4) егер шағымды немесе наразылықты апелляциялық шағым немесе наразылық беруге (келтіруге) құқығы жоқ адам берсе (келтірсе) қайтарылады.
377-бап. Бірінші сатыдағы соттың апелляциялық шағымды, наразылықты алғаннан кейінгі әрекеті
1. Мерзімінде берілген және осы Кодекстің 373-бабының екінші бөлігінің және 374-бабының талаптарына сәйкес келетін апелляциялық шағымды немесе наразылықты алғаннан кейін судья:
1) шағымның, наразылықтың және оған қоса тіркелген жазбаша дәлелдемелердің көшірмелерін келесі күннен кешіктірмей іске қатысушы адамдарға жіберуге;
2) шағымдануға, наразылық келтіруге белгіленген мерзім өткеннен кейін істі апелляциялық сатыға жіберуге;
3) іске қатысушы адамдарды істі апелляциялық сатыда қараудың орны мен уақыты туралы тиісінше хабардар етуге міндетті. Істің апелляциялық сатыда қаралатын күні туралы хабар іс апелляциялық сатыдағы сотта зерделенетіндей, ал іске қатысушы адамдар апелляциялық сатыдағы сот отырысына қатысу құқығын пайдаланудың нақты мүмкіндігіне ие болатындай есеппен берілуге тиіс.
2. Апелляциялық шағымдануға, наразылық келтіруге белгіленген мерзім өткенге дейін істі соттан ешкім талап ете алмайды. Іске қатысушы адамдар сотта іс материалдарымен, сондай-ақ келіп түскен шағымдармен және оларға білдірілген қарсылықтармен танысуға құқылы.
378-бап. Апелляциялық шағымға қосылу
Апелляциялық шағымды берген адаммен процесте бір жақта болған бірге қатысушылар мен үшінші тұлғалар берілген шағымға жазбаша арыз беру жолымен қосылуға құқылы.
379-бап. Апелляциялық шағымға немесе наразылыққа қарсылық
1. Іске қатысушы адамдар осы қарсылықты растайтын құжаттарды қоса бере отырып, апелляциялық шағымға немесе наразылыққа жазбаша түрде қарсылық білдіруге құқылы.
2. Қарсылық пен оған қоса берілген құжаттар іске қатысушы адамдардың санына қарай көшірмелерімен бірге берілуге тиіс.
380-бап. Апелляциялық шағымнан бас тарту және наразылықты кері қайтарып алу
1. Апелляциялық шағым берген адам сот қаулы шығарғанға дейін одан апелляциялық сатыдағы сотта бас тартуға құқылы. Апелляциялық наразылық келтірген прокурор немесе жоғары тұрған прокурор апелляциялық сатыдағы сот қаулы шығарғанға дейін наразылықты кері қайтарып алуға құқылы. Наразылықтың кері қайтарылып алынғаны туралы сот іске қатысушы адамдарға хабарлайды.
2. Егер шешімге басқа адамдар шағым жасамаса немесе жоғары тұрған прокурор наразылық келтірмесе, сот шағымнан бас тартуды және наразылықты қайтарып алуды қабылдау туралы апелляциялық іс жүргізуді қысқартатын қаулы шығарады.
381-бап. Талап қоюшының талап қоюдан бас тартуы және тараптардың бітімгершілік келісімі
1. Талап қоюшының талап қоюдан бас тартуы немесе тараптардың апелляциялық шағым берілгеннен кейін жасалған бітімгершілік келісімі апелляциялық сатыдағы сотқа жолданған жазбаша арыздарда көрсетілуге тиіс.
2. Тиісінше талап қоюшының немесе тараптардың арыздары және талаптан бас тартуды қабылдау немесе қабылдамау, бітімгершілік келісімін бекіту немесе бекітпеу салдары сот отырысының хаттамасына енгізіледі және тиісінше талап қоюшы, жауапкер немесе екі тарап та қол қояды. Егер талап қоюдан бас тартуы, талапты жауапкердің мойындауы немесе тараптардың бітімгершілік келісімі сотқа жіберілген жазбаша өтініштерде білдірілсе, бұл өтініштер іске тіркеледі, ол туралы сот отырысының хаттамасында көрсетіледі. Талап қоюшының талап қоюдан бас тартуын қабылдау немесе тараптардың бітімгершілік келісімін бекіту кезінде апелляциялық саты бірінші сатыдағы шешімнің күшін жояды және осы іс жүргізуді қысқартады.
