Бұқаралық ақпарат құралдары туралы Қазақстан
Республикасының 1999 ж. 23 шілдедегі № 451-1 Заңы
(2007.19.06. берілген өзгерістер мен толықтырулармен)
Осы редакция 2009 жылғы 6 ақпандағы енгізілген өзгерістеріне дейін қолданылды
1-тарау. Жалпы ережелер (1 - 4 баптар)
2-тарау. Бұқаралық ақпарат құралдарының (5 - 13 баптар)
қызметін ұйымдастыру
3-тарау. Бұқаралық ақпарат құралдарын тарату (14 - 16 баптар)
4-тарау. Бұқаралық ақпарат құралдарының (17 - 19 баптар)
азаматтармен және ұйымдармен қатынасы
5-тарау. Журналистің құқықтары мен міндеттері (20 - 21 баптар)
6-тарау. Журналистерді тіркеу (22 - 24 баптар)
7-тарау. Бұқаралық ақпарат құралдары туралы (25 - 26 баптар)
заңдарды бұзу үшін жауапкершілік
Осы Заң бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы қоғамдық қатынастарды реттейді, Қазақстан Республикасының Конституциясына сәйкес олардың бостандығына мемлекеттік кепілдіктерді белгілейді.
1-тарау. Жалпы ережелер
ҚР 03.05.01 ж. № 181-II Заңымен 1-бап толықтырылды
1-бап. Осы Заңда пайдаланылатын негізгі ұғымдар
Осы Заңда мынадай ұғымдар пайдаланылады:
1) бұқаралық ақпарат - тұлғалардың шектеусiз топтарына арналған баспа, дыбыс-бейне және өзге де хабарлары мен материалдары;
2) бұқаралық ақпарат құралы - мерзiмдi баспасөз басылымы, радио және теледидар бағдарламасы, киноқұжаттама, дыбыс-бейне жазбасы және көпшілік қол жеткізе алатын телекоммуникациялық желілердегі (интернет және басқалары) WEB-сайттарды қоса алғанда, бұқаралық ақпаратты мерзiмдi немесе үздiксiз жария таратудың басқа да нысаны;
2006.05.07. № 156-III ҚР Заңымен 3) тармақша өзгертілді (бұр. ред. қара)
3) мерзiмдi баспасөз басылымы - тұрақты атауы, ағымдағы нөмiрi бар және кемiнде үш айда бiр рет шығарылатын газет, журнал, альманах, бюллетень, олардың қосымшасы;
2006.05.07. № 156-III ҚР Заңымен 4) тармақша өзгертілді (бұр. ред. қара)
4) теледидар, радио, бейне, кино хроникалық бағдарламасы - толық атауы бар және кемiнде жарты жылда бiр рет эфирге шығатын мерзiмдi дыбыс-бейне хабарлары мен берiлiмдерiнiң жиынтығы;
5) эфирге шығу - ұқсас және цифрлық электромагнитті жүйелердi пайдалана отырып, теледидар, радио бағдарламаларын, дыбыс-бейне жазбаларын тарату;
6) бұқаралық ақпарат құралдарының өнiмi - мерзiмдi баспасөз басылымының жеке нөмiрiнiң немесе дыбыс-бейне бағдарламасының таралымы немесе таралымының бiр бөлiгi, радио, теледидар, кино хроникалық бағдарламалардың жеке шығарылымы, көпшілік қол жеткізе алатын телекоммуникациялық желілердегі WEB-сайтта берілген ақпарат;
7) ресми хабар - бұқаралық ақпарат құралдары арқылы одан әрi тарату мақсатымен мемлекеттік органдар беретiн ақпарат;
8) бұқаралық ақпарат құралының өнiмiн тарату - мерзiмдi баспасөз басылымдарын сату (жазылу, жеткізу, үлестiру), радио, теледидар бағдарламаларын эфирге шығару, кинохроникалық бағдарламаларды көрсету;
9) бұқаралық ақпарат құралының редакциясы - жеке тұлға не бұқаралық ақпарат құралына материалдар жинауды, дайындауды және шығаруды жүзеге асыратын заңды тұлғаның құрылымдық бөлiмшесi болып табылатын шығармашылық ұжым;
