3. Мемлекеттік сатып алуды ұйымдастырушы конкурстық құжаттаманың ережелерін түсіндіру үшін осы Заңның 19-бабының 2-тармағында көрсетілген тіркеу журналына өздері туралы мәліметтер енгізілген тұлғалардың уәкілетті өкілдерімен конкурстық құжаттамада көрсетілген белгілі бір жерде және тиісті уақытта кездесу өткізуге құқылы. Мемлекеттік сатып алуды ұйымдастырушы мүдделі тұлғалармен аталған кездесу өткізілген күннен бастап бір жұмыс күнінен кешіктірмей, олардың дерек көздерін көрсетпей ұсынылған конкурстық құжаттаманың ережелерін түсіндіру туралы сауалдарды, сондай-ақ осы сауалдарға жауаптарды қамтитын хаттаманы ресімдейді және оған қол қояды.
Мемлекеттік сатып алуды ұйымдастырушы конкурстық құжаттаманың ережелерін түсіндіру туралы хаттама ресімделген және оған қол қойылған күннен бастап бір жұмыс күнінен кешіктірмей:
1) конкурстық комиссияға, сондай-ақ осы Заңның 19-бабының 2-тармағында көзделген тіркеу журналына өздері туралы мәліметтер енгізілген тұлғаларға аталған хаттаманың көшірмесін жіберуге;
2) аталған хаттаманың мәтінін, жабық конкурс тәсілімен мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру жағдайларын қоспағанда, тапсырыс берушінің веб-сайтында жариялауға міндетті.
21-бап. Конкурсқа қатысуға өтінім
1. Конкурсқа қатысуға өтінім әлеуетті өнім берушінің конкурстық құжаттамада белгіленген талаптарға және шарттарға сәйкес тауарларды беруді, жұмыстарды орындауды, қызмет көрсетуді жүзеге асыруға келісім беру нысаны болып табылады.
2. Конкурсқа қатысуға өтінім әлеуетті өнім берушінің:
1) осы Заңның 6-бабында көзделген шектеулерді бұзушылықтың болмағандығы туралы;
2) өзінің және тапсырыс берушінің не мемлекеттік сатып алуды ұйымдастырушының арасында осы Заңда тыйым салынған қарым-қатынастардың болмағандығы туралы;
3) Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген тәртіппен осы Заңның 37-бабының 9-тармағында көзделген фактілер анықталған жағдайда мемлекеттік сатып алу туралы шартты бұзуға келісімі туралы растауды қамтуға тиіс.
Конкурсқа қатысуға өтінімде қамтылуға тиіс мәліметтер, сондай-ақ құжаттар мемлекеттік сатып алуды жүзеге асырудың ережелерінде айқындалады.
3. Конкурсқа қатысуға өтінімнің қолданылу мерзімі конкурстық құжаттамада белгіленген талап етілетін мерзімге сәйкес келуге тиіс.
22-бап. Конкурсқа қатысуға өтінімдерді табыс ету
1. Әлеуетті өнім беруші конкурсқа қатысуға өтінімді мемлекеттік сатып алуды ұйымдастырушыға мөр басылған конвертте оны табыс етудің конкурстық құжаттамада көрсетілген соңғы мерзімі өткенге дейін табыс етеді.
Конкурсқа қатысуға өтінім салынған конвертті не конкурсқа қатысуға өтінімнің құрамдас бөлігі болып табылатын құжаттарды және (немесе) материалдарды оларды табыс етудің конкурстық құжаттамада көрсетілген соңғы мерзімі өткеннен кейін табыс етуге жол берілмейді.
Белгіленген мерзім өткеннен кейін табыс етілген конкурсқа қатысуға өтінім салынған конверт ашылмайды және әлеуетті өнім берушіге қайтарылады.
