354. Егер Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерінде өзгеше көзделмесе, өнім беру шарты оған тараптар қол қойған кезден бастап күшіне енеді.
355. Өнім беру шартының жобасын дайындау кезінде бірыңғай дистрибьютор сатып алынатын дәрілік заттар мен медициналық бұйымдардың санын олардың сапасын сақтау мақсатында өз қалауы бойынша (санын ұлғайту не азайту жағына қарай) екінші қаптамаға дейін дөңгелектейді.
356. Осы параграфта көзделген өнім беру шартына қойылатын талаптар аналогтары жоқ дәрілік заттар, медициналық бұйымдар бойынша шетелдік өндірушілермен (өндіруші зауыт) немесе отандық өндірушілермен жасалатын берудің азаматтық-құқықтық шарттарына қолданылмайды.
357. Өнім беру шартына өнім берушіні таңдауға негіз болып табылған ұсыныстың мазмұнын өзгертуі мүмкін (осы Қағидалардың 358-тармағында көзделген жағдайларды қоспағанда) қандай да бір өзгерістерді және (немесе) жаңа талаптарды енгізуге, оның ішінде өнім беру шартында көрсетілген тауардың саудалық атауын басқа тауардың саудалық атауымен өзгертуге жол берілмейді.
ҚР Үкіметінің 2020.06.08. № 500 Қаулысымен 358-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
358. Өнім берушіні таңдау үшін негіз болып табылған сапасы және басқа да талаптары өзгермеген жағдайда жасалған өнім беру шартына:
1) тараптардың өзара келісуі бойынша тауарлардың бағасын және тиісінше шарттың бағасын төмендету бөлігінде (осы Қағидалардың 422-1 және 431-1-тармақтарында көзделген жағдайларды қоспағанда);
2) тауарлардың көлемін өзгерту бөлігінде;
3) тауарға арналған тіркеу куәлігіне енгізілген өзгерістерге сәйкес келтіру бөлігінде;
4) тіркеу куәлігінің иесі және тауарға шекті баға өзгермеген кезде өндірушінің атауын өзгерту бөлігінде өзгерістер енгізуге жол беріледі.
359. Заңнамада белгіленген тәртіппен тиісті бюджеттер бекітілгеннен кейін тапсырыс берушілер бірыңғай дистрибьюторға ұсынған түзетілген өтінімде сатып алынатын дәрілік заттардың, медициналық бұйымдардың көлемдері азайтылған жағдайда, өнім беру шартына да беру көлемін тиісінше азайту бойынша және шарт сомасына мөлшерлес өзгерістер енгізіледі.
360. Бірыңғай дистрибьютор өнім беру шартына қол қойылғанға дейін жеңімпазбен немесе әлеуетті өнім берушімен өнім беру шартының бағасын төмендету мақсатында келіссөздер жүргізе алады. Жеңімпаз, әлеуетті өнім беруші мұндай төмендетумен келіспеуі мүмкін, бұл ретте бірыңғай дистрибьютор жеңімпазбен немесе әлеуетті өнім берушімен өнім беру шартына қол қоюдан жалтара алмайды.
361. Осы Қағидалардың 352-тармағында белгіленген мерзімдерде жеткізілетін тауарларға отандық тауар өндіруші Қазақстан Республикасының аумағында тауарды жеткілікті қайта өңдеу өлшемшарттарына сәйкес олардың толық өндірілгенін немесе жеткілікті қайта өңдеуге ұшырағанын растайтын «СТ-KZ» ішкі айналыс үшін тауардың шығу тегі туралы сертификатты ұсынбаған жағдайда бірыңғай дистрибьютор өнім беру шартын бұзады.
2-параграф. Өнім беру шартын орындауды қамтамасыз ету
362. Бірыңғай дистрибьютор шартқа қол қойылғанға дейін шарттың орындалуын қамтамасыз ету тұрғысында әлеуетті өнім берушімен келіссөздер жүргізеді.
Әлеуетті өнім беруші бірыңғай дистрибьютормен шарт жасаған кезде өнім беру шарты бағасының 3 %-ы (үш) мөлшерінде шарт бойынша міндеттемелерінің орындалуын қамтамасыз етудің мынадай тәсілдерінің бірін таңдай алады:
1) бірыңғай дистрибьютордың банк шотына енгізілетін кепілдікті ақшалай жарна;
2) денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті орган бекіткен нысан бойынша қағаз жеткізгіштегі банк кепілдігі;
3) өнім берушіге болашақта түсетін бірыңғай дистрибьютордың пайдасына ақшалай кепілдік.
