Жүйелі тіркеуді жүргізу туралы
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2007 жылғы 12 қыркүйектегі № 799 Қаулысы
Осы редакция 2009 жылғы 30 наурыздағы енгізілген өзгерістеріне дейін қолданылды
«Жылжымайтын мүлікке құқықтарды және онымен жасалатын мәмілелерді мемлекеттік тіркеу туралы» Қазақстан Республикасының 2007 жылғы 26 шілдедегі Заңының 57-бабына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. Қоса беріліп отырған Жүйелі тіркеуді жүргізу ережесі бекітілсін.
2. «Жылжымайтын мүлікке құқықтарды және онымен жасалатын мәмілелерді мемлекеттік тіркегені үшін алым ставкаларын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2003 жылғы 16 мамырдағы № 454 қаулысына (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2003 ж., № 19, 200-құжат) мынадай өзгеріс енгізілсін:
көрсетілген қаулымен бекітілген жылжымайтын мүлікке құқықтарды және онымен жасалатын мәмілелерді мемлекеттік тіркегені үшін алым ставкаларында:
2-тармақтың 3) тармақшасында «кезеңмен» деген сөз «жүйелі» деген сөзбен ауыстырылсын.
3. Мыналардың күші жойылды деп танылсын:
1) «Жылжымайтын мүлікке құқықтарды (құқықтық ауыртпалықтарды) кезең-кезеңмен тіркеуді жүргізу кезіндегі мемлекеттік органдардың өзара іс-қимыл жасау ережесін бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2004 жылғы 15 қарашадағы № 1195 қаулысы (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2004 ж., № 45, 566-құжат);
2) «Жылжымайтын мүлікке құқықтарды (құқықтық ауыртпалықтарды) кезең-кезеңмен тіркеуді жүргізу аумағының тізбесі мен мерзімін бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2005 жылғы 28 наурыздағы № 269 қаулысы (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2005 ж., № 13, 147-құжат);
3) «Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2005 жылғы 28 наурыздағы № 269 қаулысына өзгеріс енгізу туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2006 жылғы 6 қаңтардағы № 18 қаулысы (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2006 ж., № 3, 17-құжат);
4. Осы қаулы алғаш рет ресми жарияланған күнінен бастап он күнтізбелік күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі | К. Мәсімов |
Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2007 жылғы 12 қыркүйектегі
№ 799 қаулысымен
Бекітілген
Жүйелі тіркеуді жүргізу ережесі
1. Жалпы ережелер
1. Осы Жүйелі тіркеуді жүргізу ережесі (бұдан әрі - Ереже) құқықтық кадастарды жылжымайтын мүлікке бұрын туындаған құқықтар (құқықтық ауыртпалықтар) туралы мәліметтермен толықтыру мақсатында жүйелі тіркеуді жүргізудің мерзімі мен тәртібін айқындайды және есепке алу сипатында болады.
2. Жылжымайтын мүлікке бұрын туындаған құқықтардың (құқықтық ауыртпалықтар) туындаған күні жүйелі тіркеу кезінде бұрын туындаған құқықтар (құқықтық ауыртпалықтар) туындаған сәтте қолданылған Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес құқық белгілейтін құжаттардың негізінде айқындалады.
3. Осы Ереже облыстардың, Астана және Алматы қалаларының жергілікті атқарушы органдарына, облыстың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың), аудандардың (облыстық маңызы бар қалалардың) жергілікті атқарушы органдарының жер қатынастары жөніндегі уәкілетті органдарына, Қазақстан Республикасының Үкіметі республикалық мемлекеттік меншікке иелік етуге уәкілеттік берген мемлекеттік орган мен оның аумақтық органдарына, сәулет, қала құрылысы және құрылыс істері жөніндегі уәкілетті мемлекеттік орган мен оның аумақтық органдарына, тіркеуші органға (бұдан әрі - мемлекеттік органдар) қолданылады.
4. Мемлекеттік органдардың жүйелі тіркеуді жүргізу кезіндегі негізгі міндеті тіркеуші органды жылжымайтын мүлік объектілері, олардың құқық иелері, жылжымайтын мүлікке құқықтардың туындау түрлері мен негіздері туралы ақпаратпен қамтамасыз ету болып табылады.
2. Жүйелі тіркеуді құқықтық кадастрда жүзеге асыру тәртібі
5. Мемлекеттік органдар электронды және қағаз жеткізгіштерде мынадай:
1) облыстардың, Астана және Алматы қалаларының жергілікті атқарушы органдары - жекешелендірілген жылжымайтын мүліктің тұрғын үй объектілері, коммуналдық меншіктегі жылжымайтын мүлік объектілері, жылжымайтын мүліктің орналасқан жерін, жылжымайтын мүлікке құқықтардың туындау түрі мен негізін көрсете отырып, олардың құқық иелері туралы;
2) облыстың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың), аудандардың (облыстық маңызы бар қалалардың) жергілікті атқарушы органдарының жер қатынастары жөніндегі уәкілетті органдары - жер учаскесінің орналасқан жерін, оның нысаналы мақсатын, алаңын, құқықтардың пайда болу түрі мен негізін көрсете отырып, жер учаскелеріне ұсынылған, берілген, өткен құқықтар, олардың құқық иелері туралы;
3) Қазақстан Республикасының Үкіметі республикалық мемлекеттік меншікке иелік етуге уәкілеттік берген мемлекеттік орган мен оның аумақтық органдары - олардың орналасқан жерін, сондай-ақ сатып алушылар мен олардың көрсетілген объектілерге құқықтарының туындау негіздері туралы мәліметтерді көрсете отырып, республикалық меншікте тұрған жекешелендірілген жылжымайтын мүлік объектілері туралы ақпаратты;
4) сәулет, қала құрылысы және құрылыс істері жөніндегі уәкілетті мемлекеттік орган мен оның аумақтық органдары - жылжымайтын мүліктің техникалық және басқа да сипаттамаларын көрсете отырып, құқық иелері, жылжымайтын мүлік объектілері туралы қолда бар деректерді ұсынады.