2. Мемлекеттік сатып алуды ұйымдастырушы конкурсқа қатысуға өтінім салынған конверттерді белгіленген мерзім өткенге дейін табыс еткен әлеуетті өнім берушілер туралы мәліметтерді конкурсқа қатысуға өтінімдерді тіркеу журналына хронологиялық тәртіппен енгізеді.
3. Әлеуетті өнім беруші конкурсқа қатысуға өтінімдерді табыс ету мерзімі аяқталған кезден кешіктірмей:
1) конкурсқа қатысуға енгізілген өтінімді өзгертуге және (немесе) толықтыруға;
2) конкурсқа қатысуға өзі енгізген өтінімді қамтамасыз етуді қайтарып алу құқығын жоғалтпастан, өзінің конкурсқа қатысуға өтінімін кері қайтарып алуға құқылы.
Конкурсқа қатысуға өтінім салынған конвертті табыс етудің соңғы мерзімі өткеннен кейін конкурсқа қатысуға өтінімді кері қайтарып алу сияқты, өзгерістер және (немесе) толықтырулар енгізуге жол берілмейді.
4. Мемлекеттік сатып алуды ұйымдастырушы конкурсқа қатысуға өтінімдердің конкурстық құжаттамада белгіленген қолданылу мерзімі өткенге дейін күнтізбелік он күннен кешіктірмей әлеуетті өнім берушілерден олардың қолданылу мерзімін нақты уақыт кезеңіне ұзартуды сұратуға құқылы. Әлеуетті өнім беруші:
1) өзінің конкурсқа қатысуға өтінімінің қолданылу мерзімі ішінде конкурс тәсілімен өткізілетін мемлекеттік сатып алуға қатысу;
2) мұндай өтінімнің қолданылу мерзімі өткеннен кейін өзі енгізген конкурсқа қатысуға өтінімді қамтамасыз етуді қайтарып алу құқығын жоғалтпастан, мұндай сауалды қабылдамауға құқылы.
5. Әлеуетті өнім беруші конкурс тәсілімен мемлекеттік сатып алуға өзінің қатысуына байланысты барлық шығыстарды көтереді. Тапсырыс берушінің, мемлекеттік сатып алуды ұйымдастырушының, конкурстық комиссияның, сараптамалық комиссияның, сарапшының, конкурс тәсілімен мемлекеттік сатып алудың қорытындыларына қарамастан, мұндай шығыстарды өтеу жөніндегі міндеттемелерді мойнына алмайды.
23-бап. Конкурсқа қатысуға өтінімді қамтамасыз
ету
1. Әлеуетті өнім беруші конкурсқа қатысуға өтінімді қамтамасыз етуді, өзінің:
1) конкурсқа қатысуға өтінімін мұндай өтінімдерді табыс етудің соңғы мерзімі өткеннен кейін кері қайтарып алмайтындығының не өзгертпейтіндігінің және (немесе) толықтырмайтындығының;
2) оны конкурстың қатысушысы деп таныған жағдайда, өзінің конкурстық баға ұсынысын белгіленген мерзімде табыс ететіндігінің, ал кейіннен оны кері қайтарып алмайтындығының;
3) оны конкурстың жеңімпазы деп таныған жағдайда мемлекеттік сатып алу туралы шартты жасасатындығының және конкурстық құжаттамада көзделген мемлекеттік сатып алу туралы шарттың орындалуын қамтамасыз етуді енгізетіндігінің кепілі ретінде енгізеді.
2. Конкурсқа қатысуға өтінімді қамтамасыз ету мемлекеттік сатып алуды жүзеге асырудың ережелерінде айқындалған тәртіппен тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді сатып алу үшін бөлінген соманың бір проценті мөлшерінде енгізіледі.
3. Әлеуетті өнім беруші, егер ол екі кезеңдік рәсімдерді пайдалана отырып, конкурс тәсілімен мемлекеттік сатып алудың бірінші кезеңінде қатысатын болса, конкурсқа қатысуға өтінімді қамтамасыз етуді енгізбейді.
