Әлеуметтік жәрдемақы тағайындау және төлеу, сондай-ақ оның мөлшерін айқындау ережесін бекіту туралы
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2007 жылғы 28 желтоқсандағы № 1339 Қаулысы
Осы редакция 2008 жылғы 29 тамыздағы енгізілген өзгерістеріне дейін қолданылды
Қазақстан Республикасының 2007 жылғы 15 мамырдағы Еңбек кодексінің 159-бабына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. Қоса беріліп отырған Әлеуметтік жәрдемақы тағайындау және төлеу, сондай-ақ оның мөлшерін айқындау ережесі бекітілсін.
2. Осы қаулыға қосымшаға сәйкес Қазақстан Республикасы Үкіметінің кейбір шешімдерінің күші жойылды деп танылсын.
3. Осы қаулы 2008 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі және ресми жариялануға тиіс.
Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі | К. Мәсімов |
Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2007 жылғы 28 желтоқсандағы
№ 1339 қаулысымен
Бекітілген
Әлеуметтік жәрдемақы тағайындау және төлеу, сондай-ақ оның мөлшерін айқындау ережесі
1. Осы Әлеуметтік жәрдемақы тағайындау және төлеу, сондай-ақ оның мөлшерін айқындау ережесі (бұдан әрі - Ереже) Қазақстан Республикасының 2007 жылғы 15 мамырдағы Еңбек кодексінің 159-бабына сәйкес әзірленді.
2. Осы Ереже жұмыс берушінің қаражаты есебінен уақытша еңбекке жарамсыздық бойынша әлеуметтік жәрдемақы (бұдан әрі - жәрдемақы) тағайындаудың және төлеудің тәртібі мен оның мөлшерін айқындайды.
3. Жәрдемақы заңнамада көзделген еңбекке уақытша жарамсыздық жағдайларында еңбекке уақытша жарамсыздық фактісін куәландыратын тиісті құжаттарды ұсынғаннан кейін тағайындалады және төленеді.
4. Денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті мемлекеттік орган белгілеген тәртіппен берілетін еңбекке жарамсыздық парағы, ал ол жоғалған кезде - телнұсқа жәрдемақыны тағайындау және төлеу үшін негіздеме болып табылады.
5. Жәрдемақы еңбекке қабілетсіздігінің алғашқы күнінен бастап еңбекке қабілеті қалпына келген күнге дейін немесе мүгедектігін белгілегенге дейін жұмыс істейтін орны бойынша төленеді.
6. Айлық жәрдемақының мөлшері осы Ережеде белгіленген жағдайларды қоспағанда, он еселенген айлық есептік көрсеткіш шамасынан аспауға тиіс.
7. Нақты қызметкердің айлық жәрдемақысының мөлшері оның орташа күндік жалақысын еңбекке уақытша жарамсыздық парағына сәйкес төленуге жататын жұмыс күндерінің санына көбейту жолымен айқындалады.
8. Егер еңбекке уақытша жарамсыздық алдыңғы жылда басталып, ағымдағы жылда аяқталатын болса, онда жәрдемақыны есептеу мен оның мөлшерінің айлық шектеуі тиісті жылдағы айлық есептік көрсеткіш қолданыла отырып екі бөлініп жүргізіледі.
9. Ұлы Отан соғысының жұмыс істейтін қатысушыларына, мүгедектері мен оларға теңестірілген адамдарға жәрдемақы еңбек қабілетін жоғалтқан алғашқы күннен бастап орташа айлық жалақының бір жүз пайызы мөлшерінде төленеді.
10. Қызметкердің еңбек жарақатына немесе кәсіби науқастануына байланысты жәрдемақыны жұмыс беруші еңбекке жарамсыздық басталған алғашқы күннен бастап жұмысқа шыққанға немесе мүгедектік белгіленгенге дейін орташа жалақының бір жүз пайызы мөлшерінде төлейді.
11. Қызметкерді протездік-ортопедиялық ұйымның стационарына жатқызған кезде жәрдемақы стационарда болған барлық уақытына және стационарға бару-қайту уақытына, бірақ 30 күнтізбелік күннен аспайтын мерзімге беріледі.
12. Балаларды стационарда емдеу кезінде анасына (әкесіне) немесе дәрігерлердің қорытындысы бойынша қосымша күтімге мұқтаж үш жасқа дейінгі балаға күтімді тікелей жүзеге асыратын өзге де адамға үш жасқа дейінгі ауырған бала күтіміне байланысты жәрдемақы осы Ережеде белгіленген тәртіппен беріледі.
13. Кезекті немесе қосымша демалыста, жалақысы сақталмайтын демалыста жүрген қызметкерлерге отбасының уақытша еңбекке жарамсыз қалған мүшесіне күтім жасау бойынша жәрдемақы берілмейді.
14. Жұмыстан заңсыз босатылғаннан кейін қызметкерді жұмысқа қайта алған жағдайда, жәрдемақы алуға құқығы пайда болған алғашқы күннен бастап жәрдемақы төленеді.
15. Қызметкер қолданыстағы заңнамаға сәйкес жұмыстан (лауазымнан) шеттетілген кезеңде еңбекке уақытша жарамсыздық туындаған кезде жәрдемақы төленбейді. Егер еңбекке уақытша жарамсыздық жұмысқа жіберілгеннен кейін де жалғасатын болса, жәрдемақы қызметкерді жұмысқа жіберілген күннен бастап төленеді.