363. Өнім беру шартының орындалуын қамтамасыз етуді өнім беруші онымен жасалған өнім беру шарты бойынша өз міндеттемелерін тиісінше орындау кепілдігі ретінде ұсынады.
364. Өнім берушінің өнім беру шарты бойынша міндеттемелер толық орындалғанға дейін үшінші тұлғаларда енгізілген кепілдікті ақшалай жарнаға тұтастай не бiр бөлiгiнде талап қою құқығының туындауына әкелетін іс-әрекеттерді жасауына жол берiлмейдi.
365. Шарттың орындалуын қамтамасыз ету аналогтары жоқ дәрілік заттар мен медициналық бұйымдар бойынша шетелдік өндірушілермен (дайындаушы зауытпен) шарттар жасалған жағдайда немесе егер өнім беру шартының сомасы тиісті қаржы жылына арналған айлық есептік көрсеткіштің екі мың еселенген мөлшерінен аспаса, енгізілмейді.
366. Өнім беру шарты бойынша өнім берушінің міндеттемелерінің орындалуын қамтамасыз етуді бірыңғай дистрибьютордың ұстап қалуына мынадай жағдайлар негіз болып табылады:
1) өнім берушінің шарт бойынша міндеттемелерін орындамауы немесе тиісінше орындамауы бірыңғай дистрибьютордың шартты бір жақты тәртіппен бұзуына әкеп соғуы;
2) бұзушылықтар немесе өнім берушінің дәрілік заттарды және (немесе) медициналық бұйымдарды немесе дәрілік заттардың және (немесе) медициналық бұйымдардың беру немесе өнім беру немесе бірнеше партиясын беруді шартта көзделген мерзімдерін бұзу сапалық мәнде мерзімінде жеткізілмеген дәрілік заттардың, медициналық бұйымдардың көлеміне қарамастан жиынтық мәнде күнтізбелік 90 ( тоқсан) күнді құрауы.
19-тарау. Инфекциялық және паразиттік аурулардың пайда болуы мен таралуының алдын алуға, төтенше жағдайларды болдырмауға және олардың салдарын жоюға арналған дәрілік заттарды және медициналық бұйымдарды сатып алуды жүзеге асырудың ерекше тәртібі (сатып алудың ерекше тәртібі)
367. Сатып алудың ерекше тәртібі:
1) инфекциялық және паразиттік аурулардың пайда болуы мен таралуының алдын алу;
2) төтенше жағдайларды болдырмау және олардың салдарын жою қажеттілігі жағдайларында жүзеге асырылады.
368. Осы Қағидалардың 3-тарауында көзделген әлеуетті өнім берушіге қойылатын біліктілік талаптары және тауарларға қойылатын талаптар Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттар (келісімдер), сондай-ақ оларды іске асыру үшін қол қойылған халықаралық шарттар негізінде жүзеге асырылатын сатып алудың ерекше тәртібі тәсілімен сатып алуға қолданылмайды.
369. Сатып алудың ерекше тәртібінің мақсаттары үшін денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті орган:
1) сатып алудың ерекше тәртібіне жататын дәрілік заттар мен медициналық бұйымдардың тізбесін (тізімін) және көлемін;
2) кедендік тазарту бойынша шығыстарды қоса алғанда, дәрілік заттар мен медициналық бұйымдардың болжамды құнын (бағасын);
3) сатып алуды қаржыландыру көздерін айқындайды.
370. Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттар (келісімдер), сондай-ақ оларды іске асыру үшін қол қойылған халықаралық шарттар негізінде шетелдік және халықаралық коммерциялық емес ұйымдарға сатып алудың ерекше тәртібіне қатысуға рұқсат етіледі.
371. Қазақстан Республикасы ратификацияланған халықаралық шарттар шеңберінде жасалған шарттарда (келісімдерде) шарт сомасының жүз пайызы мөлшерінде аванстық (алдын ала) төлем жасауға жол беріледі.