382-бап. Шешімнің, қаулының орындалуын тоқтата тұру
Апелляциялық сатыдағы судьяның апелляциялық шағым берген немесе наразылық келтірген адамның өтініші бойынша бірінші сатыда қабылданған шешімнің орындалуын тоқтата тұруға құқығы бар.
383-бап. Бірінші сатыдағы сот ұйғарымына (қаулысына) шағым беру, наразылық келтіру
1. Осы Кодексте көзделген жағдайларда, сондай-ақ сот ұйғарымы (қаулысы) істің әрі қарай ілгерілеу мүмкіндігіне бөгет болатын жағдайларда бірінші сатыдағы соттың ұйғарымына (қаулысына) осы Кодекстің 371-бабында аталған адамдар жеке шағым, наразылық беруі (келтіруі) мүмкін. Егер ұйғарым (қаулы) іске қатыспайтын адамдардың мүдделеріне қатысты болса, олар да сот ұйғарымына (қаулысына) шағым жасауға құқылы.
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының істі бірінші сатыдағы сот ретінде қараған кезде шығарған ұйғарымдары апелляциялық тәртіппен шағымдануға, наразылық келтіруге жатпайды және олар жария етілген күнінен бастап күшіне енеді.
2. Бірінші сатыдағы соттың қалған ұйғарымдарына (қаулыларына) жеке шағымдар мен наразылықтар берілмейді, бірақ бұл ұйғарымдарға (қаулыларға) қарсылықтар апелляциялық шағымға немесе наразылыққа енгізілуі мүмкін.
3. Шешім шығарумен аяқталған сот қарауы кезінде шығарылған ұйғарымға (қаулыға) шағым жасалып, наразылық келтірілген жағдайда іс жоғары тұрған сот сатысына шешімге шағым беруге белгіленген мерзім өткенде ғана жіберіледі. Бұл орайда шешімге апелляциялық шағым жасалып, наразылық келтірілсе, жеке шағымды, наразылықты тексеру істі апелляциялық тәртіппен қарайтын сот сатысында жүргізіледі.
4. Бірінші саты бойынша істерді қарау кезінде аудандық немесе облыстық және оларға теңестірілген соттардың ұйғарымдарына (қаулыларына) жеке шағымдар, наразылықтар апелляциялық сатыдағы сотқа шағым жасалып отырған ұйғарым (қаулы) шығарылған күннен бастап он бес күн ішінде беріледі. Жеке шағым немесе наразылық қаулы шығару кезінде қаралу нысанасы болған барлық құжаттарды қосып, қаулы шығарған сот арқылы беріледі. Жеке шағым, наразылық осы Кодекстің 41-тарауында белгіленген ережелер бойынша апелляциялық тәртіппен қаралады.
5. Осы Кодексте көзделген жағдайларды қоспағанда, апелляциялық сатының жеке шағым, наразылық бойынша шығарылған ұйғарымы (қаулысы) шағымдануға, наразылық білдіруге жатпайды және ол шығарылғаннан кейін дереу заңды күшіне енеді.
6. Жеке шағымды, наразылықты қарау нәтижелері бойынша:
1) ұйғарымды (қаулыны) - өзгеріссіз, ал шағымды, наразылықты қанағаттандырусыз қалдыру туралы;
2) ұйғарымның (қаулының) күшін толық немесе бір бөлігінде жою және мәселені бірінші апелляциялық сатыдағы сотқа жаңадан қарауға беру туралы;
3) ұйғарымның (қаулының) күшін толық немесе бір бөлігінде жою және мәселені мәні бойынша шешу туралы ұйғарым (қаулы) шығарылады.
384-бап. Істі апелляциялық тәртіппен қараудың шектері
1. Істі апелляциялық сатыда судья жеке-дара қарайды.
2. Істі апелляциялық тәртіппен қарау кезінде сот бірінші сатыдағы сот шешімінің заңдылығы мен негізділігін толық көлемінде тексереді.
3. Апелляциялық сатыдағы сот мәлімделген талап қою шегінде жаңа фактілерді анықтап, тараптың дәлелді себептер бойынша бірінші сатыдағы сотқа беруге нақты мүмкіндігі болмаған жаңа дәлелдемелерді зерттей алады.
