Бұқаралық ақпарат құралдары туралы Қазақстан
Республикасының 1999 ж. 23 шілдедегі № 451-1
Заңы
(ҚР 03.05.01 ж. № 181-II; 19.12.03 ж. № 509-II ; 2005.08.07 № 67-III
Заңдарымен енгізілген өзгерістерімен)
Осы редакция 2006 ж. 10 қаңтардағы енгізілген өзгерістеріне дейін қолданылды
1-тарау. Жалпы ережелер (1 - 4 баптар)
2-тарау. Бұқаралық ақпарат құралдарының (5 - 13 баптар)
қызметін ұйымдастыру
3-тарау. Бұқаралық ақпарат құралдарын тарату (14 - 16 баптар)
4-тарау. Бұқаралық ақпарат құралдарының (17 - 19 баптар)
азаматтармен және ұйымдармен қатынасы
5-тарау. Журналистің құқықтары мен міндеттері (20 - 21 баптар)
6-тарау. Журналистерді тіркеу (22 - 24 баптар)
7-тарау. Бұқаралық ақпарат құралдары туралы (25 - 26 баптар)
заңдарды бұзу үшін жауапкершілік
Осы Заң бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы қоғамдық қатынастарды реттейді, Қазақстан Республикасының Конституциясына сәйкес олардың бостандығына мемлекеттік кепілдіктерді белгілейді.
1-тарау. Жалпы ережелер
ҚР 03.05.01 ж. № 181-II Заңымен 1-бап толықтырылды
1-бап. Осы Заңда пайдаланылатын негізгі ұғымдар
Осы Заңда мынадай ұғымдар пайдаланылады:
1) бұқаралық ақпарат - тұлғалардың шектеусiз топтарына арналған баспа, дыбыс-бейне және өзге де хабарлары мен материалдары;
2) бұқаралық ақпарат құралы - мерзiмдi баспасөз басылымы, радио және теледидар бағдарламасы, киноқұжаттама, дыбыс-бейне жазбасы және көпшілік қол жеткізе алатын телекоммуникациялық желілердегі (интернет және басқалары) WEB-сайттарды қоса алғанда, бұқаралық ақпаратты мерзiмдi немесе үздiксiз жария таратудың басқа да нысаны;
3) мерзiмдi баспасөз басылымы - тұрақты атауы, ағымдағы нөмiрi бар және кемiнде жарты жылда бiр рет шығарылатын газет, журнал, альманах, бюллетень, олардың қосымшасы;
4) теледидар, радио, бейне, кино хроникалық бағдарламасы - толық атауы бар және кемiнде жылына бiр рет эфирге шығатын мерзiмдi дыбыс-бейне хабарлары мен берiлiмдерiнiң жиынтығы;
5) эфирге шығу - ұқсас және цифрлық электромагнитті жүйелердi пайдалана отырып, теледидар, радио бағдарламаларын, дыбыс-бейне жазбаларын тарату;
6) бұқаралық ақпарат құралдарының өнiмi - мерзiмдi баспасөз басылымының жеке нөмiрiнiң немесе дыбыс-бейне бағдарламасының таралымы немесе таралымының бiр бөлiгi, радио, теледидар, кино хроникалық бағдарламалардың жеке шығарылымы, көпшілік қол жеткізе алатын телекоммуникациялық желілердегі WEB-сайтта берілген ақпарат;
7) ресми хабар - бұқаралық ақпарат құралдары арқылы одан әрi тарату мақсатымен мемлекеттік органдар беретiн ақпарат;
8) бұқаралық ақпарат құралының өнiмiн тарату - мерзiмдi баспасөз басылымдарын сату (жазылу, жеткізу, үлестiру), радио, теледидар бағдарламаларын эфирге шығару, кинохроникалық бағдарламаларды көрсету;
9) бұқаралық ақпарат құралының редакциясы - жеке тұлға не бұқаралық ақпарат құралына материалдар жинауды, дайындауды және шығаруды жүзеге асыратын заңды тұлғаның құрылымдық бөлiмшесi болып табылатын шығармашылық ұжым;
10) бас редактор (редактор) - бұқаралық ақпарат құралының редакциясын басқаратын және оны шығару мен таратуға, эфирге шығаруға тиiсiнше өкiлеттiгi бар жеке тұлға;
