б) аса iрi мөлшердегi табыс табумен ұштастырып жасаса;
в) бірнеше рет жасаса, -
мүлкi тәркiленiп немесе онсыз екi жылдан алты жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
2007.21.07. № 308-III ҚР Заңымен (бұр.ред.қара); 2009.08.12. № 225-IV ҚР Заңымен (бұр.ред.қара) 192-бап жаңа редакцияда
192-бап. Жалған кәсіпкерлік
1. Жалған кәсіпкерлік, яғни кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыру ниетінсіз жеке кәсіпкерлік субъектісін құру не басқа заңды тұлғалардың өз шешімдерін айқындау құқығын беретін акцияларын (қатысу үлестерін, пайларын) сатып алу, сол сияқты оларға басшылық ету, егер жасалған барлық мәмілелер құқыққа қарсы мақсаттарды көздеген және азаматқа, ұйымға немесе мемлекетке ірі залал келтірген жағдайда, -
алты жүз елу айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде немесе сотталған адамның үш айдан алты айға дейінгі кезеңдегі жалақысының немесе өзге де табысының мөлшерінде айыппұл салуға не алты айға дейінгі мерзімге қамауға алуға не екі жүз айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде немесе сотталған адамның бес айға дейінгі кезеңдегі жалақысының немесе өзге де табысының мөлшерінде айыппұл сала отырып не онсыз, екі жылдан бес жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
2. Нақ сол әрекеттерді:
а) бірнеше рет;
б) адамдар тобы алдын ала сөз байласу бойынша жасаса;
в) мемлекеттік функцияларды орындауға уәкілетті адам не оған теңестірілген адам, егер оларды өз қызмет бабын пайдаланумен ұштастырып жасаса,-
мүлкі тәркіленіп, үш жылдан жеті жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
3. Осы баптың бірінші немесе екінші бөліктерінде көзделген әрекеттерді:
а) ұйымдасқан топ;
б) қылмыстық қоғамдастық (қылмыстық ұйым) жасаса,-
мүлкі тәркіленіп алты жылдан он жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
Ескерту. Осы бапта және осы Кодекстің 192-1-бабында құқыққа қарсы мақсаттарды көздейтін мәмілелерге кредиттерді заңсыз алуға, салық төлеуден жалтаруға, тыйым салынған қызметті жасыруға, табыстарды заңсыз алуға және (немесе) өзге де мүліктік пайда алуға бағытталған мәмілелер, сондай-ақ көрсетілген іс-әрекеттерді жасауға жәрдемдесу жатады.
2009.08.12. № 225-IV ҚР Заңымен 192-1-баппен толықтырылды
192-1-бап. Жеке кәсіпкерлік субъектісінің кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыру ниетінсіз мәміле (мәмілелер) жасасуы
Жеке кәсіпкерлік субъектісінің іс жүзінде жұмыстарды орындамай, қызметтерді көрсетпей, тауарларды тиеп жібермей, құқыққа қарсы мақсаттарды көздеген және азаматқа, ұйымға немесе мемлекетке ірі залал келтірген мәміле (мәмілелер) жасасуы (оның ішінде шот-фактураны пайдалану арқылы жасасуы),-
бес жүз айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде немесе сотталған адамның үш айдан алты айға дейінгі кезеңдегі жалақысының немесе өзге де табысының мөлшерінде айыппұл салуға не бес айдан алты айға дейінгі мерзімге қамауға алуға не екі жылға дейінгі мерзімге түзеу жұмыстарына не екі жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
ҚР 16.03.01 № 163-II Заңына сәйкес 193-баптағы ескерту толықтырылды; ҚР 25.09.03 ж. № 484-II 193-бап өзгертілді (бұр. ред. қара); 09.12.04 ж. № 10-III (бұр. ред. қара); 2009.07.12. № 222-IV (бұр. ред. қара) Заңдарымен 193-бап өзгертілді
193-бап. Заңсыз жолмен алынған ақша қаражатын немесе өзге мүлiктi заңдастыру
1. Көпе-көрiнеу заңсыз жолмен алынған ақша қаражатымен немесе өзге мүлiкпен қаржылық операциялар немесе басқа да мәмiлелер жасау, сол сияқты аталған қаражатты немесе өзге де мүлiктi кәсiпкерлiк немесе өзге де экономикалық қызметтi жүзеге асыру үшiн пайдалану -
бес жүзден жетi жүз айлық есептiк көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде немесе сотталған адамның бес айдан жетi айға дейiнгi кезеңдегi жалақысының немесе өзге де табысының мөлшерiнде айыппұл салуға, не алты айға дейiнгi мерзiмге қамауға, не жүз айлық есептi көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде немесе сотталған адамның екi айға дейiнгi кезеңдегi жалақысының немесе өзге де табысының мөлшерiнде айыппұл салына отырып немесе онсыз үш жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
