1. Заңды тұлға таратылған кезде оның несие берушiлерiнiң талаптары мынадай кезек бойынша қанағаттандырылады:
1) бірінші кезекте - жалақыдан және (немесе) өзге де кірістен ұсталған алименттерді төлеу жөніндегі талаптар, сондай-ақ таратылатын заңды тұлға өміріне немесе денсаулығына зиян келтіргені үшін алдында жауаптылықта болатын азаматтардың талаптары тиісті мерзімдік төлемдерді капиталға айналдыру жолымен қанағаттандырылады;
2) екінші кезекте - банкроттық мәселелерін реттейтін заң актісіне сәйкес талаптар сомасының бір бөлігі бесінші кезекте қанағаттандырылатын жағдайларды қоспағанда, еңбек шарты бойынша жұмыс істеген адамдардың еңбегіне ақы төлеу және өтем төлеу, Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорына әлеуметтік аударымдар бойынша, еңбекақыдан ұсталатын міндетті зейнетақы жарналарын төлеу жөніндегі берешектерді өтеу, сондай-ақ авторлық шарттар бойынша сыйақы төлеу жөнінде есеп айырысулар жүргізіледі;
3) үшінші кезекте - кредиторлардың таратылатын банкроттың кепілмен қамтамасыз етілген мүлкінің міндеттемелері жөніндегі талаптары, кредиторлардың-ипотекалық тұрғын үй қарызы шарттары бойынша талап ету құқықтары кепілімен (ипотекалық куәлік кепілін қоса алғанда) қамтамасыз етілген ипотекалық облигацияларды, сондай-ақ аталған облигацияларды ұстаушыларда оларға меншік құқығы туындаған немесе мәмілелер бойынша не Қазақстан Республикасының заң актілерінде көзделген өзге де негіздер бойынша оларға ауысқан жағдайларда Қазақстан Республикасының мемлекеттік бағалы қағаздарын ұстаушылардың талаптарын қоспағанда, қамтамасыз ету сомасы шегінде қанағаттандырылады;
4) төртінші кезекте салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер жөніндегі берешек өтеледі;
5) бесiншi кезекте - заң құжаттарына сәйкес басқа да несие берушiлермен есеп айырысылады.
2. Әр кезектiң талаптары оның алдындағы кезек талаптары толық қанағаттандырылып болғаннан кейiн қанағаттандырылады.
3. Таратылған заңды тұлғаның мүлкi жеткiлiксiз болған жағдайда, егер заңда өзгеше белгiленбесе, ол несие берушiлер арасында тиiстi кезекпен қанағаттандырылуға жататын талаптардың сомаларына қарай бөлiнедi.
4. Тарату комиссиясы несие берушiнiң талаптарын қанағаттандырудан бас тартқан не оларды қараудан жалтарған жағдайда, несие берушi заңды тұлғаның тарату балансы бекітілгенге дейiн тарату комиссиясына талап қойып сотқа жүгiнуге құқылы. Соттың шешiмi бойынша несие берушiнiң талаптары таратылған заңды тұлғаның қалған мүлкi есебiнен қанағаттандырылуы мүмкiн.
5. Заңды тұлғаның несие берушiлердiң талаптары қанағаттандырылғаннан кейiн қалған мүлкi, егер заңдарда немесе заңды тұлғаның құрылтай құжаттарында өзгеше көзделмесе, оның бұл мүлiкке заттық құқықтары бар немесе заңды тұлға жөнiнде мiндеттемелiк құқықтары бар меншiк иесiне немесе құрылтайшыларына (қатысушыларына) берiледi.
6. Таратылатын заңды тұлға мүлкiнiң жеткiлiксiз болуына байланысты несие берушiлердiң қанағаттандырылмаған, сондай-ақ тарату балансын бекiткенге дейiн мәлiмделмеген талаптары өтелген деп есептеледi.
Егер несие берушi талап қойып сотқа жүгiнбесе, несие берушiлердiң тарату комиссиясы мойындамаған талаптары да, сот шешiмiмен несие берушiге қанағаттандырудан бас тартылған талаптар да өтелген деп есептеледi.
