Қатысып жасырын дауыс беруге арналған бюллетеньдер бойынша дауыстарды есептеу кезінде дауыс берушілердің бюллетеньде белгіленген дауыс беру тәртібі сақталған және дауыс берудің тек бір ғана ықтимал нұсқасы қалдырылған мәселелер бойынша дауыстары есепке алынады.
51-бап. Дауыс беру қорытындылары туралы хаттама
1. Дауыс беру қорытындылары бойынша есеп комиссиясы дауыс беру қорытындылары туралы хаттама жасап, оған қол қояды.
2. Акционердің дауыс беруге қойылған мәселе бойынша ерекше пікірі болған жағдайда қоғамның есеп комиссиясы хаттамаға тиісті жазба енгізуге міндетті.
3. Дауыс беру қорытындылары туралы хаттама жасалып, оған қол қойылғаннан кейін қатысып жасырын және сырттай дауыс беру үшін толтырылған (оның ішінде жарамсыз деп танылған бюллетеньдер де), соның негізінде хаттама жасалған бюллетеньдер хаттамамен бірге тігіледі және қоғамның мұрағатына сақтауға тапсырылады.
4. Дауыс беру қорытындылары туралы хаттама акционерлердің жалпы жиналысының хаттамасына қоса тіркелуге тиіс.
5. Дауыс беру қорытындылары акционерлердің дауыс беру өткізілген жалпы жиналысының барысында жария етіледі.
2005.08.07 ж. № 72-IІІ ҚР Заңымен 6 тармақ өзгертілді (бұр. ред. қара)
6. Акционерлердің жалпы жиналысының дауыс беру қорытындылары немесе сырттай дауыс беру нәтижелері акционерлерге акционерлердің жалпы жиналысы жабылғаннан кейін он күн ішінде оларды бұқаралық ақпарат құралдарында жариялау немесе әрбір акционерге жазбаша хабарлама жіберу арқылы хабарланады.
Акционерлерге дауыс беру қорытындылары туралы хабарлау тәртібі қоғамның жарғысымен белгіленеді.
52-бап. Акционерлердің жалпы жиналысының хаттамасы
1. Акционерлердің жалпы жиналысының хаттамасы жиналыс жабылғаннан кейін үш жұмыс күні ішінде жасалып, қол қойылуға тиіс.
2007.19.02. № 230-III ҚР Заңымен 2-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
2. Акционерлердің жалпы жиналысының хаттамасында:
1) қоғамның атқарушы органының толық атауы және орналасқан жері;
2) акционерлердің жалпы жиналысының өткізілген күні, уақыты және орны;
3) қоғамның акционерлердің жалпы жиналысындағы ұсынған дауыс беретін акцияларының саны туралы мәліметтер;
4) акционерлердің жалпы жиналысының кворумы;
5) акционерлердің жалпы жиналысының күн тәртібі;
6) акционерлердің жалпы жиналысында дауыс беру тәртібі;
7) акционерлердің жалпы жиналысының төрағасы (төралқасы) және хатшысы;
8) акционерлердің жалпы жиналысына қатысқан адамдардың сөйлеген сөздері;
9) акционерлердің жалпы жиналысының күн тәртібіндегі дауыс беруге қойылған әрбір мәселе бойынша акционерлердің жалпы дауыс саны;
10) дауысқа қойылған мәселелер, олар бойынша дауыс беру қорытындылары;
11) акционерлердің жалпы жиналысында қабылданған шешімдер көрсетіледі.
Жалпы жиналыста қоғамның директорлар кеңесін (директорлар кеңесінің жаңа мүшесін) сайлау туралы мәселе қаралған жағдайда жалпы жиналыстың хаттамасында: директорлар кеңесінің сайланған мүшесі қандай акционердің өкілі болып табылатыны және (немесе) директорлар кеңесінің сайланған мүшелерінің қайсысы тәуелсіз директор болып табылатыны көрсетіледі.