2. Дәл сол әрекеттер:
а) адамдар тобының алдын ала сөз байласуы бойынша;
б) әлденеше рет;
в) адам өзiнiң қызмет бабын пайдаланып жасалса, -
мүлкi тәркiленiп немесе онсыз бес жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
3. Осы баптың бiрiншi немесе екiншi бөлiктерiнде көзделген әрекеттердi:
а) мемлекеттік қызметтер атқаруға уәкiлеттi адам не оған теңестiрiлген адам, егер оларды өзiнiң қызмет бабын пайдаланумен қатар жасаса;
б) ұйымдасқан топ;
в) қылмыстық қоғамдастық (қылмыстық ұйым) немесе iрi мөлшерде жасаса, -
үш жылға дейiнгi мерзiмге белгiлi бiр лауазымдарды атқару немесе белгiлi бiр қызметпен айналысу құқығынан айрылып, үш жылдан жетi жылға дейiнгi мерзiмге, ал а) тармағында көзделген жағдайларда - мүлкi тәркiленiп жетi жылға дейiнгі мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
Ескерту.
1. Осы бапта он мың айлық есептiк көрсеткiштен асатын сомаға жасалған мәмiлелер немесе ақша қаражатын немесе басқа мүлiктi пайдалану iрi мөлшер деп танылады.
2. Заңсыз жолмен алынған ақша қаражатын немесе мүлікті заңдастыру дайындалып жатқаны не жасалғаны туралы өз еркімен мәлімдеген адам, егер оның іс-әрекетінде осы баптың екінші және үшінші бөліктерінде көзделген қылмыстар немесе өзге де қылмыс құрамы болмаса, қылмыстық жауаптылықтан босатылады.
194-бап. Несиенi заңсыз алу және мақсатсыз пайдалану
1. Жеке кәсiпкердiң немесе ұйымның шаруашылық жағдайы, қаржылық жай-күйi немесе кепiлдiк мүлкi туралы, немесе несиенiң, демеу қаржының несиелеудiң жеңiлдiктi шарттарын алуға арналған елеулi мәнi бар өзге де мән-жайлар туралы көпе-көрiнеу жалған мәлiметтердi банкке немесе өзге де несие берушiге беру арқылы жеке кәсiпкердiң немесе ұйым жетекшiсiнiң несие, демеуқаржы не несиелеудiң жеңiлдiктi шарттарын алуы, сол сияқты несиелеудi, демеуқаржы берудi тоқтатуға, жеңiлдiктердi жоюға не бөлiнген несие мен демеу қаржы мөлшерлерiн шектеуге әкеп соғатын мән-жайлардың пайда болуы туралы ақпаратты банкке немесе өзге несие берушiге хабарламау, егер осы әрекеттер iрi зиян келтiрсе -
екi жүзден бес жүз айлық есептiк көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде немесе сотталған адамның екi айдан бес айға дейiнгi кезеңдегi жалақысының немесе өзге де табысының мөлшерiнде айыппұл салуға, не төрт айдан алты айға дейiнгi мерзiмге қамауға, не екi жылға дейiнгi мерзiмге түзеу жұмыстарына, не нақ осы мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
2. Мемлекеттік мақсатты несиенi не мемлекет кепiлдiгiмен берiлген несиенi тiкелей мақсатында пайдаланбау, егер осы әрекет азаматқа, ұйымға немесе мемлекетке iрi зиян келтiрсе -
екi жүзден бес жүз айлық есептiк көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде немесе сотталған адамның екi айдан бес айға дейiнгi кезеңдегi жалақысының немесе өзге де табысының мөлшерiнде айыппұл салуға, не төрт айдан алты айға дейiнгi мерзiмге қамауға, не екi жылға дейiнгi мерзiмге түзеу жұмыстарына, не нақ осы мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
195-бап. Несиелiк берешектi өтеуден әдейi жалтару
Iрi мөлшердегi несиелiк берешектi өтеуден тиiстi сот актiсi заңды күшiне енгеннен кейiн ұйым жетекшiсiнiң немесе азаматтың әдейi жалтаруы -
екi жүзден бес жүз айлық есептiк көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде немесе сотталған адамның екi айдан бес айға дейiнгi кезеңдегi жалақысының немесе өзге де табысының мөлшерiнде айыппұл салуға, не төрт айдан алты айға дейiнгi мерзiмге қамауға, не екi жылға дейiнгi мерзiмге түзеу жұмыстарына, не нақ сол мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
Ескерту. Азаматтың бес жүз айлық есептiк көрсеткiштен асатын сомадағы, ал ұйымның екi мың бес жүз айлық есептiк көрсеткiштен асатын сомадағы берешегi iрi мөлшердегi несиелiк берешек деп танылады.