4. Әлеуетті өнім беруші конкурсқа қатысуға өтінімді қамтамасыз етудің мынадай түрлерінің бірін:
1) мемлекеттік сатып алуды ұйымдастырушының банк шотына не мемлекеттік органдар және мемлекеттік мекемелер болып табылатын мемлекеттік сатып алуды ұйымдастырушылар үшін Қазақстан Республикасының бюджет заңнамасында көзделген шотқа енгізілетін кепілдікті ақшалай жарнаны;
2) банктік кепілдікті таңдауға құқылы.
Әлеуетті өнім берушінің конкурсқа қатысуға өтінімінің қолданылу мерзімі өткенге дейін үшінші тұлғаларда енгізілген кепілдікті ақшалай жарнаға толығымен не бір бөлігінде талап ету құқықтарының туындауына әкеп соғатын іс-әрекеттер жасауына жол берілмейді.
Мемлекеттік сатып алуды ұйымдастырушының, осы баптың 6 және 7-тармақтарында аталған іс-әрекеттерді қоспағанда, әлеуетті өнім беруші енгізген кепілдікті ақшалай жарнаны пайдалануына жол берілмейді.
5. Мемлекеттік сатып алуды ұйымдастырушы конкурсқа қатысуға өтінімді қамтамасыз етуді мынадай жағдайлардың бірі туындаған кезде:
1) әлеуетті өнім беруші конкурсқа қатысуға өтінімдерді табыс етудің соңғы мерзімі өткеннен кейін конкурсқа қатысуға өтінімді кері қайтарып алса не өзгертсе және (немесе) толықтырса;
2) конкурсқа қатысушы болып танылған әлеуетті өнім беруші өзінің конкурстық баға ұсынысын белгіленген мерзімде табыс етпесе не кері қайтарып алса;
3) конкурстың жеңімпазы деп айқындалған әлеуетті өнім беруші мемлекеттік сатып алу туралы шарт жасасудан жалтарса;
4) конкурстың жеңімпазы мемлекеттік сатып алу туралы шарт жасасып, конкурстық құжаттамада белгіленген, мемлекеттік сатып алу туралы шарттың орындалуын қамтамасыз етуді енгізу және (немесе) енгізу мерзімдері туралы талаптарды орындамаса не уақтылы орындамаса қайтармайды.
6. Осы баптың 5-тармағында көзделген жағдайлардың бірі туындаған кезде конкурсқа қатысуға өтінімді қамтамасыз етудің сомасы тиісті бюджеттің, Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің, мемлекеттік кәсіпорынның, акцияларының (үлестерінің) елу процентінен астамы мемлекетке тиесілі заңды тұлғаның немесе олармен аффилиирленген заңды тұлғалардың кірісіне есептеледі.
7. Мемлекеттік сатып алуды ұйымдастырушы әлеуетті өнім берушіге ол енгізген конкурсқа қатысуға өтінімді қамтамасыз етуді мынадай жағдайлардың бірі туындаған күннен бастап үш жұмыс күні ішінде:
1) осы әлеуетті өнім беруші өзінің конкурсқа қатысуға өтінімін конкурсқа қатысуға өтінімдерді табыс етудің соңғы мерзімі өткенге дейін кері қайтарып алған;
2) конкурсқа қатысуға рұқсат беру туралы хаттамаға қол қойылғанда қайтарады. Аталған жағдай конкурстың қатысушылары деп танылған әлеуетті өнім берушілерге қолданылмайды;
3) конкурс тәсілімен мемлекеттік сатып алудың қорытындылары туралы хаттамаға қол қойылғанда қайтарады. Аталған жағдай конкурс жеңімпазы деп айқындалған конкурсқа қатысушыға қолданылмайды;
4) мемлекеттік сатып алу туралы шарт күшіне енген және конкурс жеңімпазы конкурстық құжаттамада көзделген мемлекеттік сатып алу туралы шарттың орындалуын қамтамасыз етуді енгізген;
5) әлеуетті өнім берушінің конкурсқа қатысуға өтінімінің қолданылу мерзімі өткенде қайтарады.