3. Акционерлердің жалпы жиналысының хаттамасына:
1) акционерлердің жалпы жиналысының төрағасы (төралқа мүшелері) және хатшысы;
2) қоғамның есеп комиссиясының мүшелері;
2005.08.07 ж. № 72-IІІ ҚР Заңымен 3 тармақ өзгертілді (бұр. ред. қара)
3) қоғамның дауыс беретін акцияларының он және одан да көп процентін иеленетін және акционерлердің жалпы жиналысына қатысқан акционерлер қол қоюға тиіс.
Хаттамаға қол қоюға міндетті адамның қол қоюға мүмкіндігі болмаған жағдайда, өзіне берілген сенімхат негізінде оның өкілі хаттамаға қол қояды.
4. Осы баптың 3-тармағында аталған адамдардың біреуі хаттаманың мазмұнымен келіспеген жағдайда, ол адам бас тарту себебіне жазбаша түсініктеме бере отырып, оған қол қоюдан бас тартуға құқылы, ол хаттамаға қоса тіркелуге тиіс.
5. Акционерлердің жалпы жиналысының хаттамасы дауыс беру қорытындылары туралы хаттамамен, жалпы жиналысқа қатысу және дауыс беру құқығына берілген сенімхаттармен, сондай-ақ хаттамаға қол қоюмен және хаттамаға қол қоюдан бас тарту себептерінің жазбаша түсініктемелерімен бірге тігіледі. Аталған құжаттар атқарушы органда сақталуға және танысу үшін акционерлерге кез келген уақытта берілуге тиіс. Акционердің талап етуі бойынша оған акционерлердің жалпы жиналысы хаттамасының көшірмесі беріледі.
53-бап. Директорлар кеңесі
1. Осы Заңда және қоғамның жарғысында акционерлердің жалпы жиналысының айрықша құзыретіне жатқызылған мәселелерді шешуді қоспағанда, директорлар кеңесі қоғамның қызметіне жалпы басшылықты жүзеге асырады.
2. Егер осы Заңда және қоғамның жарғысында өзгеше белгіленбесе, мынадай мәселелер директорлар кеңесінің айрықша құзыретіне жатады:
1) қоғам қызметінің басым бағыттарын белгілеу;
2) акционерлердің жылдық және кезектен тыс жалпы жиналысын шақыру туралы шешім қабылдау;
2005.08.07 ж. № 72-IІІ ҚР Заңымен 3) тармақша жаңа редакцияда (бұр. ред. қара)
3) жарияланған акциялардың саны шегiнде акцияларды орналастыру (өткізу) туралы, оның iшiнде орналастырылатын (өткiзiлетiн) акциялардың саны, оларды орналастыру (өткізу) тәсiлi мен бағасы туралы шешiм қабылдау;
2005.08.07 ж. № 72-IІІ ҚР Заңымен 4) тармақша өзгертілді (бұр. ред. қара)
4) қоғамның орналастырылған акцияларды немесе басқа да бағалы қағаздарды сатып алуы және оларды сатып алу бағасы туралы шешім қабылдау;
5) қоғамның жылдық қаржы есептілігін алдын ала бекіту;
6) 2007.19.02. № 230-III ҚР Заңымен алып тасталды (бұр.ред.қара)
7) қоғамның облигацияларын және туынды бағалы қағаздарын шығару талаптарын айқындау;
8) атқарушы органның сан құрамын, өкілеттік мерзімін анықтау, оның басшысын және мүшелерін (атқарушы органның функциясын жеке-дара жүзеге асыратын адамды) сайлау, сондай-ақ олардың өкілеттіктерін мерзімінен бұрын тоқтату;
9) атқарушы органның басшысы мен мүшелерінің (атқарушы органның функциясын жеке-дара жүзеге асыратын адамның) лауазымдық айлықақыларының мөлшерін және оларға еңбекақы және сыйлықақы төлеу талаптарын айқындау;