385-бап. Апелляциялық сатыдағы соттың жеке ұйғарымы
1. Апелляциялық сатыдағы сот сот отырысында заңдылықты бұзу жағдайлары анықталғанда жеке ұйғарым шығаруға және оны айлық мерзім ішінде олар қабылдаған шаралар туралы хабарлауға міндетті, басқару функцияларын атқаратын тиісті ұйымдарға, лауазымды және басқа да адамдарға жіберуге құқылы.
2. Қабылданған шаралар туралы хабарламау заңға сәйкес әкімшілік жауаптылыққа әкеп соғады. Әкімшілік жазаны қолдану тиісті адамдарды соттың жеке ұйғарымы бойынша қабылданған шаралар туралы хабарламау міндетінен босатпайды.
3. Егер істі қарау кезінде сот тараптардың, процеске басқа да қатысушылардың, лауазымды немесе басқа адамның іс-әрекетінде қылмыс белгілерін айқындаса, ол туралы прокурорға хабарлайды.
4. Жеке ұйғарымға мүдделі адамдар шағым жасауы мүмкін.
29-тарау. Апелляциялық сатыдағы соттың қаулылары мен ұйғарымдарына кассациялық
тәртіпте шағым беру және наразылық келтіру
386-бап. Апелляциялық сатыдағы соттың қаулылары мен ұйғарымдарына кассациялық шағым беру және наразылық келтіру құқығы
Апелляциялық сатыдағы соттың қаулылары мен ұйғарымдарына кассациялық шағым беру және наразылық келтіру құқығы тараптарға және іске қатысушы басқа адамдарға тиесілі.
Іске қатысуға тартылмаған, бірақ сот олардың құқықтары мен міндеттеріне қатысты қаулы немесе ұйғарым қабылдаған адамдар да кассациялық шағым беруге құқылы.
387-бап. Кассациялық шағымдарды және наразылықтарды қарайтын соттар
Апелляциялық сатыдағы соттың қаулылары мен ұйғарымдарына кассациялық шағымды немесе наразылықты облыстық және оған теңестірілген сот үш судьядан кем емес құрамда қарайды.
388-бап. Кассациялық шағым немесе наразылық беру тәртібі
Кассациялық шағымдар мен наразылықтар іске қатысушы адамдардың санына сәйкес көшірмелерімен бірге кассациялық сатыдағы сотқа жіберіледі және тікелей беріледі. Қажет болған жағдайларда сот кассациялық шағым немесе наразылық берген адамды, шағымға немесе наразылыққа қоса берілген жазбаша дәлелдемелердің көшірмелерін іске қатысушы адамдардың санына сәйкес ұсынуды міндеттей алады.
389-бап. Кассациялық шағым немесе наразылық беру мерзімі
Кассациялық шағым немесе наразылық сот апелляциялық шешімді және қаулыны түпкілікті нысанда шығарғаннан кейін он бес күн ішінде берілуі мүмкін. Мерзім апелляциялық саты сот актілерінің көшірмелері берілген күннен бастап есептеледі.
Көрсетілген мерзім өткеннен кейін берілген шағым немесе наразылық қараусыз қалдырылады және шағымды немесе наразылықты берген адамға кері қайтарылады.
390-бап. Кассациялық шағымның немесе наразылықтың мазмұны
1. Кассациялық шағымда немесе наразылықта:
шағым немесе наразылық жіберілген соттың атауы;
шағымды немесе наразылықты берген тұлғаның атауы;
шағым жасалған немесе наразылық келтірілген қаулыға және ұйғарымға сілтеме;
қаулының, ұйғарымның дұрыс еместігі неге байланысты екені және шағымды немесе наразылықты берген адамның өтініші көрсетілуге;
шағымға немесе наразылыққа қоса тіркелген жазбаша материалдардың тізбесі болуға тиіс.
Кассациялық шағымға шағым берген адам немесе оның өкілі қол қояды. Кассациялық наразылыққа прокурор қол қояды.
Егер кассациялық шағым берген өкілдің істі жүргізуге берілген сенімхатында кассациялық шағым беру құқығы арнайы айтылмаса немесе ол бірінші сатыдағы сотта істі талқылау уақытында іс жүргізуге қатыспаса, кассациялық шағымға сенімхат немесе өкілдің өкілеттігін растайтын өзге де құжат қоса тіркелуге тиіс.