11) журналист (бұқаралық ақпарат құралының өкiлi) - еңбек қатынастары немесе өзге де шарттық қатынастар негiзiнде бұқаралық ақпарат құралы үшiн хабарлар мен материалдар жинау, өңдеу және әзiрлеу жөніндегі қызметтi жүзеге асыратын жеке тұлға;
12) таратушы - меншiк иесiмен, баспагермен шарт бойынша немесе өзге де заңды негiздерде бұқаралық ақпарат құралының өнiмiн таратуды жүзеге асыратын жеке немесе заңды тұлға;
13) цензура - бұқаралық ақпарат құралдарының хабарларын және материалдарын мемлекеттік органдармен, лауазымды адамдармен және өзге де ұйымдармен олардың талап ету бойынша немесе өзге де негiздер бойынша хабарлар мен материалдарды не олардың жекелеген бөлiктерiн таратуды шектеу немесе оларға тыйым салу мақсатымен алдын ала келiсу;
14) эротикалық сипаттағы өнiм - тұтас алғанда және үнемi секске әуестенушiлiктi қаузайтын баспасөз басылымы немесе теледидар радио бағдарламасы;
15) WEB-сайт - Қазақстан Республикасының жеке немесе заңды тұлғасының арнайы техникалық және бағдарламалық құралдардың көмегімен дайындалған, меншік иесі жаппай тарату мақсатында ақпарат беретін электронды өкілдік бет;
16) ретрансляция - техникалық құралдарды пайдалануға қарамастан, басқа бұқаралық ақпарат құралының теле- немесе радио бағдарламаларын (теле- немесе радио хабарларының жиынтығы) қабылдау және бір мезгілде не жазып алып толық және өзгеріссіз тарату;
17) кешен - бір бірімен ортақ мақсаттарымен байланысты және бірыңғай құрылым құрайтын ғимараттар жиынтығы;
18) аккредитация - журналисттi тағайындау рәсiмi және оның өкiлеттiгiн мемлекеттік органның, қоғамдық бiрлестiктiң және ұйымның тануы;
19) бұқаралық ақпарат құралдары iстерi жөніндегі уәкiлеттi орган (бұдан әрi - уәкiлеттi орган) - Қазақстан Республикасының бұқаралық ақпарат құралдары мен ақпарат агенттiктерiнiң қызметiн мемлекеттік реттеудi жүзеге асыратын орталық атқарушы орган.
2005.08.07 № 67-III ҚР Заңымен 2-бап өзгертілді ( бұр. ред. қара)
2-бап. Сөз, ақпаратты алу және тарату бостандығы
1. Сөз, шығармашылық бостандығына, өз көзқарастары мен сенiмдерiн баспа арқылы және өзге де нысанда бiлдiруге, ақпараттарды заңда тыйым салынбаған кез келген әдiспен алуға және таратуға Қазақстан Республикасының Конституциясында кепiлдiк берiледi.
Цензураға тыйым салынады.
2. Мемлекеттік органдар, қоғамдық бiрлестiктер, лауазымды адамдар мен бұқаралық ақпарат құралдары әрбiр азаматты оның құқығы мен мүддесiне қатысты құжаттармен, шешiмдермен және ақпарат көздерiмен танысу мүмкiндiгiн қамтамасыз етуге мiндеттi.
3. Мемлекеттік құпияны немесе заңмен қорғалатын өзге де құпияны құрайтын мәлiметтердi жария етуге, экстремизм немесе терроризмдi насихаттауға және ақтауға, терроризмге қарсы операцияларды жүргiзу кезеңінде олардың техникалық тәсiлдерi мен тактикасын ашатын ақпаратты таратуға, есiрткi құралдарын, психотроптық заттар мен прекурсорларды, сондай-ақ порнографияны насихаттауға жол берiлмейдi.
2005.08.07 № 67-III ҚР Заңымен 3-бап жаңа редакцияда ( бұр. ред. қара)
3-бап. Бұқаралық ақпарат құралдарының тілі
1. Бұқаралық ақпарат құралдары мемлекеттік тiлде және басқа да тiлдерде таратылады.
2. Мемлекет Қазақстан Республикасының тiлдер туралы заңдарына сәйкес бұқаралық ақпаратты алу және оны тарату кезiнде әркiмнің ана тілін пайдалану құқығын қамтамасыз етедi.