10) ішкі аудит қызметінің жұмыс тәртібін, ішкі аудит қызметі еңбекақы және сыйлықақы төлеудің мөлшері мен талаптарын айқындау;
2007.19.02. № 230-III ҚР Заңымен 10-1) тармақшамен толықтырылды
10-1) корпоративтік хатшыны тағайындау, оның өкілеттік мерзімін айқындау, оның өкілеттігін мерзімінен бұрын тоқтату, сондай-ақ корпоративтік хатшының лауазымдық жалақысы мөлшерін және сыйақы шарттарын айқындау;
2007.19.02. № 230-III ҚР Заңымен 11) тармақша жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
11) аудиторлық ұйымның, сондай-ақ қоғамның акцияларын төлеуге берілген не ірі мәміле нысанасы болып табылатын мүліктің нарықтық құнын бағалау жөніндегі бағалаушының қызметіне ақы төлеу мөлшерін айқындау;
12) 2005.08.07 ж. № 72-IІІ ҚР Заңымен алып тасталды (бұр. ред. қара)
2007.19.02. № 230-III ҚР Заңымен 13) тармақша өзгертілді (бұр.ред.қара)
13) қоғамның ішкі қызметін реттейтін құжаттарды (бұған қоғам қызметін ұйымдастыру мақсатында атқарушы орган қабылдайтын құжаттар қосылмайды), оның ішінде аукциондар өткізу және қоғамның бағалы қағаздарына қол қою шарттары мен тәртібін белгілейтін ішкі құжатты бекіту;
14) қоғамның филиалдары мен өкілдіктерін құру және жабу туралы шешімдер қабылдау және олар туралы ережелерді бекіту;
2007.19.02. № 230-III ҚР Заңымен 15) тармақша жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
15) қоғамның басқа заңды тұлғалардың акцияларының он және одан да көп процентін (жарғылық капиталға қатысу үлестерін) сатып алу туралы шешімдерін қабылдау, сондай-ақ олардың қызметі мәселелері бойынша шешімдер қабылдау;
16) қоғамның міндеттемелерін оның өзіндік капиталы мөлшерінің он және одан да көп проценті болатын шамаға көбейту;
2007.19.02. № 230-III ҚР Заңымен 17) тармақша өзгертілді (бұр.ред.қара)
17) қоғамның бұрынғы тіркеушісімен шарт бұзылған жағдайда қоғамның тіркеушісін таңдау;
18) қоғам немесе оның қызметтік, коммерциялық немесе заңмен қорғалатын өзге де құпия болып табылатын қызметі туралы ақпаратты айқындау;
19) ірі мәмілелер және жасалуына қоғам мүдделі мәмілелер жасасу туралы шешімдер қабылдау;
20) осы Заңда және қоғамның жарғысында көзделген, акционерлердің жалпы жиналысының айрықша құзыретіне жатпайтын өзге де мәселелер.
2005.08.07 ж. № 72-IІІ ҚР Заңымен 3 тармақ жаңа редакцияда (бұр. ред. қара)
3. Тiзбесi осы баптың 2-тармағында белгiленген мәселелердi атқарушы органның шешуiне беруге болмайды.
4. Қоғамның жарғысына сәйкес оның атқарушы органының құзыретіне жатқызылған мәселелер бойынша директорлар кеңесінің шешім қабылдауға, сондай-ақ акционерлердің жалпы жиналысының шешімдеріне қайшы келетін шешімдер қабылдауға құқығы жоқ.
5. Директорлар кеңесі қабылдаған шешімдер вето құқығы белгіленген мәселелер бойынша "алтын акция" иесімен келісілуге тиіс.