391-бап. Кассациялық шағымды немесе наразылықты қозғалыссыз қалдыру
1. Кассациялық шағымда немесе наразылықта оларды берген адамдардың қолы қойылмаса, шағым немесе наразылық берілген қаулы және Ұйғарым көрсетілмесе немесе барлық қажетті көшірмелер қоса тіркелмесе, облыстық және оған теңестірілген соттың судьясы шағымды немесе наразылықты қозғалыссыз қалдыру туралы ұйғарым шығарады және шағым немесе наразылық берген адамға кемшіліктерді жою үшін мерзім тағайындайды.
2. Егер шағымды немесе наразылықты берген адам ұйғарымда көрсетілген нұсқауларды белгіленген мерзімде орындаса, шағым немесе наразылық сотқа алғаш тапсырылған күні берілген деп есептеледі. Олай болмаған жағдайда шағым немесе наразылық берілмеген деп есептеледі және соттың ұйғарымымен шағым немесе наразылық берген адамға кері қайтарылады.
392-бап. Судьяның кассациялық шағымды немесе наразылықты алғаннан кейінгі әрекеті
Облыстық және оған теңестірілген соттың судьясы кассациялық шағымды немесе наразылықты алғаннан кейін:
әкімшілік дау туралы істің материалдарын сұратуға;
пікір беру мерзімін бере отырып, іске қатысушы адамдарға шағымның немесе наразылықтың және оларға қоса тіркелген жазбаша материалдардың көшірмелерін жіберуге;
іске қатысушы адамдарға кассациялық шағымның және наразылықтың қаралатын уақыты мен орны туралы хабарлауға міндетті.
393-бап. Кассациялық шағымға қосылу
Тараптар және процесте кассациялық шағым берген адамның жағында болған үшінші тұлғалар берілген шағымға жазбаша арыз беру жолымен қосыла алады.
394-бап. Кассациялық шағымға немесе наразылыққа пікір
1. Іске қатысушы адам кассациялық шағымға немесе наразылыққа пікірді, шағымдарға қатысты қарсылықты растайтын құжаттарды қоса тіркеп, іске қатысушы басқа адамдарға және кассациялық сатыдағы сотқа жібереді. Кассациялық сатыға жіберілетін пікірге іске қатысушы басқа адамдарға пікірдің жіберілгенін растайтын құжат қоса тіркеледі.
2. Пікір сот отырысы басталғанға дейін онымен танысу мүмкіндігін қамтамасыз ететін, сот белгілеген мерзімде жолданады.
3. Пікірге іске қатысушы адам немесе оның өкілі қол қояды. Өкіл қол қойған пікірге, сенімхат немесе оның өкілеттігін растайтын өзге де құжаттар қоса тіркеледі.
395-бап. Кассациялық шағымнан бас тарту және кассациялық наразылықты кері қайтарып алу
Кассациялық шағым берген адам одан бас тартуға құқылы. Алайда сот бас тартуды қабылдамай тастауға және істі кассациялық тәртіппен қарауға құқылы.
Кассациялық наразылық келтірген прокурор, сондай-ақ жоғары тұрған прокурор сот отырысы басталғанға дейін наразылықты кері қайтарып алуға құқылы. Наразылықтың кері қайтарылып алынғаны туралы сот іске қатысушы адамдарға хабарлайды.
Егер шешімге басқа адамдарға шағым бермесе немесе наразылық келтірмесе, сот шағымнан бас тартуды қабылдау туралы және наразылықты кері қайтарып алған кезде кассациялық іс жүргізуді қысқартатын ұйғарым шығарады.
396-бап. Талап қоюдан бас тарту және тараптардың бітімгершілік келісімі
Талапкердің талап қоюдан бас тартуы немесе кассациялық шағым немесе наразылық берілгеннен кейін жасалған тараптардың бітімгершілік келісімі кассациялық сатыдағы сотқа жазбаша нысанда ұсынылуға тиіс. Талап қоюдан бас тарту қабылданғанға дейін сот талапкерге немесе тараптарға олардың іс жүргізу әрекеттерінің салдарын түсіндіреді.
