2. Қызметін мәжбүрлеп тоқтата тұру немесе тыйым салу солардың қызметін реттейтін Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жүзеге асырылатын қаржылық ұйымдардың, кредиттік бюролардың кәсіпкерлік қызметін қоспағанда, жеке кәсіпкерлік субъектісінің қызметін мәжбүрлеп тоқтата тұруды немесе тыйым салуды бақылау функцияларын жүзеге асыратын мемлекеттік органдардың өтініші бойынша сот жүргізеді.
3. Жеке кәсіпкерлік субъектісінің қызметін сот шешімінсіз үш күннен аспайтын мерзімге тоқтата тұруға немесе оған тыйым салуға, көрсетілген мерзімде талап-арызды сотқа табыс етуді міндеттей отырып, ерекше жағдайларда жол беріледі.
Бұл ретте бақылау функцияларын жүзеге асыратын мемлекеттік органның қызметті тоқтата тұру немесе оған тыйым салу туралы актісі соттың шешімі шыққанға дейін қолданыста болады.
4. Кәсіпкерлік қызметіне заңсыз кедергі келтіру салдарынан жеке кәсіпкерлік субъектісі көтерген барлық шығындар мен жеке кәсіпкерлік субъектісіне келтірілген өзге де зиян өтелуге жатады.
44-бап. Жеке кәсіпкерлікті тексерудің белгіленген
тәртібін бұзғаны үшін жауаптылық
1. Мемлекеттік орган немесе оның лауазымды адамы жеке кәсіпкерлік субъектісіне тексеру жүргізудің белгіленген тәртібін бұзған жағдайда (тексеруді негізсіз тағайындау, акті шығармай және оны құқықтық статистика органында тіркемей тексеру жүргізу, құжаттарды заңсыз алып қою, материалдық құндылықтарды заңсыз түгендеу, өндірісті тоқтата тұру, артық анықтамалар толтыру, негізсіз сұрау салуларды талап ету және өзге де жағдайларда) өтеулі талап етілетін шығындардың көлеміне тексеруге арналған материалдарды дайындағаны үшін жеке кәсіпкерлік субъекті қызметкерлеріне төленген сыйақы сомалары, өндірістің мәжбүрлі тоқтаған уақытына жалақы, өндірісті тоқтата тұру салдарынан шығарылмаған тиісті тауарларды (жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді) өткізу кезінде жеке кәсіпкерлік субъектісінің алуы ықтимал жіберіп алған пайда енгізілуі мүмкін.
2. Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген тәртіппен заңсыз деп танылған мемлекеттік бақылауды жүргізу кезінде мемлекеттік органдардың лауазымды адамдарының іс-әрекетімен (әрекетсіздігімен) жеке кәсіпкерлік субъектісіне келтірілген зиян Қазақстан Республикасының азаматтық заңнамасына сәйкес өтелуге жатады.
3. Мемлекеттік органдардың лауазымды адамдарының тексеру жүргізу кезіндегі заңсыз іс-әрекеттері Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген жауаптылыққа әкеп соғады.
10-тарау.
ЖЕКЕ КӘСІПКЕРЛІК СУБЪЕКТІЛЕРІНІҢ ЖАУАПТЫЛЫҒЫ
45-бап. Жеке кәсіпкерлік субъектілері жауаптылығының
жалпы жағдайлары
Жеке кәсіпкерлік субъектілері жеке және заңды тұлғалар мен мемлекеттің құқықтарын және заңмен қорғалатын мүдделерін сақтауға міндетті.
Жеке кәсіпкерлік субъектілерінің Қазақстан Республикасының заңнамасын бұзуы Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген жауаптылыққа әкеп соғады.
46-бап. Сәйкестікті тексеру, калибрлеу және сынақ
зертханаларын (орталықтарын) растау жөніндегi
органдардың жауаптылығы
Сәйкестікті тексеру, калибрлеу және сынақ зертханаларын (орталықтарын) растау жөніндегі органдар өз міндеттерін орындамағаны үшін Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген жауаптылықта болады.