372. Сатып алудың ерекше тәртібін жүзеге асыру кезінде бірыңғай дистрибьютор әлеуетті өнім берушіден:
1) дәрілік заттардың және (немесе) медициналық бұйымдардың бағалары бойынша ұсынысты;
2) дәрілік заттардың және (немесе) медициналық бұйымдардың Қазақстан Республикасында тіркелуін және осы Қағидалардың 4-тарауында белгіленген талаптарға сәйкестігін растайтын құжаттарды, актілерді сұратады.
Қазақстан Республикасында тіркелмеген дәрілік заттарды және (немесе) медициналық бұйымдарды сатып алу кезінде бірыңғай дистрибьютор әлеуетті өнім берушіден Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес Қазақстан Республикасына әкелуге рұқсат құжаттарын сұратады.
373. Сатып алудың ерекше тәртібінің шарты (келісімі) осы тараудың талаптары ескеріле отырып жасалады.
20-тарау. Дәрілік заттардың, медициналық бұйымдардың өндірісін
құруға және (немесе) жаңғыртуға ниеті бар әлеуетті өнім берушілерден берудің
ұзақ мерзімді шарттары бойынша сатып алуды жүзеге асырудың ерекше тәртібі
ҚР Үкіметінің 2019.30.05. № 347 Қаулысымен 374-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
374. Дәрілік заттарды, медициналық бұйымдарды берудің ұзақ мерзімді шарттарын жасасуға конкурс өткізу мақсатында бірыңғай дистрибьютор дәрілік заттарды, медициналық бұйымдарды берудің ұзақ мерзімді шарттарын жасау бойынша әлеуетті өнім берушілердің өтініштерін ескере отырып, алдын ала номенклатураны қалыптастырады және жыл сайын 1 қыркүйектен кешіктірмей, денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті органға бекіту үшін жібереді.
375. Алдын ала номенклатура әлеуетті өнім берушілердің өтініштеріндегі конкурс өткізілетін жылы қолданыстағы дәрілік заттарды, медициналық бұйымдарды берудің бұрын жасалған ұзақ мерзімді шарттарының бары немесе жоғы көрсетілген дәрілік заттардың, медициналық бұйымдардың атауларын қамтиды.
Номенклатураға екі және одан да көп отандық тауар өндірушілер тіркеген дәрілік заттар, медициналық бұйымдар енгізілмейді.
376. Денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті орган дәрілік заттардың, медициналық бұйымдардың алдын ала номенклатурасын алған сәттен бастап он жұмыс күні ішінде бірыңғай дистрибьюторға дәрілік заттардың, медициналық бұйымдардың халықаралық патенттелмеген атауы немесе құрамы, техникалық сипаттамасы, дәрілік заттардың, медициналық бұйымдардың әрбір атауы бойынша беру кезеңінің ұзақтығы көрсетілген, формулярлық комиссия мақұлдаған бекітілген номенклатураны ұсынады.
377. Бірыңғай дистрибьютор берудің ұзақ мерзімді шарттарын жасауға конкурс өткізу үшін бағалау комиссиясын (бұдан әрі - комиссия) құрады және оның құрамын бекітеді.
Комиссия берудің ұзақ мерзімді шарты жасалған немесе берудің ұзақ мерзімді шартын жасауға конкурс өткізілмеді деп танылған кезден бастап өз қызметін тоқтатады.
ҚР Үкіметінің 2019.30.05. № 347 Қаулысымен 378-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
378. Комиссия құрамына:
1) денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті органның қызметкерлері;
2) индустриялық-инновациялық қызметті мемлекеттік қолдау саласындағы уәкілетті органның фармацевтикалық өнеркәсіпке жетекшілік ететін құрылымдық бөлімше басшысынан төмен емес қызметкерлері;
3) мемлекеттік инвестициялық саясат және инвестицияларды қолдау саясаты саласындағы уәкілетті органның құрылымдық бөлімше басшысынан төмен емес қызметкерлері;
4) сараптама ұйымының дәрілік заттардың, медициналық бұйымдардың мамандандырылған сараптамасы мәселелеріне жетекшілік ететін, құрылымдық бөлімше басшыларынан төмен емес қызметкерлері;
5) бірыңғай дистрибьютордың құрылымдық бөлімше басшыларынан төмен емес қызметкерлері;
6) «Атамекен» Қазақстан Республикасының ұлттық кәсіпкерлер палатасының қызметкерлері және (немесе) өкілдері;
7) денсаулық сақтау саласындағы үкіметтік емес қоғамдық бірлестіктердің қызметкерлері кіреді.