Талапкердің талап қоюдан бас тартуын қабылдау кезінде кассациялық саты шығарылған шешімнің күшін жойып, іс бойынша іс жүргізуді тоқтатады. Егер сот заңға қайшы келетін немесе әлдекімнің құқықтары, бостандықтары мен заңды мүдделерін бұзу негізінде талап қоюдан бас тартуды қабылдамаса, ол істі кассациялық тәртіпте қарайды.
30-тарау. Кассациялық сатыдағы сотта іс жүргізу
397-бап. Кассациялық қараудың нысанасы
Кассациялық шағым, наразылық бойынша кассациялық сатыдағы сот апелляциялық сатыдағы сот қаулысының және ұйғарымының заңдылығы мен негізділігін тексереді.
398-бап. Істі қараудың шектері
1. Істі кассациялық тәртіппен қараған кезде сот істе бар материалдар бойынша шағымның, наразылықтың дәлелдері шегінде бірінші және апелляциялық сатының сот актілерінің заңдылығы мен негізділігін тексереді.
2. Кассациялық сатыдағы сот қойылған талаптың шеңберінде бірінші және апелляциялық сатыдағы соттарға дәлелді себептермен табыс етілмеген жаңа дәлелдемелерді зерттейді.
399-бап. Кассациялық сатыда істі қарау мерзімдері
Кассациялық сатыдағы сот кассациялық шағым немесе наразылық бойынша түскен істі, ол келіп түскен күннен бастап бір ай мерзімде қарауға тиіс.
400-бап. Кассациялық шағымды немесе наразылықты қарау тәртібі
Төрағалық етуші сот отырысын ашады және қандай істің, кімнің шағымы немесе наразылығы бойынша және қандай соттың қаулысы, ұйғарымы қаралатынын жариялайды. Істі сот талқылауына әзірлеу бөлігінде сот осы Кодекстің 312, 321-баптарын басшылыққа алады. Кассациялық сатыдағы соттың отырысына іс бойынша қорытынды беретін прокурор міндетті түрде қатысады.
401-бап. Іске қатысушы адамдар мен өкілдердің сот отырысына келмеу салдарлары
Істің қаралатын уақыты мен орны туралы тиісті түрде хабарланған іске қатысушы адамдар мен өкілдердің сот отырысына келмеуі істі қарауға кедергі болып табылмайды.
402-бап. Істі баяндау
Кассациялық сатыдағы сотта істі қарау судьялардың біреуінің баяндамасынан басталады. Баяндамашы істің мән-жайын, апелляциялық сатыдағы сот шешімінің мазмұнын, кассациялық шағымның немесе наразылықтың дәлелдерін және оларға түскен пікірлерді баяндайды, сондай-ақ шешімнің дұрыстығын тексеру үшін соттың қарауына қажетті басқа да деректерді хабарлайды.
403-бап. Іске қатысушы адамдардың түсініктемелері
Сот баяндамадан кейін сот отырысына келген іске қатысушы адамдар мен өкілдердің түсініктемелерін тыңдайды. Кассациялық шағым немесе наразылық берген адам және оның өкілі бірінші болып сөз сөйлейді. Шешімге екі тарап шағымданған жағдайда талапкер бірінші болып сөйлейді.
404-бап. Соттың іске қатысушы адамдардың арыздарын шешуі
Іске қатысушы адамдардың кассациялық сатыда істі талқылауға байланысты барлық мәселелер жөніндегі арыздары мен өтініштерін сот іске қатысушы басқа адамдардың пікірін тыңдағаннан кейін шешеді.
