9. Құжаттарды салық органы қабылдаған күн немесе есептілік жөнелтілімi электрондық почта арқылы жеткiзiлгендiгi туралы хабарланған күн салық есептілігi салық органына табыс етiлген күн болып табылады.
Почта ұйымына немесе өзге де байланыс ұйымына осы Кодексте белгiленген мерзiмнiң соңғы күнiнде сағат жиырма төртке дейiн тапсырылған салық есептілігi почта немесе өзге де байланыс ұйымының қабылдаған уақыты мен күнi қойылған белгiсi болса, мерзiмiнде табыс етiлген деп саналады.
10. Салық есептілігi алдын ала камералдық бақылаусыз қабылданады.
Егер салық есептілігінде:
1) салық төлеушінің тіркеу нөмірі көрсетілмесе не дұрыс көрсетілмесе;
2) салық кезеңі көрсетілмесе;
3) осы баптың қолтаңба мен салық есептілігін куәландыруға қатысты талаптары бұзылса;
4) уәкiлеттi мемлекеттік орган белгiлеген электрондық пiшiмнiң құрылымы бұзылса, салық есептілігi салық органына берiлмеген болып есептеледi.
11. Егер осы Кодексте және (немесе) жер қойнауын пайдалануға арналған келісім-шартта өзгеше көзделмесе, бөлек есепке алуды жүргiзу кезiнде салық есептілігiн табыс ету әрбiр қызмет түрi бойынша, ал жер қойнауын пайдаланушылар үшiн жер қойнауын пайдалануға арналған әрбiр келісім-шарт бойынша жеке жүргiзiледi.
70-бап. Салық декларациясын табыс ету мерзiмiн ұзарту
2006.11.12 № 201-III ҚР Заңымен 1 тармақ өзгертілді (2007 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр. ред. қара)
1. Салық төлеушiден салық декларациясын табыс етудiң осы Кодексте белгiленген мерзiмiне дейiн жазбаша (электрондық) өтiнiш алынған жағдайда, уәкiлеттi мемлекеттік орган салық декларациясын және (немесе) салық төлеушілер табыс ететін, электрондық мониторингке жататын құжаттаманы табыс ету мерзiмiн үш айдан аспайтын мерзiмге ұзартуға құқылы.
2. Осы бапқа сәйкес салық декларациясын табыс ету мерзiмiн ұзарту салық төлеу мерзiмiн өзгертпейдi.
71-бап. Салық есептілігiне өзгерістер мен толықтырулар енгізу
2006.11.12 № 201-III ҚР Заңымен 1 тармақ жаңа редакцияда (2007 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр. ред. қара)
1. Егер осы бапта өзгеше көзделмесе, салық декларациясына, есеп-қисабына өзгерістер мен толықтырулар енгізуге осы Кодексте көзделген талап қою мерзімі ішінде жол беріледі.
Аванстық төлемдер сомасының есеп-қисабына өзгерістер мен толықтырулар енгізуге осы Кодекстің 126-бабында көзделген тәртіппен рұқсат етіледі.
2006.11.12 № 201-III ҚР Заңымен 2 тармақ өзгертілді (2007 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр. ред. қара)
2. Салық төлеушiнің , салық агентінің салық декларациясына өзгерістер мен толықтырулар енгізудi және (немесе) есеп-қисапты осы өзгерістер мен толықтырулар жатқызылатын салық кезеңi үшiн қосымша салық декларациясын және (немесе) есеп-қисап жасау жолымен жүргiзедi.
3. Қосымша салық декларациясындағы және (немесе) есеп-қисаптағы тиiстi жолдарда бұрын табыс етiлген салық декларациясымен және (немесе) есеп-қисаппен салыстырғанда анықталған айырманың сомасы ғана көрсетiледi.