3. Мемлекеттік тiлдегi бұқаралық ақпарат құралдарының телевизиялық және радио бағдарламаларының апталық көлемi уақыты бойынша басқа тiлдердегi хабарлардың жиынтық көлемiнен кем болмауға тиіс.
Мемлекеттік тiлдегi хабарларды хабар таратудың тәулiктiк кестесiне орналастыру хабарлар эфирге шығатын бүкiл кезең iшiнде бiркелкi жүзеге асырылуға тиiс.
Бұл талап кабельдiк, эфирлi-кабельдiк телевизия желiлерiне қолданылмайды.
4-бап. Қазақстан Республикасының бұқаралық ақпарат құралдары туралы заңдары
1. Бұқаралық ақпарат құралдары туралы заңдар Қазақстан Республикасының Конституциясына негiзделедi, осы Заңнан және Қазақстан Республикасының басқа да нормативтiк құқықтық актілерінен тұрады.
2. Егер Қазақстан Республикасы бекiткен халықаралық шартта осы Заңдағыдан өзгеше ережелер белгіленсе, халықаралық шарттың ережелерi қолданылады.
2-тарау. Бұқаралық ақпарат құралдарының
қызметін ұйымдастыру
ҚР 03.05.01 ж. № 181-II Заңымен 5-бап толықтырылды
5-бап. Бұқаралық ақпарат құралын құру құқығы
1. Бұқаралық ақпарат құралын құруға Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жеке және заңды тұлғалардың құқығы болады.
Бұқаралық ақпарат құралы заңды тұлға нысанында да, заңды тұлғаның құрылымдық бөлiмшесi нысанында да құрылуы мүмкiн.
Бұқаралық ақпарат құралын есепке қою туралы куәлiк бұқаралық ақпарат құралының өнiмiн шығаруды (эфирге шығуды) жүзеге асыруға, ақпараттық сипаттағы хабарлар мен материалдарды таратуға негiз болып табылады. Бұл талап WEB-сайттарға қолданылмайды.
2. Заңды тұлғаның - Қазақстан Республикасындағы бұқаралық ақпарат құралы меншiк иесiнің немесе осы саладағы қызметті жүзеге асырушының акцияларының (үлесiнiң, пайының) 20 проценттен астамын шетелдiк жеке және заңды тұлғалардың, азаматтығы жоқ адамдардың тiкелей және (немесе) жанама иеленуiне, пайдалануына, билiк етуiне және (немесе) басқаруына тыйым салынады.
6-бап. Бұқаралық ақпарат құралының меншік иесі
1. Меншік иесі - бұқаралық ақпарат құралын иелену, пайдалану және оған билік ету құқығын жүзеге асыратын жеке немесе заңды тұлға, не жеке және (немесе) заңды тұлғалардың бірлестігі.
2. Бұқаралық ақпарат құралының меншік иесі тиісті шарт негізінде өзінің меншікті, сондай-ақ басқа да бұқаралық ақпарат құралдарына қатысты редакция, редактор, журналист, баспагер, таратушы ретінде іс-қимыл жасауға құқылы.
7-бап. Бұқаралық ақпарат құралының редакциясы
1. Редакция меншік иесінің тапсыруы бойынша бұқаралық ақпарат құралын әзірлеуді және шығаруды (эфирге шығаруды) жүзеге асырады.
2. Редакцияға бас редактор (редактор) басшылық етеді.
2005.08.07 № 67-III ҚР Заңымен 2-1- тармақпен толықтырылды
2-1. Мыналар:
1) сот іс-әрекетке қабілетсіз деп танылған азаматтар;
2) тағайындау кезінде заңда белгiленген тәртiппен соттылығы алынбаған немесе өтелмеген азаматтар;
3) шетелдiктер не азаматтығы жоқ адамдар бас редактор (редактор) бола алмайды.
3. Меншік иесі мен редакция арасындағы қатынастар жарғымен және шартпен реттеледі.
8-бап. Ақпарат агенттігі
1. Ақпарат агенттігі - Қазақстан Республикасының заң актілеріне сәйкес тіркелген, қызметі ақпараттық сипаттағы хабарлар мен материалдарды жинауға, қайта өңдеуге және таратуға бағытталған заңды тұлға.
2. Ақпарат агенттігінің хабарлары мен материалдарында оның атауы мен шығарылған уақыты қоса берілуге тиіс.