2007.19.02. № 230-III ҚР Заңымен 53-1-баппен толықтырылды
53-1-бап. Директорлар кеңесінің комитеттері
1. Директорлар кеңесінің неғұрлым маңызды мәселелерін қарау және ұсынымдарын дайындау үшін жария компанияларда:
1) стратегиялық жоспарлау;
2) кадрлар және сыйақылар;
3) ішкі аудит;
4) әлеуметтік мәселелер;
5) қоғамның ішкі құжатында көзделген өзге мәселелер бойынша директорлар кеңесінің комитеттері құрылады, ал өзге қоғамдарда құрылуы мүмкін.
2. Директорлар кеңесінің комитеттері директорлар кеңесінің мүшелерінен және нақты комитетте жұмыс істеу үшін қажетті кәсіби білімі бар сарапшылардан тұрады.
Атқарушы органның басшысы директорлар кеңесі комитетінің төрағасы бола алмайды.
3. Директорлар кеңесі комитеттерін қалыптастыру және олардың жұмыс істеу тәртібі, сондай-ақ олардың сандық құрамы директорлар кеңесі бекітетін қоғамның ішкі құжатымен белгіленеді.
54-бап. Директорлар кеңесінің құрамы
1. Жеке адам ғана директорлар кеңесінің мүшесі бола алады.
2. Директорлар кеңесінің мүшелері:
1) акционер - жеке адамдар;
2) директорлар кеңесіне акционерлердің мүдделерін білдіруші өкілдер ретінде сайлауға ұсынылған (ұсыныс берілген) адамдар;
3) басқа адамдар (осы баптың 3-тармағында белгіленген шектеулерді ескере отырып) арасынан сайланады.
Директорлар кеңесінің мүшелерін сайлау кумулятивтік дауыс беру арқылы жүзеге асырылады. Акционер өзіне тиесілі акциялар бойынша бір кандидатты жақтап толық дауыс беруге немесе оларды директорлар кеңесінің мүшелігіне бірнеше кандидат арасында бөліп беруге құқылы. Ең көп дауыс санын алған кандидаттар директорлар кеңесіне сайланған болып есептеледі. Егер директорлар кеңесінің мүшелігіне екі немесе одан да көп кандидат тең дауыс санын алса, бұл кандидаттарға қатысты қосымша дауыс беру өткізіледі.
3. Қоғамның акционері емес және акционердің мүдделерін білдіруші өкіл ретінде директорлар кеңесіне сайлауға ұсынылмаған (ұсыныс берілмеген) жеке адам директорлар кеңесінің мүшесі болып сайлана алады. Мұндай адамдар саны директорлар кеңесі құрамының елу процентінен аспауы керек.
4. Атқарушы органның басшысынан басқа мүшелері директорлар кеңесіне сайлана алмайды. Атқарушы органның басшысы директорлар кеңесінің төрағасы болып сайлана алмайды.
2005.08.07 ж. № 72-IІІ ҚР Заңымен 5 тармақ жаңа редакцияда (бұр. ред. қара)
5. Директорлар кеңесi мүшелерiнiң саны кемiнде үш адам болуға тиiс. Қоғамның директорлар кеңесi мүшелерi санының кемiнде үштен бiрi тәуелсiз директорлар болуға тиiс.
6. Директорлар кеңесінің құрамына сайланатын адамдарға қойылатын талаптар Қазақстан Республикасының заң актілерінде және қоғамның жарғысында белгіленеді.
55-бап. Директорлар кеңесі мүшелерінің өкілеттік мерзімі
1. Директорлар кеңесінің құрамына сайланған адамдардың, егер Қазақстан Республикасының заңдарында және қоғамның жарғысында өзгеше көзделмесе, қайта сайлануына шек қойылмауы мүмкін.
2. Директорлар кеңесінің өкілеттік мерзімін акционерлердің жалпы жиналысы белгілейді.
Директорлар кеңесінің өкілеттік мерзімі акционерлердің жаңа директорлар кеңесін сайлау өткізілетін жалпы жиналысын өткізу кезінде аяқталады.
