Қазақстан Республикасы Үкіметінiң 1999 жылғы 11 маусымдағы № 731
қаулысына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы Қазақстан
Республикасы Үкіметінің 2002 жылғы 4 желтоқсандағы № 1278 қаулысы
ҚР Үкіметінің 2007 жылғы 28 желтоқсандағы № 1339 Қаулысымен күші жойылды
Қазақстан Республикасының Үкіметі қаулы етеді:
1. «Әлеуметтiк қамсыздандыру жөніндегі жәрдемақыларды жұмыс берушiлердiң қаражаты есебiнен тағайындаудың және төлеудiң тәртібі туралы» нұсқаулықты бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінiң 1999 жылғы 11 маусымдағы № 731 қаулысына (Қазақстан Республикасының ПYКЖ-ы, 1999 ж., № 27, 249-құжат) мынадай өзгерістер мен толықтырулар енгiзiлсiн: көрсетiлген қаулымен бекітілген Әлеуметтiк қамсыздандыру жөніндегі жәрдемақыларды жұмыс берушiлердiң қаражаты есебiнен тағайындаудың және төлеудiң тәртібі туралы нұсқаулықта:
2-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
"2. Әлеуметтік жәрдемақылар қызметкерге оның жұмыс iстейтiн орны бойынша тағайындалады және төленедi";
7-тармақтың бiрiншi абзацындағы "орташа айлық жалақысы" деген сөздер "заңнамаға сәйкес есептелген орташа жалақысы" деген сөздермен ауыстырылсын;
8-тармақтың бiрiншi абзацы мынадай редакцияда жазылсын:
"Қызметкер жыл сайынғы ақы төленетiн еңбек демалысында болған кезiнде жұмысқа уақытша жарамсыздығы жағдайында жұмысқа уақытша жарамсыздығы бойынша әлеуметтiк жәрдемақы еңбек демалысына дәл келген күндер үшiн есептелмейдi. Егер қызметкердiң жұмысқа уақытша жарамсыздығы демалыс аяқталғаннан кейiн де жалғасса, онда жәрдемақы қызметкер жұмысқа кiрiсуге тиiстi күннен бастап есептеледі.";
9-тармақ "соғысы" деген сөз "соғысының қатысушыларына," деген сөздермен ауыстырылсын;
20-тармақтағы "толық жалақысы мөлшерiнде, бiрақ айлық есептік көрсеткіштің он еселенген мөлшерiнен артық емес мөлшерде" деген сөздер "заңнамаға сәйкес есептелген орташа жалақысы мөлшерiнде" деген сөздермен ауыстырылсын;
21-тармақ мынадай мазмұндағы абзацпен толықтырылсын:
"Ядролық сынақтардың әсерiне ұшыраған аумақтарда тұратын әйелдерге жүктiлiгi және босануы бойынша әлеуметтiк жәрдемақылар қалыпты босанғанда 170 күнтiзбелiк күн үшiн, ал босануы ауыр болғанда немесе екi және одан да көп бала туғанда 184 күнтiзбелiк күн үшiн төленедi";
22-тармақтағы "үш жасқа" деген сөздер "бiр жарым жасқа" деген сөздермен ауыстырылсын;
26-тармақта:
"орташа айлық жалақысы" деген сөздер "заңнамаға сәйкес есептелген орташа жалақысы" деген сөздермен ауыстырылсын;
мынадай мазмұндағы абзацпен толықтырылсын:
"Маусымдық жұмыс iстейтiн қызметкерлерге, үй шаруасымен айналысатындар мен үйге жұмыс алып iстейтiн қызметкерлерге жұмысқа уақытша жарамсыздығы бойынша әлеуметтiк жәрдемақы, егер жеке еңбек шартында өзгеше айтылмаса, осы нұсқаулыққа сәйкес тағайындалады және төленеді".
2. Осы қаулы қол қойылған күнiнен бастап күшiне енедi және жариялануға тиiс.
Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі | И. Тасмағамбетов |