ҚР Үкіметінің 2019.30.05. № 347 Қаулысымен 379-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
379. Комиссияның құрамына төраға, төрағаның орынбасары және комиссия мүшелері кіреді. Комиссия мүшелерінің жалпы саны тақ санды құрауға және тоғыз адамнан кем болмауға тиіс. Комиссияның шешімдері хаттамамен ресімделеді. Комиссияның хатшысы комиссия мүшесі болып табылмайды және комиссия шешім қабылдаған кезде дауыс беру құқығы болмайды.
Бірыңғай дистрибьютордың басшысы не оны алмастыратын адам Комиссия төрағасы болып тағайындалады, денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті органның қызметкері төрағаның орынбасары болып тағайындалады.
380. Комиссия төрағасы оның қызметіне басшылық етеді, отырыстарында төрағалық етеді, жұмысты жоспарлайды және оның шешімдерінің іске асырылуына жалпы бақылауды жүзеге асырады. Комиссия төрағасы болмаған уақытта оның функцияларын орынбасары атқарады.
381. Бірыңғай дистрибьютордың қызметкері комиссия хатшысы болып табылады, ол әлеуетті өнім берушілерден өтінімдер салынған конверттерді қабылдайды, комиссия отырысының күн тәртібі бойынша ұсыныстарды, қажетті құжаттар мен материалдарды дайындайды, комиссия отырысы өткеннен кейін оның хаттамаларын ресімдейді, келіп түскен өтінімдерді және конверттерді ашу рәсіміне қатысуға ниет білдірген әлеуетті өнім берушілерді тіркеу журналдарын жүргізеді, оларда әлеуетті өнім берушілердің өтінімдер салынған конверттерді ұсыну уақыты мен күні, әлеуетті өнім берушінің уәкілетті өкілінің (өтінім салынған конвертті ұсынған және конверттерді ашу рәсіміне қатысқан адамның) тегі, аты, әкесінің аты көрсетіледі. Келіп түскен өтінімдерді және конверттерді ашу рәсіміне қатысуға ниет білдірген әлеуетті өнім берушілерді тіркеу журналдары тігілген, беттері нөмірленген болуға, соңғы парағына бірыңғай дистрибьютордың уәкілетті адамының қолы қойылуға тиіс.
382. Комиссия отырысы комиссия мүшелерінің жалпы санының кемінде үштен екісі қатысуы шартымен өткізіледі.
Комиссияның шешімі ашық дауыс беру арқылы қабылданады және егер қатысып отырған комиссия мүшелерінің жалпы санының көпшілігі дауыс берсе, қабылданды деп есептеледі. Дауыстар тең болған жағдайда, комиссияның төрағасы немесе ол болмаған жағдайда, төрағаның орынбасары дауыс берген шешім қабылданған болып есептеледі.
383. Қажет болған кезде комиссия конкурстың талаптарына өтінімнің сәйкестігін бағалау үшін тиісті саладан сарапшыны (-ларды) тарта алады. Сарапшының комиссия шешім қабылдаған кезде дауыс беруге құқығы болмайды.
384 Сараптамалық қорытынды ұсынымдық сипатқа ие және өтінімдерді бағалау кезінде ескеріледі, жазбаша түрде ресімделеді, сарапшы қол қояды және комиссия отырысының хаттамасына қоса беріледі.
385. Бірыңғай дистрибьютор әлеуетті өнім берушілер өтінімдерін ұсынудың соңғы күніне дейін кемінде күнтізбелік 20 (жиырма) күн қалғанда өзінің интернет-ресурсына мемлекеттік және орыс тілдерінде берудің ұзақ мерзімді шартын жасауға конкурс өткізілетіні туралы хабарландыру орналастырады.
386. Берудің ұзақ мерзімді шартын жасауға конкурс өткізілетіні туралы хабарландыру мынадай мәліметтерді қамтиды:
1) бірыңғай дистрибьютордың атауы, мекенжайы және банктік деректемелері;
2) дәрілік заттардың, медициналық бұйымдардың халықаралық патенттелмеген атауы немесе құрамы және олардың техникалық сипаттамалары көрсетілген дәрілік заттардың, медициналық бұйымдардың номенклатурасы;
3) берудің ұзақ мерзімді шартын жасауға конкурсқа қатысу үшін өтінімдерді қабылдаудың аяқталатын күні, уақыты және орны;
4) өтінімдер салынған конверттерді ашу күні, уақыты және орны.