3. Акционерлердің жалпы жиналысы директорлар кеңесінің барлық немесе жекелеген мүшелерінің өкілеттігін мерзімінен бұрын тоқтатуға құқылы.
4. Директорлар кеңесі мүшесінің өкілеттігін өз бастамасы бойынша мерзімінен бұрын тоқтату директорлар кеңесіне берілген жазбаша хабарлама негізінде жүзеге асырылады.
Директорлар кеңесінің мұндай мүшесінің өкілеттігі директорлар кеңесі аталған хабарламаны алған кезден бастап тоқтатылады.
2005.08.07 ж. № 72-IІІ ҚР Заңымен 5 тармақ өзгертілді (бұр. ред. қара)
5. Директорлар кеңесі мүшесінің өкілеттігі мерзімінен бұрын тоқтатылған жағдайда, директорлар кеңесінің жаңа мүшесін сайлау акционерлердің жалпы жиналысында ұсынылған кумулятивтiк дауыс берумен жүзеге асырылады, бұл орайда директорлар кеңесінің жаңадан сайланған мүшесiнiң өкілеттігі тұтас алғанда директорлар кеңесінің өкілеттік мерзімінің өтуімен бір мезгілде аяқталады.
56-бап. Директорлар кеңесінің төрағасы
1. Егер қоғам жарғысында өзгеше көзделмесе, директорлар кеңесінің төрағасы директорлар кеңесі мүшелерінің жалпы санының көпшілік даусымен жасырын дауыс беру арқылы оның мүшелері арасынан сайланады.
Егер қоғам жарғысында өзгеше көзделмесе, директорлар кеңесі төрағаны кез келген уақытта қайта сайлауға құқылы.
2. Директорлар кеңесінің төрағасы директорлар кеңесінің жұмысын ұйымдастырады, оның отырыстарын жүргізеді, сондай-ақ қоғам жарғысында белгіленген өзге де функцияларды жүзеге асырады.
3. Директорлар кеңесінің төрағасы болмаған жағдайда, оның функцияларын директорлар кеңесінің шешімі бойынша директорлар кеңесі мүшелерінің бірі жүзеге асырады.
57-бап. Директорлар кеңесінің отырысын шақыру
1. Директорлар кеңесінің отырысы оның төрағасының немесе атқарушы органның бастамасы бойынша, не:
1) директорлар кеңесінің кез келген мүшесінің;
2) қоғамның ішкі аудит қызметінің;
3) қоғамға аудитті жүзеге асыратын аудиторлық ұйымның;
4) ірі акционердің талап етуі бойынша шақырылуы мүмкін.
2005.08.07 ж. № 72-IІІ ҚР Заңымен 2 тармақ өзгертілді (бұр. ред. қара)
2. Директорлар кеңесінің отырысын шақыру туралы талап директорлар кеңесінің төрағасына директорлар кеңесі отырысының ұсынылатын күн тәртібі бар тиісті жазбаша хабар жіберу арқылы қойылады.
Директорлар кеңесінің төрағасы отырысты шақырудан бас тартқан жағдайда бастамашы аталған талаппен, атқарушы органға жүгінуге құқылы, ол директорлар кеңесінің отырысын шақыруға міндетті.
Директорлар кеңесінің отырысын директорлар кеңесінің төрағасы немесе атқарушы орган, егер қоғам жарғысында өзге мерзім белгіленбесе, шақыру туралы талап келіп түскен күннен бастап он күннен кешіктірмей шақыруға тиіс.
Директорлар кеңесiнiң отырысы көрсетiлген талапты қойған тұлғаны мiндеттi түрде шақыра отырып өткiзiледi.
2007.19.02. № 230-III ҚР Заңымен 3-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
3. Директорлар кеңесінің отырысын өткізу туралы директорлар кеңесінің мүшелеріне хабарлама жіберу тәртібін - директорлар кеңесі, ал "алтын акция" иесіне хабарлама жіберу тәртібін қоғамның жарғысы айқындайды.