47-бап. Жеке кәсіпкерлік субъектілерінің Қазақстан
Республикасының жосықсыз бәсеке туралы
заңнамасын бұзғаны үшін жауаптылығы
Жеке кәсіпкерлік субъектілерінің Қазақстан Республикасының жосықсыз бәсеке туралы заңнамасын бұзуы Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген жауаптылыққа әкеп соғады.
48-бап. Жеке кәсіпкерлік субъектілерінің Қазақстан
Республикасының демпингке қарсы шаралар туралы
заңнамасын бұзғаны үшін жауаптылығы
Жеке кәсіпкерлік субъектілерінің Қазақстан Республикасының демпингке қарсы шаралар туралы заңнамасын бұзуы Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген жауаптылыққа әкеп соғады.
49-бап. Жеке кәсіпкерлік субъектілерінің Қазақстан
Республикасының тауарлар импорты кезінде ішкi
рынокты қорғау шаралары туралы заңнамасын
бұзғаны үшін жауаптылығы
Жеке кәсіпкерлік субъектілерінің Қазақстан Республикасының тауарлар импорты кезінде ішкі рынокты қорғау шаралары туралы заңнамасын бұзуы Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген жауаптылыққа әкеп соғады.
11-тарау.
ҚОРЫТЫНДЫ ЕРЕЖЕЛЕР
50-бап. Қазақстан Республикасының жеке кәсіпкерлік
туралы заңнамасын бұзғаны үшін жауаптылығы
Қазақстан Республикасының жеке кәсіпкерлік туралы заңнамасын бұзу Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген жауаптылыққа әкеп соғады.
51-бап. Осы Заңды қолданысқа енгізу тәртібi
1. Осы Заң 2006 жылғы 1 шілдеден бастап қолданысқа енгізілетін 5-бапты қоспағанда, жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.
2. Осы Заңды қолданысқа енгізу кезінде қолданыста болатын Қазақстан Республикасының заңнамасы оған қайшы келмейтін бөлікте қолданылады және 2007 жылғы 1 қаңтарға дейін соған сәйкес келтірілуге тиіс.
3. Күші жойылды деп танылсын:
1) «Жеке кәсіпкерлікті қорғау және қолдау туралы» 1992 жылғы 4 шілдедегі Қазақстан Республикасының Заңы (Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесінің Жаршысы, 1992 ж., № 16, 424-құжат; 1995 ж., № 20, 120, 121-құжаттар; Қазақстан Республикасы Парламентінің Жаршысы, 1996 ж., № 14, 274-құжат; 1997 ж., № 13-14, 195, 205-құжаттар; 1999 ж., № 23, 931-құжат; 2001 ж., № 8, 52-құжат, № 24, 338-құжат; 2003 ж., № 10, 51-құжат; № 19-20, 147-құжат; 2004 ж., № 23, 142-құжат);
2) «Шағын кәсіпкерлікті мемлекеттік қолдау туралы» 1997 жылғы 19 маусымдағы Қазақстан Республикасының Заңы (Қазақстан Республикасы Парламентінің Жаршысы, 1997 ж., № 12, 182-құжат; 1998 ж., № 17-18, 225-құжат; 1999 ж., № 21, 778-құжат; № 23, 931-құжат; 2001 ж., № 4, 23-құжат; № 8, 52-құжат; № 24, 338-құжат; 2002 ж., № 15, 150-құжат; 2003 ж., № 4, 26-құжат; № 19-20, 147-құжат; 2004 ж., № 23, 142-құжат);
3) «Жеке кәсіпкерлік туралы» 1997 жылғы 19 маусымдағы Қазақстан Республикасының Заңы (Қазақстан Республикасы Парламентінің Жаршысы, 1997 ж., № 12, 185-құжат; № 22, 333-құжат; 1999 ж., № 23, 931-құжат; 2001 ж., № 24, 338-құжат).
Қазақстан Республикасының
Президентi
Н. Назарбаев
Астана, Ақорда, 2006 жылғы қаңтардың 31-і.