10) бас редактор (редактор) - бұқаралық ақпарат құралының редакциясын басқаратын және оны шығару мен таратуға, эфирге шығаруға тиiсiнше өкiлеттiгi бар жеке тұлға;
11) журналист (бұқаралық ақпарат құралының өкiлi) - еңбек қатынастары немесе өзге де шарттық қатынастар негiзiнде бұқаралық ақпарат құралы үшiн хабарлар мен материалдар жинау, өңдеу және әзiрлеу жөніндегі қызметтi жүзеге асыратын жеке тұлға;
12) таратушы - меншiк иесiмен, баспагермен шарт бойынша немесе өзге де заңды негiздерде бұқаралық ақпарат құралының өнiмiн таратуды жүзеге асыратын жеке немесе заңды тұлға;
13) цензура - бұқаралық ақпарат құралдарының хабарларын және материалдарын мемлекеттік органдармен, лауазымды адамдармен және өзге де ұйымдармен олардың талап ету бойынша немесе өзге де негiздер бойынша хабарлар мен материалдарды не олардың жекелеген бөлiктерiн таратуды шектеу немесе оларға тыйым салу мақсатымен алдын ала келiсу;
14) эротикалық сипаттағы өнiм - тұтас алғанда және үнемi секске әуестенушiлiктi қаузайтын баспасөз басылымы немесе теледидар радио бағдарламасы;
15) WEB-сайт - Қазақстан Республикасының жеке немесе заңды тұлғасының арнайы техникалық және бағдарламалық құралдардың көмегімен дайындалған, меншік иесі жаппай тарату мақсатында ақпарат беретін электронды өкілдік бет;
16) ретрансляция - техникалық құралдарды пайдалануға қарамастан, басқа бұқаралық ақпарат құралының теле- немесе радио бағдарламаларын (теле- немесе радио хабарларының жиынтығы) қабылдау және бір мезгілде не жазып алып толық және өзгеріссіз тарату;
17) кешен - бір бірімен ортақ мақсаттарымен байланысты және бірыңғай құрылым құрайтын ғимараттар жиынтығы;
18) аккредитация - журналисттi тағайындау рәсiмi және оның өкiлеттiгiн мемлекеттік органның, қоғамдық бiрлестiктiң және ұйымның тануы;
2006.10.01. № 116-III ҚР Заңымен 19) тармақша жаңа редакцияда (2006.01.01. бастап қолданысқа енгізілді) (бұр. ред. қара)
19) бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы уәкілетті орган - бұқаралық ақпарат құралдары саласында мемлекеттік реттеуді жүзеге асыратын мемлекеттік орган (бұдан әрі - уәкілетті орган).
2005.08.07 № 67-III ҚР Заңымен 2-бап өзгертілді ( бұр. ред. қара)
2-бап. Сөз, ақпаратты алу және тарату бостандығы
1. Сөз, шығармашылық бостандығына, өз көзқарастары мен сенiмдерiн баспа арқылы және өзге де нысанда бiлдiруге, ақпараттарды заңда тыйым салынбаған кез келген әдiспен алуға және таратуға Қазақстан Республикасының Конституциясында кепiлдiк берiледi.
Цензураға тыйым салынады.
2. Мемлекеттік органдар, қоғамдық бiрлестiктер, лауазымды адамдар мен бұқаралық ақпарат құралдары әрбiр азаматты оның құқығы мен мүддесiне қатысты құжаттармен, шешiмдермен және ақпарат көздерiмен танысу мүмкiндiгiн қамтамасыз етуге мiндеттi.
3. Мемлекеттік құпияны немесе заңмен қорғалатын өзге де құпияны құрайтын мәлiметтердi жария етуге, экстремизм немесе терроризмдi насихаттауға және ақтауға, терроризмге қарсы операцияларды жүргiзу кезеңінде олардың техникалық тәсiлдерi мен тактикасын ашатын ақпаратты таратуға, есiрткi құралдарын, психотроптық заттар мен прекурсорларды, сондай-ақ порнографияны насихаттауға жол берiлмейдi.