ҚР 21.12.02 ж. № 363-II (бұр. ред. қара); 09.12.04 ж. № 10-III (бұр. ред. қара) ҚР Заңдарымен 196-бап өзгертілді; 2008.25.12 № 113-IV ҚР Заңымен 196-бап жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
196-бап. Монополистік қызмет
1. Нарық субъектілерінің монополиялық жоғары (төмен) немесе келісілген бағаларды белгілеуі және (немесе) ұстап тұруы, үстем немесе монополиялық жағдайға ие нарық субъектісінен сатып алынған тауарларды (жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді) қайта сатуға аумақтық белгісі, сатып алушылар тобы, сатып алу шарттары, саны не бағасы бойынша шектеулер белгілеуі, тауар нарықтарын аумақтық белгісі, тауарлардың (жұмыстардың, көрсетілетін қызметтердің) ассортименті, олардың өткізілу немесе сатып алыну көлемі, сатушылар немесе сатып алушылар тобы бойынша бөлуі, сондай-ақ бәсекелестікті шектеуге бағытталған өзге де әрекеттер, егер олар азаматқа, ұйымға немесе мемлекетке ірі залал келтірсе не нарық субъектісінің ірі мөлшерде табыс табуымен ұштасқан болса, -
айлық есептік көрсеткіштің бес жүзден бір мыңға дейінгі мөлшерінде айыппұл салуға, не екі жылға дейінгі мерзімге түзеу жұмыстарына, не екі жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеуге, не нақ сол мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
2. Бірнеше рет не адамдар тобының алдын ала сөз байласуы бойынша немесе ұйымдасқан топ жасаған, не адамның қызмет бабын пайдалануымен жасалған нақ сол әрекеттер, -
айлық есептік көрсеткіштің бір мыңнан екі мыңға дейінгі мөлшерінде немесе сотталған адамның бес айдан жеті айға дейінгі кезеңдегі жалақысының немесе өзге де табысының мөлшерінде айыппұл салуға не үш жылға дейінгі мерзімге белгілі бір лауазымдарды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан айырып немесе онсыз, мүлкі тәркіленіп немесе онсыз бес жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
3. Осы баптың бірінші және екінші бөліктерінде көзделген, күш қолданып немесе күш қолданамын деп қорқытып, сол сияқты бөтеннің мүлкін жойып немесе бүлдіріп не оның мүлкін жоямын немесе бүлдіремін деп қорқытып жасалған, қорқытып алу белгілері жоқ әрекеттер -
мүлкі тәркіленіп немесе онсыз үш жылдан жеті жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
Ескерту. Осы баптағы ірі мөлшердегі табыс деп сомасы жүз мың айлық есептік көрсеткіштен асатын табыс танылады.
2008.25.12 № 113-IV ҚР Заңымен 197-бап өзгертілді (бұр.ред.қара)
197-бап. Көпшiлiк сауда-саттықтар аукциондар мен конкурстар
өткізудiң белгiленген тәртібін қасақана бұзу
Көпшiлiк сауда-саттықтар, аукциондар немесе конкурстар өткізу тәртібін қасақана бұзу мүлiк иесiне, сауда саттықты, аукциондарды немесе конкурстарды ұйымдастырушыға, сатып алушыға немесе өзге шаруашылық жүргiзушi субъектiге iрi зиян келтiрсе -
бес жүзден екi мың айлық есептiк көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде айыппұл салуға, не үш жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығын шектеуге жазаланады.