№ 124-III ҚРЗ
«Жеке кәсіпкерлік туралы»
2006 жылғы 31 қаңтардағы № 124-III
Қазақстан Республикасының Заңына
қосымша
Мемлекеттік бақылау және қадағалау
ТҮРЛЕРI
1. Электр энергетикасы саласындағы, жер қойнауын пайдалану және радиациялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету жөніндегі мемлекеттік орган:
1) электр энергетикасы саласындағы бақылау және қадағалау;
2) мониторинг және жер қойнауын пайдалану саласындағы келісім-шарттар талаптарының орындалуын бақылау;
3) жер қойнауын зерделеу және пайдалану саласындағы бақылау;
4) мұнайгаз кәсіпшілігі инфрақұрылымын бақылау;
5) халықтың радиациялық қауіпсіздігі саласындағы бақылау;
6) мұнай операцияларын жүргізу саласындағы бақылау;
7) мұнай өнімдерінің жекелеген түрлерінің өндірілуін және оның айналымын бақылау.
2. Көлік саласындағы мемлекеттік орган:
1) Қазақстан Республикасының әуе кеңістігін пайдалану саласындағы бақылау;
2) азаматтық авиация қызметін бақылау;
3) халықаралық әуе тасымалдарын бақылау;
4) авиациялық қауіпсіздікті қамтамасыз етуді бақылау;
5) автомобиль көлігі саласындағы бақылау;
6) темір жол көлігі саласындағы бақылау;
7) сауда мақсатында теңізде жүзу саласындағы бақылау;
8) ішкі су көлігі саласындағы бақылау;
9) автомобиль жолдарының жобалануы мен салынуын бақылау;
10) автомобиль жолдарын пайдалану ережелерінің сақталуын бақылау;
11) Мемлекеттік шекарадан өткізу пункттерінде көлік құралдарының иелері мен тасымалдаушылардың жолаушылар алдындағы азаматтық-құқықтық жауапкершілігін міндетті сақтандыру саласындағы бақылау.
3. Экспорттық бақылау жөніндегі мемлекеттік орган:
экспорттық бақылауға жатқызылатын өнімді бақылау.
4. Техникалық реттеу саласындағы мемлекеттік орган:
техникалық реттеу саласындағы бақылау.
5. Метрология саласындағы мемлекеттік орган:
метрология саласындағы бақылау.
6. Сәулет, қала құрылысы және құрылыс саласындағы мемлекеттік орган:
сәулет, қала құрылысы және құрылыс саласындағы бақылау.
7. Ауыл шаруашылығы өнеркәсібі кешенін дамыту саласындағы мемлекеттік орган:
1) ветеринария саласындағы бақылау;
2) асыл тұқымды мал шаруашылығы және ара шаруашылығы саласындағы бақылау;
3) жануарлар дүниесін қорғау, молайту және пайдалану саласындағы бақылау;
4) өсімдіктерді қорғау және оның карантині саласындағы бақылау;
5) тұқым шаруашылығы саласындағы бақылау;
6) астық нарығын реттеу саласындағы бақылау;
7) Қазақстан Республикасының орман заңнамасы саласындағы бақылау;
8) Қазақстан Республикасының су заңнамасы саласындағы бақылау;
9) өсімдік шаруашылығындағы міндетті сақтандыру саласындағы бақылау;
10) ерекше қорғалатын табиғи аумақтар саласындағы бақылау.
8. Жер ресурстарын басқару жөніндегі мемлекеттік орган:
1) жердің пайдаланылуы мен қорғалуын бақылау;
2) геодезиялық және картографиялық қызметті бақылау.
9. Қоршаған ортаны қорғау саласындағы мемлекеттік орган:
1) қоршаған ортаны қорғау, табиғи ресурстарды молықтыру және пайдалану саласындағы бақылау;
2) шаруашылық қызметтің экологиялық қауіпті түрлерін бақылау;
3) қалдықтармен жұмысты бақылау;
4) міндетті экологиялық сақтандыру саласындағы бақылау.
