Кеден одағында жұмыстар орындау, қызметтер көрсету кезінде жанама салықтар алу тәртібі туралы
хаттама
(Санкт-Петербург қ. 2009 жылғы 11 желтоқсанда)
Еуразиялық экономикалық одақ туралы шарттың күшіне енуіне байланысты қолданылуы тоқтатылды
ҚР 2010 жылғы 30 маусымдағы № 309-IV Заңымен ратификацияланды
2010 ж. 1 шілдеде күшіне енді
Бұдан әрі Тараптар деп аталатын Еуразиялық экономикалық қоғамдастық шеңберіндегі кеден одағына мүше мемлекеттердің үкіметтері,
халықаралық сауданың жалпыға бірдей қабылданған нормалары мен ережелерін мойындай отырып,
2008 жылғы 25 қаңтардағы Кеден одағында тауарлардың экспорта мен импорты, жұмыстар орындау, қызметтер көрсету кезінде жанама салықтар алу принциптері туралы келісімнің 5-бабын басшылыққа ала отырып,
жұмыстар орындау, қызметтер көрсету кезінде жанама салықтардың кеден одағына мүше мемлекеттердің мемлекеттік бюджеттеріне уақтылы және толық түсуіне өзара мүдделілікті ескере отырып,
осы мақсатпен бір-біріне жәрдем көрсетуді қалай отырып,
төмендегілер туралы келісті:
1-бап
Осы Хаттаманың мақсаты үшін мынадай терминдер пайдаланылады:
«жылжымайтын мүлік» - жер учаскелері, жер қойнауының учаскелері, оқшауланған су объектілері және жермен тығыз байланыстының барлығы, яғни мақсатына шамадан тыс зиян келтірілмей көшірілуі мүмкін емес объектілер, оның ішінде ормандар, көп жылдық екпелер, ғимараттар, құрылыстар, құбыржолдар, электр беру желілері, мүліктік кешен ретіндегі кәсіпорындар және ғарыш объектілері;
«жылжымалы мүлік» - жылжымайтын мүлікке, көлік құралдарына жатпайтын заттар;
«көлік құралдары» - теңіз және әуе кемелері, ішкі жүзу кемелері, аралас суларда жүзетін «өзен-теңіз» кемелері; жылжымалы темір жол құрамының бірліктері; автобустар; тіркемелер мен жартылай тіркемелерді коса алғанда, автомобильдер; жүк контейнерлері;
«аудиторлық қызметтер» - бухгалтерлік есепке, салық және қаржы есептілігіне аудит жүргізу жөніндегі қызметтер;
«бухгалтерлік қызметтер» - бухгалтерлік есепке қою, жүргізу, қалпына келтіру, салық, қаржы және бухгалтерлік есептілікті жасау және (немесе) тапсыру жөніндегі қызметтер;
«дизайнерлік қызметтер» - көркемдік нысандады, бұйымдардың сыртқы келбетін, ғимараттардың қасбеттерін, үй-жайлар интерьерлерін жобалау жөніндегі қызметтер; көркемдік конструкциялау;
«инжинирингтік қызметтер» - тауарларды (жұмыстарды, қызметтерді) өндіру және өткізу процесін даярлау, өнеркәсіптік, инфрақұрылымдық, ауыл шаруашылығы және басқа да объектілерді салу мен пайдалануды дайындау жөніндегі инженерлік-консультациялық қызметтер, сондай-ақ жоба алды және жобалау қызметтері (техникалық-экономикалық негіздемелерді дайындау, жобалау-конструкторлық әзірлемелер, техникалық сынақтар және олардың нәтижелерін талдау);
«консультациялық қызметтер» - басқарушылық, экономикалық, қаржылық (оның ішінде салықтық және бухгалтерлік) мәселелер бойынша, сондай-ақ кәсіпкерлік қызметті жоспарлау, ұйымдастыру мен жүзеге асыру, персоналды басқару жөніндегі мәселелер бойынша тұлғаның проблемаларын және (немесе) мүмкіндіктерін айқындауды және (немесе) бағалауды қоса алғанда, түсіндірмелер, ұсынымдар және өзге де нысандағы консультациялар беру жөніндегі қызметтер;
«маркетингтік қызметтер» - тауарлардың, жұмыстардың, қызметтердің сипаттамасын, баға стратегиясын және жарнама стратегиясын тұжырымдауды қоса алғанда, тауарлар, жұмыстар, көрсетілетін қызметтер өндірісі мен айналысына қажетті экономикалық жағдайлар жасау жөніндегі шараларды айқындау мақсатында тауарлар, жұмыстар, қызметтер өндірісі мен айналысы саласындағы зерттеуге, талдауға, жоспарлауға және болжамдауға байланысты қызметтер;
«ғылыми-зерттеу жұмыстары» - тапсырыс берушінің техникалық тапсырмасына негізделген ғылыми зерттеулер жүргізу;
«тәжірибелік-конструкторлық және тәжірибелік-технологиялық (технологиялық) жұмыстар» - жаңа бұйымдар үлгісін, оған арналған конструкторлық құжаттаманы немесе жаңа технологияны әзірлеу;
«жарнамалық қызметтер» - белгісіз адамдар аясына арналған және кез келген құралдардың көмегімен және кез келген нысанда жеке немесе заңды тұлғаның тауарларға, тауар белгілеріне, жұмыстарға, қызметтерге қызығушылығын қалыптастыруға немесе қолдауға бағытталған ақпаратты жасау, тарату және орналастыру жөніндегі қызметтер;
«ақпаратты өңдеу жөніндегі қызметтер» - ақпаратты жинау мен қорытындылауды жүзеге асыру, ақпараттық массивтерді (деректерді) жүйелендіру және осы ақпаратты өңдеу нәтижелерін пайдаланушының иелігіне беру жөніндегі қызметтер;
«заң қызметтері» - құқықтың сипаттағы қызметтер, оның ішінде консультациялар мен түсініктемелер беру, құжаттарды дайындау және сараптау, соттарда тапсырыс берушілердің мүддесін білдіру.
