2) егер мемлекеттік сараптамадан өткен жобалау-сметалық құжаттамаға өзгерістер енгізілсе және Қазақстан Республикасының бюджет және өзге де заңнамасында айқындалған тәртіппен қабылданған осындай өзгерістің сомасына қосымша ақша бөлу туралы шешім қабылданса, шарттың сомасын ұлғайту бөлігінде;
3) осы тармақтың 2) тармақшасында көрсетілген жұмыстарды қоспағанда, осы тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді мемлекеттік сатып алу туралы жасалған шартта көрсетілген тауарлар, жұмыстар, көрсетілетін қызметтер бірлігі үшін бағаның өзгермейтін талабы жағдайында сатып алынатын тауарлардың, көрсетілген қызметтердің көлеміндегі қажеттіліктің азаюына немесе артуына байланысты шарттың сомасын азайту не арттыру бөлігінде жол беріледі. Тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді мемлекеттік сатып алу туралы жасалған шартты осындай өзгертуге осы тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді сатып алу үшін мемлекеттік сатып алудың жылдық жоспарында көзделген соманың шегінде жол беріледі;
4) егер өнім беруші тауарды мемлекеттік сатып алу туралы онымен жасалған шартты орындау процесінде тауар бірлігіне берілетін бағаның өзгермейтін талабы жағдайында, онымен жасалған тауарды мемлекеттік сатып алу туралы шарттың нысанасы болып табылатын тауарды берудің неғұрлым үздік сапалық және (немесе) техникалық сипаттамаларын немесе мерзімін және (немесе) шарттарын ұсынған жағдайда өзгерістер енгізуге жол беріледі.
5) салық, кеден және басқа да салалардағы заңнаманың не еңбек пен материалдық ресурстар құнының өзгеруінен туындаған аяқталу мерзімі келесі (кейінгі) жылдағы (жылдардағы) жұмыстарды орындау шартының сомасын азайту және ұлғайту бөлігінде, сондай-ақ жылдар бойынша қаржыландыру өзгерген жағдайда, мемлекеттік сараптамадан өткен жобалау-сметалық құжаттамаға тиісті өзгерістер енгізілген жағдайда шарттың орындалу мерзімдерін тиісті өзгерту бөлігінде жол беріледі.
3. Мемлекеттік сатып алу туралы шарттың жобасына не жасалған шартқа осы баптың 1 және 2-тармақтарында көзделмеген өзге де негіздер бойынша өткізілетін (өткізілген) мемлекеттік сатып алу шарттарының мазмұнын өзгертетін өзгерістер және (немесе) өнім берушіні таңдауға негіз болған ұсыныстар енгізуге жол берілмейді.
40-бап. Мемлекеттік сатып алу туралы шарттың күшіне енуі
1. Мемлекеттік сатып алу туралы шарт оған тапсырыс беруші мен өнім беруші қол қойғаннан кейін не конкурстық құжаттамада көзделген шарттың орындалуын қамтамасыз етуді өнім беруші толық енгізгеннен кейін күшіне енеді. Егер мемлекеттік сатып алу туралы шарт тіркелуге жататын болса, онда ол Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес тіркелгеннен кейін күшіне енеді.
2. Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес тіркеуге жататын мемлекеттік сатып алу туралы шартты тапсырыс беруші оны жасасқаннан кейін не өнім беруші конкурстық құжаттамада көзделген шарттың орындалуын қамтамасыз етуді толық енгізгеннен кейін бес жұмыс күнінен кешіктірмей мемлекеттік сатып алу туралы шарттарды тіркеу жөніндегі уәкілетті органға ұсынады.
3. Мемлекеттік қаржы бақылау органдары, осы Заңның 15-бабы 5-тармағының 1) тармақшасында көзделген жағдайда, жоспардан тыс тексеріс жүргізген кезде мемлекеттік сатып алу туралы шарт жасасу және (немесе) оны тіркеу мемлекеттік қаржы бақылау органының хабарламасы негізінде мұндай тексеріс басталған күннен бастап бес жұмыс күнінен аспайтын мерзімге тоқтатыла тұрады.