10. Төтенше жағдайлар саласындағы мемлекеттік орган:
1) табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлардың алдын алу және оларды жою саласындағы бақылау;
2) Азаматтық қорғаныс саласындағы бақылау;
3) қауіпті өнеркәсіптік объектілердегі өнеркәсіптік қауіпсіздік саласындағы бақылау;
4) өрт қауіпсіздігі саласындағы бақылау;
5) қызметі үшінші тұлғаларға нұқсан келтіру қауіптілігіне байланысты объектілер иелерінің азаматтық-құқықтық жауапкершілігін міндетті сақтандыру саласындағы бақылау.
11. Денсаулық сақтау саласындағы мемлекеттік орган:
1) дәрілік заттардың қауіпсіздігін, тиімділігін және сапасын бақылау;
2) көрсетілетін медициналық қызметтердің сапасын бақылау.
12. Халықтың санитарлық-эпидемиологиялық салауаттылығы саласындағы мемлекеттік орган:
1) санитарлық-эпидемиологиялық бақылау;
2) халыққа жұқпалы ауруларға қарсы алдын ала егудің ұйымдастырылуын және өткізілуін бақылау;
3) жұқпалы аурулардың алдын алу жөніндегі іс-шаралардың ұйымдастырылуын және олардың өткізілуін бақылау.
13. Білім беру саласындағы мемлекеттік орган:
білім беру жүйесіндегі бақылау.
14. Әлеуметтік-мәдени қатынастар саласындағы мемлекеттік орган:
Ұлттық мұрағат қорының құрамына жатқызылған және жеке мұрағаттарда сақталатын құжаттардың сақталуын бақылау.
15. Еңбек саласындағы мемлекеттік орган:
1) еңбек және еңбек қауіпсіздігі мен оны қорғау туралы Қазақстан Республикасы заңнамасының сақталуын бақылау;
2) жұмыс берушінің қызметкердің өмірі мен денсаулығына олардың еңбек (қызметтік) міндеттерін орындау кезінде нұқсан келтіргені үшін азаматтық-құқықтық жауапкершілігін міндетті сақтандыру туралы Қазақстан Республикасы заңнамасының сақталуын бақылау;
3) халықты еңбекпен қамту туралы Қазақстан Республикасы заңнамасының сақталуын бақылау;
4) мүгедектерді әлеуметтік қорғау туралы Қазақстан Республикасы заңнамасының сақталуын бақылау.
16. Бұқаралық ақпарат құралдары істері жөніндегі мемлекеттік орган:
бұқаралық ақпарат құралдары туралы Қазақстан Республикасы заңнамасының сақталуын бақылау.
17. Ақпараттандыру және байланыс саласындағы мемлекеттік орган:
1) байланыс саласындағы бақылау;
2) ақпараттандыру саласындағы бақылау;
3) электрондық құжат және электрондық цифрлық қолтаңба туралы Қазақстан Республикасы заңнамасының сақталуын бақылау.
18. Мемлекет алдындағы салық міндеттемелерінің орындалуына салықтық бақылауды қамтамасыз ететін мемлекеттік орган:
1) салық және басқа да міндетті төлемдердің бюджетке түсуін, сондай-ақ жинақтаушы зейнетақы қорларына міндетті зейнетақы жарналарының және Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорына әлеуметтік аударымдардың толық және уақтылы аударылуын салықтық бақылау;
2) Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген құзыреті шегінде салықтық емес түсімдердің түсуін салықтық бақылау;
3) трансферттік бағаларды қолдану кезіндегі бақылау;
2006.11.12. № 201-III ҚР Заңымен 4) тармақша толықтырылды (2007.01.01. бастап қолданысқа енгізілді)
4) акцизделетін өнімдердің өндірілуін және айналымын бақылау.
19. Банкроттық саласындағы мемлекеттік орган:
оңалту рәсімінің, конкурс ісінің жүргізілуін, сондай-ақ дәрменсіз борышкерді соттан тыс тарату рәсімінің өткізілуін бақылау.
20. Кеден ісі мәселелері жөніндегі мемлекеттік орган:
1) кеден ісі саласындағы бақылау;
2) Қазақстан Республикасы валюта заңнамасының сақталуын бақылау;
3) құзыреті шегінде салықтық бақылау;
4) мәдени құндылықтардың әкетілуіне бақылау.