16. Дипломатиялық қызмет персоналы шетелде болған кезеңінде науқастанған жағдайда:
1) ұлттық валютада - ауырған барлық уақытына, Қазақстан Республикасының заңнамасында айқындалған мөлшерде;
2) шетелдік валютада - шетелдік валютадағы орташа айлық жалақысы есебінен, бірақ екі айдан аспайтын мерзімге жәрдемақы алады.
Егер ауруы екі айдан артық уақытқа созылса және денсаулық жағдайы бойынша науқас Қазақстан Республикасына жол жүре алмаса (көлік қиындығын көтере алмаса), онда жәрдемақы дәрігерлердің Қазақстан Республикасына эвакуациялау мүмкіндігі туралы шешімі шыққанға дейін шетелдік валютада оның емдеу мекемесінде болған барлық уақыты үшін төленеді.
17. Уақытша еңбекке жарамсыздық бойынша жәрдемақы:
1) еңбекке уақытша жарамсыздық ол қылмыс жасаған кезде алған жарақаттың салдарынан туындаған қызметкерлерге;
2) соттың шешімімен қызметкерді мәжбүрлеп емдеу уақытына (жүйке ауруларынан басқа);
3) қызметкердің кінәсі заңды күшіне енген сот үкімімен немесе қаулысымен белгіленген жағдайда, оның қамауға алынған уақытына және сот-медициналық сараптама уақытына;
4) қызметкердің алкогольді, есірткіні және уытты заттарды тұтынуы салдарынан болған ауруына немесе жарақатына байланысты еңбекке уақытша жарамсыздық кезінде төленбейді.
18. Негізгі жұмыс орнындағы жалақысы толық немесе ішінара сақтала отырып, басқа ұйымда жұмыс істеуге жіберілген, маусымдық жұмыс істейтін қызметкерлерге, үй шаруасымен айналысатындар мен үйге жұмыс алып істейтін қызметкерлерге, кадрларды даярлау, қайта даярлау және олардың біліктілігін арттыру курстарының тыңдаушыларына, егер оларды курсқа ұйым жіберген және оқу кезеңінде олардың жалақысы сақталған болса, осы кезеңде болатын жәрдемақы осы Ережеге сәйкес олардың жұмыс орны бойынша тағайындалады және төленеді.
19. Қызметкердің еңбекке уақытша жарамсыздығы еңбек жарақаты немесе кәсіби науқастануы салдарынан болған кезде жәрдемақы қызметкердің өндірістегі жазатайым оқиға немесе денсаулығына өзге де зақым келуі туралы акті болған кезде тағайындалады.
20. Қызметкерлер жұмыс берушіге еңбекке жарамсыздық парағын еңбекке уақытша жарамсыздығы аяқталғаннан кейін, жұмысқа шыққан күні ұсынады. Еңбекке уақытша жарамсыздық парағы, егер еңбекке жарамсыздық әлі жалғасқан жағдайда да төлемге ұсынылуы мүмкін.
21. Жәрдемақы төлеу үшін ұсынылған еңбекке жарамсыздық парағы мен басқа да құжаттар ұйымның бухгалтериясында ақша құжаттарымен бірдей сақталады.
22. Жәрдемақы жалақы төлеу үшін белгіленген мерзімдерде төленеді.
23. Қызметкердің қайтыс болуы себебінен ол алмаған жәрдемақы мұрагерлеріне немесе ондай адамдар болмаған кезде жерлеу ұйымдастыруды өз міндетіне алған адамдарға төленеді.
24. Қызметкердің өтініші бойынша жәрдемақы оның шотына аударылуы не жәрдемақыны алуға тиісті сенімхатты ұсынған сенімді адамға берілуі мүмкін.
25. Ұйымның бас (аға) бухгалтері жәрдемақы төлеуге арналған қаражаттың дұрыс жұмсалуы үшін жауапты болады.
26. Жұмыс беруші жәрдемақыны төлеу жөніндегі өзінің міндеттемелерін орындамағаны немесе тиісінше орындамағаны үшін Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен жауапты болады.
Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2007 жылғы 28 желтоқсандағы
№ 1339 қаулысына
Қосымша
Қазақстан Республикасы Үкіметінің күші жойылған кейбір
шешімдерінің тізбесі
1. «Әлеуметтік қамсыздандыру жөніндегі жәрдемақыларды жұмыс берушілердің қаражаты есебінен тағайындаудың және төлеудің тәртібі туралы» Нұсқаулықты бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 1999 жылғы 11 маусымдағы № 731 қаулысы (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 1999 ж., № 27, 249-құжат).
2. «Қазақстан Республикасы Үкіметінің кейбір шешімдеріне өзгерістер енгізу және кейбір шешімдерінің күші жойылды деп тану туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2002 жылғы 28 маусымдағы № 703 қаулысымен бекітілген Қазақстан Республикасы Үкіметінің кейбір шешімдеріне енгізілетін өзгерістердің 3-тармағы (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2002 ж., № 20, 214-құжат).
3. «Қазақстан Республикасы Үкіметінің 1999 жылғы 11 маусымдағы № 731 қаулысына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2002 жылғы 4 желтоқсандағы № 1278 қаулысы (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2002 ж., № 44, 437-құжат).
4. «Қазақстан Республикасы Үкіметінің 1999 жылғы 11 маусымдағы № 731 қаулысына өзгерістер енгізу туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2005 жылғы 7 шілдедегі № 707 қаулысы (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2005 ж., № 28, 357-құжат).
5. «Шет елдердегі дипломатиялық қызмет персоналының еңбек шарттарын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2006 жылғы 6 қаңтардағы № 23 қаулысының 2-тармағы (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2006 ж., № 3, 22-құжат).