8-тарау. Арнайы ережелер
41-бап. Конкурс тәсілімен мемлекеттік сатып алуды жүзеге асырудың ерекше тәртібі
1. Конкурс тәсілімен мемлекеттік сатып алуды жүзеге асырудың ерекше тәртібін (бұдан әрі - ерекше тәртіп) мемлекеттік органдар, мемлекеттік мекемелер мен оралымды басқару құқығындағы мемлекеттік кәсіпорындар болып табылатын тапсырыс берушілер қолданады.
2. Ерекше тәртіп қолданыла отырып мемлекеттік сатып алу, біліктілік талаптарын белгілейтін, сондай-ақ осы Заңда көзделген мемлекеттік сатып алуды өткізу рәсімдері мен мерзімдерін регламенттейтін нормаларды қоспағанда, осы Заңға сәйкес жүзеге асырылады.
3. Ерекше тәртіп қолданыла отырып мемлекеттік сатып алу мынадай:
1) құпиялылық режимін сақтауды, сондай-ақ Қазақстан Республикасының ұлттық қауіпсіздігі мен қорғаныс қабілеті кепілдігін қамтамасыз ететін мемлекеттік сатып алуды өткізудің ерекше шарттарын белгілеу талап етілетін қорғаныстың, құқықтық тәртіп пен ұлттық қауіпсіздіктің қажеттігін қамтамасыз ету үшін тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді;
2) мемлекеттік әлеуметтік тапсырыста көзделген қызмет көрсетулерді;
3) тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемінде көзделген дәрілік заттарды, медициналық мақсаттағы бұйымдарды және амбулаториялық, дәрілік қамтамасыз ету жөнінде көрсетілетін қызметтерді;
4) іргелі ғылыми зерттеулер жүргізу жөнінде көрсетілетін қызметтерді, сондай-ақ мұндай зерттеулер жүргізу үшін қажетті нормативтік-техникалық құжаттама әзірлеу жөніндегі жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді;
5) кәсіпкерлік қызметтің субъектісі болып табылмайтын жеке тұлғаның жеке меншік құқығына тиесілі тұрғын үйді;
6) көрмелер, семинарлар, конференциялар, кеңестер, симпозиумдар, тренингтер өткізу үшін тауарларды, көрсетілетін қызметтерді сатып алған жағдайда жүзеге асырылады.
4. Конкурстық тәсілмен мемлекеттік сатып алуды жүзеге асырудың ерекше тәртібін Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайды.
42-бап. Конкурс тәсілімен мемлекеттік сатып алуды жүзеге асырудың арнайы тәртібі
1. Конкурс тәсілімен мемлекеттік сатып алуды жүзеге асырудың арнайы тәртібін (бұдан әрі - арнайы тәртіп) шаруашылық жүргізу құқығындағы мемлекеттік кәсіпорындар болып табылатын тапсырыс берушілер, акцияларының (үлестерінің) елу проценттен астамы мемлекетке тиесілі заңды тұлғалар және олармен аффилиирленген заңды тұлғалар қолданады.
2. Арнайы тәртіпті қолдана отырып мемлекеттік сатып алу, біліктілік талаптарын белгілейтін, сондай-ақ осы Заңда көзделген мемлекеттік сатып алуды өткізудің рәсімдері мен мерзімдерін регламенттейтін нормаларды қоспағанда, осы Заңға сәйкес жүзеге асырылады.
3. Арнайы тәртіпті осы баптың 1-тармағында аталған тапсырыс берушілерді басқару органдары:
1) тұрақты негізде әлеуетті өнім берушілерге біліктілігі бойынша алдын ала саралау жүргізу тәртібіне;
2) білікті әлеуетті өнім берушілердің тізбесін жасау тәртібіне;
3) осы тармақтың 1) тармақшасына сәйкес біліктілігі бойынша алдын ала саралаудан өткен әлеуетті өнім берушілердің баға ұсыныстарын сұрату және олармен мемлекеттік сатып алу туралы шарт жасасу негізінде өнім берушіні таңдау рәсімдері мен мерзімдеріне қойылатын талаптарды қамтитын Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілеген арнайы тәртіпке қойылатын үлгілік талаптарға сәйкес бекітеді.