2005.08.07 № 67-III ҚР Заңымен 3-бап жаңа редакцияда ( бұр. ред. қара)
3-бап. Бұқаралық ақпарат құралдарының тілі
1. Бұқаралық ақпарат құралдары мемлекеттік тiлде және басқа да тiлдерде таратылады.
2. Мемлекет Қазақстан Республикасының тiлдер туралы заңдарына сәйкес бұқаралық ақпаратты алу және оны тарату кезiнде әркiмнің ана тілін пайдалану құқығын қамтамасыз етедi.
3. Мемлекеттік тiлдегi бұқаралық ақпарат құралдарының телевизиялық және радио бағдарламаларының апталық көлемi уақыты бойынша басқа тiлдердегi хабарлардың жиынтық көлемiнен кем болмауға тиіс.
Мемлекеттік тiлдегi хабарларды хабар таратудың тәулiктiк кестесiне орналастыру хабарлар эфирге шығатын бүкiл кезең iшiнде бiркелкi жүзеге асырылуға тиiс.
Бұл талап кабельдiк, эфирлi-кабельдiк телевизия желiлерiне қолданылмайды.
4-бап. Қазақстан Республикасының бұқаралық ақпарат құралдары туралы заңдары
1. Бұқаралық ақпарат құралдары туралы заңдар Қазақстан Республикасының Конституциясына негiзделедi, осы Заңнан және Қазақстан Республикасының басқа да нормативтiк құқықтық актілерінен тұрады.
2. Егер Қазақстан Республикасы бекiткен халықаралық шартта осы Заңдағыдан өзгеше ережелер белгіленсе, халықаралық шарттың ережелерi қолданылады.
2006.10.01. № 116-III ҚР Заңымен 1-1-тараумен толықтырылды (2006.01.01. бастап қолданысқа енгізілді)
1-1-тарау.
Бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы мемлекеттік реттеу
4-1-бап. Бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы
мемлекеттік реттеу
1. Бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы мемлекеттік реттеу телевизия және (немесе) радио хабарларын таратуды ұйымдастыру жөніндегі қызметті құқықтық қамтамасыз ету, лицензиялау, Қазақстан Республикасының бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы заңнамасының сақталуын бақылау арқылы жүзеге асырылады.
2. Қазақстан Республикасының бұқаралық ақпарат құралдары туралы заңнамасының сақталуын мемлекеттік бақылауды уәкілетті орган мен басқа да мемлекеттік органдар Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген өздерінің құзыреті шегінде жүзеге асырады.
4-2-бап. Қазақстан Республикасы Үкіметінің бұқаралық
ақпарат құралдары саласындағы құзыреті
Қазақстан Республикасының Үкіметі:
1) бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы мемлекеттік саясаттың негізгі бағыттарын әзірлейді және олардың іске асырылуын қамтамасыз етеді;
2) Қазақстан Республикасында таратылатын шетелдік бұқаралық ақпарат құралдарын есепке алуды жүзеге асыру тәртібін айқындайды;
3) телевизия және (немесе) радио хабарларын таратуды ұйымдастыру жөніндегі қызметті лицензиялау тәртібін бекітеді.