2006.11.12 № 201-III ҚР Заңымен 4 тармақ өзгертілді (2007 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр. ред. қара)
4. Тексеру басталғанға дейiн қосымша салық декларациясын және (немесе) есеп-қисап табыс еткен кезде, салық төлеушi , салық агенті анықтаған салық және басқа да мiндеттi төлемдер сомасы бюджетке айыппұл есептелмей енгiзiлуге тиiс.
72-бап. Салық есептілігiн сақтау мерзiмi
1. Салық есептілігi осы Кодексте белгiленген талап қою мерзiмi iшiнде салық төлеушiлерде, салық агенттерiнде және салық органдарында сақталады.
2. Салық төлеушi, салық агентi - заңды тұлға қайта ұйымдастырылған кезде қайта ұйымдастырылған тұлғаның қызмет кезеңi үшiн салық есептілігiн сақтау жөніндегі мiндеттемелер оның құқық мирасқорына жүктеледi.
13-тарау. Операциялардың жекелеген түрлерінің
салық есебінің ерекшеліктері
§ 1. Трансферттiк бағаларды қолдану кезіндегі салық салу
Ерекшелiктерi
73-бап. Трансферттiк бағаларды қолдану кезіндегі бақылау
Салық қызметi органдары мәмiлелер бойынша бағалардың дұрыс қолданылуына Қазақстан Республикасының трансферттiк бағалардың қолданылуын мемлекеттік бақылау мәселелерiн реттейтiн заң актiсiнде көзделген тәртiппен және жағдайларда бақылау жасайды.
Мәмiле бағасының нарықтық бағадан ауытқу фактiсi анықталған жағдайда, салық органдары Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес салық салу объектiлерi мен салық мiндеттемесiне түзету енгiзедi.
2006.11.12 № 201-III ҚР Заңымен 73-1-баппен толықтырылды (2007 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді)
73-1-бап. Трансферттік бағаларды қолдану кезінде салық салу
объектілерін түзету
Қазақстан Республикасының трансферттік баға белгілеу мәселелерін реттейтін заңнамасына сәйкес салық төлеуші мәміле бағасының нарықтық бағадан ауытқу фактісін дербес анықтаған кезде салық төлеуші салық салу объектілерін және салық міндеттемелерін Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес түзетуге құқылы.
§ 2. Басқа жағдайларда салық салу ерекшелiктерi
23.11.02 ж. № 358-II; 29.11.03 ж. № 500-II (бұр. ред. қара); 13.12.04 ж. № 11-III (01.01.05 ж. бастап қолданысқа енгізілді) (бұр. ред. қара) ҚР Заңдарымен 74-бап өзгертілді
74-бап. Қаржы лизингi
2006.11.12 № 201-III ҚР Заңымен 1-тармақ өзгертілді (2007 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр. ред. қара)
1. Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес үш жылдан астам мерзiмге жасалған лизинг шарты бойынша мүлiктi беру ,егер ол мына талаптардың бiрiне сай келсе:
1) мүлiктi лизинг алушының меншiгiне беру және (немесе) лизинг алушыға мүлiктi тiркелген бағамен алу жөнiнде құқық берiлуi лизинг шартында айқындалса;
2) қаржы лизингiнiң мерзiмi қаржы лизингi бойынша берiлетiн мүлiктiң пайдалы қызметi мерзiмiнiң жетпiс бес процентiнен асса;
3) қаржы лизингiнiң барлық мерзiмi үшiн лизинг төлемдерiнiң ағымдағы (дисконтталған) құны қаржы лизингi бойынша берiлетiн мүлiк құнының тоқсан процентiнен асса, ол қаржы лизингi болып табылады.
Қаржы лизингiне (лизинг бойынша) берiлген (алынған) негiзгi құралдардың құны лизинг шартын жасасу кезiнде айқындалады.
Лизинг алушының негiзгi құрал ретiнде алуына жататын лизинг заттары қаржы лизингi бойынша берiлетiн мүлiк болып табылады.
Салық салу мақсатында мұндай мәміле лизинг алушының негізгі құралдарды сатып алуы ретінде қаралады. Бұл ретте лизинг алушы - негізгі құралдардың иесі ретінде, ал лизингтік төлемдер лизинг алушыға берілген кредит бойынша төлем ретінде қаралады.