ҚР 21.12.02 ж. № 363-II Заңымен 198-бап өзгертілді (бұрынғы ред. қара)
198-бап. Көрiнеу жалған жарнама беру
Жарнамада жарнама берушiнiң пайдакүнемдiк ниетпен жасаған және iрi зиян келтiрген тауарларға, жұмыстарға немесе қызмет көрсетуге, сондай-ақ оларды өндiрушiлерге, орындаушыларға немесе сатушыларға қатысты көрiнеу жалған ақпаратты пайдалануы -
екi жүзден бес жүз айлық есептiк көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде немесе сотталған адамның екi айдан бес айға дейiнгi кезеңдегi жалақысының немесе өзге де табысының мөлшерiнде айыппұл салуға, не жүз сексен сағаттан екi жүз қырық сағатқа дейiнгi мерзiмге қоғамдық жұмыстарға тартуға, не алты айға дейiнгi мерзiмге қамауға, не екi жылға дейiнгi мерзiмге түзеу жұмыстарына, не екі жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеуге, не нақ осы мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
199-бап. Тауарлық белгiнi заңсыз пайдалану
1. Бөтеннiң тауарлық белгiсiн, қызмет көрсету белгiсiн, фирмалық атауын, тауардың шығатын орнының атауын немесе олармен бiртектес тауарларға немесе қызмет көрсетулерге арналған ұқсас таңбаларды заңсыз пайдалану, егер бұл әрекет бiрнеше рет жасалса немесе iрi зиян келтiрсе -
екi жүзден бес жүз айлық есептiк көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде немесе сотталған адамның екi айдан бес айға дейiнгi кезеңдегi жалақысының немесе өзге де табысының мөлшерiнде айыппұл салуға, не бiр жүз сексен сағаттан екi жүз қырық сағатқа дейiнгi мерзiмге қоғамдық жұмыстарға тартуға, не алты айға дейiнгi мерзiмге қамауға, не екi жылға дейiнгi мерзiмге түзеу жұмыстарына жазаланады.
2. Қазақстан Республикасында тiркелген тауарлық белгiге немесе тауардың шыққан орнының атауына қатысты ескерту таңбаларын заңсыз пайдалану, егер бұл әрекет бiрнеше рет жасалса немесе iрi зиян келтiрсе -
жүзден екi жүз айлық есептiк көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде немесе сотталған адамның екi айға дейiнгi кезеңдегi жалақысының немесе өзге де табысының мөлшерiнде айыппұл салуға, не жүз жиырма сағаттан жүз сексен сағатқа дейiнгi мерзiмге қоғамдық жұмыстарға тартуға, не үш айға дейiнгi мерзiмге қамауға, не бiр жылға дейiнгi мерзiмге түзеу жұмыстарына жазаланады.
200-бап. Коммерциялық немесе банктiк құпияны құрайтын
мәлiметтердi заңсыз алу мен жария ету
1. Коммерциялық немесе банктiк құпияны құрайтын мәлiметтердi, құжаттарды ұрлау, коммерциялық немесе банктiк құпияны бiлетiн адамдарды немесе олардың туыстарын сатып алу немесе оларды қорқыту жолымен, байланыс құралдарында ұстап алу, компьютерлiк жүйеге немесе желiге заңсыз кiру, арнаулы техникалық құралдарды пайдалану арқылы, сол сияқты бұл мәлiметтердi жария ету не заңсыз пайдалану мақсатында өзге де заңсыз тәсiлдермен жинау -
жүзден екi жүз айлық есептiк көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде немесе сотталған адамның екi айға дейiнгi кезеңдегi жалақысының немесе өзге де табысының мөлшерiнде айыппұл салуға, не екi жылға дейiнгi мерзiмге түзеу жұмыстарына, не алты айға дейiнгi мерзiмге қамауға, не бiр жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
2. Коммерциялық немесе банктiк құпияны құрайтын мәлiметтердi олардың иесiнiң келісімiнсiз, бұл құпия қызметiне немесе жұмысына байланысты сенiп тапсырылған адамның пайдакүнемдiк немесе өзге де жеке басының мүддесiнде заңсыз жария етуi немесе пайдалануы, бұл әрекет iрi зиян келтiрсе -
екi жүзден бес жүз айлық есептiк көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде немесе сотталған адамның екi айдан бес айға дейiнгi кезеңдегi жалақысының немесе өзге де табысының мөлшерiнде айыппұл салуға, не төрт айдан алты айға дейiнгi мерзiмге қамауға, не бiр жылдан екi жылға дейiнгi мерзiмге түзеу жұмыстарына, не жүз айлық есептiк көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде немесе сотталған адамның бiр айға дейiнгi кезеңдегi жалақысының немесе өзге де табысының мөлшерiнде айыппұл салына отырып не онсыз үш жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
201-бап. Кәсiптiк спорт жарыстарының және ойын-сауықтық
коммерциялық конкурстардың қатысушылары мен
ұйымдастырушыларын сатып алу
1. Кәсiптiк спорт жарыстарының спортшыларын, спорт төрешiлерiн, жаттықтырушыларын, команда басшылары мен басқа да қатысушыларын немесе ұйымдастырушыларын, сондай-ақ ойын-сауықтың коммерциялық конкурстардың ұйымдастырушыларын немесе қазылар алқасы мүшелерi осы жарыстардың немесе конкурстардың қорытындысына ықпал ету мақсатында сатып алу -
жүзден екi жүз айлық есептiк көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде немесе сотталған адамның екi айға дейiнгi кезеңдегi жалақысының немесе өзге де табысының мөлшерiнде айыппұл салуға, не алты айдан бiр жылға дейiнгi мерзiмге түзеу жұмыстарына, не төрт айға дейiнгi мерзiмге қамауға жазаланады.