3. Ақпарат агенттігінің хабарлары мен материалдарын бұқаралық ақпарат құралдары таратқан кезде ақпарат агенттігіне сілтеме жасауға міндетті.
4. Ақпарат агенттігіне осы Заңның 2, 10-баптарының күші қолданылады.
9-бап. Бұқаралық ақпарат құралының баспагері
1. Баспагер - бұқаралық ақпарат құралының өнімін өндіруді материалдық-техникалық жағынан қамтамасыз етуді жүзеге асыратын жеке немесе заңды тұлға.
2. Егер меншік иесі бұқаралық ақпарат құралының әрі баспагері болмаса, меншік иесі мен баспагердің құқықтары, міндеттері мен жауапкершілігі жеке шартпен белгіленеді.
ҚР 03.05.01 ж. № 181-II Заңымен 10-бап толықтырылды
10-бап. Бұқаралық ақпарат құралын есепке қою
1. Қазақстан Республикасының аумағында таратылатын, WEB-сайттардан басқа, бұқаралық ақпарат құралдары, меншiк нысанына қарамастан, мiндетті түрде есепке қойылуға тиiс.
2. Есепке қою үшiн бұқаралық ақпарат құралының меншiк иесi не оның уәкілдiк беруi бойынша әрекет ететiн адам осы Заңның 11-бабының талаптарына сәйкес арыз бередi.
3. Бұқаралық ақпарат құралын есепке алу жөніндегі арыз ол түскен күннен бастап он бес күн iшiнде қаралуға тиiс. Арызды қараудың қорытындылары бойынша уәкілеттi орган бұқаралық ақпарат құралының меншiк иесiне есепке қою туралы куәлiк бередi не төмендегi негiздер бойынша:
1) егер уәкiлеттi орган бұқаралық ақпарат құралын бұрын сол атымен және сол аумаққа таралуымен есепке қойғаны туралы куәлiк берген болса;
2) егер арыздың мазмұны осы 3аңның 11-бабының талаптарына сәйкес келмейтiн болса;
3) егер арыз бұқаралық ақпарат құралын шығаруды (эфирге шығаруды) тоқтату туралы сот шешiмiнiң заңды күшiне енгенiне бiр жыл толмай тұрып берiлсе, одан бас тартылады.
3-1. Мерзiмдi баспасөз басылымының меншiк иесi есепке қою туралы куәлiк алған күннен бастап алты ай iшiнде бұқаралық ақпарат құралы өнiмiн шығаруға кiрiсуге өзiнiң құқығын сақтайды.
Теле-, радио-, бейне-, кинохроникалық бағдарламалардың, ақпарат агенттiктерiнiң меншiк иесi есепке қою туралы куәлiк алған күннен бастап бiр жыл iшiнде бұқаралық ақпарат құралы өнiмiн шығаруға, ақпараттық сипаттағы хабарлар мен материалдарды таратуға кiрiсуге өзiнiң құқығын сақтайды.
Белгiленген кезеңде бұқаралық ақпарат құралының өнiмiн шығару басталмаған жағдайда, уәкiлеттi органның шешiмiмен есепке қою туралы куәлiктiң күшi жойылды деп танылады.
3-2. Меншiк иесi немесе оның ұйымдық-құқықтық нысаны, атауы, сондай-ақ бұқаралық ақпарат құралының аты, басылымның не хабарлардың тілі, таралу аумағы, негiзгi тақырыптық бағыты өзгерген жағдайларда бұқаралық ақпарат құралы ақпарат агенттiгi қайта есепке қойылуға тиiс.
Бұқаралық ақпарат құралын немесе ақпарат агенттiгiн қайта есепке қою оларды есепке қойғандағыдай тәртiппен жүзеге асырылады.
4. Қазақстан Республикасында таратылатын шетелдiк бұқаралық ақпарат құралдарын есепке алу Қазақстан Республикасының Үкіметі белгiлеген тәртiппен жүзеге асырылады.
11-бап. Бұқаралық ақпарат құралын есепке қою туралы арыз
1. Бұқаралық ақпарат құралын есепке қою туралы арызда:
1) бұқаралық ақпарат құралы меншiк иесiнiң атауы орналасқан жерi, ұйымдық-құқықтық нысаны;
2) бұқаралық ақпарат құралының тілі (тiлдерi);
3) шығарылымның болжалды мерзiмдiлiгi;
4) негiзгi тақырыптық бағыты;
5) таралу аумағы көрсетiлуге тиiс.