2-бап
Жұмыстар орындау, қызметтер көрсету кезінде жанама салықтарды өндіріп алу аумағы жұмыстарды, қызметтерді (осы Хаттаманың 4-бабында көрсетілген жұмыстарды қоспағанда) өткізу орны болып танылатын кеден одағына мүше мемлекетте жүзеге асырылады.
Жұмыстар орындау, қызметтер көрсету кезінде салық базасы, жанама салықтардың ставкалары, оларды өндіріп алу тәртібі мен салықтық жеңілдіктер (салық салудан босату), егер осы Хаттамада өзгеше белгіленбесе, аумағы жұмыстарды, қызметтерді өткізу орны болып танылатын кеден одағына мүше мемлекеттің заңнамасына сәйкес айқындалады.
3-бап
1. Кеден одағына мүше мемлекеттің аумағы, егер:
1) жұмыстар, қызметтер осы мемлекеттің аумағындағы жылжымайтын мүлікпен тікелей байланысты болса.
Осы тармақшаның ережесі жылжымайтын мүлікті жалға алу, жалға беру және өзге де негіздерде пайдалануға беру жөніндегі қызметтерге қатысты да қолданылады;
2) жұмыстар, қызметтер осы мемлекеттің аумағындағы жылжымалы мүлікпен, көлік құралдарымен тікелей байланысты болса;
3) мәдениет, өнер, оқыту (білім беру), дене шынықтыру, туризм, демалыс және спорт саласындағы қызметтер осы мемлекеттің аумағында көрсетілсе;
4) осы мемлекеттің салық төлеушісі:
консультациялық, заң, бухгалтерлік, аудиторлық, инжинирингтік, жарнамалық, дизайнерлік, маркетингтік қызметтерді, ақпаратты өңдеу жөніндегі қызметтерді, сондай-ақ ғылыми-зерттеу, тәжірибелік-конструкторлық және тәжірибелік-технологиялық (технологиялық) жұмыстарды;
ЭЕМ-ге арналған бағдарламаларды және дерекқорларды (есептеуіш техникасының бағдарламалық құралдары мен ақпараттық өнімдерін) әзірлеу, осындай бағдарламалар мен дерекқорларды бейімдеу және түрлендіру, сүйемелдеу жөніндегі жұмыстарды, қызметтерді;
егер персонал сатып алушының қызмет орнында жұмыс істеген жағдайда, персонал беру жөніндегі қызметтерді сатып алса.
Осы тармақшаның ережелері сондай-ақ:
патенттерді, лицензияларды, мемлекет қорғайтын өнеркәсіптік меншік объектілеріне құқықтарды куәландыратын өзге де құжаттарды, сауда таңбаларын, тауар белгілерін, фирмалық атауларды, қызмет көрсету белгілерін, авторлық, сабақтас құқықтарды немесе өзге де осыған ұқсас құқықтарды беру, ұсыну, басқа біреуге беру;
көлік құралдарын жалға беруді, олардың лизингін және өзге де негіздерде пайдалануға беруді қоспағанда, жылжымалы мүлікті жалға беру, оның лизингі және өзге де негіздерде пайдалануға беру;
осы тармақшада көзделген жұмыстарды, қызметтерді орындау үшін келісім-шартқа (шартқа) негізгі қатысушы атынан баска тұлғаны тартатын тұлғаның қызмет көрсетуі кезінде қолданылады;
5) егер осы баптың 1-тармағы 1) - 4) тармақшаларында өзгеше көзделмесе, осы мемлекеттің салық төлеушісі жұмыстарды орындаса, қызметтерді көрсетсе, жұмыстарды, қызметтерді өткізу орны болып танылады.
Осы тармақшаның ережелері сондай-ақ көлік құралдарын жалға беру, лизинг және өзге де негіздерде пайдалануға беру кезінде қолданылады.