4-3-бап. Уәкілетті органның құзыреті
Уәкілетті орган:
1) бұқаралық ақпарат құралдары саласында мемлекеттік саясатты қалыптастыру мен іске асыруды қамтамасыз етеді;
2) бұқаралық ақпарат құралдарын есепке алуды жүзеге асырады;
3) телерадио хабарларын тарату құқығын алуға конкурстар өткізу ережесін бекітеді;
4) телевизия және (немесе) радио хабарларын тарату үшін радио жиіліктер номиналдарын бөлу жөніндегі ашық конкурстар өткізуді ұйымдастырады;
5) Қазақстан Республикасының лицензиялау туралы заңнамасында белгіленген тәртіппен телевизия және (немесе) радио хабарларын таратуды ұйымдастыру жөніндегі қызметті лицензиялауды жүзеге асырады;
6) лицензиаттың лицензияда көрсетілген шарттарды сақтауын бақылауды жүзеге асырады және Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен лицензияның қолданысын тоқтата түру туралы шешім қабылдайды;
7) Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен республикалық деңгейде мемлекеттік ақпарат саясатын жүргізу жөніндегі мемлекеттік тапсырысты қалыптастырады, орналастырады және оның жүзеге асырылуын бақылайды;
8) бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы халықаралық ынтымақтастықты жүзеге асырады;
9) Қазақстан Республикасының аумағында таратылатын шетелдік бұқаралық ақпарат құралдарын есепке алудың бірыңғай тізілімін жүргізеді;
10) бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы мемлекеттік және салалық (секторалдық) бағдарламаларды әзірлейді және іске асырады;
11) тарихи және (немесе) мәдени құндылығы бар жазылымдарды сақтау тәртібін айқындайды;
12) журналистерді аккредиттеу ережесін бекітеді;
13) жергілікті атқарушы органдардың Қазақстан Республикасының бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы заңнамасының сақталуын бақылауды жүзеге асыруы жөніндегі қызметін үйлестіреді;
14) орталық және жергілікті атқарушы органдардың бұқаралық ақпарат құралдары мәселелері жөніндегі қызметін үйлестіреді.
4-4-бап. Облыстардың (республикалық маңызы бар қаланың,
астананың) жергілікті атқарушы органдарының құзыреті
Облыстардың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың) жергілікті атқарушы органдары:
1) өңірлік бұқаралық ақпарат құралдары арқылы мемлекеттік ақпараттық саясатты іске асырады;
2) облыстың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың) аумағында таратылатын шетелдік бұқаралық ақпарат құралдарын есепке алуды жүзеге асырады;
3) арнайы стационарлық үй-жайларды орналастыру тәртібін және онда эротикалық сипаттағы материалдар жариялайтын мерзімді баспасөз өнімін өткізу ережесін бекітеді;
4) Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен өңірлік деңгейде мемлекеттік ақпараттық саясатты жүргізу жөніндегі мемлекеттік тапсырысты қалыптастырады, орналастырады және оның жүзеге асырылуын бақылайды;
5) тиісті әкімшілік-аумақтық бірлікте бұқаралық ақпарат құралдарының Қазақстан Республикасының заңнамасын сақтауын бақылауды жүзеге асырады;
6) уәкілетті органға статистикалық деректерді, шетелдік бұқаралық ақпарат құралдарын есепке алу жөніндегі ақпараттарды, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңнамасын сақтау жөніндегі мәліметтерді табыс етеді.
2006.31.01. № 125-III ҚР Заңымен 4-5-баппен толықтырылды
4-5-бап. Мемлекеттік бақылау
1. Мемлекеттік бақылаудың мақсаты жеке және заңды тұлғалардың Қазақстан Республикасының бұқаралық ақпарат құралдары туралы заңнамасын сақтауын қамтамасыз ету болып табылады.
2. Облыстардың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың) жергілікті атқарушы органдары жүзеге асыратын бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы мемлекеттік бақылау мыналарды:
1) осы Заңда көзделген талаптарды сақтау жөніндегі бақылауды;
2) бұқаралық ақпарат құралдары арқылы таратылатын жарнамаға қатысты бақылауды қамтиды.
3. Уәкілетті орган, облыстардың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың) жергілікті атқарушы органдары жүзеге асыратын бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы мемлекеттік бақылау тексеру нысанында орындалады.
4. Тексерудің түрлері:
жоспарлы - алдыңғы тексерулерге қатысты Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген уақыт аралықтары ескеріліп жүргізілетін мемлекеттік орган жоспарлаған тексеру;
жоспардан тыс - жеке және заңды тұлғалардың өтініштеріне дереу ден қоюды талап ететін қалыптасқан әлеуметтік-экономикалық жағдайға байланысты тағайындалатын тексеру;
рейдтік - лицензияның, тіркеу және өзге де рұқсат ету құжаттарының болуын, сондай-ақ мемлекеттік органның бақылау объектісі болып табылатын бақылау жабдығының дұрыс қолданылуын тексеру.