21. Қаржы нарығын және қаржы ұйымдарын реттеу мен қадағалау жөніндегі мемлекеттік орган:
1) қаржы нарығын және қаржы ұйымдарын қадағалау мен бақылау;
2) кредиттік бюролар қызметін қадағалау мен бақылау;
3) инвестициялық қорлар қызметін қадағалау мен бақылау.
22. Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі:
1) валюталық операцияларды жүзеге асыруға және валюталық құндылықтарды пайдалануға байланысты қызметті бақылау;
2) құзыреті шегінде қаржылық ұйымдардың қызметін бақылау;
3) төлемдер және ақша аударымдары, вексель айналымдары мәселелері бойынша Қазақстан Республикасы заңнамасының және Қазақстан Республикасы валюта заңнамасының сақталуын бақылау;
4) төлем жүйелерінің жұмыс істеуін қадағалау.
23. Бәсекелестікті қорғау және монополистік қызметті шектеу жөніндегі мемлекеттік орган - монополияға қарсы орган:
1) экономикалық шоғырлануды бақылау;
2) нарық субъектілерінің келісімдерін (келісілген іс-әрекеттерін) бақылау;
3) мемлекеттік органдардың бәсекелестікке қарсы іс-әрекеттерін бақылау;
4) нарық субъектілерінің үстем (монополиялық) жағдайын теріс пайдалануын болдырмауды бақылау.
24. Әділет органдары:
1) авторлық құқық және сабақтас құқық, өнеркәсіптік меншік, селекциялық жетістіктер, интегралдық микросхема топологиясы объектілерін пайдалануды бақылау;
2) нормативтік құқықтық актілердің ресми мәтінін кейіннен жариялау саласындағы бақылау.
25. Табиғи монополиялар саласындағы қызметті бақылау мен реттеуді жүзеге асыратын мемлекеттік орган:
табиғи монополиялар саласындағы бақылау.
26. Стратегиялық маңызы бар экономика салаларындағы жекешелендіру мен меншік мониторингі саласындағы мемлекеттік орган:
1) жекешелендіруден кейінгі бақылау;
2) мемлекеттің үлесі бар меншік объектілерін, сондай-ақ стратегиялық маңызы бар экономика салаларындағы басқару тиімділігінің мониторингі.
2007.21.07. № 304-III (2008 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) ҚР Заңымен 27 тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
27. Мемлекеттік қаржы бақылау органдары:
Қазақстан Республикасының мемлекеттік сатып алу туралы заңнамасының сақталуын бақылау.
28. Қоғамдық тәртіпті сақтау мен қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету саласындағы мемлекеттік орган:
1) жол қозғалысы қауіпсіздігінің қамтамасыз етілуін бақылау;
2) азаматтық және қызметтік қару мен оның патрондарының, азаматтық пиротехникалық заттар мен оларды қолданып жасалған бұйымдардың айналымы саласында жұмыспен қамтылған жеке және заңды тұлғалардың қызметін бақылау;
3) түрлі-түсті бейнелі көбейткіш-көшіргіш техниканың, сондай-ақ штемпельді-гравюралық кәсіпорындардың қызметін бақылау;
4) жарылғыш және улы заттарды, радиоактивті материалдар мен заттарды қолдану мен олардың жұмыс істеуінің белгіленген ережелерінің сақталуын бақылау;
5) өз құзыреті шегінде шетелдік жұмыс күшін тарту ережелерінің сақталуын бақылау;
6) күзет қызметін, сондай-ақ күзет дабылы құралдарын монтаждауды, жолға қоюды және оларға техникалық қызмет көрсетуді жүзеге асыратын субъектілердің қызметін бақылау;
7) есірткі, психотроптық заттар мен прекурсорлардың айналымын бақылау;
8) көлік құралдарының иелері мен тасымалдаушының жолаушылар алдындағы азаматтық-құқықтық жауапкершілігін міндетті сақтандыру саласындағы бақылау.