43-бап. Заңды тұлғалардың уақытша бірлестігінің (консорциумның) мемлекеттік сатып алуға
қатысуының ерекше шарттары
Заңды тұлғалардың уақытша бірлестігінің (консорциумның) мемлекеттік сатып алуға қатысуының ерекше шарттары мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру ережелерімен айқындалады.
44-бап. Отандық әлеуетті өнім берушілердің жекелеген санаттарын қолдау
1. Мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру кезінде Қазақстан Республикасының мүгедектер қоғамдық бірлестіктері құрған тауарлар өндіретін, жұмыстар орындайтын, қызметтер көрсететін шағын кәсіпкерлік субъектілері, ұйымдар, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңдарында айқындалған отандық әлеуетті өнім берушілердің өзге де санаттары мемлекеттік қолдауға жатады.
2. Осы баптың 1-тармағында аталған отандық әлеуетті өнім берушілердің санаттарын мемлекеттік қолдау шараларын Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайды.
9-тарау. Қорытынды ережелер
45-бап. Тапсырыс берушінің, мемлекеттік сатып алуды ұйымдастырушының, комиссияның, сарапшының іс-әрекетіне (әрекетсіздігіне) шағым жасау
1. Әлеуетті өнім беруші тапсырыс берушінің, мемлекеттік сатып алуды ұйымдастырушының, комиссияның, сарапшының іс-әрекетіне (әрекетсіздігіне), егер олардың іс-әрекеттері (әрекетсіздігі) әлеуетті өнім берушінің құқықтары мен заңды мүдделерін бұзса, шағым жасауға құқылы. Тапсырыс берушінің мемлекеттік бақылау органдарында:
1) мемлекеттік сатып алу тәсілін таңдау туралы;
2) осы Заңның 5-бабының 10-тармағына сәйкес олар қабылдаған мемлекеттік сатып алуды жүзеге асырудан бас тарту туралы шешімі шағым жасауға жатпайды.
2. Мемлекеттік қаржылық бақылау органдарында тапсырыс берушінің, мемлекеттік сатып алуды ұйымдастырушының, комиссияның, сарапшының іс-әрекетіне (әрекетсіздігіне) шағым жасауға мемлекеттік сатып алуды өткізудің кез келген сатысында:
1) конкурс тәсілімен мемлекеттік сатып алудың қорытындылары туралы хабарландыру Бюллетеньде жарияланған күннен бастап;
2) тапсырыс берушінің веб-сайтында бір көзден алу тәсілімен мемлекеттік сатып алу қорытындылары туралы хаттама жарияланған күннен бастап;
3) баға ұсыныстарын сұрату тәсілімен мемлекеттік сатып алу қорытындылары бекітілген күннен бастап, бірақ он жұмыс күнінен кешіктірілмей жол беріледі.
Аталған мерзім өткеннен кейін тапсырыс берушінің, мемлекеттік сатып алуды ұйымдастырушының, комиссияның, сарапшының іс-әрекетіне (әрекетсіздігіне) шағым жасау тек қана сот тәртібімен жүзеге асырылады.
46-бап. Дауларды шешу
Мемлекеттік сатып алу процесінде туындайтын барлық даулар Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес шешіледі.
47-бап. Қазақстан Республикасының мемлекеттік сатып алу туралы заңнамасын бұзғаны үшін
жауаптылық
Қазақстан Республикасының мемлекеттік сатып алу туралы заңнамасын бұзу Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жауаптылыққа әкеп соғады.
48-бап. Осы Заңды қолданысқа енгізу тәртібі
1. Осы Заң 2008 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі.
«Мемлекеттік сатып алу туралы» 2002 жылғы 16 мамырдағы Қазақстан Республикасы Заңының (Қазақстан Республикасы Парламентінің Жаршысы, 2002 ж., № 9, 95-құжат; 2004 ж., № 14, 83-құжат; № 17, 101-құжат; 2005 ж., № 6, 7-құжат; № 23, 105-құжат; 2006 ж., № 10, 52-құжат; № 12, 71-құжат; 2007 ж., № 2, 14-құжат) күші жойылды деп танылсын.
Қазақстан Республикасының Президенті | Н. НАЗАРБАЕВ |
Астана, Ақорда, 2007 жылғы шілденің 21-і.
№ 303-ІІІ ҚРЗ