387. Берудің ұзақ мерзімді шартын жасауға конкурсқа қатысуға ниет білдірген әлеуетті өнім беруші өтінімдерді қабылдаудың соңғы мерзімі өткенге дейін бірыңғай дистрибьюторға өтінімді мынадай құжаттар тізбесіне сәйкес ұсынады:
1) дәрілік заттардың, медициналық бұйымдардың атаулары (лоттар) көрсетілген және өтінімге денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті орган бекіткен нысан бойынша қоса берілетін құжаттардың тізімдемесі қоса берілген денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті орган бекіткен нысан бойынша конкурсқа қатысуға арналған өтінім;
2) заңды тұлғаны мемлекеттік тіркеу (қайта тіркеу) туралы анықтама;
3) заңды тұлға үшін жарғының көшірмесі (егер жарғыда құрылтайшылардың, қатысушылардың немесе акционерлердің құрамы көрсетілмесе, құрылтайшылардың, қатысушылардың құрамы туралы үзінді немесе құрылтай шартының көшірмесі ұсынылады);
4) техникалық-экономикалық негіздеме және (немесе) бизнес-жоспар мынадай бөлімдерден тұрады, ол;
инвестициялық жобаның мақсаты және операторы туралы ақпарат;
инвестициялық жобаның құны және қаржыландыру көздері туралы ақпарат;
Қазақстан Республикасында және (немесе) басқа да елдерде дәрілік заттарды, медициналық бұйымдарды тіркеу туралы ақпарат, сондай-ақ тіркеу куәлігінің нөмірлері мен күндері көрсетілген өндірілетін дәрілік заттардың, медициналық бұйымдардың тізімі;
өндіруге жоспарланатын дәрілік заттардың, медициналық бұйымдардың тізімі;
өнімді өткізу бағдарламасын қоса алғанда, коммерциялық бөлімі; технологияның сипаттамасын қоса алғанда, техникалық бөлімі мен сипаттамасы бар технологиялық жабдықтың тізбесі;
экологиялық бөлім;
қаржы бөлімі;
әлеуметтік-экономикалық бөлім;
жобалық тәуекелдер туралы ақпарат;
дәрілік заттар, медициналық бұйымдар өндірісін құру және (немесе) жаңғырту бойынша инвестициялық жобаны іске асыру мерзімдері және кезеңдері туралы ақпарат;
денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті орган бекіткен нысан бойынша дәрілік заттардың, медициналық бұйымдардың өндірісін құру және (немесе) жаңғырту бойынша инвестициялық жобаны іске асырудың тоқсан бойынша кестесі;
әрбір атауы бойынша дәрілік заттарды, медициналық бұйымдарды беру кезеңінің басталу күндері туралы ақпарат;
инфрақұрылым туралы ақпарат;
5) конкурсты хабарлау күнінің алдында бір айдан ерте емес «электрондық үкімет» веб-порталы арқылы алынған салық төлеушінің салық берешегінің, міндетті зейнетақы жарналары, міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары, әлеуметтік аударымдар, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруға аударымдар және (немесе) жарналар бойынша берешегінің бар-жоғы туралы мәліметтер жатады.
Өтінімдер дәрілік заттарды, медициналық бұйымдарды шығару бойынша әртүрлі өндірістік желілерге ұсынылған жағдайда техникалық-экономикалық негіздемедегі және (немесе) бизнес-жоспардағы ақпарат әрбір өндірістік желі бойынша бөлек көрсетіледі.
388. Өтінімді әлеуетті өнім беруші екі конвертте - түпнұсқада және көшірмеде, желімделген түрде, тігілген, беттері нөмірленген, соңғы бетін әлеуетті өнім берушінің уәкілетті адамы куәландырған түрде ұсынады, түпнұсқасы және көшірмелері, әлеуетті өнім берушінің заңды мекенжайы және атауы көрсетілген конверттер бірыңғай дистрибьюторға хабарландыруда көрсетілген мекенжай бойынша жіберілуге, «Берудің ұзақ мерзімді шартын жасауға арналған конкурс» және «_______ дейін ашпаңыз (хабарландыруда көрсетілген конверттерді ашу күні мен уақыты көрсетіледі)» деген сөздерді қамтуға тиіс.
