2. Дәлелдеме ретiнде қылмыс туралы, табыс етiлген заттар мен құжаттар туралы, айыбын мойындап келуi туралы ауызша мәлiмдеу кезiнде жасалған хаттамаларда, адамдарға олардың құқықтары мен оларға жүктелген мiндеттердi түсiндiрулерде қамтылған iс жүзіндегі деректер пайдаланылуы мүмкiн.
123-бап. Құжаттар
1. Құжаттар, егер олардағы ұйымдар, лауазымды адамдар және азаматтар баяндаған немесе куәландырған мәлiметтердiң қылмыстық iс үшiн маңызы болса, дәлелдемелер болып танылады.
2. Құжаттар жазбаша да, өзге нысанда да көрсетiлген мәлiметтердi қамтуы мүмкiн. Құжаттарға, сонымен бiрге осы Кодекстiң 125-бабында көзделген тәртiппен алынған, талап етiлген немесе табыс етiлген тергеуге дейiнгi тексерулердiң материалдары (түсiнiктеме және басқа да көрсетулер, түгендеулер, тексерулер актілері, анықтамалар), сондай-ақ компьютерлiк ақпаратты қамтитын материалдар, фото және кино суреттер, дыбыс және бейне жазбалар да жатады.
3. Құжаттар iске тiркеледi және онда оның сақталуының бүкiл мерзiмi бойында сақталады. Алынған және iске қосылған құжаттар ағымдағы есеп, есеп беру үшiн және өзге де заңды мақсаттарда талап етiлген жағдайда, олар заңды иесiне қайтарылуы немесе егер ол iс үшiн залалсыз болса уақытша пайдалануға ұсынылуы не олардың көшiрмесi берiлуi мүмкiн.
4. Құжаттардың осы Кодекстiң 121-бабында көрсетiлген белгiлерi болған жағдайларда олар заттай дәлелдеме болып танылады.
16-тарау. Дәлелдеу
124-бап. Дәлелдеу
1. Дәлелдеу iстi заңды, негiзделген және әдiл шешу үшiн маңызы бар мән-жайларды анықтау мақсатында дәлелдемелердi жинаудан, зерттеуден, дәлелдемелердi пайдалануға қабылдаудан тұрады.
2. Айыпталушының қылмыстық жауаптылығы мен кiнәсiнiң бар екендiгiнiң негiзiн дәлелдеу мiндетi айыптаушыда болады.
ҚР 29.03.00 ж. № 42-II; 21.12.02 ж. № 363-II (бұрынғы ред. қара) Заңдарымен 125-бап өзгертілді
125-бап. Дәлелдемелер жинау
1. Дәлелдемелер жинау осы Кодексте көзделген тергеу және сот iс-әрекеттерiн жүргiзу жолымен сотқа дейiнгi iс жүргiзу және сот талқылауы процесiнде жүргiзiледi. Дәлелдемелер жинау оларды табуды, бекітудi және алуды қамтиды.
2. Тараптардың өтiнiштерi бойынша немесе өз бастамашылығы бойынша қылмыстық процестi жүргiзушi орган iс жүргiзуіндегі қылмыстық iс бойынша осы Кодексте белгiленген тәртiппен жауап алу үшiн немесе сарапшы ретiнде қорытынды беру үшiн кез келген адамды шақыруға; осы Кодексте көзделген iс жүргiзу әрекеттерiн жүргiзуге; Қазақстан Республикасының заң актілерінде белгiленген коммерциялық, банктiк және заңмен қорғалатын өзге де құпияны құрайтын мәлiметтердi жария етуге қойылатын талаптарды сақтай отырып, ұйымдардан, олардың басшыларынан, лауазымды адамдардан, азаматтардан, сондай-ақ жедел iздестiру қызметiн жүзеге асыратын органдардың iс үшiн маңызы бар құжаттар мен заттарды табыс етудi талап етуге; уәкiлеттi органдар мен лауазымды адамдардан тексерулер мен тексерiстер жүргiзудi талап етуге құқылы.