ҚР 21.01.97 ж. № 68-I; Заңымен 52-бап жаңа редакцияда және ҚР 29.06.98 ж. № 238 Заңымен 52-бап өзгертiлдi
52-бап. Банкроттық
Банкроттық - борышкердiң соттың шешiмiмен танылған оны таратуға негiз болып табылатын дәрменсiздiгi.
Борышкердiң - жеке кәсiпкердiң немесе заңды тұлғаның ақшалай мiндеттемелер бойынша несие берушiлердiң талаптарын қанағаттандыра алмауы, еңбек шарты бойынша жұмыс iстейтiн адамдармен еңбегiне ақы төлеу жөнiнде есеп айырыса алмауы, сондай-ақ бюджетке және бюджеттен тыс қорларға мiндеттi төлемдердi қамтамасыз ете алмайтын қабiлетсiздiгi оның дәрменсiздiгi деп түсiнiледi.
ҚР 21.01.97 ж. № 68-I; 29.06.98 ж. № 238 Заңдарымен 53-бап өзгертiлдi
53-бап. Банкрот деп тану
1. Банкроттық ерiктi түрде немесе мәжбүр ету тәртібімен танылуы мүмкiн.
2. Банкроттықты ерiктi түрде тану борышкердiң сотқа берген өтiнiшi негiзiнде жүзеге асырылады.
3. Мәжбүр ету тәртібімен банкрот деп тану несие берушiнiң, ал заң актілерінде көзделген жағдайларда өзге де адамдардың сотқа өтiнiш беруi негiзiнде жүзеге асырылады.
ҚР 21.01.97 ж. № 68-I Заңымен 54-бап өзгертілді
54-бап. Банкроттық туралы iс жөніндегі оңалту рәсiмi
Төлем қабiлетi жоқ борышкерге оның таратылуына жол бермеу мақсатымен төлем қабiлетiн қалпына келтiруге бағытталған, заңға қайшы келмейтiн кез келген шаралар қолданылуы мүмкiн.
Аталған шаралар оңалту рәсiмi шеңберiнде iске асырылады, оны жүзеге асырудың тәртібі мен мерзiмi банкроттық туралы заңдармен белгiленедi.
2006.10.01 № 115-III Заңымен 54-1-баппен толықтырылды
54-1. Сырттай байқау
Сырттай байқау рәсімін сот:
борышкер мүлкінің сақталуын қамтамасыз ету;
әдейі және жалған банкроттық белгілерін анықтау;
борышкердің - қаржылық жай-күйіне және кредиторлар алдындағы міндеттемелерін орындаудан жалтару жөніндегі әрекеттеріне (әрекетсіздігіне) талдау жүргізу;
кредиторлар тарапынан борышкердің қаржы-шаруашылық қызметінің жай-күйіне және олардың қайта ұйымдастыруды жүргізуіне бақылау жасау;
негізгі құралдарды иеліктен шығару, мүлікті кепілге немесе жалға беру бойынша мәмілелер, сондай-ақ орындалуы борышкерге залал келтіруі мүмкін нарықтық бағадан айтарлықтай төмен бағамен не жеткіліксіз негіздер бойынша өзге де мәмілелер жасауға бақылау жасау мақсатында енгізуі мүмкін.
Сырттай байқауды қолдану Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерінде белгіленген тәртіппен жүзеге асырылады.
ҚР 11.07.97 ж. № 154-1 ; 29.06.98 ж. № 238 55-бап Заңдарымен өзгертiлдi
55-бап. Конкурстық iстi қозғау салдары
1. Конкурстық iс қозғалған кезден бастап:
1) шамасы жоқ борышқордың мүлiктi иелiктен шығаруына (иелiктен шығаруға несие берушiлердiң жиналысы рұқсат еткен кезден басқа жағдайда), бiреуге беруiне және мiндеттемелердi өтеуiне тыйым салынады;
2) шамасы жоқ борышқордың барлық борыштылық мiндеттемелерiнiң мерзiмi өткен деп саналады.