24-бап. Конкурсқа қатысуға өтінімдер салынған конверттерді ашу
1. Конкурстық комиссия конкурсқа қатысуға өтінімдер салынған конверттерді конкурстық құжаттамада көрсетілген мерзімде, уақытта және орында ашады.
Конкурстық комиссия конкурсқа қатысуға өтінім салынған әрбір конвертті ашқан кезде конкурсқа қатысуға өтінімде қамтылған құжаттар мен материалдар тізбесі туралы ақпаратты жариялайды.
Конкурсқа қатысуға өтінімді табыс еткен әлеуетті өнім беруші және (немесе) оның уәкілетті өкілі аудиожазба немесе бейнетүсірілім жүргізу құқығымен конкурсқа қатысуға өтінімдер салынған конверттерді ашқан кезде қатысуға құқылы. Жабық конкурс тәсілімен мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру кезінде конкурсқа қатысуға өтінімдер салынған конверттерді ашу жөніндегі конкурстық комиссияның отырыстарына аудиожазба немесе бейнетүсірілім жүргізуге жол берілмейді.
Конкурстық комиссияның отырысына қатысушы адамның конкурстық комиссияның қызметіне араласуға құқығы жоқ.
2. Конкурстық комиссия конкурсқа қатысуға өтінімдер салынған конверттерді ашқан күннен кейінгі бір жұмыс күнінен кешіктірмей тиісті хаттама жасайды.
Конкурсқа қатысуға өтінімдер салынған конверттерді ашу хаттамасына конкурстық комиссияның төрағасы және конверттерді ашу рәсіміне қатысқан конкурстық комиссияның барлық мүшелері, сондай-ақ конкурстық комиссияның хатшысы қол қояды.
3. Мемлекеттік сатып алуды ұйымдастырушы конкурсқа қатысуға өтінім салынған конверттерді ашқан күннен кейінгі екі жұмыс күнінен кешіктірмей:
1) конкурсқа қатысуға өтінімдер салынған конверттерді ашу хаттамасының көшірмесін ашу рәсіміне қатысқан әлеуетті өнім берушілерге не олардың уәкілетті өкілдеріне жіберуге не табыс етуге;
2) конкурсқа қатысуға өтінімдер салынған конверттерді ашу хаттамасының қол қойылған мәтінін тапсырыс берушінің веб-сайтында жариялауға міндетті. Конкурсқа қатысуға өтінімдер салынған конверттерді ашу хаттамасында қамтылған және тапсырыс берушінің веб-сайтында орналастырылған мәліметтер барлық мүдделі тұлғаларға танысу үшін төлем алынбастан қолжетімді болуға тиіс.
Осы баптың 2) тармақшасының талаптары жабық конкурс тәсілімен мемлекеттік сатып алуды жүзеге асырған жағдайда қолданылмайды.
Конкурсқа қатысуға өтінімдер салынған конверттерді ашу рәсімі кезінде болмаған әлеуетті өнім берушілерге конверттерді ашу хаттамасының көшірмесі олардың жазбаша сауалы бойынша не олардың уәкілетті өкілдерінің жазбаша сауалы бойынша мемлекеттік сатып алуды ұйымдастырушының осындай сауалды алған күнінен бастап екі жұмыс күнінен кешіктірілмейтін мерзімде табыс етіледі.
4. Конкурсқа қатысуға өтінімдер салынған конверттерді ашу күнін, уақытын және орнын өзгертуге осы өзгерістерді конкурстық құжаттамаға енгізбей тұрып жол берілмейді.
25-бап. Конкурсқа қатысуға өтінімдерді қарау, конкурсқа қатысуға рұқсат беру
1. Конкурстық комиссия конкурсқа қатысуға өтінімдерді қарауды біліктілік талаптарына және конкурстық құжаттаманың талаптарына сай келетін әлеуетті өнім берушілерді айқындау және оларды конкурсқа қатысушы деп тану мақсатында жүзеге асырады.