405-бап. Кассациялық сатыдағы соттың өкілеттігі
Сот істі кассациялық тәртіппен қарап:
1) апелляциялық сатының қаулысы мен ұйғарымын өзгеріссіз, ал шағымды немесе наразылықты қанағаттандырусыз қалдыруға;
2) апелляциялық сатының қаулысы мен ұйғарымының толық немесе бір бөлігінде күшін жоюға және істі бірінші немесе апелляциялық сатыдағы сотқа судьялардың сол немесе өзге құрамында жаңадан қарауына жіберуге құқылы, кассациялық саты апелляциялық сатыдағы соттың жіберген қателіктерін түзете алмайды. Кассациялық тәртіпте қараған сот сол не басқа дәлелдің дұрыстығы немесе дұрыс еместігі, біреуінің басқаларының алдында артықшылығы, сондай-ақ істі жаңадан қарау кезінде қандай шешім шығарылуға тиіс екені туралы мәселелерді алдын ала шешуге құқығы жоқ;
3) апелляциялық саты қаулысы мен ұйғарымының толық немесе бір бөлігінде күшін жоюға және іс бойынша іс жүргізуді қысқартуға не осы Кодексте көзделген негіздер бойынша арызды қараусыз қалдыруға;
4) бірінші сатыдағы соттың шешімін күшінде қалдырып, апелляциялық сатының қаулысы мен ұйғарымының күшін жоюға;
5) егер іс бойынша дәлелдемелерді жинау немесе қосымша тексеру талап етілмесе, бірінші немесе апелляциялық сатыдағы сот істің мән-жайын дұрыс және толық анықтаса, бірақ материалдық құқық нормаларын қолдануда қателіктерге жол берілсе, істі жаңадан қарауға жібермей, бірінші немесе апелляциялық сатыдағы соттың шешімінің күшін жойып, қаулыны өзгертуге немесе жаңа қаулы шығаруға құқылы.
406-бап. Кассациялық тәртіппен сот қаулылары мен ұйғарымдарының күшін жоюдың негіздері
1. Бірінші немесе апелляциялық сатыдағы соттың осы баптың 2 және (немесе) 3-тармақтарында көзделген материалдық немесе іс жүргізу құқығының нормаларын бұзуы немесе дұрыс қолданбауы кассациялық тәртіппен сот қаулылары мен ұйғарымдарының күшін жоюға негіздер болып табылады.
2. Материалдық құқық нормалары бұзылған немесе дұрыс қолданылмаған деп есептеледі, егер сот:
1) қолдануға жататын заңды қолданбаса;
2) қолдануға жатпайтын заңды қолданса;
3) заңды дұрыс емес түсіндірсе;
4) заң ұқсастығын немесе құқық ұқсастығын дұрыс емес қолданса.
Бірінші сатыдағы сот шешімінің шағым, наразылық себептеріне қарамастан, егер:
1) істі осы істі қарауға құқы жоқ судья қараса;
2) істі сот отырысының уақыты мен орны туралы хабарланбаған, іске қатысатын адамның бірі болмағанда сот қараса;
3) істі қарау кезінде сот жүргізіліп отырған тіл туралы ереже бұзылған болса;
4) іске қатысуға тартылмаған адамдардың құқықтары мен міндеттері туралы мәселені сот шешсе;
5) шешімге судья қол қоймаса немесе шешімде көрсетілген судья қол қоймаса;
6) істе сот отырысының хаттамасы жоқ болса;
7) істе жасалуы осы Кодекске сәйкес міндетті болған жеке процессуалдық іс-әрекет хаттамасы жоқ болса;
8) өзге де процессуалдық бұзушылықтар болса, егер осы бұзушылықтар істі дұрыс емес шешуге алып келгенде немесе алып келуі мүмкін болғанда күші жойылуға жатады.
407-бап. Кассациялық сатының сот актілері
1. Кассациялық сатының сот актілері қаулы нысанында шығарылады.
2. Кассациялық сатының қаулысында:
1) қаулының шығарылған уақыты мен орны;
2) қаулы шығарған соттың атауы мен құрамы;
3) кассациялық шағым немесе наразылық берген адам;
4) шағымдалған апелляциялық қаулының, кассациялық шағымның немесе наразылықтың және оларға берілген жазбаша пікірлердің қысқаша мазмұны, кассациялық сатыда істі қараған кезде қатысушы адамдардың түсініктемелері;
5) соттың тұжырым жасауға алып келген уәждері және сот басшылыққа алған заңдарға сілтеме;
6) кассациялық шағымды немесе наразылықты қараудың нәтижелері бойынша тұжырымдары көрсетілуге тиіс.
3. Кассациялық шағымды немесе наразылықты қанағаттандырусыз қалдырған кезде сот өзінің қаулысында шағымның дәлелдерін дұрыс емес деп танудың және бас тартудың уәждерін көрсетуге міндетті.
4. Кассациялық сатының қаулысы түпкілікті нысанда 5 күннің ішінде дайын болуға тиіс. Іске қоса тіркелетін қаулының қарар бөлігін жария етуге жол беріледі.