Арызға:
жеке тұлғалар үшiн - кәсiпкерлiк қызметпен айналысу құқығын растайтын құжат;
заңды тұлғалар үшiн - заңды тұлғаны мемлекеттік тiркеу туралы куәлiктiң көшiрмесi қоса тiркеледi.
2. Бұқаралық ақпарат құралын есепке қою кезiнде өзге талаптарды алға тартуға тыйым салынады.
ҚР 03.05.01 ж. № 181-II Заңымен 12-бап толықтырылды
12-бап. Бұқаралық ақпарат құралын есепке қоюдан босату
Таралымы:
- жүз данаға жетпейтін мерзімді баспасөз басылымдарын;
- ресми, нормативтік және өзге де актілерді;
- сот практикасының бюллетеньдерін;
- кабелдiк желiлермен таратылатын теле-, радио-, бейне-, кинохроникалық бағдарламаларды, егер қызмет көрсету аумағы бiр ғимаратпен немесе кешенмен шектелген болса, есепке қою талап етiлмейдi.
2005.08.07 № 67-III ҚР Заңымен 13-бап өзгертілді (бұр. ред. қара)
13-бап. Бұқаралық ақпарат құралын шығаруды (эфирге шығаруды) тоқтата тұру және тоқтату
1. Бұқаралық ақпарат құралын шығару (эфирге шығару) меншік иесінің немесе соттың шешімі бойынша тоқтатыла тұруы не тоқтатылуы мүмкін.
2. Басылымдардың бір немесе бірнеше нөмірінің шығарылуын, сондай-ақ радио және теледидар бағдарламаларының эфирге шығуын, өзге де бұқаралық ақпарат құралдарының шығарылуын уақытша тоқтату, тоқтата тұру деп түсініледі. Бұқаралық ақпарат құралын шығаруды (эфирге шығаруды) тоқтату тұру үш айдан аспайтын мерзімге жол беріледі.
3. Мемлекеттік құпияларды құрайтын мәлiметтердi немесе заңмен қорғалатын өзге де құпияны жария ету, терроризмге қарсы операцияларды жүргізу кезеңiнде олардың техникалық тәсiлдерi мен тактикасын ашатын ақпаратты тарату, есiрткi құралдарын, психотроптық заттар мен прекурсорларды насихаттау, қатыгездік пен зорлық-зомбылықты, әлеуметтік, нәсілдiк, ұлттық, дiни, тектiк-топтық және рулық басымдықты үгіттеу немесе насихаттау, порнографиялық және арнайы жыныстық-эротикалық сипаттағы радио-, телебағдарламаларды тарату, сондай-ақ кино- және бейнеөнiмдердi көрсету, осы Заңның 3-бабында, 10-бабының 3-2-тармағында көзделген талаптарды бұзу, сондай-ақ 14-бабының 3-1-тармағының, 15 және 16-баптарының талаптарын бiр жыл iшiнде қайталап бұзу белгіленген тәртіппен бұқаралық ақпарат құралдарының шығарылуын (эфирге шығуын) тоқтата тұруға негіз болып табылады.
4. Қазақстан Республикасының конституциялық құрылысын күштеп өзгертудi, оның тұтастығын бұзуды, мемлекет қауіпсiздiгіне нұқсан келтiрудi, соғысты насихаттау және үгiттеу, экстремизмдi немесе терроризмдi насихаттау, сондай-ақ белгiленген мерзiмде бұқаралық ақпарат құралдарының шығарылуын (эфирге шығуын) тоқтата тұру себептерiн жоймау бұқаралық ақпарат құралдарының шығарылуын (эфирге шығуын) тоқтатуға негіз болып табылады.
5. Меншік иесінің не соттың шешімі бойынша бұқаралық ақпарат құралының шығуын (эфирге шығуын) тоқтата тұрған не тоқтатқан жағдайда бұқаралық ақпарат құралдары істері жөніндегі уәкілетті органға хабарлама жіберіледі.
Бұқаралық ақпарат құралын шығаруды (эфирге шығаруды) тоқтату оны есепке қою туралы куәліктің күшін жоюға әкеп соғады.