5. Тексеру жүргізудің мерзімі нұсқама берілген кезден бастап күнтізбелік он бес күннен аспауға тиіс.
2-тарау. Бұқаралық ақпарат құралдарының
қызметін ұйымдастыру
ҚР 03.05.01 ж. № 181-II Заңымен 5-бап толықтырылды
5-бап. Бұқаралық ақпарат құралын құру құқығы
1. Бұқаралық ақпарат құралын құруға Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жеке және заңды тұлғалардың құқығы болады.
Бұқаралық ақпарат құралы заңды тұлға нысанында да, заңды тұлғаның құрылымдық бөлiмшесi нысанында да құрылуы мүмкiн.
Бұқаралық ақпарат құралын есепке қою туралы куәлiк бұқаралық ақпарат құралының өнiмiн шығаруды (эфирге шығуды) жүзеге асыруға, ақпараттық сипаттағы хабарлар мен материалдарды таратуға негiз болып табылады. Бұл талап WEB-сайттарға қолданылмайды.
2. Заңды тұлғаның - Қазақстан Республикасындағы бұқаралық ақпарат құралы меншiк иесiнің немесе осы саладағы қызметті жүзеге асырушының акцияларының (үлесiнiң, пайының) 20 проценттен астамын шетелдiк жеке және заңды тұлғалардың, азаматтығы жоқ адамдардың тiкелей және (немесе) жанама иеленуiне, пайдалануына, билiк етуiне және (немесе) басқаруына тыйым салынады.
6-бап. Бұқаралық ақпарат құралының меншік иесі
1. Меншік иесі - бұқаралық ақпарат құралын иелену, пайдалану және оған билік ету құқығын жүзеге асыратын жеке немесе заңды тұлға, не жеке және (немесе) заңды тұлғалардың бірлестігі.
2. Бұқаралық ақпарат құралының меншік иесі тиісті шарт негізінде өзінің меншікті, сондай-ақ басқа да бұқаралық ақпарат құралдарына қатысты редакция, редактор, журналист, баспагер, таратушы ретінде іс-қимыл жасауға құқылы.
7-бап. Бұқаралық ақпарат құралының редакциясы
1. Редакция меншік иесінің тапсыруы бойынша бұқаралық ақпарат құралын әзірлеуді және шығаруды (эфирге шығаруды) жүзеге асырады.
2. Редакцияға бас редактор (редактор) басшылық етеді.
2005.08.07 № 67-III ҚР Заңымен 2-1- тармақпен толықтырылды
2-1. Мыналар:
1) сот іс-әрекетке қабілетсіз деп танылған азаматтар;
2) тағайындау кезінде заңда белгiленген тәртiппен соттылығы алынбаған немесе өтелмеген азаматтар;
2006.05.07. № 156-III ҚР Заңымен 3) тармақша өзгертілді (бұр. ред. қара)
3) шетелдiктер не азаматтығы жоқ адамдар;
2006.05.07. № 156-III ҚР Заңымен 4) тармақшамен толықтырылды
4) өздерінің кінәсінен бұқаралық ақпарат құралының шығарылуы (эфирге шығуы) сот шешімімен тоқтатылған бұқаралық ақпарат құралының бас редакторлары (редакторлары) болған азаматтар соттың шешімі заңды күшіне енген күннен бастап үш жыл ішінде бас редактор (редактор) бола алмайды.
3. Меншік иесі мен редакция арасындағы қатынастар жарғымен және шартпен реттеледі.
8-бап. Ақпарат агенттігі
1. Ақпарат агенттігі - Қазақстан Республикасының заң актілеріне сәйкес тіркелген, қызметі ақпараттық сипаттағы хабарлар мен материалдарды жинауға, қайта өңдеуге және таратуға бағытталған заңды тұлға.