3) шамасы жоқ борышқор берешектерiнiң барлық түрлерi бойынша айыпақы мен сыйақыны (мүдденi) есептеу тоқтатылады;
4) шамасы жоқ борышқор мүлкiнен ақы өндiрiп алуға заңдармен қойылған шектеулердiң бәрi алынып тасталады;
5) егер шамасы жоқ борышқор қатысатын мүлiктiк сипаттағы сотта қаралып жатқан даулар туралы шешiм заңды күшiне енбеген болса, олар тоқтатылады.
2. Осы кезден бастап мүлiктiк сипаттағы барлық талаптар борышқорға тек конкурстық iстi жүргiзу шеңберiнде ғана қойылады.
ҚР 02.03.98 ж. № 211; 11.07.01 ж. № 239 ; 2006.10.01 № 115-III (бұр. ред. қара) Заңдарымен 56-бап өзгертiлдi
56-бап. Дәрменсiз борышқорды борышқордан босату
1. Мүлiктi сатқаннан кейiн және сатудан түскен ақшаны несие берушiлердiң арасында бөлгеннен кейiн дәрменсiз борышқор қалған мiндеттемелер мен орындауға ұсынылған және заңды тұлғаны банкрот деп тану кезiнде есепке алынған өзге де талаптарды орындаудан босатылады.
2. Дәрменсiз борышқор, егер өзiнiң мүлкiнiң бiр бөлiгiн тарату iс басталғанға дейiнгi үш жыл iшiнде жасырса немесе жасыру мақсатымен басқа адамға берiп жiберсе, бухгалтерлiк кiтаптарды, шоттарды, құжаттарды қоса алғанда, қажеттi есеп-қисап ақпаратын жасырса немесе қолдан жасаса мiндеттемелерiн орындаудан босатылмайды.
57-бап. Банкрот болған заңды тұлға қызметiнiң тоқтатылуы
1. Заңды тұлғаны соттың банкрот деп тануы оның таратылуына әкелiп соқтырады.
2. Банкрот кәсiпорын мемлекеттік тiркеу регистрiнен шығарылған кезден бастап оның қызметi тоқтатылды деп есептеледi.
II. Шаруашылық серiктестiк
1. Жалпы ережелер
11.07.97 ж. № 154-1; 02.03.98 ж. № 211-1; 10.07.98 ж. № 282-1; 16.05.03 ж. № 416-II (бұр. ред. қара); 2005.08.07. № 72-III (бұр. ред. қара); 2007.12.01. № 225-III (бұр. ред. қара) ҚР Заңдарымен 58-бап өзгертiлдi
58-бап. Шаруашылық серiктестiк туралы негiзгi ережелер
1. Жарғылық капиталы құрылтайшылардың (қатысушылардың) үлесiне (салымдарына) бөлiнген коммерциялық ұйым шаруашылық серiктестiк деп танылады. Құрылтайшылардың (қатысушылардың) салымдары есебiнен құрылған, сондай-ақ шаруашылық серiктестiк өз қызметi үрдiсiнде өндiрген және алған мүлiк меншiк құқығы бойынша серiктестiкке тиесiлi болады.
2. Шаруашылық серiктестiктер толық серiктестiк, сенім серiктестiгi, жауапкершiлiгi шектеулi серiктестiк, қосымша жауапкершiлiгi бар серiктестiк нысандарында құрылуы мүмкiн.
3. Толық және сенім серіктестігінен басқа, шаруашылық cepіктестікті бір тұлға құра алады, ол оның жалғыз қатысушысы болады.
Толық серіктестіктің қатысушылары және сенім серіктестігіндегі толық серіктер азаматтар ғана бола алады.
4. Құрылтай шарты мен жарғы шаруашылық серiктестiктiң құрылтай құжаттары болып табылады.
Жарғы бiр адам (бiр қатысушы) құрған шаруашылық серiктестiктiң құрылтай құжаты болып табылады.
5. Шаруашылық серiктестiктiң құрылтай құжаттарын (жарғы және құрылтай шартын) нотариат куәландыруға тиiс.