2. Қажет болған жағдайда мемлекеттік сатып алуды ұйымдастырушы әлеуетті өнім берушілер ұсынатын тауарлардың, жұмыстардың, көрсетілетін қызметтердің конкурстық құжаттаманың ажырамас бөлігі болып табылатын техникалық өзіндік ерекшелікке сәйкес келуіне қатысты сараптамалық қорытынды әзірлеуі үшін сараптама комиссиясын құруға не сарапшыны айқындауға құқылы.
Мемлекеттік сатып алуды ұйымдастырушыда тиісті бейіндегі мамандар болмаған жағдайда, ол мемлекеттік қызметшілерді не сатып алынатын тауарларға, жұмыстарға, көрсетілетін қызметтерге мамандығы сәйкес келетін өзге мамандарды сарапшылар ретінде жұмысқа тартады. Мемлекеттік қызметшілер сарапшылар ретінде өтемсіз негізде тартылады, ал өзге де мамандар тараптардың уағдаласуы бойынша ақылы да, өтемсіз де негізде тартылады.
Сарапшылардың конкурстық комиссия шешім қабылдаған кезде дауыс беруге құқығы жоқ.
Ақылы негізде сарапшылар ретінде тартылатын тұлғаларды таңдау осы Заңға сәйкес жүзеге асырылады.
3. Конкурсқа қатысуға өтінімді қарау кезінде конкурстық комиссия:
1) конкурсқа қатысуға өтінімді қарауды, бағалауды және салыстыруды жеңілдету үшін әлеуетті өнім берушілерден олардың өтінімдеріне байланысты материалдарды және түсіндірмелерді жазбаша нысанда сұратуға;
2) конкурсқа қатысуға өтінімдерде қамтылған мәліметтерді нақтылау мақсатында тиісті мемлекеттік органдардан, жеке және заңды тұлғалардан қажетті ақпаратты жазбаша нысанда сұратуға құқылы.
Конкурсқа қатысуға өтінімді жеткіліксіз құжаттармен толықтырудан, конкурсқа қатысуға өтінімде ұсынылған құжаттарды ауыстырудан, тиісті түрде ресімделмеген құжаттарды сәйкес келтіруден көрінетін конкурсқа қатысуға өтінімді конкурстық құжаттаманың талаптарына сәйкес келтіруге байланысты конкурстық комиссияның сауал жіберуіне және өзге де іс-әрекеттеріне жол берілмейді.
Конкурстық комиссия, егер конкурсқа қатысуға өтінімде оның мәнін қозғамай түзетуге болатын грамматикалық немесе арифметикалық қателер бар болса, конкурсқа қатысуға өтінімді конкурстық құжаттаманың талаптарына сай келетін өтінім ретінде қарайды.
4. Әлеуетті өнім беруші, егер:
1) оның және (немесе) оның қосалқы мердігерінің не бірлескен орындаушысының біліктілік талаптарына сәйкес келмейтіндігі айқындалса;
2) осы Заңның 6-бабының талаптарын бұзса;
3) оның конкурсқа қатысуға өтінімінің конкурстық құжаттаманың талаптарына сәйкес келмейтіндігі айқындалса, конкурсқа қатысуға жіберілмейді (конкурсқа қатысушы деп танылмайды).
5. Егер әлеуетті өнім беруші осы баптың 4-тармағының 2) тармақшасында көзделген негіздер бойынша конкурсқа қатысуға жіберілмесе:
1) конкурсқа қатысуға рұқсат беру туралы хаттамада осындай әлеуетті өнім берушінің конкурсқа қатысуға өтінімін қайтарудың негіздемелері көрсетіледі.
2) осы Заңның 6-бабының талаптарын бұзған әлеуетті өнім беруші туралы мәліметтер мемлекеттік сатып алуға жосықсыз қатысушылардың тізіліміне енгізілуге тиіс.