3. Осы Кодексте белгiленген тәртiппен iске қатысуға жiберiлген қорғаушы заң көмегiн көрсету үшiн қажеттi дәлелдердi ұсынуға және мәлiметтердi жинауға, оның iшiнде олардың келісімімен адамдардан сұрауға, сондай-ақ он күн ішінде ол құжаттарды немесе олардың көшiрмелерiн беруге мiндеттi ұйымдардан анықтамалар, мiнездемелер және өзге де құжаттар сұратып алуға; қорғауындағы адамның келісімiмен заң көмегiн көрсетуге байланысты туындаған шешудi қажет ететiн мәселелер бойынша арнаулы білімi бар адамдардың пiкiрiн сұрауға құқылы.
4. Сезiктi, айыпталушы, қорғаушы, жеке айыптаушы, жәбiрленушi, азаматтық талапкер, азаматтық жауапкер және олардың өкiлдерi, сондай-ақ кез келген азаматтар мен ұйымдар дәлел бола алатын ауызша да, жазбаша да нысандағы мәлiметтердi, сондай-ақ заттар мен құжаттарды ұсынуға құқылы.
126-бап. Дәлелдемелердi бекіту
1. Iс жүзіндегі деректер олар, iс жүргiзу iс-әрекеттерiнiң хаттамаларында көрсетiлгеннен кейiн ғана дәлелдеме ретiнде пайдаланыла алады.
2. Анықтау және алдын ала тергеу барысында хаттамаларды жүргiзу жауаптылығы тиiсiнше анықтаушы мен тергеушiге, ал сотта - сот отырысының төрағалық етушiсi мен хатшысына жүктеледi.
3. Тергеу және сот iс-әрекеттерiне қатысушыларға, сондай-ақ тараптарға сот талқылауында бұл iс-әрекеттердiң барысы мен нәтижелерi көрсетiлген хаттамалармен танысу, хаттамаларға толықтырулар мен түзетулер енгізу, осы iс-әрекеттердi жүргiзудiң тәртібі мен шарттары жөнiнде ескертулер мен қарсылықтар айту, хаттамадағы жазбаларға өз редакциясын ұсыну, анықтаушының, тергеушiнiң немесе соттың назарын iс үшiн маңызы болуы мүмкiн мән-жайларға аудару құқығы қамтамасыз етiлуi тиiс. Хаттамаға тергеу және сот iс-әрекеттерiне қатысушыларға олардың құқықтары түсiндiрiлгенi туралы белгi қойылады.
4. Ауызша айтылған толықтырулар, түзетулер, ескертулер, қарсылық бiлдiрулер, өтiнiмдер және шағымдар хаттамаға енгiзiледi, ал жазбаша нысанда жазылғандары хаттамаға қоса берiледi. Сызылып тасталған немесе көшiрiлiп алынған сөздер немесе басқа түзетулер туралы хаттаманың соңына қол қою алдында ескерту жасалады.
5. Тергеу iс-әрекетiнiң хаттамасымен танысқан адамдар хаттаманың әр бетіндегі мәтiннiң соңғы жолының астына және оның соңына өзiнің қолын қояды. Сот отырысы хаттамасының бөлiгiмен танысу кезiнде әр беттiң аяғына және осы бөлiктiң соңына қол қойылады.
6. Анықтаушы, тергеушi немесе сот ескертулермен немесе қарсылық бiлдiрулермен келiспеген жағдайда ол туралы қаулы шығарады.
7. Заңдарда көзделген жағдайларда процеске қатысушылардың бiреуi немесе басқа да адамдар тергеу iс-әрекетiнiң хаттамасына қол қоюдан бас тартқан кезде анықтаушы немесе тергеушi өзiнiң қолымен куәландыратын хаттамаға ол туралы белгi соғады.
8. Сот отырысының хаттамасында жазылған соттың iс-әрекетi туралы жазбаларға заңда көзделген жағдайларда қол қоюдан бас тартылса, ол хаттамада сот отырысына төрағалық етушi мен хатшы өз қолдарымен куәландыратын белгi соғылады.
9. Хаттамаға қол қоюдан бас тартқан адам бас тартуының себебiн түсiндiруге құқылы және бұл түсiндiру хаттамаға енгiзiлуi тиiс.