4. Директорлар кеңесінің мүшесі өзінің директорлар кеңесінің отырысына қатыса алмайтыны туралы атқарушы органға алдын ала хабарлауға міндетті.
58-бап. Директорлар кеңесінің отырысы
2007.19.02. № 230-III ҚР Заңымен 3-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
1. Директорлар кеңесінің отырысын өткізу үшін кворум қоғамның жарғысында белгіленеді, бірақ ол директорлар кеңесі мүшелері санының жартысынан кем болмауға тиіс. Жария компанияның директорлар кеңесінің отырысына міндетті түрде тәуелсіз директорлардың жалпы санының жартысынан кем емес мөлшерде тәуелсіз директорлар ұсынылуға тиіс.
Директорлар кеңесі мүшелерінің жалпы саны жарғыда белгіленген кворумға қол жеткізу үшін жеткіліксіз болған жағдайда, директорлар кеңесінің жаңа мүшелерін сайлау үшін директорлар кеңесі акционерлердің кезектен тыс жалпы жиналысын шақыруға міндетті. Директорлар кеңесінің қалған мүшелері акционерлердің мұндай кезектен тыс жалпы жиналысын шақыру туралы ғана шешім қабылдауға құқылы.
2. Директорлар кеңесінің әрбір мүшесінің бір даусы болады.
Директорлар кеңесінің шешімдері, егер осы Заңда және қоғам жарғысында өзгеше көзделмесе, директорлар кеңесінің отырысқа қатысқан мүшелерінің жай көпшілік даусымен қабылданады.
Дауыстар саны тең болған кезде директорлар кеңесі төрағасының немесе директорлар кеңесінің отырысында төрағалық етуші адам даусының шешуші дауыс болуы қоғам жарғысында көзделуі мүмкін.
3. Директорлар кеңесі директорлар кеңесінің мүшелері ғана қатыса алатын өзінің жабық отырысын өткізу туралы шешім қабылдауға құқылы.
2005.08.07 ж. № 72-IІІ ҚР Заңымен 4 тармақ жаңа редакцияда (бұр. ред. қара)
4. Қоғам жарғысында және (немесе) қоғамның iшкi құжаттарында директорлар кеңесiнiң қарауына енгiзiлген мәселелер бойынша директорлар кеңесiнiң сырттай дауыс беру арқылы шешiмдер қабылдау мүмкiндiгi және осындай шешiмдердi қабылдау тәртібі көзделуi мүмкiн.
Белгiленген мерзiмде алынған бюллетеньдерде кворум болған ретте шешiм сырттай дауыс беру арқылы қабылданды деп танылады.
Директорлар кеңесiнiң сырттай отырысының шешiмi жазбаша түрде ресiмделуге және оған директорлар кеңесiнiң хатшысы мен төрағасының қолы қойылуға тиiс.
Шешiм ресiмделген күннен бастап жиырма күн iшiнде директорлар кеңесiнiң мүшелерiне жiберiлуге тиiс, оған осы шешiмдi қабылдауға негiз болған бюллетеньдер қоса тiркеледi.
5. Директорлар кеңесінің қатысу тәртібімен өткен отырысында қабылданған шешімдері хаттамамен ресімделеді, ол отырыс өткен күннен бастап үш күн ішінде жасалып, оған отырыста төрағалық еткен адам мен директорлар кеңесінің хатшысы қол қоюға және онда:
1) қоғамның атқарушы органының толық атауы және орналасқан жері;
2) отырыстың өткізілген күні, уақыты және орны;
3) отырысқа қатысқан адамдар туралы мәліметтер;
4) отырыстың күн тәртібі;
5) дауыс беруге қойылған мәселелер және олар бойынша дауыс берудің қорытындылары;
6) қабылданған шешімдер;
7) директорлар кеңесінің шешімі бойынша өзге де мәліметтер болуға тиіс.