389. Әлеуетті өнім беруші өтінімді ұсыну мерзімі өткенге дейін өз өтінімін өзгерте немесе кері қайтара алады. Өтінімді кері қайтару туралы әлеуетті өнім берушінің хабарламасы өтінімдерді ұсынудың соңғы мерзімінен кешіктірмей жазбаша нысанда бірыңғай дистрибьюторға жіберілуге тиіс.
390. Оларды ұсынудың соңғы мерзімі өткеннен кейін берілген, желімделген, сондай-ақ бір конвертте ұсынылған өтінімді конкурстық комиссияның хатшысы қабылдамайды.
391. Тігілмеген немесе беттері нөмірленбеген немесе соңғы бетін уәкілетті адам куәландырмаған өтінім анықталған (конверттерді ашу) кезде әлеуетті өнім берушінің уәкілетті адамына қайтарылады. Конверттерді ашу рәсімі кезінде әлеуетті өнім берушінің уәкілетті адамы болмаған жағдайда комиссияның хатшысы пошта жөнелтілімі арқылы өтінімді қайтарады.
392. Өтінімдер салынған конверттерді комиссия хабарландыруда көрсетілген уақытта, күні және орында ашады.
Әлеуетті өнім беруші және (немесе) оның уәкілетті өкілі өтінімдер салынған конверттерді ашу кезінде қатыса алады.
Әлеуетті өнім берушілер және олардың уәкілетті өкілдері комиссияны конкурсқа қатысуға өтінімдер салынған конверттерді ашу рәсімін жазу үшін пайдалануға ниет етіп отырған аудиожазба мен бейнетүсірілімнің техникалық құралдары туралы хабардар етеді.
393. Өтінімдер салынған конверттерді ашқан кезде комиссия хатшысы қатысушы адамдарға конкурсқа қатысып жатқан әлеуетті өнім берушілердің атаулары мен мекенжайын, әлеуетті өнім берушілердің өтінімдерінде берілген дәрілік заттардың, медициналық бұйымдардың (лоттардың нөмірлерін) атауын жариялайды. Бұл ақпарат өтінімдер салынған конверттерді ашу хаттамасында көрсетіледі, ол конверттерді ашу күнінен бастап үш жұмыс күні ішінде бірыңғай дистрибьютордың интернет-ресурсында жарияланады.
394. Комиссия хатшысы конверттерді ашу рәсімінен кейін үш жұмыс күні ішінде индустриялық-инновациялық қызметті мемлекеттік қолдау саласындағы уәкілетті органға өтінімдердің көшірмелерін салалық қорытындыны алу үшін жібереді.
395. Индустриялық-инновациялық қызметті мемлекеттік қолдау саласындағы уәкілетті орган өтінімдердің көшірмесін алған сәттен бастап жиырма жұмыс күні ішінде бірыңғай дистрибьюторға инвестициялық жоба орынды немесе орынсыз деген салалық қорытындыны комиссияның одан әрі қарауы үшін жібереді.
396. Салалық қорытынды техникалық-экономикалық негіздеме және (немесе) мынадай өлшемшарттар бойынша бизнес-жоспар негізінде беріледі: жобаның пысықталу дәрежесі, қаржыландыру көздері, тиісінше нысаналы пайдаланылатын жер учаскесімен қамтамасыз етілуі.
397. Комиссия ұсынылған құжаттардың осы Қағидалардың талаптарына сәйкессіздігін анықтаған жағдайда мұндай әлеуетті өнім берушілерге бірыңғай дистрибьютордың интернет-ресурсына ескертулер хаттамасы орналастырылған күннен бастап үш жұмыс күні ішінде өтінімдерді сәйкес келтіру құқығын береді.
398. Өтінімдерінде сәйкессіздіктер бар әлеуетті өнім берушілер, сондай-ақ ең жоғары баға жеңілдігін айқындау рәсімін өткізу уақыты мен орны туралы мәліметтерді қамтитын ескертулер хаттамасы индустриялық-инновациялық қызметті мемлекеттік қолдау саласындағы уәкілетті органның салалық қорытындысы алынған күннен кейін келесі күннен бастап жиырма жұмыс күні ішінде жасалады.