6. Шаруашылық серiктестiктiң құрылтай құжаттарында осы Кодекстiң 41-бабының 4 және 5-тармақтарында аталған мәлiметтерге қоса әрбiр қатысушының үлес мөлшерi туралы; серiктестiктiң жарғылық капиталына олар салатын салымның мөлшерi, құрамы, мерзiмi және тәртібі туралы; серiктестiктiң жарғылық капиталына салым салу жөніндегі мiндеттердi бұзғаны үшiн қатысушылардың жауапкершiлiгi туралы ережелер, сондай-ақ заң құжаттарында көзделген өзге де мәлiметтер болуға тиiс.
7. алынып тасталды
8. Шаруашылық серiктестiк, заң құжаттарында көзделген реттердi қоспағанда, басқа шаруашылық серiктестiктердiң құрылтайшысы болуы мүмкiн.
9. Шаруашылық серiктестiк бағалы қағаздарды ұстаушылар тiзiлiмдерiнiң жүйесiн жүргiзу жөніндегі қызметтi жүзеге асыруға лицензиясы бар бағалы қағаздар рыногының кәсiби қатысушысымен шаруашылық серiктестiгiне қатысушылар тiзiлiмiн жүргiзу шартын жасасуға құқылы.
Құрылтай шартының қолданылуы шаруашылық серiктестiгiне қатысушылар тiзiлiмi қалыптастырылған күннен бастап тоқтатылады. Шаруашылық серiктестiгiне қатысушылар тiзiлiмiнен үзiнді-көшiрме қатысушылар тiзiлiмiн жүргiзудi бағалы қағаздарды ұстаушылар тiзiлiмдерiнiң жүйесiн жүргiзу жөніндегі қызметтi жүзеге асыруға лицензиясы бар бағалы қағаздар рыногының кәсiби қатысушысы жүзеге асыратын шаруашылық серiктестiгiнiң жарғылық капиталындағы үлеске құқықты растайтын құжат болып табылады.
Акционерлік қоғам қатысушылар тiзiлiмiн жүргiзудi бағалы қағаздарды ұстаушылар тiзiлiмдерiнiң жүйесiн жүргiзу жөніндегі қызметтi жүзеге асыруға лицензиясы бар бағалы қағаздар рыногының кәсiби қатысушысы жүзеге асыратын шаруашылық серiктестiгi болып қайта құрылған жағдайда құрылтай шарты жасалмайды.
Қатысушылар тiзiлiмiн жүргiзудi бағалы қағаздарды ұстаушылар тiзiлiмдерiнiң жүйесiн жүргiзу жөніндегі қызметтi жүзеге асыруға лицензиясы бар бағалы қағаздар рыногының кәсiби қатысушысы жүзеге асыратын шаруашылық серiктестiгiнiң жарғылық капиталына қатысу үлесiне құқықтар шаруашылық серiктестiгiне қатысушылар тiзiлiмiнде осы құқықтардың тiркелген кезiнен бастап туындайды.
Шаруашылық серiктестiгiне қатысушылар тiзiлiмiн қалыптастыру, жүргiзу және сақтау тәртібі Қазақстан Республикасының заң актілерінде белгiленедi.
15.07.96 ж. № 30-I; 11.07.97 ж. № 154-1; 02.03.98 ж. № 211-1; 2006.20.02. № 127-III (бұр. ред. қара); 2006.05.05. № 139-III (бұр. ред. қара) ҚР Заңдарымен 59-бап өзгертілді
59-бап. Шаруашылық серiктестiктiң жарғылық капиталына салым салу. Шаруашылық серiктестiктiң жарғылық капиталындағы және мүлкіндегі қатысушының үлесi
1. Ақша, бағалы қағаздар, заттар, мүлiктiк құқық, санаткерлiк қызмет нәтижесi құқығын қоса алғанда және өзге де мүлiк (Қазақстан Республикасының секьюритилендіру туралы заңнамасына сәйкес құрылатын, жарғылық капиталы тек қана ақшамен қалыптастырылатын арнайы қаржы компанияларын қоспағанда) шаруашылық серiктестiктiң жарғылық капиталына салынатын салым бола алады.