2. Ақпарат агенттігінің хабарлары мен материалдарында оның атауы мен шығарылған уақыты қоса берілуге тиіс.
3. Ақпарат агенттігінің хабарлары мен материалдарын бұқаралық ақпарат құралдары таратқан кезде ақпарат агенттігіне сілтеме жасауға міндетті.
4. Ақпарат агенттігіне осы Заңның 2, 10-баптарының күші қолданылады.
9-бап. Бұқаралық ақпарат құралының баспагері
1. Баспагер - бұқаралық ақпарат құралының өнімін өндіруді материалдық-техникалық жағынан қамтамасыз етуді жүзеге асыратын жеке немесе заңды тұлға.
2. Егер меншік иесі бұқаралық ақпарат құралының әрі баспагері болмаса, меншік иесі мен баспагердің құқықтары, міндеттері мен жауапкершілігі жеке шартпен белгіленеді.
2006.05.07. № 156-III ҚР Заңымен 10-бап жаңа редакцияда (бұр. ред. қара)
10-бап. Бұқаралық ақпарат құралын есепке қою, қайта есепке қою
1. Қазақстан Республикасының аумағында таратылатын, WEB-сайттардан басқа, бұқаралық ақпарат құралдары уәкілетті органда міндетті түрде есепке қойылуға тиіс.
2. Есепке қою, қайта есепке қою үшін бұқаралық ақпарат құралының меншік иесі не оның уәкілдік беруі бойынша әрекет ететін тұлға осы Заңның 11-бабының талаптарына сай келетін арыз береді.
3. Бұқаралық ақпарат құралын есепке қойған кезде, сондай-ақ бұқаралық ақпарат құралын есепке қоюды куәландыратын құжаттың телнұсқасын алған кезде Қазақстан Республикасының Салық кодексінде айқындалатын тәртіппен алым алынады.
4. Бұқаралық ақпарат құралын есепке қою, қайта есепке қою туралы арыз түскен күнінен бастап он бес күн ішінде қаралуға тиіс. Арызды қараудың қорытындылары бойынша уәкілетті орган бұқаралық ақпарат құралының меншік иесіне есепке қою туралы куәлік береді не мынадай негіздер бойынша:
1) егер уәкілетті орган бұрын сол атпен және сол аумаққа таралатын бұқаралық ақпарат құралын есепке қойғаны туралы куәлік берген болса не оның аты бұрын құрылған бұқаралық ақпарат құралының атымен айырғысыз дәрежеде ұқсас болса;
2) егер арыздың мазмұны осы Заңның 11-бабының талаптарына сай келмейтін болса;
3) егер арыз бұқаралық ақпарат құралының шығарылуына (эфирге шығуына) тыйым салу туралы сот шешімі заңды күшіне енген күннен бастап бір жыл өтпей тұрып берілсе;
2007 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі
4) егер бұқаралық ақпарат құралын есепке қойғаны үшін алым төленбесе;
5) егер меншік иесінің ауысуына орай бұқаралық ақпарат құралын қайта есепке қою туралы арызға бұқаралық ақпарат құралына меншік құқығын басқа тұлғаға беруді растайтын шарттың нотариалды түрде куәландырылған көшірме жазбасы қоса тіркелмесе;
6) егер есепке қоюға шығарылуын (эфирге шығуын) бұрын сот тоқтатқан бұқаралық ақпарат құралының атымен (атының бір бөлігімен) және тақырыптық бағытымен немесе аты мен тақырыптық бағытын қайталайтын бұқаралық ақпарат құралы мәлімделген болса, сондай-ақ шығарылуы (эфирге шығуы) сот шешімімен тоқтатылған бұқаралық ақпарат құралының меншік иесі не бас редакторы (редакторы) соттың шешімі заңды күшіне енген күннен бастап үш жыл ішінде арыз берген жағдайда, есепке қоюдан бас тартады.
5. Мерзімді баспасөз басылымының меншік иесі есепке қою туралы куәлікті алған күннен бастап үш ай ішінде бұқаралық ақпарат құралы өнімін шығаруға кірісу құқығын сақтайды.