2. Бiрнеше рет немесе ұйымдасқан топпен жасалған дәл сол әрекет -
үш жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
3. Спортшылардың өздерiне жарыс қорытындыларына ықпал ету мақсатында берiлген ақшаны, бағалы қағаздарды немесе өзге де мүлiктi заңсыз алуы, сол сияқты спортшылардың осындай мақсатта өздерiне берiлген мүлiктiк сипаттағы қызмет көрсетулердi заңсыз пайдалануы -
екi жүзден бес жүз айлық есептiк көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде немесе сотталған адамның екi айдан бес айға дейiнгi кезеңдегi жалақысының немесе өзге де табысының мөлшерiнде айыппұл салуға, не үш жылға дейiнгi мерзiмге белгiлi бiр лауазымдарды атқару немесе белгiлi бiр қызметпен айналысу құқығынан айыруға, не төрт айдан алты айға дейiнгi мерзiмге қамауға жазаланады.
4. Осы баптың үшiншi бөлiгiнде көрсетiлген мақсатта кәсiптiк спорт жарыстары спорт төрешiлерiнiң, жаттықтырушыларының, команда басшылары мен басқа да қатысушыларының, немесе ұйымдастырушыларының, сондай-ақ ойын-сауықтық коммерциялық конкурстар ұйымдастырушыларының немесе қазылар алқасы мүшелерiнiң ақша, бағалы қағаздар немесе өзге де мүлiктi заңсыз алуы, мүлiктiк сипаттағы қызмет көрсетулердi заңсыз пайдалануы -
үш жылға дейiнгi мерзiмге белгiлi бiр лауазымдарды атқару немесе белгiлi бiр қызметпен айналысу құқығынан айыра отырып, төрт жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
ҚР 2005.08.07. № 72-III Заңымен 202-бап өзгертілді (бұр. ред. қара)
202-бап. Эмиссиялық бағалы қағаздар шығару тәртібін бұзу
Көрiнеу сенiмсiз ақпараты бар эмиссиялық бағалы қағаздарды шығару проспектiсiн бекіту, сондай-ақ эмиссиялық бағалы қағаздар шығару жөніндегі көрiнеу сенiмсiз есептi бекіту, -
екi жүзден бес жүз айлық есептiк көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде немесе сотталған адамның екi айдан бес айға дейiнгi кезеңдегi жалақысының немесе өзге табысының мөлшерiнде айыппұл салуға, не төрт айдан алты айға дейiнгi мерзiмге қамауға, не бiр жылдан екi жылға дейiнгi мерзiмге түзеу жұмыстарына, не жүз айлық есептiк көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде немесе сотталған адамның бiр айға дейiнгi кезеңдегi жалақысының немесе өзге де табысының мөлшерiнде айыппұл салына отырып не онсыз үш жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
ҚР 2005.08.07. № 72-III Заңымен 202-1-баппен толықтырылды
202-1-бап. Бағалы қағаздар эмитентi лауазымды адамының
ақпарат бермеуi не көрiнеу жалған мәлiметтер беруi
Бағалы қағаздар эмитентi лауазымды адамдарының бағалы қағаздарды ұстаушыларға не эмитентке iрi зиян келтiрген, мүлiктiк пайда табу мақсатында мемлекеттік органдарға және бағалы қағаздарды ұстаушыларға ақпарат бермеуi не көрiнеу жалған мәлiметтер беруi, -
үш жүзден бес жүз айлық есептiк көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде немесе сотталған адамның үш айдан бес айға дейiнгi кезеңдегi жалақысының немесе өзге табысының мөлшерiнде айыппұл салуға, не бес жылға дейiнгi мерзiмге белгiлi бiр лауазымдарды атқару немесе белгiлi бiр қызметпен шұғылдану құқығынан айыруға, не екi жылға дейiнгi мерзiмге түзеу жұмыстарына, не алты айға дейiнгi мерзiмге қамауға, не үш жылға дейiнгi мерзiмде белгiлi бiр лауазымдарды атқару немесе белгiлi бiр қызметпен шұғылдану құқығынан айыра отырып, не онсыз, бiр жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