6. Директорлар кеңесі отырыстарының хаттамалары және директорлар кеңесі сырттай дауыс беру арқылы қабылдаған шешімдер қоғамның мұрағатында сақталады.
Директорлар кеңесінің хатшысы директорлар кеңесі мүшесінің талап етуі бойынша оған директорлар кеңесі отырысының хаттамасын және сырттай дауыс беру арқылы қабылданған шешімдерді танысу үшін беруге және (немесе) оған хаттама мен шешімнің қоғамның уәкілетті қызметкері қол қойып, қоғамның мөрі басылып куәландырылған үзінді көшірмесін беруге міндетті.
59-бап. Атқарушы орган
1. Ағымдағы қызметке атқарушы орган басшылық етеді. Атқарушы орган алқалы немесе жеке-дара болуы мүмкін.
Атқарушы орган қоғам қызметінің осы Заңда, Қазақстан Республикасының өзге де заң актілерінде және қоғамның жарғысында қоғамның басқа органдары мен лауазымды адамдарының құзыретіне жатқызылмаған кез келген мәселесі бойынша шешім қабылдауға құқылы.
Атқарушы орган акционерлердің жалпы жиналысы мен директорлар кеңесінің шешімдерін орындауға міндетті.
Атқарушы органның вето құқығы белгіленген мәселелер жөніндегі шешімдері "алтын акция" иесімен келісілуге тиіс.
Егер мәміле жасасу кезінде тараптардың қоғам белгілеген шектеулер туралы білгендігін дәлелдесе, қоғам өзінің атқарушы органы осы шектеулерді бұза отырып жасаған мәміленің жарамды екеніне дауласуға құқылы.
2007.19.02. № 230-III (бұр.ред.қара); 2007.15.05. № 253-III (бұр.ред.қара) ҚР Заңдарымен 2-тармақ өзгертілді
2. Қоғамның акционерлері және оның акционерлері болып табылмайтын қызметкерлері алқалы атқарушы органның мүшелері бола алады.
Атқарушы органның мүшесі директорлар кеңесінің келісімімен ғана басқа ұйымдарда жұмыс істеуге құқылы.
Атқарушы органның басшысы не қоғамның атқарушы органының функциясын дара жүзеге асыратын адам атқарушы орган басшысының не басқа заңды тұлғаның атқарушы органының функциясын жеке дара жүзеге асыратын адамның лауазымын атқаруға құқығы жоқ.
Атқарушы орган мүшесінің функциялары, құқықтары мен міндеттері осы Заңмен, Қазақстан Республикасының өзге де заң актілерімен, қоғамның жарғысымен, сондай-ақ аталған адам мен қоғам арасында жасалатын еңбек шартымен белгіленеді. Қоғам атынан атқарушы органның басшысымен жасалатын еңбек шартына директорлар кеңесінің төрағасы немесе осыған жалпы жиналыс немесе директорлар кеңесі уәкілеттік берген адам қол қояды. Атқарушы органның қалған мүшелерімен жасалатын еңбек шартына атқарушы органның басшысы қол қояды.