Құрылтайшылардың (қатысушылардың) жарғылық капиталға заттай нысанда немесе мүлiктiк құқықтар түрiнде салған салымдары барлық құрылтайшылардың келісімi бойынша немесе серiктестiктiң барлық қатысушыларының жалпы жиналысының шешiмi бойынша ақшалай нысанда бағаланады. Егер мұндай салымның құны жиырма мың айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiне барабар сомадан асып кетсе, оның бағасын тәуелсiз сарапшы растауға тиiс.
Шаруашылық серiктестiгiн қайта тiркеген кезде оған қатысушының салымын ақшалай бағалау серiктестiктiң бухгалтерлiк құжаттарымен не аудиторлық есеппен расталуы мүмкiн.
Серiктестiктiң құрылтайшылары (қатысушылары) осындай баға берiлген кезден бастап бес жыл бойы серiктестiктiң несие берушiлерi алдында салым бағасы арттырылған сома шегiнде бiрлесiп жауап бередi.
Серiктестiкке салым ретiнде мүлiктi пайдалану құқығы берiлетiн жағдайларда бұл салымның мөлшерi құрылтай құжаттарында көрсетiлген барлық мерзiмге есептелген осы мүлiктi пайдалану төлемiмен анықталады.
Салымдарды мүлiктiк емес жеке құқық және өзге де материалдық емес игiлiк түрiнде, сондай-ақ қатысушылардың серiктестiкке қойған талаптарын есептеу жолымен енгізуге жол берiлмейдi.
2. Егер құрылтай құжаттарында өзгеше көзделмесе, жарғылық капиталдағы барлық қатысушылардың үлестерi және тиiсiнше олардың шаруашылық серiктестiгi мүлкiнiң құнындағы үлестерi (мүлiктегi үлес) жарғылық капиталдағы салымдарына барабар болады.
Шаруашылық серiктестiкке қатысушы серiктестiк мүлкіндегі өз үлесiн, егер заң құжаттарында немесе құрылтай құжаттарында өзгеше көзделмесе, салып қоюға және сатуға құқылы.
3. Жарғылық капиталға салым салудың тәртібі мен мерзiмi, сондай-ақ жарғылық капиталды құру жөніндегі мiндеттердi орындамағаны үшiн жауапкершiлiк заң құжаттарында және (немесе) құрылтай құжаттарында белгiленедi.
4. Шаруашылық серiктестiгiнiң жарғылық капиталын азайтуға оның барлық несие берушiлерiне хабарланғаннан кейiн жол берiледi. Олар бұл жағдайда серiктестiктiң мерзiмiнен бұрын тоқтатылуын немесе тиiстi мiндеттемелерiн орындауын және оның зиянды өтеуiн талап етуге құқылы.
Осы тармақта белгiленген тәртiптi бұза отырып жарғылық капиталды азайту мүдделi адамдардың арызы бойынша сот шешiмiмен серiктестiктi таратуға негiз болып табылады.
02.03.98 ж. № 211-1; 22.04.98 ж. № 221; 2006.05.05. № 139-III (бұр. ред. қара); 2007.12.01. № 225-III (бұр. ред. қара) ҚР Заңдарымен 60-бап өзгертiлдi
60-бап. Шаруашылық серiктестiктi басқару
1. Шаруашылық серiктестiктiң жоғары органы оның қатысушыларының жалпы жиналысы болып табылады.
Толық серіктестіктен және сенім серіктестігінен басқа, бір тұлға құрған шаруашылық серiктестiктерде жалпы жиналыстың өкiлеттiгi оның бiрден бiр қатысушысына тиесiлi болады.
2. Шаруашылық серiктестiкте оның қызметiне күнделiктi басшылық жасайтын және оның қатысушыларының жалпы жиналысына есеп берiп отыратын атқарушы орган (алқалық және (немесе) жеке-дара құрылады). Жеке-дара басқару органы оның қатысушылары арасынан сайланбауы мүмкiн.
Серiктестiктiң алқалы органдары ретiнде:
1) басқарма (дирекция);
2) байқаушы кеңес;
3) заң актілерінде немесе шаруашылық серiктестiгi қатысушыларының жалпы жиналысының шешiмiнде көзделген жағдайларда басқа да органдар құрылуы мүмкiн.