10. Егер iс жүргiзу iс-әрекетiне қатысушы өзiнiң дене кемшiлiгiнiң салдарынан хаттаманы өзi оқи алмаса немесе оған қол қоя алмаса, онда оның келісімiмен оның қорғаушысы, өкiлi немесе ол адам сенетiн басқа азамат хаттаманы дауыстап оқиды және оған қол қояды, ол туралы хаттамада белгi қойылады.
11. Дәлелдемелердi бекіту үшiн хаттамалар жасаумен қатар дыбыс жазу, бейнежазба, киноға түсiрiп алу, фотоға түсiру, құймалар, таңбалар, жоспарлар, кестелер дайындау және ақпаратты бейнелеудiң басқа да әдiстерi қолданылуы мүмкiн. Тергеу iс-әрекетiне немесе соттың талқылауына қатысушының дәлелдемелердi бекітудiң көрсетiлген әдiстерiн қолданғандығы туралы тиiсiнше тергеу iс әрекетi хаттамасына немесе сот отырысының хаттамасына пайдаланылған ғылыми-техникалық құралдардың техникалық сипаттамасы келтiрiле отырып белгi соғылады.
12. Фонограммалар, бейнежазбалар, кинофильмдер, фотосуреттер, құймалар, таңбалар, жоспарлар, кестелер тергеу немесе сот iс-әрекетiнiң барысы мен нәтижелерiн басқа да бейнелеулер хаттамаға қоса берiледi. Әрбiр қосымшада оған қатысты тергеу немесе сот iс-әрекетiнiң атауы, орны, күнi көрсетiлген түсiндiрме жазба болуға тиiс. Бұл жазбаны iс бойынша сотқа дейiнгi iс жүргiзу барысында анықтаушы немесе тергеушi және қажет болған жағдайларда, куәгерлер, ал сотта - сот отырысының төрағалық етушiсi мен хатшысы өз қолдарымен куәландырады.
127-бап. Дәлелдемелердi зерттеу
Iс бойынша жиналған дәлелдемелер жан-жақты және объективтi зерттеуге жатады. Зерттеу алынған дәлелдемелердi талдауды, оны басқа да дәлелдемелермен салыстыруды, қосымша дәлелдемелер жинауды, дәлелдемелердi алу көздерiн тексерудi қамтиды.
128-бап. Дәлелдемелердi бағалау
1. Әрбiр дәлелдеме қатыстылығы, жол берiлушiлiгi, дұрыстығы, ал барлық жиналған дәлелдемелер жиынтығында қылмыстық iстi шешу үшiн жеткiлiктілігi тұрғысынан бағалануға тиiс.
2. Дәлелдемелердi судья, прокурор, тергеушi, анықтаушы осы Кодекстiң 25-бабына сәйкес заң мен ар-ожданын басшылыққа ала отырып, дәлелдемелердi жиынтығында жан-жақты, толық және объективтi қарауға негiзделген өздерiнiң iшкi нанымы бойынша бағалайды.
3. Егер ол iс үшiн маңызы бар мән-жайдың бар екендiгi туралы қорытынды растайтын, жоққа шығаратын немесе күмәндандыратын iс жүзіндегі деректердi бiлдiретiн болса, дәлелдеме iске қатысты деп танылады.
4. Егер дәлелдеме осы Кодексте белгiленген тәртiппен алынса, ол рұқсат етiлген деп танылады.
5. Дәлелдеме, егер тексерудiң нәтижесiнде оның шындыққа сәйкес келетiндiгi анықталса, дұрыс деп танылады.
6. Егер дәлелдеуге жататын мән-жайлардың барлығы және әрқайсысы туралы ақиқатты даусыз белгiлейтiн iске қатысты рұқсат етiлген және дұрыс дәлелдемелер жиналса, дәлелдемелердiң жиынтығы қылмыстық iстi шешу үшiн жеткiлiктi деп танылады.
129-бап. Дәлелдеу процесіндегі ғылыми-техникалық құралдар
1. Қылмыстық процестi жүргiзушi орган дәлелдемелердi жинау, зерттеу және бағалау мақсатында ғылыми-техникалық құралдарды пайдалануға құқылы.
2. Қылмыстық процестi жүргiзушi органның ғылыми-техникалық құралдарды пайдалануы кезiнде жәрдем көрсету үшiн маман тартылуы мүмкiн.