399. Олар бойынша осы тараудың талаптарына сәйкес кері қайтарылмаған екі және одан да көп өтінім ұсынылған (лотта бәсекелестік орта болған жағдайда) дәрілік заттардың, медициналық бұйымдардың (лоттардың) атаулары бойынша жеңімпазды комиссия балдық жүйемен айқындайды.
400. Әлеуетті өнім берушілердің өтінімдеріне мынадай бағалау өлшемшарттары (балдық жүйе) қолданылады:
1) инвестициялық жобаны іске асыруды толық өтейтін қаржы құралдарының болуын растау:
инвестициялық жобаның іске асырылуын толық жабатын өзінің қаржы қаражаты (әлеуетті өнім берушінің шотында тиісті қаржы қаражатының бар-жоғы туралы банктің анықтамасы, актілермен және/немесе қаржы құжаттарымен расталған мүлікті сатып алу-сату шарттары) - 2 балл;
инвестициялық жобаны іске асыруды толықтай өтейтін қаржы қаражаты (қарыз берушіде осындай қаражаттың бар болуы туралы растайтын құжаттарды қоса бере отырып, қаржы қаражаты қарызының шарты, кредиттік лимит беру туралы шарт) - 1 балл;
2) әлеуетті өнім берушінің немесе оның құрылтайшысының (қатысушысының) Қазақстан Республикасынан тыс жердегі бес жылдан астам фармацевтикалық өндіріс тәжірибесі (дәрілік заттарды немесе медициналық бұйым өндіруге рұқсат беретін лицензия немесе құжат) - 2 балл;
3) әлеуетті өнім берушінің немесе оның құрылтайшысының (қатысушысының) Қазақстан Республикасының аумағындағы бес жылдан астам фармацевтикалық өндіріс тәжірибесі (дәрілік заттарды немесе медициналық бұйымдарды өндіруге рұқсат беретін лицензия немесе құжат) - 3 балл;
4) дәрілік заттар, медициналық бұйымдар өндірісін құру және (немесе) жаңғырту үшін пайдаланылатын жер учаскесінің бар-жоғы туралы растау:
меншігінде (инвестициялық жобаға сәйкес келетін нысаналы мақсаты көрсетілген жер учаскесіне акт, жылжымайтын мүлікке тіркелген құқықтар (ауыртпалықтар) және конкурс жарияланған күннен ерте берілген оның техникалық сипаттамалары туралы анықтама) - 2 балл;
жалдауда, сенімгерлік басқаруда, уақытша жерді пайдалануда (инвестициялық жобаға сәйкес келетін нысаналы мақсаты көрсетілген жер учаскесіне акті) немесе жер учаскесін бөлу туралы жергілікті атқарушы органның оң шешімі - 1 балл;
5) өндіріс циклы бойынша:
толықтай Қазақстанда шығарылған дәрілік заттар, медициналық бұйымдар өндірісі (Қазақстан Республикасының аумағында шығарылатын өнімдерден ғана Қазақстанда өндірілген дәрілік заттар, медициналық бұйымдар) - 3 балл.
«СТ-KZ» ішкі айналыс үшін тауардың шығу тегі туралы сертификаты бар дәрілік заттар/медициналық бұйымдар осы тармақ бойынша жалпы негізде, өндірістік циклға сәйкес бағаланады.
401. Балл алу үшін барлық құжаттар түпнұсқада немесе нотариат куәландырған көшірмелері ұсынылады.
402. Қағидалардың осы тарауының талаптарына сәйкес келетін және осы Қағидалардың 400-тармағында көзделген әрбір бағалау өлшемшарты бойынша балдарды қосу арқылы өтінімде көрсетілген лоттар бойынша ең көп балл жинаған әлеуетті өнім беруші жеңімпаз деп танылады.
Бір лот бойынша бірнеше әлеуетті өнім берушілердің балдары тең болған жағдайда комиссия жеңімпазды ең жоғары бағалық жеңілдік бойынша айқындайды.
403. Ең жоғары шартты бағалық жеңілдікті айқындау рәсімі ескертулер хаттамасында көрсетілген уақытта, күні және орында өткізіледі. Шартты бағалық жеңілдіктің ең төменгі қадамы үш пайызды құрайды.
404. Әлеуетті өнім берушінің бастапқы бағалық жеңілдігі лот бойынша шартты бағалық жеңілдік көрсетілген бірінші басшының немесе осындай шартты бағалық жеңілдікке қол қоюға уәкілетті адамның қолы қойылып, жазбаша ұсынылады.