3. Шаруашылық серiктестiктiң органдарының құзыретi, оларды сайлау (тағайындау) тәртібі, сондай-ақ олардың шешiмдер қабылдау тәртібі осы Кодекске, заң құжаттарына және құрылтай құжаттарына сәйкес белгiленедi.
4. Шаруашылық серiктестiгi қаржы есептерiнiң дұрыстығын тексеру және растату үшiн серiктестiкпен немесе оның қатысушыларымен мүлiктiк мүдделер жөнiнен байланысы жоқ аудиторлық ұйымды тарта алады (сыртқы аудит).
Шаруашылық серiктестiгiн аудиторлық тексеру серiктестiк бiр немесе бiрнеше қатысушысының талап етуi бойынша соның (солардың) есебiнен кез келген уақытта жүргiзiлуге тиiс.
Шаруашылық серiктестiгiнiң қызметiне аудиторлық тексерудi жүргiзу тәртібі заңдармен және серiктестiктiң құрылтай құжаттарымен белгiленедi.
ҚР 11.07.97 ж. № 154-1; 02.03.98 ж. № 211-1 Заңдарымен 61-бап өзгертiлдi
61-бап. Шаруашылық серiктестiкке қатысушылардың құқықтары мен мiндеттерi
1. Шаруашылық серiктестiкке қатысушылардың:
1) құрылтай құжаттарында белгiленген тәртiппен шаруашылық серiктестiктiң iстерiн басқаруға қатысуға;
2) шаруашылық серiктестiктiң қызметi туралы ақпарат алуға және құрылтай құжаттарында белгiленген тәртiппен оның құжаттамаларымен танысуға;
3) таза табысты бөлiсуге қатысуға құқығы бар. Құрылтай құжаттарының бiр немесе бiрнеше қатысушыны пайданы бөлiсуге қатысудан шеттетудi көздейтiн ережелерi жарамсыз болып табылады;
4) шаруашылық серiктестiк таратылған жағдайда несие берушiлермен есеп айырысқаннан кейiн қалған серiктестiк мүлкіндегі өздерiнiң үлесiне сәйкес мүлiктiң бiр бөлiгiн немесе оның құнын алуға;
5) алынып тасталды
2. Шаруашылық серiктестiкке қатысушылар:
1) құрылтай құжаттарының талаптарын сақтауға;
2) салымдарды құрылтай құжаттарында көзделген тәртiп, мөлшер, әдiстер және мерзiмдер бойынша салып отыруға;
3) шаруашылық серiктестiк коммерциялық құпия деп жариялаған мәлiметтердi жария етпеуге мiндеттi.
Шаруашылық серiктестiктiң құрылтайшылары құрылтай құжаттарында көзделген басқа да мiндеттердi атқаруы мүмкiн.
ҚР 15.07.96 ж. № 30-I; 16.07.99 ж. № 436-I Заңдарымен 62-бапқа өзгерістер енгізілді
62-бап. Шаруашылық серiктестiктердi қайта құру
1. Шаруашылық серiктестiктер заң құжаттарында белгiленген реттер мен тәртiп бойынша қатысушылардың жалпы жиналысының шешiмiмен шаруашылық серiктестiктiң бiр түрiнен екiншi түрi не акционерлік қоғамдар немесе өндiрiстiк кооперативтер болып қайта құрылуы мүмкiн.
2. Толық серiктестiк немесе сенім серiктестiгi акционерлік қоғам, жауапкершiлiгi шектеулi немесе қосымша жауапкершiлiгi бар серiктестiк болып қайта құрылған жағдайда акционерлік қоғамның, жауапкершiлiгi шектеулi немесе қосымша жауапкершiлiгi бар серiктестiктiң қатысушысы болған әрбiр толық серiктес толық серiктестiктен немесе сенім серiктестiгiнен акционерлік қоғамға, жауапкершiлiгi шектеулi немесе қосымша жауапкершiлiгi бар серiктестiкке көшкен мiндеттемелер бойынша екi жыл бойы өзiнiң барлық мүлкiмен субсидиялық жауапты болады. Бұрынғы толық серiктестiң өзiне тиесiлi акцияларды (үлестердi) иелiктен шығаруы оны мұндай жауапкершiлiктен босатпайды.