3. Ғылыми-техникалық құралдарды қолдануға, егер олар:
1) заңда тiкелей көзделсе немесе оның нормалары мен принциптерiне қайшы келмесе;
2) ғылыми жағынан маңызды болса;
3) қылмыстық iс бойынша iс жүргiзудiң тиiмдiлiгiн қамтамасыз ететiн болса;
4) қауiпсiз болса, жол беруге болады деп танылады.
4. Қылмыстық процестi жүргiзушi органның ғылыми-техникалық құралдарды пайдалануы ғылыми-техникалық құралдардың деректерi, оларды пайдаланудың шарттары мен тәртібі, бұл құралдар қолданылған объектiлер және оларды пайдаланудың нәтижелерi көрсетiле отырып тиiстi iс жүргiзу iс-әрекеттерiнiң хаттамаларында көрсетiледi.
ҚР 16.03.01 ж. № 163-II Заңымен 130-бап өзгертілді
130-бап. Қылмыстық iс бойынша дәлелдемеде жедел iздестiру
қызметiнiң нәтижелерiн пайдалану
1. Заң талаптарының сақталуы жағдайында алынған жедел iздестiру қызметiнiң нәтижелерi дәлелдемелердi жинауды, зерттеудi және бағалауды реттейтiн осы Кодекстiң ережелерiне сәйкес осы Кодекстің 53-бабында және 21-тарауында сондай-ақ "Қылмыстық процеске қатысушы адамдарды мемлекеттік қорғау туралы" Қазақстан Республикасының Заңында көзделген талаптар сақтала отырып, қылмыстық iстер бойынша дәлелдеуге пайдаланыла алады.
2. Жедел-іздестіру қызметін жүзеге асырушы орган қызметкері жедел-іздестіру шараларын жүргізу кезінде тікелей қабылдаған нақты деректер аталған қызметкерден куә ретінде жауап алынғаннан кейін дәлелдемелер ретінде пайдаланылуы мүмкін. Жедел-іздестіру қызметін жүзеге асырушы органға жасырын негізде көмек көрсетуші адам тікелей қабылдаған нақты деректер аталған адамнан куә, жәбірленуші, сезікті (айыпталушы) ретінде жауап алынғаннан кейін дәлелдемелер ретінде пайдаланылуы мүмкін.
3. Жедел-іздестіру іс-шаралары нәтижесінде анықталған істің мән-жайларын қылмыстық процесті жүргізуші адам тікелей қабылдауы қажет және мүмкін болған кезде істің бұл мән-жайлары осы Кодексте көзделген ережелер бойынша жүргізілетін тергеу не сот іс-әрекеттерінің хаттамаларында көрсетіледі.
4. Жедел-іздестіру қызметі барысында алынған заттар мен құжаттарды заттай айғақтар және құжаттар ретінде пайдалану тиісінше осы Кодекстің 121 және 123-баптарында көзделген ережелерге сәйкес жүзеге асырылады. Жедел-іздестіру қызметі материалдарын заттай айғақтар мен құжаттар ретінде іске қосу олардың пайда болуы туралы анық деректер болған ретте ғана осы Кодекстің 53 және 100-баптарының талаптары сақтала отырып жүргізіледі.
5. Анықтау органының бастығы қылмыстық процесті жүргізуші органның талап етуі бойынша не өз бастамасы бойынша жедел-іздестіру қызметі материалдарын табыс ету туралы шешім қабылдай отырып, осы Кодекстің 202-бабының ережелеріне сәйкес тиісті қаулы шығарады. Қаулыда: талап етуі бойынша жедел-іздестіру қызметінің нәтижелері табыс етіліп отырған, қылмыстық процесті жүргізуші орган; қандай жедел-іздестіру шарасының қандай нәтижелері және қандай көлемде табыс етілетіні; аталған нәтижелерді алу үшін пайдаланылған техникалық құралдар; қылмыстық іс материалдарына қосу үшін жіберілетін заттар мен құжаттар; қылмыстық процеске қатысушы адамдардың қауіпсіздігін, сондай-ақ мемлекеттік құпияларды қорғауды қамтамасыз ету жөніндегі ұсынылатын шаралар көрсетіледі. Анықтау органының бастығы қылмыстық процесті жүргізуші органға жедел-іздестіру материалдарын өз бастамасымен табыс еткен жағдайда, қаулыда жедел-іздестіру қызметі нәтижелерін қылмыстық іс бойынша дәлелдеуде пайдалану қажеттігіне негіздеме де келтіріледі. Жедел-іздестіру қызметінің материалдары олардағы нақты деректерді олардың тергеліп (қаралып) жатқан қылмысты іске қатыстылығы, пайдалануға болатындығы және дұрыстығы тұрғысынан бағалауға мүмкіндік беретін көлем мен нысанда табыс етілуге тиіс.
