Кеден одағында тауарлардың, жұмыстарды орындаудың, қызмет көрсетулердің экспорты
мен импорты кезінде жанама салықтарды алу қағидаттары туралы
келісім
(Мәскеу қ. 2008 жыл 25 қаңтар)
(2009.11.12. берілген өзгерістермен)
Еуразиялық экономикалық одақ туралы шарттың күшіне енуіне байланысты қолданылуы тоқтатылды
2009 жылғы 3 сәуірдегі № 148-IV ҚР Заңымен ратификацияланда
2010 жылғы 1 шілдеде күшіне енді
Бұдан әрі Тараптар деп аталатын Беларусь Республикасының, Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясының Үкіметтері,
Кеден одағы туралы 1995 жылғы 20 қаңтардағы келісімді, Кеден одағы және Біртұтас экономикалық кеңістік туралы 1999 жылғы 26 ақпандағы шартты, Еуразиялық экономикалық қоғамдастық құру туралы 2000 жылғы 10 қазандағы шартты негізге ала отырып,
Халықаралық сауданың жалпыға бірдей қабылданған нормалары мен ережелерін мойындай отырып,
төмендегілер туралы келісті:
1-бап
Осы келісімде қолданылатын негізгі ұғымдар
Осы келісімнің мақсаттары үшін мынадай терминдер пайдаланылады:
жанама салықтар - қосылған құн салығы (бұдан әрі - ҚҚС) және акциздер (акциз салығы немесе акциздік алым);
нөлдік ставка - нөл процент ставкасы бойынша ҚҚС салу, бұл ҚҚС төлеушілерінің бюджеттен ҚҚС сомаларын өтеуге арналған (есепке жатқызу, қайтару) құқығын білдіреді;
салық төлеушілер (төлеушілер) - кеден одағына қатысушы мемлекеттердің салықтарын, алымдары мен баж салықтарын төлеушілер;
тауар - сатылатын немесе сатуға арналған кез-келген жылжымалы және жылжымайтын мүлік, энергияның барлық түрлері;
жұмыс - нәтижелерінің материалдық көрінісі болатын және ұйымдардың және (немесе) жеке тұлғалардың қажеттіліктерін қанағаттандыру үшін сатылуы мүмкін қызмет;
қызмет көрсету - нәтижелерінің материалдық көрінісі болмайтын қызмет, осы қызметті жүзеге асыру процесінде сатылады және тұтынылады, сондай-ақ патенттерді, лицензияларды, сауда маркаларын, авторлық құқықтарды немесе өзге де құқықтарды беру;
тауарлар экспорты - салық төлеушілердің (төлеушілердің), сататын тауарларды кеден одағына қатысушы бір мемлекеттің аумағынан кеден одағына қатысушы екінші бір мемлекеттің аумағына әкетуі;
тауарлар импорты - салық төлеушілердің (төлеушілердің) тауарларды кеден одағына қатысушы бір мемлекеттің аумағынан кеден одағына қатысушы екінші бір мемлекеттің аумағына әкелуі;
құзыретті органдар - кеден одағына қатысушы мемлекеттердің қаржы министрлігі, салық және кеден органдары.
2-бап
Тауарлар экспорты кезінде жанама салықтарды салу қағидаты
Тауарлар экспорты кезінде ҚҚС нөлдік ставкасы және (немесе) экспорттау фактісін құжаттық растаған жағдайда акциздерді төлеуден (төленген соманы өтеу) босату қолданылады.