2. Толық серiктестiк
63-бап. Толық серiктестiк туралы негiзгi ережелер
1. Толық серiктестiктiң мүлкi жеткiлiксiз болған жағдайда қатысушылары серiктестiктiң мiндеттемелерi бойынша өзiне тиесiлi барлық мүлкiмен ортақ жауапкершiлiкте болатын серiктестiк толық серiктестiк деп танылады.
2. Азамат бiр ғана толық серiктестiктiң қатысушысы бола алады.
ҚР 11.07.97 ж. № 154-1; 02.03.98 ж. № 211-1 Заңдарымен 64-бап өзгертiлдi
64-бап. Толық серiктестiктiң жарғылық капиталы
1. Толық серiктестiктiң жарғылық капиталының мөлшерiн оның құрылтайшылары белгiлейдi, бiрақ ол заң құжаттарында белгiленген ең төменгi мөлшерден кем болмауы керек.
2. алынып тасталды
ҚР 11.07.97 ж. № 154 Заңымен 65-бап өзгертiлдi
65-бап. Толық серiктестiктiң iсiн жүргiзу
1. Толық серiктестiктiң ең жоғары органы қатысушылардың жалпы жиналысы болып табылады. Толық серiктестiктiң iшкi мәселелерi жөнiнде шешiм барлық қатысушылардың жалпы келісімi бойынша қабылданады. Серiктестiктiң құрылтай шартында қатысушылардың көпшiлiк даусымен шешiм қабылданатын реттер көзделуi мүмкiн. Егер құрылтай шартында оның қатысушыларының дауыс санын анықтаудың өзгеше тәртібі көзделмесе, толық серiктестiктiң әрбiр қатысушысының бiр даусы болады. Құрылтай шартында қатысушылар алатын дауыс санын олардың жарғылық капиталдағы үлесiне сай белгiленетiндiгi көзделуi мүмкiн.
2. Толық серiктестiктi осы баптың 1-тармағының ережелерiн ескере отырып басқаруды толық серiктестiктiң атқару органдары жүзеге асырады. Басқару органдарының түрлерi, құрылу тәртібі және олардың құзыретi құрылтай құжаттарында белгiленедi.
3. Толық серiктестiкке қатысушының қалған қатысушылардың келісімiнсiз өз атынан және өз мүдделерi немесе үшiншi жақтардың мүдделерi үшiн серiктестiк қызметi мәнiмен бiртектес мәмiлелер жасасуға құқығы жоқ. Бұл ереже бұзылған жағдайда серiктестiк өз қалауы бойынша мұндай қатысушылардан не серiктестiкке келтiрiлген залалдың орнын толтыруын, не осындай мәмiлелерден тапқан бүкiл пайданы серiктестiкке беруiн талап етуге құқылы.
4. Серiктестiктiң iсiн жүргiзу тапсырылған толық серiктестiктiң органдары барлық қатысушыларға олардың талап етуi бойынша өз қызметi туралы толық ақпарат берiп отыруға мiндеттi.
5. Өкiлеттiгi болмаса да ортақ мүдделер үшiн әрекет жасаған қатысушыны, оның әрекеттерiн қалған қатысушылар мақұлдамаған жағдайда, егер өз әрекеттерiнiң арқасында серiктестiк құны жөнiнен серiктестiк шеккен шығындардан асып түсетiн мүлiктi сақтап қалғандығын немесе тиiсiнше сатып алғандығын дәлелдеген жағдайда серiктестiктен өзi жасаған шығындардың орнын толтыруды талап етуге құқылы.
66-бап. Толық серiктестiкке қатысушы үлесiнiң үлесiнiң бiр бөлiгiнiң) ауысуы
1. Толық серiктестiкке қатысушының өз үлесiн (үлесiнiң бiр бөлiгiн) оның басқа қатысушыларына немесе үшiншi жақтарға қалған барлық қатысушылардың келісімiмен ғана беруiне болады.
2. Үлес (үлестiң бiр бөлiгi) үшiншi жаққа берiлген жағдайда сонымен бiрге толық серiктестiктен шыққан қатысушыға тиесiлi құқықтар мен мiндеттердiң бүкiл жиынтығы соған ауысады.