408-бап. Кассациялық сатыдағы сот шешімінің заңды күші
Кассациялық сатыдағы соттың қаулысы шағымдануға, наразылық келтіруге жатпайды және ол шығарылған сәтінен бастап заңды күшіне енеді.
409-бап. Іс кассациялық тәртіппен қаралғаннан кейін түскен кассациялық шағымды қарау тәртібі
1. Кассациялық сатыдағы сотқа белгіленген мерзімде немесе өтіп кеткен мерзім қалпына келтірілгеннен кейін берілген кассациялық шағым, істі басқа шағымдар бойынша қарағаннан кейін түскен жағдайда, сот мұндай шағымды өзінің іс жүргізуіне қабылдауға міндетті.
2. Егер мұндай шағымды қараудың нәтижесінде кассациялық сатыдағы сот бұрын шығарылған кассациялық актінің заңсыздығы немесе негізсіздігі туралы тұжырымға келсе, онда оның күші жойылып, жаңа сот актісі шығарылады.
31-тарау. Қадағалау тәртібімен іс жүргізу
410-бап. Сот қадағалауы тәртібімен қайта қарауға жататын сот актілері
1. Заңды күшіне енгеннен кейін:
1) бірінші сатыдағы соттың шешімдері;
2) апелляциялық және қадағалау сатысындағы соттардың қаулылары;
3) бірінші сатыдағы соттың істің одан әрі жылжуына кедергі келтіретін ұйғарымдары;
4) істе тараптар болып табылмайтын адамдардың мүдделерін қозғайтын сот актілері сот қадағалауы тәртібімен қайта қаралуы мүмкін.
2. Осы баптың бірінші бөлігінің 2) тармақшасында көрсетілген ұйғарымдарды (қаулыларды) қоспағанда, бірінші сатыдағы соттың заңды күшіне енген сот бұйрықтары, ұйғарымдары сот қадағалауы тәртібімен қайта қарауға жатпайды
3. Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының қадағалау алқасының қаулылары қабылданған қаулының адамдардың өміріне, денсаулығына не Қазақстан Республикасының экономикасы мен қауіпсіздігіне орны толмас ауыр салдарларға әкеп соқтыруы мүмкін екені туралы деректердің анықталуына байланысты ерекше жағдайларда қайта қаралуы мүмкін.
411-бап. Заңды күшіне енген сот актілеріне шағым жасауға, наразылық келтіруге құқығы бар адамдар
1. Соттың заңды күшіне енген шешімдеріне, ұйғарымдарына, қаулыларына тараптар және апелляциялық шағымдар беруге құқығы бар іске басқа да қатысушылар істі қадағалау тәртібімен қайта қарауға өкілетті сотқа тікелей шағымдана алады.
2. Заңды күшіне енген сот актісіне Қазақстан Республикасының Бас Прокуроры - Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының қадағалау алқасына наразылық келтіруге құқылы.
3. Наразылықты Қазақстан Республикасының Бас прокуроры өз бастамасы бойынша да, осы баптың бірінші бөлігінде көрсетілген адамдардың өтінімдері бойынша дақты келтіруі мүмкін. Өтінім наразылыққа қоса тіркеледі.
4. Шағымды, наразылықты іс қадағалау сатысында қаралғанға дейін оны қадағалау тәртібімен істі қараушы сотқа тиісінше арыз беру жолымен жүгінген адам кері қайтарып алуы мүмкін. Сот іске қатысушы адамдарға наразылықтың кері қайтарып алынғаны туралы хабарлайды. Кері қайтарып алу шағым мен наразылықты қадағалау сатысында іс жүргізудің тоқтатылуына әкеп соғады.
5. Осы Кодекстің 410, 420, 421-баптарында көзделген ережелер прокурордың наразылықтарына қолданылмайды және тікелей қадағалау сатысында қаралады. Бұл ретте қадағалау алқасы осы Кодекстің 413-бабында көзделген істі қадағалау тәртібімен қайта қарау негіздерінің бар-жоғы туралы мәселені шешеді, содан кейін прокурор наразылығын мәні бойынша қарайды. Аталған негіздер болмаған кезде қадағалау алқасы істі сот қадағалауы тәртібімен қайта қараудан бас тарту туралы қаулы шығарады.
412-бап. Істі қадағалау тәртібімен қарайтын соттар