131-бап. Преюдиция
1. Қылмыстық iс бойынша соттың заңды күшiне енген үкімі, сондай-ақ заңды күшiне енген басқа да шешiмдерi анықталған мән-жайларға да, олардың құқықтық бағалауына да қатысты барлық мемлекеттік органдар, ұйымдар және азаматтар үшiн мiндеттi. Аталған ереже қадағалау тәртiбіндегі соттың жаңадан ашылған мән-жайлар бойынша үкімі мен басқа да шешiмдерiн тексеруге, олардың күшiн жоюға және өзгертуге кедергi жасамайды.
2. Соттың азаматтық iс бойынша заңды күшiне енген шешiмi оқиғаның немесе әрекеттiң орын алған-алмағандығы туралы мәселе жөнiнде ғана қылмыстық iс бойынша iс жүргiзу кезiнде қылмыстық процестi жүргiзушi орган үшiн мiндеттi және сотталушының кiнәлi немесе кiнәлi еместiгi туралы қорытындыларды күнi бұрын шешуге тиiс емес.
3. Соттың талап-арызды қанағаттандыруға құқықты танитын заңды күшiне енген үкімі сот үшiн осы бөлiгiнде оның азаматтық iс қарауы кезiнде мiндеттi.
4. Қылмыстық iзге түсу органы қаулысының сот үшiн мiндеттi күшi болмайды.
4-бөлім. Iс жүргізулік мәжбүрлеу шаралары
17-тарау. Сезіктін ұстау
132-бап. Ұстауға негiз
1. Қылмыс жасады деп сезiк келтiрiлген адамды ұстау - оның қылмысқа қатыстылығын анықтау және оған қамауға алу түріндегі бұлтартпау шарасын қолдану туралы мәселенi шешу мақсатында қолданылатын iс жүргiзулiк мәжбүрлеу шарасы.
2. Қылмыстық iзге түсудi жүзеге асырушы орган мына негiздердiң бiрi болған жағдайда:
1) ол адам қылмыс жасау кезiнде немесе тiкелей оны жасағаннан кейiн ұсталғанда;
2) көрген адамдар, оның iшiнде жәбiрленушiлер қылмыс жасаушы ретiнде ол адамды тура көрсетсе не ол адам осы Кодекстiң 133-бабында көзделген тәртiппен ұсталса;
3) ол адамда немесе оның киiмiнде, өзiнде немесе оның тұратын үйiнде қылмыстың анық iзi табылған кезде;
4) жедел iздестiру қызметiнiң заңға сәйкес алынған материалдарында ол адамға қатысты ол жасаған немесе дайындап жатқан ауыр немесе аса ауыр қылмыс туралы анық деректер болған кезде бас бостандығынан айыру түрiнде жаза қолданылуы мүмкiн болатын қылмыс жасағандығына күдiк келтiрiлген адамды ұстауға құқылы.
3. Адамның қылмыс жасағандығына сезiктенуге негiз беретiн өзге де деректер болған кезде ол адам жасырынуға әрекет жасаған не оның тұрақты тұратын жерi болмаған, немесе сезiктiнiң жеке басы анықталмаған жағдайларда ғана ұсталады.
133-бап. Азаматтардың қылмыс жасаған адамдарды
ұстауға құқығы
1. Жәбiрленушiнiң, сондай-ақ кез келген өзге де азаматтың жаңа қол сұғушылық жасау мүмкiндiгiнiң жолын кесу мақсатымен қылмыс жасаған адамды ұстауға құқығы бар.