6. Конкурстық комиссия конкурсқа қатысуға өтінімдерді қарау нәтижелері бойынша:
1) біліктілік талаптарына және конкурстық құжаттаманың өзге де талаптарына сай келетін әлеуетті өнім берушілерді айқындайды және оларды конкурсқа қатысушылар деп таниды;
2) осы Заңның 17-бабының 4-тармағында көзделген критерийлердің салыстырмалы мәнін қолданады;
3) конкурсқа қатысуға рұқсат беру туралы хаттаманы ресімдейді.
Егер конкурс тәсілімен мемлекеттік сатып алу лоттардан тұрса, онда конкурсқа қатысуға рұқсат беру туралы хаттамада әрбір лот бойынша конкурсқа қатысушылар көрсетіледі. Конкурсқа қатысуға рұқсат беру туралы жалпы хаттаманы онда әрбір лот бойынша конкурсқа қатысушыларды көрсету шартымен ресімдеуге жол беріледі.
7. Конкурсқа қатысуға рұқсат беру туралы хаттамаға конкурстық комиссияның төрағасы және отырысқа қатысқан барлық мүшелері, сондай-ақ конкурстық комиссияның хатшысы конкурсқа қатысуға әлеуетті өнім берушілерге рұқсат беру (конкурсқа қатысушылар деп тану) туралы шешім қабылданған күннен бастап екі жұмыс күнінен кешіктірмей қол қояды.
Мемлекеттік сатып алуды ұйымдастырушы конкурсқа қатысуға рұқсат беру туралы хаттамаға қол қойылған күннен кейінгі бір жұмыс күнінен кешіктірмей:
1) конкурсқа қатысуға өтінімдерді тіркеу журналына өздері туралы мәліметтер енгізілген әлеуетті өнім берушілердің мекенжайына конкурсқа қатысуға рұқсат беру туралы хаттаманың көшірмесін табыс ету не жіберу;
2) қол қойылған хаттаманың мәтінін тапсырыс берушінің веб-сайтында орналастыру арқылы кон-курстық комиссияның қабылдаған шешімі туралы мүдделі тұлғаларды хабарландыруға міндетті. Мұндай талап жабық конкурс тәсілімен мемлекеттік сатып алу жүзеге асырылған жағдайда қолданылмайды.
8. Конкурстық комиссияның конкурсқа қатысуға рұқсат беру туралы шешіміне осы Заңның 45-бабында белгіленген тәртіппен шағым жасалуы мүмкін.
26-бап. Конкурстық баға ұсыныстарын бағалау
мен салыстыру (конкурс)
1. Конкурстық баға ұсыныстарын бағалау мен салыстыру жөніндегі конкурстық комиссияның отырысы конкурсқа қатысуға рұқсат беру туралы хаттамада уақыты мен орны белгіленген күні, бірақ осы Заңның 25-бабы 7-тармағының 1), 2) тармақшаларында көзделген тәсілдермен мүдделі тұлғалар хабарландырылған күннен бастап үш жұмыс күнінен ерте өткізілмейді.
Конкурстық баға ұсыныстарын бағалау мен салыстыру жөніндегі конкурстық комиссияның отырысына конкурсқа қатысушылар және (немесе) олардың уәкілетті өкілдері аудиожазба және бейнетүсірілімдерді жүргізу құқығымен қатысуға құқылы. Жабық конкурс тәсілімен мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру кезінде конкурста конкурстық баға ұсыныстарын бағалау және салыстыру жөніндегі конкурстық комиссия отырысының аудиожазбасын немесе бейнетүсірілімін жүргізуге жол берілмейді.
2. Конкурсқа қатысушылар немесе олардың уәкілетті өкілдері конкурстық комиссияға конкурсқа қатысуға рұқсат беру туралы хаттамада көрсетілген мерзімнен кешіктірмей конкурстық баға ұсыныстары салынған конверттерді табыс етеді.