3-тарау. Бұқаралық ақпарат құралдарын тарату
ҚР 03.05.01 ж. № 181-II 19.12.03 ж. № 509-II (бұр. ред. қара) Заңдарымен 14-бап өзгертілді
14-бап. Бұқаралық ақпарат құралдарын тарату
1. Бұқаралық ақпарат құралдарын таратуды меншік иесінің шешімі бойынша оның өзі не шарт негізінде немесе өзге де заңды негіздерде редакция, баспагер, сондай-ақ ұйымдар мен азаматтар жүзеге асырады.
2. Эротикалық сипаттағы материалдар жариялайтын мерзімді баспасөз басылымдарын тек қана мөлдiр ораммен буылып-түйiлген күйiнде және бөлшек саудада соған арнап әдейі бөлінген тұрақты үй-жайларда сатуға жол беріледі, олардың орналасқан жері мен ондағы сату ережелерін жергілікті атқарушы органдар белгілейді.
Порнографиялық және арнаулы сексуалдық-эротикалық сипаттағы радио, теледидар бағдарламаларының эфирге шығарылуына, сондай-ақ кино және бейне өнiмiнiң көрсетiлуiне, қатiгездiк пен зорлықты насихаттауға тыйым салынады.
3. Алкоголь өнімдерін жарнамалауға 2004 жылғы 1 қаңтардан бастап тыйым салынады.
Темекі және темекі бұйымдарын жарнамалау темекі шегушіліктің алдын алу мен оны шектеу туралы және жарнама туралы Қазақстан Республикасының заңдарымен реттеледі.
3-1. Шетелдiк бұқаралық ақпарат құралдарының теле- және радио бағдарламаларын ретрансляциялау телерадио хабарларын тарату арналары арқылы берiлетiн хабарлардың жалпы көлемiнiң: 2002 жылғы 1 қаңтардан бастап елу процентiнен, 2003 жылғы 1 қаңтардан бастап жиырма процентiнен аспауға тиiс.
Бұл талап кабелдiк және эфирлiк-кабелдiк теледидарлар тарататын хабарларға қолданылмайды.
4. Заңды негіздерде жүзеге асырылатын бұқаралық ақпарат құралы таратуға жеке немесе заңды тұлғалар, сол сияқты мемлекеттік органдарды лауазымды адамдары тарапынан кедергі жасауға, заңсыз тәркілеуге, сондай-ақ таралымын немесе оның бiр бөлiгiн жоюға заңды күшіне енген шешімi негiзiнде болмаса жол берiлмейдi.
ҚР 03.05.01 ж. № 181-II Заңымен 15-бап өзгертілді
15-бап. Шығарылым деректерi
1. Мерзiмдi басылымның әрбiр шығарылымында мынадай мәлiметтер болуға тиiс:
1) бұқаралық ақпарат құралының атауы;
2) бұқаралық ақпарат құралының меншiк иесi;
3) бас редактордың (редактордың) тегi және аты-жөнi;
4) есепке қою туралы куәлiктiң нөмiрi мен берiлген күнi және оны берген органның атауы;
5) басылымның мерзiмдiлiгi;
6) бұқаралық ақпарат құралының рет нөмiрi мен жарық көрген күні;
7) таралымы;
8) баспахананың атауы, оның мекен-жайы және редакцияның мекен-жайы.
2. Бұқаралық ақпарат құралы эфирге әрбiр шыққан сайын, ал үздiксiз хабар таратқан жағдайда тәулiгiне кемiнде төрт рет өзiнiң атауын жариялап отыруға мiндеттi.
16-бап. Мерзiмдi басылымдардың мiндеттi даналары мен теле- және радиохабарлар материалдарын сақтау
1. Мерзiмдi басылымдардың мiндеттi тегiн даналарын, соның iшiнде осы Заңның 12-бабына орай есепке қоюдан босатылғандарын олар әзiрленген күнi бұқаралық ақпарат құралының меншiк иесi немесе оның тапсыруы бойынша үшiншi тұлға Ұлттық Мемлекеттік кiтап палатасына, Ұлттық кiтапханаға, Қазақстан Республикасы Парламентiнiң кiтапханасына, бұқаралық ақпарат құралдары iстерi жөніндегі уәкiлеттi органға жiбередi.
2. Бұқаралық ақпарат құралдарының (теледидар, радио хабарларын тарату) редакциялары эфирге шығарған өз хабарларының жазбаларын бiр ай бойы сақтауға, сондай-ақ оларды өздерiнiң эфирлiк жұмысының тіркеу журналында көрсетуге және оны соңғы жазба жасалған кезден бастап кемінде бір жыл сақтауға міндетті. Тарихи немесе мәдени жағынан құнды жазбалар уәкілетті орган айқындайтын тәртіппен сақталады.