6. Жылжымайтын мүлікке бұрын туындаған құқықтарды (құқықтық ауыртпалықтарды) жүйелі тіркеу құқық иеленушілерінің өтініші келіп түскен және (немесе) бұрын туындаған құқықтар (құқықтық ауыртпалықтар) туралы шынайы деректер басқа ақпараттық жүйелерден ауыстырылған сәттен бастап он бес жұмыс күні ішінде жүзеге асырылады.
7. Осы Ереженің 5-тармағында санамаланған мемлекеттік органдар ақпаратты тіркеуші органға жүйелі тіркеу шеңберінде өтеусіз негізде ұсынады.
8. Тіркеуші орган алынған ақпаратты құқықтық кадастр деректерімен салыстыруды жүргізеді, содан кейін жылжымайтын мүлікке құқықтарды (құқықтық ауыртпалықтарды) жүйелі тіркеуді жүргізгені туралы құқық иелеріне хабарлайды.
9. Жылжымайтын мүлікке бұрын туындаған құқықтарды (құқықтық ауыртпалықтарды) жүйелі тіркеу құқық иеленушілерінің өтініш беруі арқылы және (немесе) бұрын туындаған құқықтар (құқықтық ауыртпалықтар) туралы шынайы деректерді мемлекеттік органдардың басқа ақпараттық жүйелерінен ауыстыру арқылы жүзеге асырылуы мүмкін.
10. Жылжымайтын мүлікке бұрын туындаған құқықтар мен құқықтық ауыртпалықтар туралы деректерді құқықтық кадастрға ауыстыру мемлекеттік оргнадардағы деректер шынайы болған кезде жүзеге асырылуы мүмкін.
Мемлекеттік органдардан жылжымайтын мүлікке бұрын туындаған құқықтарға (құқықтық ауыртпалықтарға) қатысы бар құжаттарды беру бұрын туындаған құқықтар (құқықтық ауыртпалықтар) туралы шынайы деректерге ие мемлекеттік органдармен келісім бойынша Қазақстан Республикасы Әділет министрлігі белгілеген рәсім бойынша жүзеге асырылады.
11. Жылжымайтын мүлікке бұрын туындаған құқықтарды (құқықтық ауыртпалықтарды) жүйелі тіркеу өтеусіз жүзеге асырылады.
3. Жекелеген жағдайларда жүйелі тіркеуді жүзеге асыру ерекшеліктері
12. Егер бастапқы немесе кейінгі жылжымайтын мүлік объектісіне құқықтарды тіркеу туралы өтініш берген құқық иесінде жер учаскесіне құқық белгілейтін құжат болмаса не ескі үлгідегі актілерде немесе бұрын қолданылған заңнамаға сәйкес жер учаскесіне құқықтардың туындауын растайтын өзге де құжаттарда құқықтық кадастрды жүргізу мақсаты үшін қажетті мәліметтер болмаса, тіркеуші орган бастапқы немесе кейінгі жылжымайтын мүлік объектілеріне бұрын туындаған құқықты есептік тіркеуді жүргізуге міндетті.
Жер учаскесіне бұрын туындаған құқықты есептік тіркеу уәкілетті орган ескі үлгідегі актінің немесе бұрын қолданылған заңнамаға сәйкес жер учаскесіне құқықтардың туындауын растайтын өзге де құжаттардың негізінде жер учаскесіне сәйкестендіру құжатын бергеннен кейін жүзеге асырылады. Тіркеу үшін құқық иесі ескі үлгідегі актіні немесе бұрын қолданылған заңнамаға сәйкес жер учаскесіне құқықтардың туындауын растайтын өзге де құжатты және жер учаскесіне сәйкестендіру құжатын ұсынады.
Құқық иесіне жер учаскесіне құқық белгілейтін құжат болмаған кезде оған құқықтарды ресімдеу белгіленген тәртіппен жүзеге асырылады.
13. Бастапқы және кейінгі объектілерге бұрын туындаған құқықтарды есептік тіркеуді жүзеге асыру кезінде тіркеуші орган құқық иесінен жылжымайтын мүлік объектісіне жаңа техникалық паспортты табыс етуді талап етуге құқығы жоқ. Қажет болғанда жүйелі тіркеуді жүргізу кезінде жаңа техникалық паспорт дайындауды жылжымайтын мүлік объектісінің орналасқан жері бойынша мемлекеттік техникалық есепке алу құзыретіне кіретін республикалық мемлекеттік кәсіпорындар өтеусіз жүзеге асырады.