Конкурсқа қатысушының бір конкурстық баға ұсынысынан артық баға ұсынысын табыс етуіне, сол сияқты конкурстық баға ұсынысын кері қайтарып алуына не ұсынылған конкурстық баға ұсынысына өзгерістер және (немесе) толықтырулар енгізуіне жол берілмейді.
Конкурстық комиссия хронологиялық тәртіппен конкурстық баға ұсыныстарын тіркеу журналына конкурстық баға ұсыныстары салынған конверттер ұсынған конкурсқа қатысушылар туралы мәліметтерді конкурсқа қатысуға рұқсат беру туралы хаттамада белгіленген мерзім өткенге дейін енгізеді.
3. Конкурстық комиссия конкурстық баға ұсыныстары салынған конверттерді конкурсқа қатысушылардың және (немесе) олардың уәкілетті өкілдерінің қатысуымен ашады және оларға әрбір конкурстық баға ұсынысын жариялайды.
Конкурсқа қатысушылар және (немесе) олардың уәкілетті өкілдері конкурстық баға ұсыныстары салынған конверттердің мазмұнымен танысуға құқылы.
4. Конкурстық комиссия конкурсқа қатысушылардың конкурстық баға ұсыныстарын мынадай жағдайларда, егер:
1) конкурстық баға ұсынысының бағасы демпингтік болып табылған жағдайда қабылдамай тастайды. Демпингтік бағаны есептеу тәртібі мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру ережелерінде айқындалады;
2) конкурстық баға ұсынысы осы тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді сатып алу үшін бөлінген сомадан артық болған жағдайда қабылдамай тастайды.
5. Конкурстық комиссия қабылдаудан бас тартылмаған конкурстық баға ұсыныстарына конкурсқа қатысуға рұқсат беру туралы хаттамада көрсетілген тиісті салыстырмалы өлшемдер мәнін қолдану арқылы оларды бағалайды және конкурсқа әрбір қатысушының шартты бағасын есептейді.
Конкурстық комиссия конкурсқа қатысушылардың шартты бағаларын салыстырады және ең төменгі шартты баға негізінде конкурс жеңімпазын айқындайды.
Конкурстық комиссия конкурстық баға ұсыныстарын бағалау және салыстыру жүргізілген күні қатысушыларға конкурс жеңімпазын жариялайды және оған конкурстық комиссияның төрағасы не оның міндетін атқарушы адам қол қойған жазбаша хабарламаны береді.
27-бап. Конкурс тәсілімен мемлекеттік сатып
алудың қорытындылары туралы хаттама
1. Конкурстық комиссия конкурс жеңімпазы айқындалған күннен бастап екі жұмыс күнінен кешіктірмей конкурс тәсілімен мемлекеттік сатып алу қорытындылары туралы хаттаманы ресімдейді, оған конкурстық комиссияның төрағасы және отырысқа қатысқан барлық мүшелері, сондай-ақ конкурстық комиссияның хатшысы қол қояды.
Егер конкурс тәсілімен мемлекеттік сатып алу лоттардан тұратын жағдайда, конкурстық комиссия конкурс тәсілімен мемлекеттік сатып алу қорытындылары туралы жалпы хаттаманы ресімдейді және оған қол қояды, онда әрбір лот бойынша конкурс жеңімпаздары көрсетіледі.
2. Мемлекеттік сатып алуды ұйымдастырушы конкурс тәсілімен мемлекеттік сатып алу қорытындылары туралы хаттамаға қол қойылған күннен бастап екі жұмыс күнінен кешіктірмей:
1) хаттама мәтінін тапсырыс берушінің веб-сайтында орналастыруға;
2) осы Заңға сәйкес уәкілетті орган айқындаған заңды тұлғаға конкурс тәсілімен өткізілген мемлекеттік сатып алу қорытындыларын Бюллетеньде жариялау үшін ақпарат жіберуге міндетті.