4-тарау. Бұқаралық ақпарат құралдарының
азаматтармен және ұйымдармен қатынасы
17-бап. Авторлық туындылар мен хаттар
1. Редакция пайдаланылатын туындыларға құқықты, оның ішінде интеллектуалдық меншікке авторлық және өзге де құқықтарды сақтауға міндетті.
2. Оқырмандар хаттарын жариялау кезінде олардың мәтінін қысқартуға және оның мазмұнының мағынасын бұрмаламай редакциялауға жол беріледі.
3. Егер заңда өзгеше көзделмесе, бұқаралық ақпарат құралы редакциясын ол қабылдамай тастаған материалды жариялауға ешкімнің де міндеттеуге құқығы жоқ.
ҚР 03.05.01 ж. № 181-II Заңымен 18-бап толықтырылды
18-бап. Ресми хабарлар
1. Мемлекеттік органдардың ресми хабарлары бұқаралық ақпарат құралдарында Қазақстан Республикасының заң актілеріне сәйкес орналастырылады.
2. Мемлекеттік органдар, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдеріне, олардың меншік нысанына және кімге қарайтынына қарамастан, өтініш жасаған кезде, Қазақстан Республикасының мемлекеттік құпиясы болып табылатынынан басқа ақпаратты тең шарттарда беруге міндетті.
2-1. Мемлекеттік органдар мен өзге де ұйымдар сұратылып отырған ақпаратты өтiнiш түскен күннен бастап үш күннен кешiктiрмей беруге не беру мерзiмiн немесе беруден бас тарту себебiн көрсете отырып жауабын беруге мiндеттi.
Қосымша зерделеудi және тексерудi қажет ететiн өтiнiшке жауап ол келiп түскен күннен бастап бiр ай мерзiмнен кешiктiрiлмей берiлуге тиiс.
Бұқаралық ақпарат құралынан қойылған мәселелердi шешу құзыретiне кiрмейтiн мемлекеттік органдарға немесе өзге де ұйымдарға өтiнiш келiп түскен жағдайда, осы өтiнiш бес күн мерзiмнен кешiктiрiлмей тиiстi органдарға жiберiлiп, бұл туралы бұқаралық ақпарат құралына хабарлануға тиiс.
3. Сұралып отырған мәліметтерді беруден бас тартылуға бұқаралық ақпарат құралының өкілі мемлекеттік басқару органдары мен лауазымды адамдардың азаматтар құқығына қысым жасайтын заңсыз әрекеттеріне шағым жасауға арналған заңда көзделген тәртіппен жоғары тұрған органға немесе лауазымды адамға, ал одан соң сотқа шағым жасауы мүмкін.
19-бап. Теріске шығару құқығы
1. Азамат немесе заңды тұлға өзінің ар-намысына, қадір-қасиетіне немесе іскерлік беделіне нұқсан келтіретін мәліметтерді, егер мұндай мәліметтер таратушы олардың шындыққа сәйкестігін дәлелдемесе, сот арқылы теріске шығаруды талап етуге құқылы.
2. Егер азаматтың немесе заңды тұлғаның ар-намысына, қадір-қасиетiне немесе iскерлiк беделiне нұқсан келтiретiн мәлiметтер бұқаралық ақпарат құралдарында таратылса, олар сол бұқаралық ақпарат құралдарында тегiн терiске шығарылуға тиiс.
Егер аталған мәлiметтер ұйымнан шыққан құжатта болған жағдайда, мұндай құжат алмастырылып немесе қайтарылып алынып, бұл құжаттағы мәлiметтердiң шындыққа сәйкес келмейтiндiгi туралы адресатқа мiндеттi түрде хабарлануға тиiс.
Өзге реттерде терiске шығару тәртібін сот белгілейдi.
3. Азаматтың немесе заңды тұлғаның бұқаралық ақпарат құралында терiске шығаруды не жауапты жариялау туралы талабы, егер бұқаралық ақпарат органы мұндай жарияланымнан бас тартса не бiр айдың iшiнде жарияланым жасамаса, сондай-ақ ол таратылған жағдайда, сотта қаралады.