3. Толық серiктестiктiң қатысушысы қайтыс болған ретте қалған барлық қатысушылардың келiсуiмен құқықты мирасқор (мұрагер) серiктестiкке кiре алады.
4. Құқықты мирасқор (мұрагер) қатысушының толық серiктестiк алдындағы борыштары бойынша, сондай-ақ серiктестiктiң үшiншi жақтар алдындағы бүкiл серiктестiк қызметi кезiнде пайда болған борыштары бойынша жауапты болады.
5. Құқықты мирасқор (мұрагер) толық серiктестiкке кiруден бас тартқан немесе құқықты мирасқорды (мұрагердi) қабылдаудан серiктестiк бас тартқан жағдайда оған қатысушы қайтыс болған күнi белгiленген серiктестiк мүлкіндегі үлестiң құқықты мирасқорлық негiзiнде өзiне тиесiлi құны төленедi.
Бұл реттерде тиiсiнше құрылтай құжаттарында (жарғысында) көзделген мерзiмде құрылтай шартында (жарғысында) аталған серiктестiк мүлкiнiң мөлшерi азайтылады, бiрақ ол үш айдан кешiктiрiлмеуге тиiс.
ҚР 11.07.97 ж. № 154 Заңымен 67-бап өзгертiлдi
67-бап. Қатысушының толық серiктестiктен шығуы
1. Толық серiктестiктiң қатысушысы оның өзге де қатысушыларына заң құжаттарында немесе құрылтай шартында көзделген мерзiмнен кешiктiрмей ескерте отырып, серiктестiктен кез-келген уақытта шыға алады.
2. Егер қатысушы шығып кеткен уақытта толық серiктестiк сақталып қалса, оның шығып кеткен күнiнде жасалған балансқа сәйкес шығып кететiн қатысушыға серiктестiк мүлкіндегі үлесiнiң салған салымына тең құны төленедi. Қатысушының талабы бойынша және серiктестiктiң келiсуiмен салымды толық немесе iшiнара заттай түрде қайтарылуы мүмкiн. Шығып кеткен қатысушыға оның осы жылы серiктестiкте болған кезеңiнде серiктестiктiң сол жылы алған таза табысының оған тиесiлi бiр бөлiгi де төленедi.
Серiктестiкке қатысушының пайдалануға ғана берген мүлкi сыйақы төленбей заттай түрде қайтарылады.
68-бап. Қатысушыны толық серiктестiктен шығару
1. Толық серiктестiкке қатысушылар қалатын қатысушылардың бiрауыздан қабылдаған шешiмi бойынша және оған дәлелдi себептер болған жағдайда, атап айтқанда оның (олардың) өз мiндеттерiн дөрекi бұзуы немесе iс жүргiзу қабiлетсiздiгi байқалған жағдайда қатысушылардың бiреуiн немесе бiрнешеуiн серiктестiктен сот тәртібімен шығаруды талап етуге құқылы.
2. Толық серiктестiктен шығарылған қатысушыға осы Кодекстiң 67-бабының 2-тармағында белгiленген тәртiп бойынша мүлiктiң бiр бөлiгiнiң құны төленедi.
ҚР 11.07.97 ж. № 154 Заңымен 69-бап өзгертiлдi
69-бап. Қатысушының толық серiктестiктегi үлесiн өндiрiп алуға өтiнiш жасауы
1. Қатысушының толық серiктестiктiң жеке борыштары бойынша өз үлесiн өндiрiп алуға өтiнiш жасауына борыштарды өтеу үшiн оның басқа мүлiктерi жеткiлiксiз болған жағдайда ғана жол берiледi. Мұндай қатысушының несие берушiлерi толық серiктестiктен серiктестiк мүлкiнен ақы өндiрiп алу мақсатымен борышқордың жарғылық капиталдағы үлесiне сәйкес мүлiктiң бiр бөлiгiн бөлiп берудi талап етуге құқылы. Серiктестiк мүлкiн бөлiп берiлуге жататын бөлiгi немесе оның құны несие берушiлердiң бөлiп беру туралы талаптары қойылған кезде жасалған баланс бойынша анықталады.