60-бап. Атқарушы орган басшысының өкілеттігі
Атқарушы органның басшысы:
1) акционерлердің жалпы жиналысы мен директорлар кеңесі шешімдерінің орындалуын ұйымдастырады;
2) үшінші тұлғалармен қатынастарда қоғам атынан сенімхатсыз әрекет етеді;
3) үшінші тұлғалармен қатынастарда қоғам атынан өкілдік ету құқығына сенімхат береді;
2005.08.07 ж. № 72-IІІ ҚР Заңымен 4 тармақша өзгертілді (бұр. ред. қара)
4) қоғам қызметкерлерін ( осы Заңда белгіленген жағдайларды қоспағанда) қабылдауды, ауыстыруды және жұмыстан босатуды жүзеге асырады, оларға көтермелеу шараларын қолданады және тәртіптік жазалар қолданады, қоғамның штат кестесіне сәйкес қоғам қызметкерлерінің лауазымдық айлықақыларының және айлықақыларына дербес үстемеақылардың мөлшерін белгілейді, атқарушы орган мен қоғамның ішкі аудит қызметінің құрамына кіретін қызметкерлерді қоспағанда, қоғам қызметкерлеріне берілетін сыйлықақы мөлшерін айқындайды;
5) өзі болмаған жағдайда өз міндеттерін атқаруды атқарушы орган мүшелерінің біріне жүктейді;
6) атқарушы орган мүшелерінің арасында міндеттерді, сондай-ақ өкілеттік саласын және жауапкершілікті бөледі;
7) қоғам жарғысында және қоғам акционерлерінің жалпы жиналысы мен директорлар кеңесінің шешімдерінде белгіленген өзге де функцияларды жүзеге асырады.
61-бап. Ішкі аудит қызметі
2005.08.07 ж. № 72-IІІ ҚР Заңымен 1 тармақ өзгертілді (бұр. ред. қара)
1. Қоғамның қаржы-шаруашылық қызметіне бақылауды жүзеге асыру үшін ішкі аудит қызметі құрылуы мүмкін.
2. Ішкі аудит қызметінің қызметкерлері директорлар кеңесінің және атқарушы органның құрамына сайлана алмайды.
3. Ішкі аудит қызметі тікелей директорлар кеңесіне бағынады және өз жұмысы туралы оның алдында есеп береді.
62-бап. Қоғамның лауазымды адамдары қызметінің принциптері
Қоғамның лауазымды адамдары:
1) өздеріне жүктелген міндеттерді адал орындайды және қоғам мен акционерлердің мүдделерін мейлінше жоғары дәрежеде көрсететін әдістерді пайдаланады;
2) қоғамның мүлкін пайдаланбауға тиіс әрі оны қоғам жарғысына және акционерлердің жалпы жиналысы мен директорлар кеңесінің шешімдеріне қайшы пайдалануға, сондай-ақ оны өз мақсаттарына пайдалануға жол бермеуге және өздерінің аффилиирленген тұлғаларымен мәмілелер жасаған кезде асыра пайдаланбауға тиіс;
3) тәуелсіз аудит жүргізуді қоса алғанда, бухгалтерлік есеп және қаржылық есептілік жүйесінің тұтастығын қамтамасыз етуге міндетті;
4) қоғамның қызметі туралы ақпараттың Қазақстан Республикасы заңдарының талаптарына сәйкес ашылуы мен берілуін бақылайды.
2007.19.02. № 230-III ҚР Заңымен 5) тармақшамен толықтырылды
5) егер қоғамның ішкі құжаттарында өзгеше белгіленбесе, қоғамның қызметі туралы ақпараттың құпиялылығын, оның ішінде қоғамдағы жұмыс тоқтатылған сәттен бастап үш жылдың ішінде сақтауға тиіс.
2007.19.02. № 230-III ҚР Заңымен 63-бап жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
63-бап. Қоғамның лауазымды адамдарының жауапкершілігі
1. Қоғамның лауазымды адамдары өздерінің әрекеттерінен (әрекетсіздігінен) келтірілген зиян үшін, оның ішінде:
1) қателесуге әкеліп соқтыратын ақпарат немесе көрінеу жалған ақпарат берудің;
2) осы Заңда белгіленген ақпарат беру тәртібін бұзудың нәтижесінде келтірілген зиян үшін қоғам мен акционерлер алдында Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жауапты болады.
2. Қоғам акционерлердің жалпы жиналысының шешімі негізінде олардың қоғамға келтірген зиянын не залалын лауазымды тұлғаға өтету туралы талап-арызбен сотқа жүгінуге құқылы.