмеуi туындаған;
авиакомпания конкурс бойынша қабылданған мiндеттемелер туралы келісімдi бұзған;
конкурстық құжаттамада күмәндi ақпарат анықталған жағдайларда қайтарып ала алады.
ҚР Үкіметінің 07.01.04 ж. № 12 қаулысымен 29-тармақ өзгертілді (бұр. ред. қара)
29. Авиабағыттарға арналған куәлiк қайтарып алынған кезде уәкiлеттi орган авиакомпанияға:
халықаралық авиациялық бағыттар үшiн - жоспарлаған күнге дейiн 45 күнтізбелiк күн бұрын;
ішкi авиациялық бағыттар үшiн - жоспарлаған күнге дейiн 15 күнтізбелiк күн бұрын хабарлама жiбередi.
ҚР Үкіметінің 07.01.04 ж. № 12 қаулысымен 30-тармақ өзгертілді (бұр. ред. қара)
30. Уәкiлеттi орган авиабағытқа арналған куәлiктің қолданыла бастаған сәтiнен бастап авиакомпания тұрақты ұшуды 14 күнтiзбелiк күннен астам уақыт орындамаған немесе қатарынан 14 күнтiзбелiк күннен астам ұшудағы үзiлiс болған жағдайда авиабағытқа арналған куәлiктің қолданылуын тоқтатуға құқылы. Егер авиакомпания ұшуды орындамау себептерiн келесi 10 күн iшiнде жоймаса, тоқтатылған авиабағытқа арналған куәлiктi уәкiлеттi орган қайтарып алады.
31. Куәлiктің күшiн тоқтата тұру себептерi жойылғаннан кейiн куәлiк қайта қолданылады.
32. Авиакомпания куәлiктің қолданылуын тоқтата тұру және қайтарып алу туралы шешiмдерiне сот тәртібімен шағымдануға құқылы.
33. Заңды тұлғаны (ол құқықтық мұрагер болып табылған жағдайда) қайта тiркеу кезiнде еркiн нысанда жазылған өтiнiш және осы Ереженiң 13-тармағының 2)-6) және 8)-10) тармақшаларында көзделген құжаттар берiлген жағдайда, авиабағыттар куәлiктерiн уәкiлеттi орган бiр ай мерзiмде қайта ресiмдеуi тиiс.
ҚР Үкіметінің 07.01.04 ж. № 12 қаулысымен 64-тармақ өзгертілді (бұр. ред. қара)
34. Халықтың үздiксiз авиация қатынасына сұранысын қанағаттандыру үшiн:
куәландырылмаған авиабағыттарға конкурсты әзiрлеу және өткізу кезеңiнде;
ықтимал қатысушылардың болмауына байланысты конкурс өткізу мүмкiн болмаған жағдайларда уәкiлеттi орган авиабағыттағы тұрақты ұшудың кестесiн осы Ереженің біліктiлiк талаптарына сай және осы авиабағытта тұрақты ұшу кестесiнiң жобасын ұсынған авиакомпанияларға уақытша (6 айдан аспайтын мерзiмге) бекітуге құқылы.
Қазақстан Республикасы Үкіметінiң
2002 ж. 3 сәуірдегі
№ 401 қаулысымен бекітілген
Жолаушылар, теңдеме жүк, жүк және
почтаны тасымалдау жөнiнде қызмет
көрсету үшiн авиабағыттарға конкурс
өткізу және куәлiктер беру ережесi
1-қосымша
ӨТIНIШ
_________________________________________________________________
_______________________________________ тасымалдау мақсатында
(тасымалдау объектiлерi көрсетiледi)
_________________________________________________________ аумағында
(Қазақстан Республикасы, ТМД елдерi, ХӘЖ)
____________________________________________ авиабағыты бойынша
(авиабағыттың атауы)
тұрақты авиарейстер орындау құқығына арналған конкурсқа қатысуға
жiберуiңiздi өтiнемiн.
Ұйым туралы мәлiметтер:
1. Меншiк нысаны _____________________________________________________
2. Құрылу жылы _______________________________________________________
3. Заңды тұлғаның мемлекеттік тiркелуi туралы куәлiк
______________________________________________________________________
(нөмiрi, кiм және қашан берген)
4. Банктiк деректемелерi _____________________________________________
______________________________________________________________________
(есепшот №, коресеп шоттар, МФО, банктiң атауы мен орналасқан орны)
5. Заңды мекен-жайы және басқа да деректемелерi ______________________
(почталық мекен-жайы, телефон, телефакс, телекс,
______________________________________________________________________
телетайп, телеграфтық және телефондық шақыру белгiлерi, ИКАО, ИАТА,
СИТА, АФТН кодтары)
6. ___________________________________________________________________
(кәсiпорын бiрiншi басшысының тегі, аты-жөнi)
7. Қоса берiлiп отырған құжаттар _____________________________________
Кәсiпорын басшысы: тегi, аты-жөнi, қолы, күнi.
Өтiнiш 2002 жылғы»___"__________ қарауға қабылданды.
Қазақстан Республикасы Yкіметінiң
2002 ж. 3 сәуірдегі
№ 401 қаулысымен бекітілген
Жолаушылар, теңдеме жүк, жүк және
почтаны тасымалдау жөнiнде қызмет
көрсету үшiн авиабағыттарға конкурс
өткізу және куәлiктер беру ережесi
2-қосымша
ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ЕЛТАҢБАСЫ
АВИАБАҒЫТҚА АРНАЛҒАН КУӘЛIК
_________________________________________________________________
(заңды тұлғаның толық атауы)
_________________________________________________________________
_________________________________________ тасымалдау мақсатында
(тасымалдау объектiлерi көрсетiледi)
_________________________________________ авиабағыты бойынша
(авиабағыт атауы)
_________________________________________________________________
(аптасына ұшудың рұқсат етiлген жиiлiктер саны)
тұрақты авиарейстердi орындау құқығына берiлдi.
Авиабағытқа арналған куәлiктi берген орган ______________________
__________________________ (куәлiктi берген органның толық атауы)
_________________________________________________________________
Басшы ___________________________________________________________
(куәлiктi берген орган басшысының тегi, аты-жөнi)
_________________________________________________________________
Куәлiктiң берiлген күнi 2002 жылғы»____"____________
Куәлiктiң нөмiрi _____________ № ________________
__________________ қаласы