2. Осы баптың бiрiншi бөлiгiнде көзделген жағдайларда ұсталған адамға ол қарсылық көрсеткен кезде Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексiнiң 33-бабында көзделген шекте дене күшi мен басқа да құралдар қолданыла алады. Егер ұсталған адамда қару немесе өзге де қауiптi заттар немесе қылмыстық iс үшiн мәнi бар заттар бар деп ұйғаруға негiз болса, оны ұстаған азамат ұсталушының киiмiн тексеруге және құқық қорғау органдарына немесе өзге де мемлекеттік өкiмет органдарына беру үшiн ондағы заттарды алуға құқылы.
09.12.04 ж. № 10-III ҚР Заңымен 134-бап өзгертілді (бұр. ред. қара)
134-бап. Қылмыс жасады деп сезiк келтiрiлген адамды
ұстау тәртібі
1. Нақты ұстау сәтiнен бастап үш сағаттан аспайтын мерзiмде тергеушi немесе анықтаушы ұстаудың негiзi мен дәлелдерi, жерi мен уақыты (сағаты мен минутын көрсете отырып), жеке тiнтудiң нәтижелерi, сондай-ақ хаттама жасалған уақыт көрсетiлетiн хаттама жасайды. Хаттама ұсталған адамға жарияланады және бұл ретте оған осы Кодекстiң 68-бабында көзделген сезiк келтiрiлген адамның құқықтары, соның iшiнде оның қорғаушы шақыру және соның қатысуымен жауап беру құқығы түсiндiрiлiп, бұлар хаттамада көрсетiледi. Ұстау хаттамасына оны жасаған адам мен ұсталған адам қол қояды. Жүргiзiлген ұстау туралы анықтаушы мен тергеушi ұстау хаттамасы жасалған сәттен бастап он екi сағаттың iшiнде прокурорға жазбаша хабарлауға мiндеттi.
2. Ұсталған адамнан осы Кодекстiң ережелерiне сәйкес жауап алынуға тиiс.
135-бап. Ұсталған адамды жеке тiнту
Ұстауды жүзеге асырған адам ұсталған адамды қару бар деп ұйғаруға негiз болған не ол өзiнiң қылмыс жасағандығын айғақтайтын дәлелдемелерден құтылуға тырысқан жағдайларда немесе өзге де қажеттi жағдайларда осы Кодекстiң 233-бабында көзделген ережелердi сақтай отырып, ұсталған адамға дереу жеке тiнту жүргiзуге құқылы.
2008.05.07. № 65-IV ҚР Заңымен 136-бап өзгертілді (бұр.ред.қара)
136-бап. Қылмыс жасады деген сезiк бойынша ұсталған
адамды босатудың негiздерi
1. Қылмыс жасады деген сезiк бойынша ұсталған адам, егер:
1) қылмыс жасады деген сезiк расталмаса;
2) ұсталған адамға қамауға алу түріндегі бұлтартпау шарасын қолдануға негiз болмаса;
3) ұстау осы Кодекстiң 134-бабының талаптарын бұзу арқылы жүргiзiлсе, анықтаушының, тергеушiнiң, прокурордың қаулысы бойынша босатылуға жатады.
2. Ұсталу кезiнен бастап жетпiс екi сағаттың iшiнде сезiктiге қатысты осы Кодексте белгiленген тәртiппен қамауға алу түріндегі бұлтартпау шарасы таңдалуға тиiс немесе ол босатуға жатады.
3. Егер ұсталған кезден бастап жетпiс екi сағаттың iшiнде ұсталушыны ұстау орнының бастығына айыпталушыны, сезіктіні қамауға алуға санкция беру туралы сот қаулысы келiп түспесе, ұстау орнының бастығы ұсталушыны өзiнiң қаулысымен бiрден босатады және ол туралы iс жүргiзiп жатқан адамға және прокурорға хабарлайды.
4. Ұсталған адамды ұстау орны әкiмшiлiгiнiң бастығы осы баптың үшiншi бөлiгiнiң талаптарын орындамаған жағдайда заңмен белгiленгендей жауапты болады.
5. Ұсталған адамды босату кезiнде соңғысына оны кiм ұстағандығы, ұстаудың негiзi, орны және уақыты, босатудың негiзi мен уақыты көрсетiлетiн анықтама берiледi.