2. Осы баптың мақсаты үшiн қаржы лизингiнің мерзiмi лизинг алушының шартқа сәйкес қаржы лизингiн ұзартуға құқығы бар қосымша мерзiмдi қамтиды.
13.12.04 ж. № 11-III (01.01.05 ж. бастап қолданысқа енгізілді) ҚР Заңымен 75-бап толықтырылды
75-бап. Ортақ үлестiк меншiк
Ортақ үлестiк меншiк немесе кәсіпкерлiк қызметтi бiрлесiп жүргiзу туралы уағдаластық не заңды тұлға құрмай, екі және одан да көп иеленушi болуын көздейтiн өзге де уағдаластық болған жағдайда, салық салу объектiлерi мен салық салуға байланысты объектiлер, пайлық инвестициялық қор пайларының иелерiн қоспағанда, осы Кодексте белгiленген тәртіппен тиiсiнше әрбiр иеленушiде есепке алынып, салық салынады.
23.11.02 ж. № 358-II; 13.12.04 ж. № 11-III (01.01.05 ж. бастап қолданысқа енгізілді) (бұр. ред. қара) ҚР Заңдарымен 76-бап өзгертілді
76-бап. Жекелеген жағдайларда салық салу объектiлерiн анықтау тәртібі
1. Есеп жүргiзу тәртібі бұзылған жағдайда есеп құжаттамалары жоғалған немесе жойылған кезде салық қызметi органдары мемлекеттік салық-бюджет саясатын қалыптастыруды және iске асыруды жүзеге асыратын Қазақстан Республикасының уәкiлеттi мемлекеттік органымен келісім бойынша уәкiлеттi мемлекеттік орган айқындаған тәртiппен салық салу объектiлерi мен салық салуға байланысты объектiлердi жанама әдiстер (активтер, мiндеттемелер, айналымдар, шығындар, шығыстар) негiзiнде айқындайды.
1-1. Салық агенті қызметкердің толық жұмыс күні үшін табысын Қазақстан Республикасының тиісті қаржы жылына арналған республикалық бюджет туралы заңында белгіленген жалақының ең төменгі мөлшерінен төмен мөлшерде есептеген жағдайда, салық органдары әлеуметтік салық салу объектісін ең төменгі жалақының аталған мөлшеріне қарай белгілейді.
2. Егер жеке тұлға өзiнiң тұтынуына, соның iшiнде мүлiк сатып алуына жұмсаған шығыстарына сәйкес келмейтiн табысты көрсетсе, салық органдары өткен кезеңдердiң табыстарын есептей отырып, олардың жасаған шығыстары негiзiнде табысы мен салығын айқындайды.
3. Басқа да тұлғалар мен органдар аталған табысты алудың заңдылығына талас тудырған жағдайларда да, табысқа салық салынуға тиiс.
4. Егер сот шешiмi бойынша табыс Қазақстан Республикасының заң актілерінде көзделген жағдайларда бюджетке алып қоюға жатса, аталған табыс оған төленген салық сомасы шегерiлмей алынады.
4-бөлім. Корпорациялық табыс салығы
14-тарау. Жалпы ережелер
77-бап. Төлеушiлер
1. Корпорациялық табыс салығын төлеушiлерге Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкi мен мемлекеттік мекемелердi қоспағанда, Қазақстан Республикасының резидент заңды тұлғалары, сондай-ақ Қазақстан Республикасында қызметiн тұрақты мекеме арқылы жүзеге асыратын немесе Қазақстан Республикасындағы көздерден табыс алатын резидент емес заңды тұлғалар (бұдан әрi бөлiм бойынша - салық төлеушiлер) жатады.
2. Арнайы салық режимiн қолданушы заңды тұлғалар корпорациялық табыс салығын осы Кодекстiң 368-377, 385-397-баптарына сәйкес төлейдi.
2007.12.01. № 220- III ҚР Заңымен 3 тармақпен толықтырылды (2008 ж. 1 қаңтарда қолданысқа енеді)
3. Ойын бизнесі салығын төлеушілер ойын бизнесі саласындағы қызметті жүзеге асырудан түскен кірістер бойынша корпоративтік табыс салығын төлеушілер болып табылмайды.
78-бап. Салық салу объектiлерi
Мыналар:
1) салық салынатын табыс;
2) төлем көзiнен салық салынатын табыс;
3) Қазақстан Республикасында қызметiн тұрақты мекеме арқылы жүзеге асыратын резидент емес заңды тұлғаның таза табысы корпорациялық табыс салығы салынатын объектiлер болып табылады.
15-тарау. Салық салынатын табыс
79-бап. Салық салынатын табыс
Салық салынатын табыс жылдық жиынтық табыс пен осы Кодекстiң 122-бабына сәйкес жасалған түзетулердi ескере отырып осы Кодекстiң 80-103, 105-114-баптарында көзделген шегерiмдер арасындағы айырма ретiнде айқындалады. Жылдық жиынтық табыс осы Кодекстiң 91-бабына сәйкес түзетiлуге тиiс.
§ 1. Жылдық жиынтық табыс
04.07.03 ж. № 475-II (бұр. ред. қара); 13.12.04 ж. № 11-III (01.01.05 ж. бастап қолданысқа енгізілді) (бұр. ред. қара) ; 2005.22.11 № 89-III (2006.01.01 бастап қолданысқа енгізілді) (бұр. ред. қара) ҚР Заңдарымен 80-бап өзгертілді
80-бап. Жылдық жиынтық табыс
1. Резидент заңды тұлғаның жылдық жиынтық табысы салық кезеңi iшiнде Қазақстан Республикасы мен одан тыс жерлерден алынуға тиiс (алынған) табыстардан тұрады.
Қазақстан Республикасында қызметiн тұрақты мекеме арқылы жүзеге асыратын резидент емес заңды тұлғаның жылдық жиынтық табысы осы Кодекстiң 184-бабына сәйкес анықталады.
2. Жылдық жиынтық табыста салық төлеушi табыстарының барлық түрлерi, соның iшiнде:
1) тауарларды (жұмыстарды, қызметтер көрсетудi) өткізуден түсетiн табыс;
2) үйлердi, ғимараттарды, (мұнай, газ ұңғымалары мен беріліс құрылғыларын қоспағанда), сондай-ақ амортизациялауға жатпайтын активтердi өткізу кезіндегі құн өсiмiнен түсетiн табыс;
3) мiндеттемелердi есептен шығарудан түсетiн табыстар;
4) күмәндi мiндеттемелер бойынша түсетiн табыстар;
5) мүлiктi жалға беруден түсетiн табыстар;
6) Қазақстан Республикасының заңдарымен провизиялар жасауға рұқсат етiлген банктер мен банк операцияларының жекелеген түрлерiн жүзеге асыратын ұйымдар жасаған провизиялардың мөлшерiн азайтудан түсетiн табыстар;
7) борышты талап етудi басқаға беруден түсетiн табыстар;
8) кәсiпкерлiк қызметтi шектеуге немесе тоқтатуға келісім үшiн алынған табыстар;
9) шығып қалған тiркелген активтер құнының iшкi топтың (топтың) құн балансынан асып түсуiнен алынатын табыстар;
2006.11.12 № 201-III ҚР Заңымен 9-1-тармақпен толықтырылды (2007 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді)
9-1) жер қойнауын пайдаланушылардың табиғи ресурстарды геологиялық зерттеуге және оларды өндіруге дайындық жұмыстарына арналған шығыстарын, сондай-ақ басқа да шығыстарын түзетуден түсетін табыстар;
10) кен орындарын игеру зардаптарын жою жөніндегі нақты шығыстар сомасынан кен орындарын игеру зардаптарын жою қорына аударылған соманың асып түсуiнен алынатын табыстар;
11) ортақ үлестiк меншiктен түсетiн табысты бөлу кезiнде алынатын табыстар;
12) бұрын негiзсiз ұсталып, бюджеттен қайтарылған айыппұлдардан басқа, борышкерге салынған немесе ол мойындаған айыппұлдар, өсiмпұлдар және санкциялардың басқа да түрлерi, егер осы сомалар бұрын шегерiп тасталмаған болса;
13) бұрын жүргiзiлген шегерiмдер бойынша алынған өтемақылар;
14) өтеусiз алынған мүлiк, орындалған жұмыстар, көрсетiлген қызметтер;
15) дивидендтер;
15-1) 2006.11.12 № 201-III ҚР Заңымен алып тасталды (2007 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр. ред. қара)
16) сыйақылар;
17) оң бағамдық айырма сомасының терiс бағамдық айырма сомасынан асып кетуi;
18) ұтыстар;
19) роялти;
20) әлеуметтiк сала объектiлерiн пайдалану кезiнде алынған табыстардың шығыстардан артығы қамтылады.
ҚР 29.11.03 ж. № 500-II Заңымен 81-бап өзгертілді (бұр. ред. қара)
81-бап. Тауарларды (жұмыстарды, қызмет көрсетулердi) өткізуден түсетiн табыс
1. Егер Қазақстан Республикасының трансферттiк бағаларды қолдану кезiнде мемлекеттік бақылау жасау мәселелерi жөніндегі заңдарында өзгеше көзделмесе, қосылған құн салығы мен акциздi қоспағанда, өткiзiлген тауарлардың, орындалған жұмыстардың, көрсетілген қызметтердiң құны тауарларды (жұмыстарды, қызмет көрсетулердi) өткізуден түскен табыс болып табылады.
2. Тауарларды (жұмыстарды, қызмет көрсетулердi) өткізуден түскен табыс:
1) тауарлар толық немесе iшiнара қайтарылған;
2) мәмiле шарттары өзгерген;
3) өткiзiлген тауарлар (жұмыстар, қызмет көрсетулер) үшiн бағалар, өтемдер өзгерген;
4) теңгемен төлеген кезде өткiзiлген тауарлардың (жұмыстардың, қызмет көрсетулердiң) құнындағы айырма алынған жағдайларда түзетiлуге тиiс.
Табысты түзету аталған өзгерістер болған салық кезеңiнiң қорытындысы бойынша жүргiзiледi.
04.07.03 ж. № 475-II (бұр. ред. қара); 29.11.03 ж. № 500-II (бұр. ред. қара); 13.12.04 ж. № 11-III (01.01.05 ж. бастап қолданысқа енгізілді) (бұр. ред. қара) ; 2005.22.11 № 89-III (2006.01.01 бастап қолданысқа енгізілді) (бұр. ред. қара) ҚР Заңдарымен 82-бап өзгертілді
82-бап. Үйлердi, ғимараттарды, (мұнай, газ ұңғымалары мен беріліс құрылғыларын қоспағанда), сондай-ақ амортизациялауға жатпайтын активтердi өткізу кезіндегі құн өсiмiнен түсетiн табыс
1. Құн өсiмiнен түсетiн табыс үйлердi, ғимараттарды, (мұнай, газ ұңғымалары мен беріліс құрылғыларын қоспағанда), сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес мемлекеттік қажеттіліктер үшiн сатып алынған активтердi қоспағанда, амортизациялауға жатпайтын басқа да активтердi өткізу кезiнде құралады. Амортизациялауға жатпайтын активтерге:
1) жер учаскелерi;
2) құрылысы аяқталмаған объектiлер;
3) орнатылмаған жабдық;
4) салық төлеушi тауарларды өндiруде, жұмыстарды орындауда, қызметтер көрсетуде пайдаланбайтын негiзгi құралдар мен материалдық емес активтер;
5) бағалы қағаздар;
6) кез келген ұйымдық-құқықтық нысандағы заңды тұлғаға, консорциумдарға қатысу үлесi;
7) Қазақстан Республикасының 2000 жылғы 1 қаңтарға дейiн қолданылған салық заңдарына сәйкес бұрын құны толық шегерiмге жатқызылған негiзгi құралдар;
8) осы Кодекстiң 138-140-баптарына сәйкес құны шегерiмге жатқызылған, инвестициялық жоба шеңберiнде пайдалануға берiлген тiркелген активтер жатады.
2006.11.12 № 201-III ҚР Заңымен 2 тармақ өзгертілді (2007 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр. ред. қара)
2. Осы баптың 3-5-тармақтарында көзделген жағдайларды қоспағанда, өсiм аталған активтердi сату құны мен олардың бастапқы құнының арасындағы айырма ретiнде айқындалады.
3. Кәсiпкерлiк қызметте пайдаланылатын үйлердi, ғимараттарды, (мұнай, газ ұңғымалары мен беріліс құрылғыларын қоспағанда) өткізу кезiнде құн өсiмi (залал) өткізу құны мен салық есебiнде айқындалатын қалдық құнның арасындағы айырма ретiнде айқындалады.
4. Бағалы қағаздарды және қатысу үлесiн өткізу кезіндегі құн өсiмi мыналар:
борыштық бағалы қағаздарды қоспағанда, бағалы қағаздар және қатысу үлесі бойынша өткізу құны мен иемденiп алу (үлес) құны арасындағы оң айырма;
борыштық бағалы қағаздар бойынша - өткізу күніндегі дисконт амортизациясы және (немесе) сыйлықақы ескерiлген, өткізу құны мен иемденiп алу құны арасындағы купон есепке алынбаған оң айырма.
5. Осы баптың 1-тармағының 7) және 8) тармақшаларында көрсетiлген активтердi өткізу кезiнде құн өсiмi өткізу құны мөлшерiнде айқындалады.
13.12.04 ж. № 11-III (01.01.05 ж. бастап қолданысқа енгізілді) ҚР Заңымен 83-бап толықтырылды
83-бап. Мiндеттемелердi есептен шығарудан түсетiн табыстар
1. Мiндеттемелердi есептен шығарудан түсетiн табыстарға:
1) салық төлеушi таратылған жағдайда тарату балансы бекітілген сәтте кредитор талап етпеген мiндеттемелердi қоса алғанда, салық төлеушiнiң мiндеттемелерiн оның кредиторының есептен шығаруы;
2) осы Кодекске сәйкес күмәндi деп танылған мiндеттемелердi қоспағанда, Қазақстан Республикасының заң актілерінде белгiленген талап қою мерзiмiнiң өтуiне байланысты мiндеттемелердi есептен шығару;
3) сот шешiмi бойынша мiндеттемелердi есептен шығару жатады.
2. Мiндеттемелердi есептен шығару нәтижесiнде алынған табыс сомасы есептен шығарылған кредиторлық берешек сомасына тең болады.
84-бап. Күмәндi мiндеттемелер бойынша түсетiн табыстар
Иемденiп алынған тауарлар (жұмыстар, қызмет көрсетулер) бойынша, сондай-ақ қызметкерлерге есептелген табыстар мен осы Кодекстiң 149-бабының 2-тармағына сәйкес айқындалатын басқа да төлемдер бойынша туындаған және туындаған кезiнен бастап үш жыл iшiнде қанағаттандырылмаған мiндеттемелер күмәндi деп танылады және кредиторлық берешек туындаған кезде қабылданған ставка бойынша бюджетпен өзара есеп айырысуда қалпына келтiрiлуге тиiс қосылған құн салығын қоспағанда, салық төлеушiнiң жылдық жиынтық табысына қосылуға тиiс.
85-бап. Банктер жасаған провизиялардың мөлшерiн азайтудан түсетiн табыстар
Борышкер банктiң және банк операцияларының жекелеген түрлерiн жүзеге асыратын ұйымның талабын орындаған кезде бұрын шегерiмдерге жатқызылған провизиялар сомалары жасалған провизиялардың мөлшерiн азайтудан түсетiн табыстар деп танылады. Бұл ретте, борышкер орындаған талап сомасына барабар мөлшердегi провизиялар сомасы табысқа енгiзiледi. Сондай-ақ цессия шартын жасасу жолымен жол беру туралы шарт, новация шарты, талап құқығын басқаға қайта беру негiзiнде және (немесе) Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген өзге де негiздерде борышкерге талаптар мөлшерiн азайту кезiнде бұрын шегерiмдерге жатқызылған провизиялар сомасы да табыстар деп танылады. Сонымен қатар талаптарды қайта сыныптау кезiнде бұрын шегерiмдерге жатқызылған провизиялардың азайтылған сомасы табыстар деп танылады.
2006.11.12 № 201-III ҚР Заңымен 86-бап өзгертілді (2007 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр. ред. қара)
86-бап. Борышты талап етудi басқаға беруден түсетiн табыстар
Салық төлеушiнiң негiзгi борышты талап етуi бойынша борышкер төлейтiн сома, ол негiзгi борыштан тыс төлейтiн соманы қоса және салық төлеушiнiң борышты иемденiп алу құны арасындағы оң айырма түрiнде айқындалатын табыстары , сондай-ақ борышты талап ету құқығын беретін салық төлеушінің борышты талап ету құқығын өткізу құны мен талап ету құқығын беретін тұлғаның бухгалтерлік есебінде көрсетілген талап ету сомасының арасындағы оң айырма түрінде айқындалатын, талап ету құқығын өткізу күніндегі табыстары борышты талап етудi басқаға беруден түсетiн табыстар болып табылады.
2005.22.11 № 89-III ҚР Заңымен 87-бап жаңа редакцияда (2006.01.01 бастап қолданысқа енгізілді) (бұр. ред. қара)
87-бап. Шығып қалған тіркелген активтер құнының ішкі топтың
(топтың) құн балансынан асып түсуінен алынатын
табыстар
Егер ішкі топтың (І топ бойынша) немесе топтың (ІІ, ІІІ және IY топтар бойынша) шығып қалған тіркелген активтерінің құны салық кезеңінде келіп түскен тіркелген активтер құны есепке алынған ішкі топтың (І топ бойынша) немесе топтың (II, III және ІY топтар бойынша) салық кезеңінің басындағы құн балансынан асып түссе, асып түскен шама жылдық жиынтық табысқа енгізілуге тиіс. Осы ішкі топтың (І топ бойынша) немесе топтың (II, III және ІY топтар бойынша) құн балансы салық кезеңінің аяғына қарай нөлге тең болады.
13.12.04 ж. № 11-III (01.01.05 ж. бастап қолданысқа енгізілді) ҚР Заңымен 87-1-баппен толықтырылды
87-1-бап. Табиғи ресурстарды геологиялық зерттеуге және оларды өндiруге әзiрлiк жұмыстарына жұмсалған шығыстарды, сондай-ақ жер қойнауын пайдаланушылардың басқа да шығыстарын түзетуден түскен табыстар
Егер осы Кодекстiң 101-бабына сәйкес жеке топты құрайтын шығыстарды түзететiн табыстардың мөлшерi салық кезеңiнде жұмсалған шығыстар ескерiле отырып, салық кезеңiнiң басында соңғысының мөлшерiнен асып түссе, артық мөлшерi жылдық жиынтық табысқа жатқызылуға тиiс. Бұл топтың мөлшерi салық кезеңiнiң соңында нөлге тең болады.
88-бап. Кен орындарын игеру салдарын жою жөніндегі нақты шығыстар сомасынан кен орындарын игеру салдарын жою қорына аударымдар сомасының асып түсуiнен алынатын табыстар
1. Егер кен орындарын игеру салдарын жою жөніндегі нақты шығыстар аталған қорға жасалған аударымдардан төмен болса, айырма жер қойнауын пайдаланушының жылдық жиынтық табысына енгiзiлуге тиiс.
2. Егер жер қойнауын пайдаланушы тиiстi мемлекеттік уәкiлеттi орган бекiткен кен орындарын игеру салдарын жою бағдарламасында көзделген кезеңде кен орындарын игеру салдарын жою жөніндегі жұмысты жүргiзбеген жағдайда, шегерiмдерге жатқызылған, кен орындарын игеру салдарын жою қорына (резервтiк қор) аударымдар сомалары олар жүргiзiлуге тиiс салық кезеңiнiң жылдық жиынтық табысына енгiзiлуге тиiс.
ҚР 23.11.02 ж. № 358-II; 04.07.03 ж. № 475-II (бұр. ред. қара) Заңдарымен 89-бап өзгертілді
89-бап. Бұрын жасалған шегерiмдер бойынша алынған өтемдер
1. Бұрын жасалған шегерiмдер бойынша өтем түрiнде алынған кiрiстерге:
1) бұрын шегерiмдерге жатқызылған және кейiнгi салық кезеңдерiнде өтелген күмәндi деп танылған талаптардың сомалары;
2006.11.12 № 201-III ҚР Заңымен 2) тармақша өзгертілді (2007 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр. ред. қара)
2) мемлекеттік бюджет қаражаты есебінен алынған субсидияларды қоспағанда, мемлекеттік бюджет қаражатынан шығындарды (шығыстарды) жабуға арнап алынған сомалар;
3) бұрын шегерiмдерге жатқызылған шығыстарды (залалдарды) өтеу бойынша алынған басқа да өтемдер жатады.
Алынған өтем ол өтелген салық кезеңiнiң табысы болып табылады.
2006.11.12 № 201-III ҚР Заңымен 2 тармақ өзгертілді (2007 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр. ред. қара)
2. Сақтандыру ұйымының сақтанушыға жинақтаушы емес сақтандыру шартының әрекеті аяқталғаннан кейін немесе оны мерзімінен бұрын тоқтатқан жағдайда қайтаруға тиіс (қайтарылатын) және сақтанушы бұрын шегерімге жатқызған сақтандыру сыйақыларының сомасы олар сақтанушыға қайтарылған (қайтарылуға тиiс) есептi салық кезеңiнiң жылдық жиынтық табысына жатқызылады.
13.12.04 ж. № 11-III (01.01.05 ж. бастап қолданысқа енгізілді) ҚР Заңымен 90-бап өзгертілді (бұр. ред. қара)
90-бап. Өтеусiз алынған мүлiк
1. Егер осы бапта өзгеше көзделмесе, салық төлеушi өтеусiз алған кез келген мүлiк, сондай-ақ жұмыстар мен қызмет көрсетулер оның табысы болып табылады.
2. Мыналар:
1) жарғылық капиталға салым ретiнде алынған мүлiк;
2) мемлекеттік бюджет қаражатынан алынған субсидиялар;
3) жеке тұлғалардың салымдарын (депозиттерiн) мiндеттi ұжымдық кепiлдендiрудi (сақтандыруды) жүзеге асыратын ұйымның банктерден алған мiндеттi, қосымша және төтенше жарналарының сомасы;
4) Сақтандыру төлемдерiн кепiлдендiру қоры алған сақтандыру ұйымдарының мiндеттi және төтенше жарналарының сомасы;
5) жеке тұлғалардың салымдарын (депозиттерiн) мiндеттi ұжымдық кепiлдендiрудi (сақтандыруды) жүзеге асыратын ұйым және Сақтандыру төлемдерiн кепiлдендiру қоры өтелген салымдар (депозиттер) және төленген кепiлдiк әрi өтемдiк төлемдер бойынша олардың талаптарын қанағаттандыру тәртібімен алған ақшаларының сомалары табыс ретiнде қаралмайды.