Теле-, радио-, бейне-, кинохроникалық бағдарламаның, ақпарат агенттігінің меншік иесі есепке қою туралы куәлікті алған күннен бастап алты ай ішінде бұқаралық ақпарат құралы өнімін шығаруға, ақпараттық сипаттағы хабарлар мен материалдарды таратуға кірісу құқығын сақтайды.
Бұқаралық ақпарат құралының шығарылуын (эфирге шығуын) сот тоқтатып қойған жағдайларды қоспағанда, бұқаралық ақпарат құралы өнімін шығару мерзімін өткізіп алған, сондай-ақ бұқаралық ақпарат құралы өнімін шығару үш ай бойы тоқтап қалған жағдайда, уәкілетті органның шешімімен бұқаралық ақпарат құралын есепке қою туралы куәліктің күші жойылды деп танылады.
6. Бұқаралық ақпарат құралы меншік иесі ауысқан не ұйымдық-құқықтық нысаны, атауы, сондай-ақ бұқаралық ақпарат құралының аты, басылымның не хабардың тілі, таралу аумағы, негізгі тақырыптық бағыты, бас редакторы (редакторы), редакцияның мекенжайы және шығарылу мерзімділігі өзгерген жағдайларда қайта есепке алынуға тиіс.
2006.05.07. № 156-III ҚР Заңымен 11-бап өзгертілді (бұр. ред. қара)
11-бап. Бұқаралық ақпарат құралын есепке қою туралы арыз
1. Бұқаралық ақпарат құралын есепке қою туралы арызда:
1) бұқаралық ақпарат құралы меншiк иесiнiң атауы орналасқан жерi, ұйымдық-құқықтық нысаны;
2) бұқаралық ақпарат құралының тілі (тiлдерi);
3) шығарылымның болжалды мерзiмдiлiгi;
4) негiзгi тақырыптық бағыты;
2006.05.07. № 156-III ҚР Заңымен 5) тармақша өзгертілді (бұр. ред. қара)
5) таралу аумағы;
2006.05.07. № 156-III ҚР Заңымен 6) тармақшамен толықтырылды
6) бас редактордың (редактордың) тегі, аты, әкесінің аты;
2006.05.07. № 156-III ҚР Заңымен 7) тармақшамен толықтырылды
7) редакцияның мекенжайы көрсетілуге тиіс.
Арызға:
жеке тұлғалар үшiн - кәсiпкерлiк қызметпен айналысу құқығын растайтын құжаттың нотариалды түрде куәландырылған көшірмесі;
заңды тұлғалар үшін - заңды тұлғаны мемлекеттік тіркеу (қайта тіркеу) туралы куәліктің, құрылтай құжаттарының нотариалды түрде куәландырылған көшірмелері;
2007 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі
бұқаралық ақпарат құралын есепке қою үшін бюджетке алым төленгенін растайтын құжат қоса тіркеледі.
2. Бұқаралық ақпарат құралын есепке қою кезiнде өзге талаптарды алға тартуға тыйым салынады.
ҚР 03.05.01 ж. № 181-II Заңымен 12-бап толықтырылды
12-бап. Бұқаралық ақпарат құралын есепке қоюдан босату
Таралымы:
- жүз данаға жетпейтін мерзімді баспасөз басылымдарын;
- ресми, нормативтік және өзге де актілерді;
- сот практикасының бюллетеньдерін;
- кабелдiк желiлермен таратылатын теле-, радио-, бейне-, кинохроникалық бағдарламаларды, егер қызмет көрсету аумағы бiр ғимаратпен немесе кешенмен шектелген болса, есепке қою талап етiлмейдi.
2005.08.07 № 67-III ҚР Заңымен 13-бап өзгертілді (бұр. ред. қара)
13-бап. Бұқаралық ақпарат құралын шығаруды (эфирге шығаруды) тоқтата тұру және тоқтату
1. Бұқаралық ақпарат құралын шығару (эфирге шығару) меншік иесінің немесе соттың шешімі бойынша тоқтатыла тұруы не тоқтатылуы мүмкін.