ҚР 05.05.00 ж. № 47-II ; 16.07.01 ж. № 244-II Заңдарымен 137-бап өзгертілді
137-бап. Қылмыс жасады деген сезiк бойынша ұсталғандарды
қамауда ұстаудың тәртібі
Қылмыс жасады деген сезiк бойынша ұсталғандар уақытша ұстау изоляторларында ұсталады. Қылмыс жасады деген сезiкпен ұсталған әскери қызметшiлер мен жазасын бас бостандығынан айыру түрiнде өтеп жүрген адамдар тиiсiнше абақтыларда және Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінiң бас бостандығынан айыру түріндегі жазаны орындайтын қылмыстық-атқару жүйесiнiң мекемелерiнде де ұсталуы мүмкiн. Осы Кодекстiң 65-бабының үшiншi бөлiгiнде көзделген жағдайларда қылмыс жасады деген сезiкпен ұсталғандар анықтау органының бастығы ұйғарған арнайы бейiмделген үй-жайларда ұсталады.Қылмыс жасады деген сезiк бойынша ұсталған адамдарды қамауда ұстаудың тәртібі мен шарттары заңдармен белгiленедi.
138-бап. Сезiктiнiң туыстарына оның
ұсталғандығы туралы хабарлау
1. Анықтаушы, тергеушi он екi сағаттың iшiнде оның отбасының кәмелетке толған мүшелерiнiң бiреуiне, ал олар болмаған жағдайларда басқа туыстарына немесе жақын адамдарына сезiктiнiң ұсталғандығы және оның қай жерде екендiгi туралы хабарлауға немесе мұндай хабарлау мүмкiндiгiн сезiктiнiң немесе айыпталушының өзiне беруге мiндеттi.
2. Егер ұсталған адам басқа мемлекеттiң азаматы болып табылса, онда аталған мерзiмде ол мемлекеттiң елшiлiгi, консулдығы немесе өзге де өкiлдiгi хабардар етiлуге тиiс.
3. Iстiң ерекше сипаты талап ететiн айрықша жағдайлар кезiнде тергеудiң бастапқы кезеңiнiң құпиясын сақтауды тиiсiнше қамтамасыз ету мақсатында прокурордың, оның орынбасарының санкциясымен көрсетiлген адамдарға хабарлау, сезiктi кәмелетке толмаған болып табылған жағдайды қоспағанда, ұстау кезiнен бастап жетпiс екi сағат бойы жүргiзiлмеуi мүмкiн.
18-тарау. Бұлтартпау шаралары
139-бап. Бұлтартпау шараларын қолдану үшiн негiздер
Айыпталушы анықтаудан, алдын ала тергеуден немесе соттан жасырынады, не iстi сотта объективтi зерттеуге және талдауға бөгет жасайды, немесе қылмыстық әрекетпен шұғылдануды жалғастырады деп ойлауға жеткiлiктi негiздер болған кезде, сондай-ақ үкiмнiң орындалуын қамтамасыз ету үшiн қылмыстық процестi жүргiзушi орган өз өкiлеттiгi шегiнде ол адамға осы Кодекстiң 140-бабында көзделген бұлтартпау шараларының бiрiн қолданады.
140-бап. Бұлтартпау шаралары
Бұлтартпау шаралары:
1) ешқайда кетпеу және өзiн дұрыс ұстау туралы қол қойдыру;
2) жеке кепiлдiк беру;
3) әскери қызметшiнi әскери бөлiм командованиесiнiң бақылауына беру;
4) кәмелетке толмағанды қарауға беру;
5) кепiл болу;
6) үйде қамауда ұстау;
7) қамау болып табылады.
141-бап. Бұлтартпау шараларын таңдау кезiнде
ескерiлетiн мән-жайлар
Бұлтартпау шарасы және оның қайсысын қолданудың қажеттiгi туралы мәселенi шешу кезiнде осы Кодекстiң 139-бабында аталған мән-жайлармен қатар, тағылған айыптаудың ауырлығы, айыпталушының жеке басы, оның жас мөлшерi, денсаулық жағдайы, отбасы жағдайы, немен шұғылданатындығы, мүлiктiк жай-күйi, тұрақты тұратын жерiнiң бар-жоғы және басқа мән-жайлар ескерiлуге тиiс.