3-бап
Тауарлар импорты кезінде жанама салықтарды салу қағидаты
2009 ж. 11 желтоқсандағы Хаттамамен 3-бап өзгертілді (бұр.ред.қара)
Кеден одағына қатысушы бір мемлекеттің аумағынан кеден одағына қатысушы екінші мемлекеттің аумағына тауарларды импорттау кезінде жанама салықтарды, егер акциз таңбаларымен (есепке алу-бақылау таңбаларымен, белгілерімен) таңбалауға жататын тауарлар бөлігінде осы мемлекеттің заңнамасында өзгеше белгіленбесе, импорттаушы мемлекеттің салық органдары салады. Жанама салықтар осы мемлекеттің заңнамасына сәйкес оның аумағына әкелу кезінде салық салынбайтын тауарларды кеден одағына қатысушы мемлекеттің аумағына импорттау кезінде салынбайды.
Айрықша (арнайы, еркін) экономикалық аймақтарға (бұдан әрі - АЭА) импорттау кезінде жанама салықтарды қолдану ерекшелігі АЭА қызмет етуі, АЭА аумағына әкелінетін тауарларға салық салу тәртібін айқындау және Тараптар арасында жасалатын еркін кеден аймағының кедендік рәсімдері мәселелерін реттейтін халықаралық шартпен белгіленеді.
Өзара саудада импортталатын тауарларға жанама салық ставкалары осындай ішкі өндіріс тауарларына салынатын жанама салық ставкаларынан аспауға тиіс.
4-бап
Тауарлар экспорты мен импорты кезінде жанама салықтарды салу тәртібі
және олардың төленуін бақылау
Тауарлар экспорты мен импорты кезінде жанама салықтарды салу тәртібі және олардың төленуін бақылау тетігі Тараптар арасында жасалатын жекелеген хаттамаға сәйкес жүзеге асырылады.
5-бап
Жұмыстарды орындау, қызметтерді көрсету
кезінде жанама салықтарды салу тәртібі
Жұмыстарды орындау, қызметтерді көрсету кезінде жанама салықтарды салу тәртібі Тараптар арасында жасалатын жекелеген хаттамаға сәйкес жүзеге асырылады.
6-бап
Салық органдары арасындағы ақпарат алмасу
Тараптардың салық органдары арасындағы жанама салықтарды жинау толықтығын қамтамасыз ету үшін қажетті мәліметтер тізбесін қамтитын ақпарат алмасу жекелеген ведомствоаралық хаттамаға сәйкес жүзеге асырылады.
7-бап
Келісімнің халықаралық шарттармен арақатынасы
Осы Келісімнің ережесі Тараптар қатысушысы болып табылатын басқа халықаралық шарттардан туындайтын олардың құқықтары мен міндеттемелерін қозғамайды.
8-бап
Дауларды шешу
Осы Келісімнің ережесін түсіндіруге және/немесе іске асыруға байланысты Тараптар арасындағы даулар мүдделі Тараптардың консультациялары мен келіссөздер арқылы шешіледі, ал келісімге қол жеткізілмеген жағдайда дау Еуразиялық экономикалық қоғамдастық Сотына қарауға беріледі.
9-бап
Өзгерістер мен толықтырулар
Тараптардың өзара келісім бойынша осы Келісімге жекелеген хаттамамен ресімделетін өзгерістер мен толықтырулар енгізілуі мүмкін.
10-бап
Қорытынды ереже
2009 ж. 11 желтоқсандағы Хаттамамен 10-бап өзгертілді (бұр.ред.қара)
Осы Келісім 2007 жылғы 6 қазандағы Кеден одағының шарттық-құқықтық базасын қалыптастыруға бағытталған халықаралық шарттардың күшіне ену, олардан шығу және оларға қосылу тәртібі туралы хаттаманың 2-бабына сәйкес күшіне енеді.
2008 жылғы 25 қаңтарда Мәскеу қаласында бір ғана түпнұсқада орыс тілінде жасалды. Түпнұсқа ЕурАзЭҚ Интеграциялық Комитетінде сақталады, ол әр Тарапқа оның куәландырылған көшірмесін жібереді.
Беларусь Республикасының Үкіметі үшін | Қазақстан Республикасының Үкіметі үшін | Ресей Федерациясының Үкіметі үшін |