203-бап. Бағалы қағаздарды ұстаушылар тiзiлiмiне көрiнеу
жалған мәлiметтер енгізу
1. Бағалы қағаздарды ұстаушылар тiзiлiмiне осы бағалы қағаздарға деген құқықтың басқа адамға ауысуына әкеп соғатын көрiнеу жалған мәлiметтер енгізу -
үш жүзден бес жүз айлық есептiк көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде немесе сотталған адамның үш айдан бес айға дейiнгi кезеңдегi жалақысының немесе өзге де табысының мөлшерiнде айыппұл салуға, не бiр жылға дейiнгi мерзiмге түзеу жұмыстарына, не үш жылға дейiнгi мерзiмге белгiлi бiр лауазымдарды атқару немесе белгiлi бiр қызметпен айналысу құқығынан айыруға, не төрт айға дейiнгi мерзiмге қамауға жазаланады.
2. Iрi зиян келтiрген дәл сол әрекет -
бес жүзден бiр мың айлық есептiк көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде немесе сотталған адамның бес айдан он айға дейiнгi кезеңдегi жалақысының немесе өзге де табысының мөлшерiнде айыппұл салуға, не бiр жылдан екi жылға дейiнгi мерзiмге түзеу жұмыстарына, не бес жылға дейiнгi мерзiмге белгiлi бiр лауазымдарды атқару немесе белгiлi бiр қызметпен айналысу құқығынан айыруға, не алты айға дейiнгi мерзiмге қамауға, не үш жылға дейiнгi мерзiмге белгiлi бiр лауазымдарды атқару немесе белгiлi бiр қызметпен айналысу құқығынан айыра отырып екi жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
ҚР 2005.08.07. № 72-III Заңымен 204-бап өзгертілді (бұр. ред. қара)
204-бап. Бағалы қағаздар рыногы кәсiби қатысушыларының
көрiнеу жалған мәлiметтер беруi
Бағалы қағаздар рыногы кәсiби қатысушыларының iрi зиян келтiрген, мүлiктiк пайда табу мақсатында мемлекеттік органдарға және бағалы қағаздарды ұстаушыларға бағалы қағаздарды ұстаушылардың жеке шоттарындағы бағалы қағаздардың саны мен түрлерi туралы және бағалы қағаздармен жүргiзiлетiн операциялар туралы көрiнеу жалған мәлiметтер беруi, -
үш жүзден бес жүз айлық есептiк көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде немесе сотталған адамның үш айдан бес айға дейiнгi кезеңдегi жалақысының не өзге де табысының мөлшерiнде айыппұл салуға, не екi жылға дейiнгi мерзiмге түзеу жұмыстарына, не бес жылға дейiнгi мерзiмге белгiлi бiр лауазымдарды атқару немесе белгiлi бiр қызметпен айналысу құқығынан айыруға, не алты айға дейiнгi мерзiмге қамауға, не үш жылға дейiнгi мерзiмге белгiлi бiр лауазымдарды атқару немесе белгiлi бiр қызметпен айналысу құқығынан айыра отырып немесе онсыз бiр жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
205-бап. Бағалы қағаздармен операциялар жүргiзу ережелерiн
бұзу
1. Iрi зиян келтiрген бағалы қағаздармен операциялар жүргiзу ережелерiн бұзу -
бес жүзден бiр мың айлық есептiк көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде немесе сотталған адамның бес айдан он айға дейiнгi кезеңдегi жалақысының немесе өзге де табысының мөлшерiнде айыппұл салуға, не бес жылға дейiнгi мерзiмге белгiлi бiр лауазымда болу немесе белгiлi бiр қызметпен айналысу құқығынан айыруға, не алты айға дейiнгi мерзiмге қамауға, не үш жылға дейiнгi мерзiмге белгiлi бiр лауазымдарды атқару немесе белгiлi бiр қызметпен айналысу құқығынан айыра отырып немесе онсыз бiр жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
2. Бiрнеше рет не адамдар тобы алдын ала сөз байласу бойынша немесе ұйымдасқан топ жасаған дәл сол әрекет -