142-бап. Сезiктiге қатысты бұлтартпау шараларын қолдану
1. Сезiктiге қатысты бұлтартпау шаралары ерекше жағдайларда осы Кодекстiң 139-бабында көзделген негiздер болған кезде және 141-бабында көрсетiлген мән-жайлар ескерiле отырып қолданылуы мүмкiн. Бұл реттегi айыптау сезiктiге бұлтартпау шарасы қолданылған кезден бастап он тәулiктен кешiктiрiлмей, ал егер сезiктi адам ұсталып, содан кейiн қамауға алынса, - ұсталған кезден бастап осындай мерзiмде тағылуға тиіс. Егер бұл мерзiмде айып тағылмаса, бұлтартпау шарасы дереу тоқтатылады.
2. Егер осы баптың бiрiншi бөлiгiнде аталған мерзiм аяқталғанға дейiнгi жиырма төрт сағатта қамауда ұстау орнының бастығына оған қатысты бұлтартпау шарасы ретiнде қамауға алу қолданылған сезiктiге айып тағу туралы хабар келiп түспесе, қамауға ұстау орнының бастығы ол туралы қылмыстық iстi жүргiзушi органға немесе адамға, сондай-ақ прокурорға хабарлауға мiндеттi. Егер осы баптың бiрiншi бөлiгiнде көрсетiлген мерзiм аяқталған кезде бұлтартпау шарасын тоқтату немесе сезiктiге айып тағу туралы тиiстi шешiм келiп түспесе, қамауға ұстау орны әкiмшiлiгiнiң басшысы көшiрмесiн жиырма төрт сағаттың iшiнде қылмыстық iстi жүргiзушi органға немесе адамға және прокурорға жолдайтын өзiнiң қаулысымен оны босатады.
3. Қамауға ұстау орны әкiмшiлiгiнiң басшысы осы баптың екiншi бөлiгiнің талаптарын орындамаған жағдайда заңмен белгiленгендей жауапты болады.
143-бап. Бұлтартпау шараларын қолдану тәртібі
1. Айыпталушыға (сезiктiге) бiр мезгiлде екi және одан да көп бұлтартпау шараларын қолдануға болмайды.
2. Қылмыстық процестi жүргiзушi орган бұлтартпау шараларын қолдану туралы адамға ол сезiктi болған немесе айыпталатын қылмыс пен осы бұлтартпау шарасын қолдану үшiн негiздiң көрсетiлуiн қамтитын қаулы шығарады. Қаулының көшiрмесi соған қатысты шығарылған адамға тапсырылады және онымен бiр мезгiлде оған осы Кодексте көзделген бұлтартпау шарасын қолдану туралы шешiмге шағымданудың тәртібі түсiндiрiледi.
3. Сезiктi, айыпталушы оны болдырмау үшiн осы Кодекстiң 144, 145 , 146 , 147 , 148 , 149-баптарында көзделген шаралар қолданылған әрекеттердi жасаған жағдайда оған неғұрлым қатаң бұлтартпау шарасы қолданылады, ол туралы айыпталушыға, сезiктiге тиiстi қаулының көшiрмесiн тапсыру кезiнде жариялануы тиiс.
144-бап. Ешқайда кетпеу және өзiн дұрыс ұстау
туралы қолхат беру
Ешқайда кетпеу және өзiн дұрыс ұстау туралы қолхат беру қылмыстық процестi жүргiзушi органның сезiктiден, айыпталушыдан анықтаушының, тергеушiнiң немесе соттың рұқсатынсыз тұрақты немесе уақытша тұратын жерiнен кетпеуге, сотта iстi тергеуге және қарауға кедергi келтiрмеуге, белгiленген мерзiмде қылмыстық процестi жүргiзушi органның шақыруы бойынша келуге жазбаша мiндеттемесiн алуынан тұрады.
145-бап. Жеке кепiлдiк
1. Жеке кепiлдiк сенімге ие болған адамдардың олар сезiктiнiң немесе айыпталушының өзiн дұрыс ұстауына және олардың қылмыстық процестi жүргiзушi органның шақыруы бойынша келетiндiгiне кепiлдiк беретiндiгi туралы жазбаша мiндеттемесiнен тұрады. Кепiлдiк берушiлердiң саны екеуден кем болмайды.