2008 жылғы 25 қаңтардағы Кеден одағында тауарлардың экспорты мен импорты, жұмыстар орындау, қызметтер көрсету кезінде жанама салықтар алу принциптері туралы келісімге өзгерістер енгізу туралы
хаттама
(Санкт-Петербург қ. 2009 жылғы 11 желтоқсан)
Еуразиялық экономикалық одақ туралы шарттың күшіне енуіне байланысты қолданылуы тоқтатылды
ҚР 2010 жылғы 30 маусымдағы № 310-IV Заңымен ратификацияланды
2010 жылғы 1 шілдеде күшіне енді
Бұдан әрі Тараптар деп аталатын Еуразиялық экономикалық қоғамдастық шеңберіндегі кеден одағына мүше мемлекеттердің үкіметтері,
2008 жылғы 25 қаңтардағы Кеден одағында тауарлар экспорты мен импорты, жұмыстар орындау, қызметтер көрсету кезінде жанама салықтар алу принциптері туралы келісімнің (бұдан әрі - Келісім) 9-бабына сәйкес,
төмендегілер туралы келісті:
1-бап
Келісімнің 3-бабының бірінші және екінші абзацтары мынадай редакцияда жазылсын:
«Кеден одағына қатысушы бір мемлекеттің аумағынан кеден одағына қатысушы екінші мемлекеттің аумағына тауарларды импорттау кезінде жанама салықтарды, егер акциз таңбаларымен (есепке алу-бақылау таңбаларымен, белгілерімен) таңбалауға жататын тауарлар бөлігінде осы мемлекеттің заңнамасында өзгеше белгіленбесе, импорттаушы мемлекеттің салық органдары салады. Жанама салықтар осы мемлекеттің заңнамасына сәйкес оның аумағына әкелу кезінде салық салынбайтын тауарларды кеден одағына қатысушы мемлекеттің аумағына импорттау кезінде салынбайды.
Айрықша (арнайы, еркін) экономикалық аймақтарға (бұдан әрі - АЭА) импорттау кезінде жанама салықтарды қолдану ерекшелігі АЭА қызмет етуі, АЭА аумағына әкелінетін тауарларға салық салу тәртібін айқындау және Тараптар арасында жасалатын еркін кеден аймағының кедендік рәсімдері мәселелерін реттейтін халықаралық шартпен белгіленеді.».
2-бап
Келісімнің 10-бабының бірінші абзацы мынадай редакцияда жазылсын:
«Осы Келісім 2007 жылғы 6 қазандағы Кеден одағының шарттық-құқықтық базасын қалыптастыруға бағытталған халықаралық шарттардың күшіне ену, олардан шығу және оларға қосылу тәртібі туралы хаттаманың 2-бабына сәйкес күшіне енеді.».
3-бап
Осы Хаттама депозитарий дипломатиялық арналар арқылы Тараптардың осы Хаттаманың күшіне енуі үшін қажетті мемлекетішілік рәсімдерді орындағаны туралы соңғы жазбаша хабарламаны алған күннен бастап күшіне енеді.
4-бап
Осы Хаттаманың түпнұсқа данасы Кеден одағының комиссиясында сақталады, ол осы Хаттаманың депозитарийі бола отырып, әрбір Тарапқа оның куәландырылған көшірмесін жібереді.
2009 жылғы 11 желтоқсанда Санкт-Петербург қаласында орыс тілінде бір түпнұсқа данада жасалды.
Беларусь Республикасының Үкіметі үшін | Қазақстан Республикасының Үкіметі үшін | Ресей Федерациясының Үкіметі үшін |