Осы тармақта көзделген талаптар жабық конкурс тәсілімен өткізілген мемлекеттік сатып алуға қолданылмайды.
3. Мемлекеттік сатып алуды ұйымдастырушы конкурсқа қатысуға өтінімдерді тіркеу журналына өзі туралы мәліметтер енгізілген әлеуетті өнім берушінің жазбаша сауалын алған күннен бастап бір жұмыс күнінен кешіктірмей оған конкурс тәсілімен мемлекеттік сатып алу қорытындылары туралы хаттаманың көшірмесін өтемсіз негізде табыс етуге міндетті.
Жабық конкурс тәсілімен мемлекеттік сатып алу өткізілген жағдайда хаттамадан үзіндінің көшірмесі Қазақстан Республикасының мемлекеттік құпиялар туралы заңнамасында белгіленген тәртіппен табыс етіледі.
4. Ашық конкурс тәсілімен мемлекеттік сатып алу қорытындылары туралы хаттамада қамтылған және тапсырыс берушінің веб-сайтында орналастырылған мәліметтер барлық мүдделі тұлғаларға танысу үшін төлем алынбастан қолжетімді болуға тиіс.
28-бап. Конкурс тәсілімен мемлекеттік сатып
алуды өтпеді деп танудың салдары
1. Егер конкурс тәсілімен мемлекеттік сатып алу өтпеді деп танылса, тапсырыс беруші:
1) конкурс тәсілімен мемлекеттік сатып алуды қайтадан өткізу туралы;
2) конкурстық құжаттаманы өзгерту және конкурс тәсілімен мемлекеттік сатып алуды қайтадан өткізу туралы;
3) бір көзден алу тәсілімен мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру туралы шешімдердің бірін қабылдауға құқылы.
2. Конкурс тәсілімен мемлекеттік сатып алу конкурсқа қатысуға тек қана бір әлеуетті өнім берушінің жіберілуіне байланысты өтпеді деп танылған жағдайда, тапсырыс беруші онымен бір көзден алу тәсілімен мемлекеттік сатып алу туралы шарт жасасу жөнінде шешім қабылдауға құқылы. Мемлекеттік сатып алу туралы жасалған шарттың бағасы конкурсқа қатысуға бір әлеуетті өнім берушінің жіберілуіне байланысты өтпеді деп танылған конкурс тәсілімен мемлекеттік сатып алу үшін бөлінген сомадан аспауға тиіс.
3. Осы Заңның 26-бабының 4-тармағында көзделген жағдайларда конкурсқа қатысушының конкурстық баға ұсынысы қабылданбағаннан кейін қабылданбаудан тысқары бір ғана конкурстық баға ұсынысының қалуына байланысты конкурс тәсілімен мемлекеттік сатып алу өтпеді деп танылған жағдайда, тапсырыс беруші мұндай конкурсқа қатысушымен бір көзден алу тәсілімен мемлекеттік сатып алу туралы шарт жасасу жөнінде шешім қабылдауға құқылы. Мемлекеттік сатып алу туралы шарт мұндай конкурсқа қатысушының өтінімінде көзделген талаптарға сүйеніп жасалады және онымен жасалған шарттың бағасы оның конкурстық баға ұсынысынан аспауға тиіс.
29-бап. Екі кезеңді рәсімдерді пайдалана отырып,
конкурс тәсілімен мемлекеттік сатып алуды
өткізудің ерекшеліктері
1. Екі кезеңді рәсімдерді пайдалана отырып, конкурс тәсілімен мемлекеттік сатып алу:
1) тауарлардың, жұмыстардың, көрсетілетін қызметтердің егжей-тегжейлі өзіндік ерекшелігін толық тұжырымдау әрі олардың техникалық және өзге де сипаттамаларын айқындау қиын және (немесе) әлеуетті өнім берушілердің ұсыныстарын сұрату не туындаған мәселелер бойынша олармен келіссөз жүргізу қажет болған;