мыңнан екi мың айлық есептiк көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде немесе сотталған адамның он айдан бiр жылға дейiнгi кезеңдегi жалақысының немесе өзге де табысының мөлшерiнде айыппұл салуға, не бес жылға дейiнгi мерзiмге белгiлi бiр лауазымдарды атқару немесе белгiлi бiр қызметпен айналысу құқығынан айыруға, не алты айға дейiнгi мерзiмге қамауға, не үш жылға дейiнгi мерзiмге белгiлi бiр лауазымда болу не белгiлi бiр қызметпен айналысу құқығынан айырып, мүлкi тәркiленiп немесе онсыз үш жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
2007.08.01. № 210-III ҚР Заңымен 206-бап өзгертілді (бұр. ред. қара)
206-бап. Жалған ақша немесе бағалы қағаздар жасау
немесе сату
1. Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің жалған банкноттары мен мәнеттерiн, мемлекеттік бағалы қағаздарды немесе Қазақстан Республикасының валютасындағы басқа бағалы қағаздарды не шетел валютасы мен шетел валютасындағы бағалы қағаздарды сату мақсатында жасау немесе сақтау, сол сияқты сату -
мүлкi тәркiленiп немесе онсыз бес жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
2. Нақ сол әрекеттер:
а) адамдар тобының алдын ала сөз байласуы бойынша;
б) бірнеше рет;
в) ірі мөлшерде жасалса, -
мүлкі тәркіленіп, бес жылдан он жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
3. Осы баптың бiрiншi немесе екiншi бөлiктерiнде көзделген ұйымдасқан топ жасаған әрекеттер -
мүлкi тәркiленiп сегiз жылдан он бес жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
207-бап. Жалған төлем карточкалары мен өзге төлем және
есеп айырысу құжаттарын жасау немесе сату
1. Жалған төлем карточкаларын, сол сияқты бағалы қағаздар болып табылмайтын өзге де төлем және есеп айырысу құжаттарын сату мақсатында жасау немесе сату -
бес жүзден жетi жүз айлық есептiк көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде немесе сотталған адамның бес айдан жетi айға дейiнгi кезеңдегi жалақысының немесе өзге де табысының мөлшерiнде айыппұл салына отырып үш жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
2. Бiрнеше рет жасалған немесе ұйымдасқан топ жасаған дәл сол әрекеттер -
мүлкi тәркiленiп төрт жылдан жетi жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
ҚР 16.07.99 ж. № 430-1 Заңына сәйкес 208-бап жаңа редакцияда; ҚР 2006.31.01. № 125-III Заңымен 208-бап өзгертілді (бұр.ред.қара)
208-бап. Акцизделетін тауарларды акциздік маркалармен және (немесе) есепке алу-бақылау маркаларымен таңбалаудың тәртібі мен ережелерін бұзу, акциздік маркаларды және (немесе) есепке алу-бақылау маркаларын қолдан жасау және пайдалану
1. Айтарлықтай зиян келтiруге әкеп соққан акцизделетiн тауарларды акциздік маркалармен және (немесе) есепке алу-бақылау маркаларымен таңбалаудың тәртібі мен ережесін бұзу, -
бес жүзден жетi жүз айлық есептiк көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде немесе сотталушының бестен жетi айға дейiнгi кезеңi iшіндегі жалақысы немесе өзге де кiрiсi мөлшерiнде айыппұл салуға, не белгiлi бiр лауазымды иелену немесе белгiлi бiр қызметпен айналысу құқығынан бес жылға дейiн айыра отырып, не бiр жылдан екi жылға дейiнгi түзеу жұмыстарына, не алты айға дейiн қамауға алуға, не белгiлi бiр лауазымды иелену немесе белгiлi бiр қызметпен айналысу құқығынан үш жылға дейiн айыра отырып немесе онсыз екi жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады.