Жер қойнауын пайдалану жөніндегі операцияларды жүргізу кезінде тауарларды, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтерді сатып алу ережесін бекіту туралы
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2007 жылғы 28 қарашадағы № 1139 Қаулысы
(2010.01.04. берілген өзгерістер мен толықтыруларымен)
ҚР Үкіметінің 2013 жылғы 14 ақпандағы № 134 Қаулысымен күші жойылды
«Мұнай туралы» Қазақстан Республикасының 1995 жылғы 28 маусымдағы Заңының 5-бабына, «Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы» Қазақстан Республикасының 1996 жылғы 27 қаңтардағы Заңының 63-1-бабына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. Қоса беріліп отырған Жер қойнауын пайдалану жөніндегі операцияларды жүргізу кезінде тауарларды, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтерді сатып алу ережесі бекітілсін.
2. Мыналардың күші жойылды деп танылсын:
1) «Мұнай операцияларын жүргізу кезінде тауарларды, жұмыстар мен қызметтер көрсетуді сатып алу ережесін бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2002 жылғы 7 маусымдағы № 612 қаулысы (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2002 ж., № 17, 180-құжат);
2) «Отандық өндірушілерді мемлекеттік қолдауды күшейту жөніндегі шаралар туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2002 жылғы 14 қарашадағы № 1204 қаулысының 2-тармағы және 5-тармағының 3) тармақшасы (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2002 ж., № 40, 408-құжат);
3) «Отандық өндірушілерді мемлекеттік қолдауды күшейту жөніндегі қосымша шаралар туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2003 жылғы 19 қыркүйектегі № 955 қаулысы (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2003 ж., № 38, 387-құжат).
4. Осы қаулы алғаш рет ресми жарияланған күнінен бастап он күнтізбелік күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі | К. Мәсімов |
ҚР Үкіметінің 2010.01.04. № 267 Қаулысымен ереже жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2007 жылғы 28 қарашадағы
№ 1139 қаулысымен
бекітілген
Жер қойнауын пайдалану жөніндегі операцияларды жүргізу кезінде
тауарларды, жұмыстар мен қызметтерді сатып алу
ережесі
1. Жалпы ережелер
1. Осы Жер қойнауын пайдалану жөніндегі операцияларды жүргізу кезінде тауарларды, жұмыстар мен қызметтерді сатып алу ережесі (бұдан әрі - Ереже) «Мұнай туралы» Қазақстан Республикасының 1995 жылғы 28 маусымдағы Заңына, «Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы» Қазақстан Республикасының 1996 жылғы 27 қаңтардағы Заңына (бұдан әрі - Заң) сәйкес әзірленді және тауарларды, жұмыстар мен қызметтерді сатып алудың жылдық бағдарламасында көзделген, жер қойнауын пайдалану жөніндегі операцияларды жүргізу кезінде жер қойнауын пайдаланушылар мен олардың уәкілетті тұлғаларының, сондай-ақ жер қойнауын пайдаланушылармен және жер қойнауын пайдаланушылардың уәкілетті тұлғаларымен жасалған шарттарды орындау шеңберіндегі қызметті жүзеге асыратын қосалқы мердігерлердің тауарларды, жұмыстар мен қызметтерді сатып алу тәртібін айқындайды.
2. Осы Ереженің қолданысы:
1) кең таралған пайдалы қазбалар бойынша операцияларды жүргізу кезінде тауарларды, жұмыстар мен қызметтерді сатып алуды жүзеге асыратын;
2) мемлекеттік сатып алуды реттейтін Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес тауарларды, жұмыстар мен қызметтерді сатып алуды жүзеге асыратын тапсырыс берушілерге;
3) ұлттық басқарушы холдингке тікелей немесе жанама тиесілі дауыс беруші акциялардың (қатысу үлестерінің) елу және одан көп пайызындағы жер қойнауын пайдалану құқығына ие заңды тұлғаларға қолданылмайды.
3. Осы Ережеде Заңда белгіленген ұғымдар мен анықтамалар, сондай-ақ мынадай ұғымдар пайдаланылады:
тапсырыс беруші - жер қойнауын пайдаланушы немесе жер қойнауын пайдаланушының уәкілетті тұлғасы, сондай-ақ осы Ережеге сәйкес тауарларды, жұмыстар мен қызметтерді сатып алуды жүзеге асыратын қосалқы мердігер;
жер қойнауын пайдалану жөніндегі операцияларды жүргізу кезінде пайдаланылатын тауарлардың, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтердің тізілімі - жер қойнауын пайдалану жөніндегі операцияларды жүргізу кезінде пайдаланылатын тауарларды, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтерді сатып алуды бақылауға және оның мониторингіне, сондай-ақ жер қойнауын пайдалану жөніндегі операцияларды жүргізу кезінде пайдаланылатын тауарларды, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтерді электрондық сатып алуды өткізуге және олардың тізбесін қалыптастыруға арналған мемлекеттік ақпараттық жүйе;
сатып алу - келісім-шарттық міндеттемелерді орындау үшін қажетті және осы Ережеде белгіленген тәртіппен және тәсілдермен жүзеге асырылатын, келісім-шартта ілеспе ретінде көзделген қызмет үшін жер қойнауын пайдалану жөніндегі операцияларды жүргізу кезінде тауарларды, жұмыстар мен қызметтерді ақылы негізде сатып алу;
конкурстық құжаттама - конкурстық өтінімді дайындау үшін әлеуетті жеткізушіге ұсынылатын тапсырыс беруші бекіткен құжаттама, онда ашық конкурсты өткізудің шарттары мен тәртібі қамтылады;
біртекті тауарлар, жұмыстар мен қызметтер - бірдей болып табылмайтын, ұқсас сипаттамалары бар және сол функцияларды орындауға және өзара ауыстыруға мүмкіндік беретін ұқсас компоненттерден тұратын тауарлар, жұмыстар мен қызметтер;
әлеуетті жеткізуші - жер қойнауын пайдалану жөніндегі операцияларды жүргізу кезінде пайдаланылатын тауарларды, жұмыстар мен қызметтерді сатып алу процесіне қатысушы жеке тұлға, заңды тұлға, заңды тұлғалардың уақытша бірлестігі (консорциум);
қосалқы мердігер - жер қойнауын пайдалану жөніндегі операцияларды жүргізуге байланысты жұмыстардың жекелеген түрлерін орындау үшін жер қойнауын пайдаланушы тартатын жеке немесе заңды тұлға;
жер қойнауын пайдаланушының уәкілетті тұлғасы - жер қойнауын пайдалану жөніндегі операцияларды жүргізу кезінде тауарларды, жұмыстар мен қызметтерді сатып алуды жүзеге асыруға жер қойнауын пайдаланушы уәкілеттік берген жеке немесе заңды тұлға;
шартты баға - ашық конкурс шеңберінде сатып алынатын тауарлардың қазақстандық өндірушісі немесе жұмыстар мен қызметтердің қазақстандық өндірушісі болып табылатын, ашық конкурсқа қатысушының конкурстық бағалық ұсынысын жиырма пайызға бағаны шартты түрде азайтуды қолдануды ескере отырып есептелген және тек ашық конкурстың жеңімпазын анықтау мақсатында конкурстық бағалық ұсыныстарды салыстыру және бағалау кезінде пайдаланылатын баға;
электрондық цифрлық қолтаңба - электрондық цифрлық қолтаңба құралдарымен жасалған және электрондық құжаттың дұрыстығын, тиесілілігін және мазмұнының өзгермейтіндігін растайтын электрондық цифрлық нышандар жиынтығы.
4. Жер қойнауын пайдалану жөніндегі операцияларды жүргізу кезінде тауарларды, жұмыстар мен қызметтерді сатып алуды жүзеге асыру рәсімі Қазақстан Республикасының аумағында жүргізіледі.
5. Сатып алуды жүргізу рәсімдерінің және сатып алу бойынша құжаттаманың тілі Қазақстан Республикасының тіл туралы заңнамасының талаптарына сәйкес белгіленеді.
6. Тауарларды, жұмыстар мен қызметтерді сатып алу біртекті түрлері бойынша бөліктерге (лоттарға) және тауарларды жеткізу орны, жұмыстарды орындау мен қызметтерді көрсету бойынша бөлінеді. Тауарларды, жұмыстар мен қызметтерді жеткізуші әр лот бойынша жеке белгіленеді.
7. Жер қойнауын пайдалану жөніндегі операцияларды жүргізу кезінде тауарларды, жұмыстар мен қызметтерді сатып алу, оның ішінде қосалқы мердігерлердің сатып алуы мына тәсілдердің бірімен жүзеге асырылады:
1) ашық конкурс;
2) бағалық ұсыныстарды сұрату;
3) бір көзден;
4) электрондық сатып алу жүйесі арқылы;
5) тауарлық биржалар арқылы.
8. Ашық конкурс тәсілімен сатып алуды жүргізу кезінде әлеуетті жеткізушіге мынадай біліктілік талаптары қойылады:
1) құқық қабілетінің (заңды тұлғалар үшін), азаматтық әрекет қабілеттілігінің болуы (жеке тұлғалар үшін);
2) төлем қабілетті болуы;
3) банкроттық рәсіміне немесе таратуға жатпауы.
Осы тармақта көзделмеген біліктілік талаптарын белгілеуге жол берілмейді.
9. Жер қойнауын пайдалану жөніндегі операцияларды жүргізу кезінде пайдаланылатын тауарларды, жұмыстар мен қызметтерді сатып алу мына қағидаттарда жүзеге асырылады:
1) сатып алу процесінің жариялылығы және ашықтығы;
2) әлеуетті жеткізушілер арасындағы адал бәсекелестік;
3) тауарларды, жұмыстар мен қызметтерді қазақстандық өндірушілерді қолдау.
10. Сатып алу процесі өзіне мыналарды қамтиды:
1) сатып алуды жоспарлау;
2) жеткізушіні таңдау және онымен сатып алу туралы шартты жасасу;
3) сатып алу туралы шартты орындау.
11. Тапсырыс беруші өзінің шешімімен тауарларды, жұмыстар мен қызметтерді сатып алуды, жер қойнауын пайдалану жөніндегі операцияларды жүргізу кезінде пайдаланылатын тауарлар, жұмыстар мен қызметтер тізілімінде ақпаратты қалыптастыру және орналастыру бойынша осы Ережеде көзделген іс-қимылдарды тапсырыс берушінің атынан жасайтын лауазымды тұлғаны белгілейді.
12. Егер:
1) осы әлеуетті жеткізушінің және (немесе) осы әлеуетті жеткізушінің уәкілетті өкілінің басшыларының жақын туыстары, жұбайы немесе жекжаттары жеткізушіні таңдау туралы шешім қабылдау құқығына ие болса не тапсырыс берушінің өкілі болып табылса;
2) әлеуетті жеткізуші және (немесе) оның қызметкері тапсырыс берушіге өткізілетін сатып алуды дайындау бойынша консультациялық және (немесе) өзге де қызметтер көрсетсе, жобалық (жобалау-сметалық) құжаттаманы әзірлеу бойынша сатып алуда техникалық-экономикалық негіздемені әзірлеушінің қатысуын қоспағанда, өткізілетін сатып алу мәні болып табылатын объектіні салуға арналған техникалық-экономикалық негіздемені және (немесе) жобалық (жобалау-сметалық) құжаттаманы әзірлеуде бас жобалаушы не қосалқы жобалаушы ретінде қатысса, өткізілетін сатып алуға әлеуетті жеткізушінің қатысуына рұқсат етілмейді.
13. Күрделі техникалық сипаттамалары мен ерекшеліктері бар тауарларды, жұмыстар мен қызметтерді сатып алуды өткізген жағдайда, тапсырыс берушінің заңды тұлғалардың уақытша бірлестігінен (консорциум) тауарларды, жұмыстар мен қызметтерді сатып алуды осы Ережеде белгіленген тәртіппен жүзеге асыруына рұқсат етіледі. Уақытша бірлестіктерден (консорциум) сатып алуға қатысқан жағдайда консорциумның қатысушылары осы Ереженің 36-тармағының 3) тармақшасында көзделген біліктілік талаптарын растауға арналған құжаттардан басқа мыналарды:
1) заңды тұлғалардың (консорциум) мүшелері арасында жасалған ортақ жауаптылықтың нотариалды куәландырылған шартын;
2) бірлескен шаруашылық қызметі туралы шартта көзделген қызметтің бір бөлігінде тауарларды беру, жұмыстарды орындау, қызметтерді көрсету құқығына тиісті лицензияларды ұсынады.
2. Сатып алуды жоспарлау
14. Тауарларды, жұмыстар мен қызметтерді сатып алудың жылдық бағдарламасы жер қойнауын зерттеу және пайдалану жөніндегі уәкілетті органмен келісілген жылдық жұмыс бағдарламасының негізінде әзірленеді.
15. Жер қойнауын пайдаланушылар құзыретті органға тауарларды, жұмыстар мен қызметтерді сатып алудың жылдық бағдарламасын және/немесе Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген мерзімде құзыретті орган бекіткен нысан бойынша сатып алудың жылдық бағдарламасына өзгерістер мен толықтыруларды ұсынады.
16. Жер қойнауын пайдалану жөніндегі операцияларды жүргізу кезінде пайдаланылатын тауарларды, жұмыстар мен қызметтерді сатып алу рәсімі тауарларды, жұмыстар мен қызметтерді сатып алудың жылдық бағдарламасына сәйкес жүзеге асырылады.
17. Сатып алудың мұндай сомасы жұмыстардың жылдық бағдарламасында көзделген жағдайда және тауарларды, жұмыстар мен қызметтерді сатып алудың жылдық бағдарламасына енгізілетін болса, тауарларды, жұмыстар мен қызметтерді сатып алудың жылдық бағдарламасы бекітілгенге дейін тауарларды, жұмыстар мен қызметтерді сатып алу рәсімін жүзеге асыруға рұқсат етіледі.
3. Тауарларды, жұмыстар мен қызметтерді сатып алуды ашық
конкурс тәсілімен жүзеге асыру
18. Біртекті болып табылмайтын тауарларды, жұмыстар мен қызметтерді сатып алуды ашық конкурс тәсілімен жүзеге асыру кезінде тапсырыс берушінің конкурстық құжаттамада мұндай тауарларды, жұмыстар мен қызметтерді лоттарға міндетті түрде бөле отырып, көрсетілген тәсілмен бірыңғай сатып алуды ұйымдастыруына және жүргізуіне рұқсат етіледі.
Бірнеше түрдегі біртекті тауарларды, жұмыстар мен қызметтерді ашық конкурс тәсілімен сатып алу олардың біртекті түрлері бойынша тауарларды, жұмыстар мен қызметтерді лоттарға бөлу және (немесе) оларды жеткізу (орындау, көрсету) орындары бойынша бөлу арқылы жүзеге асырылады.
Осы тармақта көзделген жағдайларда ашық конкурсқа қатысуға арналған өтінімдерді қарау, ашық конкурсқа қатысушылардың конкурстық өтінімдерін бағалау және салыстыру, сондай-ақ ашық конкурстың жеңімпазын анықтау конкурстық құжаттамада көзделген әрбір лот бойынша жүзеге асырылады.
Конкурстық комиссия
19. Тапсырыс беруші тауарларды, жұмыстар мен қызметтерді сатып алу бойынша әрбір ашық конкурсқа конкурстық комиссия құрады.
20. Конкурстық комиссияның құрамына төраға, төрағаның орынбасары және конкурстық комиссияның мүшелері кіреді. Комиссия мүшелерінің жалпы саны тақ саннан тұруы, бірақ үш адамнан кем болмауы тиіс. Конкурстық комиссияның хатшысы конкурстық комиссияның мүшесі болып табылмайды және конкурстық комиссияның шешім қабылдауы кезінде дауыс құқығына ие болмайды.
21. Конкурстық комиссияның төрағасы оның жұмысына басшылық жасайды, комиссияның отырыстарына төрағалық етеді, оның жұмысын жоспарлайды.
22. Конкурстық комиссияның хатшысы тауарларды, жұмыстар мен қызметтерді сатып алу бойынша ашық конкурстың рәсімдерін өткізуді ұйымдастырады. Конкурстық комиссияның хатшысы әлеуетті жеткізушілерге конкурстық құжаттаманы ұсынады, тауарларды, жұмыстар мен қызметтерді әлеуетті жеткізушілердің конкурстық өтінімдерін тіркеу журналын жүргізеді, конкурстық комиссия отырысының күн тәртібі бойынша ұсыныстар дайындайды, конкурстық комиссияны қажетті құжаттармен қамтамасыз етеді, конкурстық комиссия отырысын өткізуді ұйымдастырады, ашық конкурсқа қатысуға арналған өтінімдер салынған конверттерді ашу хаттамасын, ашық конкурстың нәтижелері туралы хаттаманы, конкурстық комиссия отырыстарының басқа да хаттамаларын ресімдейді және қол қояды, тауарларды, жұмыстар мен қызметтерді сатып алу бойынша ашық конкурстың құжаттары мен материалдарының сақталуын қамтамасыз етеді.
23. Әлеуетті жеткізушілердің конкурстық өтінімдерін тіркеу журналында мынадай мәліметтер көрсетіледі:
1) ашық конкурстың мәні (ашық конкурс мәніне бірнеше лоттар кірген жағдайда лоттардың атауы);
2) әлеуетті жеткізушінің атауы мен нақты орналасқан жері;
3) әлеуетті жеткізушінің конкурстық өтінімді ұсыну тәсілі;
4) әлеуетті жеткізушінің конкурстық өтінімді ұсыну күні мен уақыты;
5) осы Ереженің 35, 39-тармақтарында көрсетілген талаптар бұзылған жағдайда конверттің қайтарылу себебі.
Әлеуетті жеткізушілердің конкурстық өтінімдерін тіркеу журналы тігіледі, парақтары нөмірленеді және дәйектеледі, конкурстық өтінімдерді тіркеу журналының соңғы беті тапсырыс берушінің мөрімен бекітіледі. Бір қаржылық жыл ішінде ашық конкурс тәсілімен тауарларды, жұмыстарды, қызметтерді барлық сатып алу бойынша конкурстық өтінімдерді тіркеудің бірыңғай журналын жүргізуге рұқсат етіледі.
Конкурстық құжаттама
24. Конкурстық құжаттама тауарларды, жұмыстар мен қызметтерді сатып алудың талаптары мен шарттары туралы әлеуетті жеткізушілерді хабардар етуге арналған. Конкурстық құжаттаманы тапсырыс беруші әзірлейді және бекітеді.
25. Конкурстық құжаттамада мынадай міндетті шарттар көрсетіледі:
1) әлеуетті жеткізуші оның біліктілік талаптарына сәйкестігін растауға ұсынатын, осы Ереженің 36-тармағының 3) тармақшасында көрсетілген құжаттардың тізбесі;
2) тапсырыс берушінің атауы және орналасқан жері;
3) қажет болған жағдайда техникалық ерекшеліктерді, жоспарларды, сызбалар мен нобайларды қоса алғанда, сатып алынатын тауарлардың, жұмыстар мен қызметтердің функционалдық, техникалық, сапалық және пайдалану сипаттамалары, сондай-ақ тауарлардың, жұмыстар мен қызметтердің осы талаптарға сәйкестігін растайтын құжаттардың тізбесі;
4) конкурстық өтінімнің бағасына қалыптастыру тәртібі және ұсыну нысаны, оның ішінде тауарлардың, жұмыстар мен қызметтердің бағасын көрсетумен қатар оларды тасымалдау мен сақтандыру шығыстарын, кедендік баждарды, салықтар мен алымдарды төлеуді, сондай-ақ тауарларды жеткізу, жұмыстарды орындау, қызметтерді көрсету шығыстарын көрсету;
5) төлем шарттары;
6) сатып алынатын тауардың саны, орындалатын жұмыстар мен көрсетілетін қызметтердің көлемі;
7) тауарларды жеткізу, жұмыстарды орындау немесе қызметтерді көрсету орны;
8) тауарларды жеткізудің, жұмыстарды орындаудың немесе қызметтерді көрсетудің талап етілетін мерзімдері;
9) конкурстық өтінімдерді ұсынудың тәсілі, орны және соңғы мерзімі, олардың қолданылу мерзімі, сондай-ақ конкурстық өтінімдер салынған конверттерді ашу орны, күні мен уақыты;
10) нақты ережелерді, оның ішінде шарттың қолданылу мерзімін көрсетумен шарттың жобасы;
11) әлеуетті жеткізушінің конкурстық өтінімінің шартты бағасын есептеу үшін құжаттар тізбесі;
12) конкурстық өтінімнің мазмұнына және ресімдеуге қойылатын талаптар;
13) ашық конкурсқа қатысушылардың конкурстық құжаттамаға байланысты түсіндірулерді сұрауына көмек болатын тәсілдер;
14) ашық конкурсты дайындауға және өткізуге жауапты тұлғаның тегі, аты, байланыс телефонының нөмірі;
15) өтінімді қамтамасыз ету түрлері, көлемі мен енгізу тәсілі және/немесе сатып алу туралы шарттың орындалуы (егер конкурстық құжаттамада өтінімді қамтамасыз ету және/немесе сатып алу туралы шарттың орындалуын енгізу көзделсе);
16) осы ашық конкурстың мәні болып табылатын тауарларды, жұмыстар мен қызметтерді сатып алуға бөлінген сома туралы мәліметтер;
17) осы Ереженің 32-тармағына сәйкес тауарларды, жұмыстар мен қызметтерді сатып алу бойынша ашық конкурсты өткізуден бас тартудың мерзімдері мен тәртібі туралы мәліметтер.
26. Конкурстық құжаттамада жер қойнауын пайдалану жөніндегі операцияларды жүргізу кезінде сатып алуды жүзеге асырудың төмендегі жағдайларын қоспағанда, тауарлық белгілерге, қызмет көрсету белгілеріне, фирмалық атауларына, патенттерге, пайдалы үлгілерге, өнеркәсіптік үлгілерге, тауардың шығу орнының атауы мен өндірушінің атауына, сондай-ақ сатып алынатын тауардың, жұмыс пен қызметтің жеке әлеуетті жеткізушіге тиесілігін анықтайтын өзге де сипаттамалардың мазмұнын көрсетуге рұқсат етілмейді:
1) негізгі (орнатылған) жабдықты жете жинақтау, жаңғырту және жете жарақтандыру үшін;
2) тауарды лизингке ұсыну бойынша қызметтерді жеткізушіні анықтау үшін және лизинг мәнін толық сипаттау қажеттігі туындағанда.
27. Конкурстық құжаттаманы тапсырыс беруші мүдделі тұлғаларға қағаз тасымалдағышпен (бұдан әрі - конкурстық құжаттаманың көшірмесі) не бекітілген конкурстық құжаттаманы Жер қойнауын пайдалану жөніндегі операцияларды жүргізу кезінде пайдаланылатын тауарлардың, жұмыстар мен қызметтердің тізілімінде орналастыру тәсілімен ұсынады.
Конкурстық құжаттаманың көшірмесі мүдделі тұлғаларға конкурстық құжаттаманың көшірмесін беру туралы тапсырыс берушіге өтініш берген күні ұсынылады.
Егер конкурстың құжаттаманың көшірмесі ақылы негізде берілетін болса және бұл туралы нұсқау тиісті хабарландыруда айтылса, тапсырыс беруші оны мүдделі тұлғаларға өтініш берген күні олар көрсетілген төлемді енгізгенін растайтын құжатты көрсеткен жағдайда береді.
Конкурстық құжаттаманың көшірмесін бергені үшін төлем мөлшерін анықтау кезінде тапсырыс берушінің конкурстық құжаттама көшірмесінің данасын дайындауға байланысты тікелей шығыстарынан асыруға жол берілмейді. Тапсырыс беруші конкурстық құжаттаманың көшірмесін берген тұлғалар туралы мәліметтерді конкурстық өтінімдерді тіркеу журналына енгізуі тиіс.
28. Әлеуетті жеткізушіге конкурстық құжаттаманың ережелерін түсіндіру туралы сұраумен тапсырыс берушіге өтініш беруіне рұқсат беріледі, бірақ ол конкурстық өтінімдерді берудің соңғы мерзімі біткенге дейінгі он күнтізбелік күннен кешіктірілмеуі тиіс. Тапсырыс беруші сұрауды тіркеу сәтінен бастап үш күндік мерзімде оған жауап береді және сұрау кімнен түскенін көрсетпестен, түсіндіруді тапсырыс беруші конкурстық құжаттаманы берген барлық әлеуетті жеткізушілерге жібереді, сондай-ақ Жер қойнауын пайдалану жөніндегі операцияларды жүргізу кезінде пайдаланылатын тауарлардың, жұмыстар мен қызметтердің тізілімінде түсіндіруді орналастырады.
29. Тапсырыс берушіге конкурстық өтінімдерді берудің соңғы мерзімі біткенге дейінгі күнтізбелік бес күннен кешіктірмей өзінің бастамашылығы бойынша не қандай да болсын әлеуетті жеткізуші тарапынан түсіндіру туралы сұрауға жауап ретінде конкурстық құжаттамаға тиісті өзгерістер және/немесе толықтыруларды енгізуге рұқсат беріледі. Өзгерістер енгізілген кезде конкурстық құжаттаманы тапсырыс беруші қайтадан бекітуі және Жер қойнауын пайдалану жөніндегі операцияларды жүргізу кезінде пайдаланылатын тауарлардың, жұмыстар мен қызметтердің тізілімінде орналастыруы тиіс.
Енгізілген өзгерістерді және/немесе толықтыруларды тапсырыс беруші конкурстық құжаттаманы берген барлық әлеуетті жеткізушілерге, оның ішінде Жер қойнауын пайдалану жөніндегі операцияларды жүргізу кезінде пайдаланылатын тауарлардың, жұмыстар мен қызметтердің тізілімінен конкурстық құжаттаманы алған әлеуетті жеткізушілерге өзгерістер және/немесе толықтырулар енгізілген күннен бастап бір күнтізбелік күннен кешіктірмей хабарлайды. Бұл ретте, ашық конкурсқа қатысуға арналған өтінімдерді берудің соңғы мерзімін тапсырыс беруші осы өзгерістерді әлеуетті жеткізушілердің ашық конкурсқа қатысуға арналған өтінімдерінде есепке алуы үшін он жұмыс күнінен кем емес мерзімге ұзартады.
Ашық конкурсты ақпараттық қамтамасыз ету
30. Ашық конкурсты өткізу кезінде тапсырыс беруші ашық конкурсты өткізу туралы хабарландыруды Жер қойнауын пайдалану жөніндегі операцияларды жүргізу кезінде пайдаланылатын тауарлардың, жұмыстар мен қызметтердің тізілімінде және аптасына кем дегенде үш рет жарияланатын және конкурстық өтінімдерді берудің түпкілікті мерзімі біткенге дейін кем дегенде отыз күнтізбелік күн қалғанда Қазақстан Республикасының бүкіл аумағында мемлекеттік және орыс тілдерінде таралатын мерзімді баспа басылымдарда орналастырады.
Ашық конкурсты қайта өткізу жағдайында тапсырыс беруші тиісті хабарландыруды осы тармақта көрсетілген хабардар ету тәсілдерін қолданумен, конкурстық өтінімдерді берудің түпкілікті мерзімі біткенге дейін кем дегенде он бес күнтізбелік күн қалғанда жариялауды қамтамасыз етеді.
31. Ашық конкурсты өткізу туралы хабарландыруда мынадай мәліметтер көрсетіледі:
1) ашық конкурстың мәні (ашық конкурс мәніне бірнеше лоттар кірген жағдайда лоттардың атауы);
2) тапсырыс берушінің атауы және орналасқан жері;
3) әр лот бойынша сатып алынатын тауардың, орындалатын жұмыстар мен көрсетілетін қызметтердің көлемі, сапасы, номенклатурасы;
4) әр лот бойынша тауарларды жеткізудің, жұмыстарды орындау, қызметтерді көрсетудің талап етілетін мерзімдері;
5) конкурстық құжаттаманы алу орны мен тәсілдері;
6) конкурстық өтінімдерді берудің орны мен соңғы мерзімін, сондай-ақ конкурстық өтінімдер салынған конверттерді ашу орны, күні және уақытын;
7) тапсырыс беруші белгілейтін өзге де қажетті ақпаратты;
8) ашық конкурсты дайындау және өткізуге жауапты лауазымды тұлғаның тегі, аты, байланыс телефонының нөмірі.
32. Тапсырыс берушіге осы Ереженің 30-тармағында көрсетілген ақпараттандыру тәсілдерін қолдана отырып, ашық конкурс өткізуден бас тарту туралы хабарлама арқылы конкурстық өтінімдерді берудің соңғы мерзімі өткенге дейін бес жұмыс күнінен кешіктірмей тауарларды, жұмыстарды және қызметтерді сатып алу жөнінде ашық конкурс өткізуден бас тартуға рұқсат етіледі.
Тапсырыс беруші тауарларды, жұмыстарды және қызметтерді сатып алу жөнінде ашық конкурс өткізуден бас тартқан жағдайда ашық конкурс өткізуден бас тарту туралы шешімдерді қабылдаған күннен бастап үш жұмыс күнінен кешіктірмей конкурстық өтінімдерімен түскен конверттерді оларды ашпастан қайтарады және әлеуетті жеткізушінің тиісті сұрауларын алған күннен бастап үш жұмыс күнінен кешіктірмей ашық конкурсқа қатысуға өтінімді қамтамасыз ету ретінде Тапсырыс берушінің шотына енгізілген кепілдік ақша жарналарын қайтарады.
33. Тапсырыс беруші ашық конкурс қорытындыларын жүргізген күннен бастап бес жұмыс күні ішінде осы Ереженің 30-тармағында көрсетілген ақпараттандыру тәсілдерін қолдана отырып, қатысқан барлық әлеуетті жеткізушілерге ашық конкурс қорытындылары туралы хабарлайды. Ашық конкурс қорытындыларында оның аты, лоттың атауы мен жеңімпаздың атауы, мекенжайы мен ашық конкурс жеңімпазының конкурстық өтінімінің бағасы көрсетіледі. Егер ашық конкурс өтпесе, ашық конкурс қорытындыларында ашық конкурсты өткізілмеді деп тану себебі көрсетіледі.
Конкурстық өтінім
34. Ашық конкурсқа қатысуға өтінім конкурстық құжаттаманың талаптары мен шарттарына сәйкес тауарды жеткізу және (немесе) жұмысты 10 орындау және (немесе) қызмет көрсетуді жүзеге асыруға ашық конкурсқа қатысуға үміткер әлеуетті жеткізушінің келісімін білдіру болып табылады.