2. Жұмыстарды (қызметтерді) өткізу орнын растайтын құжаттар мыналар болып табылады:
кеден одағына мүше мемлекеттердің салық төлеушілері жасаған жұмыстарды орындауға, қызметтерді көрсетуге арналған шарттың (келісім-шарттың) көшірмелері;
жұмыстарды орындау, қызметтерді көрсету фактісін растайтын құжаттардың көшірмелері;
кеден одағына мүше мемлекеттің заңнамасында көзделген өзге де құжаттардың көшірмелері.
4-бап
1. Кеден одағына мүше бір мемлекеттің аумағынан кеден одағына қатысушы екінші мемлекеттің аумағына әкелінетін, кейіннен басқа мемлекеттің аумағына қайта өңдеу өнімдері түрінде әкетілетін алыс-беріс шикізатын қайта өңдеу жөніндегі жұмыстарға Кеден одағындағы тауарлардың экспорты мен импорты кезінде жанама салықтар алу тәртібі мен олардың төленуін бақылау тетігі туралы хаттаманың 1-бабының нормаларына сәйкес осы бапта көрсетілген құжаттардың негізінде ҚҚС салынады.
2. Көрсетілген жұмыстар бойынша ҚҚС нөлдік ставкасын қолдану негізділігін растау үшін салық органдарына салық декларациясымен (есеп) бір мезгілде мынадай құжаттар (олардың көшірмелері) тапсырылады:
кеден одағына мүше мемлекеттердің салық төлеушілері арасында жасалған шарт (келісім-шарт);
жұмыстардың орындалу, қызметтердің көрсетілу фактілерін растайтын құжаттар;
осы баптың 1-тармағында көрсетілген тауарларды әкелуді (әкетуді) растайтын құжаттар;
төленгені туралы салық органы белгі қойған (кеден одағына мүше мемлекеттердің құзыретті салық органдарының қалауы бойынша түпнұсқада немесе көшірмеде) Тауарларды әкелу туралы өтініш;
берілген шикізатты қайта өңдеу өнімдерін кеден одағына мүше мемлекеттердің аумақтарынан тыс әкетуді растайтын кеден (жүк кеден) декларациясы;
кеден одағына мүше мемлекеттердің заңнамасында көзделген өзге де құжаттар.
3. Егер салық декларациясымен бір мезгілде ҚҚС нөлдік ставкасын қолданудың негізділігін растайтын құжаттардың тапсырылмауы аумағында өңдеу жүзеге асырылатын кеден одағына мүше мемлекеттің заңнамасынан туындаса, осы баптың 2-тармағында көзделген құжаттар салық органына тапсырылмайды.
5-бап
Егер салық төлеуші салық салу тәртібі осы Хаттамамен реттелетін жұмыстардың, қызметтердің бірнеше түрлерін орындаған, көрсеткен жағдайда және бір жұмыстарды, қызметтерді іске асыру басқа жұмыстардың, қызметтердің іске асырылуына қатысты қосалқы сипатта болған жағдайда, негізгі жұмыстарды, қызметтерді іске асыру орны қосалқы жұмыстарды, қызметтерді іске асыру орны болып танылады.
6-бап
Осы Хаттамаға Тараптардың өзара келісімі бойынша хаттамалармен ресімделетін өзгерістер мен толықтырулар енгізілуі мүмкін.
Тараптардың құзыретті органдары кемінде жылына бір рет осы Хаттамаға өзгерістер және толықтырулар енгізудің орындылығы туралы мәселені қарайды.
7-бап
Осы Хаттаманы түсіндіруге және (немесе) қолдануға байланысты Тараптар арасындағы даулар мен келіспеушіліктер мүдделі Тараптардың консультациялары немесе келіссөздері арқылы шешіледі. Осындай консультациялар немесе келіссөздер басталған күннен бастап алты ай ішінде келісімге қол жеткізілмеген жағдайда дау мүдделі Тараптардың кез келгенінің бастамасы бойынша Еуразиялық экономикалық қоғамдастықтың Сотына қарауға беріледі.
8-бап
Осы Хаттама депозитарий дипломатиялық арналар арқылы Тараптардың осы Хаттаманың күшіне енуі үшін қажетті мемлекетішілік рәсімдерді орындағаны туралы соңғы жазбаша хабарлама алған күнінен бастап күшіне енеді.
9-бап
Осы Хаттама 2008 жылғы 25 қаңтардағы Кеден одағындағы тауарлардың экспорты мен импорты, жұмыстар орындау, қызметтер көрсету кезінде жанама салықтар алу принциптері туралы келісім күшіне енген күннен бастап қолдануға жатады.
10-бап
Осы Хаттаманың түпнұсқа данасы Кеден одағының комиссиясында сақталады, ол осы Хаттаманың депозитарийі болып табыла отырып, әрбір Тарапқа оның куәландырылған көшірмесін жібереді.
2009 жылғы 11 желтоқсандағы Санкт-Петербург қаласында орыс тілінде бір түпнұсқа данада жасалды.
Беларусь Республикасының Үкіметі үшін | Қазақстан Республикасының Үкіметі үшін |
Ресей Федерациясының Үкіметі үшін | |